• Руханият
  • 25 Қазан, 2022

ДАРЫНДЫҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕГЕН БІР АУЫЛ

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы дегенде Мыңбұлақ атауы есімізге түседі. Мыңбұлақ айтылса, Шерхан Мұртаза ойға оралады.  «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді, туған үйім кіреді...» деп Шер-ағаң жазған Мыңбұлақ – әлі де қастерлі.  Ал жазушының туған ауылы, туған үйі – Талаптыда. Бұл күнде Мыңбұлақ ауылдық округіне қарайтын Талапты 100 түтіннен тұратын шағын ауыл. Бірақ осы шағын ауылдан жер жүзі тегіс таныған, қалың қазақтың қадірлісі болған Шер-ағаң шыққан.

Өткен жексенбіде Талапты ауылына арнайы бардық.  Шерхан Мұртазаның ауылын, халық жазушысы жүрген көшені, сол кісі қонақ болған үйлерді көргіміз келді. Халық жазушысы салдырған мекемелерге де бас сұққанды жөн санадық. Әуелі жазушының туған інісі Батырханнан қалған шаңыраққа аялдадық. Бұл – қара шаңырақ. Үлкен аулада екі үй тұр. Бірі – ескі үй, екіншісі – қазіргі талапқа сай салынған жаңа зәулім үй. Біздің көңіліміз ескісіне ауды. Себебі, мұнда біз идеал тұтқан, халық ардақтаған жазушы Шерхан Мұртаза талай рет арнайы болып, қонып, аунап-қунап қайтқан. Әр бөлмеде жазушының күлкісі, табанының ізі, айтқан әзіл сөздері, өсиеттері қалған. Ал зәулім үйдің құрылысы  Шер-ағаң бақилық болған соң аяқталғанға ұқсайды. Әрине, ол үй де қара шаңырақ ретінде Мұртазаевтарға мың жыл қызмет ете берсін, төрінде талай сыйлы қонақтар отырсын деп тіледік. Батырхан атаның үйіндегі апамыз Райхан Мұртазаевадан ел таныған тұлға жайлы, қайнысы жайлы сұрадық.

Райхан Мұртазаева, келіні: – Аға ауылға келгенше, ауылды көргенше асығып тұратын. Елге келсе еркелеп келетін. Туған ауылына көмегін беруге, жақсылық жасауға асығып тұрушы еді. Осы Талаптыға зәулім мектеп салынуына тікелей ықпал етті. Мешіттің салынуына үлес қосты. Ауылға  таза ауыз су, көгілдір отын келуіне де жазушы ағаның тікелей қолдауы көп болды. Аталған қажеттіліктерді үлкен мінберлерде көтеріп, шешіп берді. Ағаның қалтасынан үнемі конфет үзілмейтін, балаларды өте жақсы көрді. Бала көрсе, конфет беріп, солармен ойнап кететін. Талаптының таза ауасымен қыдырғанды жақсы көрді. Атпен ауыл сыртын серуендеп, сергіп қайтатын. Ол кісі келгенде бүкіл ағайын туыс, бауыр жиналатын едік. Қазанымыз оттан түспей, қызмет еттік. Соншама үлкен жұмыстарда жүрген үлкен кісі сергіп, демалып, қуанып қайтса деген тілекпен көңіліне қарап, жүгіріп тұратынбыз. Ағаға барша ауылдастардың құрметі бөлек болатын. Ол кісінің келгені бір мереке, кеткені бір мереке еді, – дейді ол.

 

Шерхан аға салдырған 

мектеп

 

Халық жазушысының балалығы өткен жер болған соң, Талаптының тасына дейін тағылымды, бір уыс құмына дейін құнды. Ал мұнда  мекемелер де  көзімізге  асқақ  көрінеді.  «Мен жазушы ауылына қызмет етіп тұрмын» дегендей маңғаз. Талапты ауылдық клубы әсем сахна, кең мәжіліс залы және үйірме бөлмелерімен ерекше. Клуб меңгеруші Нәзипа Кенжебаева бұл мәдениет ошағында іс-шаралардың көп өтетінін айтады. Шерхан Мұртаза салдырған Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте де болдық. Мұнда қазір 130 оқушы білім алып жатыр. Мектепті аудандық мәслихат депутаты, білікті маман Руслан Сайлаубаев басқарады. Бұл мектеп ұжымы мен ата-ана, оқушылары  осы білім ошағын 15 жыл басқарған Гүлбүбі Ергөбекова және тіл маманы Ләйла Жолдыбаева, математик, мұғалім Ғабит Егізбеков, сызу пәнінің маманы Жанар Мырзахметова, тарих пәнінің мұғалімі Махмужан Мамытов, бастауыш пәні мұғалімі Зәбира Тілешбаева секілді ұстаздарды ерекше құрметтейді. Бұл мектепте қазіргі аудан әкімі Жалғас Мұртаза да оқыған. Былтыр 11 сынып оқушылары Нұржас Тұрарбек республикалық пән олимпиадасында математика пәнінен жеңімпаз атанса, оның сыныптасы Ақбала Бердібай ақын  Фариза Оңғарсынова атындағы республикалық мүшайрасында топ жарып, бас жүлдені иеленіпті. Балауса Қуанышбаева деген оқушының да тарихты терең білуге деген талабы таудай дейді. Спорттан бокс үйірмесі жақсы дамыған. Мәселен, Димаш Әскербек бокстан оқушылар арасында облыс чемпионы, республика жүлдегері. Мұхамәди Қуаныш, Саят Жолдасбеков те бокс бойынша біраз жетістіктерге жеткенін ұстаздары жарыса айтты. Шер ағаны тудырған қасиетті топырақта бүгінгі таңда да осындай талантты ізбасарлар өсіп, өніп, жетіліп келеді екен.

Ауылдағы балабақша мен кітапханаға да бас сұқтық. Жексенбі күні барғанымызға қабақ шытып жүрген бір адам жоқ. Кітапханашы да, оқырмандар да, балабақша қызметкерлері де жылы ықыласпен қарсы алды. Салынуына Шерхан Мұртаза себепкер болған ауылдық мешітте де болдық.

Талаптыдағы

шығармашылық үй

 

Маңыз беріп айтатын тағы бір мәселе – Талаптыдағы Шерхан Мұртазаның шығарма-шылық үйі. Бұл үйді қазір Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы назарға алып, жазушы мұраларын сараптап, болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру жолында жанталасып жатыр. Ал аталған шығармашылық үйде қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақындапты. Тіпті аталған орталықтың директоры, тарихшы Сауран Қалиевті жексенбі күні осы мекемеден кездестірдік. Сәкең директормын деп қарап тұрған жоқ, жұмысшылармен бірге тас төсесіп, дрельмен қисық жерді түзеп, қол ұшын беріп жатыр.

Сауран Қалиев, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры:

– Бұл шығармашылық үйдің маңызы ерекше. Талаптының тарихы терең. Тәңіртаудың етегінде тамаша жерде орналасқан. Осыдан бір шақырым жерде Момыш бұлағы бар. Ол жерде батыр Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Осыдан 15 шақырым жерде Қырғыздың Шекер деген ауылы бар. Ол жерде заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың кіндік қаны тамған. Міне, қараңызшы, Алланың шеберілігін. Бар болғаны 15 шақырым жерге үш бірдей ірі тұлғаны топтастырған  екен. Бұл шығармашылық үй енді  Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйі болады. Қазір мұнда музейлендіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұйырса, 28 қыркүйекте осы әдеби-мемориалдық үйінің ашылуы болады. Мұнда жазушы жас күнінде жазған хат, күнделік, еңбектерінің қолжазба нұсқасы сақталған. Бұл жерде жазушының кітаптарынан жинақталған кітапхана, архив, 30 адамға арналған мәжіліс залы болады. Осы мекемені басқару жазушының немере інісі Әлижан Мұртазаевқа жүктеліп отыр. Шерханды білемін, зерттеймін деген жас ғалым, жас әдебиетшілер үшін мұнда қажеттіліктердің барлығы болады. Жазған мұралары электрондық нұсқаға да айналады. Біз осы тарапта жұмыс жасап жатырмыз, – дейді.

 

 Көз көргендер, көз көргендер,

сендер өзгермеңдер!

 

Біз 88 жастағы Рахман Мырзахметов ақсақалдың үйіне арнайы барып, қарияға сәлем бердік. Тоқсанға жақындаған қария демалып-демалып отырып кішкене естеліктер айтты.  «Шерханның інісі Батырханмен түйдей құрдаспын. Шерхан ауылға келсе, сол інісінің үйіне түседі. Мені шақыртып алатын. Ауылды аралап, менің осы шаңырағыма да келіп жүрді. Әңгімесі таусылмайтын. Әңгіме болғанда тарихи мәліметтерге, сосын елдің болашағы туралы, балалардың ертеңі туралы мәселелерге көбірек көңіл бөлуші еді. Сөзі салмақты, ойы озық, тағылымды болатын. Мен осы  бұрынғы «Ленин» кеңшарына қараған Талапты бөлімшесін 26 жыл басқарған адаммын. Картоп өсіруден талай табыстарға жеттік. Бөлімшенің өзінде 22 мың қой болатын. Шерханның әр келгені қуаныш болатын», – деді Рахман қария. Рекеңнің асыл жары Назым Мырзахметова 82 жаста екен. «Қария екеуміз жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Жолдасым бастық болса да, кеңшарда қатардағы жұмысшы болып еңбек еттім. Еңбектен қашқан кезіміз жоқ. Халық жазушысына талай рет қызмет еттік», – дейді ол. Рекеңнің қолындағы баласы Нұрпейіс, келіні Жанар журналистер келді деп жаны қалмай жатыр. Жанар әпкеміз ыстық бауырсақты пісіріп тастапты. Бұл ауылдан  Шерханның «Ай мен Айшасындағы»  талай адамды, талай тағдырларды кездестіруге болады екен. Шер-ағаның кітабындағы кейіпкер Дошанайдың немерелерін де, осы Ғабиден Әскербайұлын да осы ауылдан кездестірдік. 85 жастағы Құдайберген Медербаевтың да Мұртаза әулеті жайлы, оның ішінде Шерхан жазушы жайлы айтары көп екен.

Біз мұнан соң облыстық «Aq Jol» газетінің  бас редакторының бірінші орынбасары болған, ҚР ақпарат саласының үздігі Ақылжан Мамыттың әкесінен қалған қара шаңырақта болдық. Ахаңның анасы 84 жастағы Камила Мамытова қай көйлегін киерін, қай медалін тағарын білмей біраз абдырады. 13 құрсақ көтерген ананың бұл күнде 9 ұл-қызы аман есен өсіп-өнуде. Олардан біршама немере, шөберелер тарап отыр. Қолындағы баласы Махмуд мектепте мұғалім, келіні Нәзипаның клуб меңгерушісі екенін айтты.  «Тағы бір балам осы ауылда тұрады. Ал қызым Толқын аудандық мәдениет үйінде мұғалім» деп қойды бақытты ана.

Камила Мамытова: – Шерхан Мұртаза жақын қайным ғой. Қария бар кезде өте көп келетін. Жодасым Қорғанбаймен әңгімелесіп, әңгімесі жарасып отырады. Келген сайын бізді көтермелеп , мақтап сөйлейтін. Біз де жылы жұмсақ, ыстық тамағымызды, мал сойып қуырдағымызды дайындап отырушы едік. Ондай қайыннан нені аяймыз? Айтыңызшы.  «Осы үйдегі Камила жеңгемнің қуырдағы тез дайын болады. Жеңгем менің автомат. Әйтпесе, ауылда газ жоқ. Бірақ жеңгем жылдам» деп құрметтеп сөйлеуші еді. Енді бәрін еске алып айтып отырамыз», – дейді ардақты ана.

Біз осы ауылды асықпай араладық. Батырхан атаның баласы Әлижан Мұртазаев жанымызда жүрді.  Ол: «Атаның тойы жақындап келеді. Дайындық қызу жүріп жатыр. Мемлекетке, облыс басшыларына рахмет. Халық жазушысына лайықты құрмет жасап жатыр. Халық жазушысы атындағы айтыс, мүшәйра, ғылыми жарыстар өтуде. Көз көргендерден естеліктер жиналуда. Барлығы үшін ризамыз. Өзіміз де Шер атамен мақтанамыз. Осы Талапты ауылы жазушының атына кір келтірмейтін, озат ауыл бола береді деп сенемін» деді қоштасарда. Бұл ауыл көшелері Сыпатай батыр, Бауыржан Момышұлы деп кілең батыр есіміммен аталады екен. Ауылдан батырлықтың рухы еседі. Адамдарының бойында бір мақтаныш, мерей бардай. Себебі, бұл халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ауылы!

2501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы