• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2022

ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛЫП... «ҚИЛЫ ЗАМАН»

Жалғасы. Басы журналдың

№8 санында

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Мұхтар Омарханұлы, қазақтың   біртуар  шайыры – Құлагер ақыны Ілекең – Ілияс Жансүгіровпен Қарқара өңірін салт атпен, жаяулап бірге аралаған едіңіздер. Ағалы-інілі екі жақсының  қатар бірге жүргені қандай аяулы, жарастықты. Сол күндерде сатымсақ саудагер, қазақ ішінен шыққан тілмаштар, ел ісін атқаруға тиісті кейбір «жақсылар мен жайсаңдар» туралы қандай түйін түйдіңіз?!

–...Өріске шыққан қойдың иісін сезіп, желге қарсы тұмсығын төсеп,  ішін тарпып, жер тарпып, бет түзеп жота-жотадан қарауыл қарап, жортуылға шыққан қасқырдай, аш пейілді, жалаңқай саудагер боркемікті, батпан құйрықты албанды бекерге таңдаған жоқ. Сау-ырынан басып жүріп: семізі, момыны, тәттісі осы болатынын жақсы білген, әдемі  таныған,

Қазір де құмырсқаның илеуіндей болып быжынап, жыбыр-жыбыр қағып бүлкілдеп, қызара бөртіп ажарланып, күннен күнге қарнын керіп келе жатқан жәрмеңке  – сол қазақ  даласын торуға шыққан жайындай болатын. Көгенге кірген борсықтай байлаулы, бағланның май құйрығына тұмсығын тығып, сауыры бүлкілдеп қана жылы-жұмсағын соруда болатын.

   Бай, момын елдің мол денесі обырдай обып жатқан қомағай жұртқа бойындағы тәтті дәмдісін  иігендей  төсеп жатыр. Ақ шелегі түскендей ақтарылып, сүйсінгендей мекірене түсіп, сүтті желінін кергіге беріп тұр.

Қалауын тапса – қар жанады. Сүт алғыш кәрі бие сияқты жақсы сауыншының қолы сыздаған  емшегіне жабысқаннан бері қара, жайлау желіні: семізі мен сұлуын, жорғасы мен жортақысын ноқталап, таңбалап өз қолымен атқарып жатқан.

Саудагер сомасы, қазақ даласына  құда түсіп, құйрық-бауырды асап, аузы қанданып, қолы майланып, жанданып тұр. Сібір, Түркістан, Қашқар, Қытайдың ұлы атырабындағы талай-талай үлкен қалаларда: жарқыраған үлкен мәгәзін, қатарланған мол сома, шалқыған қалың байлық иесі болған саудагер байлар болса – бәрінің бұл мырза  құйрықтан ауыз тимегені жоқ.  Мол емшекті бір сорып кеткеннің өзінде де, жерден алтын тапқандай көп қазынаны күреп әкететін.

Сондықтан дәндеген, жетіскен, түртін-шектеп сауудың бабын білген саудагер бұл кезде қорланып,  толықсып болып, енді «пәлендей патша», «түгендей патшаның» дәрежесіне жетіп бұлдану, кергу, кесірленуді де тапқан. «Қайта келер есікті  қатты серіппе» дегенді ол ұққан емес. Кезі келсе суын ішкен құдығына  түкіріп  кету бұйым емес  сияқты болған.

Малға келген індет арқылы қан-жынға семірген төбет тоқтығына масайып иесін қаппас па?!

Бұрынғы бір кезде бір шолақ мәстекке жалғыз арбасын сүйретіп: Әзібай, Әзіреті қос келді, шәрдәрі, тотияын, бұрыш сықылды, көр-жерді «дүнием» қылып  итініп келген істік мұрын, шегір көз, енді жоны шыққан кезде, алғашқы көрген жайлауға кергімесе, кесірленбесе бола ма? Өткен күні бүгінгі тоқ қарнына  мазақ күніндей еске түспей тұр ма? Сондықтан, ол өзін өсірген анайы желінді теуіп кетпей қайтып тұра алады? Талай жылдар емізуге, семіртуге кергіге түскен ел баурының тозығы жетіп  ашынатын, тарылатын күндері де жетіп еді. Ел денесі саудагер сомасының  бұзық ойлағанын қандайлық көтерсе, көнтерілікпен  шыдап бақса, Қарқара жазығы да ұзын өлкесін  басқан неше түлік қалың малға соншалық шімірікпей шыдауда...

 

***

...Бұйырықтың сөзі көп емес. Дәлелсіз, ыңғайсыз, топас, жазылған көп бұйрықтың біреуі еді. Бұны әдет бойынша, Жебірбаев аударуы керек еді. Бірақ ол бірінші, орысша сөзге олақтау, жазба сөзіне әсіресе шорқақ. Жем жағын жақсы құрастырса да, білім, сана жағын жағдайға тастаған әдіс. Құлқыны арамдығын ғана жақсы білетін тілмаш еді. Мұнау  өте үлкен жұмыс...

...Сондықтан, пристав екінші тілмашты ерте уақыттан әдейі шақыртып алып еді. Ол тергеушінің тілмашы болатын. Күндіз көріскенде оның төресі  соны шақыртып алыңыз деп маслихат берген. Бұл тілмаш тілге жақсы, елге де салмағы бар, сырт пішіні де, мінезі де, қазақ көзіне, ұлық көзіне де жайлырақ тиетін ажары бар Оспан деген жігіт еді.

Бойға сіңген дағды бойынша, қызметке кіріскеннен бергі көздеген нысана – мал мен атақ, жылы, жайлы орын табуға ғана арналғандықтан бұнда да сырт көрінісі болмаса,ішінде құралған   негізгі пікір, бағыт жоқ еді. Ел қамы, көп мұңы дегеннен, қалың жұрт тұрмысына  жайлы-жайсыз болар ма деген сұрақтардан бұның басы да, жүрегі де  аман болатын. Соңғы заманда  «Қазақтан  газет шығып, ел жайын жоқтайтын біреулер пайда болыпты» деген сөздерді бұл алыстағы  өнімсіз бір сарын сияқты ғана еститін.  Бойында бұндайдан дарыған ешбір әсер жоқ еді.

Соның жоқ болғаны қазір ел мен ұлық арасында тұрған халқына үлкен жайлылық берді. Ол жарлықтың мағынасын,  артқы түкпірін ойлап машақаттанған жоқ. Елге осы жарлық арқылы келетін ауырлық салмақ қанша болса да, қазіргі минөтінде  Оспан ойлайтын нәрселер  емес...

...Жәрмеңке айналасындағы жайлау-ларында жиі отыратын албанның басты адамдарының көбі күндіз  жәрмеңке басынан табылатын. Сондықтан бүгінгі приставтың шақыртушылары албан болыстарының бірталайын  да базарда тапқан. Бұлардың кейбірі  пұл ләпкелерінің алдынан табылды. Аттарын жүздеп, жетпіс-сексеннен тізіп тастаған базаршылардың ішінде түрлі пұлдар саудалап жүрген жерден кездесті. Кейбірі жәрмеңке  басына тігілген  боз үйлерде  не қымыз ішіп, не болмаса  карта ойнап, ішімдік ішіп, желік үстінде отырғанда табылды. Кейбірі дүкеннің асбұзында шәй-пай, сорпа яки сарттың мантысына  араласып отырған уақытта кездескен.

Әрбір болыс өз елінің ішінде жеке-дара шыққан жалғыз қошқар сияқтанып өркештеніп жүрсе де, мынандай қалың топтың ішіне келіп, көп  болыстан басқа, әлденеше шенді, әмірлі ұлықтардың түрін, жүрісін көрген соң, өзінен өзі жасығандай, бұғыңқы, бүрісіңкі еді. Ауылдағыдай әмірлік дауыспен  айғырсымайды.  Ешкімді тықсырмайды. Сөйтсе де дәреже иесі ұлық болған соң, базарға өз елдерінен келіп  жатқан қалашыларға төменшіктеп, кішірейіп көрінбейді., айбынды болып нағыз ұлықша көріну керек. Ең болмаса аулының момын, жуас, бұйығы кедей-кепшігінің көзін алдау болсын да, қасына тілмаш ертіп, мойнына дөңгелек сары жезді бұлғары сөмке салып, атшабарын ертіп, кез келген бірен-саран би, қария болса, соларды қасынан шығармай топырын, тобын молайтыңқырап шоғыр болып жүргенді тілегендей болатын.

 

***

...Осындай қылықпен әсіресе көзге түсіп, білікті болған болыс – Рақымбай еді. Бұл аз-маз орысша білетін пысықша жас жігіт. Ертеден ұлық қолтығына кіріп, жағынғыш. Сондықтан жәрмеңке басындағы барлық болыстан Ақжелкеге жете танысып, беделі артқан белгірек болыс осы болатын.  Әлі күнге ұлықтан үлкен, кесек жақсылық көрген жоқ. Бірақ жиында қазақ алдында   «Рақымбайка»  деп атын атаса, үйіне анда-санда шақырып шай берсе, со да жеткен сый. Сол үшін-ақ Рақымбай ұлығының қасиетін ұғып, қадірлей білетін.  Ұлыққа өзгеден таныстығы артық, араласуы көбірек болғандықтан  жәрмеңке басында  бұның  аты көп аталып, көтеріңкі,  желіктірек болып  жүретін болысы  да осы еді. Аяғын  шалжаңдай басып, тайтаңдап, маңайдан  келген болыс, би, беделді қария, белгілі  қажылар болса, бәріне  де кесек-кесек сөйлеп,  көлденең келіп орала кететін жайдары жүзді, жүйрік  тілді айтқышсынып тұратын да әдеті бар.

Бүгінгі приставтың шақыртуы бұны сарттың асбұзылында тапты. Түс кезінде жақын жайлаудан келген бір старшыны қолына түсіп еді. Таңертең ауылдан келгенде  Рақымбай  қасына қатыны мен ерке баласын ерте келген. Жорғақтап тұрған страшынға:

– Біздің қатын жәрмеңкеге  манты  жеймін деп келді. Сен бай елдің старшынысың, жүр, мантыға тойғыз, – деп күнде осылайша өзін сыйлатып жүретін әдетпен, белгілі таныс  сарттың асханасына келіп, манты жеп, сорпа ішіп, қымыз ішіп мақтана түсіп, дамылсыз күліп желігіп отыр еді.

 

***

– Мұхтар көке, қазақтар тым момын, қой аузынан  шөп алмайтын әсіре жуас, ынжық деген бөстекі сөзге ғұмыр бойы алданып, шынымен иланып алған жұрт екенбіз. Ең сорақысы, осы момындығымыз талай жерде елге, алаштың  өзіне  таяқ болып тиіп келеді. Тіптен «Албан оқиғасы» кезінде де жасанған орыстар тау-тасты аралап,  көтеріліс жасағандардан басқа да бейбіт халықты қынадай қырған дегенге сенбейтіндер де арамызда әлі көп. Білместік пе, әлде тарихи шындықты мойындамау ма?

– ... Базар ортасында өзін биік ағаш аспандатып көтерген ақ жалауда екі басты жайын самұрықтың суреті желкілдейтін. Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді. Обырды туғызған ана жат пішінді, жалмауыз түсті ұлық. Соның айқын таңбасы  ертегі айдаһарындай екі басты жайын түсті самұрық.

 Бұның жәрмеңке басындағы  тірі жүрген қолдары –атқан оқ, шапқан қылыш, жемқор семіз қарынды пристав «Ақжелке» – Подпороков та, айналасындағы жорға құлдары: ұсақ төрешіктер, бұның ішінде  қазақтан шыққан өңі жылтыр, қарны шыққан тілмаштар. Соңғыларда маңайына қарайтын екі түрлі  көз бар. Бірі – жар төсегін арамдап қойған, жүрісі сұйық тоқалдай, жан-жағына жалтаңдай, жорғалай қарайтын жасқаншақ көз. Бұл – приставқа, судьяға, жәрмеңке ұлығына  қарайтын көз.

Екіншісі – сыздана, кесірлене,  керги қарайтын,  асқақ,  мақтаншақ, жемге қадалған қомағай көз. Ол қазаққа, елге қарайтын көзі....

...Өне бойы тер сасыған семіз прис-тав үлкен денесіне арта салған қылышы бар,  түгін сыртына теуіп, алдында үндемей мөлиіп тұрған үш қазаққа тепсініп ұрысып тұр екен. Ұлығының машықты  шабыты келіп тұрғанын жорға  тілмаш тани  кетті. Жем оралғалы  тұрғанын иісшіл  тұмсығымен сезіп қалды. Есіктен кіре о да Ақжелкеге көзі түсісімен тез ғана түсін  құбылтып, ұлығымен бірге дәл солша сызданып ашулы  түске мініп, қазақтарға оқты көзімен қарады.

   Жорға тоқал қабағын төсеуге әлдеқашан машықтанған. Оқығаны осы өнер сияқты. Талабы, атаған мұратына жетіп еді. Жәрмеңкеден  аз бұрын жолдас болса да, Ақжелке бұның бойындағы асылын ұғып, өзіне керек мөлшерге  шейін жақындатып, жем сырына араластырып алған.

– Сен ақымақтар жәрмеңкеге  келген саудагердің алдынан шығып қарсылық қыласың! Сендерге мұнда керектеріңді әкеліп беріп жатқан кім?! Саудагер болмаса, сен Алматыға  шұбар едің, олардың малын жерімізге түсті деп қуалайсың, сендерде жер бар ма? Жер патшанікі. Ол саудагер малы да патшанікі. Қазынаға, өздеріңе пайдасы тиетін саудагер. Сен тұяқ ақы  алғың келетін шығар. Мен саған  көрсетемін тұяқ ақыны. Қазір абақтыға жатқызамын, – деп  пристав тақтай теуіп, алдындағы қазақтарды ықтырып тұр екен. Тілмаш та келісімен ұлығының пішінімен жаңағы сөздерді аударып жатты.  Орыс тілін шала-мұла ұғатын бір жауапкер  жартысы қазақша, жартысы орысша:

– Тақсыр, жер патшанский екенін білеміз. Біздің бағып жүрген малымыз да патшанский, – дей бергенде:

– Оттама!.. Сөйлеме! Үшеуіңе бір айдан абақты кесеміз. Қазір, – деп отыра қалып қағазына қаламын сүйкектетіп жаза бастады. Қолдан жасаған ашулы пішін, тікиген суық мұртының арасында шын түйілген ыза сияқтанып, айдын беріп тұрды.

 

***

Бүгін таңертеңнен бері кеңсесіне  келіп кеткен, жәрмеңке басындағы ұлықтардың бірталайына да айтып, көрсетіп оқытып шыққан.

Солардың ішінде тілмаш сияқты үлкен серіктік қылып, оң қолы болып тұрған  Плотников деген уряднигі бар еді. Ұзын сақалды, иір бойлы, қазақшаға жүйрік урядник әрқашан базарды аралап қылмысты жазалы болуға айналып, қылдан тайған қазақты торып жүретін оң көзі. Елден бұрын Ақжелкеден жаңа хабарды естіген сол болатын. Бірақ кеңсе сырын шетке шығармайтын сақ қарға, қуанышын ішіне тығып, қазір де базарда бұрынғыдан асыра қырағылық көрсетіп, маңайын ықтырып қақап тұрған.

Осы ретті жәрмеңке басындағы судья, тергеуші, медицинский надзиратель бар – бәрі де Ақжелкеден жаңалық хабарын естіп,  жанасқан жерде тұмсығымен сүйкесіп, жай-күйді танытатын: бір илеудің құмырсқасындай іштен ұғысып, бір-біріне ым қағып тарасқан болатын. Жалғыз-ақ қазақ жайын тергеу, тексеру арқасында өзгелерден көрі тереңірек білген тергеуші, Ақжелкеннің хабарын естігенде:

– Бұл жұмыс қазақтың көрмеген ісі. Қымыз бен жайлау қызығында мал сияқты болып жүрген қазақ үкімет ниетін оңайлықпен түсінбейді. Еппен жариялап, басынан елге әмірдің салмағын таныта, нығыз қылып білдіру керек деп ойлаймын...  Сіз қалай қарайсыз, – деген.

***

...Ел қабағын астыртын сезіп, байқап алған ұлық, өздерінің қаладан шыққан тобын азсынып, оның күшіне анық сене алмай, таңертеңнен бері жауынға, лайсаңға қарамай Асы маңында  жүрген орыс атаулының барлығын шақыртып, өз қасына жиып жатқан. Келгендердің ішінде көбі санақшы, бір қатары судья, приставтардың жіберген стражнигі, тағы солар сияқты әр алуан жұмыспен жүрген бірен -сараң  саяқ-сандырақ кезбелер болатын.

Жиыны жиырма шақты орыс болды. Қазақ жиынына бұрынға уақыт болса үлкен топ сияқты көрінер еді.

Топтанып келген бес орыс болса да, елді үрпитіп, дүрік өргізіп, тұтастай  үркітуге жарайтын. Бүгін жиырмадай қару асынған орыс айналасына келген соң, ожар, тасыр ұлық кекжеңдеп, кердең басып, өз кісілерін шошытып, ықтыруға кірісті. Бірен-саран шабарман старшынды өз қолымен де ұрып жіберіп, болыс, би қарияларды бойын жазғызбай ақырып, ықтырып, бет қаратпай жасқандырып тұрды...

....Қорыққанға қос көрініп, ұлықтарға қарсы  алдынан шыққан қатын-қалаштың тобы да жасанып келе жатқан жау сияқтанды. Бұлар айналаны қамап алып, ел әдейі соғысқа, көтеріліске тегіс белсеніп шыққан деп ойласты. Орыс тобын дәл осы минөтте ешкім де басқарып, билеп басшылық еткен жоқ. Әрқайсысының көз алдына қалың елдің қаптағалы тұрған жаулығы  елестеп, енді ажал сағаты таянған сияқты.

Сасып хабарласып, оқыс үркіп шошып қалған топ, алғашқы: «мылтық ал» деген айқаймен бірге тегіс  қаруланып қалып еді. Сол әуелгі екпін есі шығып шатасқан топтың ішінен кейбіреулерінің біржолата есін алғандай еді.  Қазіргі халде орыс тобының атыс бастауы өрескел екенін біле тұрса да, бір, екі, үш солдат бұйрықты күтпеген желкеден шыққан жігіттер тобына қаратып тарс-тұрс мылтық атып жіберді....

...Алдындағы көп жылқыға таман орыс қаптай жүргенде  өзге ешқайсысы ештеңе ұстай алмаса да, солдаттар арасындағы  екі жырынды казак-орыс екі жарау айғырды ұстап қалған... Соларға Хлыновский:

– Шап Алматыға! Сөгетіде соғыс басталды. Қазақ қырғын  жасап жатыр деп айт. Тез жүз кісі, екі жүз кісі әскер жіберсін. Пулемет жіберсін! – дегенге ғана шамасы келді. Астына ат тиген казак-орыстар өзге сөзге  қарамастан, ноқталап, жайдақ мінген айғырларды тебініп борбайлап шаба жөнелген...

***

...Облыстық қаланың ұлығына осындай мағлұматтарды жеткізумен қатар, жергілікті кеңселер соңғы  уақыттағы  үкімет саясатының бетін анық түсіне алмай, әр алуан жарлық күткендей болатын. Бір есептен жаз ортасынан бергі бетке қарағанда: қырғыз, қазақ сияқты мол жерге ие болып отырған жабайылар, көтеріліс, ереуіл жасаймын десе, жасап көрсін. Кішкене еркіндетіп жіберіп, кінәні өз мойнына артатындай, ұпай салып алып, өздері істеген істі өздеріне кінә қылып, қатты қырғын ашу керек. Бостырып тоздырып, тұқымын құртып жіберіп, олар отырған шұрайлы жерді  қазынаға алу, қалаған кісіні отырғызу керек. Сондықтан бұл елдер көтерілісті ойласа ойласын, істесе істесін. Бөлінеді, жарылады, үкіметке жауығып қарсылық ойлайды деп сескену, қорғану керек  емес.  Қайта астыртын шабақтап, сондай қимылға өздерін айдап салу керек. Көпке білдірмей, сездірмей отырып түртпек салып, шапқа түртіп ашындыру керек те, содан кейін істеген қимылына қарап тұрып,  бас салу, талқан қылу, орынмен жоқ қылу керек дейтұғын.

Жаз ортасынан бергі уездегі ұлықтар мен солардың ауданға шығаратын приставтары да жиырма бесінші июнь жарлығымен қатар естіген сарын сол еді. Басы солай делініп басталған соң, мұндағы ұлықтар сол бетпен екіленіп, жаланып  «шаш ал десе, бас алып», алдияр деп алып ұшып тұрған. Бірақ бұлар қазақ, қырғыз ішін ойрандап, бүлдіріп, жындай құбылған жаманшылықтарды істеп тұрса да, соңғы уақыттарда алғашқы бетпен нұқсаған жаңа, тың бұйрықтар болмады. Оны айтыспайтын сияқты болып кетті... Ең алдымен казак-орыстар бұл шырғаға оңай келіп,  баяғыдан ұлықтың атаманы болып қорқақтап қалған әдетпен қазақ елін жауша  бөріктіріп, үркіте қимыл қылатын болды. ..

... Бұл қалың елдің ашық-жаулық жолына  шыққаны. Ондайға аяныш, рақым кешірім деген нәрсе болуға жол жоқ. Аянбай, іркілмей отырып тентекті жуатып, асауды көндіріп жөнге салу керек. Бұл күнге шейін істелген  бассыздықтың кегі күшті болу керек деп, неше түрлі сырларды ақтарып, көмескінің бәрін анықтап жер-жердің ұлықтарын бір жола қайрап нығыздап,  екіндетіп іске кіріс алысуға келген кәрі  жандаралдың сол белгілі қатал сөздері тіркелген екен. Осы әмірдің өзі де сол  жандарал  атынан шығыпты. Соның облыс әкімдеріне  тапсырған бұйрығынан туыпты. Өңірдің әр жерінде  жандаралдың тапсыруын, бұйрығын атап-атап келіп ең аяғында: «орыс қаны тамған жерде ешбір  бұратана ел тіршілік етпесін» деген кәрілі сөзін Құран сөзіндей қылып, туға байланған ұрандай қылып келтіріпті.

– Мұхтар Омарханұлы, «Албан көтерілісінде», елім, жерім деген, анығын айтқанда, азуын айға білеген кіл батырлар іріктеліп шыққан еді. Әрине, олардың ең ақырғы бұлқынысы сәтсіздікке ұшырайтыны әуелден-ақ тарихи тұрғыдан белгілі болып анықталған. Бірақ ол батырлар «еркек тоқты-құрбандық» дегенді айқын әйгілеп, келер ұрпақтарға серт етіп, қанды кегін аманаттап кетті. Бұл бұрынғы қазақтың ең соңғы көтерілісі, еркебұлан халықтың  ең соңғы ереуілі сияқты  көрінеді.

– ...Осы сөздерден де, онан соң кешеден бергі түйілген қабақ, сұрланған жүз, жылт-жылт еткен кішкене  суық  көздерінен де батырдың  бірдемені аяқтата алмай,  қиналып  ойлап жүргені белгілі сияқты еді.  Тентек батырының сырын білетін Жәмеңке қария, ештеме айтып қажамай, бұны ойын өрісіне жіберіп, өзі айтқанын тосып, баспалап бағып отырғандай еді. О да көп сөйлеген жоқ. Бірақ қазіргі уақытта  тамам ел ішін  қамалаған пішін көрсетіп, Ұзақ пен Жәмеңкенің аузынан шыққан сөзін сабырсыздықпен күтіп отырған.

Бірталайдан бері не дерін білмей үндесе алмай бет-бетімен иығы түсіп тұнжырап отырған соң, аяғында Жәмеңке мойнын сыртқа қарап бұрып салып:

– Баяғыдан бері албан баласы қарын шашы алынбағандай болып, ала бөтен амандықпен келіп еді. Мына 75-ке келгенше малы-басы пәле-қазаға ұшырағанын көрген жоқ едік. Бұл тау арқасындағы елдің ұйқысы қалың еді. Таудың киігіндей кең жайылған тіршілігі бар еді.  Албанның тоқсан, жүзге келген шалы болса да бұл елдің қыс күнінде жұтағанын, жаз күнінде  індетке ұшырағанын білмеп еді. Мал мен бастың амандығы бар-ақ еді. Е...е... е... ол да бір дәурен екен. Орыс ормандай дұшпанның  қастығы мен торуы айықпаса да, көп зәбір келтірсе де, соны елемей  келе жатқан ел бар еді. Енді мына бүгінгі күн мынадай кер заманға кездестік. Қалың апат селге киліктік. Баяғы өткен ата-бабаның абырой-бағын бізге берген жоқ. Олардың тұсында ел бұндай пәледен аман еді. Енді сені мен менің заманымда  албан баласы мынаған кез болды, батыр!.. Өткелде түйенің үлкені таяқ жейді... Айтсаң да, айтпасаң да,  тұйықтап келіп қамалдың. Қолыңнан тартып шығаратын қайран жоқ. Ұлық кәр қылғанда бізге қылады. Бірақ бас амандайтын күн емес... Бір біздің амандығымыз кімге тұлға болады? Қамалған елге біз сөйлемесек, кім сөйлейді? Енді ойлағаныңды айт, батыр!..  – деп тоқтағанда, Ұзақ екі көзінде шықпақ оты жылтылдағандай болып булыққан ашумен:

– Ел аман еді. Жайлау жарасып еді. Қарын шашы алынбап еді дейсің. Қазақтың аяғына жем түсіп, ұлы бойына оқ тигені  бүгін ба екен? Мойнына бұғалықтың түскені әлдеқашан емес пе еді.? Бүгін тұқыртып, біржолата  шөктіргелі, темір қолы құлаққа келіп жабысып отыр, баяғыдан қорыққанда неден қорқып, сыйынғанда неден сақта  деп сыйынып едің? Көптен торып, обырдай  обып келіп,  енді түгіңмен жалмағалы отырғаны осы. Бұл бүгін емес, көптен келген пәле де.  Енді жетер жеріңе жеттің... Айтқандай асау болсаң, енді тұяқ серпетін шағыңа келдің. Абиырдың ашылып, мол дәулеттің ақтарылатын  күні міне енді туды... Ел болар болсаң, енді сіресіп ұстасып көр... Шыдаймын деп ұстас... Мен айтсам соны айтам... Жоқ, олай емес болатын болса, әне ұлығың, бар да ұсына бер ... – деді.

***

...Бір ауыздан «бермеймінді» айту  қажет. Сол елге белгі. Сол бірді бірге қосады. Құрастырады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарады. Соны шала бұла ұғынған сайын  әрбір жиналушы жас-кәрінің  бәрі де бойына  айдын қайрат жиып, ызалы, намысты, кіжінулі сияқты еді. Таңертеңнен бері жәрмеңке жазығын жан-жақтан  құйылған топ-топ аттылар әрлі-берлі шиырлап, шұбартып басып кетті.

Бұл жазыққа ат жалын тартып мінген еркек атаулысын лек-легімен әкеліп төгіп жатқан айналадағы бар албанның жайлаулары бар еді. Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Көктөбе, Көкбұлақ, Сырт, Лабасы, Ақбейіт, Тұз, Кеген бәр-бәрінен шыққан будақ-будақ түтіндей буын-буын топтар жапырылап, қайнап молайып келді. Жәрмеңке айнасындағы үлкен тау, терең  сайлар, кең жылғалардан жазыққа қарай шұбыртып ақтарылып, ағылып жатыр.  Ұшы-қиыры, шегі жоқ тасқын сияқтанып төгілуде, жиылуда...

 

***

Серікбай бұның соңғы күндердегі осы сияқты ызыңдарын көп естіп қажығандай еді. Сондықтан қабағын шытынып:

– Қой енді ызыңдамай, қой дегенім қайда? Осы елді ойнап жүр деймісің өзің? Даладағы егін түгіл, қолдағы қоралы қой, қостылы жылқыдан безерсің әлі, тұра-тұр.

– Безгенімізше  талшық керек емес пе? «Түстік өмірің болса, күндік  мал жи» деген... – дей беріп еді:

– Күндік малың бар болсын! Осы қолыңдағыңа ие болып тұрсаң да болады. Осы да жетеді. Маған байлық керек емес. Мен Оспан емеспін. Дүниеқор қылғың келеді ғой. Мен егін жиямын десем,  ертең осы  бәрі егін мен пішеніне кетеді. Жаңа өзің де естідің, құлағыңнан ағып кетті ме? Елдің барлық жігіті ат мініп, қару асынып күтініп жатыр дегенді естіген жоқпысың? Соның ішінде қайсысы, байлығына, барлығына сеніп, қазынасын үйіп қойып отыр. Ер басына күн туған деген осы. Бұл күнде бас амандығынан, ел намысынан басқаны  тілеймін деп отырған кісі жоқ. Аттан, қамдас,  шаруаны таста, барыңды ортаға сал. Ертең ұран шақырылған күні аталған жерге түгел жинал. Шаруаға, дүниеге алаңдама. Осы өткелден өтпей тыныштық жоқ. Мал дүние арам. Тобыңды жазба, шашырама, күндіз-түні дайын отыр. Бір еркек шет жайылды ма.! Бүгін болмаса, ертең басталады деп әдейі осы елге осылай ақыл беріп отырғанымыз жоқ па? Соны көріп отырып мен шаруа ойлап, тықақтық қылсам ел қайтпек? Кімді ұстайсың сонан соң? Шақырғанда кім дайын болады? Бұйымдарымды теріп жүр едім деймін бе? Не айтамын? Не айтамын? Не бетімді  айтамын албан баласына.

– Е, өзгелер шаруасын ойламай жатыр ма? Әне жіберіпті ғой Оспан?

– Оспан албан баласы ма екен? Ол арам сирақ. Ол елден шыққан орыс болып кеткен. Ол албанның аруағынан садаға кетсін.

 

***

Жігіттер тобын бастап ертіп кеткен Ыбырай екені рас еді. Ол дөңгелек үлкен жауы-рынды, зор жуан қызыл жігіт болатын. Жасы отыздың ішіне келген, қылдай қатты, сояу қара мұртты, шоқша сақалды бар  ер жігіт еді. Қызыл бөрік ішінен өзіне  сайлап он шақты мықты жігітті ертіп алып,  қалмақтан, қырғыздан, айналадағы қазақтан үйірлеп жылқы алып, бірінен-біріне өткізіп, ат үсті суық жүріс жүретін.  Атағы шыққан ер, өжет, қырағы,  сергек ұры еді. Соңғы шақта қашқындау  да болып жүрген. Өзінің де жолдастарының да бередеңке мылтығы, алтыатары, айбалта, найзалары дайын болатын.

Таңертеңгі  ауыл-ауылдан  жосылып, шұбыртып жатқан топ өз ауылының үстіне келгенде  бұл қасындағы он, он бес жігітімен ылғи жүйрік  жарау сәйгүліктерге   мініп, қыл жалауды найзаны көтеріп шауып келіп:

– Тарт менің артымнан! Бүгінгі күннен қалған жан-жан, мал-мал. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі. Уез болмақ түгіл, жандаралы болса да көріп алайын! Тек спесікке қол қойсын. Сонда ойынды бастаймыз. Жүр, неге тұрсың түге! – деп тауға  қарай  қалың топты  шұбыртып шаба  жөнелген...

***

Ондағы топ молайып, етек алып ендеп келе  жатыр дегенді естіген соң, Ақжелке мен командир  соңғы  күндерінде іштеріне  тығып жасырып жүрген бір сырын тағы да  сыртқа  шығарып көк жотаға  таман беттетіп қойған. Ол алдыңғы күні  Қарақолдан  алғызған пулемет болатын.

Бұндай қару болған кезде  қазақ тобынан қасап қыруға  болады. Өзі қарусыз, өзінде  соғыстың  ешбір айласы, тәсілі  жоқ, қойша үйіліп топырлаған қазақ пулеметтің аузына қарай бір жосылып көрініс берсе, бұрын татып көрмеген сыбағасын алады. Соны ойлағанда  жәрмеңке  ұлықтары  іштерінен тегіс  риза  болып  жымиятын.

Қазақтың алдында құрулы  қақапан, көлдеңдеп қазылған ор дайын тұр. Таңертеңнен бері әрбір арбаның  түбінде ажал  оғы  аңдып, сығалап қарап, «қанды басың бері тарт» деп отыр. Бәрінен  де сенімді, бәрінен артық қайрат  беріп, көп  оғы бар пулемет кезеліп тұр.

...Қалың топта бүгінгі  барлық соғыс  ішіндегі ең жұбанышты, ең көтеріңкі  мезгіл осы шақ болды. Шаң ішіне түсіп, сансыз қалың топтың  арасынан келіп киліккен солдаттар мылтық сияқты қаруға  қол сала  алмай, қоянқолтық араласқан соң қылыштарын жалаңаштап алып, сонымен қайрат қылмақ болып еді.

Қазақтың найза, сойыл, айбалта ғана ұстаған бұл жігіттеріне күй көңілдегідей қолайлы келді. Көптен өзара сөйлескенде ел жігіттері: «Әттең, мылтықсыз ғана келіп айқасатын күн болса» десетін. Сол шағы жаңа келгенін  көрген соң, барлық жігіт  құлшынып, жауланып кетті, екіленіп, екпіндеп келіп кірісті.

Айтқандай алғашқы кезде бір солдаттың  қылышы  бір қазақтың бойына  тие алған жоқ. Топ ішінде алдыңғы қатарда  келген Көкбай, Жансейіттер қолдарындағы шоқпар, сойылмен қылыш ұстаған солдаттарды ылғи шекеден қағып,  бойларына дарытпай, алыстан  ұрыс салып жөнелді. Алдыңғы қатарда келген бұлар бет алдындағы жаяуларын бір-бір салғанда ұшырып түсіргенде,  өзге солдаттар қоян-қолтық болып жатқандай ұмтылып еді. Бұндайлардан ел жігіттері  жалтарып, қашқалақтай соғыс салды. Өйткені көпшілік қашып жүрсе де, артымен де ұрысады. Қуып келе жатқан жауын аттың жалына қисайып жантая беріп тізеден де, тобықтан да, білектің қарынан да  ұрып кетеді....

– Мұхтар көке, Сізге қалың Алаштың атынан мың алғыс!

P.S. Ұлы Мұхтар Әуезовке осылай ғана  қарапайым түрде сауалдар  қояр едім. Өйткені данышпан, кемел ойлы қаламгерге  жөнсіз артық ауыз  сөйлеп, бүгінгі көптеген  көрбілте  пенделердің  шынайы кейпін, оқудан ада  жүрген қалпын, біліп-білмей  жасаған  қателіктерін қалай білдіремін. Жәй ғана алақандай Англияны ғана мысалға алайықшы: Робин Гуд туралы  қаншама  хикаят, сан түрлі  фильмдер, симфония, балет, ән жазылған; басқа-басқа  саяси қозғалыстар мен түрлі  партиялар бар деседі білетіндер.

Ал бізде ше? «Қилы заман» туралы не білеміз? «Қарқара көтерілісі» туралы  тарихи  өлкелік  мұражай бар ма? Жоқ! Кинофильмдер бар ма? Жоқ! Шетелден келген қонақтарға , туристерге  мақтанышпен көрсететін  не бар?

Біз осы қандай жұртпыз?!.

 

2010 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы