• Руханият
  • 16 Мамыр, 2013

Егер Абдолла тірі болса...

«Егер Абдолла тірі болса мен осы бір жолдарды жазар ма едім, жазбас па едім. Ол жағын айта алмаймын. Бірақ, 40 жылдық торқалы тойдың қарсаңында өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көрген серігім, ардағыма балаған асыл жарым Абдолланың әруағының алдында үнсіз қалуды жөн көрмей, оның сынып жетекшісі болған сүйікті ұстазы, бүгінгі күні менің ақылшы ағайым, балаларымның ардақ тұтар аталары болып жүрген қадірлі Зинабдин ағай туралы өзімнің сәл  ғана жүрекжарды тілегімді білдіргім келді. Жалпы, бұл мөлдір  сырым мектеп бітіргенімізге 40 жыл толып отырған Абдолланың да, менің де сыныптастарыма арналады. Сол себепті де бұл сырды Абдолланың сәлемі деп қабыл алғайсыздар, аяулы «Талап» ауылындағы сыныптастар!».                                                                                                                                                                                                                                                                                            Автор. 

Күні кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік. Күмбірлеген қоңырау үні құлағымызда сақталып  қалды. Балалық шақтың қысы мен жазын, көктемі мен күзін ұстаздар қауымымен бірге өткізген шақтарды айтсайшы! Ол күндер де бүгін естелікке айналыпты. Бала кездердің зымырап артта қалатынын кім білді дейсің?!...  Қызығы мен қиыншылығы қабаттасқан он жыл да артта қалды. Осы он жыл ішінде ұстаздарымыздың арқасында білім нәрімен сусындап, тәрбиелі, тәртіпті шәкірт атандық. Сынаптай сырғып өте шыққан қайран уақыт-ай десеңші!...  Иә, осыдан қырық жыл бұрын үлкен өмір көкжиегіне қанат қағар сәтте арманы алысқа шақырып, жастық жалыны бойларында алаулаған шәкірттер мен көңілдерін қимастық сезім жайлаған ұстаздар қауымының толқитын сәті болып еді. Жанарларынан қимастықтың ұшқыны сезілген ұл-қыздардың қасында көңілдері толқулы ата-аналар да жүрген болатын. «Тарыдай болып кірген алтын ұяларынан таудай болып шығып» бара жатқан шәкірттер санасында ұстаздарына деген қимастықтарымен бірге сыйластықтары да басымдау болды. «Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйласа, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, бала шақтан болашаққа қадам бастырып, сәт-сапар тілеген ұстаздар қатарында Абдолла екеумізді үлкен өмірге дайындап, қанаттарымызды қатайтып, алтын ұядан ұшырған ардақты сынып жетекшілеріміз Зинабдин ағай Шермағамбетов пен Тұрсынхан апай Шәлдибекова бар болатын. Біз қайда жүрсек те алтын ұя мектебімізді, аяулы ұстаздарымызды ұмытқан емеспіз. Олар шеттерінен өте қарапайым, мейірімді, ақкөңіл, кішіпейіл жандар болатын. Біз осындай білімді де білікті, өнерлі ұстаздардың шәкірттері болғанымызды мақтан тұтып едік. Өмір көш-керуен секілді. Жолы да әртүрлі болады. Бір жерлерде жол теп-тегіс жайлы болса, енді бір жерлерде бұрысы мен бұлталаңы, ой-щұқыры  көп болып кетеді. Міне, осы көш-керуенмен бірге ілесіп біз де келе жатырмыз. Осы бір өмір-жолымызда бізбен қапталдасып келе жатқан жандар бар. Олар – туған-туыс, дос-жаран, замандастар легі. Сол лектің ішінде өзінің асқан зор ақылдылығымен, кішіпейілділігімен ыстық лебізін білдіріп, әрдайым тілеуқор болып жүретін бір жандар болады екен. Ондай жандардан сен жан-дүниеңе жұмсақ тиер жылылық табасың. Ақылшың бардай арқа сүйейсің. Қашан да қамқор құшағына зәру болып тұрасың. Араларыңда мөлдір бір сыйластық, сағыныш пен қимастық болады. Маған да сондай рухани аға болып, апа болып жүрген жандар бар. Олар –  Абдолланың ағайы, яғни біздің Зинабдин ағайымыз бен менің Тұрсынхан апайым. Мен қасымда осындай бір жақсы адамдардың жүргеніне Аллаға шүкірлік айтамын.                                 Өз жұмысына жан-тәнімен беріліп, жасаған еңбегін ел-жұртының кәдесіне арнаған жандарды шынайы ұлт жанашыры деп айтады ғой. Ендеше, бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, ұстаздықтың ұлы жолында келе жатқан қарапайымдылығынан даналығы, дархандығынан данышпандығы көрініп тұратын жан Зинабдин ағайымыз да нағыз ұлт жанашыры деп айтуға тұратын жан. Ол кісі қашан да қарапайымдылықтың шапанын киіп, адалдықтың ақ туын қолына ұстап, сенімін серігі етіп келе жатқан, суықты да, ыстықты да бір кісідей басынан өткізген, адамдықтан аттамайтын, сертіне адал, уәдеге  берік, антқа адал жан.                                                      Зинабдин ағай өте қарапайым жан. Сол қарапайымдылығының өзі тұлғасын таудай етіп жібереді. Сағыныш сезімі жүректі ғана емес, қаламды да тербетті. Кейде сағымға айналған жылдарын есіне алғанда сыршыл жүрегінен небір әдемі өлең жолдары төгіледі. Жастау кезінде бойынан  серілік байқалатын ағайымыздың бойында бүгінгі күні тектілік білініп тұрады. Бір басына жетерлік беделі де, абыройы да бар. Бүгінде бүкіл Жаңақорған өңірі мақтан ететін, ақыл-кеңес алатын ақылман қарияға айналған. Азаматтық бейнесі кесек. Ауылда той-жиын бола қалса ол жиын Зинабдин ағайсыз басталмайды. Тойдың төрінде отырып ол кісі айтатын ұлағатты сөздерін жұртшылық ұйып тыңдайды. Ағайдың иірімді ойларымен, терең қабілетімен, шешен сөздерімен ел-жұрттың назарын өзіне аудара, жұртты аузына қарата білетін қасиеті де бар. Бұрынғы замандардан бері шешендігімен, көрегенділігімен, қимылымен тасты үңгіп, тауды жаратындай адамдар болған. Біздің ағай сондай жандардың сарқыты секілді. Қандай мәселе болсын ерекше мән беріп, орынды шешім шығарып, салиқалы отырыстарда парасатты ой-пікірлерін айтып, ел сүйіспеншілігіне оранған жан. Кісіге қылдай қиянаты жоқ, ешкімнің артынан ғайбат сөз айтпаған жанға халықтың бағасынан артық лебіз болмаса керек-ті. Негізінде, ол кісінің ағайындар арасында, жора-жолдастардың ортасында, бала-шағаның алдында  алатын орны орасан зор. Алыс-жақын туған-туыс болсын, отбасылық жолдас болсын, тіпті, қаймана қазағыңның өзі ПІР тұтатын, түрлі жағдайларда алдына келіп жүгінетін, ақыл-кеңес сұрайтын осынау ағамыз зейнеткерлік жаста жүрсе де  ел-жұртынан өзін бөлектеп кеткен жоқ. Әлі күнге халқының қамын ойлап, елінің ертеңі үшін алаңдап жүрген жанның бірі де бірегейі.  Қазіргі күні ауданның «Ақсақалдар алқасын» басқаратын ағайымыз бұрын аты бар, заты жоқ жұмысты кәдімгі қызмет атқарар мекемеге айналдырып, оның жұмысын «дөңгелетіп» отырған жайы бар. Қажетті іс-қағаздарын реттеп, керекті шаруаларды бел шеше кірісіп шешіп, бір тыным таппайды. Бүкіл ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне, білім саласына, ауданның идеологиялық жұмыстарына арнаған ағайымыз осынау жұмысын да мемлекеттік жұмыстан бір кем көрмей, ауданаралық жұмыстардың бәріне араласып келеді. Бұрын атын ғана білетін ел-жұрт қазір бұл ұжымның әрбір мүшесіне дейін анық таниды. Қазақтың маңдайына біткен ақылмандары, үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билеріміздің қағидасына қашан да құлақ түріп, үлкендер сыйлап өскен ұрпақтың санатынан болғандықтан олардың ел алдындағы беделдері биіктеп, абыройлары асқақтады. Міне, ұжымды осындай дәрежеге жеткізген әрине, біздің Зинабдин ағайымыз екені беп-белгілі. «Жақсының жақсылығын жайсаң ғана ұғады» демекші, ағайдың бүгінгі ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегін игі жақсының бәрі құрмет тұтады, өздеріне үлгі ретінде қабылдайды. Туған жерінің, туған ауылының жақсысы болса қуанып, жамандығы үшін жаны ауыратын ағайдың өзін-өзі қамшылап келе жатқаны бізді де қуантады. Ағайын-туыс арасында жүретін ағайынгершілік дейсіз бе, қиналған, тарыққан жандарға қол ұшын беру дейсіз бе, шешілмей жатқан мәселе, күрмеуге келмей жатқан дүние бар ма, соның бәрінің қасынан табылатын ағайды ойласам тіпті, бүкіл Жаңақорғанның өзі осы ағайыммен тыныс алып тұрғандай болып сезіледі. Қашан көрсемде саспайтын, бір қалыптан аспайтын, тау тұлғалы байсалды, сабырлы қалпынан айныған емес. Азаматтық еңбегімен қашан да адамдықтың, адалдықтың биігінен көрініп жүрген абзал ағайымыздың ағайын арасында алатын орны биік, жолдас-жораларының арасында мәртебесі зор, бала-шағасының алдында беделі үлкен, ел-жұрты мен халқының алдында абыройы асқақ. Күйбең тіршілікпен алысқан жақындарына барып жағдайларын білу, өзінен үлкен көнекөз қарияларға барып қолын алып, шүйіркелесіп қайту, отау тігіп, бас қосқан жастарға барып бата беріп, ақ жол тілеу, аудан басшыларының келелі кеңестеріне қатысып, ақыл-кеңестерін білдіріп, жөн сілтеу, ел-жұртының алдына шығып, салиқалы да салмақты ойлар айту, бала-шағаның алдында отырып жол көрсету, немерелерінің ортасында отырып олардың қызықтарына  бөлену, Зөреш апайымыздың қасында жантайып жатып, апай құйған күрең шәйді баптап ішіп, онымен бірге өткізген тәтті де сәтті шақтарын бір барлап қайту Зинабдин ағайымыздың бұлжымас әдетіне айналған. Міне, біздің өміріміздің кредосына айналған, кешегі ұлағатты ұстаз, бүгінгі ел-жұртына рухани жанашыр жан Зинабдин ағайдың бүгінгі келбеті осындай.                                                             Сонымен бірге Зинабдин ағай нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деуге саятын адам. Кейбір отырыстарда салатын әуезді әні бар. Кең тынысты, қоңыр дауысына тұлғасы сай ағайымыз әлі де болса тұғырынан тая қойған жоқ. Кезінде ол кісі салатын Абайдың әндері Талап ауылының алқаракөк аспанында талай-талай рет аспандап барып, әуеге сіңіп жататын көрінеді. Ағай айтатын «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты әндер талай бозбаланың жүрегінде махаббат отын жаққаны да анық екен. Сазды әуені талай жанның сезімін оятып, жастық шақтың небір тылсым түндерінде бозбала мен бойжеткеннің бір-біріне деген жүрек лүпілдерін тыңдатыпты. Айлы түнде, ауыл сыртында қол ұстасқан ғашық жандар ағайға еліктеп Абайдың әндерін айтып, сүйген жандарына жүрек сырларын шертетін көрінеді. Маған мұның бәрін Абдолла айтып берген болатын. Сынып жетекшісі болып жүрген ағай Абдолла үшін идеалға айналған екен. Ағайға еліктеп өскенін, ағай айтатын әндерді айтқысы келетінін жасырмайтын. Оның да әдемі қоңыр дауысы бар еді. Ол ағай айтатын әндерді отырыс-жиындарда үнемі айтып жүретін. Ол өзі жасаған хабарларының бәрінде де бір ауыз Абай өлеңдері туралы айтпай кетпейтін. «Абай әндері – менің жанымың дауасы секілді. Менің жүрегім Абай жүрегімен бірге соғып тұрғандай» деуші еді. Өзін Абай елінде, Абай дәуірінде жүрген жандай сезінетін. Екеуміздің біздің Аспантаулар өлкесіндегі Талды жайлауында жұлдыздары жымыңдаған айлы түнде, жаңа кездескен ғашықтардай ауыл сыртындағы гүрілдеп ағып жатқан өзен бойын жағалап, қол ұстасып қыдырған түндеріміз бүгінде сағымға айналып, тым-тым алыста қалып кетті. Мен қазір сол бір күндер мен түндерді де, Абдолланың қоңыр дауысын да сағынып жүрмін... Енді осы жерде мен кешегі күнгі  жоғары білімді ұстаз, бүгінгі күнгі  – зейнеткер, адал жар, асыл ана, аяулы әже Зөреш апай туралы айта кету орынды деп ойлаймын. Халқымызда «Ерін сыйламаған әйелден ел қашады» деген қасиетті сөз бар. Ақылына ажары сай, пайымына парасаты астасқан, сұлу да сымбатты, көркіне келбеті келіскен Зөреш апай өмірдегі қосағы болған ағайымыздың жүрген ортасында беделінің биік, мәртебесінің зор болуына, абырой мен жақсылыққа кенелуіне үлкен үлес қосып келе жатқан жан екенін айтқым келеді. Қызылорда қаласында оқып жүріп танысқан олар жастықтың жалынды күндерін, махаббат, қызық мол жылдарды бастарынан өткізді. Зөреш апай 1 курсқа түскен кезде ағай 3 курста оқиды екен. Екеуі ең алғаш жерлестер кездесуінде танысады. Жастық жылдардың аясында, бойжеткен шағында, студенттік өмірдің сырға да, жырға да толы кезеңінде келбеті келіскен әдемі жігіттің кездесуі апайымыздың бірден аңсарын ауғызады. Әдемілікті ұнатпайтын қыз бар ма, сірә да?! Сұлу да сымбатты, ақылды да арлы, нәзік те кішіпейіл қызға қайсар да қайратты, білікті де білімді,  өнерлі де іскер жігіт кез болады. Осылайша араларында аяулы бір сезім туады. Махаббатттың, жастықтың мәні де, сәні де, әні де осы еді. Бір-біріне көңілдері кеткен екеуі оқуларын бітіріп, елге келген соң араға бірер жыл салып барып бас қосыпты. Жайылмадай шағын ауылда туып, 4-ші сыныпты сол ауылда бітірген Зөреш апай 5-6-7-ші сыныптарда аудан орталығы Жаңақорғанда оқиды. Сосын 8-9-10 сыныпты Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте аяқтайды да, 1962-ші жылы Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт атындағы) педагогикалық институттың ағылшын тілі мамандығына түседі. Сөйтіп, 1966-шы жылы институтты ойдағыдай аяқтаған апай сол жылы ашылған Жайылма сегіз жылдық мектебіне алғаш оқу ісінің меңгерушісі болып орналасады да ағылшын тілінен сабақ береді. Бірақ, қаршадай қыздың пысықтығын ескерген аудандық оқу бөлімінің басшылары көп кешікпей апайды осы мектептің директорлығына көтереді. Міне, осы тұста аудан атынан облыстық көркемөнерпаздар байқауына қатысқан апай бірден көзге түсіп, биші Абиров Дәурен құрған «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің құрамына қабылданып, республикалық байқауға қатысады. Ақыры, Абай атындағы опера және балет театрында өткен байқаудың қорытындысы бойынша Москвадағы Қазақстанның онкүндігінен бір-ақ шығады. Сөйтіп, 10 күн бойы Москва жұртшылығына мың бұралған биін сыйлаған апай «биші қыз» атанып елге оралады. Сол жылы жазда «Сыр сұлуының» сымбатты да сылқым бойжеткен қызы Сырдың бойындағы «Жайылма» ауылынан ұзатылып, Қаратау етегін жайлаған «Кеңес» ауылына келін болып түседі. Зинабдин ағай екеуі де  дархан дала төсінде еркін тыныc алып, игі жақсылардың арасында өскендіктен болар, олар бірден-ақ ел аузына ілінер отауға айналады. Бірлесіп өнегелі отбасын құрады. Апайымыз кеңпейіл, ақжарқын, көпшіл, қонақжай, өте ақкөңіл адам болған екен. Осы қасиеттері арқылы туған-туыс тұрмақ, бүкіл ауылдың, ел-жұрттың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленеді. Әулеттің ғана емес ауылдың үлгі ететін келініне айналады. Зинабдин ағайдың кәрі ата-анасының қас-қабақтарына қарап келіндік парызын ойдағыдай орындай білген апайымыз ол кісілерді көздері жұмылғанша жас баладай мәпелеп, бағып-қағады. Апай бірден өзінің ибалылығымен, ізеттілігімен ауыл адамдарының назарына ғана ілініп қоймай, мектеп өмірінде де  өзінің іскерлігін таныта біледі. Төменгі сыныптарға оқу-ісінің меңгерушісі бола жүріп, жас мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары арасында «Сыр сұлуы» тобын құрады. Сөйтіп, бұл топ жыл сайын аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінде тек бірінші орынды ғана иеленумен болады. Сол бір шақтарда «Сыр сұлуының» мүшелері ауыл-ауылды аралап концерттер қоюды ұйымдастырады. Отбасын өздерімен бірге түтеткен Нетәли ағай мен Қанымша апай да ажырамас достары болыпты. Күндіз мектепте, кешкісін дайындықта бірге болатын достар осы кезге дейін араларындағы достықтың жібек жібін үзбей, аялап келеді. Тек, Нетәли ағайдың еретерек қайтыс болып кеткені болмаса, Қанымша апаймен аралас-құраластықтары баяғыдай. Сол бір шақтарда Зөреш апай мен Қанымша апай екеуі қосылып салған әндер әлі күнге бояуын жоғалтпаған. Арада 50 жылға таяу  уақыт өтсе де қазір бас қосқан отырыстарда екеуі қосылып ән салады. Тура баяғыдай. Жүрек шымырлайды. Осы бір сағынышқа айналған жылдарын еске алғанда екі апайымыз да ерекше бір толғанысқа түседі. Олар салған мына бір ән жүректі шымырлатып, еріксіз сол бір жылдарға жетелейді.

Есімде бәрі, бәрі де менің есімде,                                                                                                

Қуаныш болып, сағыныш себелесін де.                                                                                        

Сұрасаң айым, тұрасың дәйім тамшы боп,                                                                          

Мендегі мөлдір жүректің терезесінде.                                                                                       

Әрине, жастық шақтарын жұптарын жазбай бірге өткізген осынау жандар үшін осы бір әннің әрбір сөзі қымбат болатын. Нетәлидей жарынан ерте айрылып қалған Қанымша апай достарымен бірге болғанда жарын еріксіз еске алады. Міне, сол сәтте осынау ән айтылатын еді. Алпыстың асуынан асып, жетпістің етегіне жетіп қалған апайларымыз күрсіне тұрып осынау әнге салғанда Зинабдин ағайдың да жүрегі «сыр» беретінін талай мәрте байқадым. Ерекше толқыған ағай алақанымен қос жанары жасқа толған Қанымша апайдың арқасынан қағып жұбататын еді. Осыдан қарап мен Зинабдин ағайдың досқа адалдығын, дос көңілін таба білетіндігін тағы бір баға жетпес қасиетінің бірі деп ұқтым.     Осылайша күнделікті жұмысымен бірге мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатысқан Зөреш апайымыз жиырма жылға жуық мектепте қыздар комитетін басқарса, совхозда әйелдерден құралған комитетті де басқарады. Сөйте жүре өмірге бес перзент те әкеліп үлгереді. Аллаға шүкір, ағайымыз екеуінің еткен еңбек, төккен терлері босқа кетпепті. Тәрбиелі де саналы болып өскен балалары бүгінде бір-бір отаудың иесі болып, әр салада жемісті еңбек етіп жатыр. Үлкен ұлдары Низамедин Ақтау қаласында құрылыс компаниясын басқарса, келіндері Анар  музыкант болып жұмыс істейді. Екінші ұлдары Мейрамбек Қызылорда облыстық білім, ғылым саласындағы бақылау департаментінің бастығы болса, Гүлнар келіндері есепші мамандығын игерген. «Қыз – өріс» деген ғой. Қыздарының үлкені Көркем Қызылорда қаласындғы темір жол ауруханасының терапия бөлімін басқарады. Мамандығы кардиолог-дәрігер. Күйеу балалары Асылбек поезда жолсерік болып қызмет атқарады. Ортаншы қыздары Айгүл Өскеменде тұрады. Мамандығы есепші, жолдасы Бауыржан Өскемен қаласының құрылыс бөлімін басқарады. Ал кенже қыздары Әлия Ақтау қаласындағы ішкі істер бөлімінде ақпарат басшысы, әрі «Ақтау-Қазақстан» телеканалында диктор болып та жұмыс істейді. Бұл енді Әлияның бала күннен бері келе жатқан арманы. Жұмысы қанша қаурыт болса да арасында уақыт тауып эфирден көріну оның хоббиі. Осы балаларынан көрген балдай тәтті немерелері –  Ғазиз, Ғалым, Жәния, Әзиза, Елдана, Бақдәулет, Айзере, Арсен, Олжас, Айдана, Анеля, Бахтияр, Нұрайлар  өсіп келеді. Ал, ағай мен апай болса солардың тәтті қылықтарына тоймай, тату-тәтті өмір кешуде. Бұл үйден шеттерінен инабатты, ізетті балалар өсіп шыққан. Яғни «әкеге тартып өскен ұл, анаға тартып өскен қыз» бар. Ұлдар әкесіне тартып халықтың қамын жеп жүрсе, қыздар анасына тартып  жандары нәзік, ақылды да әдемі,  нұрлы да көркем болып бойжетті. Қылықты келіндерінің өзінен әйелдің асқан зор мейірім иесі екенін байқататын асыл қасиеттер барын айтуға болады. Әйел адам өмірден өз орнын адаспай тапса, бағының жанғаны деп есептеген. Көңіліне пейілі сай Зөреш апай келіндеріне берген жүрегінің жылуын олар есігін аттаған күннен бері төгіп келеді. Сол пейілінен, сол көңілінен айныған емес. Әлі күнге оларға деген жүрегінің жылуы, шуақты сезімі азайған жоқ. Өзі де кезінде келін болып түсті. Ене алдында келіндік борышын адал атқарды. Отбасылық өмірдің күйініші мен сүйінішін де, ащысы мен тұщысын да  бір кісідей басынан өткізген ол кісі енді өзінің енесінен үйренгенін келіндеріне үйретіп келеді. Дана халқымыз «Ене көрген – ер сыйлар, ер сыйласаң  – ел сыйлар» деген емес пе? Ес білгеннен-ақ терең тамырлы қазыналы қариялардың айтқан ақылдары мен жақсы-жақсы сөздерін жадына құйып өскен ұл-қыздар кемел ой, келелі істердің басы-қасында жүрген, асыл қасиеттерімен сыйлы болып жүрген жандар. «Жігіт сәні – алымы мен салымы болса, әйел сәні – сымбаты мен сүйкімділігі» деп бекер айтпаса керек-ті. Низамедин мен Мейрамбек қалтқысыз еңбектерімен алымды, салымды болса, Анар мен Гүлнар өздерінің сымбаты мен сүйкімділігінің арқасында өз орталарының, әулеттерінің сәніне айналып жүр.                                                             Зинабдин ағай бен Зөреш апай отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығын да, суығы мен жылысын да, ауыры мен жеңілін де, қуанышы мен жақсылығын да бірге тартты. Өмірдің ащысы мен тұщысын да бірге көріп келеді. Қиналса бір-біріне демеу  болды. Алғаш отбасын құрғаннан-ақ төрінен қонақ үзілмеген шаңырақ күні бүгінге дейін солай. Есіктері ертелі-кеш жабылған емес. Бүкіл туыс-туғандарын, тіпті олардың балаларына дейін осы уақытқа дейін өздері тәрбиелеп келеді. Сол себептен де шығар, олар осы күнге дейін аға үйінің маңын торуылдайды, ағаның тұлғасын пана тұтады. Туған-туыстан басқа жора-жолдас, қызметтес адамдар, таныс-білістер секілді қонақтардан да арылған жоқ. Әлі күнге Зөреш апайымыздың қазаны оттан түскен емес. Ертеден кешке дейін қазан-ошақтың маңында жүретін Зөреш апайымыздың кейбір сәттерде шаршайтыны да рас. Бірақ ондай кездерде апайымыз ешуақытта да реніш білдірмей, қабағын шытпай, шыдамдылық танытып, төзімділік көрсетеді. Ауыртпалықтарға арқасын төсеп, қайыспас қара нардай болып келе жатыр. Осындайда атам қазақтың «Әйелдің қырық жаны бар» деген сөзі еске түседі екен. Әйел адам қандай нәзік болса соншалықты шыдамды да болып жаратылған ғой. Ол да ет-сүйектен жаратылған пенде. Бірақ, ол ит жанды, әрі қырық шырақты көрінеді. Қанша қиналса да бұратылып жүре береді екен. Ауырса да шыдауға тырысады. Сырын да, мұңын да ішіне сақтай білетін аяулы жан. Ал, отбасы тыныш әйелдің жаны да тыныш, көңілі де шат болады. Сондықтан да әйел адам отбасының тыныштығы мен берекесін сақтауға тырысады. Мен қазір Зөреш апайға қарап отырып ұзақ-сонар ойларға батамын. Таң қылаулап атқанда орнынан тұрып ата-енесінің дәрет суын жылытудан басталатын үй мен түздің бітпейтін, көзге көрінбейтін тіршілігі апайымыздың етінің тірлігі, қимылының ширақтығының арқасында іске асып жататынға ұқсайды. Алдымен қозы-лақтарды ауыл сырытына айдап салып, сосын сиырын сауып, бадаға қосып келеді екен. Осылайша таңның атысынан күннің батысына дейін, тіпті түн ортасына дейін созылатын шаруаларының арасында отқа оранып, күлге көміліп нан да жабатын, үлкен кісілердің ыстық тамағын да уақтылы дайындап үлгеретін, етегіне оралған балаларымен жағаласа жүріп отағасының жағдайын да жасайтын, мектептегі сабағына дайындалуға да уақыт табатын, сабағын да өткізіп үлгеретін, кешкісін дайындыққа да қалмай баратын, мектептегі қыздардың тәрбиесіне де бел шешіп кірісетін осынау апайымыз маған ерліктің де, өрліктің де бір белгісіндей болып көрініп тұрады. Сол кездерде-ақ «жағасын кір шалмасын, шалбарының қыры кетпесін, абыройы төмендемесін»,- деп ағайымызға барлық жағдайды жасауға тырысқан апайымыз күні бүгінге дейін сол қалпынан ауытқыған емес. Әлі күнге ағайымыздың жағдайын жасап, бабын тауып, «жайылып жастық, иіліп төсек» болып келеді. «Ауырып қалмасын, күйзелмесін, уайымдамасын»,- деп ағайымыздың көңілінің күйін табу үшін, ағайын-туыс, жора-жолдас, бала-шаға арасындағы ауызбіршілік, түсіністік болуы үшін, отбасының ауа райын біркелкі сақтап тұру үшін мүмкіндігінше тырысып-ақ жатады. Жалпы, Зинабдин ағайдың отбасында татулық ұя салып, береке билік жүргізіп, ынтымақ салтанат құрған. Ұрпақ ізгілігі жарасқан, жандары жарасым тапқан үлгілі отбасы. Айрандай ұйыған бірлік пен сыбызғыша сызылған сыйластық та осы үйден кездеседі. Ағай мен апайдың татулығы, отбасындағы қарым-қатынастары олардың артынан ерген інілері мен бауырларына, балаларына өшпес үлгі, көнермес  өнеге іспетті. Олар жастық шақтарынан бастау алған бір-біріне деген сезімдері мен сенімдерін әлі күнге аялап ұстап келе жатқан жандар. Бір-бірінің бағасын да біледі, бір-бірін бағалай да біледі. Ағайымыздың ақылды серігі, отбасының сенімді тірегі болып жүрген апайымыздың жарқын істерін бүгінгі ұрпақтары болып өздеріне үлгі тұтады.  Тек, халық үшін еңбек етіп, бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ағайымыз қай бір жылдары аздап ауырыңқырап қалды. Міне, сол кезде Зөреш апайымыз ұршықша үйіріліп ағамыздың қасынан шықпай, ол кісінің барлық жағдайын жасады. Жаңақорған мен Алматының,  Жаңақорған мен Астананың, Жаңақорған мен Қызылорданың арасын таптаған сандаған сапарларында асқан ыждаһаттылық танытып, жарының қасы мен қабағына қарап, жалғыз қалдырмай, әруақытта қасынан табылды. Ол кісінің ыстық ықыласы мен көл-көсір пейілі ағаның орнынан ертерек тұрып кетуіне ықпал етті. Шаршаған сәттерінде, күйзелген шақтарында, қуанышты күндерінде, мұңайған кезеңдерінде де апайымыз ағайдың сенімді серігі, алынбас шебі, мұқалмас жігері бола білді. Жас кезінде өмірінің нұры, көңіліңнің күні болған Зөреш апайымыз ағай қиналған кезде қисайса сүйеді, сүрінсе демеді, сусаса сусын, шаршаса демалыс болды. Жел жағына пана, күн жағына сая екенін көрсетті. Ағай да көйлегінің көктігі, тамағының тоқтығы апайға байланысты екенін жақсы біледі. Шаңырағының алтын діңгегі, жанының жартысы Зөреш апай екенін мойындағалы қашан. Осындай басына қонған ақ құсы, бақ құсы, кеудесіне таққан ақ гүлі сынды жарының бағасына әлдеқашан-ақ жеткен  ағайымыз апайымызды аялап келе жатыр. Жанына қуат сыйлар адал жарының қабағын кірбің шалмаса екен, ақ жүзінен шуақ шашыла берсе екен деп тілейді. Мұхаммед пайғамбарымыз хаддистерінің бірінде «Әйел – Алланың аманаты» деген екен. Сол Алланың аманатын парызы санап, Зөреш апайымыздың басынан құс ұшырмай, қадіріне жетіп жүрген Зинабдин ағайымызға да Алланың нұры жаусын!       Өмірде әйел көтерер жүк қашан да ауыр екені бесенеден белгілі. Сол себепті де әйел адамның күш-жігері мол, жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, пейілі кең болады екен. Олар отының басына жүрегінің жылуын төгіп, айрандай ұйыған ынтымағы мен бірлігін сақтай білсе ғана әйелдік бақытқа ие болатын көрінеді. Ендеше, дүниеге жылы сөз, ыстық ықылас, шапағат пен мейірім шашатын әйел-аналар аман болсын! Мен «Әйел – әдемі әлем»,- деп айтқым келеді. Ендеше, Зөреш апайдай әдемі әлемі бар ағайға тәңірім әдемі қартаюды жазсын дей отырып, осындай жайсаң жанды ағайымыз бен апайымыздың жанымда жүргеніне қуанышты екенімді білдіргім келеді.                    Енді балалық шаққа оралып, оқушылық өмірге де бір соға кетейін. Алтын ұя мектебізбен, аяулы ұстаздарымызбен қош айтысып, болашаққа бет алғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Әрқайсымыз да ӨМІР атты өзеннің толқынында тербетіліп, ескегімізді есіп кете бердік. Өміріміз де тау өзені секілді бір жерде ағысы қатайып, ақшулан толқындары аспанға шашылып, тастан-тасқа шапшыса, енді бір жерде сынық қалпында сыңси ағып жатыр. Кей жерлерде толқынды толқын қуалап біз мінген қайықты қақпақылдап жарға да соқтырады. Дегенмен де біз ескегімізден айрылмай жүзіп келе жатырмыз. Тіршілік толқыны деген осы екен ғой...                    Біздер сол кезде бала болсақ та «Үлкенге - ізет, кішіге - қамқорлық» дегенді бойымызға сіңіріп өскен ұрпақ болдық деп аузымызды толтырып айта аламыз. Аталар мен апаларды сыйлап, олардың өсиеттерін тыңдап, баталарын алатынбыз. Алдымыздағы аға-тәтелерімізден именіп, олардың киім киістеріне, сөйлеген сөздеріне еліктеп жүретінбіз. Солардай болуға құмар болатынбыз. Әсіресе, мектепке жас мұғалімдер келсе, оларды сыртынан көруге ынтық болатын едік. Бұл енді балалық құмарлық болатын. Әлі есімде, физикадан сабақ беретін бір жас қыз көз алдымда қалыпты. Атын ұмытыппын. Ол қыз мектеп директоры Мұхаметәли ағайдың үйінде жатып жұмыс істейтін. Кекіл шашы маңдайын жауып, толқынды қара шашының  жартысын құлағының тұсынан сәл-сәл жиыстырып төбесінен бір буып қоятын. Екінші жартысы иығына төгіліп тұрушы еді. Дөңгелек жүзді, аққұба келген, сұлу болмаса да сүйкімді, ажарлы болмаса да әдемі жан екен. Бойынан қала мәдениеті байқалып тұратын. Сол бір қуыршақтай ғана сүйкімді қыз менің идеалыма айналып еді. Сол кісіге ұқсап шашымды қиғым келетін. Өзім қыз бала болсам да сол апайға тәнті болдым. Көрсем бітті аузым ашылып, көз айырмай қарап қалатын едім. Апай осылайша мені өзіне тартты да бүкіл ой-санамды жаулап алып еді. Ақыры, міне аттай 40 жыл өтсе де көз алдымда сол қалпында сақталып қалды. Қазір қайда екен? Қандай болды екен? Көргім келеді. Сосын математикадан сабақ берген Секер тәтей де институтты бітіріп келгенде жап-жас қыз болатын. Асқан еңбекқор, білімді жан еді. Үсті-басына қарауға да мұршамыз болмайтын. Аса қатал болғаны соншалық, қарамақ түгілі «сабақ қашан бітеді? Қоңырау тезірек соғылса екен»,- деп есіміз кіресілі-шығасылы болып отырушы едік.           

Ол кезде мұғалімдердің мәртебесінің биік болғандығы соншалықты біз оларды құдайымыздай сыйлап, қадір тұтатынбыз. Алыста келе жатса да алдын кесіп өтпей, тоқтап күтіп тұрып, ізет сақтап, басымызды иіп, амандасып өтетін едік. Бірге отырмақ түгілі қатар бірге жүруге дәтіміз жетпейтін. Жазатайым бірге тұра қалсақ деміміз жетпей, тұншығып бара жатқандай күй кешетінбіз. Иә, біз осындай тәрбиелі болып өсіп едік. Ал қазіргі мұғалімдер мен оқушылар қандай? Мүлде кереғар. Оқушылық мәдениет деген жоқтың қасы. Мысалы, мектеп директоры немесе мұғалімдер әңгімелесіп тұр делік. Бір топ оқушы балалар кетіп бара жатып «ыржалақтаған» күйлерінде қос қолдарын ұсынып жатады. Ал, қыз балалар болса алысып-тартысып, ауызына келген бейәдеп сөздерімен бірге әлгі мұғалімдердің тұсына келгенде дауыстап амандасып, «жырқылдай» күліп өте шығады. Осы қылықтарына мұғалім де мәз, оқушылар да мәз. Менімше, бұл жарамайтын іс. Одан да ұл балалар да, қыздар да мұғалімдерінің тұсынан әдеп сақтап, ибалылық танытып, сәл күлімсіреп, бастарын иіп «Сәлеметсіз бе, ағай?» десе қандай жарасымды болар еді. Осыдан келіп «Мектептегі тәрбие жұмысы дұрыс жүргізілмей ме?!»,- деген ойға қаламын. Әйтеуір, қазір мектеп оқушылары мен студенттердің мәдениеті мен тәрбиесі, мұғалімдер мен оқушылардың ара қатынасын сақтау деген тым төмендеп кеткен сыңайлы. Тіпті аман-сәлемді былай қойғанда, олар мұғалімдерінің көздерінше-ақ бір-бірімен құшақтасып, одан қалса сүйісіп тұрады. Мүмкін, заманына қарай адамы деген  осы шығар, бәлкім?! Бірақ, мұндай балалар кейін қандай ұрпақ тәрбиелемек? Заман өзгерсе де тәлім-тәрбие деген өзгермеу керек емес пе?! Мен әлде сол кездегі тәртіппен салыстырамын ба? Әйтеуір, маған бүкіл тәлім-тәрбиелі оқушылар да, нағыз ұстаздар да, таза білім де  сол біз оқыған жылдардың еншісінде қалып кеткен сияқты болып тұрады да қояды. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес» деген ғой. Көпке топырақ шашу ойымда жоқ. Қазір де ішінара тәрбиелі, мәдениетті балалар да бар, талапшыл ұстаздар да баршылық, бірақ аз.  Бүгінде әрқайсымыз тағдырдың маңдайымызға жазғанын көріп жүріп жатырмыз. Мектеп бітірген соң кейбір сыныптастарымыз жоғары білім алды, отбасын құрды, балалы-шағалы болды, олардың бабын жасады, астарына тақ, бастарына бақ қонды, аттары озып бәйгеден келді, абыройлары асып елге жайылды. Ал кейбіреуі «Туған жерге туыңды тік!» деген ұранды жалау етіп көтеріп, туған ауылымыздың экономикасын көтеру жолында аянбай еңбек етті. Бірақ, олар да көштен қалған жоқ. Отбасын құрды, ұрпақ өсірді, қыздарын қиясына ұшырып, ұлдарын ұясына қондырды, «алтын бесік болған ауылының» көркіне көрік, сәніне сән қосып, әндерін әуелетті. Олардың қай-қайсысы болса да еңбектің нағыз торылары болып, ауылдың алқаракөк аспанында еңбектің жұлдызын жақты.

Бүгінде біздің жасымыз жер ортадан ауыпты. «Он сегіз – от-жалыным, іздесем табылмайтын»,- дейтін бозбала мен бойжеткен кездер де, «Қайдасың, құтырған кездерім, мазасын көп алған өзгенің»,- деп еліктей орғып жүрген шақтар да, «отызымызда орда бұзып, қырқымызда қамал алған» күндер де, «Жарты ғасыр әлі алыс сияқты ед, есігімді елу ашы еппенен»,- деген елу де артымызда қалды. Есімізді жиып, етек-жеңімізді жинап, «алпыс – тал түс» деген асуға иек артар шақта артымызға бұрылып қарасақ сонау көз ұшында балалық бал дәурен, жастық шақ қол бұлғағандай болып көрінеді. Енді ойласақ, содан бері де 40 шақты жыл өте шығыпты-ау! Көзімізден де, көңілімізден де бір кетпейтін балдәурен – балалық шақ, алаңсыз күндер қайта жаңғырыққандай. «Қалдырған ізің мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып»,- деп әнге қосатын аяулы ұстаздарымыз бен «Асау өмір арнасында, шалқып сәби сезімменен. Он жыл мектеп партасында, бірге отырдым өзіңменен» дейтін сол бір сыныптастарымыз қайда жүр екен қазір?!...  

АқСәуле Әбдіхалыққызы,  

Абдолла-Алтый Сүлейменнің жары

                                  

 

623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы