• Қоғам
  • 20 Қазан, 2022

МЫҚТЫНЫ ӨМІР СҮЙЕДІ

Әр адамның өмір жолы өзінше бір тарих. Қызығы да, шыжығы да болады. Бастысы жақсылықтан үміт үзбеу керек. Өйткені бұл – өмір.

Қазір көбіміз қаражат табудың қамына кірісіп кеттік. Бәлкім, ол да жөн шығар. Әйтпесе жүріп-тұрудың өзі оңай емес. Әр қозғалыс тек кетпеу керек. Әйтпесе құр жүрген болып саналасыз.

Қайрат

Данышпан ақын Абай атамыз «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» дейді. Шындығында да солай.  Осы сөздер ХІХ ғасырда айтылса да, өзектілігін жойған емес. Қайта күн өткен сайын, қадірі артып барады.

Әр күн шаттыққа толы. Ал сол шаттыққа жету үшін мықты күрес керек. Егер жетістікке жету үшін күреспесеңіз, құтты сыйлықтан құр қалғандай көрінесіз. Сондықтан қайратты болу керек. Бұл уақыттың талабы дер едік. Әгәрәки, бір жерде шалт кетсеңіз, шап береді. Сосын, таяқтың бір ұшы тиіп кетуі де ғажап емес. Сол себепті, жүрген жеріңізде қайратты болуға тырысыңыз. Қайратты жанға бақ қонар.

 

Есебіңіз түгел болсын

Ауылда жүргенде көрші атай «әй, бала, есебің түгел болсын» дейтін.  Бала күнімде осы сөзді неге қайталап айта береді деп ойлаушы едік. Есейіп, ер жетіп, қала мен даланың айырмашылығының сезінгеннен кейін түсініп жүргендейміз. Дегенмен, кім білсін?!

Осы сөзді бір жақты емес, көп мағынада ұғынса болады. Неге десеңіз? Себебі, әр істі анық, нық істеу маңызды. Сондай-ақ, сапалы орындауды да естен шығармаңыз. Сонда ғана іс өнбек.

Адамзаттың өзі бір ерекше жаратылыс деп білеміз. Оның үстіне мінез деген дүние бар. Егер де мықтылық, ұтқұрлық әрі ептілік танытсаңыз, бәсекенің нақ өзіне тап боласыз. Аяқтан шалу да болып қалуы мүмкін. Осының бәріне төтеп беріп, адалдық танытсаңыз, сөзсіз озасыз. Оған дейін бірнеше сатыдан өту керек. Әуелі көпке өзіңізді дәлелдеу маңызды. Ол үшін де қажыр-қайрат керек. Ол болмаған жағдайда, барша соқпақтан сүрінбей өте алмайсыз.

Біздер әр істе қажетті шарттарға төмендегілерді келтіреміз.

Дәлірек:

 Тиянақтылық;

 Алғырлық;

 Ұтқұрлық;

 Сенімділік.

Бұл қасиеттер адам бойындағы тура мінез, әділдік сынды ішкі қуаттарды оятады. Сіздің қоғамда өз орныңыздың бар екендігін айғақтайды. Тек анықтап қана қоймай, болашаққа серпін берері айқын.

 

Рухани байлық бәрінен  маңызды

Күнделікті тірлік ойлануға, іс-әрекетті саралауға мойын бұрғызбайды. Деседе, бұрғызбайды екен-ау деп енжарлық таныту әбестік болар. Адамзат үшін рухани құндылықтан артық азық жоқ-ау, сірә!

Халқымыздың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев «Жалпақ əлемді аузыңа қарату үшін − рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін − рухани байлық керек» депті. Шынында да әзір рухани жұтаңдық сезіледі. Бірақ түгел тұңғиыққа кірдік деп айта алмаймыз. Орта ғасырлық ғұламалар, Әл Фараби, Ахмед Иүгінекеи, сопылық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи бабаларымыз ізгілік пен мейірбандық қасиеттердің маңыздылығына қатты мән берген. Олар барша халықты кісінің ала жібін атамауға, адал жүріп, адал тұруға,  жалпы осы сынды игі мінездердің қалыптасуына қарай ел-жұртты үндеген. Соның нәтижесінде халықтар арасында атағы шығып, ұлы ұстаз деңгейіне көтерілген.

Кейде бір нәрсеге таңырқаймыз. Тіпті түсінбей жататын кездеріміз де бар. Ондай сәттер кешқұрым уақытта жиі орын алады. Қала үлкен. Көлік көп. Бәрі үйіне асық. Бірақ ешкім-ешкімге жол бергісі келмейді. Сөйтіп талас-тартыс басталады. Артынан жанжал туып қалуы да ғажап емес. Оларға барып «олай етпеңдер» десеңіз бәлеге қаласыз. Артынан әлеуметтік желіге жағымсыз жағыңнан шығып кетуіңіз мүмкін. Ең ішің удай ашитыны, болмашы нәрсеге бола, үлкен-үлкен даңғыл жолды екі көлік жауып тұрады ғой. Осының баршасына рухани азықтың жан дүниемізге жетпей жатқаны кінәлі ме екен деп ойлап қоямыз.

Бірде телеарнадан мынадай бір фильм көрдім. Онда екі кісінің көлігі көпірдің үстінде түйісіп қалады. Жан-жағынан өзге көліктер зуылдап өтіп жатты. Бірақ, ешкім ол екеуінің жанжалдасқанына қарамайды. Сөйтіп тұрғанда артындағы өтуге жол сұрап тұрған көліктегі екіқабат әйелдің толғағы басталды. Әзер дегенде, жол үстінде босанып, дүниеге ұл әкелді. Әлгі екі жанжалдасушы осы бір сәтті бақылып, жүректері ауырып кешірім сұрасты. Сәл болмағанда сәбидің өмірі қыл үстінен тайып кеткендей болар еді. Осы фильмнің эпизодтарының әсерлілігі соншалық, тебіреніп кетесіз. Сондықтан кісіге зиянымыз тимегені абзал. Себебі «өмір бумеранг» екеніне күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді.

 

Уақытпен санасу – өнер

Көбіміз уақытты үнемдегіміз келеді. Бірақ жолын таба алмаймыз. Деседе, ойлағанды дер уақытында орындау да  нағыз шеберлік.

Америка Құрама Штаттарында, Жапония, Сингапур сынды дамыған елдерде уақыттыпен санасуға аса екпін береді. Олардың әрбір жүріс-тұрысы есептеулі. Артық шаршау атымен жоқ. Сол себепті де кісінің әлеуетін бағалауға қатты зер салады. Егер талаптанып іс қылсаңыз, пайдаға кенелесіз. Ал енжарлық, жалқаулық танытсаңыз, күн көрудің өзі мұңға айналады. Өйткені, сыртта басыңнан сипап, қолтығыңнан демеп тұрған жан жоқ. Тек өз күшіңе сену керек.

Былай қарап тұрсаңыз, бәрі адамдардың өз қолында сияқты. Дүниені жадыратып, жандандырып жіберу түк емес. Ең бастысы, ниет керек. Кезінде еуропалық саяхатшылар көшпенділер тіршілігіне тамсана таңырқапты. Содан «барша қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деп баға беріпті. Расында, сайын даланың төсінде, самал есіп, шөптің басы сыбызғыдай сызылып тұрғанда, әлгі саяхатшылардың айтқаны рас екендігіне көз жетеді.

Бұрынғылар уақыттың қадірін білген. Сондықтан болар, әр нәрсені өз уақытында жасауды жөн көрген. Әр мезгілде көшіп қону, уақытында үйлену, күлтөбенің басында жиын жасау, наурызды тойлау бәрі-бәрі уақытымен болған. Тіпті аспан денелеріне қарап, ауа-райын болжаған. Оны былай қойғанда аттың сынын білген. Төрт түліктің тезегінен қай ауылдың малы екенін аңғарған. Осындай дала мәдениеті бүгінгі заманмен үйлесіп, әліге дейін ел арасында ырым-тыйым ретінде қолданылып жүр. Бұл дегеніміз – уақыттың қадірін білгендік.

Олжас МҰРАТБЕКҰЛЫ

 

2531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы