• Әдебиет әлемі
  • 28 Шілде, 2022

МЕНДІК ЖҮРЕК ӘЛІ ДЕ СӘБИ ЕКЕН...

Шәмшия ЖҰБАТОВА
 

Тоқсан тарау тоғыстың өрнегінде,

Тұрған едім, сол кезде көрмедің бе?

Күн шуағын уыстап көкке ұшамын,

Қайта өрмелеп түсемін Жерге күнде.

Менің сәби жүрегім іңгәлайды

Құрғамайтын тіршілік жөргегінде.

 

Қандай жарқын тәуліктің тыныстары,

Қандай ыстық балқыған құрыштары.

Маңдайымда қалғаны ырыс табы,

Таңдайымда қалғаны күріш дәмі.

Шыркөбелек кеткенде айналдырып

Мынау қызық бояудың бұрыштары.

 

Арда күндер алтынын арқалаған

Сәлем жолдап жатады бар қаладан.

Самырсыны сарсылып саз ғұмырдың,

Қайыңдары төгілген Қарқарадан.

Тойдан тойға қалықтап ақша бұлттар,

Қуанышы қазақтың тарқамаған.

 

Тас қараңғы түнектің тылсымдары,

Мен мұндалап биік тау тұр шыңдары.

Таңды оятқан, кеудеде жанды оятқан

Тебінгіде тұяқтың тырсылдары.

Тұнжыраған ормандар жұпар шашып,

Орамалы желбіреп тұрсын бәрі.

 

Дірілдетіп жарылыс Арыстағы,

Қапы қалған қадамдар қарыштады.

Байпаңдады тоқ бүйір Барыс тағы,

Арыстан боп атылды Ар ұстамы.

Жиһанкез күн жанымды тыншытпады

Жарқылдаумен жолдағы жарыстары.

 

Атқан кезде бозамық бұралып таң,

Сұлу сәуір сүйріктей сыр ағытқан.

Бала күнгі жасаған қағаз кемем

Ағып өтті жанымнан бір арықтан.

Мендік жүрек әлі де сәби екен

Балаң шақтың бейнесін шырамытқан.

 

            ***

 

Тыныс жұтты, дүние күркіреді,

Жаңбыр құйды, тиылды, сіркіреді.

Әжептәуір жан едім, бұл қазақтың

Байқамай жүр неге осы жұрты мені?

Табалдырық  тұсынан аттай алмай,

Кейде қайран көңілім іркіледі.

Жанары шық жүректің жасы кепті,

Анам кіріп түсіме, сүртіп еді.

 

 

Аңқылдайды аңқасы кепкен әлем,

Саңқылдайды Сарыарқа-жеткен өлең.

Қарапайым емеспін, қағілезбін,

Жаңбыр да мен, Жаз да мен,

Көктем де мен.

Күз өткенде жалғыз боп жабырқадым,

Қиын екен жабығып кеткен деген.

 

Соққан самал, тағы бір дамылдаңыз,

Біз, өйткені, уақыттың қабындамыз.

Көрінбесек, өтінем, сағынбаңыз,

Сағынбаңыз, әрдайым жаныңдамыз.

Сардар менен сарбаздың сабындамыз.

Өнер деген тақсырдың тағындамыз.

Табындырып жүреміз барша жұртты,

Табыныңыз, бірақ та бағынбаңыз.

 

            ***

 

Мен сіздерге тағы не мәлімдеймін,

Көп нәрсеге келеді әлім деймін.

Қазақ тілі не десе «Таным!» деймін,

Орман деген не десе, «Қалың!»деймін.

 

Нөсер менен боранда қас қақпаған

Таулар неге мұншама асқақтаған?

Қыран құстар биікте қалықтайды,

Қанаттарын кетеді тастап маған.

Жауырынын жартастың жарып өтіп,

Кірді менің Мезгілім тас қақпадан.

 

Қарсы алуға дайын боп ерке күнді,

Жаңбыр құйды, көк аспан төңкерілді.

Ана - тірлік бесікті тербетеді,

Ей, дүние, тыңда деп ертегімді.

Мамыр айы тағы да мамырлады,

Жұпар шашты, желпіді бөртегүлді.

 

            ***

Көңіл неге көрнекті,

Өмір неге өрнекті?

Тоқу үшін өрмекті,

Араладым жер - көкті.

 

Мұнарасы мұхиттың

Бүгін неге шайқалды?

Шайқалғанда, түбінде

Маржан бары байқалды.

Қалқып ұшқан ақ бұлттар,

Айтарыңды айт маған.

Қарлығаштың қанаты-

Көктен жерге қайтқан ән.

 

Сандуғашым сайрады

Саздың тыңдап сылқылын.

Бар дүние биледі

Буын бидің былқылын.

 

Солай, солай дедім мен,

Жоқ десеңіз, тоқтаңыз.

...Шайыр жайлы шам жаққан

Желге ілесіп кетті аңыз.

 

            ***

 

Жауқазындай жайқалған

Жастық шағым өтті бар.

Қайда қалып қойды екен

Мойнымдағы көк тұмар?

 

Кімнен төмен едім мен,

Ақыл мынау, бой мынау.

Сағындырған дүние,

Біртүрлі ғып қойдың - ау.

 

Жауқазынды суреттен

Қалған еді көп белгі.

Лүпілдеген жүрегім

Күткен еді көктемді.

 

Өмір - өзен сыңсып кеп,

Өткел жақтан өтті енді.

Қарашада қар жауды,

Ойлай бердім көк белді.

Нүктелері бітпейтін

Өмір деген леп белгі.

 

Мен аршындап басар ем,

Бірақ тегіс жер керек.

Таусылмайтын бір демді

Аспан - анам берді ерек.

Арқасы ғой солардың

Жүргендігім термелеп.

 

***

 

Бақытты да емеспін,

Бақытсыз да емеспін.

Жүгіремін соңында

Үміт атты елестің.

 

Арман - тау деп аталған

Қол созғанмын шыңдарға.

Мені мұңды дейсің сен,

Сірә, менде мұң бар ма?

 

Сағаттарым сыртылдап,

Қоймай жатыр сыр сұрап.

Әлсін - әлсін жылтырап,

Алыстағы бір шырақ.

 

Көңілімнің әйнегін

Келді ме екен желдеткім,

Ортасында жүргенді

Ұнатамын мен көптің.

 

            ***

 

Бақбақ гүлдің үлпілі

Келтіреді күлкіні.

Жапан түзде жосыған

Қайтарайық жылқыны.

Сайран күндер дегенім-

Саусақтардың сыртылы.

 

Келдім жәннат төріне

Дорбасымен жыр алып.

Өзен - су боп сылдырап,

Биші қыз боп бұралып.

Тебіренді көк теңіз,

Ақ кемесі тұр анық.

 

Балықтардың шоғыры

Шұбап, судан секіріп,

Мекені оның суда деп

Ойлағаным өтірік.

Жатыр шулап жағалау

Көк толқыны көпіріп.

 

Жарылмаған жанартау

Жанарымнан жыр тілеп.

Шаршадым ба әлде мен

Бір қартайып, бір түлеп?

Жұпар жаңбыр, тамшылап,

Сен де келіп бүркіп өт.

 

            ***

 

Шиыршықта шырғалаң

Сен боларсың шаршаған.

Шытырманға шырмалған

Жер бетінде қанша адам?

Оу, аспани дүние,

Көзің салшы төменге,

Әңгіменің әлдиі

Сен боларсың аңсаған.

 

Қиғаш қас боп қиылды

Құсни ғалам қабағы.

Түтіп алсам қайтеді

Ақ түбіттен жабағы?

Тәлім атты пән болды

Ұлы өмірдің сабағы.

 

Өткелдері өмірдің

Өрік талдай иіліп.

Қоштаса алмай қиналам

Сен қарасаң қиылып.

Жамырады жасыл бақ,

Әнші құсы жиылып.

Бұл ғасырдың жейдесі

Саф алтыннан киіліп.

 

Мынау жайлау жайлы ма,

Төсі неге көк теңбіл?

Жапырағын іздей ме

Қарашада төккен гүл?

Немен бітті ертегі,

Барлығын да еппен біл.

Өнегесі өлшеулі

Өмір неге өктем бұл?

 

Сылдыр - сылдыр етті де,

Ақты бұлақ сарсылып.

Жанартаудың жарығы

Жасамады қарсылық.

Жарық сәуле тұрғанда

Бақыт деген баршылық.

Қайда әкетіп барасың,

Айналайын жаршы үміт!

2557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы