• Әдебиет әлемі
  • 20 Қараша, 2022

ҮЗДІКСІЗ ӘУЕЗ (Әңгіме)

Алишер РАХАТ

Кеш қарая жұмыстан әдеттегіше сергек келген, үнемі өзін ұйқысы қанған адамша ұстайтын сақалды күйеуіне тамағын беріп отырып, бүгін де ауқаттанып біте салысымен, дастарқанды жинағанын күтпей, күйеуі жатын бөлмеге сүйрелей жөнелетінін елестетіп, оған бөтен кісі түсінбейтін, екеуі ғана білетін бір тілде жымиды. Өзін бір уақ еркекке үйреніп қалғандай, күйеуінің ауқаттанып біткенін тағатсыз күтетіндей ұстап... Әйткенмен асын тез бітіруге асыққан ол, әйелінің бұл қылығын жаратпай, көзіне тіке қарап, сәл кідіріп, кесесін ұсынды. Әйелін тексергісі келгендей, бірден үйдің ішін шолып, жанары кереует үстіндегі Құранға барып тоқтады да, өзі үйінде жоқ кезде Ризаның соны оқығанына иланғандай болып, екінші шыны шәйін ұрттап, арабша күбір-күбір ете бетін сипай салды. «Көркем мінезді, иманды әйелден өзгеріп кетпедің бе?» дегендей, Ризаны образдарының қарауылы күзетіп... Әрі, күйеуінің осындай қылықтары оның не қыз болып майысуына да, әйел болып еркелеуіне де мұрша бермейтіндей, жаңағыдай сәл күлімсіресе, жанарымен тінтіп, өзі қалайтын, сценарийін жазып берген рөлде көргісі келе ме, Құранға барып тіреле беретіні, өзінің кім болғысы келетінін таңдай алмай отырған қызды қатаң қадағалайтыны...

Душтан шытырлаған судың дыбысы төсек салып жатқан әйелдің құлағын бітеп, өз ішінен шығатын көмескі бір үнді естіртпейтіндей. Жұбайы душтан дәрет алып шыққанда өзін қалай ұстарын білмей... Кеше ғана мектеп бітіріп, университеттегі алты айдан соң, әке-шешесіне бірауыз ескертпестен, осы еркектің етегінен ұстап, Таразға тартып тұрған, балалығы қалмаған ерке бойжеткен секілді ме, әлде Құдай жолына түсіп, салиқалы ұрпақ тәрбиелейтін ұстамды әйел кейіпінде ме, қарамай кеткен алғашқы махаббатын сағынған қыздың бейнесі ме... Жан -жарының айтқанына кәміл сенетін келіншектің, яки өмірінде не болып жатқанын түсінбеген қыздың, болмаса бәріне шүкір деп самарқау қарайтын адамның... Жұмысқа кетерінде Құран екеуін сыртынан құлыптап кететін кісінің құлы сияқты ма, жоқ, Құдайдың құлы болғандықтан, мына фәнидегі бар теперішке сыр бермей жүре беретін жанның болмысы?.. Таңсәріде бір шыны шәйін ішіп, үйден шығып кететін кісінің қайда, кім болып жұмыс істейтінін білмейтін, күнде бейтаныс еркектің құшағында жататын әйел, бәлкім, жол бастаушының артында адаспай келе жатқан сүйікті пенде... Не өз құқығын қорғағысы келетін қорғансыз ару, не бұл жалғанның құқықтарын қажет қылмайтын болашақ Ұжмақтық кісі. Мүмкін, жай ғана Алматы маңайындағы ауылда тұратын ата-анасын сағынған бала?.. Осы үйдің еркегінің ешкімге көрсетпейтін, айтпайтын жасырын істерінің кездейсоқ куәгері ме еді? Алматыға келе сала өзін еркін сезініп, алғашқы махаббаты басқа қызбен билегенін көтере алмай, алкогольден ұрттап, артынша жұрттың алдындағы абыройын қайтару үшін намазға жығылып, мешітке барып жүріп, сол жақтағы «әпкелерінің» айтуымен осы еркекке әйел болып кете барған Риза ма?

Душтың есігін бүгінгі күнге жоспарлаған істерінің соңғысын орындауға нық қадам басып келе жатқан еркек ашты. Күйеуін көргенде, сәлден соң, бәрі біткеннен кейін, қайта киініп, дастарқанды жинап, Құранды орнына қою керегін ойлап тұрып, ол шешіне бастады. Бірақ мектеп бітіру кешіндегідей ұзақ сүйіскісі келетінін, құлақ түбіне сыбырлап, таң атқанша сырласып жатқысы келетінін, өзінің балалық естеліктерімен бөліскісі келетінін төсектің жанына жетіп қалған күйеуіне айта алмады. Өйткені, көзқарасын үнемі тексеріп отыратын еркектің бұйрығына қарсы шығуға үрейленетін, күйеуі осыған дейін бірде бір рет қол көтермесе де, оның тергеуші жанарында беймәлім өктемдік жасырынып жататындай. «Жоқ, ол ондай емес», – деп, Риза өз-өзін қанша көндірмек болса да, артық ауыз сөйлеуге, рұқсатсыз әлденені істеуге батылы бармайтын. Оның үстіне, бала махаббаты жайлы сөз қозғаса, мына кісі оны күнәһар күндерін сағынатын әйел деп қабылдап ала ма... Яки, өзіне тұрмыс құрғанына өкінетін келіншек қылып көріп қала ма?.. Мұндай көп версиялы қорқыныштан гөрі, үндемегені тәуір. Әйтпесе, мына төрт қабырғадан зерігетін, бірақ оны айтатын болса, жер бетіндегі жылтыраққа бола күйеуінің бұйрығына, күйеуінің «артында» тұрған Құдайға қарсылық секілденетін... Бұл еркек не істесе де, не десе де талқыланбайтын шындық тәрізденетін де, өзінің жылт-жылт еткен ойлары сол шындықтың астында тапталып қалардай... Қаһардан үрейлене үндемей...

Төсектен тұрдыдағы, ылдым-жылдым киіне ас бөлмеге бет алғанда,  бүкіл  әлем  ұйқыда, тек өзі ғана ояу секілді бір күйге бөленіп... Осы пәтерде ғана жарық жанып тұрғандай, айналаның бәрі жым-жырт. Ыдыстарды жуып жатқанда қара түнектен әлдекім, әлденелердің дауыстары сағым болып құлағына жететіні... Он бірінші сыныпты бітіргендегі кештің музыкасы іспетті, әлгі қарамай кеткен қара жігіттің қалжыңдағаны ма?.. Құрбыларының кекете күлгені?.. Әр түрлі дауыстар көз жетпейтін қараңғы бір бұрыштардан гүрілдеген өзен секілді ағып өте шығатыны... «Риза, намазхан қазір» – деп, қыздардың сақ-сақ күлгені, «Риза деген ана қыз ба, вечеринкада ішіп, мас болып жүрген»-деген жігіттердің өзара сұрақтары, «Өзі елпілдеп қалған қыз еді ғой, сақалды біреумен Таразға кетіп қалыпты»-дейтін егде жастағы әйелдердің сөздері топырлаған толассыз ойлардан Ризаның жеке ой-торына ілінетін де қалатын. Торға түскен ойлардың ішінен өзіне керегін, іске жарамдысын іздейтін. Мектеп қабырғасындағы алғашқы махаббаты – қара торы жігіттің ерніне бірінші болып жармасқанын, әлгі жігіттің ұяңдыққа салып, үнсіз, қимылсыз қатып қалғаны, кейіннен Алматыдағы отырыста шараптан ұрттап масайып, махаббатының қайырылмағанын айтып жылағанын ес білмейтін, ақымақ шағы деген «көрпемен» қымтап жауып қоятын. «Ондай-ондай болады ғой, бала болдық» деген тыспен қапталған «көрпемен» тұншықтырып барып, ақылы толысқанда намазға жығылып, ақ пен қараны ажырататын ересектердің қатарына қосылып, Құдай қосқан қосағы барына шүкіршілік етіп, қорылдап жатқан жұбайының жанына жантая кететін.

Әппақ бет-әлпетіне самайынан тартылған қою қара сақалды кісінің артында тұрып бірге таң намазын оқитын. Күйеуімен бірдей қозғалыстарынан Ризаның бойын сенімділік билейтін, өйткені екеуінің бірігіп істейтін, үнсіз тілдесетін, екеуі де дәрменсіз күйге түсетін, тең дәрежелі адам статусына ие болатын жалғыз сәт. Намаз оқып бола салысымен, Риза дастарқан дайындаумен тұрып кететін де, күйеуі таспих тартып ұзақ отырады. Сондай сәттерде сырт көзге ол сүйкімді көрінуші еді: жан-жақтан анталаған сайтандарға сыр алдырмайтын, тіршіліктің титықтатқанынан қаймықпай, Құдайына сүйеніп алып, дүниенің жылтырағына алданбайтын кісідей...

 

***

Тараздағы тар пәтерден Алматының маңайындағы ауылына шертілмеген сырлары алып қашқан Риза өзінен екі жас кіші інісінің бөлмесінде таң намазын оқып отырған. Таңғы асын ішіп болған әкесінің шифоньерді тарсылдатып, жұмысқа қамданып жатқанын да бір құлағымен естіп...

– Менің киімдерімді көрінген жерге қоясың, сен қатын, – деген әкесінің боқтық сөздерден кейінгі дауысы қатқыл шықты. Қорынып...

– Өз орнында тұр ғой, не болды? – деп, елгезектене аяғының ұшымен асүйден жатын бөлмеге кіріп барған шешесінің үні бірте-бірте бәсеңси... – Мен салып қойғам ғой, қазір, – деп именшіктей, үйдегі жалғыз шифоньерден лақтырып тастаған киімдерді жинап жүрген аяғының дыбысы өзінің киімдері сонда тұрғанын білетін Ризаның құлшылығын қайта-қайта бұзып... Шашыраған ойларын Жалғыз Жаратқанға сүйеп, әрең-әрең намазын оқып болды. Ол уақытта әкесі есікті тарс жауып, үйден шығып үлгерген-ді. Оянып кеткен інісі де бәрін түсінгендей, көрпесінен Ризаға үрпие сығалап...

Ештеңе естімеген, түк білмейтін, бірақ ешкімге үміт артып, масыл болмайтын суықтықты жанарына қондырып алып, дастарқанға отырғанда шешесі кінәлі күйінде оған жалтақтай жымия берді. Ортада тұрған тәтті тоқашты Ризаның алдына итеріп... Шәй қою болып кеткенінен ыңғайсызданып, қызына қайтадан құйып бермек болып, көңілін аулағысы келгені... Риза құлағына құйылған әлгі сөздерді елемегенсіп, салқынқандылыққа салынып отырғанымен, бейқам, ештеңеден бейхабар, жайдары бейнеге ене алмай... Еміренген анасының алдында егілуден сақтанып, жұтына берді. Мектеп кезіндегідей домбыраның, бидің, ағылшынның үйірмелеріне қатысып, ешбірін жетістірмеген, әр нәрсенің басын бір шалатын, қыдыруына ақша бергенде, қатты қуанғаннан көп сөйлеп, артық еркелеп қоятын Ризаны шешесі қазір де сол қалпында көріп, күйеуінен қашып келгенін амалсыз кешіріп отыр ма? Бала күнгі ұшқалақтығымен ұштастыра... Күні бойы үйге қамап қоятын еркектен безініп, екінші қабаттан жанын шүберекке түйіп секіргеніне сенбейтін секілденеді. Құдды бір Ризаның бар сырын «қайтем, іштен шыққан бала ғой» деген түсінікпен орап қойғандай. Десе де, ол өмірге әкелген кісіге көз қиығымен үміттене қарап... Басқа барар жері жоқ шарасыз пендені көре ме, әлде түрмеден кем түспейтін тіршіліктен зорға құтылған қызды ма, білгісі кеп... Анасының мұңлы жымиысы не қуанғаннан, не аяғаннан, болмаса өзінің тым жеңіл ойлайтынын ескергеннен екенін ажырата алмай... Өзін таппай... Туған-туыс, таныс-тамырдың қаңқу сөздерінің себепкері де, осы үйдің маңдайына біткен «сүйелі» де боларын есептеп... Не осыдан бір жыл бұрын ғана жоғарғы оқуға түскен Риза емес, не бұлардың батасын алмай, Таразға бір еркекке ілесіп кете барған Риза емес... Бұрынғыша шешесіне еркелеп бала бола қояйын десе, діни киінген әйелге жараспайтын тәрізді, әрі шешесі де беті ашылған қызының өмір заңдарын аздап болсын меңгергенін сезетін сияқты ма?.. Бөтен қойыннан беймәлім көзқарастарды жұқтырып алғандай қарай ма?.. Намаз оқып бастағанда қызығушылығы тез оянып, тез сөнеді деп, бей-жай қараған Ризаның «хикаясы» осылай аяқталғанына нали ма?.. Әлде бұл шаңырақтың билігі әкесінде болғандықтан, «бастығының» сөзінен ары аса алмайтынына өзегі өртенген ана ма, «өзің кеттің, өзің келдің» дегендей қай шешімге тоқтарын білмеген кісі ме?..

Бүркене киінген әйелден өз баласын іздеген анасының суып қалған шайынан ұрттап қойып, жасанды күлімсірей бергеніне, күмәнді көзқарасына шыдамаған Риза, қаладан жұмыс қарайтынын айтып үйден шығып кетті. Бөтен де, өзінікі де емес үйіне бұрылып бір қарады да, қайта айналып келгенде, шифоньерден киімдерін алуға ғана келетінін ойлап қана...

– Мен төркініме кеткенмін. Сізді ренжіткенімді де, кінәлі екенімді де білемін, – деді, аялдамаға барар жолда бұған сан мәрте хабарласқанда тұтқасын көтермеген ол, жұбайына звондап. – Егер, қаласаңыз, келіп, әкетіңіз, – дегенін күтпей-ақ телефонның тұтқасын лақтыра салды. Риза байланыстың үзілгенін ести тұра, телефонды құлағынан алшақтатпады. Құдды бір, оның ажырасқанын аялдамаға бет алған жолаушылар біліп қоярдай.

Ұзын, сүйретілген көйлек киіп алғандай... Артынан әлдене жерді сипап келе жатқандай ма?.. Таныс адамдарын жолықтырып қалудан сақтана жан-жағына жалтақтай... Аялдамаға жиналған  ауыл адамдарынан жасқана... Олардың қай Ризаны көретінін ойлап... Үшінші көшедегі аңқылдап қалған қыз, дінін өзімен  бірге ап жүретін бойжеткен, сұқтанған сырт көзден сақтанған иманды әйел, батасыз бас қосып, басын тасқа ұрған біреу, өтірік мүләйімсіп, елдің бәрін алдап жүрген пенде...

 

***

Бірге тұратын пәтерлес құрбылары қыдыруға кеткенде олардан жалғыз кілтті алып қалып, жалбыр шашты жігітті үйге тығыла кіргізген Риза күйеуге тигенде енді-енді түбінен өсіп шыққан шашы желке тұсқа жеткенде қиылған болатын, қазір ортасынан екі бөлінген қысқа шашы желп-желп етеді. Сайын айнала таң атардағы, не күн батардағыдай сарғыш, жылы түске бұлыңғырланып, сағым болған өмірдің рахаты қозғалыспен бірге қадам басатындай, жақындай береді, жақындай береді... Ешқандай сөзге айналмайтын көмейіндегі үн...

Діни сұрақтар қоя беретін құрбысы да, түнімен төсегін шықырлатып жататын жанындағы қыз да, бұларды менсінбейтін қалалық болғысы келетін пәтерлес сылқым да, кезінде мұның махаббатын бағаламаған сыныптас қара жігіт те, қамап қоятын күйеуі де, намыстанатын әке-шешесі де Ризаның дәл қазір бәрінен тығылып істеп жатқанын білмейтініне, әрі ешқашан білмей өтетіндеріне ол кәміл сенді. Шүбәсіз сенімнің арқасында жалбыр шашты жігітпен ортада көзге көрінбейтін байланыс орнап... Бұл құпияның дауыстары пәтерден алыстап кетпейтіні де... Жалбыр шашты жігіттің қысық көзіне қарап, екеуара тілде жымиғаны сол еді, әлгі оны қақшып ала қойсын... «Екеуіміз ғана» дегендей төбеге қарап жатқан жігіттің қулана жымиып жауап қайтарғанынан... «Сенің сезімің осындай шала екенін білгеннен сенбедім» дегендей ренжи қараған қара баланы да, әлгіндегі ісіне қымсынған, баласын қиянатқа қимайтын, «қайда болса да, аман болсын» деген жалғыз тілегі бар әкесін де, Ризаның дәл осындай екенін түсінгендіктен, қамап ұстағанын ақтап алғысы келген сақалды күйеуін де, бәрін-бәрін санасынан қуып шықты. Сонда ғана біреудің сенімін ақтамаған қызы да, жауапсыз махаббатың иегері де, сәтсіз некенің құрбаны да емес, жер бетінде тіршілік етіп жатқан жаратылыс екенін, алдымен адам, артынша әйел екенін түсінгендей... Талықсып барып, талып... Әлемнің бар көбелектері кеудесінен ұша жөнелгенде өң мен түстің, бәрі бітті мен енді басталдының шекарасында мең-зең қалпы теңселе, баяулап тоқтады. Бөлменің ішіне тыныштық оралған сәтте санасынан қуып шыққан ойлары темекі шегіп қайта келгендей. Бірінің артынан бірі ілесіп... Үнсіздік созылған сайын, әлгілер күшейіп барады. Осы бір ісіне жауап беруін талап ететіндей.

– Маған кету керек. Ағам ұрсады, – деді жалбыр шаш, қысық көз жігіт өзіне сенімсіз дауыспен.

– Подругаларым келгенше отыра тұршы,-деп, қыз екеуінің тілінде қылымси қалып еді. Еркелей... Құрбылары келгенге дейін, әлі уақыт бар екеніне баса назар аудартқысы кеп.

– Жоқ, маған кету керек, срочно, – деді жігіт қайталап, оның тілін түсінбейтін кісіше, бірден ойыннан шығып кете салғаны... Өз тілін ұмытып қалған мәңгүрт тәрізденіп. Ризаның риясыз жымиысы біртіндеп қышқыл тартып... Осының бәрін бес саусағындай біле тұра, өзі жол бергенін, өз-өзін алдауға тәнінің итермелегенін мойындап... Даяшы болып бірге істейтін қызбен өзінің өмірбаянын айтқанда жалбыр шаштың мұқият тыңдап отырғанын, әрі оның әңгімелерінің арасынан дәл күйеуде болған линиясын қуалап осы пәтерге келгені де айдан анық нәрсе еді. Өйткені сол әңгімеден кейін барып, Ризаға тиесілі үстелге көмектесіп, қайтарда үйіне жеткізіп салмақ болғаны, жол-жөнекей қазіргі қыздардың ашық-шашық киінетінін, өзіне Риза сияқты ибалы бойжеткеннің жолықпай жүргенін, сөз арасында сүйген адамының бұрынғы өмірі еш маңызсыз екенін ерекше атап өтіп, барлық адамның қателесетінімен жұбатпақ ниет танытып, күн сайын әлеуметтік желіден хәлін сұрағыштағаны, бара-бара оңаша шай ішкісі келетінін қыстыра кететін. Риза жайлы абайсыз естіп алған ақпараттардың көлеңкесіне тығылып, ыңғайына жығылған секілденген жігіт қазір діттеген мақсатына жетіп, енді қыздың ережелерімен емес, өз ережесімен ойнамақ.

Тағдырдан тағы таяқ жейтінін елеп, жасанды күлімсіреп, жалбыр шашты шығарып салды-дағы, үйді реттеуге кірісті.

Қалаға бойын үйретіп, осында қалып, жергілікті жігітпен тұрмыс құруды армандайтын пәтерлес қыздың кірпияздығын ескеріп, қысық көзден қалған иістен жиіркене ме деп, еденді түгел із қалдырмай жуып шығып, діни сауал жолдай беретін құрбысына үнемі нақты жауап беретін өзін де сабынмен ваннаға шомылдырып, төсегін түнімен шиқылдатып шығатын қыз мұны өзі секілді деп ойлап қалмас үшін қайтадан хиджабын киді. Ризамен тұратын үш қызға да ұнайтын оның қасиеті – үйді жинастыра беретіні еді. Бірақ ретсіздікті ұнатпайтын Ризаның ойларының шашылып жатқанынан, өзімен-өзі оңаша қалудан, ойлардың ағыны ағызып кетуден қорыққандықтан, ойын солай бөлетінінен олар бейхабар болатын.

Пәтердің ішін мұнтаздай қылып, жатын бөлмеге, әсіресе, өз төсегіне ауа тазартқышты сеуіп, қыдыруға кеткен құрбыларын тымпиып күтіп жатыр еді, соңғы кездегі оқиғалардың жаңғырықтары әлдеқайдан естілді. Әуез болып... Әйелі қайтыс болып, төрт баламен қалған құрбысының інісіне тұрмысқа шығуға үгіттеген шешесінің дауысы құлағына еміс-еміс кеп... Үйде бос жатқан нәрсесін «тот» басып кетпес үшін құрбысының інісіне «қолдануға» бермек болғаны... Іске жаратқысы келгені... Үш ай бойы тырп етпеген әкесінің өзі хабарласып, хәлін білгені, қызының көңіліне тиіп кетпейін дегендей қатал әкенің сыпайылығы... Әлгі бір ісі үшін қалайда кешірім алғысы келетіндей... «Қызым» дегенді қайталай бергені де...

Алматыдағы алғашқы отырыстағы оқиғаның үні бұрынғыша қатты емес, алыстан талып жететінін байқады, тіптен күйеуінен кеп алғаны да баяғыдай даңғырламайды. Алкоголь ішкені кешіріліп үлгермей күйеуге тиді, ұмытыла бергенде, ажырасты, енді ол біртіндеп өшуге айналғанда ешкімге айтпай жалбыр шашпен көрпенің астына тығылып қалды... Оқиғалардың ізін суытпай «инфекция» жұқтырып ала беретінін өзіне қалай түсіндірерін білмей, дел-сал. Қашан толық кешірілген адам боларын ұқпай... Масайып жылағанын құрдастары қайта-қайта айта беріп, ақыры төрт қабырғада Құран құшақтатып жалғыз қалдырды, үйіне оралғанда қызына тіке айтуға батпаған әкесі киімдеріне күш көрсетті, бәрінен  безіп  Алматыдағы пәтерге тұрақтағанда шешесі «байсыз далада қалған Ризаға» дайын күйеу тауып қойды, одан құтылудың жолын жалбыр шаш жігіт білер деп...

Қуып келеді, қуып келеді, бір сәт тоқтаса, олардың бар талабына, келемежіне көну керек секілді. Қапырық далада көлеңке іздеген кезбе кісі іспетті.

 

***

Жарығы сөндірулі пәтерде іш киіммен ашық тұрған пластик терезенің жақтауына сүйеніп, қолына қып-қызыл шоқ ұстап қыз тұр. Сарғышқа боялған шашының орнын жаңадан өскен қара қыл басып, иығына жетпейтін қалың шашын ала қылып көрсетеді. Жасанды бояқтың орнын табиғи түс жеңіп келеді. Сүйріктей саусақтарына жіңішке сигаретті қыстырып алып, шылымға ернін тақап, сорады да, басын тартып, ішінде кеткен түтінді терезеден қалаға қарай үрлейді.

Қалғыған қаланың қураған көшелеріне Риза мағынасыз  ұзақ телміріп...  Ертеректе  қызық көріп аралайтын, қыдыратын  Алматының ешбір құпиясы қалмағандай. Тыр жалаңаш... Бәлкім жастық шақтың бітуге таяғанынан, яки Ризаның тез жалығатынан ба?.. Әйтеуір, о кезде киноға, кафеге, караокеге, ойын-сауық орталықтарына, кейіннен клубтарға бару үшін, өзін дәл сол сәтте бақытты сезіну үшін, бейқам билеп, әндетіп, көңіл көтеру үшін ештеңенің керегі жоқ-ты, ал қазір сол ритмге түсу үшін алдымен алкогольден ұрттап, темекі, кальянын шегіп барып қана, өзін еркін ұстайды. Қосымша заттардың көмегімен әрең-әрең сол толқынға өліп-талып ілінеді. Денін басқан ауыр-ауыр ой-түйіндері иығынан сырғып түсетін -дағы, өзін сондай жеңіл сезініп, өмірін жаңа бастайтындай...

Бірақ, ес жия салысымен түсініксіз, тәртіпсіз сөйлемдер мен ой орамдары Ризаға шабуылдай берер еді. Әрі олар жеке-жеке емес, топ-тобымен сапырылысып келетіні – жауап қайтартқызып үлгертпейді. Апыр-топыр жабылғанда жиырма үштегі бойжеткен астында қалады. Өйткені санасынан әлдебір үздіксіз әуездер жамырағанда Риза ештеңеге ұмтылмай, тырп етпей жататын еді. Мұнымен жолығатын жігіттердің бірден оңашалыққа бұра тартатыны, әрі асығыс қозғалатыны – оның қыз болып қылымсуына, қырсығуына, керілуіне мүмкіндік бермейді. Өйтуге құқығы жоқтай... Бейне бір, «сенің кім екенің түсінікті, өтірік керіліп-созылмай-ақ қой» дейтіндей, бірден қонақ үй, пәтерге әкететіндері...

Ұзын-ұзын саусақтарының арасында қысылып өлген сигареттің тұқылын күлсалғышқа айналған тәрелкеге фильтрін қайыра мыжып тастады да, терезесін жауып, төсегіне қарай аяңдады. Тура артынан әлдебіреу лезде лып ете қалғандай болып, жалт қарап еді, терезенің пердесі тербеліп тұр екен. Терезені жапқанда желпіген ауаның әсерінен деген оймен бірден болған жайттың бетін жылы жауып, төсегіне жантая кетті-дағы, құлаққабын киіп музыканы тыңдай бергені сол еді, жайсыз күйге бөленіп... Өзіне керек нотасын ғана естіп жатқан қыз шын мәнінде мына пәтердегі бөгде дыбыстарды естімейтіндей, құдды бір елегісі келмеген шындықтан қашып бара жатқан кісіше... Музыканы сәл бәсеңсіткені сол еді, ас бөлмеден әлдене салдырлап жатқан секілденді де, әуенді өшіре салып еді, тынышталды. Жай ғана жөнсіз үркігеніне сене бергенде барып, керісінше, өз-өзін осылай жұбататыны ойына сап ете қалды. Өзі көргісі келетін терезелердің ғана пердесін ашып қойып, ұнамайтынын байқамаған, білмейтін секілденетіні – ол тек Ризаның санасының бұйрықтары іспеттеніп, ал дәл қазір мына пәтерде жалғыз емес екені қаласа да, қаламаса да шындық болуы ықтималдығы жоғарылай берді, жоғарылай берді.

Аласұрып шошығанын білдіртпей, жарықты жағып, клубқа шыққан бойжеткенше, асықпай әдемі киімдерін киіп, кілтін алып, есікке жақындап, бір аяғы сыртта, бір аяғы іште тұрып пәтерді жағалай көзімен шолып шықты. Тым-тырыс... Өзі бірдеңе ойлап тауып, өзі сеніп қалған қыз.

Сырт айналып, есіктен ары аттағанда ас бөлмеден ыдыстың шағылғанына ұқсас дыбысы құлағын жарып жібере жаздап... Жалт қарауға жүрегі дауаламай, баяу басын бұрса да, ас бөлменің қуысына қарай көзін жүгіртпеді. Көз қиығымен... Анық көруге дәті жетпей... Бірақ, сол бұрышта Ризаны бала күнінен білетін, жақсы танитын, оның бар құпиясының куәгері секілді үңіле қараған аласа бойлы, үстін түк басқан алба-жұлба бір мақұлық адамға тән емес қимылымен билей ме, секіре ме, қозғала ма, анықтай алмады. Шоқ көздерінің өткірлігі сондай: Ризаның жанды жерін анық білетіндей, әрі тек сол тұстан шабуылдайтындай. Жұтып жіберуге қауқары бар... Алайда оған тура қарап, көзін жеткізуден үркіп, ештеңе байқамаған кісіше, пәтерде бәрі дұрыс, тек өзі қыдыруға шыққан бойжеткеннің бейнесіне еніп ала қойды. Есікті еппен жауып, кілтті тесігіне дірілдеген қолдары дәлдей алмай тұрғанда төменгі қабаттан әлдекімнің көтеріліп келе жатқан дыбыстары оның үрейін еселендіре берді. Екі ортада қысылып, қайда қашарын білмеген оның айқайлауға шамасы жетпей... Жүріп өткен тағдыр жолының беймәлім бір көшесінде жоғалтып алған Құдайын шарқ ұра іздеп, кезінде оқыған Құранның сүрелерін тіліне түсіре алмай сарсаңға түсті. Фатиха сүресін бастап келе жатып, шатасады, бастап келе жатып, шатасады, іштегі жын-жыбыр мен жоғарыға көтеріліп келе жатқан біреу оның тілі келмейтінінен хабардар іспетті, әрі оның бұл шарасыздығына миығынан күлетіндей елестеп... Оның үстіне, құтылудың жалғыз жолы ретінде ойына сүренің оралуы – Ризаны үлкен бір тығырыққа тіреді: Құдайдың алғышарттарын ұмытып, енді аяқ астынан керек қыла қалғаны – өзінің мүсәпір екіжүзді пенденің бетпердесін кигізіп... Кішкентай бойлыдан қашам деп, Үлкен Ойға соғылуы – санасын шағып... Шытынап барып, пырт ете сынған әйнекше...

Төменнен баспалдақпен көтерілген біреу жақындай бергенде жаны қиналып кеткен қыз, бар күнәсін мойындап, мойнына алды да, Құдайынан тек кешірім сұраған бейшара үнмен ішінен күбірлеп, өлімді қарсы алуға дайындалып қойғанда, әлгі дыбыстың иесі – жұмысынан кеш оралған көршісі екенін көрді.

– Бәрі дұрыс па? – деді отыздан асқан әйел шошыған қызды аяй.

Бекітілген пәтердің ішіне күйеуімен ажырасқан әйелді де, бірнеше жігіттен алданған қызды да, отбасын да, оның жүрісі жеңіл екенін аңдап, сырт айналған құрбыларын да, төсектес болған еркектерді де, жаңағы жүнді пәлені де қамап кеткеніне өз-өзін сендіре алмай, үлкен Алматының бір ауласынан Риза қалаға жалғызсырай қадам басты. Түнгі серуенге шыққан ғашықтар да, дарылдаған достарымен құшақтаса кетіп бара жатқан жігіттер де, сылқ-сылқ күліп қыдырудан қайтқан құрбылар да, бәрі-бәрі сап түзеп, бірдей қозғалатын әскерлер тәрізді де, тек Риза ғана бар үйлесімділікті құртып, ілесе алмай келе жатқандай... Өз аяғымен өзі қадам басып келе жатқанына шүбәланатын кісіше... Жел бағыт беріп қойса, домалап кете беретін қаңбақ... Өмір-пианиноны қалай ойнау керегін білмейтін, үнемі дұрыс емес нота басып, әлемдік оркестрдің шырқын бұзатын... Құдды бәрі Құдайдың барын баяғыдан білгендей, әрі құлай сенген сияқты, тек осы қыз әдетінше адасып жүр. Экс-күйеуі де жын-жыбыр, пәле-жаладан алшақ ұстауға тырысып, тыныш үйде отырғанын қалаған сыңайлы, ал шешесі өмірдің осындай шындықтарына балапаны тап болмас үшін әйтеуір бір еркектің, тіптен жасы біршама үлкен болса да, етегінен ұстатып, аман алып қалғысы келген сияқтанып... Қамын ойлап, алдына ала қамданған... Ал Риза болса, қамқоршыларына құлақ аспай, айдалада жалғыз қалған... Жер шарындағы бүкіл тіршілік иесі Ризадан бірдеңе жасыратын тәрізді. Қайдан келіп, қайда баратындарын нақ білетіндей, Риза ғана бірде сеніп, бірде күдіктеніп, шатқаяқтап жүрген сықылды.

Жанынан арлы-берлі өткен кісілерге үміттене қараған ол, жылы ұшырасқан әлдекімге мектептегі қара жігіттен бастап жүнді албастыға дейінгі жеке тарихын айтып бергісі келіп, есі дұрыстығын растайтын бір жанашыр жан іздеп, анау кафедегі отырған қонақтардан да, көше кезген пенделерден де, еш кемшілік, ешқандай артықшылығы жоқ, солар секілді қарапайым Алматы тұрғыны екенін дәлелдегісі кеп, көпшілікке сіңіп кетуге тырысып, таң бозарып атқанша, жынды мен сау дейтін екі аралықты жаяу аралады.

 

***

– Риза! – деп, ақ алтын сақинасы бар оң қолын кафеде отырған қыз-жігіттерге ұсынып, омырауына жетер-жетпес алқасын сәл қозғай, жымия басын изегенде сырғалары тербеле кетіп, иығына жетпейтін, сап түзеген шашының бойжеткеннің қимылынан бейтараптығы – оны жинақы, өз-өзіне қатал қарайтын, орындалған армандарының үстімен сенімді жүріп келе жатқан, әрбір әрекетінің өз есебі бар адам қылып көрсететіндей... Қара көйлегі умаждалып қалмас үшін қолымен тартып, сүйіктісі дайындаған орындыққа отыра бергенде жігіттердің жанары еріктерінен тыс оның бітіміне ауып... Үстелге жайғаса салысымен, достарына таныстыруға алып келген сүйікті жігіті Ризаның тәрелкесіне пиццадан салып, сусынын құйып, құрмет көрсеткені, әрі бойжеткенді өз сөзімен қосымша презентация жасамағаны – «өздерің көргендей» деп, артық ауыз әңгімені қажетсінбегені тәрізді. Сондай бір үлкен сеніммен... Үстел басындағы қыздар қауымының орталарына жаңа қосылған аруды «сканерлеген» көзқарастары... Айбар деген өздері білетін жігіт пен Риза есімді қыздың «техникалық мінездемелерінің» бір-біріне сәйкестіктерін тексерген жанарлары сығырая... Екеуін қатар қоюға болатын, болмайтынын ойша есептейтіндей бір...

Бұрыштағы екі қыздың ортасына тығылып отырған шашын артқа қайыра гельдеген сығыр жігіттің сүзіле қарағаны – Ризаны бір тығырыққа ертіп апаратындай... Осындағылармен танысқанына қуанышты екеніне сендіргісі келген жымиысымен ыңғайсыз жағдайдың бетін қайтарып қойып, елемегенсиді, алайда көрмесе де, әлгінің әлі де көз алмай отырғанын сезіп... Не сүйсінгенін, не бірдеңе айтқысы келгенін түсіне алмай...

– Қалай таныстыңдар?– деді қара торы қыз таяқшаларымен сушиді қыстырып алып. Риза күлімсірей Айбарға бұрылғаны – «өзің айтасың ба?» дегендей назданғаны. Бәрін осы кісі біледі, өзі шешеді дегендей сүйіктісіне имене қарап... Айбардың етегіне өзі жабысқандай көрініп қалудан қашқан ұяң қыз жігітінің ығына марғау сияқты тығыла...

– Кафеде масайып, ұйықтап қалыппын, – деді Айбар тыңдаушыны бірден ұйытып әкететін, өзіне де, өзгеге де болыспайтын, жасыру функциясы жоқ секілденетін қоңыр үнімен. – Бұл кісі сол жерде администратор ғой. Келіп оятты, «кафеміз жабылады, қайтсаңыз дұрыс болушы еді» деп. Қарасам, менен басқа ешкім қалмапты. Шықтым, түнгі екі ме, үш пе, есімде жоқ, әйтеуір, машинамның қасында тұрғанымды білемін. Риза машинасына мініп, кетіп бара жатып, жаныма тоқтады да, «қаласаңыз, апарып салайын, мас күйіңізде рөлге отырмай-ақ қойыңыз» деді. Сөйтіп машинамды тастап, бұл кісінің көлігіне міндім де, жол-жөнекей сөйлесіп дегендей,– деп болған жайтты қысқа қайырып еді. Риза әңгімені қыздыра түсу үшін:

– «Машинамды тастай алмаймын, ол ренжиді» деп қоймағаның ше? – дей салғаны сол еді, Айбардың көлікке деген махаббаты зор екенін білетін жора-жолдастары қарқылдай жөнелді.

– Иә, бұл машинасын ешкімге айдатқызбайды, – деп қоштай кетті. Риза сүйіктісіне көзқиығын тастап еді, ол Ризаның талантты аспаз секілді әңгіменің тұздығын дөп салғанын да, әрі айтылған ақпараттар сырт көзге сувенир секілді дайындалғанын да, оның арғы шетінде біраз дүниені екеуі де тістен шығармайтынын да анық білген серіктес-қоңыркөзімен күлімдеп түсіндірді... Кафеде жалғыз өзі ішіп, масайып қалғып кетіп, оянғанда ешқайда барғысы жоқ, мүлдем далаға шыққысы келмеген бұйра шашты жігіттің мұңлы қоңыр көзі мен амалсыз далаға беттеген жүрісін есіне қайта оралтты. «Қаласаңыз, апарып салайын» деген кезде, басын шайқай берген Айбар... Мұндаға шейін басынан не өткенін жұмбақтап, аяқ-асты өлім туралы сөз қозғап кете беретіні... Бәрі-бәрі қазіргі Ризаға мәлім.

Ауқаттанып алған дос-жараң музыка қостырып, биге басты. Бөтен көзге өзін дәлелдеуге тырыспайтын, сүйіктісі бар екенін және оның шын сүйетініне құлай сенетін, денесін әурелемейтін, күш-қуатын үнемдейтін ритммен баяу қозғалады қыз. Дәл осы би алаңынан ештеңе ұтып, ұтылмайтынын нақ білетін... Бұйра бас жігітіне достарының көңілін қалдырмай, амалсыз билеп тұрғанын күлімсірей ұқтырып... Сүйіктісі де, «қайтесің» дегендей ортаның заңына бағына өтірік билегенсиді.

Шашын артқа қайыра гельдеген жігіт ортаға жылмаң-жылмаң еткен, небір бәлені көргендей, айнала қоршаған жолдастарының қимылын өтірікке балайтындай, нағыз бидің қандай боларын көрсеткісі келгендей, бидегі еркектің де, әйелдің де қозғалысын қайталап, белін бұраңдатып, жамбасы мен санын ұстап, екі саусағымен көзінің алдын қиып өтіп, қыздардың бәрін шолып барып, соңында Ризаны ортаға шақырды. Ол тыжырынып, билеуге құлқысы жоқ екенін білдіртпек болып, Айбарға қарап еді, басын изеп рұқсат беріп тұр. Рұқсатының қасында «билей сал, көңілін қалдырмай» деген өтініші бар.

Риза оның ритміне ілесе алмай, тәртіпті биін жалғастыра күле бергені сығыр жігітке жақпады ма, әйтеуір, Ризаның екі қолынан ұстап алып, өзі билетуге кірісті. Мұның бәрі тым сәтсіз әзіл екені, әрі маңайдағылардың бәрі күліп, қызықтап тұрғаны оған мүлдем ұнаған жоқ. Қатты шамдануға қысылған Риза әлгі жігіттен қолын суырып алғанда барып, шашы гельденген жігіттің аларған жанарынан әлденені ұққандай болды. Ішінен бірдеңе қылп еткендей... Үрей... Бейтаныс адамнан таныс бір ойларды аңдап... Қадалып тұрған жігіттің қарашығының арғы шетінде Риза туралы ұзақ әңгіме жатқандай... Әрі, бойжеткеннің  дәл бұлай сыпайы билеуге құқығын шектейтіндей... Қара есіктің жолын білетіндей сығыр жігіт оның қолын қайтадан қысып ұстап, билей берді, билей берді, алайда Ризаның санасы дыңылдап... Сүйкімсіз әуенмен достарының күлкілері үйлесе... Төгіліп жатыр... Бірақ Риза өзін бұл жерде жоқ сияқты сезінді.

Би біткенде сығыр Айбарды сыртқа алып шығып кетті де, екеуі ұзақ уақыт жоғалды. Дастарқан басындағылар ананы-мынаны шұқып, өзара күбірлесіп отырғанда кафеге әлгі сығыр мен сүйіктісі кіріп келді. Меңіреу санасымен екі жігіт бұлдырап, қимылы мен дауысы сәйкеспейтіндей келе жатыр. Бірақ, шашын артқа қайыра гельдеген жігітті санасының бір қуысынан тапты да, таныды: кезінде өзімен даяшы болып істеген жалбыр шаш жігіт. Сонда барып, оқиғаның мән-жайы мозайка секілді құрала бастады. Сығыр Айбарды бірдеңеге көндіре алмаған сыңайда, сонда да, әлі де сендіргісі келетіндей оған жеңіле төменнен қарайды, ал сүйіктісі тым суық... Өзіне жалтақтап келе жатқан досына мән бермеген қалпы басын тік ұстап... Екеуі он шақты адым жерден әлі келе жатыр, әлі келе жатыр... Жалбыр шаш баяғыдай ағасының ығынан шыға алмайтын сенімсіздігімен әлі де Айбар досына үміттене қарайды. Рұқсат ала алмай... Риза шимай-шатпақ ойларын жинап үлгермей...

Қабағы шытулы Айбар мен сөзі бөлінген сығыр үстел басына көңілсіз кеп жайғасқан сәтте күбір-сыбырдың бәрі тыншып, жора-жолдастары екеуіне алма кезек қарағыштап, сұрауға күмілжіп... Түсініксіз тыныштық орнағанда үстел басындағылардың сұраулы жүздері бірте-бірте меңірейіп отырған Ризаға ауа бастады. Әңгіменің төркіні қара көйлекті бойжеткенде жатқандай ал кеп іздесін... Бұлыңғыр бейнелер мен кафенің күңгірт дыбыстары Ризаға кешігіп жететіндей... Бағанадан «өздеріндей» қабылдаған ортаның аяқ-асты «жауап бер» дейтіндей, жағаның екінші жағына өтіп алғандары... Бірінен-бірі іліп алып, өзара келісіп алғандай, әуені мен сөзін жатқа білетін хорды қосыла айтатын сияқтанып... Құдды бір Ризаның шашылып жатқан бөлмесіне құдайы қонақ болып суыт кіріп келген кісілер іспетті. Сүйіктісінің қамқорлығынан әлсіреп, нәзік қыздың бейнесіне толық еніп бітіп, бұрынғы сыртқы қорғанысын бұзып тастаған Риза не дерін де, не істерін де таба алмай, ойша ұзақ жанталасты.

– Не болды, тынышталып қалдыңдар ғой? – деген Айбардың үніндегі көтеріңкі фальш нотаны ол бірден таныды. Шешесінің орындыққа шығып, жіпке ілінейін деп тұрған жерінен үстінен түскені мазасын алып, масайғанда тамағына быжыған өксік келіп тұрса да, «мен машинамды тастап кете алмаймын» деп сөздің ауанын бұруға тырысатынын Риза жақсы біледі. Назарын аудару үшін жыртығын жамап тіл қату...

Күбір бірте-бірте оталып, жанданып, ештеңе болмағандай, бәрі бір сәтке ұмытқан сияқтанғанымен, жұртшылық сұрақтарына жауап алмағандарын ескеріп қана отырғандай...

Достар кафеден сыртқа шығып, үйді-үйлеріне тараған шақта, соңында Айбар екеуі ғана қалды. Қала сыртындағы ауылына, әке-шешесінің жанына көлігі бар болғандықтан көшіп барған Риза шығарып салуын өтінген сүйіктісіне әуре болудың қажеті жоқтығын, өзі баратынын айтып, қоштасып жатты.

– Мен сені сүйемін, – деген жігітінің діріл аралас сөзі – Айбардан естіген ең сорақы жұбату тәрізденіп, үйіне жеткенше, сол сөйлем санасында сан мәрте қайталанды. Әлгі жалбыр шаштан естіген мағлұматтар оны баяу өлтіріп жатқандай да, ал мынау өлер алдындағы уәдесі сияқты. Болашақта осы уәдесін орындау үшін ғана жанын жеп тырысатындай... Әйтпесе, осы күнге дейін бірде-бір рет сүйетінін айтпап еді, әрі керегі де жоқ-ты.

Өз үйіне таяй бере, соңғы рет осы үйге киімін әкету үшін ғана келетініне еш шүбәланбаған кезі есіне түсті. Қазіргі күні осында күн кешіп жүргені де... Күнде үйге кірер алдында еңбекпен жеткен көлігіне бір қарайтын әдеті бар-тын, алайда бүгін бірден үйінің есігіне кілтін тықты. Табысының бір бөлігін әке-шешесіне бөліп беріп жүріп, түннің қай уағында болсын келуге мүмкіндігі бар, сатып алған кілтімен сытырлатып ашып... Сырт киімін шешіп, шырт ұйқыдағы отбасы мүшелерін оятып алмас үшін аяғының ұшымен ваннаға кірді. Есігін әдейілеп жаппай... Шешілген қара көйлегі тәнінен сусып түскенде, құдды бір осы көйлектің бір ұшын кафедегі жалбыр шаштың қолында қалғандай... Сол отырыстан ұзаған сайын сөгітіліп кеп, осында жеткенде бітіп, оны тыржалаңаш қалыпқа әкелген іспетті... Айнаның алдынан әкесінің ұстарасын қолына іле кетіп, ваннаға су ағызып қойып, шалқасынан жатты. Судың температурасын сезбестен... Қызмет қуалап, өзіне көлік алып, жеткілікті табысымен ескі жараларды таңа бергені... Жалбыр шаш ашқан «есіктен» – алғашқы махаббаты қара жігітті шексіз сүйетін, намазханның экс-әйелі, отбасына сүйкімі жоқ, құрбыларына жиіркенішті, неше түрлі жігіттен ақыл да, боқтық та естіген іске жарамсыз әйелдердің бейнелері бірінің сөзін бірі бөліп, тоқтаусыз шығып жатыр, шығып жатыр... Арасынан жалбыр шаштың алдында көнбей басын шайқап тұрған Айбардың сұлбасы көлбеңдейді. Шайқағаны үдей береді, үдей береді, бейне бір жарылуға шақ қалғандай, алайда Риза ұстарамен тамырын тездетіп тіліп үлгерді.

 

***

Дәлізден жаңғыратын дыбыстар... Дәрі-дәрмектің иісі оның естеліктерін жағаға ұрған толқын сияқты ойына әкеп беріп... «Сенен ауру жұқтырдым» деп, боқтап тілдеген бір жігіттің ащы дауысы, кімнен болсын балалы болуға даяр, тек өзіне алданыш біреудің болғанын қалап, неліктен көтермейтінін гинекологтан сұраған ескі Ризалар осы иіспен айналып кеп жатты. Көзін ашса, ауруханада. Түн сияқты... Тірі екен...

Әке-шешесінің алдында әр нәрсенің басын бір шалатын ұшқалақ қыздарының өліп көргісі кеп, оны да қарқ қылмаған болып көрінетінін де, әкесінің нақ сүйері бар екенін білген шешесі асылып өлмекке талпынғанда, құтқарып үлгерген, жақынын жоғалтудан қорқатын Айбардың алдында оның жанды жерін біліп, соны нысанаға алып, аянышын тудырғысы келген қыз сияқтанатынын да ойлап... Темір кенінің үстінде бағытын айқындай алмаған компастың шыр айналған тілі секілді, өзінің жүзінде қай Ризаның бетпердесі киілгенін түсінбей... Ыстық ойлар тамағын кептіріп, су аңсап жатты.

1552 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы