• Қоғам
  • 20 Қараша, 2022

ҚАЗІР ҚАРЕКЕТТІҢ ЗАМАНЫ

Едіге ҚОЖАХМЕТ

Өңірлердегі жолдарды жөндеудің ең тез, әрі тиімді жолы бар. Ол үшін – барлық өңір басшыларына жасырын айтқандай ғып, бәлен күні мемлекет басшысы көлікпен барайын деп жатқанын «сыбырлай» салу керек. Жолдарды жөндеуге қаражат өз-өзінен табыла кетеді. Кейін «аяқ асты жоспар өзгерді» дей салар. Қызығын ел көреді.

***

Бразилия қантының (қамыс қанты) Астанаға жеткізу шығындарын қосқандағы бағасы тоннасына 600 долларға шығып тұр. Яғни, бір келісі 273 теңге болады шамамен. Салығы бар, басқасы бар, дистрибьютерлер 350 теңгеден алады. Ары қарай көтерме сатушылардың қосатыны бар, дүкендердің қосатыны бар. Ал, жергілікті өндіріс (қант қызылшасы) ішкі сұраныстың 30-40%-н ғана қамтамасыз етеді. Ал, импорттың 80%нан астамы Ресейден келетін бұрын. Сосын, Евразиялық одақ аймағына импортталатын қант әр елге квота бойынша бөлінеді. Қайткенде де, қысқа мерзімде баға қатты түсе қоймайды, тек одан әрі қымбаттауын тоқтатуға болады. Ал, келесі маусым үшін отандық өндірісті күшейтіп, өнімділігін арттыру – стратегиялық тұрғыдан маңызды. Ұзақ мерзімдік мәселе солай ғана шешілмек. Бұл тек қантқа ғана емес, басқа да азықтарға қатысты. Басқаны айтпағанда, еттің өзінен біз импорттаушы елміз. Ішкі қажеттілікті қамтамасыз ете алатындай жағдай жоқ, жүйе жасалмаған. Жалпы, бір кездері «импорт алмас-тыру» бағдарламасы талқыланған еді. Бірақ ол кезде тиісті жұмыс жасалмады. Әсіресе, азық қауіпсіздігі тұрғысынан осы бағытта кешенді жұмыс қажет-ақ...

 

***

Бірде Әзірет Әліден: «Басымызға түскен қиыншылық – сынақ па, әлде, жаза ма?» деп сұраған екен. Сонда, «Пайғамбар ілімінің есігі» атанған Шер Әлі былай жауап берген екен: «Егер ол қиыншылық бізді құдайға жақындатса –сынақ болғаны, егер алыстатса – жаза болғаны...».

 

***

Біраз құндылықтарымыз ауысып кетті ғой өзі, өткен ғасырдан бері. Көп нәрсенің қадірі кетіп қалды. Мысалы, сөздің қадірі бар еді бір кездері. Бір ауыз сөзге тоқтайтын сана бар еді жұртта. Кім болсаңда – сөз қадіріне мойынсұнбауың мүмкін емес еді. Діннің қадірі бар еді, бір кездері. Дін ұстаған адамға ерекше құрмет көрсетілер еді. Себебі, діннің діңін, діңгегін түсінер еді халық. Іші мығым болған соң, сыртқы атрибуттары да оғаш көрінбейтін. Сақалы кіндігіне түскен қариялар қандай еді, шіркін?! Байдың қадірі бар еді, бір кездері. Байдың бәрін жау көру жоқ еді. Адалдық пен әділдікке бағынар еді, байы да, кедейі де.

Қазір осы сияқты талай ұғымның қадірі кетті. Солардың бірі – мемлекеттік қызмет ұғымы. Оның себептері де, салдары да белгілі ғой, талдап жататын емес. Бірақ, қанша сырттай «жамандап» жатса да, соған қарай ұмтылатындар аз емес. Өзі болмаса да баласын, туысын сондай «қызметке» кіргізіп қойғызғысы кеп тұрады. Ешкімнің ниеті мен пейіліне шек келтірмек емеспіз. Лайым, жақсы ниет болғай. Не десек те «мемлекеттік қызмет» ұғымын лас-тап алдық. Бұл дұрыс емес. Нақты адамдардың кемшілігін тұтас бір қызметке таңып тастауға болмас. Иә, жүйенің қателіктері бар, түзеу керек. Қадірі қашқан көп ұғымдар сияқты, осы «мемлекеттік қызметтің» де қадірін қалпына келтіру қажет. Себебі, бұл ең әуелі – қызмет. Мемлекетке қызмет! Ұлтқа қызмет! Мұндай қызметте жүргендердің абыройы үстем, ел алдында қадірлі болуы тиіс. Сынасақ та, жыласақ та – бұл өз Отанымыз, өз мемлекетіміз, өз «қызметшілеріміз». Қателіктер түзелер, мамандар жетілер. Мемлекет бөлек ұғым, мемлекеттік қызметкерлер бөлек ұғым. Осының да ара-жігін дұрыс түсінбек керек.

 

***

Бірнеше жыл бұрын жазған едім... Жағдай өзгерді ме? Көзқарас өзгерді ме? Ұстаным ше? Приоритеттер ше? Қажет пе жалпы, туризмды дамыту?

Бізде туризм дамымайды. Дамуы мүмкін емес. Шетелден келетін туристтер ағынын айтам да. Тұмса табиғатымыз бар. Тарихи жәдігерлеріміз тұнып тұр. Ауамыз, салтымыз, өнеріміз, тамағымыз.... Қысқасы, ел қызығатынның бәрі бар. Бірақ туризм дамымайды. Себебі:

1. Суық халықпыз. Сырттан келген адамға ызғарлы, тоңмойын, ашулы көрінеміз.

2. Күлімсіремейміз. Танымайтын біреуге күлімсірей салу біз үшін «біртүрлі» қылық. «Есі дұрыс па, несін ыржалаңдап барады» дейміз.

3. Атақты қонақжайлылығымыз бар. Бірақ ол – нақты өзімізге келген қонақтарға ғана солай екен. Баяғыдағыдай, жолдағы жолаушының бәрін төрге шығарып, барымызды алдына тосатын қонақжайлық жоқ.

4. Бөтен біреулердің біздің елге келіп тайраңдап, еркін жүргенін қаламаймыз. Қатты күліп, қатты сөйлесе жақтырмай, бедірейе қараймыз. «Шаңыраққа қарамай ма» деп қоямыз.

5. Келген қонақтарға мақтанғанды ғана жақсы көреміз. Оларға қызмет етіп, қалауын тауып, көңілінен шығу үшін жалпақтауға «намысымыз» жібермейді.

Тағы да біраз нәрселер бар. Жаза берсең бітпейді. Мұның бәрін жиып айтсақ – бізде комплекс бар. Ал, туристтер демалу үшін келеді. Еркін жүргісі келеді. Сапалы сервис үшін ақшасын аямайды. Енді, елстетіңізші: Алматы мен Астанада шұбырып қытайлар, үнділер, жапондар, европалықтар мен америкалықтар жүрсе. Көшелерде алшаң басып, айғайлай сөйлеп, қарқылдаса күлісіп жүрсе. Жайлауларымызда жапондар, көлдерімізде кәрістер, тауларымызда тағы басқалар қазақтарды жалдап, шұбырып жүрсе. Оларға қызмет етіп, жалпақтап біз жүрсек. «Ләппәй, тақсыр», «Айтсаңыз болды», «қазір қатырамыз» деп зыр жүгіріп жүрсек. Қалай болады? Ішімізді қызғаныш, жеккөрушілік кернеп, «өз үйлерінде жүргендей дандайсуын» деп отырмаймыз ба? Ал, өзіміз басқа елге барғанда қайтеміз? Түркияда, Дубайда, Европада, Малайзияда жүргенде... дәл солай «дандайсымаймыз ба»? «Мен ақша төлеп отырмын ғой. Зыр жүгіруі керек» дейміз ғой. Бірақ, біздің елде ондай болғанын, шыны керек, қаламаймыз. Қимаймыз. Іштегі бірдеңеміз жібермей тұрады.

Түркияға жылына 40 млн турист барып, әрқайсысы кемінде 1000 доллардан жұмсап қайтады. 40 млрд доллар. Жергілікті шағын бизнес үшін тамаша кіріс. Асханалар, қонақ үйлер, сауда-саттық, аудармашылар, көліктер, қымыз бен ет, киім-кешек, тб бәрі өз үлесін алып отырады. Жаңа мамандықтар, тұрақты жұмыспен қамту... Бірақ... 40 млн адам дегенің – Түркиядағы жергілікті халықтың жартысы ғой. Біздің елге сондай адамның келгенін елестетіңіз. Сондай ақшаның кіргенін қалайтын болсақ – психологиялық түрде дайын болу керек. Бірақ... Әй, қайдам...

4880 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы