• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2022

КЕҢ ОЙДЫҢ КЕМЕЛ БИІГІ (Интервью-эссе)

Халқымыздың заңғар ғұламасы, академик Әлкей Марғұлан сексеннің сеңгіріне шыққан 1984 жылы жастар газетінің тапсырмасымен ақылман ақсақалдың әз шаңырағына арнайы барып,  әңгімелескеніміз барды. 

***

–  Ә, кел-кел, – деді академик есіктен кіріп келе жатқан мені көріп.

– Ассалаумағалейкүм, Әлеке! – деп ұмтылып барып төрдегі жұмсақ диванда отырған ақсақалдың қолын алдым.

– Анау орындықты әкеліп, бері жақынырақ жайғас, – деді Әлекең.

Шеткерірек тұрған арқалы орындықты сүйрей көтеріп, ғұламаның алдындағы аласа үстелдің бір шетіне мен де жанаса келіп отырдым. Үстел үстінде шағын дәптер жатыр. Беті ширатпа араб жазуына толы. Жанында қаламсап.

Академикті сексеннің сеңгіріне шыққан жасымен құттықтап, денсаулығын, хал-жағдайын сұрастырып жатырмын.

– Жақсы, жақсы. Кешелері ғана ауруханада аз күн жатып келген бетім. Соңғы кездері осылайша ауық-ауық емдік курс алып тұратын «әдет» тапқанмын. Кәрілік келгесін, адам бір ауық денсаулығына да қарамаса болмайды екен. Әйтпесе осы жасқа дейін ауруханаға үйір болмаған адаммын ғой. Қазір жағдайым, көңіл-қошым жақсы. Міне, ертелі бері жұмыс істеп отырмын, – деп алдындағы дәптерді нұсқады. – Соңғы шыққан «За рубежом» газетін оқыдың ба? Сонда жазған ғой. Адам бойында сексеннен асқаннан кейін еңбек қабілеті артатын кезең туады деп. Сол дұрыс. Қазіргі кезде жұмысқа ықыласымның тәуір екенін өзім де байқап жүрмін. Ісім өнімді.

Содан кейін маған қарады.

– Сөйтіп «Лениншіл жастан» келдім де. Сендердің газеттеріңді жақсы білемін. Анау отызыншы жылдары оған біраз мақалаларымды жариялатқанмын. Өзін көп жылдар бойы жаздырып алып та тұрдым. Халыққа, жастарға керек дүниелерді мол шығарасыңдар. Өзінің тиражы қанша?

– 300 мыңды төңіректеп тұр, Әлеке!

–  Е, талай адам оқиды екен ғой. Бір өзі қаншама жасты тәрбиелеп жатыр десейші.

–  Сол қалың оқырманға Сіздің 80 жыл-дығыңызға байланысты тоймақала дайындау маған жүктеліп еді.

–  Өзің жазасың ба?

–  Иә.

– Онда әуелі саған ескертерім, бұған дейінгі көп дүниелерде мені көбінесе этнограф ретінде басыңқырап айтып жүр. Соған қарағанда, менің екі ғылым докторы екенімді көп жұрт біле бермейді ғой деймін. 1946 жылы «Қазақ халқының эпикалық шығармалары» атты тақырыпта қорғап, филология ғылымының докторы атанғанымнан басқа, Бүкілодақтық аттестациялық комиссия кейіннен маған Ежелгі Қазақстан жеріндегі мәдениет пен өнер үлгілерін, қалалар мен сәулет өнерінің тарихын, қазақтың халық өнерін зерттеген бірқатар кітаптарым мен еңбектерім үшін өнертану ғылымының докторы атағын қорғатпай-ақ берген. Сондықтан да, мен өзімді ең әуелі өнертанушымын, одан кейін Шоқанды зерттеушімін (оған қанша жылымды арнадым), сосын ғана барып әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп есептеймін. Осылай деп жазарсың.

– Мақұл, Әлеке. Халқымызға Сіздің жан-жақты ғылым салаларын меңгерген ғұламалығыңыз жақсы мәлім. Сіз жазған талай-талай мәйекті дүниелеріңізді бәріміз де іздеп жүріп оқимыз. Осындайда оқырман көкейінде Сіздің ғылымға қалай келгеніңізді білсек дейтін сауалдың тұратыны анық.

Әлекең көп бөгелген жоқ. Аздап тотығыңқырап шыққан биязы үнмен сөйлеп кетті.

(Асылы, Әлекеңнен әңгіме тыңдаудан жалығу еш мүмкін емес. Аспай-саспай бірқалыпты әуенмен есілген үн әркімді де шалқыған ой дариясына бастап кетеді. Қазақ тіліндегі небір шұрайлы, ажарлы сөздерді кең қолдана отырып, шешен сөйлейтін ғұлама көпке белгісіз жайлар жайында ағыл-тегіл толқытады).

– Мені тікелей ғылымға әкелген бірден-бір адам – Мұхтар. 1924 жылы Семейде педагогикалық техникумның үшінші курсында жүргенімде, бізге сол кезде Ленинград университетінде оқитын Мұхтар Әуезов келіп әдебиеттен сабақ берді. Бұған дейін де Мұхтардың есімі көбімізге таныс еді. Ол 1917 жылдан әдебиет майданында көріне бастады ғой.

Сол шақтан-ақ өзінің әдемі мақалалары, әңгімелерімен Мұхтар оқу-білімге енді ұмтылған жастар жүрегін жаулап алған еді. Осындай адамның техникумға сабақ беруге келгені бәрімізді қуантып тастады. Мұхтардың ол кездегі қияпаты қандай. Әдемі бұйра шашты, сұңқардың көзіндей сүзіле терең қарайтын тұңғиық қара көзі бар. Маңдайынан ақыл мен ойдың лебі аңқыған, жүрек сезімі романтикаға бөленген, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтін, сөзі шөлдеген адамның мейірін қандыратын тау бұлағындай, сыпайы, көркем бір жігіт. Күн сайын педтехникумға келіп, әдебиетті оқытқанымен тынбай, қаладағы әртүрлі мәдени шараларға да қатысады. Абай, Гоголь жайлы дәрістер оқиды, баяндамалар жасайды, өзі редактор болып «Таң» журналын шығарады. Төңірегіне өңшең бір талапты жастарды жинауға құмар. Мұхтардың басшылығымен ай сайын Абай кешін өткіземіз. Бәріміз Ертіс бойлап, сауық құрып, таң атқанша Абай әндерін шырқайтынбыз.

Төртінші курста оқып жүргенімде, Мұхтар екеуміз бір пәтерде  тұрдық. «Кінәмшіл бойжеткен», «Ескіліктің көлеңкесінде», «Қаралы сұлу» сияқты әдемі әңгімелерді де сол кезде жазды. Мұхтардың әсерімен мен де әдебиетке араласа бастадым.

(Әлекең сол бір жастық шағы еске түскендей жұмсақ жымиды).

Ғажайып бір жарқын күндер еді кой ол кез. Студенттердің көгілдір жиекті фуражкесін киіп жүретін Мұхтар талай әсем бойжеткеннің жүрегіне шоқ түсіретін. Маша деген соншама бір сұлу орыс қызы екеуінің арасында өткен ғашықтық хикаяларын да жақсы білемін.

1925 жылы Мұхтар Ленинградтағы оқуын жалғастыруға жүрмек болды да, сол жылы техникумды бітірген маған «бірге жүр, Күншығыс институтына түсесің» деді. Әдебиетке, фольк-лорды зерттеуге деген құмарлық жетелеп, сол жылы Күншығыс институтының түркология факультетіне түстім. Онымен қоса Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің Шығыс бөлімінде тыңдаушы болып та тіркелдім.

Ол кезде бұл оқу орындарында Бартольд, Самойлович, Марр, Крачковский, Ольденбург, Бакланов, Мещанинов сынды ірі ғұламалар дәріс береді. Бәрі де білімдері жойқын адамдар. Мұхтардан кейін олардың тікелей әсері мені біржола ғылым жолына түсірді.

(Осы жерде біз Әлекеңнің әу бастан-ақ, көзі ашық, көңілі жүйрік адамдардың ықпалы ортасында өскендігін айтар едік. Баянауылдың теріскейіндегі Шідерті өзенінің бойындағы қыстауда 20-шы ғасырдың басында дүниеге келген бала жастайынан халық дәстүріндегі зерделі тәлім қайнарларынан сусындады.

Академикті балалық шағы өткен аяулы шаңырағы, болашақта үлкен бәйтерекке айналар жас шыбық боп өскен құнарлы топырағы туралы әңгімеге тартамын).

– Әрине, ғылымға келу үшін де адамның өз басының оған бейім болмағы керек. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов сіздің сол қырыңызды дәл таныған ғой. Демек, Сіздің бейімділігіңіздің осындай болып тәрбиеленуіне туып-өскен ортаңыз бен алған тәліміңіздің ықпал-әсері аз емес-ау.

– Ол да әбден мүмкін. Менің атам Марғұлан жас кезінде Баянауылға белгілі салдардың бірі болыпты. Ол кісінің шығарған бір-екі күйі де бар. Сол Мәкең дәстүрінің әсері болар, ауылымызда толқынды әншілер мен келісті күйшілер жиі бас қосатын. Әжем Әймен – Тәттімбеттің туысқандарының қызы. Жарқын, сыпайы, ашық жүзді адам еді, немерелеріне көп үлгі берді. Әдемі ақындарды жүйрік тілмен айтып отыратын. Әкем Хақан да бала күнінде Мәшһүр Жүсіппен Баянауыл мектебінде бірге оқыған, арабша сауатты кісі болды. Қазанда басылатын қазақ кітаптарын көп оқитын. Төңкерістен бұрын шыққан қазақ газеттерін алдырып, терезенің алдына үйіп қоятын. Әсіресе, олардың болыс пен ауылнайды, парақорларды келеке етіп сынаған жерлерін қайта-қайта оқып мәз болатын. Ол кісі маған бес жасымнан бас-тап арабша хат танытты.

Одан кейін Шідертідегі қыстауда ашылған қазақ мектебінде оқыдым. Онда қазақ ауыз әдебиетінен, қыпшақ, шағатай әдебиетінен дәрістер алдым. Сегіз жасымнан бастап Қазанда шыққан қазақ кітаптарын саулатып еркін оқуға жетілдім. Оларды әкем Қоянды жәрмеңкесінен алып келетін. Менің қиссаларды оқи алатынымды білетін ауыл адамдары төбенің басына шақыртып алып, дөңгеленіп отырып маған жыр, қисса оқытатын. Олардың ішінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Мұңлық-Зарлық», «Көрұғлы» сияқты жырлар мен дастандар бар болатын. Біразын жатқа да білдім. Ауылдан екі шақырымдай жерде Қисық деген тау бар. Соның басына шығып Абай өлеңдерін жаттаушы едім.

Жастайынан Абылайдың оң қолы, «Ақтабан-шұбырынды» кезінде жойқын істерімен халыққа ардақты болған, менің арғы бабам Ер Олжабай туралы аңыз-әңгімелерді көп естіп өстім. Батырдан бері таратқанда, Олжабайдан – Дулат, Дулаттан – Марғұлан, Марғұланнан – Хақан болып келеді. Әкем Хақан бабасының мұраларын үйдегі әбдіреде таза ұстап, қастерлеп сақтайтын. Олжекеңнен қалған әскери қарулардан көзге ерекше түсетіні – шарайна, алтын балдақты бүкір қылыш, дулыға еді. Олар сол кезде Омбы музейіне тапсырылған. Үйде көпке дейін сақталып келгендері – жібектен жасалған ұзындығы біржарым метр, көлденеңі 70 сантиметрдей сары ала ту. Ғалдан-Шеріннің Олжекеңе тартқан үш жарлығы, жай шақыратын жұмыр қара тас болды. Ауылда жас келіншектер қысылып толғатқанда, ала тудың шетінен ақырындап қайшымен қиып беріп отыратын. Ал құба қалмақтардың Олжекеңе тартқан жарлықтары қойдың терісіндей қалың сары қағазға жазылып, әрбірінің ұзындығы біржарым метрдей болатын. Бала күнімде мен оларды оқығым келіп қанша әуреленгеніммен, ештеңе шығара алмайтынмын. Өздерін зерттеп жазса, бір монография болатын-ақ дүниелер еді. Мен оларды 1927 жылы Ленинградтағы Күншығыс институтына апарып тапсырайын дегенімде, шешем жылап, «бабаңның мұрасы» деп бермей қойды. Тағы бір ғажайып нәрсе, Олжекеңнің өткен тарихта, шайқастарда не болғанын жазған «Қара кітабы». Оның ішінде Абылайдың, Бөгенбайдың, Қазыбек бидің, Әмірсананың есімдері кездесіп отыратын. Әттең, ең өкініштісі, Ер Олжекемнің осындай  аяулы мұраларынан кейіннен айырылып қалдық. 1930 жылы оқуда жүргенімде, ашаршылыққа ұшыраған анам Нұриланы Қарағандыдағы шахтер болып істейтін інісі үйіне әкетпек болады да, шешем жолда дүниеден қайтып, Олжекеңнің барлық мұраларын сол кісінің басына қойып көмеді. Кейіннен анам жерленген орынды қанша іздесем де таба алмадым.

(Ғұлама бір сәт үндемей қалды. Содан кейін сөзін ары қарай жалғады).

– Расында да, менің ғалым болуыма туып-өскен ортамның әсері аз тимеген болуы керек. Менің бала күнімде Баянауылда атақты әнші Жарылғапбердінің ғажайып әндері елді тамсантып, Жаяу Мұсадай аяулы саңлақтың дауысы алысқа жетіп жатты. Құйылған ақындығымен Сұлтанмахмұт шықты. Орысша оқу қуған Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, Хакім Иманбеков, Жағыпар Секербаев секілді ілгерішіл жастар көрінді. Олармен қабат менің Маусым деген ағам да маңдайы жарқырап щығып еді. Ақан серінің, Жарылғапбердінің, өзімізге туыс болып келетін Жаяу Мұсаның әндерін соншама салтанатпен орындап, толқытып күй шерткенде жан дүниені балқытатын. Әттең, жүйрік өнерпаздың бірі болып келе жатқанда, 1914 жылы 20 жасында дүниеден қайтты. Осылар тектес бір қауым жастардың әсері бізді де бозбала шағымыздан өнер, білімге ұмтылдыратын.

1914 жылдан 1919 жылға дейінгі Шідертіде Хакім Иманбеков ашқан орыс мектебінде оқыдым. Оның мұғалімдері Уфадан қашып шыққан семинаристер, Омбыда, Керекуде оқыған қазақ оқытушылары еді. Олар орысша жақсы білетін, сабақты жақсы беретін. Мектепте орыс тілі мен әдебиеті, тарих, география, математиканы оқып, бірталай білім алдым.

1916 жылдың жазында темір жол салатын орыс инженерлеріне ілесіп, Ірбіт қаласының маңындағы темір жол құрылысында да жұмыс істедім. Мені ертіп кеткен орыс инженері Екатеринбор қаласындағы гимназияға түсіруге көмектесем деген болатын. Бірақ соғыс жүріп жатқан кез. Ақшам жоқ. Түсе алмадым. Қысқа қарай елге оралып, Хакімнің мектебіндегі оқуымды қайта жалғастырдым. Содан 1919 жылы Мәшһүр Жүсіптің Әмен деген баласына еріп Керекуге барып, бір жылдық мұғалімдік курсқа түстім. Әйгілі әнші Майраның үйінде жатып оқыдым. Оны бітіргесін елге келіп, балаларға сабақ бердім. Қайтсем әрі қарай оқимын деп армандап жүргенімде, Әбікей Сәтбаевқа кездестім. Ол кісі сол кезде Семей губерниялық  оқу бөлімінде істеп, мұғалімдер курсында сабақ беретін. «Аз біліммен қайта барасың, ілгерілеп оқығаның жөн ғой», – деді. Сол кісінің кеңесімен 1921 жылы күзде Семейге келіп, педтехникумға түстім. Содан кейін қалай Ленинградқа барып, Күншығыс институтында оқи бастағанымды жаңа айттым.

– Сіз Шығыстану институты мен Ленинград мемлекеттік университетінің Шығыс бөлімінде қатар оқыдыңыз, оған қоса Өнер тарихы институтында да лекциялар тыңдадыңыз. Үш оқу орнында сабаққа қатысудың өзі де оңай емес, бәрін қалай игердіңіз?

– Алдыңғы екі институтқа күндіз барамын. Сосын үйге келіп екі сағат дем аламын да, кешке қарай Өнер тарихы институтына тартамын. Ол «Астория» мейманханасының алдында. Біз Мұхтар екеуміз Васильев аралындағы жетінші линияның бойында пәтерде тұрдық. Монета зауытында істейтін жұмысшының үйі еді. Кейін Мұхтар оқуын бітіріп кеткен соң, оның орнына өзбек жазушысы Айбек келіп орналасты. Екеуміз Өнер тарихы институтына бірге барамыз. Эйхенбаум, Томашевский, Жирмунский сияқты профессорлардың тамаша етіп өткізетін дәрістерін тыңдаймыз.

Ауық-ауық Мұхтар оқитын Ленинград университетіндегі әдебиет факультетінің қызықты сабақтарына да барып қоямын. Олардың арасында әсіресе ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы орыс романтизмі туралы әңгімелейтін профессор Сиповскийдің дәрістері аса ұнаушы еді. Ол кісі Пушкин мен Лермонтовтың трагедиялы тағдырларын сондай жақсы айтатындықтан, аудиториядағы көп қыздар, келіншектер көздерінен мөлдіретіп жас төгіп отыратын. Бір күні профессор Сиповскийдің сондай лекцияларының біріне Мұхтар екеуміз қатысып отырғанбыз. Есіл-дертіміз мұғалімнің сөзінде болып ештеңе байқамаппыз. Бір уақытта қарасам, Мұхтардың шашының арасында бір қағаз қыстырулы тұр. «Мұхтар, шашыңдағы қағазды қара», – дедім. Ол: «Бұл не?», – деп алып қарап жатыр. Бір жапырақ қағазға: «Сіздің шашыңыз біздің лекция тыңдауымызға кедергі жасап отыр», – деп жазылыпты. Қызықты дәріс үстінде де Мұхтардың әдемі бұйра шашы арқамызда жайғасқан нұр жүзді арулардың назарын аудара берсе керек. Сөйтсем, олардың арасында өзіміздің болашақ жеңгеміз Валентина да бар екен ғой.

Оқып жүргенде көп ойланған нәрсем, ерте кездерде Қазақстан туралы не жазылды, соны зерттеп білу болды. Бұл жағынан Ленинградтың бір аяулы жері музейлері, кітапханалары көп. Олар адамға білім бермей қоймайды ғой. Білім алудың қия көздері – әсіресе Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттік-көпшілік кітапханасы, Ғылым академиясы, Күншығыс институты, Археология институтының кітапханаларында, толып жатқан архивтерде. Бұлардың бәрі кісіге білім беретін ақыл-ой ордалары сияқты. Оларда Қазақстанға қатысты материалдар өте көп. Бәрін дерлік тапжылмай отырып оқып шықтым. Салтыков-Щедрин атындағы кітапхананы басқарушы профессор Бычков деген аяулы адам еді. Ол кісі маған не нәрсені оқуым керектігіне көп көмек көрсетті. Ескі уақыттардағы газеттердің тігінділері өте ауыр, бір пұт, екі пұт келеді кейде. Оны кітапханашы қыздар көтеріп әкеле алмағасын, өзім барып оқу залына әкелетінмін.

(Академик Әлкей Марғұлан еңбектерін оқып отырғанда, ол кісінің еліміздің алуан архивтерінің құпия-қалтарыстарында жатқан сом-сом алтын іспетті құнды мәліметтер мен деректерді соншама мол жиып-тергендігі таң қалдырады. Академиктің сонау студент кезінен, өзі тәлім алған ғұламалардан үйренген бір жақсы қасиеті – кітаптар мен архивтерден халқымыздың тарихына қатысты көзіне іліккен мәнді деректердің қажет жерлерін дәптерге ықтияттап көшіріп алып отыратындығы. Олардың талайы бүгінге дейін жарық көрген «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнері тарихынан», «Қазақстанның сәулет өнері», «Ежелгі мәдениет куәлері», «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті», «Шоқан және Манас», «Орталық Қазақстанның Бегазы-Дәндібай мәдениеті» секілді кітаптар мен монографияларды, 500-дей тарих, археология, этнография, әдебиет және өнертануға арналған зерттеу жұмыстарын, жүзден астам энциклопедиялық мақалаларды жазуға, ғылыми негіздеуге қаншама көмектесті, тиянақты қорек болды десеңші. Және бұлардан басқа академик архивінде әлі де саралауды, терең зерделеуді қажет ететін түпнұсқа деректер қаншама. Жазылып бітіп, дайын тұрған еңбектердің өзі бір төбе. Әлекеңнің соңғы жылдары баспасөзде жарияланып жүрген архив мәліметтерімен тамаша әдіптеліп, ана тіліміздің шұрайлы қайнарларынан сусындататын, тамаша ғылыми байыптауларымен риза ететін қадау-қадау мақалаларының дені сол өз кезінде жазылып бітіп, қатталып жатқан дүниелер. Себебі, үлкен ғұлама біткен еңбектерін жариялап, кітап шығару жайын бірінші кезектегі мақсат етіп қоймайды. Аяқталған жұмысқа айналсоқтап жүргеннен гөрі жаңа бір істі бастап кеткенді тәуір көреді. Қолда бар, ойда бар маржандар оны алға қарай, жаңа еңбек жазуға жетелейді).

– Ғылыммен  айналысқан  талай   жыл   ішінде архив  ұстауда кеткен құнтсыздық-тарымыздың зиянын да көп байқадым, – дейді академик сөзін әрі қарай жалғап. – 1930 жылы институт бітіріп, Алматыға Оқу комиссариатына жұмысқа келгенімде, сол комиссариаттың кітапханасынан Әбубәкір Диваевтың мыңдаған дәптерден тұратын, қазақтың ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаған қымбат мұрасын көріп едім. Көпшілігін тамсанып отырып оқып та шыққам. Оны Оқу халық комиссары Нұғыман Манаев маған тапсырып қойып еді. Оларды көп оқуға ой бөлген кісінің бірі – Сәкен Сейфуллин. Бірақ мен ол кісіге көп бере қоймай, кейбір нәрселерін ғана көрсететінмін. Кейін Ленинградқа Материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасына оқуға кеттім. Диваевтың осы мыңдаған дәптері қазір қайда жатқанын білмеймін.

Қазақстанның Орталық архиві 1925 жылдан кейін Омбыдан көшіріліп, Қызылжарда тұрды ғой. Сол архивтен 1925 жылы Ер Олжабайдың 1762 жылы Екатерина патшаға жазған ашық хатын көрген едім. Ол хат қалың сары қағазға араб қарпімен қазақша жазылған, жылқы шаруашылығы жайлы сөз қозғайтын. Қазір соның қайда екені маған мәлімсіз. Сонау ХVI ғасырдағы бұлғақ толқыны кезінде Ресей патшасының қолында тұрған қазақ сұлтаны Оразмәмбеттің сол дәуірдегі қазақ халқының жазу мәдениеті үлгілерін жарқын суреттейтін ғажайып кітапханасының жоғалуы да орны толмас өкініш. Оразмәмбеттің күміс жәшікке сақтап келген кітапханасында сол кездегі қазақ тілінде жазылған кітаптар, қолжазбалар, шежірелер, хаттар, халықтың әдемі қария сөздері бар болатын. Бұл түпнұсқалар бертіндері Азия музейінде тұрған кезінде жоғалды. Шоқанның соңғы жылдарында жазған еңбектерінің, ауыз әдебиетінің үлгілері жинақталған көптеген қолжазба дәптерлердің, оған орыстың көрнекті адамдарынан келген хаттардың білместік салдарынан іс-түссіз кеткеніне қалай қиналмай тұра аларсың.

(Әлекеңнің нағыз ғылыми ерлікке лайық атқарған үлкен жұмысы – ұлы ғалым, ағартушы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын тыңғылықты зерттеп, бес томдық академиялық жинағын баспадан шығаруға бас болғаны. Шоқанға қатысты бұған дейін еліміздің сан архивтерінде жүйесіз шашырап жатқан бай мұраны жинақтап, реттестіріп, баспаға әзірлеу қаншама күш-қайратты, ыждаһаттылықты, білгірлікті керек ететіні өз-өзінен түсінікті. Бес томдықты парақтай отырып, онда Әлекең жазған Шоқанның өмірі мен қызметі туралы алғысөздерді, өздері үлкен бір татымды еңбекке әбден пара-пар қыруар түсініктерді, сілтемелерді оқыған кезде ғылымға деген нағыз адалдықпен, патриоттықпен атқарылған ұлан-ғайыр іске куә боламыз. Бес томдықтың шығуы Шоқантану саласының күрт дамуына ерекше әсер етті. Осыдан кейін қазақтың ұлы ғалымы туралы ғылыми еңбектер мен зерттеулер, әртүрлі әдеби шығармалар көптеп дүниеге келе бастады.

Академикті Шоқан өмірі мен мұрасына қатысты әңгімеге тартамын. Ғұлама тосылмады. Адам аттары мен жылдар жүйесін еш шатастырмастан түйдек-түйдек сөз тиегін ағылта жөнелді. Обаған бойындағы кезінде Аманқарағай дуанының орталығы болған Қараобаға жақын тұста аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов арнайы салдырған, Шоқан дүниеге келген Күнтимес ордасы, ол өскен орта, Омбы, Петерборда өткен жылдары, Қашқар сапары, Тезектің ауылындағы соңғы айлары жайлы көсіле әңгімелейді).

– Шоқан менің көп уақытымды алды, – дейді Әлекең. – Ең жеміс беретін қайраты мол шағымды Шоқан мұрасын жинап-теруге арнадым. Оншақты жыл дамылсыз жұмыс істеуге тура келді. Бірақ ол өкінетін бейнет емес еді. Шоқан сияқты аяулы данышпандарды әлемге таныту үшін бар ғұмырды арнауға да болады. Мен өзім оның бес томдығын шығаруды аяқтағаннан кейін де қарап отырған жоқпын. Өзімнің еңбектерімді жазу үстінде оған да назарымды сала жүрдім.

–  Шоқан бір қарағанда мұхиттағы айсберг сияқты тұңғиық қой. Оның бес томдығы шықты десек те, ашылмай жатқан мұралары әлі де мол, – дейді Әлекең бұл жөнінде. – Сондай архив тозаңында көміліп жатқан асыл дүниелердің бірі Шоқанның 1856 жылы жазып алған қырғыздың «Манас» жыры болатын. Оны ұзақ жылдардан кейін ғана Шығыстану архивінің қорынан таптым. Содан соң мен 1978 жылы «Шоқан және «Манас» деген кітап жаздым, оқыған шығарсың. Шоқанның бес томдығы шыққаннан кейін мен тапқан мақалалар мен зерттеулердің өзі қазір жеке бір том құрауға жетеді. Мен олардың бәрін Ғылым академиясындағы жігіттерге табыс еттім. Келесі жылы Шоқанның туғанына 150 жыл толуына байланысты оның бес томдығы қайта толығып жарық көргелі жатыр. Онда кейіннен табылған дүниелерінің бәрі де қамтылмақ...

– Сіз 1943 жылдан Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы көне мәдениет орындарында қазба жұмыстарын жүргізуге бас болдыңыз. 1946 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы Орталық Қазақстандағы ежелгі мәдениет іздерін зерттедіңіз. Ол археологиялық қазбалардың қорытындылары көне қазақ жерінде байтақ мәдениет үлгілері болғанын бұлтартқызбай дәлелдейді. Сонау көне дәуірлерде Қазақстан жерінде өркен жайған өркениет іздеріне жолықтырады. Мәселен, мына шығармаңыздан да бұл жайында талай жарқын фактілерге ұшырасамыз, – дедім де өзіммен бірге осы кездесуге арнайы ала келген «Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты 1979 жылы орыс тілінде шыққан қаптамалы жалпақ қара кітапты папкемнің ішінен алып, үстел үстіне қойдым.

– Ә, мына кітап сенде бар екен ғой, – деп Әлекең оны қолына алып отырып сөзін жалғады.

– Бұл Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген ғажайып бір кезең, сарқылмайтын мәдениет дүниесінің келісті бір түрі. Жалпы, қазақ жерінде жыл санауға дейінгі мыңжылдықтарды қамтыған қола дәуірінің мәдениеті жойқын дамыған. Соның сәулетті бір белгілері – қыстақтар орны, зәулім обалар, биік меңгірлер – ж. с. д ХІ-VIII ғасырларда Орталық Қазақстандағы Беғазы өзенінің бойы мен Дәндібай ауылы деп аталған мекен төңірегінде көп сақталған. Өзім Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп ат қойған бұл сәулет пен өнер үлгілері бір жағынан, көне Қазақстан жерінде қола дәуірден кейін көркейген алғашқы сақ мәдениетімен сабақтасып, ұштасып жатыр. Сақтардың бүкіл әлемге әйгілі жойқын өнерінің бір төркіні осы Беғазы мәдениетінің жарқын дәстүрлерінен бастау алады.

(Академик қолындағы кітап беттерін парақтап кетті).

– Мына кешен архитектурасының тамашасын қарашы. Беғазыдағыдай архитектура еш жерде жоқ. Мұндайды Орта Азиядан да, Сібірден де таппайсың. Тек бізде ғана бар… Мынау қыш құмыралардың, көзелердің сыртындағы ою-өрнектері қандай әдемі. Бір-біріне тіптен ұқсамайды. Формаларына қарашы, өзінше дербес… Алтын мен қола білезіктер, алтын жүзіктер мен сырғалар қандай әдемі… Әсіресе, меңгірлерді қарасайшы. Қазақтар оларды орналасуына қарап: қорған тас, қанат тас, қалқа тас, самала тас, сым тас, серек тас, бағана тас деп әрқилы атап жатады. Ертедегі адамдар оларды әртүрлі әдет-ғұрыптарға, отқа, суға, әруақтарға табынуға байланысты тұрғызған. Меңгірлердің арасында атқа, қойға, аюға, түйеге ұқсатып салған түрлері де кездеседі. Францияның бір профессоры осы кітап шыққасын маған арнайы хат жазыпты. «Сіздің кітабыңыздағы меңгірлер маған ерекше әсер етті», – дейді.

Сақтардан кейінгі бір жарқын кезең – ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінде өркендеген мәдениет. Жыл санауға дейінгі ІІІ ғасырдан жыл санаудың V ғасырына дейін ерекше көркейген осы мәдениет үлгілері Алатау баурайында, Қаратау аймағы мен Сырдарияның орта алабында жиі кездесіп отырады. Осы өңірлерде біз жүргізген зерттеулер бұл бақташы тайпалардың қоладан, алтыннан тамаша өнер үлгілерін жасай білгендігін сәулетті түрде дәйектейді. Ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінің шеберлері зергерлік заттарды әр алуан сипаттарға құрып, оларды аңдар мен жануарлар бейнесімен пішіндеуде өте биік сатыға көтеріле білді. Ұсталар көркем оймыш, бедерлеу, соғу, қақтау, тас пен ағашқа ою түсіру сияқты әдістерді жете меңгерді. Олардың қоныстарының орны, зираттар мен қорғандар сол дәуірде құрылыс өнерінің де ерекше өркендегенін байқатады.

Кейбіреулердің көне Қазақстанда бағзы замандарда мәдениет ошақтары болмаған, қала салуды білмеген дейтіні бар. Бәрі бекер. Жезқазған, Қаратау қойнаулары ерте замандарда-ақ кен орталықтары болған. Жезқазған төңірегінде жез, қалайы, темір, алтын, күміс шығарып, өңдейтін кеніштердің болғанын археологиялық қазбалар анық көрсетіп отыр. Талай ғасырлар бойы Еуропа үшін Иберия кеніштері қандай роль атқарса, Жезқазғандағы металлургия орталығының да Азияға әсері дәл сондай болған. Тіпті, Грек, Парсы, Мысыр, Кавказ елдері алтын мен күмісті қазақ жерлерінен алып отырған. Ежелгі Қазақстан жерін мекендеп мал баққан, егін еккен, кен қазған бабаларымыздың дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесі орасан көп. Ана жылы Есік обасынан табылған «Алтын киімді адам» да сол байтақ мәдениетіміздің сәулетті бір айғағы...

– Жақында Сіз өзіңіздің осы уақытқа дейін жазып біткен қолжазбаларыңызды он том етіп ретке келтіріп жүйелеп қойды деген қуанышты хабар естідік.

– Ол рас. Ол томдардың әрқайсысының көлемі шамамен 35-40 баспа табақтай болмақ. Әрі бұл он томдыққа археология материалдары кірмейді. Алғашқы үш томым түгелдей әдебиет туралы еңбектерден тұрады. Бірінші томда түрк тектес халықтарға ортақ асыл мұралар: «Ер Төстік», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қорқыт», «Манас» жырлары жөніндегі ойлар айтылса, екінші томыма көлемі 40 баспа табаққа жуық «Қазақ халқының эпикалық шығармалары» атты докторлық диссертация кіреді. Онда Керей, Найман, Қыпшақ дәуірлеріндегі эпикалық жылдар сөз болады. Үшінші томды «Қазақтың орта ғасырлардағы әдебиет жазбалары» деп атап отырмын. Ол XV-XVIII ғасырлар аралығындағы қазақ жазушыларының еңбектері туралы ойлардан тұрады. Онда Қадырғали Жалайырдың жазбалары, Бапан бидің дәптері, Өтеміс қажының шежіресі мен Шорманның Мұсасының еңбектері, шежірелер сөз болады. Төртінші томға әр кездері жазған мақалаларым кіреді. Бесінші томымды түгелдей Шоқан Уәлиханов туралы жазғандарыма арнадым. Орысша-қазақша бірдей дайындалған ол еңбек келесі жылы Шоқанның 150 жылдығына орай шығып қалар деп те отырмын. Әне-міне жарық көрейін деп тұрған үлкен еңбегім – алтыншы томымды құрайтын, түгелдей қазақтың халық өнеріне арналған үш томдық монография. Оларда қазақтың киіз үй, оның ішін көркейтетін әдемі мүліктері: кілем, текемет, сырмақ, тұскиіз, туырлық, басқұр, сандық, кебеже, жүкаяқ, оюлы ағаш есік, ұлттық киімдер, ою-өрнектер, зергерлік бұйымдар, алтыннан, күмістен, қоладан, ағаштан, теріден жасалған сәндік дүниелер жан-жақты сөз болады.

Оны «Өнер» баспасындағы жігіттер әдемілеп дайындап, өндіріске жіберген. Қазір басылып жатыр. Қалған томдарымда қазақ өнері мен мәдениетінің әрқилы мәселелері: Көне заман өнерінің үлгілері, таңбалы тастар мен тас мүсіндер, ежелгі архитектуралық ескерткіштер және байырғы мәдениет белгілері сала-сала әңгіме арқауына айналады. Ендігі қалауым, сол он томдықты бір баспа шығарамын деп қолға алса тым дұрыс болар еді...

– Әрине, Сіздің талай жыл бойы жазған терең дүниелеріңіздің халыққа тезірек жетуін біз де шын жүректен тілейміз. Ал қазір қандай жұмыс үстінде отырсыз?

– Қазір Қазақстанның ежелгі сәулет өнері жөніндегі жаңа еңбегімді жазып жатырмын. Бірінші бөлім бітім тұр. Сондай-ақ алдағы күндерде Мұхтар Әуезовпен бірге тұрып, бірге жүрген күндерімдегі көрген-білгендерімді қағазға түсірсем бе деген ойдамын. Ол да жүйесін тауып бітіп жатса, пайдасы көпке тиетін еңбек болады ғой деймін…

 (Сексеннің сеңгіріне шығып, қимыл-қозғалысы шау тартса да, ойы жүйрік, санасы сергек күйінде қалған, баяғының абыздарындай ақылман қариямен әңгіме әлден уақытқа созылды. Қайтарда әкелген кітабыма қолтаңба жазып беруін өтіндім. Академик кітапқа «Ардақты Жарылқапқа, ұмытпай еске алып жүру үшін. Әлкей Марғұлан» деген жазу түсіріп, қолыма ұсынды...

... Әлекеңмен қош айтысып, данагөй ақсақалдың үйінен шыққаннан кейін Кіші Алматы өзенінің бойымен жоғары өрлеп жүріп келемін. Қолымда –халқымыздың заңғар ғұламасының ыстық алақанының табы мен қолтаңбасы түскен кітап, көңілде – телегей-теңіз ой дариясы іспетті шежіре жанның әңгімесінен алған көл-көсір әсер...).

Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ

1984 жыл

919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы