• Қоғам
  • 28 Шілде, 2022

ДЕМОГРАФИЯ: ҮМІТ ПЕН КҮДІК

«Көп қорқытады, терең батырады» деген тәмсіл бар. Кейбір мәселеде үніміздің құмығып шығуы да сол себептен. Кез келген мемлекет халқының санымен бай. Алайда, демография-да серпіліс тудыру үшін мемлекет халқының көбеюіне жағдай жасауы қажет.

Бір кездері Ресейдің «Ана капиталы» жобасын неге енгізбеске?» деп шуластық. Тіпті, сол кезде халық қалаулылары да «Оған біздің байлығымыз да, әлеуетіміз де жетеді» дегенді ашық айтатын. Қазіргі депутаттардың кейбірінің «табанының бүрі жоқ» па, ұлт мәселесіне келгенде «сен тимесең, мен тимен».

Қош, соңғы екі жылда көпбалалы аналар жайы, жәрдемақы мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Оған  ай мен күннің аманында бес бірдей баласынан айрылып қалған отбасының қасіреті себеп болған шығар. Елорданың іргесінде пәтер жалдап күн кешкен ерлі-зайыптының бес баласы өртке оранғанда, дүйім ел аза тұтты. Баспананың жоқтығы мен жалақының мардымсыздығы әке-шешенің күндіз-түні тынбай жұмыс істеуіне итермелеген. Бұл оқиға көпке ой салып, жараның бетін тырнай түсті. Бұдан кейін жер-жердегі ашынған көпбалалы аналар наразылық акцияға шықты да.

 

«Ана капиталы»: оған кім қарсы?

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Ана капиталын» енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл елдегі демографиялық жағдайдың артуына айтарлықтай үлес қосады.

«Ана капиталын» енгізуді ұсынамын. «Ана капиталы» еліміздің демографиясына түрткі бола тұрып, көп балалы жанұяларды әлеуметтік қорғаудың инструменті болады. Бұл үшін қорға жүйелі түрде қаржы түсіп, ол қаржы ұқыпты жұмсалуға тиіс. Мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін осы қорға жіберуді ұсынамын. Қор жұртшылықтың ашық бақылауында болуы керек. Қордың қаржысын салатын қаржы инструменттерінің өзі ашық талқылаудан өтуі тиіс. Елімізде демографиялық жағдайды шапшаңдату өте маңызды. Осы тұрғыда «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорының аясында «Ана капиталын» енгізуді ұсынамын. Бұл мәселені Үкіметтің де қолдауын сұраймыз.

Қазақстанның демографиясы көрші елдермен салыстырғанда, артта қалып тұр. Мемлекет те, қоғам да баса назар аудару қажет. «Ана капиталы» – демографияны шешудің бірден-бір жолы. Өзбекстанда өсім көп. Көрші Қытай үш бала тууға рұқсат берді. Олар көбейсе, дүниежүзіне қауіп төнеді. Әсіресе, Қазақстан үшін де қауіпті», – деді депутат.

«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, «Ана капиталын» енгізу туралы айтып келе жатқанымызға неше жылдың жүзі. Осыдан 10 жылдай бұрын сенатор Ғани Қасымов та осындай ұсыныс жасаған.

«Бала туғандағы бір реттік жәрдемақы мөлшерін 1,5-2 млн теңгеге көтеру керек. Бұған біздің шамамыз да, әлеуетіміз де жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ұсынысты іліп әкетсе, біз «бәрекелді» дер едік», – деген ол. Ал былтыр Парламентте Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Үкімет басшысына жолдаған сауалында: «Елімізде дүниеге келген әрбір балаға 4 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде «Ана капиталын» енгізу керек», – деген.

Смайловтың айтуынша, бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың білім алуына, анасының зейнетақы жинақтарына мақсатты пайдалануға бағыттаған дұрыс. Өкініштісі, бұл ұсыныстың бәрі сөз жүзінде ғана қалды. Жазушы Дулат Исабеков айтпақшы, «әншейінде Ресей насыбай иіскесе, біз түшкіреміз. Солардың бүкіл реформасын қайталаймыз. Ұлтқа керек емес жағын аламыз. Бірақ Путиннің аналарға жасап жатқан жақсылығын, «Ана капиталын» қабылдағымыз келмейді» дегені ащы шындық. 

Себебі, он-он бес жыл бұрын демограф-тардың оптимистік болжамы бойынша, Қазақстан халқының саны 2020 жылы 20 млн-ға жетуі тиіс еді. Бірақ біз әлі 19 миллионнан аса алмадық.

 

Беби-бум қайталана ма?

2022 жылдың мамыр айында Қазақстан халқының саны 19,199 млн адамнан асты, бірақ бала туу көрсеткіші төмендеп келеді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросы (ҰСБ). «Ел халқының саны 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 19199,8 мың адамды құрады, оның ішінде қалалық – 11442,9 мың (59,6%), ауылдық – 7756,9 мың (40,4%) адам. 2021 жылдың 1 мамырымен салыстырғанда халық саны 236,9 мың адамға немесе 1,2%-ға өсті» делінген хабарламада.

 Ақпаратқа сәйкес, 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында өмірге келгендер саны 127 мың адамды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6%-ға аз. 2022 жылғы қаңтар-сәуірде халықтың сыртқы көші-қон сальдосының теріс мәні – 1919 адам: Қазақстанға 5122 адам келді, 7041 адам кетті, деп статистиканы нақтылады.

Қазақстанда бала туу көрсеткіші 2020 жылы артқан. Сарапшылар демографияның өсуіне көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақының енгізілуі себеп болғанын айтады.

2020 жылы Қазақстанда 426 824 бала дүниеге келді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 514 балаға көп. Бала туу өсімінің басым бөлігі (65%) кезектілік бойынша төртінші баланың тууы есебінен қамтамасыз етілді. Бала туудың 24%-ке өсуі балалардың туу кезегі бойынша бесінші есебінен қамтамасыз етілді. Осылайша Қазақстанда көпбалалы отбасылар бойынша жаңа ай сайынғы жәрдемақы негізінен кезек бойынша 4 және 5-ші баланың тууын ынталандырады. Ал 2021 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстанда 296,5 мың бала дүниеге келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ке көп.

Демек, елімізде беби-бум 2020 жылы бас-талды деуге болады. Бұл жылы елде 426,8 мың нәресте дүние есігін ашқан. Ал 2021 жылы бұл рекорд жаңарып, 446,5 мың балаға дейін жеткен.

Ал 2022 жылдың үш айында 95,6 мың туу туралы акт тіркелді. Бала туу коэффициенті бойынша 2021 жылы жаңа рекорд орнады: әрбір 10 мың қазақстандыққа 235 жаңа туған сәбиден келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, осыдан 20 жыл бұрын 149 баладан келетін еді. Сондай-ақ, туудың қосынды коэффициенті 3,32-ге жетті, басқаша айтар болсақ, енді бір әйелге кемі үш баладан келеді. Мұндай рекордты көрсеткіш Қазақстанда тек соңғы екі жылда тіркелген. Салыстырсақ, 1999 жылы коэффициент небәрі 1,8-ді құраған болатын. Яғни, екінші баланың өзін барлық әйелдер тумаған.

 

Шымкент – сәбилерді жақсы көретін шаһар

2021 жылы Қазақстан Республикасында АХАТ органдарымен 446 491 баланың тууы тіркелді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4,6% көп және соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қалалық жерде туғандар саны – 262 507 сәби (58,8%), ауылдық – 183 984 сәби (41,2%). 2021 жылдың нәтижесі бойынша 230 272 ұл (51,6%), 216 219 қыз (48,4%) туған. Туған кездегі жыныстардың арақатынасы 100 қыз балаға шаққанда 106,5 ер баланы құрады. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 2021 жылы 23,50 (2020ж. – 22,76) туғандарды құрады, қалалық жерде – 23,34 (2020ж. – 22,60), ауылдарда – 23,75 (2020ж. – 22,98). 2021 жылы Қазақстан Республикасында АХАТ органдарымен 446 491 баланың тууы тіркелді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4,6% көп және соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 2021 жылдың нәтижесі бойынша 230 272 ұл (51,6%), 216 219 қыз (48,4%) туған. Туған кездегі   арақатынасы 100 қыз балаға шаққанда 106,5 ер баланы құрады. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 2021 жылы 23,50 (2020ж. – 22,76) туғандарды құрады, қалалық жерде – 23,34 (2020ж. – 22,60), ауылдарда – 23,75 (2020ж. – 22,98). Қазақстан өңірлерінің ішінде туудың ең жоғары деңгейі Шымкент қаласында (1000 тұрғынға шаққанда 32,35 туу), Маңғыстау (31,98) және Түркістан (31,58) облыстарында байқалды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (12,01), Қостанай (12,97) және Павлодар (15,58) облыстарында көрініс тапты. Ұрпақты болу кезеңінде (15-49 жас) бір әйелдің орта есеппен алғанда дүниеге әкелген балаларының санын көрсететін туудың жиынтық коэффициенті (ТЖК) 2021 жылы республика бойынша 3,32 құрады (2020ж.-3,13), қалалық жерде – 3,08 (2020ж.-2,89), ауылдарда –  3,75 (2020ж. – 3,53). Ел өңірлері бойынша ең жоғары ТЖК деңгейі Түркістан (5,10), Маңғыстау (4,57) облыстарында, ал ең төмені – Қостанай (1,88) және Солтүстік Қазақстан (1,97) облыстарында.

 

Шетінеген сәбилер

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы бала туу көрсеткіші төмендеген. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға кеміген.

Өткен жылдары Қазақстан туу көрсеткіші өсті, 1987 жылғы 417,1 мың бала дүниеге келген бұрынғы рекорд жаңарды деп қуанған едік.  Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа бармай, көрсеткіш бір демде төмендеп кеткен. Бұған АХАТ органының жазбаларындағы мәліметтер дәлел. Ол дерекке сәйкес, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларында 137,4 мың адам туса, 2022 жылы қаңтар-сәуір айларында 127 мың сәби туған. Тағы бір мәселе, биыл шетінеген сәбилердің саны 0,4 пайызға артқан. Яғни бір жасқа дейін 1113 шетінеген сәби тіркелген. Сондай-ақ, шет елдердегідей бір-екі баламен шектелу жағдайы бізге де келіп жеткен. Егер мұндай қорқынышты жағдай көбейе берсе, ертеңгі күні халық санының азаюына ықпалын тигізері сөзсіз. Бұл мәселеге қатысты демограф Шынар Пазылбекқызы екі жылдың үш айын салыстырып, туу азайды деп дабыл қағуға ертерек екенін айтады. Мәселен, егер соңғы жылдар деп 2020, 2021 жылдарды алатын болсақ, соңғы екі жылдағы жыл сайынғы халық санының өсу қарқыны шамамен 1,3% құраған. 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда халық саны 247 773 адамға, 2021 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 242 871 адамға көбейген. Сөйтіп, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша елімізде халық саны 19 122 423 адамды құрады.

2020 жылы пандемияның басталуымен еліміздің демографиялық дамуында біршама өзгерістер болды. Туу деңгейі өсіп, 2020 жылы туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге 3,1 баланы, 2021 жылы 3,3 баланы құрады. Алайда, жақында Ұлттық Статистика Бюросы 2022 жылғы қаңтар-сәуірде туылған сәби саны (127 мың сәби) 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (137,4 мың сәби) қарағанда 7,6%-ға аз деп дабыл қақты. Бұл ретте айтатыным, екі жылдың үш айын салыстырып, туу азайды деп дабыл қағуға ертерек. Бір тоқтамға келу үшін толық бір жылдағы туу деңгейін екінші жылдағы туу деңгейімен салыстырған абзал.

Қазір алаңдататын жайт – өлім-жітім деңгейі. Пандемияның басталуымен халықтың өмір сүру ұзақтығы 2019 жылмен (73,2 жыл) салыстырғанда 2020 жылы 71,4 жылға дейін, 2021 жылы пандемия қарқынының басылуына қарамастан, 70,2 жылға дейін азайды. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 2019 жылы 1000 адамға 7,2 деңгейінен 2020 жылы 1000 адамға 8,6 деңгейіне, 2021 жылы 9,6 деңгейіне дейін өскен, – дейді демограф.

Бала туу көрсеткіші бірқалыпты дегенмен, азайып келе жатқандығы шындық. Оның себебі, еліміздегі қаржылық дағдарыстың салдарынан да болуы мүмкін. Өйткені елімізде жас отбасылар үшін ақшалай ынталандыруда еш көмек жоқ. 

 

ТМД-да бірінші орындамыз...

БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің зерттеуіне сенсек, Қазақстан халқы 2030 жылы – 20 млн 72 мың адам, 2050 жылы – 22 млн 447 мың адам, 2100 жылы 24 млн 712 мың адамға әрең жететін көрінеді.

Тағы бір дерек, соңғы бес жылда 700 мыңнан астам неке қиылып, 200 мыңнан астам неке бұзылды. Бір 2018 жылдың өзінде 138 мыңнан астам неке тіркеліп, 54 мыңнан астам неке бұзылған. Ал Ұлыбританияның беделді басылымы The Economist жариялаған соңғы «Әлем статистикасында» Қазақстан ажырасудан 10-орында, ТМД бойынша бірінші орында тұр.

Ал ажырасу дерегінің ең көп тіркелген аймағы – Алматы қаласы мен Алматы облысы. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бүгінде 3 миллионға жуық қазақстандық баспанаға зәру. Бұл тек ресми статистика. 2018 жыл бойынша 3 мыңға жуық адам кезекке тұрса, оның 1500-ға жуығы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар.

P.S. Демограф Ерболат Мұсабектің айтуынша, жылына 250 мың өсім қосылып отырса, 4 жылда 1 млн толтырып отырамыз. «Өз ұлтымыздың үлес салмағы артқан сайын, соғұрлым өсім де артады. Тіпті, 1 миллион бала үш жарым жылда өмірге келуі мүмкін. 2050 жылға қарай қазақтың үлес салмағы 80 пайыздан асуы мүмкін. Ол кезде Қазақстан халқы 30 млн-ға жетеді» деген оптимистік болжамын айтты.    
Бұған дейін Қытайда жылына 18 млн бала өмірге келетін. Қазір шектеуді алып тастаған соң қалада тұратын 40 млн отбасы тағы бір баланы өмірге әкелуді жоспарлап отырғанға ұқсайды. Өзбекстанда жылына 1 млн, ал бізде көп дегенде жылына 200 мың бала өмір есігін ашады екен. 

3172 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы