• Айтарым бар...
  • 31 Тамыз, 2022

ШЕКАРА

Серік БАЙХОНОВ

(Жалғасы. Басы журналдың  өткен нөмірінде).

3

Міне, содан бері де он шақты жыл зымырап өте шығыпты. Менің Нарынқол жайлы фильмім  де, Қарқара жазығы мен Кеген асуы жайлы естеліктер де өткен күннің еншісінде қалды. Қазіргі тірлік жаз болса Алтайдың асқарындағы Өрел мен Берелге, одан қалды Рахман қайнарлары мен Ақсу жаққа жалтақтаудан аспай тұр.

Енді бүгін ойлап отырсам, сол бір балаң нарықтың күйіп тұрған шағында – тоқсан төрттің жазында көкірегімді түрткілеген түйсік сезім алдамаған екен-ау.

...Білгіңіз келсе, Алтай демекіші, Алтайдың да Катонқарағай деп аталатын өз Нарынқолы бар. Қалихан ағам атын «Қатынқарағай» деп айтқанда, аузы қомпиып, езуі томпиып кететін Катонқарағайдың нақ өзі. Аталарымыз ара қашықтығын  «Ана шеті мен мына шеті аттылы адамға алты айшылық» деп өлшеп кеткен қазақ жерінің шығыс шекарасы. Аттылыңды қайдам, жүйрік машинаға мініп облыс орталығынан таң ата шыққын адам жыландай иретілген бұралаң жолдарды қуалап жүріп Аршатысы мен Шындықатайына күнді батырмай жеткеніне қуанатын жер...

Катонқарағай... Жұртшылықты жалық-тыра бастаған өркениет ауылынан шалғайлау демесең, мұнда бәрі, бәрі бар. Тауының қара тасында мумия, маралының мүйізінде панты пісетін қызық жер өзі. Адам тамырыңды қайдам, мұндағылар қызыл тамырды былай қойғанда, алтын тамыр мен марал тамырды шөпке шабады. Мұнда да Нарынқолдағы секілді шілде аумай жатып су бетіне қырау тұрады, мұнда  екі ай көктем, екі ай жаз, қалғаны қыстың еншісі. Мұнда  ірі мал мен қара мал алты ай қыс қолға қарайды. Сондықтан болар мұндағы жігіт атаулы келіншектерін Нарынқолдағы секілді «біздің үйдегі шөп шабатын машина» деп атайды. Мұнда бәрі... бәрі  бар... Аспан таудың – Хантәңірісі болса, Алтайдың – Мұзтауы,  Қарасаздың – Мұқағалиы болса, Шыңғыстайдың  – Оралханы бар. Тағы кім?.. Ауыл еліне алты айда ізін бір салатын Әлібек пен Дидаш бар еді... Су орнына сүт ағатын айналайын Ақсу мен рахымы мол Рахман бұлағына алты айда бір ат ізін салатын ол екеуі ғана емес; шілдеде  маралдың мүйізіне қан ұйыған шақта Алматы мен Астана жақтан «қан ішкіш қасқырлар» анталайды. Қасқыр болғанда Үлкен үйдегі саясат ойынынан шаршап-шалдыққан-адам қасқырлар мен Үлкен ауылдағы қылықты келіншектердің көңілін табамын деп жүйкесін жұқартып, белі мен белбеуі босай бастаған «байшікештер» көбісі.

Болса – болмаса,  «қазақтың бір тойғаны – шала байығаны» емес пе? Сол сол екен, алты ай қыстан қысылып шыққан Алтайдың қуыс-қуысына жан бітеді. Күнде думан, күнде той. Жергілікті халықты бір байытып тастайтын «байшікештер» астаналары мен атырауларына қайтып кеткен соң Катонқарағай халқы қайтадан өзімен өзі қалады. Шөп... Шөп... Шөп көп. Бірақ шабатын машина жоқ. Мұндағы халық қалың тайганың ішінде отырып қыстық отын үшін аудан орталығыны қарай сабылады. Өйткені Катонқарағай – қорық, қорық болғанда мемлекеттік мәртебесі бар қорық. Өйткені Катонқарағайда екінің бірі қорықшы. Бүгінгі ұрпақ бордай тозсын, енді бір оншақты жылдан кейін еліміздің  халқы қырық миллионға жетуі керек емес пе? Керек... Қырық миллионды былай қойғанда қыр астында қылтиып өсіп келе жатқан бір миллиардтан астам көршілеріміз бен  биыл жазда «екі ел арасындағы еркін аймақ» туралы әп-әдемі ертегіге бой үйрете бастаған ағайынды Мұзтау шыңының төбесі түгілі ер арқасына шығармаған да солар екенін ұмыта тұрыңыз... Соңғы кездері «Алтай – ортақ үйіміз» деген әдемі де қорқынышты идеяға  бой үйрете бастағанымыз өкінішті...

Жастайынан қар жамылып, мұз жастанып келе жатқан катондықтардың қашаннан жаны сірі. Бір ауыз анықтама қағаз алу үшін жүз жиырма шақырым жердегі аудан орталығы Үлкен нарынға жүгіруден де жалықпайды. Ар жағы белгілі. Қыс түседі. Жол жабылады. Жылы пештің түбінде бал сырасын сіміріп, Азия банкі сыйлаған компьютерін тықылдатып... жо-жоқ... самырсын жаңғағын шықылдатып отырып іші пысқан жұмыссыз ел қолыны қалам алып, Оралханша қара сөзбен ақ өлеңін... жо-жоқ... арызын жазып, «тастақты таулардың құйылысындағы» «орысы мол» Өскеменге аттанудан да тайынбайды. Ар жағы белгілі. Ел іші – партия. Бір жағында – Катондықтар, екінші жағында – Үлкен нарындықтар. Үрит... соқ!.. Кім жеңілді, кім жеңді? Жеңілген жақ, әрине, ағайыннан баз кешеді, қарағайдан қиып салған үй-жайын көршінің бір сиырына айырбастап Өскеменге көшеді.       

Қой, осымен қояйық. Өйткені мұның бәрі Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді» деп аталатын хикаятында айтылып қойған жәйттер ғой. Әлібекше айтсақ, тағдыр тауқыметінен безіп, төменге түскен тау адамы алдымен Төр елге, одан ары Бері елге келеді. Екеуінен шаршаса – Катонға, Катоннан қуылса – Үлкен нарынға жетеді. Одан ары – «орысы мол» Өскемен, ары барса – Алматы мен астана да тиіп тұр. Бәрі дұрыс, бәрі оң, бірақ елдің бәрі төменге қарай қаша берсе, қазақтың Өр елі мен Бері еліндегі шөп шабатын ауылдарға анда-санда болса да  ат басын бұрып, қазақтың Өр елі мен Бері еліндегі «шөп шабатын аруларға»  анда-санда болса да бір шабатын бір Қайырды, бір Камалтин қалмай ма деп қорқамын?..

Айтпақшы, осы Катоннан Мәжіліске депутат болып сайланған бір көкеміз Ресей шекарасындағы Верхкатунь ауылындағы «маральнигін» сатқысы кеп зыр жүгіріп жүріпті. Мен үшін бәрі бір ғой, әрине, өзіміздің қауға сақал Кержаққа сатылса да, ғайыптан тайып Ар жаққа сатылмаса болғаны деп жұбатамын өзімді... Қазіргідей қой үстіне бозторғай жүмыртқалаған мамыражай заманда қолынан келген қандастың қонышынан басқанына қуана отырып, қайран да қайран Катонда марал мүйізінің сорпасына пысқырмайтын азаматтың ары-бері төрт-бес жылдың ішінде мүйіз сорпасынан жеріп, шет елдік «шампунъға» бой үйретіп алғанына таң қалғасын айтамыз ғой баяғы...

 Катан жақта бәрі  қымбат, бәрі қат.  Қыстан көйлекпен шығатын Сарығаш пен Жетісайда жеті балаға бір мұғалім. Боранды күні бала түгілі үлкен адам б...мен қататын Катонда да солай. Бір ауылға бір дәрігер... Бір ауылға бір мектеп... Жо-жоқ, Катонқарағай мен Нарынқолда үш ауылға бір мектеп. Өйткені мұнда не көп – «Бітеу-Тупик»  аталар жер атауы көп. Өйткені «болашақсыз ауылдарды ірілендіру» саясатын қатаң ұстанатын жоғарғы жақ шекарада шашырап жатқан «бітеулердегі» қайсы бір тесікті бітеп үлгерер?

Ал Катонқарағай елінің жаны сірі. Айтпақшы, ала жаздай астанадағы ағайындар үшін әжептеуір «нан болған», оқушылардың білімін мемлекеттік тестілеу кезінде қатондық қара домалақтардың  елімізде ең үздіктердің қатарынан көрінгені қызық.

Шығыс шекарада шашырап жатқан ауылдардың бірінде бұдан жүз жыл бұрын қызыл қарағайдан қиып салған мектеп болды. Бір кездері  «Әбдікәрім мектебі» деп аталатын. Көпшілік қауым осы мектепті ашқан азаматты ағартушы ретінде білуі әбден мүмкін, ал сол Әбекеңнің өткен ғасырдың басында Ресейдің Таулы Алтай өлкесіндегі қазақтар мекендейтін Қосағаштың да болысы болғанын біле бермейді. Түскі асын Шыңғыстайдан ішіп шыққан Қаратай болысының адамы кешкі қонақасыны Қосағаштан ішкен кездердің болғанын біле бермейді. Білсе, кейіннен аудан орталығы Үлкен нарынға көшіріліп, шекарадағы ел арасына ши жүгірген тұста Сұлтанмахмұт Торайғыров сабақ берген сол мектеп, Баламер Сахариев пен Оралхан Бөкей оқыған сол мектеп «білмейтін, білгісі де келмейтін» ағайынның пешіне тамызық болып кетер ме еді?..

Мен барғанда, орны үңірейіп жатқан сол көне мектептің жанындағы биік теректердің ұшар басына қонжиып алған мың сан қарға  өлім тойын тойлап жатқан...

Біле-білген адамға шекара, ел шекарасы деген сөз деген ойыншық емес. Сондықтан үй іргесінде тиіп тұрған Қосағаштағы ағайынға бару үшін ел шекарасын кесіп өтіп, одан соң Ресейдің Барнауылы мен Таулы Алтай қалаларын басып өтіп, кешегі қалмақ ағайынның Нәуішкесіне жетесіз. Одан ары – Ташанта...

Ана бір жолы бірнеше адам Аршаты, Шындықатай асуы арқылы Қосағашқа өтуге талпындық. Ресми құжаттарымызды реттеп, үшінші күн дегенде шекараға да жеттік. Обалына не керек, жолға деп алып шыққан дәм-тұзымыздан ауыз тиген сәтте шекарашылардың қабағы жақсы секілді көрінген. Шаршап-талып ұйқтап кегкен екенбіз, түн ортасына таман бір топ солдат «тұр-тұрдың» астына алғаны. Сондағы айтатындары – Қосағашқа өту үшін Ресейдің рұқсаты керек. Сізге өтірік, маған шын, Қазақстанның жағрапиясын бір адамдай білем деп жүрген, Қосағаш түгілі Байөлкені талай шарлаған мен байғұс Қазақстан мен Моңғолияның арасындағы отыз шақырым жердің еліміз тәуелсіздік алған тұста Ресейдің қарауында қалып кеткенін білмейді екем. Өз басым Ресей мен Қазақстан арасына виза жүрмейтінін білем ғой. «Білмеген у ішеді» деген осы. Қазақстан мен Ресей арасындағы «шекара делемитациясы» кезінде осы Катонқарағайдың «білмейтін елі» тағы да у ішіп жүрмесе болғаны...

Сіздің не ойлайтыныңызды білмедім, меніңше... Бұл енді...

                                                   

5

Шекара... Көпшілігіміз шекара ұғымын карта бетіндегі пунктир сызықтар, немесе ай дала, жапан түзде жетімсіреп тұрған алабажақ бағандар арқылы көз алдымызға елестетеміз. Ал адамзат тарихына ой жіберсек, шекараға қатысты көзбен көріп, қолмен ұстауға  болатын жәдігерлер көлденеңдер еді-ау...

Шекара... Ала бағандар мен шынжырлап тастаған темір қақпалар. Сөз басында Марат ұстазымыз тілге тиек ететін, кәдімгі тарих сабағы дерлік жәдігерлер...

Әлқисса... Әлем картасына көз салсаңыз, мың бұратылған қисық-қыңыр сызықтарды көрер едіңіз. Өзіміздің абыз аға Ахаңның, Ақселеу Сейдімбектің аузымен айтқанда: «Сөйлеп кеткісі келіп тұрған сызықтар». Егер осынау  елеусіз сызықтарға тіл  бітсе... ұлттар мен ұлыстардың кешегі тарихы ғана емес, бүгінгі мұң-мүқтажын айтып, сайрап сала беретін сызықтар. Сол сызықтардың көпшілігі табиғи бөгет – табиғи шекаралар арқылы өтеді. Әлем картасынан ойып тұрып орын алған өз еліміздің картасына қарасаңыз, Каспий теңізінің оңтүстік шығысынан басталып, Арал теңізіне дейін жететін, одан теңіз бетін (бәлкім, табанын) жағалап, атақты ажал ордасы – Возрождение аралын бөліп өтетін, түп-түзу сұлу сызықтар көзге оттай басылады. Кешегі кеңестік дәуірде сонау Мәскеудің төрінде отырған картограф маманның түзу сызғышы дүниеге әкелген осынау мылқау сызықтарды «сөйлейді-ау» дегенге өз басым өмірі сенбеймін...

Тәуелсіз қазақ елі үшін ел шекарасын бекіту деген мәселе он  бес жылдық «бас ауруы» болғаны белгілі. Ең бастысы, осынау «бас ауруы» шартты түрде болса да жақсылықпен аяқталған секілді ме қалай?.. «Шекара делемитациясы» дегенде болашақты ойлап жүрегі сыздайтын шекара халқының мұң-шерін қазірден жоқтамасақ, көп ұзамай Нарынқол мен Кегеннің, Марқакөл мен Катонқарағайдың, Кекірелі мен Қорғанның маңайында да сөйлемейтін тас мылқау сызықтардың пайда болуы ғажап емес-ау...

Адамзат тарихына ой жіберсек, сол табиғи бөгет – табиғи шекараларын бекітіп ұстай алмаған елдердің трагедиялық тағдыры көңілге оралады. Адамзат тарихы тағдырдың тәлкегімен екіге, тіптен үшке бөлініп қалған ұлттар мен ұлыстар тағдырын ұмыта қойған жоқ. Әлем картасына көз салып қарасаңыз, ел мен елдің арасындағы саяси шекаралардың көбіне-көп табиғи бөгеттерге байланысты қалыптасқанын көрер едіңіз. Қап тауының асу бермес қарлы шыңдары талайлы тағдырын екіге айырған өзіміздің аландарды алайық. Талай ғасыр асау Теректің қос қапталын қатар жайлаған ұңғыштар мен аландарды бір-біріне өш қып қойған қандай күш!?. Селенганың екі бетін мекендеген ағайын алты ғасыр алты ауыз... Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң, біртұтас неміс халқының тағдыры Эльба өзенінің, тілі мен ділі бір, діні бір  молдавандар мен румындар тағдыры Висла өзенінің бойында шешілмеп пе еді?..  Ғасырлар бойы үлкенді-кішілі мұхиттар мен Жерорта, Қара теңіздер төңірегінде өрбіген талас-тартыстарды былай қойғанда, өзіміздің Каспий тағдыры да сол шекара мәселесіне келіп тіреліп тұрғанын көзбен көріп, көңілмен сезіп отырмыз ғой. Тарих сабағы осы. Сабақ болғанда – қиындау да қатігездеу сабақ емес пе?..

Ойымнан ұстаздың  тау қысталаңдары арқылы өтетін қақпаларды «ел мен елдің арасын бөліп қана емес, жалғап  та тұрған нысандар» деп атағаны кетер емес.

Таулы Алтайдағы екі бетін қазақтар мекендейтін Қосағаш пен өзіміздің Байөлкеге апаратын Шындықатай асуының, Іле Алатауын кесіп өтіп  өзіміздің Ұзынағаштың жанындағы Қарақыстақ пен Ыстықкөл арасын жалғайтын небәрі жүз жиырма шақырымдық жол жобасының соңғы оншақты жыл бойы туысқан елдердің бас ауруына айналғаны ойымнан кетер емес.

 6

Жалпы шекара жайы мен шекарада орналасқан елді мекендер жайы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. «Білмейтін де, білгісі де келмейтін» ел мен жұртқа  шекара деген мәселе қиын ғана емес, құйтырқы да мәселе.  Білуімше, жарты әлемді аузына қаратқан кеңестік дәуір кезінде де ел мен елдің арасындағы шекара деген мәселе күн тәртібінен түскен емес-тін. Ол кездері шекарашы мамандығын (егер мамандық деп санайтын болсақ) көпшілік атадан қалған кәсібіндей қастерлеп, қасиет тұтты емес пе? Шекаралық аудандар мен ауылдар дәйім Орталықтың назарында еді. Ол кездері шекаралық Шонжа мен Нарынқолдағы аудандық газеттердің базасы қандай болғанын біз қатарлас қаламдастар ұмыта қоймаған болар-ау. Ол кездері шекара жайлы фильмдер түсіру киностудиялардың арнайы жоспарына енгізіліп, кинопрокаттар оларды ел арасында  насихаттап жағы тынбай жататын. Ол кездері шекаралық аудандардың бүлдіршіндері «жас    шекарашылар қоғамы» деп аталар     ұйымға    мүшелікке  қабылданып, мәре-сәре болып жатпаушы ма еді? Ол кездері...

Өкініштісі, «ол кездегі» шекара мәселесін осындай жалпымемлекеттік,  жалпыхалықтық «идеологиялық іс-шаралардың» да біржола  шешіп бере алмағаны. Сыртқы шекараны былай қойғанда, ішкі шекара мәселесі де күл астындағы шоқтай маздап, лап ете түсер күнді күтумен жатыпты. Әзербайжан мен армян ағайындардың арасына бүлдіргі болған аядай ғана Таулы Қарабақты былай қойғанда, ана шеті мен мына шеті атшаптырым ғана Пригородный ауылы аландар мен мен ұңғыштардың жүрегіне шемендей қатты. Ата-баба мазары жатқан үш бірдей ауданын ауыздан жырып алған түбі бір туысқан өзбек ағайынға деген өкпе әрбір қазақтың көкірегінде шер болып жабысты.

Алысқа бармай-ақ сол кездері Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы су бөлінісіндегі келіспеушілік Арнасай су тоспасының төңірегіндегі дау-дамайдан бастау алғанын айтсақ та жеткілікті. Сырдария өзеніндегі жыл сайынғы су тасқыны кезінде екі елдің арасындағы ішкі, сыртқы су дауын екі республиканың партия, үкімет органдары емес, Орталық, нақтысын айтқанда, Мәскеудегі су шаруашылығы министрі дербес шешіп отырды. Ал тәуелсіздік алған жылдары бұрынғы екі республика, бүгінгі тәуелсіз екі мемлекет арасындағы су дауы түптің түбінде жер дауына ұласатынын кім білген?.. Түркістан мен Бағыс ауылдарының дауынан гөрі бізге Арнасай тоспасының дауы ауырлау тиген еді-ау...

Бір қарағанда Арнасай тоспасы   орналас-қан оймақтай жер жер көлемі жөнінен әлемде  тоғызыншы орын алатын  Қазақстан   үшін маңызды  болмауы  әбден  мүмкін.  Ал енді  жер   делемитациясы  кезінде сол алақандай жерге  Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан екі миллионға жуық қандастарымыздың тағдыры сиып тұрды емес пе?.. Түптің түбінде Арнасай тоспасы орналасқан алақандай аумақтың өз еншімізге тигенін ел саясаткерлерінің үлкен жеңісіне балайтынымыз сондықтан.

Жердің, әсіресе атажұрттың жаманы жоқ десек те, әрбір тәуелсіз мемлекет үшін стратегиялық маңызы өте жоғары аймақтар мен аудандар болатыны белгілі. Ол жерлер, әдетте шекаралық аумақтарда орналасатыны да рас. Үнді мен Пәкстан үшін – Кашмир белдеуі, Ауған халқы үшін – Панкисс шатқалы, жапондар үшін – Хоккайда мен Чикотан, Хобомая аралдары орналасқан мұхит белдеуі қандай маңызды болса, қазақтар үшін Шындықатай мен Майқапшағайды, Жазоба мен Қорғасты былай қойғанда, туысқан қырғызбен шекаралас Қордай асуының, өзбекпен шекаралас Кекірелі мен Мыңқап елді мекендерінің маңызы сондай болуы тиіс деп ойлаймыз.

Құмды өлкенің түкпірінде жатқан, бір қарағанда елеусіз Кекірелі мен Мыңқап жайлы айтқанда, «Жердің жаманы жоқ» деген аталы сөз ойға оралады. Қарап отырсаңыз, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бүгінгі жаңа шекара Мыңқапты жанай өтеді. Мерзімді баспасөзден екі ел арасындағы шекара сызығын бөлу кезінде қу құлқынның қамы үшін шекара бағанасын жылжытқан жігіттеріміздің қылығын оқып, талай жанның төбе шашы тік тұрғаны есте ғой. Сол жігіттер алтын өндіру жөнінен дүние жүзінде төртінше орында тұрған өзбек ағайынның күнделік нанын сол Қарақұмның кәдімгі қиыршық құмынан айырып отырғанын білді ме екен?.. Сол жігіттер өзінің күні кеше «Жидебайсын – жерім-ай» деп аһ ұрған аталарының көкейінде не жатқанын қалай ғана тез ұмытты десеңші...

«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегенді, «өзге елге сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді қайран қазақ жердің жаманы жоғын білген соң айтқан шығар-ау. Өз ағасы өзбектен Қарақұм шөлінің, діні бір арабтардан аңызақ соққан Сахараның бір пұшпағын, түбі бір, тілі бір қырғыздан Ыстықкөлдің бір бөшке суын сұрап ала алмасын білген соң айтқан шығар-ау... «Қызылқұмым – қызығым, Қарақұмым – қарағым» дегенді құлағына құйып өскен қазақ ұрпағы туған жердің әр пұшпағын жерұйыққа баласын деп айтқан шығар, кім білсін...

Иә, бауырым, мен білетін бүгінгі шекара шындығы осы. «Шекара шындығы» дегенде ұстазымыз Марат Кәрібайұлы айтқандай ел мен елдің арасын темір қақпалы тас қамалмен бекітіп тастайық демейміз. Қазіргі әлемдік жаһандану кезінде бұның  мүмкін емесі саған да, маған белгілі. Тек, әсем Алматыдағы Сейфуллин даңғылының бойында жұмыс сұрап сарсылып тұрып,  Нарынқолын ойлайтын қара баланы, Өскеменнің «көк базарында»  қытайдың кебісі мен өзбектің өрігін саудалап тұрып Майқапшағай мен Толағай тауын сағынатын қара қызды аяған соң айтамыз да...

Ұстазымыз Марат Барманқұловтың «Түріктердің Темір қақпалары» атты зерттеу еңбегін оқып отырып менің ойыма оралған мәселелер осы еді.

Адамда арман таусылған ба? Менің де ішімде аспандай бір арман кетіп бара жатыр.  Ол арман  – тәуелсіз қазақ елінің ту көтеріп, баған орнатқан шекарасын алабажақ бағаналар бойымен бір рет жағалап өтсем деген арман.

Шекара жаққа көз қырыңызды сала жүріңіз!..

2524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы