• Қоғам
  • 20 Қараша, 2022

ЖАБЫРДАҒЫ ЖҰТ

Жексен АЛПАРТЕГІ

Жабыр – Нарынқол өңіріндегі Тәңір тауларының солтүстік қарсысында жатқан аласа қырқалар. Батысы Елшенбүйрек тауының күншығысындағы  Тұзкөлдің  оңтүстігінен    басталып,  Буырлы жотасына дейінгі аралықты алып жатыр. Қысы қатты, жазы қоңыр салқын шөлайтты қырқа.  Қырқаның күнгей мен теріскейі  сай-салалы болғанмен   су көзіне тапшы.  Кеңес заманында Жабырда Крпуская (Қайнар)  мен Ленин (Сарыбастау), Карл Маркс (Текес) және Октябрь 40 жылдық (Нарынқол) атындағы колхоздың отарлы  қойлары  қыстайтын. Бұйралы дөңдерден   ақтылы отарлар қараотты жусан мен изенді, жабайы бетегелі құнарлы шөптерден бастарын көтермей жайылатын. Мұндағы мал семіз келсе, қыстан күйлі шығуы, шөбінің күштілігі дейтін  малшылар.  Патшалық Ресей заманында  Жабырдың қойлары атақты Қарқараның хан базарлы жәрмеңкесінің  нарқын бұзыпты. Қой алушылар әуелі қай жердің малы деп сұрап, Жабырдыкі  десе, қанын жерге тигізбей алса, бұдан кейін Торайғырдың қойын алады  деген әңгімені көнекөз қариялар айтып отыратын. Қырқалардың жусанының  қуаты мен  нәрі  басқа жерге қарағанда ерекшелігі  осыдан дейтін қариялар. Сол  заманда  бұл өңірді Құрман болысы мекендепті. Албанның атақты батыры  Ұзақ ауылының қыстауы да  болған деседі. Бір жылдары Жабырда қыс қатты болып, қалың қар түскенде  жұт болғаны елдің есінде қалған.  Жұтта  Ұзақтың  ауылы  таяқ ұстап,   қырылған малдың сүйегінен қора жасапты.  Отқа   жағарға отындары  таусылғанда,  киіздің ағашын жағып, қыстан әупірімдеп шыққан көрінеді. Қаһарлы қыста адам шығыны да болған екен. Көктем шыққанда Үш Қақпақты жайлаған Жәмеңке ауылының малы төлімен өріске шыққанын көрген Ұзақ  батыр, қырылған малының сүйегіне  қарап: «Бетін бері қаратып, арты ары қаратқан жер екен» деп, бұдан біраз жылғы оқиғаны  есіне алған дейді білетіндер.  Соған іштей  өкініп, «өзіме де обал жоқ, Жәкеме сеніп, аңғалдығымнан таптым. «Жабырды мен аламын» деп елден бұрын айтпадым ба? Иә, айттым. Енді міне барымнан айырлып, жер сипап қалдым» деген ішкі ойы бір мазалапты.  Ол кезде  албандар  патшалық Ресейдің қарамағына  толық өтіп,   билік орыстардың қолдарына көшкен жылдар болса керек.   Рулы елді болыс-болысқа бөліп, жерді де бөліске түсірген. Әр рудың  игі жақсылары мен жайсаңдары   атқа мініп, ру-руға жерді белгілеп жатқан уақытта Жәмеңке мен Ұзақ бастағандар Жабырдағы биік бір төбеге келіп, аттарынан түседі. Жәмеңке  төбеге шығып, оңтүстіктегі Тәңір тауының ақ бас шыңдарын, етегіндегі сыңсыған қарағайлы орманы мен жазықты  көкорай шалғын қырқаларына жотасын беріп,  Жабырдың ұзынынан созылған қырқаларына көз тастай береді. Қырқалардың арғы жағында жатқан   Ақкердің батыстан шығысқа  қарай созылған жоталарына тамсана қарайды.  Өзі отырған  төбедегі  бір уыс жусанды жұлып алып иіскейді. Бір емес, бірнеше мәрте иіскеп, «па, шіркін, мынаның бір талынан маңыраған қозының дауысы шығып тұр ғой» деп тамсанып, мұрына тақап иіскеген екен.   Көптің талайын көріп,  алқалы жиында  дуалы сөзімен елді қаратқан  Жәмеңкеге  топтағылар таңданыспен қарап үндемепті.  Бір нәрсе айтса біліп айтатын Жәкенің  бұл сөзі бекер болмағаны, ер мінезді, шапшаң қимылды батыр Ұзақ көптен бұрын: «Былжырамаңдар, бұл жерді мен аламын» деген сонда. Батырдың бұл сөзіне  ешкім қарсы шықпады.  Жәкең болса: « Батыр айтса, ешкім қарсы шықпас» деп отырыпты да, «Сүймендінің Айт-Бозымы: Лабасы мен Төте, мына  Жабыр, Қостөбе, Тұзкөл, Тоғызбұлақ, Шакрамбал,  Лайлы, Белбұлақ, Бөрібасы, Есекартқан,Ойқарғай, Сарыбастау, Дараты, Қараой, Шалкөденің теріскейі  және  Қабанды, Бөгеті, Сүмбе, Үйсін тауы сендерге бұйырсын.    Ал Сүйерқұлдың балаларына – Нарынқол, Байынқол, Үкірші, Үш Қақпаққа қоныстансын» деген.  Қарап тұрса, Тәңір тауының етегі  мал-жанға құт екенін Ұзақ  Жабырдың қаҺарлы қысынан кейін түсініпті. Мұны сол кезде-ақ Жәмеңке жердегі  бір уыс жусанды  бекерге  жұлып алып  иіскемегенін де  Құрман болысының жері басқа болар ма еді.  Осы жерде Жәмеңке өз ойын іске асырып кеткеніне Ұзақ  малы қырылғанда сезінген. Бұл оқиғаны бала күнімізде әкелеріміз айтып отырушы   еді.  Содан бері  бір жарым ғасырдан астам уақыт өткенімен  сол Жабырдағы жұт ел ауызында  қалғанын көне көз  қариялар әлі де айтады.  Солардың бірі бұрынғы Октябрь 40 жылдығы атындағы (Нарынқол) колхозда көп жыл қой бағып, шопан болған,  87 жасқа  келген Жұмақын Кенжеев та растайды.

– Біз Құрман ішінде Киікбай атадан тараймыз. Атақонысымыз Жабыр болғаны рас. Кеңес заманында  колхоздың қойын, сиыры мен  жылқысын да бақтым.   Жабырда қой бағып жүріп,  бұл  жердің әр сай-саласы маған таныс болды. Ата-бабамыз мекендеген жер болған соң,  әке-шешелеріміз және үлкен қариялардыңда әңгімесін естіп өстік. Ертеде Жабырдың  сай-саласындағы шөбінің биіктігі  тананың бойымен бірдей өседі екен.  Батыр Ұзақтың  ауылы  бір жылдары  Жабырдың етегіндегі  Аққора мен Кемпір қора деген жерлерді қыстапты.  Аққора  Жабырдағы Есекеартқан сайының  етегіндегі жер де, ал Кемпірқора  – Текес өзенінің су электр станциясы  салынған  тұсы.  Екі аралық атты кісіге он минуттай  жер. Ал Жәмеңке мен Ұзақ бастаған топ жер бөлісі кезінде  отырған төбе   сол тұста. Жабырда бір жылдары  бұрын сонды болмаған қалың қар түсіп, қолдағы малдың бәрі қырылғаны рас. Қырылған малдың сүйегінен қора жасап, ауыл мен ауыл қатынаса алмай   қалыпты. Елдің көбі таяқ ұстап қалған екен. Көктем шыққанда Үш Қақпақтағы  Жәмеңке ауылының малы  сай-саладан  өріп шыққанын көрген Ұзақ, қырылған малының сүйегін көріп: «Бетін бері қаратып, артын ары қаратқан жер екен» депті. Ұзақтың ауылы бұдан кейін Қостөбенің маңы, Текес өзенінің бойындағы Ащылтүбекті, Иінжарда қыстаған. Жазғы жайлауы Шұбартал, Көккемер, Лабасының батысы мен шығысында  және Сыртта отырыпты деген әңгімені айтатын әкеміз, – деді қария.  Қарияның бұл сөзін текестік Бейсенбек Сатымбаев қария да бір жылдары айтқан еді.   Жабырды иеленген Құрман болысы жер бөлісінен кейін араға біраз жыл өткен соң қатты қысқа тап болып,  ауылының малы тегіс қырылса, адам шығыны да болған. «Жәкең бір айтса, біліп айтады» деген бидің сөзіне батыр сонда алданып қалған деген әңгімені үлкендердің ауызынан естіген едік деген.

Сол жылдары Бурылыда отырған Айт болысының атақты байы Ниязбек әжінің де малы қырылған дейді қариялар.  Әжі Буырылдан ұйғырларға тереңдігі 200 метрлік  құдық қаздырып, су шығармақшы  болыпты. Бірақ су шықпаған. Сол құдықты қыстан қырылған малының сүйегімен толтырған деп ауыл ақсақалдары  айтқандарын естіген едік. Алайда ол қазылған құдықтың қай жерде екенін дөп айтатындарды кезестіре алмадық. Ал атақты  Ниязбек байдың жерленген жері  «Қызыл шекара» ауылының солтүстік жағындағы Жабыр қырқасының етегінде.

Жабыр қырқасында Кеңес өкіметі орнағанға дейін Құрман болысының жері екенін және Ұзақ батырдың отырғанын Қайнар ауылының үлкен қариясының бірі,  86 жастағы   Болат Биманбетовтың әңгімесінде шындық барына шәк келтірмедік.

– Әкелеріміз айтып отыратын,  Кеңес өкіметі орнағанға  дейін құрмандар  Жабыр мен Тұзкөл, Лабасының  сай-саласында отырыпты. Бір жылдары Жабырда  қыс қатты болып, қар қалың түскен. Ұзақ  батырдың 40 үйлі отбасының барлық  малдары қырылған.  Қардың қалыңдығынан   ауыл арасындағы қарым-қатынас та үзілген.  Қыстаудағы  ел  ұзаққа бара алмай, отқа киіз үйдің ағашын да  жағыпты.  Мінерге ат та қалмай, ауыл түгел қара жаяу қалғанда  Ұзақ  елге  тоқтау айтып, «шыдаңдар, бәрі Алланың қолында, бір жақсылық болатын шығар, шыдаңдар. Бір кішкентай  қара баланы  Алла тағала қыжалатқа тастамас» деп сабырға шақырыпты. Осы кезде Қақпақ пен Байынқол жайлаған Жәмеңке  ауылының малдары  бұл жұттан аман шықса керек. Бірақ Жәмеңке қатты ауырып жатып қалғанын Ұзақ  елден естіп, қалын сұрай алмапты. Жәмеңке де батырдың қалын біле алмаған. Көктем шығып, жер декдтігенде  Ұзақ ауырып жатқан Жәмеңке бидің қалын сұрау үшін  жеті кісімен жаяу шығып барыпты. Ұзақ жаяулатып, Жәмеңке ауылына кетіп бара жатыр екен деген сөз   Жәмеңкенің құлағына жеткенде: «Батырға жазықтан  үй тігіп, бір-екі күн күтіңдер. Содан кейін менен хабар болсын» дейді. Бидің адамдары жаяулап келе жатқан  Ұзақты    үш күн мал сойып,   құрмет көрсеткен.  Үшінші күні Ұзақ  бұған қатты   ашуланып, «мені аштықтан келді  деп отырмысыңдар, немесе құрып кетті деп ойлайсыңдар ма? Келгелі үш күн өтті. Бұл не күткендерің, Жәкеңе барып, мен келді деп   айтыңдар», – деп шала бүлініпті. Батырдың ашуын білетіндер Жәмеңкеге жүгіріп, «биеке, батыр ашуланып жатыр» десе керек.  «Онда келсін» депті Жәмеңке. Ұзақ есік алдына келгенін байқаған Жәмеңке  теріс қарап жатып алып, қарсы алыпты.

– Ассалаумалайкум, Жәке – деп кірген батырға Жәмеңке бірден жауап бермей, өкпелеген сыңай танытып:

Айында оразаның ауырғанмын,

Көңілді сұрамайды жолдас пен жораларым.

Кісіге кісі ақысы кетпес деген,

Менде  көңілін сұрамаспын  ауырғамның – деп  Ұзаққа назын айтыпты.

 – Би аға, оныңыз рас, келе алмадым. Естіп жатқан боларсыз, қиын жағдай болып, хабарласа алмадық. Қыстың қиындығынан шығып, сіздің көңіліңізді сұрайын деп арнайы келгенім осы, – дегенде  Ұзақтың  сөзіне Жәмеңке жібіп, басын көтеріпті.

– Рахмет, батыр, жоғары шығып, төрлет, – деп дастарқан жайғызыпты. Ауылдың игі жақсыларын  шақыртыпты. Жиылғандарға:

– Қыс қиын болды. Әсіресе, батыр ауылына қатты тиді. Осыны ескеріп, әрқайсың тоғыз-тоғыз беріңдер, – деген  де олар  мақұл десіпті. Мұны Ұзақ қош көрмей:

– Жәке, мен сізден тамақ сұрап, мал алайын деп келген жоқпын. Жүзіңізді көріп, көңіліңізді сұрайын деп келдім. Алмаймын малдарыңды, тірі болсақ мал табылады, –деп Ұзақ ашуланып, орнынан тұрып кетіпті. Жәмеңке Ұзақтың мінезін жақсы білетіндіктен:

 – Батыр емес пе, жібиді.  Жиналған малды  ауылына айдап  апарып беріңдер.

 Жәмеңке ауылында жиналған  малды алдарына салып, Ұзақтың ауылына барғанда батыр   алдарына шығыпты. «Бопты, Жәкең бергеннен кейін аламын, менің айтқаным ашу ғой», – деп, өзімен қатар отырған 40 шақты үйге айдап келген жылқы, сиырды, қой-ешкіні бәріне таратып беріпті.  

Көктем шыққаннан кейін  Ұзақтың ауылы  бар    қиыншылықты артқа тастап, Тоғызбұлақтағы  көктеуі  мен күздеуі болатын Тұзкөлдің айналасына көшіп барып қонған.    Ұзақ әйелімен, бір баласы үшеуі  жаппа тігіп,   көлді жағалай отырған  елмен бірге  паналапты.  Қыстың ауыр күндері арта қалғанмен батырдың  әйелі ауырып, жеті-сегіз жастағы баласымен  Шонжы жақтан әкелген тарыны келіге түйіп, тіршіліктерін жалғастырып жатқанда Ұзақтың ауылы  Тоғызбұлақтағы  көктеуге келгенін  Алжан сегіз сарының игі жақсылары естіп, сәлем берейік деген  ниетпен үйіне қонаққа келсе керек.  Олардың бекерге  келмейтін білген  батыр, жаппасынан шықпай келі түйіп жатыпты.  Сырттағылар жаппадан тарсылдаған келінің дауысы естіліп,  ешкім шыға қоймағаннан кейін: «Ассалаумағалейкум, батыр, сыртқа шықпадың ғой, не істеп жатырсың?» деп дауыстайды. «О, албанның игі жақсылары мен жайсаңдары, әйел ауру, бала жас, келі түйіп жатырмын» деп келісін түйе берсе керек. Үй иесінің бұл әрекетіне  сыртағылар күбірлесіп, «қонақты қарсы алуға шамасы жоқ болған ғой батырдың қыстан аман қалған жалғыз тұлпарын соймаса несі қалды. Тұлпарын сойып, бізді қонақ етер. Соны  жеп қайтсақ, пейішке барамыз.  Басқа не жейміз?» деген біреуінің сөйлеген дауысын Ұзақ  естіп қалады. Келген қонақ бекерге келмегенін түсінген батыр сыртқа шықпай, келі түйіп жатқанда  қонақтар аттарынан түсіп, жаппаға кіріп,  батырға сәлем береді. Батырдың үйіне қонақ келгенін ауылдағылар көріп, оларға  сәлем беруге келеді. Келген қонақтардың сырттағы сөзін естіген Ұзақ жалғыз атын сойдырып, жаппаға    дастарқан жайғызып, еттен табақ тартса, өзі түйген тарының талқанын қояды.  Жаппаға сыймағандарын  сыртта күтіп, қарсы алады. Қонақтар батырдың жалғыз атының етін жеп, ауылдарына  қайтыпты.  Ұзақтың сыйын көріп, Жабырдың жұтына мойымаған Ұзаққа   қайран қалған  қонақтар өзара ақылдасады.  Елді жиып,  Ұзақтың ауылындағы болған жағдайды жұртқа айтады. «Бар малынан айырылған Ұзақ бізге сыр бермеді. Жалғыз атын сойып, бізге құрмет көрсетті. Оған ел болып, көмек берейік» дейді. Әр ауыл тоғыз тоғыздан мал жиып, жүз сексендей ірілі –уақты жылқы, сиыр, тана, тай, қой-қозы, ешкі-лақ жинап,  бір атқа  ертоқымен ерттеп жетектеп, Ұзақ ауылына  барады.

– Батыр-еке, бізден артық кетсе, кешіресіз. Бастарыңызға түскен ауыртпалықты кеш естідік. Біраз шығын болыпты. Мынау сіздерге әкелген мал біздің көмегіміз. Қарыз емес, елдің көмегі. Мұны халқыңызға, бала-шағаға өзіңіз бересіз, – деген. Көмек деп айдап келген малды көрген Ұзақ шабарманын шақырып: «елді жина, мына малды бәріне таратып беріңдер» депті.  Ауылдағылар бар малға  ие  болғанда Ұзаққа ешнәрсе қалмай тек ерттеулі атты қалаған екен. Батыр: «сендер аш қалмаңдар, маған осы ат жетеді. Мен аш қалмаспын. Алған малдарының сүтін сауып, етін асып жеңдер. Бала-шаға аш қалмасын» деп, көмек бергендерге риза болыпты. Жабырдағы жұттан мойымаған, қолындағы жалғыз атын қонағына сойып берген Ұзақтың  бұл әңгімесін  мен бала кезімде үлкен қариялардан естігенмін. Олар Ұзақ батырдың «әйел ауру, бала жас, келі түйіп жатырмын» деген сөзді негізге алып,   осы жайтты  айтып отыратын. Бұл  оқиғаны осы Жабырда болғанын біздің әке-шешелеріміз  күні бүгінге дейін айтып келді.  Ұзақ батырдың елге жасаған  бұл жақсылығын елі де ұмытпаған, – деп Болат қария өткен ғасырдан бізге  жеткен  оқиғаны осылай сыр шертіп айтып берген  еді.

Суретте: Жабыр қырқалары мен Тұзкөл

 

4869 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы