• Мәдениет
  • 26 Қазан, 2022

ХАЛЫҚТЫҢ ҮКІЛЕГЕН АҚЫН ҚЫЗЫ

Нұрлан Сәрсенбаев, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
жазушы, этнограф

XIX ғасырдың өларасы мен  XX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген, бүгінгі заманда аты аңызға айналған әйгілі айтыс ақыны Қойдым Дарубайқызы қазақ әйелдерінің ішінен шыққан шоқтығы биік, дарабоз сөз зергерлерінің маңдайалды жүйріктерінің бірі.

Қойдым Дарубайқызы 1896 жылы Қазақстанның Алматы облысына қарасты Нарынқол(қазіргі Райымбек) ауданының Саржаз  деген жерінде дүниеге келген.

Қойдым ақынның ата тегі Ұлы жүз- Үйсіннің Албан тайпасының Алжан руынан таралған.

Алжан атадан Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылы атты төрт ұл туған.

Нақты айтқанда, Қойдымның ата тегі: Алажан – Аламан – Бұршақ – Құттымбет – Бекбас – Аман . Аманнан – Дарубай, Орынбай, Асубай атты үш ұл туылған.

«Әке-шешесі байлық қуып, дүние жинамаған, қайта өнерге жақын адамдар болған. Қойдымның әкесі Дарубай өте сымбатты, батыр тұлғалы, шешен, өткір жігіт болған, жүйрік ат мініп, қыран құс баптап, ел ішінде сері жігіт атанған. Албанның атақты Шәлкөде, Қарқара, Шұбартал жайлауларындағы ас-тойларда Дарубайдың аты бәйге бермейтін болған, мұның өзі ел ішінде, рулар арасында қызғаныш тудырмай қоймайды. Дарубай ақыры сол қызғаныштың құрығына ілініп, Қарқарадағы бір тойдан қайтқанда үзеңгісіне жаққан удан жол-жөнекей қайтыс болады» (Тұрлыбек Мәмесейіттегі. «Таңжарық пен Қойдым», «Қазақ  әдебиеті», 1992 жыл, 6-қараша, 45-сан).

Сол замандағы  елден шыққан атақты ақын-жыраулардан Асан Барманбекұлы, Құланаян Құлманбет, Бөлтірік Атыханұлы, Көдек Байшығанұлы Маралбаев қатарлы өнер алыптарынан үлгі- өнеге алды.

Сөз сайысында талайды шаң қаптырған ақын Қойдым 1925 жылы Қарқара жайлауында бір тойда Іледен келген ақиық ақын Таңжарық Жолдыұлымен кез болады.

Қасымхан ағайдың айтуынша: «Үлкен атамыз Мәмесейіттің ағасы Әтейбек ауқатты, шешен, би адам болған. Қарқарадағы Мыңжылқы жайлауында 1925 жылы бір қызына той жасапты. Сол қызының тойында арнаулы ақ үй тіккізіп, Қойдым мен Таңжарықты айтыстырған екен» (Ақай Сәдуақасұлы. «Ардагер айтыс ақыны Қойдым жайлы аз дерек», «Іле тарихи материалдары» 19–сан, 297-298 -бет, 2004 жыл, сәуір) – дейді. Осы айтыста Таңжарық ақынның:

Уақыт заман өтіп жылжи беріп,

Жиырма бесінші жылы жазды көріп.

Қойдымның өз ауылында бір той болып,

Шақырған соған тарттық біз де келіп, –

деген өлең шумағы Таңжарық пен Қойдымның 1925 жылы Қарқарада айтысқанын тіпті дәлелдей түседі.

Қойдым ақынның туған жылы туралы әркім әртүрлі айтады. Біреулер «1897 жылы туған» десе, 1998 жылы Қойдым ақынға орнатылған ескерткіште «Марқұм Қойдым Дарубайқызы 1890 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы 52 жасында дүниеден қайтты» десе, 2010 жылы Қойдым ақынға жаңа орнатылған ескерткіште «1896 жылы туылып, 1942 жылы қайтыс болған» деп жазылған.

Біз «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» атты шығармада Таңжарыққа Тінәлі ақынның:

Таңжарық үйір болдың бізге келіп,

Бұйырған ырызғыңды бірге теріп.

Албанды емін-еркін араладың,

Істерін жақсы-жаман көзің көріп.

Жайдары ел сыйлаған мінезің бар,

Азамат ақылыңа сөзің серік.

Тойтарып талабыңды не қылайын,

Өзіңе келіп тұрсың өзің сеніп.

Жалғыз-ақ жай-мәнісін ұқтырайын,

Шай ішіп отырғанда терің кеңіп.

Қойдыммен айтыспаған қалмады ақын,

Келеді сол ақынның бәрін жеңіп.

Қырандай тұғырдағы тұрған тұнып,

Санаулы жасы биыл отыз бірде,

Сайма-сай ажарына сөзі серік.

Шырағым, тасып барып жасып қайтпа,

Қызыл тіл қыздырманың сөзіне еріп, – деген өлең шумақтарынан Қойдымның дуан бұзған адуынды ақын екенін білдірсе, екінші жағы, Қойдымның жасы отыз бірде екенін білдіруі ақынның 1894 жылы туғанын аңғартады. Егер Қойдым Таңжарықтан алты жас үлкен болса, онда Қойдым ақын 1896 жылы немесе 1897 жылы туған болады.

«Таңжарық пен Қойдымның айтысы» XX ғасырдағы қазақ ақындарының ішіндегі ең үздік айтыс нұсқаларының бірі есептеледі.

Осы айтыста сөз кезегін ең алдымен алған ақын Қойдым:

Рас па дегендердің «Найман келді»,

Қаңғырып жалғыз Қызай қайдан келді?

Менімен айтыспаққа дәмең болса,

Шығып көр құда бала майданға енді.

Албанның үкілеген жүйрігімін,

Кететін қыза түсіп айғайға енді.

Кез болып түсіп тұрсың уысыма,

Сөз білсең асырып көр айлаңды енді, – деп, әріптесін сөз сайысына шақырады.

Іле-шала сөз кезегін алған Таңжарық ақын:

– Еліңде Қойдым саған кезім келді,

Сыртыңнан көп естуші ем көзім көрді.

Амандық-есендік жоқ бәдіктігің,

Есіктен кірмей жатып сезілді енді.

Барады қайтып аузым сондықтан да,

Айтпауға әдепсіз деп өзіңді енді.

Мақтамай өзіңді-өзің есің болса,

Менің де тыңдап қара сөзімді енді, – деп жауап қайтарады. Қыза шапқан Қойдым ақын:

– Шырағым, бұл талайды көрген Қойдым,

Тұнықтан сөз маржанын терген Қойдым.

Кеткенде жеңілтектер желмен ұшып,

Аяғын көтермейтін жерден Қойдым.

Сабылтып сан жүйрікті жолға тастап,

Көнбеге желе аяңдап келген Қойдым.

Сұраусыз сен сияқты жалғыз түгіл,

Өлеңмен топтыны да көмген Қойдым, – деп сөз маржанын төгіп-төгіп жібереді.

Ал, жыр саңлағы Таңжарық:

– Ей, Қойдым, тоқтасаңшы зарлауыңды,

Білдің бе, жар басына барғаныңды.

Тіліңді сүйреңдетпей жөндеп сөйле,

Қайтсем де шығарамын зардабыңды.

Бетіме қаңғырған деп салық қылып,

Білдің бе содан бәйге алмағыңды.

Бір жүрген жолаушыны көре қапсың,

Қайтпексің Өрде жүрген Албаныңды.

Жиып ал мықты болсаң соларыңды,

Қаңғырып қашып барып қалғаныңды.

Осындай жыртығыңды бүтіндеп кеп,

Маған сал содан кейін салмағыңды, – деп аумалы-төкпелі жағдайдағы ел тағдырын дәл бейнелеп жүйелі сөз айтады. Таңжарық пен Қойдымның айтысы ел басына түскен ауыр күндерді, түрлі алым-салықтан, аштықтан босқын болған ел тағдырының күрделі бас-тан кешірген сол дәуірдің шындық суретін дәл өз қалпында бейнелеген ең атақты айтыс түріндегі қомақты шығармалардың бірі еді.

Сонау  Кеңес үкіметі тұсындағы асыра сілтеген солшылдық саясаттың салдарынан алуан түрлі алман салығы көбейіп, ашаршылық жайлаған ел Қытайға екінші рет босқын болады. Жалғыз Қойдым ауылы ғана емес, бүкіл ел есеңгіреп есі кетті. Елдің есеңгіреп кеткен жағдайын семсер тілді ақын Көдек Маралбаев:

Мың тоғыз жүз отыз екінші жылы тауық,

Қазаққа ашаршылық төнді қауіп.

Барлығы бір-ақ күнде болды ғайып,

Бұрынғы байлық, барлық құрған сауық.

 

Байларды жер аударып Сібірге айдап,

Бар малын күнкөрерлік алды шауып.

Қуандық өлгеніміз тірілгендей,

Қаңғырып бір уыс дән алсақ тауып.

 

Аштықтан талай адам шығын болып,

Әрең қойдық олардың  бетін жауып.

Өлгенін ақыретке аттандырып,

Қытайға қалғанымыз келдік ауып, – деп солақай саясат қолданған билік басындағылардың шынайы кейіп-кеспірін аяусыз әшкерелеп, халық атынан оларға нәлет   жаудырады.

«Қайда барсаң қазанның құлағы төрт» дегендей ақын Қойдым Қытайға барғаннан кейін де жақсы күн көрмеді. «Адамның басы – Алланың добы» дегендей Қытай ұлықтарының жауыз саясатының қармағына ілініп, жоқшылықтың, кедейшіліктің тақсыретін әбден тартты.

Ақынның «Қош, туған жер» атты өлеңінде:

Ел едік берік қорған кеше ғана,

Иті де көз салмаған босағаға.

Амал не сұм заманың кесірінен,

Шарасыз шәудік болдық осы арада.

Атым Қойдым, қызымын Дарубайдың,

Демесін жұқармасам қалыңдаймын.

Айырылып кіндік кескен мекенімнен,

Желкеден басты Аттың тауындай мұң деген өлең шумағынан туған атамекенінен айырылған, елбасына түскен ауыр күнді көз алдыңа елестетеді.

Қазақстан жерінде туып, Қытайда өмір сүрген Көдек Маралбаев, Шарғын Алғазыұлы, Ырыскелді Сауданұлы, Қойдым Дарубайқызы қатарлы төрт мықты ақынның тағдыры бір-біріне ұқсас, аса ауыр болған. Сондықтан олардың өлең-жырлары мұңлы, зарлы болып, қараңғы замандағы билік басындағылардың жүрегіне қанжардай қадалатын.

Қойдым Дарубайқызының ақын болуына мынадай екі түрлі фактор басты себеп болған:

Бірінші, Қойдымның туған шешесі Баршакеннің өлең-жырға құмарлығы. Екінші, Ұлы жүздің әр тайпасынан шыққан ақын–жыраулардан Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Құланаян Құлманбет, Албан Асан Барманбекұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Көдек Байшығанұлы Маралбаев қатарлы өнер алыптарынан үлгі-өнеге алуы.

Қойдым 1915 жылдары жас кезінде Алжан руынан шыққан ақын Асан Барманбекұлынан бата алған. Жетісудың маңдай алды ақыны Асанды ел «Албан Асан ақын» деп атаса, Албан елі « Асан молда» деп құрмет көрсетіп отырған. Ол бала оқытып, мектеп ашқан үлкен оқымысты адам болған. Көдек Маралбаев, Сұраншы Бәйтеліұлы, Жазылбек Серікбайұлы қатарлылар Асан молданың таңдаулы шәкірттері болған. Осыған қарағанда Қойдым ақын өз руынан шыққан Асан молдадан мықтап үлгі-өнеге алғаны анық.

Қойдым Дарубайқызы аумалы-төкпелі қоғамдық ортада өмір сүрген ақын. 1916 жылы ақ патшаның «25 маусым» жарлығы бүкіл Қазақ даласын дүр сілкіндіріп, бейкүнә елді қанды қырғынға ұшыратып, соңы үркінге жалғасқаны бәрімізге аян. Қазақ халқы әділетті жақтап, ұрпақ сақтап қалу үшін Қарқара жәрмеңкесіндегі «Албан көтерілісін» ақ патша үкіметі аянышты жаныштады, Жәмеңке, Ұзақ сияқты халық арыстары өз өмірін құрбандыққа шалды.

Қойдым Қарқарадағы «Албан көтерілісін» өз көзімен көрген адамдардың бірі. Елді көтеріліс жасауға басшылық етті деп тергеуге алынған жиыны Албан елінен 67 адам. Мұның ішінде Қойдымға туыстығы бар Алжан руынан 28 адам көтеріліске қатынасқан. Халқымыздың біртуар перзенті Мұқаметжан Тынышбаевтың 6 желтоқсан 1917 жылғы «Қазақ» газетінің 254-нөмірінде жарияланған мәліметінде «1916 жылғы көтерілісте Албан тайпасындағы 69440 жанның 35100 адам қырылғаны атап көрсетілген».

Қойдым 1932 жылы босқын болған елмен бірге Қазақстаннан Қытайға ауып,  Текестің Бақалық деген жеріне қоныстанады.

Ол  арғы бетке барғаннан кейін кедейшілік, жоқшылық жайлаған небір қиқыметті күндерді бастан кешірді. Бір мезгіл Текестің Қарадала деген жерінде Еркебай деген байдың малын бағады.

1933 жылға келгенде күйеуі Біржан Текестің Қарадала деген жерінде қайтыс болып, ақын ауыр қайғы-қасірет арқалайды.

Қойдымның «Біржанды жоқтау» деген дауыстың бірнеше шумағы ел есінде сақталып, ауыздан-ауызға тараған.

Берекелі ел едік,

Беткейде малы қаптаған.

Бетінде жатқан малдарын,

Алуға ешкім батпаған.

Тас қорғандай пана боп,

Бір ауыл жанды сақтаған.

Адал, момын алғаның,

Арамнан дәм татпаған.

Тілеп алған Тілеуің,

Бес жасында жас қалған.

Отыз жеті жасында,

Сапарға Біржан аттанған.

Әуедегі жұлдызым,

Жағадағы құндызым.

Алтыннан түймең бар еді,

Баулығынан жұлғыздым.

Құдіреті күшті құдайым,

Құдіретіңді білгіздің.

Ішімдегі дертімді,

Қойдай айдап өргіздің.

Қасірет пен қайғыны,

Тамақ қылып жегіздің.

Көзімнің жасы көл болды,

Көкірегіме шер қонды.

Біржан сенен айрылып,

Қайғыдан қалған мен болдым.

Енді кімге жылайын?

Күңгірттеніп тұрайын.

Бір Алладан Тілеудің,

Тіршілігін сұрайын.

Қош бол, Біржан,болды ақыр,

Қарадала тұрағың.

Торқа болып топырағың,

Иман берсін Құдайым.

1937 жылы Қойдым Моңғұлкүре ауданының Көктебе деген жеріндегі Алжан руынан тараған Аламан туыстарының ішіне қара тартып көшіп келеді. 1940 жылдары Бәйсейіт руындағы Біржанның туыстарының қолқалауымен Көктебеден Қарасуға көшіп келеді.

Ардагер дуан бұзған айтыс ақыны Қойдым Дарубайқызы 1942 жылы елге таралған сүзек ауруынан қайтыс болған.

Әйгілі айтыс ақыны Қойдым тірлігінде «Әкемді жоқтау», «Зобалаң», «Жәмеңке, Ұзақтарды жоқтау», «Тарғалаң», «Кері аттың мұңы», «Қош, туған жер», «Біржанды жоқтау», «Өзім туралы» атты бірталай өлең-толғаулар шығарса да ақын мұралары бізге толық жетпеген. Айтыс өлеңінің дуан бұзған дүлдүлі Қойдым Дарубайқызының:

Айтыстан мен емеспін болдыратын,

Сондықтан дейді елім Қойдым ақын.

Жінігіп жігітпін деп келгендерді,

Өлеңнің боранымен тойдыратын, – деп айтқаны өзінің талай-талай айтыстарда өршелене өрге шауып, бәйге алған ақындық талантын аңғартады.

Ал Таңжарық ақынның:

Жайлаған қалың Албан Қарқараны,

Жиендеп қайда барсам қарсы алады.

Жүйрікпен аты шыққан бір сайыспай,

Құмарым қалай менің тарқалады,– деп Қойдым ақынның талантын өте жоғары бағалаған.

Мен 2000 жылы Моңғұлкүре ауданында қызмет істеп жүрген кезімде аудандық мектептен зейнетке шыққан қарт педагог ағамыз Акаша Әбдіқалықұлынан Қойдым ақын жайлы деректерді ұғысу үшін бір рет сұхбатта болдым. Ол кісі әңгімесін былай бастады: «1972 жылы Көпірбай деген ақсақалмен әңгімелесіп қалдым. Ол адам Қойдымның күйеуі Біржанмен бір рет кезігіп, әңгімелескен екен. Көпірбай ақсақалдың айтуына қарағанда, Біржан мен Қойдым айтысып жүріп танысқан екен. Біржан бір күні Қойдымға Досалы руының Бәйсейіт ауылының жылқыларын Арғын елінің Тобықты руы барымталап кеткен әңгімесін айтып берген екен. Қойдым екеуі үйленіп, біраз жыл өткеннен кейін абайсызда Қойдым далаға іліп қойған қойдың бір санын итке алдырып қойыпты. Қойдың бір санын ит алып кеткенін білген Біржан әйелі Қойдымға:

Кеткен болса түйең тоқтамайды,

Мылтыққа киік көрмей оқ салмайды.

Қатын жаман болған соң амал қанша,

Ит жеген жалғыз санды жоқтамайды, – деп оны түсірмек болыпты.

Сөзге жүйрік Қойдым ақын іле-шала:

Айтпағын-ақ деп едім айтып қалдың,

Сойысқа екі тоқты алып қалдың.

Ит жеген жалғыз санды сонша жоқтап,

Тобықты жылқы алғанда неғып қалдың, – деп табан астында жауап беріп Біржанды жеңіп алған екен».

Осыған қарағанда Қойдым тапбермеде сөз тапқыш, от ауызды ақын екенін аңғаруға болады.

1987 жылы күзде Тілеужан Сақалов Қазақстаннан Қытайға туысшылай барып, Іледегі Өртекестің Ақсу, Ақдала ауылын аралады. Тілеужан Сақаловпен  Ақдала ауылында әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсаловпен бір апта бірге болып, «Таңжарық пен Қойдымның айтысын»  жаттап алған.

Тілеужан – Шыңжан тарихына, Қазақ әдебиет тарихына, оның арқалы өкілдеріне ең алғаш зерттеу жүргізген білікті әдебиет маманы. 1961 жылы заңды түрде атамекені Қазақстанға қоныс аударып келген. Қазақстанға келгеннен кейін ізденісін тоқтатпай, 1992 жылы «Таңжарық Жолдыұлы шығармалар» (басқалармен бірлесіп)  атты кітап құрастырып, ғалымдар мен мамандардың жоғары бағасын алып, Таңжарық ақынды танушылардың ең алғашқылардың бірі болды.

 

***

Қойдым Дарубайқызы туралы сөз болғанда оны ақын емес деп жоққа шығарудың ешқандай  ғылыми негізі жоқ. Бұлай айту шындыққа жанаспайды. Қойдымның ақын екендігіне Таңжарықпен айтысы куә. Оның үстіне Қойдым жазған бірнеше өлең-толғаулар оның ақын екенін және бір қырынан дәлелдейді.

Қойдым қай өредегі ақын? Ол жалғыз Таңжарықпен айтысып, даңқы шыққан ба? Бұл сұраудың жауабын ел есінде қалған атақты «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» атты озық айтыс үлгісінен, халық ішінде таралған аңыз- әңгімелер мен ел қолында сақталған тарихи құны бар деректерден іздестіруге тура келеді.

Бірінші,  атақты Тінәлі ақын:

Ақынды неше Албан көрген Қойдым,

Бір ауыз айтқан сөзден пәле теріп.

Келгенше осы жасқа сүрінбеген,

Ақыны бүкіл елдің шыққан жеріп. 

 Ал Таңжарық ақын өзі:

Шырқалып ән шыққанда, тынып дабыр,

Мен-дағы тыңдай қалдым етіп сабыр.

Есіктен әнге басып, аттай келді,

Әйелдің саңлақ екен Қойдым да бір – деген.

Тінәлі мен Таңжарықтың Қойдымға берген осы бағалары оның жүйрік тілді айтыс ақыны екенін дәлелдейді.

Екінші,  Қойдым Дарубайқызы Іле өңіріне барғаннан  кейін «Ел жұрттың құрметіне бөленіп, халықтық той-думаннан, ақындар қатарынан қалмайтын болыпты. Бір жылы жайлау үстінде Дарубай ақалақшының Қамарбан деген қызын Құлжадағы Торғай елінің ақалақшысы Мешпеттің немересі Айыпжанға ұзататын болып той жасайды. Бұл тойға Дарубайдың Күнес, Нылқы, Текес, Өртекестегі құда-жұраттарынан Әуелқан гұң, Әбілқайыр төре, Қанатбек, Бердібек, Мазақ, Мышан, Оралбай, Тәлім, Оразқан, Нүсіпқан және nатар, өзбек, ұйғыр тамыр-таныстары да құттықтай келеді. Торғай елінен бас құданың қатарында Мешпеттің ақын баласы Рақымжан да келеді. Сонымен, Шашының Желбұлақ деген жеріндегі Тәкей ауылының жанында отырған Қойдымды алдырады. Рақымжанға Жүнісбек Алпыұлы, Қойдымға Дарубайдың жылқышысы Мақайдың әйелі Бәтима ілеседі... Тойға келген қонақтар, ауыл адамдары Қойдымды көреміз, өлеңін тыңдаймыз деп жапырласады» (Жақып Жүнісұлы. «Ақын Қойдым Дарубайқызы және оның Таңжарықпен айтысы», «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», 2003 жылы № 4, 15-16-бет) деген дәлелдерден Қойдымның Рақымжан Мешпетұлымен айтысқанын деректейді.

Рақымжан мен Қойдым Тоғызтарау ауданының Мұқыр ауылында Ілеге аты әйгілі Дарубай ақалақшының Қамарбан деген қызының тойында айтысқан екен. Сол тойда Дарубай ақалақшы Қойдым ақынға «Албанның бұлбұл қызы» деп жоғары баға беріпті.

Мықты шежіреші, қаламгер Мүсілім Адырбекұлы «Қойдым ақын өмірінен бір үзік» атты мақаласында Қойдым Дарубайқызымен Қоңырбөрік Тама тармағынан тараған Тілеуберді Мышырұлының 1936 жылы Текес ауданының Шолақтерек ауданында айтысқанын айтады. Қойдым мен Тілеуберді айтысып жатқанда тентек екі жігіт араға келіп, біз айтысамыз деп өлеңмен сауға сұрайды. Қойдым айтыстың бір кезегінде Тілеубердіге айтқан болып, жөн-жосын білмейтін әлгі екі жігітті өлеңмен былай қағытыпты:

Дауысыңнан айналайын саңқылдаған,

Тағадай тасқа басқан қыршылмаған.

Артыңнан сауға сұрап екеу отыр,

Көрпелес қозы құсап қырқылмаған.

Өрдегі елде өрескел болады деп,

Естігем, біреу айтқан былтыр маған.

Жігітін Өрдегі елдің көріп жүрміз,

Шаңтастай қырмандағы дүңкілдеген.

Жүреді екі-екіден құшақтасып,

Азырақ өсек айтып мыңқылдаған.

Өкініштісі, Мүсілім ақсақал Садықожа деген кісіден жазып алған Қойдым мен Тілеубердінің айтыс нұсқасын жоғалтып алыпты. 

Қойдым Ілеге барғаннан кейін Рақымжан Мешпетұлы, Тілеуберді Мышырұлы, өз күйеуі Біржан қатарлы адамдармен айтысқанға қарағанда дуан бұзған, жүйрік тілді айтыс ақыны екендігі менмұндалап тұр. Біз Қойдымның айтыс ақындық жасампаздығын зерттегенде оның ел ішінде тараған айтыстарын реттеп, зерттеп, ақынды шынайы танудың асыл арнасын қалыптастыруымыз керек.

Әсіресе, 1990 жылдардан кейін Қойдым ақынды зерттеу жұмысы қолға алынып, ақынды тану туралы көптеген ізденістер жасалды. Қазақстандық қаламгер Тұрлыбек Мәметсейіт тегінің «Таңжарық пен Қойдым» («Қазақ әдебиеті», 1992 жыл, 6-қараша,  №45), Қытайда Тәухидін Зәменұлының «Таңжарықтың әріптесі Қойдым жайында деректер» («Іле педагогикалық институт ғылыми журналы», 1998 жыл № ), Нұрболат Әбдіқадырдың « Қойдым Дарубайқызы» («Іле кеш», 2000 жыл, 4 желтоқсан), Дәулетбек Қаңбақовтың «Сөз тағыда Таңжарық пен Қойдымның айтысы жөнінде» («Шыңжаң қоғамдық ғылымы», 2002 жыл, №1), Болат Серғазиннің «Ақын Қойдым Дарубайқызы жөнінде аз дерек» («Іле газеті», 2002 жыл, 31 қаңтар), Жақып Жүнісұлының «Ақын Қойдым Дарубайқызы және оның Таңжарықпен айтысы» («Шыңжа қоғамдық ғылымы», 2003 жыл, №4), Ақай Сәйдуақасұлының «Ардагер айтыс ақыны Қойдым жайлы аз дерек» («Іле тарихи материалдар», 2004 жылы, сәуір, №19), Манап Айдарханұлының «Біз білетін Қойдым» («Мұра», 2004 жылы, №3), Шерәлі Айтуғановтың «Ақын Қойдым туралы ой толғасақ» («Іле айдыны», 2008 жылы №5), Қайрат Қайыпжанұлының «Ақын Қойдым Дарубайқызы жөнінде» («Іле газеті», 2008 жылы, 27 маусым), Нұрлан Сәрсенбаевтың «Қойдым ақынды танудың асыл арнасы» («Іле газеті», 2010 жылы 5 маусым), «Ақын Қойдым Дарубайқызы» («Ататек жалғаған – Алтын шынжыр», 2010 жылы,наурыз, Құлжа) қатарлы мақалалар жарияланып, Қойдым ақынды танудың аяқ алысы тездеді.

Жақып Жүнісұлы «Таңжарықты зерттеуді тереңдетуге байланысты оның әріптесі Қойдым сияқтыларды зерттеуде тарихи түрде күннен-күнге құлашын жайып, халық өз ақындарына лайықты тарихи орын беріп, өлмес ескерткіш орнатуда. Таңжарықтың да, Қойдымның да абыройын асқақтатып, әруағын ардақтап, мәртебелі орын беріп отырған дүйім халық» («Шыңжаң қоғамдық ғылымы», 2003 жылы, №4, 19-20-бет).

Тілеужан Сақалов  «Таңжарық Қойдыммен 1925 жылы Албанның Қарқара жайлауында айтысқан... Атақты ақын келіншек» («Шыңжаң қоғамдық ғылымы», 2003 жылы, №4, 10-11-бет).

Әбдірешіт Байболатов «Айтыстың да алыбы» атты мақаласында: Қойдым туралы «Алдына жан салмайтын әйел ақын» («Іле педагогикалық институт ғылыми журналы», 1983 жылы, №4) деп жоғары баға берген еді.

Тұрлыбек Мәметсейіттегі «Бәрінен Қойдымның ақындығы басым келіп, ел ішінде атағы кең тараған. Ойын-той, ас-жиындарда Қойдымды шақырып, іздеп келушілер көп болған екен» («Қазақ әдебиеті», 1992 жылы,

6 қараша, №45, 12-бет).

Өз дәуірінің ақыны Қойдым Дарубайқызы туралы Қазақстан мен Қытайдың белді қалам қайраткерлері ортақ ізденіс жасап, ақынды танудың алғашқы асыл арнасын қалыптастырды.

   Күллі қазақ халқына әйгілі «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» ауызға алынған жерде Қойдым ақынның да аты аталады. Бұл тарихи шындық, шындықты ешкім жоққа шығара алмайды. Ішінара адамдар Қойдым ақын екеу дейді. Әрине, Қойдым аттастар көп болуы мүмкін, біз білетін Қойдым атақты Таңжарық ақынның әріптесі, шашасына шаң жұқпаған, жүйрік тілді айтыс ақыны Қойдым Дарубайқызы.

Қойдым ақынның 1930 жылдардан кейінгі өмірі екі Текесте өткен. Осыны ескерген Текес ауданының әкімі Қызыргелді Әбдірахманұлы ел ағасы Қызайжан Сейілқожаұлының қолдауымен «Ақын Қойдым» атты кітап шығаруға қаржылай көмек берді. Мен бұл кітапты құрастыру жұмысына шұғыл кірістім. Кітап жалпы «Зерделі зерттеулер», «Айтыс әуені», «Арнау өлеңдері» қатарлы үш бөлімге бөлінеді. «Зерделі зерттеулер» айдарында Қытайдағы қазақ ақын-жазушы, зерттеушілердің 1990 жылдардан 2010 жылға дейінгі жазылған он неше автордың Қойдым ақын туралы мақалалары берілді. Екінші бөлім «Айтыс әуені» айдарында әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының дуан бұзған жыр дүлдүлі Қойдым Дарубайқызымен айтысқан толық нұсқасы берілді. Үшінші бөлім «Арнау өлеңдері» айдарында  Қойдым ақынға арналған бірнеше автордың өлең-толғаулары енгізілді.

11302 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы