• Руханият
  • 25 Қазан, 2022

«ГОРЬКИЙ УНИВЕРСИТЕТІНЕН» ӨТКЕН ТАҒДЫР ИЕСІ

Қыдыралы ҚОЙТАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Алла Тағала адамның ана жатырында кескін-келбетін, болмыс-бітімін, түр-тұлғасын жаратқанда оның болашақтағы ерекше қасиетін, биік абыройын, кесімді сөзін, кесек ой-толғамдарын, алымы мен шалымын соған сай етіп жарататын көрінеді. Дәл осы қасиеттің бәрі алдыңғы толқынға аяулы іні, кейінгі толқынға ардақты аға бола білген, былтыр ғана 82 жасында мәңгілік мекеніне аттанған  Анатолий (Тоқтарбек) Смаиловтың бойында бар екеніне шүбәміз жоқ. Олай дейтініміз, балалық балғын шағы балалар үйінде өтіп, қала берсе 8-9 жасында сол жерден қашып шығып, жер - әлемнің сонау қиыр шеті саналатын Владивостокқа кезбе болып барып, одан қала берсе Свердловск пен Новосибрск қалаларын адақтап, 10 – 11 жасында Семей теміржол бекетінде қолға түсіп, балалар үйіне қайта оралмаса оның болашақ өмірі мүлдем кері бағытқа айналары айдан анық еді. 

Тоқтарбек  аға  өткен ғасырдың 30-шы жылдардың ойраны шыңына жетіп, қазақ халқының асыл азаматтары атылып, сотталып, итжеккенге айдалып бітер тұста, нақтырақ айтқанда 1939 жылы дүниеге келген екен. Дүниеге шыр етіп келіп, көзін ашқанда бір жағынан қуанып, бір жағы мұның алдында төрт-бес сәбиінен айырылып қалған  ата-анасы қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша  әулеттегі өлім-жітім тоқтасын деген ниетпен шақалақтың құлағына Тоқтарбек деп үш қайтара дауыстапты. Ата-анасының ақ тілегі қабыл болып, өмірдің ыстық-суығына төтеп беріп, Тоқтарбек  тәй-тәй басып жүре бастаған сәтінде  сұрапыл соғысы басталып, сәби Тоқтарбектің  балалық шағы өте қиын кезеңмен жалғасып кете барады.  Әкесі  Ботахан  теміржол бойында жұмыс істегендіктен тылда бронмен қалуға мүмкіндігі бола тұра өзі сұранып жүріп, майданға шақырылғандардың тізіміне ілінеді. Бір қызығы, қайта оралар-оралмасы белгісіз қан майданға аттанып бара жатып, екі жасқа тола қоймаған Тоқтарбекті  әйелі Қайшаға да, туған-туыстарына да қалдырмай  Ресейдің Свердловск қаласындағы балалар үйіне тапсырып кетеді. Бұл туралы Тоқтарбек былай деп еске алады:

– Өмірім үлкен өкінішпен басталыпты. Мен екі жасқа жетпей сұрапыл соғыс басталды.  Ақыл-есім кіріп, ата-анамды тани бастаған шағымда әкем «көп болса бір айда, әрі кетсе жарты жылдан соң өзім қайтып келіп алып кетем» деп мені, Свердловскінің «Дом молюткасына» апарып тапсырады. Сөйтіп, анам Қайша бірінен тірі айырылып, бірін сұрапыл соғыстың қақ ортасына жіберіп, екі тізесін құшақтап қала берді.  Сәбилер үйі құдайдың «рахаты» екен, бұл өмірдің тозағын осы балалар үйінен көрдім. Тілім орысша шықты.  Әкем  мені балалар үйіне өткізгенде аты-жөнімді, туған жерім мен жылымды ауызша айтса керек.  Өйткені, құжаттарда туған жерім Қап тауы аймағының  бір қаласы деп көрсетіліпті. Тоқтарбек деген атым құжаттарға Толик деп жазылыпты. Толик деген атқа ие болған соң әкемнің есімі де өзгеріп, Анатолий Юрьевич Смаилов болып кете бардым. Бір қуаныштысы, тегім – қазақ деп жазылса керек.

Иә, зұлмат күндер, сұрқай уақыт пен алмағайып заман талабы сол кездегі буынның балдай  балалық  шағына  қырғидай тиіп, тым ерте есейтті. Анатолий ол кезеңнің ауыр тақсыретін көрсе де, ешқашан мойымады. Свердловск қаласындағы «тозаққа» он жылдай көндіккен Тоқтарбек – Толик  1949 жылдың жазында бірнеше детдомдықтармен  бірігіп, ересектеу Борис Автономов деген баланың басқаруымен «жылы ұяларынан» қашып шығады. Қашып шыққанымен күтіп отырған ата-ана, пана болар отбасы жоқ. Содан ары-бері жүйткіп жатқан пойызға мінген «қашқындар» бағыттарын  шығыс жаққа түзейді. Қолда билет, қалтада ақша тағы жоқ. Ақша жоқ болған соң, тамақтың мәнісі болушы ма еді? Мұндай кездері жаны ашыған бірлі-жарымды жолаушылар өздерінен артылған тамақты жүрек жалғау үшін ұсынады. Кей кездері ондай талғажу да табылмай қалады. Мұндай кездері жаны ашымайтындардан «сұрамай алған» кездері де болды. Осылайша олар бір ай жүріп, Владивосток қаласынан бір-ақ шығады. Тентіреп жүрген жетімдерге сол жердегі әскери бөлімнің жауынгерлері қамқор болып, азын-аулақ тамақтарын беріп тұрады. Бұл да уақытша екен. Олар әскери мерзімдерін бітіріп, елдеріне қайтты. Орнын басқан жас жауынгерлердің бұлармен шаруасы бола қоймады. Өлмеу керек, талғажу керек. Автономов бастаған «сайыпқырандар» тағы да жолға шықты. Шығысқа бастар жол теңізге тірелгендіктен олар енді бағытты батысқа – Новосибирск қаласына қарай түзейді. Қолдары «епті». Қарындары аша қоймағанымен киімдері жұқа. Сондықтан олар бұл жерге де тұрақтамай Семей қаласына келеді. Міне, осы жерде Төкеңнің болашағына үлкен бетбұрыс жасалды. Вокзалда екі-үш күн түнегеннен кейін мұнда «облава» жүріп, Анатолий мен бірнеше бала милицияның қолына түседі. Ал, ересектеу Боря сытылып шығып кетеді. Осылайша ес білгелі тар жол, тайғақ жолда туған бауырындай болған Борис Автономовтан мәңгілікке көз жазып қалды. Есесіне, ол кезде Тоқтарбек Семей өңірі өзінің туған жері, ата қонысы екенін білмесе де табаны сол топыраққа тиіп, саналы өмірі осы жерде басталады.

   Бұл 1951 жылдың жазы болатын. 4 баланы сонау Семейден Аягөздегі Сергейопаль балалар үйіне әкеледі. Тағы да балалар үйі.  Жаз бойы детдомның қосалқы шаруашылығында жұмыс істеген Анотолийді тамыз айының аяғында жетімхана басшысы мектеп директорына  алып келеді де:

– Мына бала нағыз «Горькийдің университетінен» өткен, тағдыры ауыр. Жасы да ересек, хат танымайды. Бірінші сыныпқа отырғызу ыңғайсыз, оның үстіне тәртібі де мәз емес, кішкене балаларға теріс ықпалы тиіп жүрер. Сондықтан бірден үшінші сыныпқа отырғызайық, көп дүрмектің ішінде әріп танып, ілесіп кетер. Мұндай жетім баланы оқытуға оқу министрлігінің өкімі бойынша міндеттіміз, белгілі дәрежеде білім алған соң ФЗО-ға, немесе училищелердің біріне жіберерміз, – дейді.

   Екі жақ ақылдаса отырып, осы байламға тоқтайды. Анатолий 3-сыныптың партасына отырады. Бастапқыда бәрі қиын болды. Не оқи алмайды, не жазу білмейді. Сөйтіп үш тоқсан бойы «екі» деген бағамен оқыған баланың ынтасына, үйренсем деген құлшынысына қарап сынып жетекшісі төртінші тоқсанда бағаларын үшке түзетіп, келесі сыныпқа көшіреді. Сынып жетекшісі оған жаз бойы оқып, жазуды үйренуді қатты тапсырады. Анатолий жазғы каникул кезінде балалар үйінің пионер лагерінде мал бағып жүріп, оқуды да, жазуды да үйренді. 4-5 сыныптарды өте жақсы оқып, мақтау грамотасымен аяқтады.

Бірақ Анатолий қанша жақсы оқығанымен детдомдықтардың өз ішкі тәртібі бар еді. Аштан арам қатсаң да, өлімші болып таяқ жесең де  ешкімге арыз-шағым айтуыңа болмайды. Әсіресе, Химан деген ересек бұзақы бала өзгелерге әлімжетік көрсететін. Балалардың тамағын тартып ішіп, бүтін киімдерін сыпырып алады. Ауа жүретін труба арқылы  түн ортасында  балаларды төсек-орын қоймасына түсіртіп, сейсеп, жастық тыс, сүлгі, көрпе ұрлатады. Ол заттарды детдомның техникалық қызметкерлеріне «сыйға» тартады. Олар оны сыртқа сатады. Ал күндіз ауыл тұрғындарының тауығын ұрлатып, оның жүнін жұлғызып, пісіртіп жейді. Әсіресе, араларындағы әлжуаз Ваня Кринков деген балаға көрсетпегенді көрсетеді, тіпті байлап қойып ұратын кездері болатын. Содан да болар оның кіші дәреті ұстамайтын.

Шыдамныңда шегі бар. Бір күні Анатолий детдом директорына барып, Химанның атын атамағанымен интернатта болып жатқан жолсыздықты, біраз балалардың бұзақылық жолға түсіп бара жатқандығын жіпке тізгендей етіп айтып береді. Егер мүмкіндіктеріңіз болса, мені бұлардың құрығы жетпейтін алыстау балалар үйіне ауыстырсаңыз дегенді де қосып қояды. Директор да мұны түсінгендей болды. «Жарайды, ойластырып көрейік» деп шығарып салды. Көп ұзамай бір топ бала Науалыдағы балалар үйіне ауыстырылды. Мұнда келген соң Анатолийдің сабақ үлгіріміне, белсенділігіне қарап, бесінші сыныптан бірден жетінші сыныпқа ауыстырды.

Жаңа орынға келіп, жағдайлары түзелгенімен мұнда да бұзақылықтың басқа түрлері бар екен. Оның барлығы балалардың ұйықтап жатқан кезінде жасалады. Башпайларының арасына қағаз қыстырып, от тұтату немесе тұтанған мақтаны танауға иіскету, сыпырғы немесе еден жуатын шүберекті лақтырып, ұйқы бермейді. Мұның бәрі Тоқтарбек секілді сабағын жақсы оқитын, белсенді оқушыларға жасалады. Детдом басшылары бұдан да хабардар екен. Оқу жылы аяқталысымен «контигентіміз» екі есе үлкейді деген желеумен тәрбиеге көнбейтіндерді училищелерге, техникумдарға ауыстырып жіберді.  Бұл орайда детдом директоры Пантелей Илларионович Балошов пен тәрбиеші Степан Иванович Апрошкин жетімдердің қас-қабағына қарап,  әкелік қамқорлықтарын көрсетті. Сондықтан да болар Тоқтарбек біраз жылдан кейін жоғары оқу орнын бітірген кездегі диплом жұмысының басына «Бұл жұмысымды жетім өскендігімді білдірмей, болашағыма бағыт-бағдар  беріп, қамқорлық көрсеткен  Науалы балалар үйінің директоры Пантелей Илларионович Апрошкин мен тәрбиеші Степан Иванович Белашовқа арнаймын» деп жазған еді.

Тілі орыс тілінде шыққан Тоқтарбек – Анатолий есейе келе өзінің ана тілін білмейтініне намыстанатын болды. «Тілін білмеген тарихын білмейді, тарихын білмеген соң, салт-дәстүрді білмейді, салт-дәстүрін білмегесін мәдениетімізіді білмейміз. Тіл бізге ана сүтімізбен бірге сіңетін болса, мен детдомда өскеніммен  бастапқыда анамды еміп өскен шығармын. Неге мен өз ана тілімді білмеуім тиіс» деген ойын бірде П.И. Апрошкинге барып айтады. Балалар үйінің директоры да бала Тоқтарбектің ойымен келісіп, оны Үржардағы мектеп-интернатқа орналастырып, 8-10 сыныптарды қазақ тілінде оқиды. Осылайша Төкең балалар үйі мен мектеп-интернаттың арасынан дара жол салып, 20 жасында орта білім алып шықты.

Өткен ғасырдың 50-60-жылдарындағы жастар ішер ас, киер киімді ысырып қойып, алдымен білім алуға құштар болғанын көзкөргендердің әңгімесінен, естелік жазбалардан жақсы білеміз. Жас Тоқтарбек те осы санаттан еді. Аттестатты қолға алған күні мектеп директоры Жұмәділ Райымбеков кабинетіне  шақырып алып:

– Ал, Анатолий, мектепті ойдағыдай бітіруіңмен құттықтаймын. Біздің аудандағы жетім  балаларға Мәскеудің Ломоносов  атындағы Мемлекеттік университетіне түсуге бір жолдама беріліп отыр. Бұған сенің кандидатураң дәл келіп тұр. Оған баруға екінің бірінің мүмкіндігі бола бермейді. Өзге балаларға қарағанда орыс тілін де жетік білесің, – дейді.

Бірақ Анатолий бұл ұсыныстан бірден бас тартты. Өйткені ағайы ұсыныс айтып отырған кезде оның көз алдына Свердловск – Владивосток – Новосибирск сапарындағы көрген қорлықтары, балалар үйінде шеккен азабы бір сәттік кинолентасындай көз алдынан зыр етіп өте шыққан болатын.

Директор қанша үгіттегенімен әңгіме осы қалпында тәмамдалады. Мектептегі оқу аяқталды. Алғашында төрт бала ұшқыш боламыз деп келіскенімен, белгілі бір себептермен бұл ойларынан айнып, әскери комиссариаттан құжаттарын қайтарып алды. Енді не істеу керек? Жаз ортасы чемодандарын қолға алып, досы Төлеу Бекбаев екеуі Алматыға бет алды. Мұнда келген соң да нақты қай оқу орындарына құжат тапсырарын білмеді. Осылай әрі-сері көңілдің жетегінде орталық демалыс саябағында демалып отырғанда, қастарына бейтаныс жігіт келіп отырды. Жөн сұрастыра келіп, ол өзінің денешынықтыру институтында оқитынын, қаласа сол оқу орнына ілестіріп апаратынын айтады. Бұлар бұған бірден келісіп, құжаттарын физкультура институтына тапсырды. Жолдары болды. Барлық емтихандарды жақсы тапсырып, студент атанады.

Институттағы бес жыл Тоқтарбек  ағаның өміріне терең із қалдырды. Оқу, білім, ізденіс – болашағының алтын қазығы болғандықтан, үздік оқып, білікті маман болуды алдына бас-ты мақсат етіп қояды. Пушкин кітапханасын екінші үйіне айналдырады. Студент өмірі белгілі ғой, кейде тоқ, кейде ашқұрсақ жүреді. Сырттан келер көмек жоқтығын жақсы түсініп, стипендиясын үнемдеп жұмсайды.

Міне, осында жүріп Тоқтарбек өзінің нағашыларын, нағашылары  арқылы туған анасын табады. Соғыстан аман-есен оралған қос нағашысы Әмірхан мен Қадырхан Қарағандыға табан тіреп, шахтаға орналасады. Естерін жиып, етектерін жиған соң қарындастарын іздей бастайды. Сұрастырып жүріп Семей өңірінен қарындастарын табады. Қарындасы соғыс алдында Ботахан деген жігітке тұрмысқа шыққанын, одан Тоқтарбек деген ұлы болғандығын, оны күйеуі Свердловск қаласындағы балалар үйіне тапсырғанын, өзінен 1943 жылы қара қағаз алғанын  айтады. Көзі ашық, көкірегі ояу нағашылары енді Тоқтарбекті іздей бастайды. Алғашында көңіл толарлық хабар бола қоймайды. Бірақ олар іздестірулерін тоқтатпайды. 1960 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінен «Іздеген жиендеріңіз – Анатолий Смаилов Алматы қаласындағы денешынықтыру институтында оқып жүр» деген хабар алған еді. Бұлардың іздегені Анатолий емес, Тоқтарбек еді. Бұл сонда қалай болғаны? Бірақ  бұдан біраз уақыт бұрын Свердловск облыстық оқу бөлімінен «1941 жылы Смаилов Ботахан екі жасар ұлы Тоқтарбек Смаиловты өз қолымен балалар үйіне тапсырғанын, өкінішке орай, одан 1949 жылы көз жазып қалғанын, сол үшін кешірім сұраймыз. Балалар үйінің құжаттарында оның аты-жөні Анатолий Юрьевич Смаилов болып жазылған» деген хат алған болатын. Осы хабар олардың көңілдеріне медеу болып, Анатолийдің Тоқтарбек екеніне бек сенімді еді. Содан олар енді Тоқтарбектің тікелей өзіне хат жазады. Алғашында бұған сене қоймаған Тоқтарбек те курстастарымен, кураторымен, ұстаздарымен ақылдасып, нағашыларымен хабарласады. Олар Тоқтарбектің жолына ақша салып, Қарағандыға шақырады. Мұнда бір аптадай болып, нағашысының Әсет деген баласы екеуі анасы тұрып жатқан Семей жақтағы Жалғызтөбе деген жерге жол тартады. Осылайша араға 20 жыл салып ана мен бала табысып, қауышады.   

Алматы дене шынықтыру институтын өте жақсы бітірген Тоқтарбекті үздік маман ретінде Алматы қаласына – Бағанашыл балалар үйіне жолдама береді. Бірақ Тоқтарбек екінің бірі қол жеткізе алмай жүрген әсем астанада қалғысы келмей, өзін тәрбиелеп  өсірген Науалыдағы балалар үйіне сұранады.

Бұдан кейінгі өмір жолы, қызмет бабындағы өсу жолы өз елі, өскен жерімен тығыз байланысты. Тығыз байланысты болып қана қойған жоқ, мақсатына, мұратына жетті. Алғашқы екі жыл өзі түлеп ұшқан Науалы балалар үйінде қызмет істеді. Бір күні сол жердегі орта мектептің директоры Сырайыл Омаров оны өзіне шақырып:

– Тоқтарбек, сен оқу бітіріп келгелі бері назарыма алып жүрмін. Біздің мектепке ауыссаң қалай болады. Өйткені, осындағы Крупская атындағы орыс мектебінің оқушылары жыл сайын аудандық спорт олимпиадасында жүлделі орындарды бермейді. Сонда қалай, қазақ балаларының намысы жоқ па, ештеңеге жарамайтын рухсыз ба, жоқ, шетінен әлсіз бе?  Менің пайымдауымша, олардың ешқайсысы ондай емес, тек, бабы кемшін болып жүр. Сондықтан сен бізге ауыс, бірігіп жұмыс істейік. Қазақ балалары да өздерінің кім екенін танытсын, ойлануыңа  бір жұма уақыт беремін, – дейді.

Арада бір апта өткен соң Тоқтарбек пен Сырайыл Бітімғазыұлы екеуі жолығып, жаңа қызметке ауысып келеді. Мектеп директоры жас маманның айтқан спорт құралдарының бәрін тауып берді. Іс нәтижелі болды. Ауданның келесі спартакиасында Науалы орта мектебі спортакиадаға кіретін спорттың барлық түрінен жүлделі орынды жеңіп алды. Міне, мұнда Сырайыл мен Тоқтарбектің ұлтжандылығы айқын көрініп тұрған еді. Ана тілінің қадір-қасиетін, ұлттың абырой-намысын тек өздері ғана бойына сіңіріп қоймай, сонымен бірге оның кәусар бұлағынан балалардың да емін-еркін сусындап, тәлім-тәрбиені таза қазақша алуына ерекше назар аударды.

Қызметте жүргенде алдыңғы толқын ағаларының алдын қиып өтпей, ақыл-кеңесін тыңдап, ізет-құрметін көрсетіп, жастар жағына келгенде айналасына тек талантты, талғамы биік, ой-өлшемі тасбұлақтың суындай таза, айтқан сөзді ұғып, тапсырған жұмысты бар қабілет-қарымымен жүргізетіндерді топтастырды. Ел ісі, ұрпақ болашағы дегенде әрбір шығарған шешімін ұлан-ғайыр парасаты мен кемеңгерлігіне жүгіндіретін. Бұл еңбегі арқылы Төкең қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді, басшылықтың назарына ілікті. Аудандық комсомол комитеті қызметке шақырды. Тоқтарбек мектебін қимай, сөз бұйдаға салып жүргенде іске аудандық партия комитеті араласып, өздеріне қызметке қабылдады. Алғашында ұйымдастыру, кейіннен үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, «Юбилейный» ұжымшарының партком хатшысы болады.  Жиырмадан жаңа асқан жас жігіт партияның барлық жұмыстарына белсене араласады. Өзіне тапсырылған қызметтерін бар ынтасымен атқарады. Өңірдегі бар шаруаның басы-қасында жүрді. Ыстығына күйіп, суығына тоңды. Осындай қым-қуыт шаруалар партияның сарбазын ширатып, дамылсыз  шыңдай түседі.

Төкең білімін 1963 жылы тәмамдаған Алматы дене­шынықтыру  институтымен шектемей, әр жылдары Новопокровка ауылшаруашылығы техникумын,  Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіреді. Мұның бәрі жігерлі азаматтың білімге деген ұмтылысымен қатар, қызмет барысындағы қажеттіліктерден де туындаған еді. Партия мектебін бітіргеннен кейін туған  жеріне қайта оралып, құрамында 173 мүшесі бар «Красный горные орлы» ұжымшары партия ұйымының хатшылығына сайланады. Жас маман бұл жерде де өзін көрсете біледі. Шаруашылық басшысымен бірге жүріп, ұжымшар көрсеткіштерін жоғары көтереді. Сол кездегі ең жоғарғы марапаттардың қатарынан саналатын СОКП Орталық Комитеті мен КСРО  Министрлер Кабинетінің және Бүкілодақтық кәсіподақ комитетінің ауыспалы Қызыл Туын бірнеше рет жеңіп алуы осы көрсеткіштердің нақты дәлелі болса керек. Жас маманның іскерлігін байқаған облыстық партия комитеті оны жаңадан құрылған Таскескен аудандық партия комитетіне бөлім меңгерушісі етіп жіберді. Мұнда да жан-тәнімен еңбек етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне үлесін қосады.  1985 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде бөлім меңгерушісі секілді абыройлы қызметті атқарады. Осының бәрінде Тоқтарбек Смаилов тек  алға жылжып, өмірге деген сүйіспеншілігін дәлелдеп, үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын айқындап береді.

Сөз басында айтып өткеніміздей адамның өмірде абыройлы болмағы алдымен Алладан, одан кейін өзінен шығар. Жаратушы біреуді еңіске, біреуді тегіске салып сынайтын көрінеді. Сол сында сынып кетпегеннің маңдайы жарық, мерейі үстем болады. Ол ол ма, асыл туған, асып туған кей тұлғалар өзгелердің алдына түсіп жол бастайды. Бір қауым елдің тағдырын осы жол шешеді. Жасы сексеннен  асса да  халқының құрмет төрінде отырған Тоқтарбек ақсақалдың маңдайына сол сындардан сүрінбей, жол бастау жазған екен.  Осы жылдар тізбегінде ол генерал-майор Мұрат  Қалматаевпен, Санжар Оразұлы Жандосов секілді  қайраткер тұлғалардың қасында жүріп, тәлім алды. Олар ретіне қарай қолтығынан демеп, жақсы ісіңді жарқыратып айтып, байқаусызда шалыс бассаң шалт кетіп, сұс көрсетіп сұрланбай, ағалық ақылымен, парасат-пайыммен бағытыңды түзеп жіберетін.

Енді Анатолий – Тоқтарбек аға Смаиловты бүкіл ел сыйлаған тұғыры биік тұлға, отбасында да нағыз үлгі-өнегенің өлшеміне айналған бақытты әке, ардақты ата дәрежесіне көтерілген адам дейтін болсақ, осындай биік белеске қалай жетті, кім көмектесті деген сұрақтың тууы да заңды? Балалар үйінде тәрбиеленіп өскен Төкеңнің демеуші көкелері болмағаны айдан анық. Біздің пайымымызша «Ердің қосы оңбай, ісі оңбайды» дегендей оған бағыт беруші де, ақылшысы да, сүйемелдеушісі де Төлеужан Ахметқызы дер едік. Бұл орайда ол адал жар, асыл келін болып түскелі Ботахан әулетінің  ырысы мен бақыты тасып, абыройы аса түсті. Мейлінше ақ жүректі, адал тілекті, ибалы, инабатты жанның арқасында  Тоқтарбек ағамыздың  қызметі өрлеп, абыройының асуына да елеулі ықпалы болғандығы даусыз. Күйеуінің көңі-лін көтеріп, жігерін жанып, өзіне - өзінің сенімін арттырып отырса, мақау туған адам болмаса, қандай еркекке де қанат бітпей, қайрат қосылмай қоймайды. Сірә, «жары жақсының – бәрі жақсы» деген өсиет осыдан қалса керек.

Төлеужан Ахметқызы  елге барынша кішіпейіл, адамға мейір-шуағын төгіп тұратын кісілік қасиетімен де танымал. Төкең екеуі алпыс жылға жуық бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, алтын асықтай екі баланы тәрбиелеп өсірді.  «Қызы бардың ізі бар, ұлы бардың өзі бар» дегендей ұлы Тимур мен қызы Лаураға тамаша тәрбие берді. Тимур Қазан қаласындағы химия-технология институтын бітіріп, бұл күндері Мәскеу қаласында қызмет істесе, қызы Лаура Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, «Альянс» банкіде бөлім бастығы.  Келіні  Назгүл мен күйеу баласы Айдын да қос қарияның көңілінен шыққан абыройлы жандар. Төлеужан апа балалары мен немерелерінің басы қосылған сәттері «Ер – әйелдің қанаты, қорғанышы, әкелерің басшы, мен қосшы, мен оның ырқын орындаушымын» деп Төкеңнің мәртебесін көтеріп отырады. Ал, Төкеңнің өзі Төлеужан апай туралы:

– Айналамды бүтіндеп, жұмысыма да, тұрмысыма да бар жағдайды жасаған, жаныма нұрын төгіп, баянды бақытқа бастаған Төлеужан аналарың менің өмірдегі ең басты, қасиетті қазынам деп білемін. Оның маған жас күнімнен көрсеткен ерекше сенімі, басымды биіктетіп көрсеткен құрметі мені дәйім қанаттандырып, бәсімді арттырып, бағымды жандырып отырды. Ер азамат үшін бұдан артық бақыт жоқ,-деп отыратын.

Иә, айта берсек, Тоқтарбек аға Смайловтың  сегіз қыры емес, сексен қырын бір мақалаға сыйғызу әсте мүмкін емес. Бірін еске түсіріп, ол туралы айта бастасаң, екінші жағы мен мұндалап шыға келеді. Десе де, Төкең мақтауға зәру кісі емес еді. Әріптестері айтқандай, онымен мақтану да керек шығар. Оны өз еңбегі, маңдай тері, бойындағы қарым-қабылеті, дарын әлеуеті биік асуларға бастады.

Еліміздің нығаюына қажыр-қайратымен, ерен еңбегімен үлес қосқан ардагер аға арман-мұраттарына  қол  жеткізген. Ол көзі жұмылғанша  тек елінің бейбіт өмірі мен берекелі тұрмысы баянды болса екен деп тілейтін. Тартыс пен табысқа, мазмұн мен мағынаға толы тағдыры үшін Алла тағалаға алғысы шексіз еді. Қазына кеудесі өмір сабақтарын өзгелермен бөлісуге дайын. Тіршіліктің мәні де сонда болса керек, сірә да.

Құлагер туралы поэма жазған, өз тағдыры да сол тұлпар тағдырындай қасіретті болған дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров: «Өз ұлтын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деген екен. Ендеше, атын мақтанышпен айтып, ісін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсететін тұғыры биік, сексеннің сеңгірінен екі жас асқанда о дүниеге аттанып кете барған  Анатолий – Тоқтарбек Смаилов ағамызды  ұлтымен бірге жасай беретін алыптардың бірі деп білеміз.

2111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы