• Әдебиет әлемі
  • 28 Шілде, 2022

МЕН - ҚЫЗЫМЫН АСПАННЫҢ

Ақсұңқар АҚЫНБАБА

Түсін мені!..

Құспен қатар аталған

Даңқым әман,

Атым –Сұңқар болса да,

Затым –Адам,

Құс мүсінге айналып

Тұрайын мен,

Мүсініңнің жанында   

Алтын Адам!

 

Алтайыма –

Су тасып қанатыммен,

Шыңдарына

Жыр жаздым қанатыммен,

Құсша ұшып кеп,

Құсша ұшып кету үшін,

Көк Тәңірім сен мені жаратып ең!

 

Қылышынан ғасырдың сақтап Құран,

...Алтын қалпын  Түркінің

Баптап тұрған,

Өр Алтайдың мен  де бір

Сұңқары едім,

Ұлтан еткен қайран да сұлтан –елім!

 

Жақпар-жақпар

Алтайда сүрен-сүрен,

Қатпар-қатпар жолдарым сайрап жатыр,

Қатып-семген құздарда сілем-сілем,

Қарлы шыңдай,

Тағдырым бойлап жатыр...

 

Маңғаз,

Құпия,

Тәкаппар,

Алып тұлға –

Өр Алтайдың мінезі ерікті өктем,

Алақұйын бораны, қары ұйтқыған,

Жырларыма ежелден еніп кеткен.

 

Көк Тәңірге мұңайсам, қарып суық,

Саған келіп жай табам, Ғасыр – Дала!

Аспантаудың алдына барып тұрып,

Серт берген ем, аһ ұрып, жасымауға!

 

...Ұшам әлі,

Аралап аспан астын,

Жердің үстін  дегбірсіз оятумен.

Құзға барып құлаймын  ақырғы күн,

От шашырап, қаны аққан қанатыммен!

 

***

 

Түсін Мені:

Түсінгендей өзіңді,

Жүрегіңе көшіріп ап көзімді,

Тереңіне үңіле алсаң көрерсің,

Басып-жаншып өтіп жатқан  тағдыры,

Басылмайтын және ғажап сезімді!

 

Асық маған:

Асыққандай түн күнге,

Аспан астын

Жаңғыртатын күлкіме,

Ажалыңнан қашқандай боп кәдімгі,

Қаш мендегі

Тозағымнан жалынды.

 

Сағын Мені:

Жаратылған  арманнан,

Шырақ ұстап,

Шын сағынсаң оралам.

Ізде Мені:

Ғайып Құсты күткендей,

Көк аспанға телміргендей,

Сонардан.

 

Есті мені:

Естігендей Шеріңді,

Өлеңдеткен

Көше толы шеруді.

Көргендей боп,

Мен кешірген қиямет:

Өмір менен Өлімді.

 

Ұқса маған:

Тірілтетін өңіңді.

Сіңір мені қандырғандай шөліңді,

Жау ұрғандай,

Жау қырғандай содан соң,

Оқы Мені:

Ғасырымды,

Елімді!

 

Қан мен жасқа толған

Жүрек қуысы,

...Ұмыт сосын,

Шамаң жетсе, дұрысы!

 

***

 

Мені Сізге жетелеген қандай күш?

Арманым да,

Ойымда да болмаған,

Бейтаныс жан...

Алдыңыздан

Арман қыз,

Шыққан кезде,

Ашылар ма жол  маған?

 

Сезімімен арпалысып, алысқан,

Екеуміз де ұмсынамыз алыстан,

Енді бізді ажыратар күш жоғын,

Үнсіз айтып,

үнсіз ғана табысқан.

 

Бейтаныс жан!

Қарсы алдымнан жол тосып,

Күтіп алсаң,

Мен созайын қолымды,

Жанарымда тұнған қайғы, толған шық,

Жуып-шайып тазалардай  сорымды.

 

Жүрегіңіз неткен жылы, неткен өр!

Өртке оранған сәуір түні секілді,

Сүйе алсам сізді осы көктемдей,

Күллі әлемді жақсы көріп кетер ем.

 

***

 

Байыз таппай

Шырқыраған жаныма,

Не керегін сіз арқылы түсіндім,

Сүйіп қалсам айтпай оны жауынға,

Сізге айтуым керектігін түсіндім.

 

 

Жүрегіңіз сыйдырғандай мендегі:

Әлемімді,отқа оранған өлеңді,

Мұңы алапат сағыныштай шөлдеулі,

Жылы екен...енді тоңғым келмейді.

 

Кезігеміз біз сондықтан білемін,

Ал, сонан соң не болады білмеймін,

Жырлата алар ақын қыздың жүрегін,

...Жұбата алар  сол жан сізсіз білерім. 

 

***

 

Неге сізді ойлай берем тағатсыз?

Сағат болса сыртылдайды жауапсыз,

Ауа жетпей тулап жатыр сезімім,

Шабақтай боп ауға түскен қармақсыз.

 

Түсінуге дәрменім жоқ оны енді,

Бір сілкініс әкелердей әлегі,

Мен сығалап қарап тұрдым есіктен,

Патша жүрек сөйлеп жатты төрдегі!

 

Ер десеңіз бала қаздай ерермін,

Маңдайдағы жазуымды көрермін,

Кейде сізді көргендей боп түсімде,

Таңғалам да, сол түсіме сенемін!

 

Сіз жүресіз,

Лүпілдеген демімде әр,

Сіз бар жерде,

Арқа тұтар елім бар!

Бар болыңыз, маған сол да жетеді,

Сіз бар жерде,

Өлеңім бар,

Өмір бар!

 

***

 

Күн болмасам жарық құяр жаныңа,

Түн болмасам демалдырар бағыма,

Гүл болмасам сыйсыз қалған шағыңда,

Кім болғаным Сен үшін?

 

Хан болмасаң жарлығына бағынтқан,

Нар  болмасаң тауқыметтен арылтқан,

Ән болмасаң сай-саланы ағытқан,

Кім болғаның Мен үшін?

 

Бал болмасам таңдайыңда еріген,

Жан  болмасам сезіміңе жегілген,

Таң болмасам түн соңынан төгілген,

Кім болғаным Сен үшін?

 

Тау болмасаң шығаратын шыңына,

Жар болмасаң паналатар ығына,

Бар болмасаң бұ дүниеде шынында,

Кім болғаның Мен үшін?

 

***

 

Күн өлмейді   біз екеуміз өлсек те,

Бақыт құсы  адасып кеп қонса-шы?

Күнсіз  мұңның болатынын көрсек те,

Бұлтсыз күннің  туар шағы болса-шы?

 

Саған ғана жарығымды төгемін,

Қайта оятып жаздың жасыл желегін,

Сен келердей ар жағынан Алтайдың,

Дайындалып, күннен бұрым өремін.

 

Біз өшсек те, күн шуағы жоғалмас,

Күн шуақтан шарап ішіп, болам мас,

Бәрі оралып соқса-дағы сен берген:

Балдай тәтті қайғым қайта оралмас...

 

***

 

Гүлдің  түсі қып-қызыл,

Күннің түсі қып-қызыл,

Ерініңнің іш-сырты,

Тілдің түсі қып-қызыл.

 

Гүлдің тісі сап-сары,

Күннің тісі сап-сары,

Жүрегімнің іш-сырты,

Жырдың түсі сап-сары.

 

Жердің түсі қап-қара,

Шердің түсі қап-қара,

Екі дүние ортасы,

Көрдің түсі қап-қара.

 

Қанның түсі қып-қызыл,

Зардың түсі сап-сары,

Жаудың тісі ұп-ұзын,

Сартап күнге қақталған,

Менің түсім ақ сары.

 

***

 

Мен – қызымын Аспанның!

Қанатты боп жаралған,

Өлеңдерім күн нұрынан таралған,

Қуантсаңдар

Таңға қарай  жылы ұямнан шығамын, 

Жылатсаңдар қас-қағымда долданған,

Алай-дүлей  Жаңбыр болып құямын!

 

Ғашық етсең

Жарық ай боп туамын,

Жағып жарық шамшырақ.

Тасыр етсең  төндіріп тау тұманын,  

Тасқын болып басып өтем сарқырап.

 

Шабыттансам кенеттен,

Қанатыммен тау шыңдарын сілкимін.

Ағыл-тегіл

Көк аспанды сөйлетем,

Қара түнді

Тас-талқан ғып

Тілгілейді жыр –тілім.

 

Ал, көздерім тек биіктен көреді,

Жұлдыз жақта достарым,

Қанатты боп жаратылған себебі,

Мен –

Қызымын Аспанның!

 

***

 

Ойлаушы едім  маған да бір  бақ қонар,

Мен секілді ақкөңіл деп  бақ деген,

Обалымды түсінген бар, артқан бар,

Өмір сүрдім  қилы, даулы атпенен. 

 

Ойлаушы едім бұл өмірдің жыр –әні,

Аппақ қардай,

Тез сенгіш деп мендейін,

...Біреу маған қарап үнсіз жылайды,

Ал, мен оған күле алмаймын, не дейін.  

 

Бастан дәурен өтіп бара жатқанмен,

Мен өмірден кетпейтіндей бейқаммын.

О, Жаратқан!

Бүгін бір күн батқанмен,

Ертең тағы таң атады

Сақтай гөр?!

 

***

Ізде мені!..

Ұлан-ғайыр даладан,

Айбат шеккен,

Адуынды таулардан,

        Алп-алп басқан,

Маңғаз керуен бет түзеп,

Тарихымның көші өткен 

Жолдардан! 

 

Биік ұшып бара жатқан  құстардың,

Арасынан ізде мені, ұстай біл, 

        Қанатынан

         кесек-кесек жыр тамған,

Көздерінен отты дауыл бұрқаған. 

 

Дүрсілдетіп келе  жатқан  алыстан,

Жорықтардың  дауысынан  жарысқан,

          Қобыздардың  уілінен  азынап,

Аңызақ пен аңыздарға  ап ұшқан.

 

Майдандардан қайтқан ұлы жеңіспен,

Жалаулардың алауынан маздаған.

         Еріндерден  өлеңіммен  өбіскен,

Қалың елдің көздерінен боздаған.

 

***

Өзің беріп, өзің алдың,

Таңым бар,

Өзім қалдым.

Жоғы да осы, бары осы,

Үрейімнің

Иегінде жаны бар, 

Жазылар ма енді, жүрек жарасы?

 

Жазылмайды,

Жазамын деп талпынбан,

Сол күндермен бірге кеткем, қайтпадым.

Мәңгі аласа боламын деп халқымнан,

Мәңгі биік болып қалсын айтқаным!

 

Алдың бәрін:

Туған жерді. Қосымды,

Қайран  анам...

Есіл әкем.Досымды,

Жалғыз басым соның бәрін көтерген, 

Ала бердің...

Қала бердім...ет өлген.

 Бердің бәрін:

Бәрін беріп содан соң,

Жалмап тындың қолымдағы барымды,

Бергеніңнің бәрін алып болған соң,

Кімге  сыйға бермекшісің сорымды?

 

Кімге сыйға бермекшісің менен соң,

Жалынсызға Рух берген шағымды?

Сындыра алмай қойған қайтпас –

 сағымды?

Есімімді жазып кеткен Тауымды?

 

***

 

... Өмірімде қыс болған,

Көктем болған,

Сөнген және

Алаулап жанған шырақ.

Әлдеқашан суынып

Кеткен жолдан,

Қарайын ба, бұрылып,

Қалай, бірақ?

 

Кімсің?

Кіммін?

Білмеймін,

Білетінім:

Кешкі алауда жануды сүйетінім.

Өмірімді жыр бөлеп сүретінім,

Көңілімді күн бөлеп күлетінім.

 

Артта жатыр...

Қар басқан дара жолым,

Қалтыратып,

Маңдайды жарқыратқан,

Ал, алдыма

Күн салып  қарап едім,

Жатыр екен сап-сары жапырақтар.

 

***        

 

Өзімді емес, көзімді көр көзімді!

Жалғыз жүріп қапылыста  жар бастым.

Бәлкім мұндай 

Мұздай,  ащы сезімді,

Ешқашанда түсіндіре алмаспын.

 

Жерде топырақ,

Көкте жарық күн күшті,

Шын меңдесе бар шаттықтан мұң күшті,

Таланымды тәлтіректеп арқалап,

Сағат тілі көрсетіп тұр түнгі Үшті.

 

Жетер ме екен,

Созған қолым  күніме?

Қайта-қайта

Қарай берем күйіне.

Жылағаным,

Құлағаннан  жақсы ғой,

Биігіме қол жеткізші, Дүние?..

 

Өңімде де, түсімде де сұраймын,

Өміріме өзім ғана Құдаймын,

Құлдық ұрып жатса –дағы барлығы,

Мен –

Жүректің жолындамын,

Шыдаймын!

2556 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы