• Әдебиет әлемі
  • 25 Қазан, 2022

«ӨТІРІК ШЫНДЫҚҚА ТҰРМЫСҚА ШЫҒЫПТЫ...»

 Балапан БАЗАР

 

Бүгінгі мысал

«Бір» –

Сандардың басында тұр.

«Екі»,

«Үш»,

«Төрт»,

«Бес»

Қасында жүр.

– Осылардан қалайын ба? –

Деп,

«Алты»,

«Жеті»,

«Сегіз»,

«Тоғыз»

Маңайында.

«Нөл» соңында.

Ондыққа кіріп,

Сыбайлас болғысы келеді оның да.

Қалай? –

«Бірді» алға салады,

Сөйтіп, жалғасады:

10

100

1000

100 000

1000 000

1000 000 000.

Теңге десең – теңге...

Доллар десең – доллар...

Теңдеуі көп,

Шешуі жоқ,

Ұзақ әңгіме ол бір.

«Нөлді»  «нөл» дейміз-ау,

«Нөл» ғұрлы  өмір сүрсек,

Әй, өлмейміз-ау!..

Бірақ «Нөл» деген «жамағатта»

Қалмай барады қанағат та.

«Бірді» қойып,

«Екіні» алға салып алды.

Сөйтіп, ағайын боп

Оп-оңай жалғасып алды:

20

200

2000

200 000

2000 000

2000 000 000.

Бір күні,

Жиып қойып арды.

Арадағы сандарды аттап,

Бірін мақтап,

Бірін даттап,

«Тоғызға» барды.

«Әке» деді,

«Көке» деді.

«Көмегіңіз керек, өте!» деді.

«Осыдан ақша тапсам,

Еңбегіңіз  пайызбен өтеледі!», –

Деп алға салып алды.

Алға салып алды да,

Оған да жалғасып алды:

90

900

9000

90 000

9000 000

9000 000 000

«Сандардың «сапалағы!» –

«Нөл»  бүгінде

Дәл солай аталады.

Бірақ «Нөлге» «Hөлсің!» деп,

Айтуға кімнің аузы бата алады?!.

Бірді айтып бірге кетті демеңдер,

«Осы сыбайластық қайдан шығады?» –

Деп сұрапты бір кемеңгер.

Меніңше, осындай сандардан шығады.

Немесе,

Он санды олай да былай ойнатқан

Ақшақұмар  жандардан шығады.

Себебі,

«Есептің» ойлап таппайтыны жоқ –

Өтірік күліп бетіңе мақтайтыны көп.

Бірінің орнына бірін апарып,

Он санды алмастырады.

Алмасқан сайын «ауыс-түйіс» 

Жарнама беріп жалғастырады.

Қажеті жоқ түкке де,

Сол ондыққа кіріп алған

«Үтір» менен «Нүкте» де.

Өйткені олар да керек:

«Бүтінменен» «Бөлшекке».

Ал, біз, бәріне

Көзді жұмып қараймыз

Көріп тұрып көрсек те!

Сосын «Түбір» деген бәлесі бар.

«Болады» деген жәнесі бар.

«Алу», «Қосу», «Көбейту», «Бөлу»

дейсің бе,

Ойлап тапқан небір амалдары бар.

Кешегі ескі көз «Есепшоттың»

көзін құртқан

«Калькулятор» деген мамандары бар.

Қойсаңшы, тіптен

Сыбайласып әбден біткен.

Айтпақшы, «Өз есебім» деген әні бар.

Ол аз десеңіз,

«Қосылғыштардың орны өзгергенмен,

Қосынды өзгермейді» деген

Арифметикалық заңы бар.

Бәрін айт та бірін айт,

«Сыбайластыққа жол көп» деген

Қисық сөз болса да жаны бар.

«Жебір» деген ұшақ болса,

Туу, неткен ұшқыр дер ем.

(Ұшқыр ұшақтың дыбысы соңынан

 шығады).

Сосын:

«Ұшты, ұшты!..

Жеді... ішті!..»

Деп, «тағы  қышқыр!» дер ем.

Себебі,

Аузы күйсе де сабақ алмайды –

Ақша жегендер оп-оңай  ұшып кетеді.

Ұшып кеткен соң таба алмайды.

Таба алмаған соң қамалмайды.

Ішіп-жеп қашқандар да

Қазір бір қауым ел боп қалды.

Құрысын!

Ұстай алмай жебір-жемқорын,

Ұят-ай... жер боп қалды.

...Әңгіме етіп қайтеміз,

Қайдағы бір сандарды?!

Көріп-білмей жүрміз бе,

«Нөлден»  ақша жасап

Шетел асқан жандарды.

 

 

Құстар арасындағы хикая

 

– «Қаздар, қаздар!

– Га-га.

– Жем жейсіңдер ме?

– Да-да.

– Қаптың аузын ашайын,

Ал келіңдер, шашайын!..».

Деген өлеңді бәрі біледі.

Бүгінгі бала

Кешегі кәрі біледі.

– «Қаздар, қаздар!

– Га-га.

– Сайлауға келесіңдер ме?

– Да-да.

– Қаптың аузын ашайын,

– Ал келіңдер, шашайын!...».

... Сайлауда,

Осы өлең боп тұр байлауда.

 

ХХХ

 

Бүркіттер қияда,

Тауықтар жерде,

Қарлығаш ұяда.

Үйрек-қаз суда,

Бұлбұлдар нуда.

Қыран құс торда,

Сұңқар жүр зорға...

Бәрін тізіп,

Несіне созбалаймыз.

Құстардың жайын айтып,

Біз неге қозғамаймыз.

Құдайға шүкір,

Бау десең бауы бар.

Тау десең тауы бар.

Ең бастысы – бақ бар.

Бақта тақ бар.

Бірақ,

Баққа кіру қиынның қиыны.

Ол үшін болу керек тиыны.

Бақтың сәні – құс.

Біздің де айтпағымыз

Дәл осы тұс:

Не көп, қарға көп.

Бірі кетсе бірі

Қарқылдайды жарға кеп.

Әуені: «Ғақ-ғақ!».

Оған тосыннан

Көк қарға мен сауысқан,

Сосын ала қарға қосылған.

Ылғи,

Торғайдың төбесінде –

Қырғи.

Торғайларда үн жоқ.

Шиқылдаса күн жоқ.

...Шынын айтсын қай құс? –

Күн көру керек байғұс.

 

ХХХ

 

Бір қарға

Бір баққа қонып алды.

Бір талдан ұрлап,

Екіншісінен жонып алды.

Көнгенін «жеп»,

Көнбегенін қаңғытты.

Төбеде отыр-е-е-еп

Төменге қарай саңғытты.

Қазір бәрі сезеді:

Тап-таз бір бұтақ жоқ.

Кілең қарғаның тезегі...

Кім ұтылды, кім ұтты?

Былғамау керек шыбықты!

 

ХХХ

 

Таудағы орын босап еді.

Босағаны осы-ақ еді.

«Адамның досы,

Лайықтысы осы!

Аты қандай – аты,

Жарасып тұр заты.

Көгершін, Көгершін!» деп алдады.

Оған сенген құстар

Дауысқа да салмады.

Бірден келісті.

Бірақ шешім теріс-ті.

Негізі таудың иесі

Сұңқар болу керек еді.

Бірақ билік жек көрді.

Сөйтіп оның орнына

Өткізіп жіберді кептерді.

Жақында тағы сайлау өтеді,

Арасында тауық бар.

Сол тауық өтіп кете ме деп,

Құстардың арасында үлкен қауіп бар.

Өйткені қоқиланған қоразы

Қанатымен қорғалап жүр.

Тау мен тауға ұшпаса да

Арасында жорғалап жүр.

...Біздегі бір нұсқа,

Ұқсайды осы құсқа.

 

 Өтіріктің өрісі

 

– Естідің бе,

Өтірік өліпті.

– Өліпті?!

– Иә, біреулер көріпті.

Көргенде де көтеріп апарып

Қара жерге көміпті.

– Кім көріпті?

– Суайт пен Жалған.

– Е-е, онда тірі қалған...

 

***

 

– Естідің бе,

Өтірік тірі екен.

– Тірі екен?!

– Иә, жер басып әлі жүр екен.

Өткендегі сөз құр екен.

Өлмей талып қалыпты.

– Қалай?

– Қулық пен сұмдық

Ажалға ара түсіп

Алып қалыпты.

 

***

 

– Естідің бе,

Өтірік өз қатесін ұғыпты.

Сөйтіп, Шындыққа

Тұрмысқа шығыпты.

– Шын ба?

– Шын.

– Е-е, шықса шыққан шығар күні үшін...

 

***

– Ойбай, Өтірік әлі тимепті,

Енді тигелі жүр екен.

– Е-е, онда Өтірік өйтіп-бүйтіп

Шындықтың киімін кигелі жүр екен...

 

***

 

– Ойбай, Өтірік нетіпті...

– Не етіпті?

– Ажырасып кетіпті.

Көрген күні құрысын, «күн» емес.

– Әрине, Өтіріктің өңешіне

Шындықтың табысы дым емес.

 

2083 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы