• Қоғам
  • 25 Қазан, 2022

Масылдық психология: «Алма піс, аузыма түс» дейтіндер кімдер?

Динара  МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қазақта масылдық жайында айтылған тәмсіл көп. «Асылдан – асыл туады, жалқаудан – масыл туады» немесе «Жаман туыс бір масыл арқалаған құммен тең, жақсылығың істеген елекке құйған сумен тең» дейді. Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «Ғапылдық» сөзі білместік, бейқамдық, алаңғасарлық, қапылдық деген мағынаны береді. Бір сөзбен айтқанда, ғапылдық – ақыреттік бейғамдық деген сөз.

Масылдық психология кез келген қоғаммен біте қайнасқан дерт. «Алма піс, аузыма түс» дейтіндер кеше де, бүгін де болған. Бұл қоғамның дамуы мен өркендеуін тежемесе, ілгері жылжытпайтыны тағы анық. Екі қолына бір күрек ұстауға талпынбаса да, қоғамды, мемлекетті кінәлап, көмек күтетіндердің саны аз емес. 

Әуелі «масыл» сөзінің анықтамасына тоқталсақ, парсы тілінде «мәслуб», яғни айырылу, тартып алу делінген. Араб тілінде бұл сөз «бір заттан, нәрседен айырылу» деген түсінік береді. Қазіргі қоғамға жабысқан дерт – біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру, жеңіл табыс табуға ұмтылу. Оған дәлел де көп. Мәселен, соңғы жылдары күн сайын тіркелетін алаяқтық қылмыс әрекеттері де соның жемісі. Жаңа технологияның мүмкіндігін пайдаланып, үйден шықпай-ақ оңай «олжаға» кенеліп отырғандар жетерлік. Қулық-сұмдықтың түр-түрін меңгерген алаяқтарды жеңіл жолмен табыс табушы «масылдар» деуге тағы келмес. Яғни, біреудің адал жолмен айлап, жылдап табатынын жарты сағатта иемденіп кетіп жатса, соншалықты ақымақ та дей алмайсың. Бірақ...

Бізде тіпті туған-туысының қамқорлы-ғына сеніп, мойнына мініп алатындар да жоқ емес. Қолұшын созғанға әбден үйірсек болып, «Сенде бар ғой, берсең болады ғой» деп тілемсектену де – масылдыққа жатады. Екі қол, екі аяғың сау бола тұрып, біреуге кіріптар болсаң, оған адамның өзі ғана кінәлі. 

 

Масылдық пен еңбек

адамын ажырату керек

 

Масылдық психологиядан қалай арыламыз?  Бұл туралы үкіметте де жиі айтылады. Сонау 2017 жылы үкімет «масылдық психологиядан құтылудың амалын таптық» деп қуанды. Қалай?

Елімізде халықты жұмыспен қамтауға байланысты талай бағдарлама қабылданған. Бірақ соның нәтижесінде жұмыссыздардың қоғамнан өз орнын тауып кеткені шамалы. Десек те, халықты жұмыспен қамту мен кәсіби тұрғыда даярлауға арналған біраз шаралардың атқарылғаны белгілі. Осы уақытқа дейін жұмысқа тұрған, тіпті өз бизнесін ашқан азаматтар аз емес. Дегенмен, соның барлығына кедергі жасап отырған тағы бір түйткіл бар. Ол – масылдық психология.

Әлі күнге мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды пайдаланбай, жұмыссыздың жәрдемақысын, я болмаса, үйдегі балалардың әлеуметтік төлемақысын қанағат етіп жүру әдеті басым. Сол себепті үкімет дәл осы психологиямен экономикалық тетіктер арқылы күресуге кірісіп, жұмыс істегісі келмейтіндер әлеуметтік жәрдемақыдан қағылатынын айтқан. Бұған не себеп? Кезінде азаматтарды жұмысқа тұрғызу үшін «Өрлеу» жобасы ашылған еді. Бұл арқылы мемлекет өз міндеттемелерін орындай отырып, еңбекке қабілетті адамдардың жұмысқа тұруына, я болмаса өз кәсібін ашуға көмектесті. Аталған шаралардан бас тартуға болмайды. Себебі, жәрдемақының көлемі азаюы мүмкін. Бұл – мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік келісімнің басты шарты. Мәселен, бір отбасында бес адам бар дейік. Үш адам еңбекке жарамды, қалған екеуі мектеп жасындағы балалар болсын. Жаңағы үш адаммен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Себебі, екі бала да мектепке барып жүр. Алдымен ол адамдардың табысы есептеледі, мал ұстамаса, басқа бір табыс көздері болмаса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы, ол 13 мың теңгедей болды, сөйтіп, бес адамға 65 мың теңге беріліп тұрды. Жұмысқа жарамды адамның біреуі қолдау шараларынан, яғни дайындық курстарына қатысудан, жалпы жұмысқа тұрудан бас тартса, үш бірдей адамның төлемақысы 50 пайызға азаяды. Ал екінші рет бас тартса, мүлдем төленбейді. Бірақ екі баланың 26 мың теңгесі қала береді. Үкімет осындай да амал қарастырған. Бұл нәтиже берді ме, жоқ па, белгісіз. Себебі, елімізде жұмыссыздық деңгейі әлі күнге төмендеген емес.

Бұл мәселе билік тарапынан тағы айтылды. Таяуда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов телеарнаға берген сұхбатында президент жолдауында айтылған басты бағыттарды саралап, негізгілеріне тоқтала келе, төрт түлігін түлетіп өсірген ауыл жұртының басты базынасына тоқталды.

Жолдауда айтылған жер мәселесінің бірі – жайылым жерлер мемлекетке қайтарыла бастаған. Бүгінге дейін 3 мыңға жуық гектар жер мемлекет меншігіне өткен. «Президент осы мәселеге көп көңіл бөліп жүр. Жастарды еңбекке тарту мәселесіне. Бұл – еліміздегі, қоғамымыздағы қордаланып тұрған мәселе. Еңбекке бірінші ынталандыру мәселесі. Бізде жұмыс жоқ емес. Жұмыс бар. Оған ынта керек. Мамандық алу керек. Соған адам өзі әрекеттену керек.  Менталитетті өзгертуіміз керек. Көрші мемлкеттердің азаматтарын қарасаңыз, олар арланбай Ресейге де барып жұмыс істейді. Құрылыс жасап та өз отбасын асырайды және мемлекет экономикасына да көп көмектесіп жатыр. Біздің Қазақстанда да еңбекке осындай көзқарас болу керек», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, ол бұл түйткілдің «Аманат» партиясы сьезінде де қадап айтылғанын жеткізді. «Өкінішке қарай, қоғам, үкімет, атқарушы органдар Президенттің айтқанын іліп әкете алмай жатырмыз. Үлкен насихат жұмысы керек. Парламент депутаттары, үкімет мүшелері, әкімдер осыған баса назар аударып, осымен айналысу керек. Соның ішінде осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзіңіздің әріптестеріңіз БАҚ-тың рөлі өте зор. Журналистермен бірігіп осыны үлкен идеологияға айналдыруымыз қажет деп ойлаймын», – деді ол телеарнаға берген сұхбатында.

Сонымен қатар масылдық пен еңбек адамының арасын ажырата білу керегін айтты. «Өңірде қызмет істеген кезде масылдығы басым, жұмысқа ынтасы жоқ адамдарды көп кездестірдім. Көбіне атаулы әлеуметтік көмекке иек артып алған. Соған телміріп отырғанын да көрдім. Олармен талай сөйлестік те. Сонда кейбір азамат «Егер мен жұмыс істесем кірісіміз көбейіп, әлеуметтік көмектен айырылып қаламыз ғой» дейтін. Біз осы психологиядан арылуымыз керек. Еңбек адамдарын құрметтеуіміз керек», – деді ол.

 

Әлеуметтік көмекке қол жаюдан арылатын күн туа ма?

 

Өкінішке қарай, қоғамдағы келеңсіз көрініске кім кінәлі? Бүгінде ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып, күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Мұндай ойды түбегейлі өзгертуге не кедергі?

Ал келесі жылдан бастап атаулы әлеумет-тік көмектің тек екі түрі ғана болады. Олар – шартты және шартсыз ақшалай көмек. Шартсыз әлеуметтік көмек мүгедектер, зейнеткерлер, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты аналарға көрсетіледі. Осы санаттағы азаматтарға мемлекеттен жәрдемақы алғаны үшін жұмысқа тұру міндеті қойылмайды. Ал шартты әлеуметтік көмекті алатындар міндетті түрде жұмысқа тұруы тиіс. Бір отбасында кем дегенде, бір адам еңбекке жарамды болса, шартты ақшалай көмек ала алады. Мемлекет өз тарапынан тиісті жәрдемақы төлеп, шартты көмек алып отырған адамды оқытып, жұмысқа тұрғызады. Өз кезегінде ақшалай көмекке жүгінген адам жұмысқа тұру міндетін мойнына алады. Жұмыс табылмай қалса, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеке кәсіпті ашуға жағдай жасалады.

Үкіметтің таяудағы отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинстрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа формат аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы біріктіріледі. Соның барлығы бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Халық құжат машақатынан да құтылады. Үш жерге құжат апарудың қажеті жоқ. Бәрін жұмыспен қамту орталығына тапсыруға болады. «Сосын бүгінде үш жәрдемақының жалпы сомасы аз қамтылған отбасының әрбір мүшесіне ай сайын 6 396 теңгені құрап отыр. Ал жаңа жүйеде күнкөріс деңгейінің 40 пайыздан 50-ге көтерілуіне байланысты әрбір жан басына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2 500 теңгеге артқалы отыр. Осының нәтижесінде атаулы жәрдемақының мөлшері орташа есеппен қазір беріліп жүрген үш жәрдемақыдан 25 пайызға артық болады. Ол үшін келесі жылғы бюджетте 42,8 млрд теңге қарастырылған», – деді Т.Дүйсенова.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің шарттарына сәйкес, отбасында еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы жұмыспен қамту шараларына қатысуы шарт. Егер ондай адамдар жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. «Алайда кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, нақты себептерге байланысты жұмыс істей алмайтындарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленетін болады», – деп атап көрсетті министр.

P.S. Әсілі, ешкім ешкімге ештеңе міндетті емес. Бірақ «масылдарға» бәрі міндетті. Әке-шешенің баланың алдындағы соңғы міндеті – аяқтандыру, ата-аналық парызын орындау. Болды. Өз қолы өз аузына жеткен соң әркім өз нанын өзі табуы керек.
 

2501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы