• Айтарым бар...
  • 25 Қазан, 2022

ӨЗІ ДЕ ФОТО, СӨЗІ ДЕ ФОТО АСЫЛХАН

Болмысы бөлек бала

Бұрынғының жолымен жүру ескіліктің қалдығы немесе өткенмен өмір сүру емес. Бұрынғының жолын ұстанып, болашақтың нұрына қол созу заман талабы болып тұр. Бұрынғының жолы бізге жаһанданудың кеңірдегінен өтіп кетпеуіміз үшін, ұлт ретінде жойылып кетпеуіміз үшін керек те, өркениетке ұмтылу өзге елдердің шаңына көміліп қалмауымыз үшін қажет дүние. Екі жақты тең ұстасақ, ешкімге есеміз кетпес дейміз. Біздің еліміздің де бүгінгі ұстанымы осы болса керек. Негізі, мұны елім, жұртым деген азаматтың өзіндік парызы, тіпті міндеті, әрі-беріден соң, ата-бабаларымыздың аманаты деп түсінуге тиіспіз. Неге екенін қайдам, Асылхан Әбдірайымұлын көргенде осындай ой  құшағына берілгенім рас.     

Басында... баяғыда алғаш көргенімде, оны орысша оқып-тоқыған көп шалақазақтың бірі деп ой түйгем де қойғам. Біздер сияқты бір көргенге ашылып әңгіме айта қоймайды, біздер сияқты аңқылдап, алды-артын ойлап үлгермей, артық басып жатқан жоқ. Саусақпен санап отырғандай, есеппен сөйлейді де қояды. Көтерген аяғын ойланып алмай баспайтын сияқты. Тұйық. Шіли, мәдениетті. Бекзат. Бойын тік ұстап, тік жүреді. Өзі наурыздың ақша қарындай әппақ көрінді. Қияқтай қап-қара мұрты мен әсем қиылған шашы ақ жігіттің өзіне әдемі жарасып, ырғала түскен жүрісінің өзі таза қалалық жерде өскенін көрсетіп тұр. «Е, Алматының орыстанған көп қазағының бірі шығар» деген ойда қалып, бұл жігітті ілуде бір көргенім болмаса, көп жолықтыра беруге құмар да емес едім. Бұл 90-жылдардың алды, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде жүрген кезім болатын. Сөйтсем...

Кейінірек, онымен көбірек араласқан соң белгілі бола бастады, менің Асылхан туралы ойларым үстірт қараудан туған көзқарастың салдары екен. Ол еліміз, жұртымыз, ұлтымыз үшін жұмыс істеуді өзіне ерте бастан-ақ мақсат етіп қойған абзал азаматтарымыздың бірі болып шықты. Мен ойлағандай, Алматыда емес, түркі әлемінің киелі ордасына айналған кәдімгі Түркістан қаласында туып-өсіпті. Бір қарағанда, Түркістанның айналасында туып-өскен адамдар өте қарапайым, ашық-жарқын, көбі ұшып-қонған қарлығаштай алыпұшпа сияқты көрінеді. Ал, бүгінгі фотожурналистикамыздың елге белгілі қайраткері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлының жүріс-тұрысы шынында да оның бәрінен бөлектеу болды. Солай болатындай жөні де бар еді... Тіпті, оны шешесі «Болмысы бөлек балам еді, сырт жерде қалып қояр ма екен?» деген қорқыныштан Мәскеуден бір емес, екі рет қайтарып алғаны бар.

 

Табиғатқа құмарлықтың  тартуы

Ер түріктің бесігі Түркістан мен Хан тағы жайғасқан Кентау қаласының екі ортасында еркін жүріп, ойнап-күліп өскен Асылханның кішкентай кезінен бастап табиғатқа жаны жақын болды. Әкесі марқұм ертерек, бұл жеті жасқа енді жеткенде, қан қысымы кенеттен көтеріліп, дүние салды да, алдында арқасүйер ағасы да жоқ болған соң, нағашы ағаларына көбірек еліктеп жүрді. Нағашы десе нағашы еді... шешесінің інісі кәдімгі бітімі бөлек біртуар ақын Темірхан Медетбек болатын. Жастайынан нағашысы Темағаңа, оның бірге жүрген достарына, осында оқып-тоқыған елге белгілі азаматтарға көп қызығып қараушы еді. Әсіресе, Кентаудағы Алтынсарин мектебінде жүргенде, Асағаңның – әлемге танымал актер Асанәлі Әшімұлының өзгерек бітім-болмысы назар аудартпай қоймайтын.    

Кентаудың да, Түркістанның да табиғаты бөлек, адам жанын өзіне тартып тұратын ерекше қасиеті бар. Бұл жерлерде жүріп, табиғаттың сырына үңілмеудің, қызықпаудың өзі мүмкін емес. Құлағыңа сыбырлап, бойыңды балқытатын самалы, көкжасыл желегі мен саумал саясына шақырып тұратын тал-теректері, сылдырап аққан сыршыл бұлақ сулары мен өзен-көлдері – бәрі де жүрегіңді елжіретіп, бойыңды арбайды. Су болса ну болатынын аңғарып өскен бала бос жерлердің бәріне арық тартып, су жүргізіп, ағаш отырғызып, егін, жеміс-жидек егіп тастауға болмас па екен деген балаң арман-қиялдың жетегінде жүрді. Үлкейгенде осындай жұмыстармен айналысамын деп те  армандап қоятын.  

Әкесі ерте қайтқаннан кейін, мектепте жүрген балаға, оның үй-жайы мен шешесіне әкесінің дос-жарандары көп көмектесіп жүрді. Олар бар, ағайын бар, көрші-қолаң бар, әйтеуір аса көп қиындық көре қоймады. Қай-қайсысы да мұның әкесін мақтап, атқарған қызметі мен өзгелерге жасаған жақсылықтарын жыр ғып айтып отыратын. Әкесінің мамандығы заңгер болатын. Түркістан қаласындағы, қазіргіше айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы болды да, қажетті құжат, қағаздарды толтырғанда өте сауатты, әсем етіп әзірлеп беретін болған. Сол кезден қалған қолтаңбасы осы қаладағы көп адамның құжатында менмұндалап тұр. Ол кездері құжаттардың бәрі қолмен жазылып толтырылатын еді ғой. Не керек, әкесі туралы жақсы әңгімелерді көп естіп өскен Асылхан мектеп бітіргенде көп ойланған жоқ еді, әке ісін жалғастыратын заңгер болуды қалады. Алайда, Қарағанды университетінің заң факультетіне құжат тапсырғанмен, жолы болмай, қайтып келді. Бір күні таныстарының бірі баласын Ташкент қаласына оқуға апара жатқанын естіп, шешесі «Не әкең жоқ, не ертіп барар алдыңда ағаң жоқ, осы кісілермен ілесіп барып, оқуға тапсырып көр» деп, Асылханды қосып жібереді. Оған да барды, ТашМУ-ға тапсырмақ болып көрді. «Онсыз да өзімізде бала көп, өздеріңнің елдеріңдегі заң факультетіне тапсырыңдар» деп, ол жердегілер мұның құжатын алмай қояды. Сөйтіп, екі ойлы болып тұрғанда, жанындағы өзі құралпы балалардың сол жердегі гидромелиоративтік техникумға құжат тапсырғалы жатқанын естіп қалады. Өзінің баяғы бала кезіндегі айналаның бәрін ағашқа толтыру керек деген балаң арманы ойына сап ете қалған Асылхан да бірден құжатын өткізіп, оқуға түсіп кетеді. Бұл 1977 жыл болатын. Алайда, бір жыл оқыр-оқымастан, Отан алдындағы борышын өтеуге Германияға әскерге алып кетті. Онда екі жылын өткізіп келген Асылхан сабағын қайта жалғастырып, оқу бастан-аяқ орыс тілінде болса да, қызыға, құмарта оқыған соң,  техникумды қызыл дипломмен бітіріп шықты. Одан кейін 1982 жылы  Мәскеудегі Гидромелиоративтік институтқа емтихан тапсырмастан, әңгімелесу арқылы оқуға бірден қабылданды.  

 

Мәскеуде оқудың екі рет  сәті түспеді

Кеңес Одағының барлық елдерінен келіп оқитын студенттер қазақты әлі де түйеге мініп, көшіп-қонып жүретін ел деп қабылдайтын кездер ғой. Асылхан намысқа тырысып, жақсы оқып, емтихандарды алдын-ала тапсырып жүрді. Алайда, бірінші курстан кейін шешесі ауырып, ішегіне күрделі ота жасатып, қатты қиналды. Артынша, әпкесі мен жездесі Мәскеуге келіп:

– Апаң «Ташкентте орысша оқыды, әскерде екі жыл жүрді. Енді Мәскеуде бес жыл жүрсе, бір орыстың қызына үйленіп, ұлымнан айырылып қаламын» деп қорқып отыр. Бізді арнайы жіберді, сені елге алып қайтуға келдік, – деп салмақты сөз айтқан соң, амалсыз, бәрін тастап Алматыға ауысты. ҚазМУ-дің география факультетіндегі гидрология мамандығы бойынша оқуын жалғастыруға тура келді. Алайда, Алматыдағы жағдай басқаша болды. Мәскеудегі бәсеке күшті еді, мысалы, бір ғана математика пәні бойынша төрт оқытушы болды... Ал мұндағы лекция оқитын жалғыз оқытушы отыз баланың бәрін қамтып үлгере де алмайтын. Оның үстіне, орысша оқып келген студент бес-алты сөз айтса, арасына орысша қосып жібере беретін еді. Не керек, мұнда үйрене алмай әбден қиналады.

Алдындағы – демалыс бітіп, Мәскеуге сабағына бара жатқандағы,  Қызылорда жерін көріп, «мына жатқан сары даланы суландырып, қалың орман-тоғайға айналдырып, елімнің гүлденуіне атсалыссам» дейтін арманы да әдірем қалып бара жатқандай болатын. «Су бар жерде – өмір бар» деген сушылардың ұраны да көңіл түкпірінде жасырынып қалғандай еді. ҚазМУ-де бір жылдай оқыды. Сөйтіп, өзін-өзі зорлағандай болып жүрген сәтінде «Қазақфильмде» жұмыс істейтін сыныптас досы, марқұм, белгілі сатирик Мұратбек Дүйсенбеков жұмысқа шақырды.

– Асылхан, сенің қолыңнан келетін жақсы жұмыс шығып тұр, бізге келсейші. Сен баяғыда суретке түсірумен көп айналысып едің ғой, – дейді ол.                 

Шешесі Асылханның фотоөнерге құмартып жүргенін аңғарып, тоғызыншы сынып оқып жүргенінде керемет фотоаппарат сатып алып бергенін, суретке түсірумен жап-жақсы айналысқанын Мұратбек білетін-тұғын. Ары-бері ойланған Асылхан, сөйтіп, 1984 жылы деректі фильм бөліміне оператор ассисенті болып жұмысқа тұрып кетті.

Ол кезде бұл бөлімді Әшірбек Сығай ағамыздың әпкесі Гуля апай басқарушы еді. Бұл қырғыз режиссері Болат Шәмшиевтің «Мергендер» фильмін түсіріп жатқан уақыты болатын. Қазақтың батыр қызы Әлия туралы фильмнің түсірілу барысына қатты қызығып, сол айналадан шықпай жүріп алушы еді... Өзі де үш-төрт деректі фильмді түсіруге қатысты. Соның бірі  республикамыздың еңбек сіңірген өнертапқышы, академик Виктор Михайлович Инюшиннің түрлі салаларда лазер технологиясын пайдалану туралы зерттеулеріне арналған деректі фильм болатын. Лазерді өндірісте, медицинада қолдану жайындағы фильм танымдық жағынан өте маңызды дүние болды. Екінші бір фильм Екібастұздағы ГРЭС-ке, енді бірі Балқашқа арналған еді. Осында жүріп Шәкен Аймановтың сенімді серігіне айналған атақты оператор Марк Берковичтің екі ұлы –  Алексей және Александрмен танысады. Олардың екеуі де әке жолымен операторлық салада жүрген болатын.

Алексей Беркович ВГИК-ті тәмамдағалы жатып, «Жұма» деген деректі фильм түсіруді дипломдық жұмыс етіп алады да, көмектесуін өтінген соң, Асылхан осы туындыны түсіруге араласа бастайды. «Жұма» ұйымының құрылғанына 25 жыл болыпты. Еврей жұрты ұйымшыл халық емес пе, әр саладан келіп бас қосатын 10-12 мүшесі бар бұл ұйым әрбір жұма сайын өзінің отырысын өткізіп тұрады екен. Алматыдағы Фурманов көшесінің бойында орналасқан бұрынғы Суретшілер одағының үйіндегі кезекті кездесулерінің мерейтойлық сипаты бар болып шықты. Біреуі ақын, біреуі жазушы, енді бірі суретші, келесі бірі өнертанушы дегендей, ғалымы бар, тарихшысы бар, басқасы бар – бірінен кейін бірі келіп, әңгіме-дүкен құрып отырып шәй ішеді. Бұл жерде өте пайдалы әңгімелер айтылады, әлемнің қай жерінде не жаңалық болып жатыр, қай салада ілгерілеу бар, қандай озық ойлы бастамалар дүниеге келіп жатыр дегендей – әркім өз саласындағы елең еткізетін жаңалықтардан хабардар етіп отырады. Ол кезде ғаламтор жоқ, теледидар бар жаңалықты жеткізіп үлгермейді, оның үстіне өз саласындағы жәйттерді әркімнің өзі ғана жетік біледі ғой. Барлығы білгенін ортаға салып, ой бөлісіп, емен-жарқын отырып сұхбат құрады. Бұл Асылханға өте ұнады, шынында үлгі алатын нәрсе деп ойлады.

Деректі фильм түсіру жұмыстарында жүріп, оған қатты қызыққан Асылханға айналасындағы жігіттер мен басшылар Мәскеуге ВГИК-ке оқуға жолдама беруге шешім қабылдағаны бар. Ол кездері мұндай жолдамаға қол жеткізу оңай шаруа емес еді. Алайда, Асылханның ол жаққа баруын шешесі қош көрмеді де, амалсыз, дайын тұрған жолдама өзгеге бұйырып, Асылхан үшін Мәскеуде оқудың екінші рет сәті түспеді.    

Үш түрлі үш ұстаным  бір мақсатқа бастап келеді

Алаш арыстары туралы ізденіп, ықтияттап оқып жүргендікі болар, Асылханды «қайтсем ұлтқа қызмет етемін» деген ой көп мазалады. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін әр адам өз қызметіне адал, білікті де білімді, іскер болуы қажет. Ал, ұлтқа қызмет ету мұнымен ғана шектелмек емес, оның байқала бермейтін қыр-сыры, айтыла бермейтін бұлтарыс-қалтарыстары жетіп артылады. Осы орайда «мен не бітірдім, қолымнан не келеді?» деген сауал көңіл түкпірінде бұлқынып жатқалы қашан...   

Атақты ақын, әлемге әйгілі Олжас Сүлейменовтің бір сұхбатында үш нәрсеге ерекше көңіл бөлініпті. Қарапайым сөзбен айтқанда, ол – тереңдік, кеңдік, алғырлық. Тарқатып айтар болсақ, ел үшін, халқымыз үшін керегі: өткен өміріміздегі тарихымыздың тереңдігі; қазіргі күніміздегі жан-жақтылық, ауқымдылық, бәрін қамтуға талпыну; алдағы болашағымыз үшін өркениетке, ғаламдық деңгейге қол созу. Бұлардың астарында әрине, көп ой жатқаны белгілі.

Ал, дүниежүзіне есімі мәлім, үнді халқының ұлы перзенті Джавахарлал Нерудің «Мен үш тазалыққа жете алмай келе жатқанымды анық білемін: бірінші – ой тазалығы, екінші – сөз тазалығы, үшінші – іс тазалығы. Сондықтан, жұрттың мені мақтағанына, дәріптегеніне мән бермеймін» деген мағынадағы сөзі бар. Бұлардың бәрі Асылханның көңілінде жатталып қалған дүниелер ғана емес, өмірлік ұстанымына айналып келе жатқан нәрсе. Өзі фотоөнер саласында көп істерге ұйытқы болып жүргендіктен, сондай-ақ осы кәсіпті өз өміріне арқау етіп келе жатқандықтан, Асылхан бұл ұстанымдарға фотографияның да үш қағидасын қосатыны бар. Ол – уақыт, жарық, сезімталдық. Яғни, фотоаппарат түймесін басып қалғанда, обьективтің ашылып-жабылу жылдамдығы, ауа райының қас-қабағына қарай оның ашылатын көлемі және қабылдау сезімталдығы. Осы үш нәрсе дұрыс қойылмайынша, орынды да сәтті пайдаланылмайынша, суретке жақсы түсіру мүмкін емес. Бұл айтылған үш түрлі үш ұстанымның бәрін де Асылхан  ошақтың үш бұты сияқты өте маңызды дүние санайды. Ол осы қағидаларды бар өмірінің арқауына айналдыруды мақсат тұтып келеді.

 

Аға буын алдындағы парыз

Белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек Бас редактор болып жүрген кезінде бір күні «Жас Алаш» газетінің редакциясында «Бүгінгі фотожурналистиканың жағдайы нешік?» деген дөңгелек үстел өтті. Онда газет-журналдарда берілетін фотосуреттердің сапасы, фотоөнер мектептерінің жоқтығы, арнаулы оқулықтардың болмауы, т.б. мәселелер сөз болды. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы бұл қызметке мамандар қайдан келіп жатыр? Олардың өз кәсібіне деген жауапкершілігі мен сәйкестігі қай деңгейде? Арнайы фототілшілер әзірлейтін оқу орындарының жоқтығы әмбеге аян. Сонда бұл кәсіпке әркім әртүрлі себеппен, ойда жоқта, өз бетімен келген болып тұр...

Осы тақылеттес саналуан сұрақтарға жауап іздеп көруді мақсат еткен Асылхан бұл басқосуға фотожурналистикаға бар ғұмырын арнаған ардагер ақсақалдарымыздың, басылымдарда қызмет етіп жүрген фототілшілердің бәрін де шақырған болатын. Әрі қызықты, әрі өзекті әңгіме қозғалған отырысқа Нұрғожа Жұбанов бастаған ардагерлеріміз түгелге жуық, тіпті, ауруханада жатқан Сайлау Пернебаев ағамыз да қалмай келді.  

– Бар өмірім осы фотожурналистика саласында өтті, мұндай басқосуды бірінші рет көріп тұрмын. Ауруханада системада жатқан жерімнен «Бұлар да жиналыс өткізеді екен ғой!» деген ой қызықтырып, арнайы келіп отырмын, – деді ол ағынан ақтарыла.

Бұл шынында да сенсация еді. Журналистер арасында «Редакцияда екі адамға аса көп сене беруге болмайды. Біреуі – жүргізуші, екіншісі – фототілші» деген әзіл әңгіменің жиі айтылып жүретін кездері ғой. Мұндай әзілдің шығу себептері де белгілі, жүргізушінің көлігі қай кезде сынып қалатынын, қай кезде жөндеп, қай кезде болатынын ешкім болжап біле алмайды. Ал, фототілшілерге келсек, іздегенде таппай қаласыз, өйткені, бір газеттің өзінде пәленбай бөлім болады да, кейіпкерін суретке түсіргсі келген журналистердің қайсысы оны өзімен бірге ала кеткенін білмей дал боласыз. Оның үстіне, ол кездері аяқ астынан фотопленканың бітіп қалатын, фотоаппараттың да бұзылып қалатын сәттері болып тұратын. Әзілқұмар жігіттер бұл екі кәсіпте жүрген кісіге қатысты неше түрлі құбылтып тұрып қалжың айтып жүретін.

– Балтық елдерінде он екі фотосуретші Мемлекеттік сыйлықтың иегері болып отыр. Неге десеңіз, ол аймақта бір фотосуретшінің көрмесі өтетін болса, сол елдің басшысы міндетті түрде барып қатысып көреді екен. Ал, бізде ешқандай көңіл бөлінбейді, тіпті, арнаулы маман дайындайтын мектеп те, не жоғары оқу орны да жоқ, – деді, дөңгелек үстел басында белгілі фотожурналист Зейнел Үйсінбаев ашына. Балтық елдері фотосуретшіні елдің бейнесін көрсететін тұлға ретінде бағалайды. Бұл салаға үлкен мемлекеттік, ұлттық деңгейде маңыз береді.

Шынында да, бұл сала көңіл бөлмеуге болмайтын сала. Елдің есінде болар, баяғыда Ресей президенті Б.Ельцин дүниеден өткен соң, оның жеке фотографы Ельцин өмірінен түсірілген бүкіл фотосуреттерін шетелдік бір бай коллекционерге сатып жіберіп, өзі Израйльге көшіп кеткен болатын. Біздегі фотосуретшілердің де бармайтын жері, түсірмейтін суреті болмайды ғой, құпиялы жерлерге де, басқа орындарға да бас сұғып тұрады. Оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөліп, іріктеп-сұрыптап отырмаса қиын. Күн сайын өзгеріп жатқан дүние, бүгін бар нәрсе, ертең жоқ, ал фототарихтың орны мүлдем бөлек.      

Басқосуда талай әңгіме айтылып, үлкен мәселелер қозғалды. «Жас Алаш» газетінде бұл дөңгелек үстелде қозғалған мәселелерге байланысты кезінде айқарма бетке көлемді материал да берілді. Осы басқосудың соңында «Не істеуге болады? Осылай жеке-дара жүре бермекпіз бе, әлде ұйымдасып, ортақ бір жұмыстар атқарамыз ба?» деген сауалдың жауабы табылғандай болды.

– Сен біз сияқты қартайып, саудырап отырған жоқсың, жассың, денсаулығың бар, осы жұмыстарды өзің қолға алып, фотосуретшілердің жоғын жоқтайтын, мұңын мұңдайтын орталық құрып, шаруамен айналыс. Ұйымның жарғысын жасап, тіркеуден өткізіп, жұмыс баста, – деп, ақсақалдар жағы Асылханға сенім артты. Соның нәтижесінде қазіргі «Фотоөнер» бірлестігі дүниеге келді.

Асылхан Әбдірайымұлы содан бері ағалар аманатын арқалап жүргенін бір сәт естен шығарған емес. Олардың осы сенімін ақтау үшін қаншама жұмыстар істеп те үлгерді. Басқасын айтпағанда, таяуда марқұм Сайлау Пернебаевтың отбасы ақылдаса келіп, оның 18 жәшіктен тұратын бүкіл мұрағатын Асылханның қолына әкеліп тапсырды. Бұл да болса, сенім әрі үлкен жауапкершілік болып тұр. Бұл жай мұрағат қана емес, бұл еліміздің фотошежіресі, өнеріміз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміздің сан жылдардан бергі тұтас бір бейнесі болып табылады. Біздің кейіпкерімізді қанаттандырып, арқаландырып отырған да осындай ағаларымыздың аманаты. Фото – өмір әлі де жалғаса береді...

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №11

20 Қараша, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы