• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2022

АЛЫСТАП КЕТКЕН БІР АСЫЛ

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ

Биыл белгілі қоғам, мемлекет қайраткері – Алтынбек Сәрсенбаев тірі болса, алпыс жасқа толар еді. 
Ондай тұлғалар ұмытылмақ емес.
Екеуі екі дәуірдің ұлы. Екеуі екі кезеңнің бөрісі. Екеуі де қырықтан аса бере өмірден өтті. Махамбетке сілтенген семсер арада 160 жыл өткен соң айналып келіп Алтынбекті тапты. Махамбеттің басы денесінен бөлініп түскенде мұқым қазақтың жүрегі біз сұғып алғандай дір ете түскен. Алтынбектің қазасы да иісі алаштың көкірегін қарс айырды.

 Бір асыл

 

Есік айқара ашылып, таяқ кірді, одан соң таяқ ұстаған қол кіріп келе жатқанда, «бұл кім?» деген сауалдың салмағынан тұра алмай, бәріміз орнымызда отырдық та қалдық. Артынша-ақ иегін сәл көтере денесін тік ұстап, алпысты алқымдап қалған қырғи қабақ, қыран тұмсықты, артқа қайырған қайратты шашы ашаң жүзіне айбат қосқан бейтаныс профессор бір аяғын сыртқа жібере сылти басып, таяғына сүйене адымдап ішке енді. Бір кісідей орнымыздан тік тұрып қарсы алдық..

– Сәлеметсіңдер ме?

Жалт еткен жанарымен жасқап өтті. Демімізді ішке алдық. Бір кісідей:

– Сәлеметсіз бе? – дегенімізде үніміз сапта тұрған солдаттардың  қолбасшыға сәлем бергеніндей  бірдей шығып, аудиторияны  жарып жібере жаздады. Алдын ала дайындалып алғандай мұндай ауызбірлік танытқанымызға таңданды ма, әлде сүйсінді ме, профессор сәл езу тартты. «Отырыңдар» дегендей ишара берді де, өзі де төрдегі орындыққа бір аяғын сыртқа созып тастап , шалқая жайғасты. Біз де жапырлай тізе бүгіп, үн-түнсіз отыра қалдық.

Ағай алдына қараған  күйі мойнын бұрмастан шуақты қарашығымен бәрімізді бір шолып өтті  де, қалтасынан тарағын алып, буырыл тартқан қайратты шашын артқа қарай асықпай тарады.

Оның әрбір ісі бізге қызық, «профессор қандай болады екен?» деген сұраққа жауап іздеп келгендер «көрсін» деп  әдейі істеп отырған секілді. Біз ынтықпыз. Ағамыздың лебізін естуге асықпыз.

Амандосов! Әр аудиторияға студенттік алғыс пен ақеділ әңгіме, ақпейіл әзіл сіңіп қалған әйгілі Амандосов! Біреу «қатал» деп қорқытты, енді біреу «өңі сұсты болғанмен, жаны жұмсақ» деп жұбатты. Келесі бірі:

Амандосов дегенде Амандосов,

Амандосовпен жүргейсің амандасып.

Амандосовпен жүрмесең амандасып,

Амандосовпен қаларсың жамандасып, – деп жаңылтпаштатып «ескертті»... Қойшы әйтеуір, аға буын студенттердің бұл кісі туралы сөзін бұрын естігенмен, өзімен бетпе-бет тұңғыш жүздесіп отырмыз.

Ауылдан келген қарадомалақ балалардың көз алдында болмысы мүлдем бөлек адам. Менің де бұл кісіні әлдекіммен салыстырғым келеді:

Үнемі былғары етігімен еденнің емен тақтайын шықырлата, сықырлата басып келіп, зілді көзбен қарап, қабағын шытып тұратын мектеп директоры мына кісінің қасында әзірейіл секілді екен...

Қолтығына журналын, дәптер-кітабын, бірнеше бүктелген әлем картасын және солардың арасына салып алған үкәскесін қысып ап, үнемі тік және мұнтаздай боп жүретін, көзінде көзілдірігі бар, мойнынан галстугі түсіп көрмеген, қоғамтанудан дәріс беретін ағай мына профессордың қасында зиялының киімін киіп ап, оқымыстының образына кіре алмай жүрген актер секілді...

Енді кіммен салыстырсам..? Ә... жас жағынан әлгі тарихшы ағайға келеді. Бірақ мінездері мүлдем бөлек секілді. Ол кісі кіре сала тәртібіңді түзеп тұрып алатын. «Түзу тұр... тыныш тұр... қолыңды түсір, иегіңді көтер... маған қара... деміңді ішіңе ал... Ал енді...Саламатсыңдар ма?.. Қане, бірдей жауап береміз... Саламатсыңдар ма?..».

Бәрібір мектептегі бір де бір мұғаліммен шендестіре алмадым, тек Бірімқұл атама бір жерлері ұқсайды... қабағы ма әлде шуақты жанары ма... салмақтылығы ма... сырт көзге сұстылығы ма... таяқ ұстасы ма... әйтеуір маған ерекше ыстық бір ұқсастық бар...

Енді бірде бұған дейін аудиторияға кірген оқытушы-профессорларға ұқсай ма десем, Зейнолла Қабдолов... басқа! Темірбек Қожекеев... тіпті бөлек!  Әбілфайыз Ыдырысов... ұқсамайды! Зейнолла Тұрарбеков... өзгеше! Жо-жоқ, ешбір жанға түрі де, тұрпаты да шендеспейтін ерекше жаратылған жан. Қарашы отырысын. Орындықтың арқалығын артқа итере шалқақ жайғасқан. Бәрімізге барлай қарашығымен жүгірте қарап шығып сәл күлімдеді де:

–«Мыңның түсін білгенше, бірді атын біл», дейді қазақ. Менің атым – Тауман...

–Амандосов.., – деді арт жақта отырған біреу.

–Ия, дұрыс. Студенттер менің атымнан гөрі атамның атын жатқа біледі... Ал әкемнің аты Салықбай... Толық аты-жөнім – Тауман Салықбайұлы Амандосов.

Кейбір жаңа танысқан мұғалімдеріміз секілді атағын да, дәрежесін де, қызметін де, жасын да айтпады. Тіпті, қайсыбір ағайымыз сияқты сабаққа деп ала кірген  биттің қабығындай кітапшаларын жоғары көтере көрсетіп, мақтана жарнамалаған да жоқ. Сол тік отырған қалпы:

– Енді сендермен танысайық, – деп журналдағы тізім бойынша аты-жөнімізді толық атап, арасында қосымша сұрақ қойып, сабырлы қалпын бұзбастан жайбарақат таныса бастады. Біз енді сырын білмейтін ағамыздың алдында абдырадық та, сасқалақтадық та, күмілжідік те, жасқаншақтадық та, жүрексіндік те, инабатты, ибалы да болдық, ұяңдық та, ұялшақтық та таныттық, осындай қоңырқай психологиялық райымыз аяқ-астынан бұзылды.

Тауман ағай аты-жөнін атағанды қойды да басын көтеріп, тура қарсы алдында отырған бір студентке:

– Сен тұршы, – деді сыпайы.

Ұзын сары бала үн-түнсіз орнынан сергек тұрды.

– Мектепті қайда бітірдің?

– Сарыжазда...

– Ол қай жерде?

– Нарынқол ауданында...

Ағай басын көтерді де ерекше зейінмен қарап қалды.

– Нарынқол жақтан мықты адамдар шыққан. Білесің бе?

– Білем!

Студенттің үні бұрынғыдан  да сенімді де жарқын естілді.

– Аташы...

– Шоған абыз.., Әлмерек әулие.., Райымбек батыр...

– Бергі замандарда...

– Бергі замандарда ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің  «Қилы заман» повесінің басты кейіпкерлері Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір батырлар шыққан.

– Ол повесть не туралы еді?

– 1916 жылғы Қарқара көтерілісі туралы...

– Ақындар шыққан ба?

– Шыққан. Арғысын айтайын ба, бергісін айтайын ба?

Тауман  аға жымиды да:

– Білсең арғысын да, бергісін де айт. Біз де біле отырайық, – деді қаламын столдың үстіне қойып .

– Жамбылмен айтысқан Құланаян Құлмамбет, Албан Асан,  Бөлтірік, Көдек ақындар... беріде Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов..

– Жазушылардан кімдерді білесің?

– «Қайдасың, Гауһар?», «Он бес жасар капитан», «Бастан кешкен», «Өлгендер қайтып келмейді» деген кітаптары бар Бердібек Соқпақбаев...

– Оның басқа бір әйгілі шығармасы бар еді ғой. Оны оқымадың ба?

– Оны жұрттың бәрі біледі. Ол – «Менің атым – Қожа».

– Бердібектің өлең кітабы да шыққан...

– Иә. «Бастау» деген.

Ағай жадырап отыр. Манағы алғаш көргендегі сұсты қабақ Жайықтай жазылып кеткен.

      – Күшігім менің саққұлақ,

      Келеді әне шапқылап.

      Сақтығыңды көрейін,

      Қойшы атайға берейін

      Колхоз қойын күзетіс,

      Қасқыр келсе ала түс... Қандай тамаша тақпақ! Балалардың жан дүниесіне осыншама жақын жаза алатын Бердібек ақын ретінде де қазақ балалар әдебиетін көкке көтерді. Мен бұл тақпақты сендер секілді шәкірттердің аузынан естіп жүріп жаттап алдым. Бала тұрмақ мен жаттап алған соң өлеңге басқа қандай баға керек, ақынға өзге қандай мәртебе қажет? Өлеңін жаттамақ тұрмақ есімін ешкім білмейтіндердің атағынан ат үркеді. Білмеймін, түсінбеймін... Түсінгім де  келмейді... Жә... Сонымен... Журналистерден Нарынқол жақтан шыққан кімдер бар?

– Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Тельман Жанұзақов,..

– Сен мұның бәрін қайдан біліп жүрсің?

– Мектепте әдебиет сабағынан, әдебиет үйірмесінен... үйде әкемнен...

Тауман ағай жанарынан от ұшқындап, сол жайдары қалпын бұзбай, жымиған қалпы қолын сыртқы төс қалтасына салды. Біз тым-тырыспыз. Демімізді ішімізден алып, мына бір тақылдап қалған сорайған сары балаға қызыға да, қызғана да қарап, іштен тынып отырмыз. «Мына ағай неге маған осылай сұрақ қоймады?» деп өкінгендер де, «мен неге өз ауылымның тарихын білмей келдім?» деп опынғандар да, «ағай неге осыған сонша мейірлене қалды? » деп іштей күдіктене іштарлық жасап отырғандар да бар, әрине.

Ағай қалтасынан кішкене қобдиша суырды. Ұзын сарыға «бірдеме бере ме екен» деп қалдық. Ол кісі өйтпеді. Қақпағын ашты да, ішінен көзілдірік шығарды. Сол қолының сұқ саусағы мен бас бармағының ұшымен ортасындағы ілдіргісінен көтере ұстап тұрды да, оң қолымен шалбарының қалтасынан беторамал алды. Мен талай ағаның қалтасынан шұбатыла суырылған мыж-мыж, умаж-умаж өңі түскен беторамал көріп едім. Мына кісінікі қалтасында жүрсе де үтіктің астынан жаңа шыққандай теп-тегіс те тап-тұйнақтай бүктелген екен. Таңданып отырмын. Не деген таза адам!? Ана әппақ жейдесінің жағасы әдейі қатырып қойған секілді, бірде-бір қыртыс, сызығы жоқ. Костюмі иығына нық отырған. Галстугі де ерекше тартымды. Саусақтарын айтсаңызшы. Өмірі кір зат ұстамағандай тап-таза да терісінің ар жағынан көк тамырлары анық көрінеді. Ақсаусақ емес, нағыз ақсүйектің өзі. Осының бәрін студенттер асықпай көріп алсын дегендей сабырлы күйде әлгі беторамалының ортасына көзілдірігінің әйнегін  енгізді де, мипаздап сүрткілеп жатып ұзын сарыға «отыр» деп ишара жасады. Біздің көзімізге сорайып,  зорайып көрінген студент зып етіп жеңіл отырды. «Бұл кім өзі?» деп танымайтындар бір-біріне сұрақ қойып, білетіндер білмейтіндерге  пыш-пыш айта бастағандағы күбір-сыбырды ағайдың үні бұзды:

– Мен көзілдірік тағатындарды ұнатамын. Өйткені олар көзәйнекті ертелі-кеш кітапты көп оқитындықтан, көзінің майын алдырмас үшін тағады,– деп өзінің көзілдірігін киді де, әлгі сұқбаттасына «солай ма?» деген сұрақты пішінмен көз алмай жымия қарады:

– Атың кім?

Анау:

– Алтынбек, – деп нақ та нық айтты.

– Фамилияң?

– Сәрсенбаев...

Тауман аға айырықша мейіріммен сүйсіне қарап отырды да:

– Сәрсенбінің сәтінде туған әкеңнің алтын ұлы болғайсың, қарағым,– деді...

1317 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы