• Айтарым бар...
  • 20 Қараша, 2022

ГРАДАЦИЯ ОНЫҢ ЕКІНШІ АТЫ

Біздің курс үшін «градация» сөзі Құтмағамбет досымыздың екінші аты сияқты болып кеткен. Оны сонадайдан көргенде «Градация келе жатыр» дейтінбіз. Шынында, бұл сөз оның мінез-құлқына да келетін. Оның мұндай атқа ие болуында данышпан ақын Қадыр Мырза-Әлидің «еңбегі» бар еді.

Бірінші курста «Әдебиет теориясы» пәнінен ақын Қадыр Мырза-Әли сабақ берді. Қадыр ағаның жүріс-тұрысы, болмысы қандай бөлек болса, жүргізген дәрісі де өзгеше еді. Өзінің тым қарапайымдылығымен, сабақ беру тәсілімен, бәрінен бұрын, тым көп дүние білетіндігімен және соны соқырға таяқ ұстатқандай етіп, көңіліңе қондыра салатындығымен таң қалдыратын.

Ол кісінің сабағы өте көңілді өтеді. Әзіл-қалжыңын қоса айтып отырып, пән айналасындағы керек дүниемен байланыстырып жібергенде, лекциясын жазып-сызып отырмай-ақ, жаттап аласыз. Қарапайым ғана бір мысал айта кетуге болар деймін...

Қазіргідей емес, кеңестік кезеңде көркем әдебиетке ерекше мән берілетін. Әдебиеттің көркемдігіне! Сондықтан, қазақ әдебиеті де көркем болатын. Оны оқыған оқырмандар да көркем кісі болып қалыптасуға талпынатын.

Қадыр ағамыздың бір сабағы осы әдебиеттегі көркемдеу тәсілдеріне арналып жатты. Басқа бір оқытушы болса, кім біледі, әдеттегідей кітаптағы дүниелерді ғана айтып қоя салар ма еді. Мысал үшін оны да еске сала кетуге болады. Бұл туралы кітаптан алынып, Википедияда берілген түсініктемені оқырмандарымызға ұсына кетсек, артықтық етпес деп ойлаймын.  

«Дамыту (градация) – алдыңғы сөзден соңғы сөздің, алдыңғы ой-пікірден кейінгі лебіздің, әдепкі құбылыстан екінші құбылыстың екпін қуатының күшейіп, өсіп отыруы. Бұл көркемдік тәсіл құрылыс жүйесі ұқсас бірыңғай сөйлемдердің іріктеліп шығуына, ой-пікірдің өткір, әсерлі айтылуына әрі мағыналық өрістің кеңеюіне кең өріс ашады. Абайдың «Келдік талай жерге енді» деген өлеңіндегі «Сергі, көңілім, сергі енді!», «Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!», «Өрбі, сезім, өрбі енді!» деген шумақ аралық жолдар дамытуға құрылған. Сондай-ақ, ақынның «Отыз жетінші сөзінде»: «Биік мансап - биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады...» немесе «Бесінші сөзіндегі»: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» деген жолдары да дамыту әдісіне жатады.» (Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы).          

Дәріс барысында Қадыр аға градация туралы ештеңе айтқан жоқ. Үнемі аудиториямен тілдесіп отыратын әдетіне басып:

– Градация деген не? Қане, қайсыңыз айта аласыздар? Айтқан адамға автоматты түрде зачет қоямын, – деді.  

– Мен айтайын, ағай! Бірақ, қарақалпақша айтамын, – деп, алдына жан салмайтын Құтмағамбет атып тұрды.

– Айта ғой. Градация туралы мүмкіндігінше бұрын айтылмаған соны мысал болса...

Құтмағамбет айналасына бір қарап алды да, жырлай жөнелді: 

– Бұрын-бұрын, бұрын уақта,

Тахтакөпір, Шымбай жақта

Бір аңқау мерген болған екен.

Аң атпаққа құмарланып,

Аң сайманын арқаланып,

Көне жаптың жағасымен,

Ақбастықтың арасымен

Келе жатса,

Бір сұр қоян жатқан екен, – деді де, осы тұста: «Аға, тыңдап тұрыңыз, осы жерден бастап градация басталады», – деп, әрі қарай жалғастырды.

 – Бұл қоянды алсам атып,

Пақырларға берсем сатып.

Ол ақшама тауық алсам,

Тауығымды шөжелетсем.

Шөже сатып бие алсам,

Ол биемді құлындатсам.

Құлынымды қит-қиттатып,

Тойға шапсам, – дегенде, елу студент ду күлді. Қадыр аға да буырыл шашы желкесіне түсіп, көзілдірігі үлкен мұрнының үстінде селкілдеп, дауысы шықпай күліп тұр. Студенттердің күлкісі тиыла берген кезде одан сайын гүрілдеп, екпіндей сөйлеп:

Қит-қит деген дауыспенен,

Қоян кетті қырдан асып,

Аңқау қалды аузын ашып, – деп, Құтмағамбеттің өзі де партаға сылқ етіп отыра кетті. Манағы күлкі одан әрі жалғасты. Жауабына ырза болған Қадыр аға:

– Фамилияң кім?, – деп сұрады.

– Қонысбаев, – деді Құтмағамбет. Жауабына ырза болғаны сонша:

– Өте тамаша мысал, зачет!, – деді ағамыз.

Құтмағамбеттің сол кездегі айтқан мысалын мен осыдан біраз жыл бұрын  естелік үшін өз аузынан жазып алған болатынмын.

Еркөңілді батыл жігіт университет қабырғасында жүргенде-ақ өзінің ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерімен талай рет көзге түскен еді. Басқалар ығыңқырап жүретін журналистика факультетінің атышулы деканы Темірбек Қожакеевтің кабинетіне кіріп барып, қарызға ақша сұрауының өзі жағамызды ұстатқан болатын. Сұраған ақшасын сөзге келмей тауып берген деканымыз бұл жігіттен түбінде жақсы кадр шығатынын аңғарған болар.     

Бір кездегі сол курстас досымыз бүгінде салиқалы жігіт ағасына айналған, алпыстың асқарына иек артып отыр. Аузы дуалы, сөзі уәлі, жүріс-тұрысы ширақ Құтмағамбетті әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының айналасында жүрген қаламгерлер мен жалпы оқырман қауым жақсы біледі. Десек те, сөз орайы келіп тұрғанда оның өмір жолына да тоқтала кеткеніміз жөн болар.            

Құтмағамбет Талапбайұлы Қонысбаев – Қарақалпақстан Республикасының Беруни ауданындағы Қызылқала ауылында дүниеге келді. 1977 жылы орта мектепті бітіріп, Тахиаташ қаласындағы №27 СПТУ-дың жүргізушілер дайындайтын бөліміне оқуға түсті. Оны бітірген соң 1978 жылдың 3 наурызынан Төрткүл ауданындағы «Кирсовхозводстрой» трестіне қарасты ХРУ-3 мекемесіне жүргізуші болып жұмысқа орналасты. 1978 жылдың қазан айынан 1980 жылдың желтоқсан айына дейін Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскерден соң мақташылар бригадасында табельщик болып істеді.

1981 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекетік университетінің)  журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы бітірді. Қарақалпақ обкомының шақыруымен сол жылы қырқүйек айынан бастап «Совет Қарақалпақстаны» (қазіргі «Еркин Қарақалпақстан») газетінде тілші, меншікті тілші, редакция меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болып істеді.

1991 жылы ақпан айында Қарақалпақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы орталықта істей жүріп, Қарақалпақстан тарихындағы тұңғыш қазақ тіліндегі газет – «Достық үнін» ұйымдастырып, 1992 жылдан 2002 жылға дейін оның бас редакторы міндетін де қоса атқарды. «Достық үні» газетінің кітапханасынан» сериясымен республикадағы қазақ жырау-жыршыларының, шығармашыл жастардың  өлеңдерін шағын кітап етіп шығару ісін жолға қойды.  Ақындар айтысын, әнші-күйші, жырау-жыршылар сайыстарын ұйымдастырып, қазақ ұлты өкілдерінің рухани-мәдени талаптарының қанағаттандырылуы мәселесін Қарақалпақстан, Өзбекстан Республикалары басшыларының алдына мәселе етіп қойып,  олардың басым көпшілігінің ұнамды шешілуіне үлкен үлес қосты.

1993 жылы тамыз айында Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 2 жылдығына орай Президент Ислам Кәримовтың атына «Қоғам Отан мүддесін қорғасын десек...» деген тақырыпта «Достық үні» газетінің үш бетін алған Ашық хат жазып, онда   Қарақалпақстан қазақтарының мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің бәрін «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп, заңдық және кәсіби журналистік тұрғыдан дәл көрсетіп берді. Бұл республикада үлкен резонанс туғызды.

1998 жылдан бастап, газетке қосымша  «Өркен» журналын шығарды. Онда тек жергілікті ғана емес,  тіпті Қазақстандағы қаламгерлер мен ғалымдардың ғылыми мақалалары  жарияланып тұрды.

Журналист, қоғам белсендісі ретінде Қарақалпақстандағы қазақ ұлты өкілдерінің рухани-мәдени сұраныстарын Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығының  құрылтай-ларына, басқа да іс-шараларына үздіксіз қатыса жүріп, Қазақстан басшылығына жеткізуде де көп еңбек сіңірді. 1990 жылы 1 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті, марқұм Ислам Кәримовтың, 1993 жылы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеп, екі елдің басшыларын Қарақалпақстан қазақтарының жағдайынан хабардар етті.

2002 жылдың басында Атажұртқа көшіп келіп, Алматы облысының Талғар қаласына орналасты. 2008 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып, содан соң республикалық «Заң», «Экономика», «Айқын» газеттерінде тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқарды. 2018 жылдан бастап республикалық  «Жеті жұрт» газеті бас редакторының орынбасары. Ел алдындағы журналистік еңбегі еленіп, 2011 жылы «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған.

Жұбайы – Жақыпова Амангүл Ибрайымқызы. Үлкен ұлы Талғат – ҚазҰУ-дің заң факультетін, қызы Жазира әке жолын қуып, осы оқу орнының «журналистика факультетін» бітірген. Кенжесі  Нұрхат та қазір осы университтің (Ақпараттық технологиялар факультетінде оқып жүр. Ұл-қызынан бірнеше немере сүйіп, олардың алды 2 сыныпта, кейінгілері балабақшаға барып жүр.

Бір қызығы, журналист, қоғам белсендісі, ұлтжанды азамат ретінде   Құтмағамбет Қонысбайдың пешенесіне бұрын – Қарақалпақстанда тұрған кезінде, сондағы қандастарымыздың  дауын даулап, жырын жырлау, жетістіктері мен кемшіліктерін сәулелендіру жазылса, енді Атажұртқа қоныс аударған соң, сол Бесқаладан келген қандастардың Атамекендегі мұң-зары мен арман-мұраттарын, жалпы алыс-жақын шетелдерден келіп қоныстанып жатқан барлық қандастарымыздың  Тәуелсіз еліміздің дамуына қосып жатқан үлестерін жалпақ елге жеткізу міндеті жүктелгендей. Ол оны абыроймен атқарып келеді.  

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

4822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы