• Әдебиет әлемі
  • 30 Қыркүйек, 2022

ӨЗЕГІНЕ СЫЙМАЙ ТҰРҒАН ЖЫР-СЕЗІМ, ТЕРЕЗЕМНЕН ТАМШЫ БОЛЫП ТАМАДЫ

Айдана БЕЙСЕН

Тіршілікпен тілдесу

 

Уа, Тіршілік, мен кім едім түу баста,

Өмірімде жазылмаған жыр басқа.

Кім боламын, не болады ертеңім,

Көңілімде сыздай берер мұң жатса?!

 

Жетер ме екен түсінгенім, түйгенім,

Өзімді-өзім сабағандай күйдемін.

Уа, Тіршілік,

мен ешкімді дәл сендей

Есімде жоқ, мұншалықты сүйгенім.

 

Сезем іштей айтылмаған сыр барын,

Аялайды өз нұрымен түн жарым.

Жылы ұшырап жымыңдайды көз тастап,

Жоққа айналып жасармайтын жылдарым.

 

Ей, Тіршілік, кімге айналам ақыры,

Өткен күнім сабырыма татыды.

Сол сабырдың сары алтыны болса екен,

Жер-ананың ақымақтау ақыны!

Таңғы элегия

 

Бар әлемге жатқан нұры  шашырап,

Аппақ таңды аңсап күтті атырап.

Сол бір нұры мөлдір мұңым секілді

Тіршіліктің таңдайына татымақ.

 

Жанарлардың жан жүрегін іңкәр қып,

Шуақ төксе, пенделіктен бұлтардық.

Сол бұлтарған, сол бұлқынған жүректі

Тәңірім-ау, ұшыра гөр сұңқар қып!

 

Самғауымнан самал ессін,

Мына әлем

Тазалықты аңсап күтіп жүр әрең.

Ойға шомып, ай мен күндей толғанам,

Аспан-көк боп кеткенмін-ау, сірә, Мен?!

 

Сол бір көкте бірге самғар айбыным,

Қайтсем екен қара бұлтын қайғының?

Найзағайдай бір жарқ етсем намыс боп,

Өлең болсын, бақытым мен байлығым.

 

Күн көзіне тебіренсе бұл дала,

Жан-тәніңді тазалайтын жыр ғана.

Тас та болсаң тағдырыма нұрмен кел,

Басқа болсаң бақытымды былғама.

 

О, Муза!

 

Жан білмейтін шын бақыттың бастауы –

Мөлдіреген ақша бұлттың аспаны.

Ақ қағазға қара сия төге алмай

Жәудірейді адалдықтың дастаны.

 

Қайта гүлдеп оянғанда тіршілік,

Сол бір сезім қала берді күрсініп.

Сен аңсаған мөлдірлікті көрмесем,

Қапас ойда қалар ме едім тұншығып.

 

Сұлулыққа ғашық болып көз ілсем,

Көз ілгенде көзсіз нұрды сезінсем.

Мың қайтара сүйе аламын,

О, Муза,

Періштедей пенделіктен безінсем.

 

Мейлі, маған қуанып кел, жылап кел,

Шынайы кел, шуақ бер де, қуат бер.

Мәңгі өлмейтін махаббат бер, ол үшін

Жүрегімде дайын әркез жұмақ-төр.

Сен соны түсінші, Муза!

 

Уақыт және кеңістік

 

Қиялымды қоршауға алып сан күдік,

Өз ойыма қалам неге малшынып?!

Адалдыққа, адамдыққа ұмтылған

Заман, менің жанымды ұқ!

 

Алыстарға көз жіберем,

Тұңғиық,

Өлең менің тағдырыма нұр құйып.

Қанаттыға айналамын қалықтап,

Көтерілсем,

            қарсы алардай бір биік.

 

Қол бұлғаймын асқарына арманның –

Кеңдігімнің белгісі боп қалған күн.

Тіршіліктің дауасына айналар

Амансың ба, ау, жаным?!

 

Жан ұшыра асығатын мезгілге

Жақындадым,

Жетерімді сездім бе?

Уақыттың тосын сыйы бітпейді,

Мейірі бар кездің де.

 

Арпалыстар шығар шыңды еңіс қып,

Қиырларға жетелейтін Жер ыстық.

Бір-біріңе таптырмайтын сүйеу бол,

Уақыт және Кеңістік!

 

Құдайы қонақ

 

Атпаса да бозараңдап таң әлі

Есе берді еркіндіктің самалы.

Бүркеп қойғам жүрегімнің қақпасын,

Өлең келіп есігімді қағады.

 

Сәуледейін жүрегіме нұр құйды,

Сезбейді ешкім мен кешірген бұл күйді.

Қалам шіркін бір сілкініп алды да,

Сезімімнің сыр пернесін жұлқиды.

 

Жыр дүние дүрлігеді, даяр кім,

Жыр арнаны асып өтті баяу кім?

Жанарымның түкпіріне жас іркіп,

Көңіліме ұялатты-ау қаяу мұң.

 

Бозараңдап көрінеді таң, әні

Түлен түртіп, тілімденген жан әлі...

Өзегіне сыймай тұрған жыр-сезім,

Тереземнен тамшы болып тамады.

Жұпаргүлдерді сағынам

 

Санама қосып сыр бөлек,

Арпалыс өмір, жай-күйім.

Мен жүрген көше бойынан

Жұпаргүл иісі аңқитын.

 

Ақ жауын алға жетелеп,

Шешілмес жұмбақ күн кештім.

Мейірім шығы секілді

Табылмас сәуле іздеппін.

 

Ауада қалқып бір бақыт,

Тәп-тәтті сезім кешемін.

Ізгілік таңын атырар

Жүрегімдегі шекер үн.

 

Еркіндік сездім өзгеше,

Тамшыдай көктен дарыған.

Көктеммен бірге неге ылғи

Жұпаргүлдерді сағынам?!

 

***

Бүтіндеп алып, өмірдің толы ғажабын,

Сағым қуалап, толқынмен ойнап барамын.

Бойымда тұнған жігер-қайраттың күшімен,

Мұз құрсауларға, алып тауларға қарадым.

 

Бір белестен соң шығамын тағы белеске,

Нағыз мықтының орны биікте емес пе?

«Ар жолдас болсын» деуші еді әркез анамыз,

Әр белес сайын түсірем ылғи соны еске.

Мен – бақыттымын,

 

Бақытқа толық қақым бар,

Алыс көрінер біреуге, бәлкім, жақындар.

Мен жазған осы себезгі жырдан бәрің де,

Мейірім дәмін татыңдар...

 

Әлі алдымда мені көретін биік те,

Ойлайтын шығар өздерін, мүмкін, биік деп.

Өмір жолдары таныстырғанда олармен,

Жүгіре жатар кезекпе-кезек сүйіп кеп.

 

Мен – бақыттымын, бойымда толы күш-жігер,

Биіктік жайлы шырқалар әнді құс білер.

Мен – Көктем қызбын тау етегіне жаршы боп,

Барқыт гүлдерден, барақат көктен іс тігер.

Бала едік біз

 

Бала едік біз...

Бала болдық балдырған,

Бал күндерін өткеніне қалдырған.

Қоржын толы естелікті қорғаймыз

Берген сыйын тартып алар тағдырдан.

 

Ақ әженің етегінде адасқан,

Қарияның қамшысына таласқан.

Бала едік біз қопаратын тауды да,

Жер орнында,

Жәутең қағып тұр аспан.

 

Арғымақ қып мінген едік арманды,

Сол арманмен атқыздық көп таңдарды.

Сағынамыз кешегінің көзіндей

Мейіріммен шуақ шашқан жандарды.

 

Бала едік біз мөлдіреген жанары,

Қаталдықтан титтей де жоқ хабары.

Сарсаңына салған сынап, жалғанның

Салқындығы сыздатып-ақ барады.

Балалыққа барып қайтсам, қайтеді,

Бал күндерді алып қайтсам, қайтеді?..

 

1926 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы