• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2022

АЛТЫНБЕК пен МАХАМБЕТ

Сансызбай НҰРБАБА

Ал шындықтың төресі мынау екен: «Тек қана екі балама бар: Әлде 15 миллион халықты олар басқарады, әлде 15 миллион азамат өз отандарын дербес басқаратын болады; Әлде Үштаған қоғамға бұдан әрі де өз дегенін жасайды, әлде қоғам Үштағанды өз орнына қоятын болады. Ақиқат осы!».
... Махамбет өлмепті. Өйткені оның көзін жоймақ болғандар оған мәңгілікке ескерткіш тұрғызғандарын аңдамапты. Өздеріне еншілегені – қарғыс таңбасы. Бұл мың жерден тыраштанса да, еш пенде өзгерте алмайтын тарих заңдылығы, уақыт төрелігі екен.
Перзенттік парызын, халық алдындағы міндетін кіршіксіз атқарған Алтынбек те махамбеттік мінезбен ақын бабасының соңынан ерді. Арда азаматын ажалға қимаған қаралы жұрт қан құсты. Тура осыдан 160 жыл бұрынғы кеп. Тура сол көрініс. Айырмашылығы – бес қаруын сайлап беріп, қарақшыны жолға салған бүгінгінің Баймағамбеті ғана беймәлім. Бірақ ол оқа емес. Аз күтсеңіз, оны уақыттың өзі төбесінен түртіп шығарады. Оған күмәніңіз болмасын.
Алтынбек Сәрсенбайұлының екі серігімен бірге оққа ұшқанына бүгін, міне, тура 10 жыл. Содан бері не өзгерді? Өзгерді деуге де, өзгермеді деуге де болады. Өзгергені – Алтынбектің қазасынан кейін биліктің екі аяғын бір етікке тыққандай болған оппозиция әлсірей бастады.
Мемлекеттік машина негізгі тірегінен айырылған демократтардың бірін түрмеге жауып, енді бірін жер аударды. Қазір сондағы дүлей оппозицияның жұқанасы да жоқ. Көзі тірісінде айналасында топырлап жүретін дос-жарандарының арасынан Алтынбектің саяси келбеті былай тұрсын, адамгершілік қырын әңгімелеуден қаймығатын, көлеңкесінен қорқатын ездер пайда болды. Бұл да – өзгеріс.
Өзгермегені – Алтынбектің айтқандары әлі де өміршең. Сонда Алтынбек не айтты? Мемлекеттік қызметте жүріп-ақ, «уақытында айтылмаған шындықтың қадірі жоқ» деді. Ал шындықтың төресі мынау екен: «Тек қана екі балама бар: Әлде 15 миллион халықты олар басқарады, әлде 15 миллион азамат өз отандарын дербес басқаратын болады; Әлде Үштаған қоғамға бұдан әрі де өз дегенін жасайды, әлде қоғам Үштағанды өз орнына қоятын болады. Ақиқат осы!».
Бұл – Алтынбекке оқ атылардан үш айға жетер-жетпес бұрын айтылған сөз. Әрине, батыл байлам. «Екінің – бірі» дегенді меңзеу. «Не бел кетер, не белбеу кетер» дейтін тәуекел. Ал Үштаған деген не? Алтекеңнің өз сөзімен айтсақ, «Үштаған – ошақтың үш бұты сияқты қазіргі режимнің тіректері. Бүгінгі президент сайлауы осы Үштағанның – Отбасының, Айналасының, Олигархтардың мүддесіне қарай өткізіледі». Енді Сіз Алтынбексіз өткен президент сайлау-ларын еске түсіріп көріңізші. Көңіліңіз толды ма? Сайлау сайын тұра шабатын жасанды үміткерлер шынымен президенттік қызметке лайық па еді? Ертең өтетін парламенттік сайлаудың сол президенттік сайлаудан айырмасы бола ма? Үштағанның бірінші «бұтындағы» бала-шағаның жаппай ірі лауазымдарды иеленуі нені білдіреді? Олигархтардың көмейі бітеліп, мемлекеттің дәулеті жұрттың иігілігіне жұмсалып жатыр ма? Міне, өзгермеді дейтініміз де – осы.
Махамбеттің заманында халықтың мүддесін сұлтанның бетіне тіке қарап, «Хан емессің, қасқырсың...» деп қиып айту – алдыңғы орынға шықса, Алтынбектің кезеңінде айтқаныңды заңмен бекіту, оған жұрттың көзін жеткізе отырып, биліктің бетпердесін сыпыру маңызды болатын. Иә, Алтынбек оны жасады. Басқа емес, президенттің түкірігі жерге түспей тұрған қызымен соттасты. Рас, мықтының меншігіндегі медиахолдингтің дауында күштісі жеңді. Бірақ Алтынбектікі дұрыс екені кейін нақтыланды. Ақиқат кейін мойындалды.
Алтынбектің айтқандары бүгінде – бірнеше том. Қай бетін ашсаңыз да, «иә, рас-ау» дегізеді. Қай сұқбатын оқысаңыз да, «өте орынды сөз» дейтін ойға берілесіз. Соның арасында айтқаны айдай келген тұспалдары да аз емес. Енді соның біріне кезек берейікші: «Бізде саяси партиялардың шынайы қалыптасуына мүмкіндік жоқ. Мәселен, «Отан» немесе Азаматтық партияны партия деп айтпайсың ғой.
Қолдан жасап, қобыратып қойды. Бұлардың барлығы – әлсіз. Бұл саяси партия-лар халықтың ниетін, талап-тілегін ескеруі керек, елге не ұнайды, не ұнамайды, осымен айналысуы керек. Қайсының мүддесі биігірек, сол партия парламентте көбірек болады. Бізде ондай парламент те жоқ. Осындай әлсіреген, шатқаяқтап зорға тұрған құрылымдардың үстінде президент отыр. Асты әлсіз болғаннан кейін үстіндегілердің де тағдыры күмәнді. Жардың басында отырған сияқты. Мұндай жағдайда тұрғанымен қоймай, жоғарыдағылардың өздері быт-шыт болып бөлініп кетті. Бір отбасының өзінен екі партия шықты. Металлургиялық барондардың, яғни Машкевичтердің жеке мүддесі бар. Ауыл шаруашылығын айналшықтап, қырман күзетіп жүргендердің жеке партиясы, жеке мүддесі бар. Олар партиялық негізде құрылмағандықтан, өздерін өздері жейтін жолға түсті. Мәселен, бірінші топ күшейеді де, екінші топты жейді, үшіншісі келеді де, екіншісін жейді. Материалдық игіліктер үшін бір-бірімен ырылдасып жатады. Қысқасы, ол төбенің басында да тыныштық жоқ. Дағдарыс содан туып отыр. Түбінде биліктегілер бір-бірімен қырық-пышақ болады».
Алтынбек айтқан төбенің ұшар басындағы ырылдасу Сіздің есіңізде шығар. Ал оған не түрткі болды? Материалдық игілік пе, таққа талас па, әлде астамсу ма? Бәрі де мүмкін. Қызығы, бұл – бір-бірін жеп жатқан мүдделі топтардың емес, бір отбасының ішіндегі қырық-пышақ. Оның Австрия түрмесіндегі оқыс өліммен аяқталғаны белгілі. Бірақ бұдан не түсінуге болады? Әділеттілік алдыңғы орынға шықпағанда, халық мүддесі ескерілмегенде іштен іру басталады. Көппен санаспай, өзімбілемдікке салынудың соңы қатерге тірейді. Ықпалды топтардың бір-біріне ауыз батыруын – опыр-топыр түрмеге түсіп жатқан шенділердің тағдырынан байқаймыз. Демек, Алтынбектің ескертуін елемеудің ақыры биліктің өзіне қауіп туғыза бастады. Нағыз жарбайып жарда отырудың кепиеті енді келді.
Бір сұрақ бар. Алтынбектің биліктен кетіп, атой салып оппозицияға кіруінде не мән бар? Әлде біреулер ойлағандай, оның президенттіктен үміті болды ма, әлде көптің мүддесі, елдің болашағы үшін саяси текетірестің қарсы бетіне өтті ме? Мұның жауабын да Алтынбектің өз сөзінен табасыз: «Болашағымызды ойласақ, өткенді қазбалауды қоялық, «Қазақгейтті» біз дуылдатпайық, ал Назарбаев елде саяси реформа жасасын. Болашақта биліктегілер ондай іске бара алмайтындай жүйеге көшейік. Біздер бір-бірімізді түрткілеумен емес, елдің тұрмысын ілгерілетуді ойлайық».
Біздіңше, бұл – «Алтынбек нені көздеді?» деген сауалға нақты жауап. Әрі өзі жиіркене безінген билікпен халықтың болашағы үшін ымыра іздегеніне дәлел. Бірақ оның орынды да әділетті ұсынысы биліктің қолайына жақпады. Өйткені демократтар меңзеген жаңа жүйеге көшу – бүгінгі биліктегілерді сыпыра «көшірумен» тең еді.
Алтынбекке атылған оқтың себебі де осы тұстан мен мұндалайды. Себебі ол астындағы орынтағын әкесінен қалған мұрадай көретін әлдебіреулерге қауіпті көрінді. Қауіпті көрінгені соншалық, Алтынбектің қабатында тағы екі азамат оққа ұшты. Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің де еш кінәсі жоқ еді. Егер қолын қанға малғандардың көзімен қарасақ, Алтынбектің «кінәсі» болуы мүмкін. Өйткені ол – биліктің бетіне турасын айтқан, шындықты шыжғырып басқан адам. Екі серігінің «айыбы» – қасында болғандығы. Сол үшін ғана қарауылға ілікті. Міне, осыған қарап-ақ, А.Сәрсенбайұлының қаншалықты қауіпті көрінгенін, тапсырыс алғандар оның қалқасында қанша адам тұрса да қаймықпай атып жіберуге бекініп келгенін аңдайсыз. Тіпті, мұндай қатыгездік Махамбеттің басын алған қарақшылардың да қолынан келген жоқ.
Алтынбексіз 10 жыл. Иә, тым ұзақ көрінеді. Халық әлденені күтетіндей... Әлденені аңсайтындай... Әне-міне алдынан Алтынбек шыға келетіндей... «Алтынбек болса, билік білгенін істемес еді» дейді күйінгендер, «Алтынбек болса, халыққа оқ атқызбас еді» дейді жаңаөзендіктер. Иә, Алтынбек болса... бірақ амал қанша, Алтынбек жоқ. Ол парызын орындады. Артығымен орындады және тым алысқа шығандап кетті. Артында қалдырған мол мұрасы, соны соқпағы бар. Оны жалғастыру – ерлердің ісі.
Ал Алтынбек... Алтынбек Махамбеттің жанында.

3145 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы