• Шежіре
  • 27 Шілде, 2022

ХАН КЕНЕ – АҢЫЗ ТҰЛҒА!

Бір өзі бар халықтың тағдырын арқалаған тұлға. Қазақтың азаттығы, бостандығы, жайбарақат күн кешуі үшін отаршылдармен тайталас-ты. Қайтпады. Қарсы тұрды. Ерге тән рухын сақтады. Дүниеден хас баһадүр болып өтті. Халқы – «Хан Кене» деген титул берді. 

Шежірелі тарих

Патша заманы тұсында жүргізілген саяси-әкімшілік реформаларға қарсы қазақ даласында ұлт-азаттық көтерлістер жиі болды. Бұл үдерістің XIX ғасырда күшейе түскендігі баршамызға мәлім. Соның нәтижесінде қазақ халқы көптеген сындарлы оқиғаларды басынан кешкен еді.

Бұл мақалада қазақ жерін сақтауды мақсат еткен ата-бабаларымыз бен даңқты қолбасшы, соңғы хан Кенесарының тарихи шындығы баяндалады. Ғылыми мақаланың мақсаты – батыр бабаларымыздың ерліктерін тарихы мен фольклоры жағынан зерттеу. Осы мақалада Кенесары мен Наурызбайдың арасындағы оқиға айтылады. Сонымен қатар сол дәуірдегі ақын-жыраулардың, жыршылардың, айтушылардың, жеткізушілердің жырлары туралы мәліметтерді талдау болып табылады.

Қазақстан аумағында көптеген тарихи оқиғалар өткен. Тұран даласын ат тұяғымен дүбірлетіп, сан мыңдаған жылдардан бері мекен еткен халық көбіне бейбітшілікті аңсар етті. Бертін келе ата-бабаларымыздың басына сындарлы кездер туды. Ол – XIX ғасырдағы патшалық Ресей империясына қарсы көтерілістер. Бұл көтерілістердің түпкі негізгі себебі бар. Қазақ даласының солтүстік-батысынан бекіністер салып, көшпенділердің жайылымдық жерлерін тарылта бастады. Соның нәтижесінде ел ашуға міне бастады. Бұлай деуімізге бірнеше себептер келтіруге болады. Өзінің атақоныс мекенінен айрылып, өзгегенің қолына қарауды жөн санамаған. Отарлаушы империяның саясаты қашаннан белгілі. Олар ең әуелі бекіністер мен қалалар сала бастайды. Артынан саяси тұтқыннан бастап, мыңдаған жұмысшы мамандар әкеледі.Одан соң отарланған өлкенің байырғы халқы ол өлкеде екінші орынға сырғиды.

Мүмкін, олар дәл бүгінгі терминді, ұғымдарды ойлай қоймаған шығар, бірақ тарихта өз рөлдерін түсіне білген. Бүгін арадағы арқыраған ғасырларды артқа тастай отырып, біз, сонау ұлы бабаларымыз тіпті ұлттық мүдде үшін қызмет етіп, өлшеусіз іс тындырып кетті дейміз. Кенесары қазақ халқының басына біткен ең ірі ұлт-азаттық көтеріліс басшысы болған. Сол замандағы мықты, білікті әскери қолбасшылардың пікірін келтіруді орынды санаймыз. Ресей әскери тарихының ірі маманы А.И.Иванин қазақ басшысының атына мынадай мақтау білдіреді: «Әділдіктің орнауын талап еткен Кенесары өлгенше Ресейдің жауы болды. Сондықтан да оны «даланың соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнәлі емеспін» деген. Бұл сөзден Ұлы далаға деген шынайы сүйіспеншілікті байқаймыз. Көтерілістер ұлы даланың әрбір өңірінде болып жатты. Тынышы кеткен жұрт осы тұста халық арасынан шыққан тұлғаларға иек артты. Олай етпеске амалы да таусылған еді. Десек те, қазақ даласы арда ұлдарға кемшін емес-тұғын. Солардың бірі – 1836-1838 жылдары Кіші жүздегі Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі.

Көне әфсана

Қазақ даласында 1837-47 жылдар аралығында ең ауқымды, әрі  барша аумақты түгелдей дерлік қамтыған көтерілісті Кенесары хан басқарды. Жалпы, атын атап, түсін түстей берсек, шамамен Қазақстан аумағында патшалық  Ресейдің озбыр саясатына қарсы ірілі-ұсақты 500-ге тарта көтеріліс болған екен. XIX ғасырда жұрт үшін жанын беріп, қасық қаны қалғанша шайқасқан батырларды қазақ халқы әсте жадынан шығарған емес. Сондай аты аңызға айналған дарабоздардың ерлігі атадан балаға, ауыздан-ауызға тарай берген. Бұның өзіндік сыры бар. Өйткені сол оқиғаларды көзімен көріп, ішінде болған адам өзінің ұрпағына жыр қып айтып жеткізіп отырған. Бастапқыда әңгіме, аңыз, жыр боп айтыла бастаған. Мәселен, бір Кенесары хан жайында ел арасында қаншама аңыз-әфсаналық дүниелер бар. Тіпті, әр өңір оны өз бетінше айтуы мүмкін. Кенесары-Наурызбай жырының фолькордағы көрінісі ерекше. Негізінен бұл жыр туралы жазылған ғылыми еңбектер, кітаптар мен мақалалар бар. Көптеген ғалымдарымыздың жазбаларының бағыты әр алуан болғаны рас. Қанша адам болса, сонша пікір болары хақ. Әйтсе де, тарихи шындық біреу. Оны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Біздің назарымызға бірнеше фольклорлық еңбектердегі материалдар түсті. Дәлірек айтар болсақ, көрнекті фольклортанушы, академик С.Қасқабасов пен Ж.Аймұхамбеттің «Қазақ фольклоры» атты кітабы. Бұл еңбектің «XIX ғасырдағы қазақ фольклоры» деген бөлімінде «Наурызбай-Қаншайым» атты мақала жазылған. Академик С.Қасқабасов осы кітапта: «Наурызбай-Қаншайым» жырының сюжеті жай ғана ойдан шығарылмаған, тақыр жерден тумаған, мұнда ертеден келе жатқан, бүкіл эпосымыз бен ертегімізде баяндалатын сюжет пайдаланылған. Ол сюжет – жігіттің ерлікпен үйленуі. Ежелгі ертегіде кейіпкер айдаһардан немесе басқа бір дұшпаннан құтқарып, қызға үйленсе, қаһармандық эпоста батыр өз сүйгенін қалмақты яки басқа жауды жеңіп алады. Ал, мына жырда ерлікпен үйлену сюжеті сәл өзгеріп, қаһармандықтан гөрі лирикалық бағытта баяндалған. Бірақ соған қарамастан, бұрынғы эпосқа тән классикалық композицияны сақтаған: батырдың бабасын, ата-анасын таныстыру, оның ерекше тууы, жастай ерлік жасауы, қалыңдық іздеп шығуы, қыздың еліне келуі, оның әкесімен (басқа біреумен) шекісуі, қызға үйленуі, сол жерде біраз уақыт мекен етуі, еліне қайтуы, келгенде (кейде) төтенше жағдайға тап болуы (елін дұшпанның шауып кетуі), т.с.с.», – дейді. Негізінен талдау, тарихи-фольклорлық салыстырмалы әдісі кеңінен қолданылған. Әсіресе, қазақ халқының салт-дәстүрі, шаруашылығы, ұлттық-азаттық күрестері салыстырмалы түрде талданып, жүйеленіп жазылған. Жырдың басталуы – дәстүрлі пролог бойынша Абылай «мұсылманға хан болып өтеді», Түркістанға бата қылып қойылады. Оның қалмақ әйелінен Қасым хан ерекше, қан шеңгелдеп, екі көзін қызартып, ашып, туады. Қасым хан өлген соң, Кенесары хан болады. Міне, бұрынғы эпостағыдай Наурызбайдың ата-тегі туралы баяндалып, олардың идеалды образы жасалады. Енді дәстүр бойынша болашақ батыр да ерекше жағдайда тууға тиіс: әулиенің қолдауымен немесе күшті аңның (тотемнің) етінен, әйтпесе, күн сәулесінен яки гүлден, т.б. Кейін кейіпкерлер әкесі өлген күні дүниеге келеді, бұл – ғажайып туудың өзгерген түрі, - делінеді. Көріп отырғанымыздай, бастапқыда Абылай хан туралы айтылады. Оның хан болғандығы, талай жыл ел билегендігі турасында оқиға желісі өріледі.

Расында да, ресми деректер бойынша, Абылай 1771-1781 жылдары билік құрады. Нақтырақ баяндар болсақ, Абылай өз заманында бейбітшілік пен тыныштықты орната білді. Осылай айтып келеді де, Қасым сұлтан жайында баяндайды. Сұлтанның анасы қалмақ қызы екендігі айтылады. Сол уақытта «қатының болсын қалмақтан» деп ұрандатып тұрған кез еді. Бұл да тарихи шындықтың бір көрінісі, тіпті тайға таңба басқандай белгі. Тарихта қазақ пен қалмақ соғысы көп болды. Нақ жоңғарлар қазақ халқына көптеген жәбір көрсетті. Онымен қатар XVIII ғасырдың екінші ширегінде жер бетінен жойылып кетті. Міне, осылайша айбынды Абылайхан дүниеден қайтқаннан кейін, Қасым хан болады. Одан соң билік тізгіні Кенесарыға көшті. Әрбір батырдың жанында жауға шапқанда дем беретін сенімді жолдасы, былайша айтқанда, үзеңгілесі болады. Ол үнемі кеңесіп, керек жерде дем беріп отырады. Батырдың сенімді серіктерінің функциясы жырларда қысылтаяң мезеттерде көзге түседі. Енді келесі мәтінге зер салайық. Академик ғалым: «Наурызбай-Қаншайым» жыры олай тәмамдалмайды, трагедиямен аяқталады. Сұлулығына елдің бәрі таңырқаған Қаншайым өзінің қайын ағасы Кенесарының көзі тиіп, қайтыс болады. Наурызбай қатты қайғырады, жылап тұрып қырық жігітке өзінің жайын айтады: «Ойлайсыздар, қырық жігіт, Бір қатынға қайғырып, Мұнша неге солды деп. Мен ойлаймын ісімнің Ырымы жаман болды деп... Қауіп қылып қатты қорқамын... Өмірім де менің қысқа деп». Айтса айтқандай, «онан соң тоғыз-ақ жыл өмір сүріп, жиырма бес жасында қаза жетті», – делінеді жырда. Міне, осы финал «Наурызбай-Қаншайым» жырына балладалық сипат беріп тұр. Қаншайымның өлімі жырдың сюжетін күрт үзіп, оқиғасын кілт тоқтатып тастаған. Одан кейін ешқандай оқиға баяндалмайды, суреттелмейді. Тіпті, Кенесары өзіне, жолдастарына тоқтау айтып, «Мақұл көрсе Кенекем, қазаққа Қоқан қас дейді. Соған таман жетелік!» деп ұрысқа шақырса да, сюжет әрі қарай дамымайды. Тек жыршы өмір туралы, оның өткінші екенін ескертіп толғайды да, Наурызбайдың қайтыс болғанын хабарлайды. Бұл жырда батырлықтан гөрі, Наурызбай мен ғашығы туралы әңгіме басымырақ айтылады. Жырдың сюжетінің өзі екі жастың махабатына қарай бағытталған сияқты. Мұнымен осы арада тек сүйіспеншлік қана айтылып, басқалай сипаты болмады дегеніміз емес. Десек те, сүйіспеншілік, бірін-бірі ұнату жағы басымдау. Хан Кенеге байланысты айтылатын тұстарына зер салайық. Онда қазақтың ескі ырымы бойынша Қаншайымға көз тиеді. Ол көз тию бұрыннан көшпенділерде, одан бұрынғы тарихта бар. Осы тұста Қаншайымға көлденеңнен келген көк аттының емес, өзінің қайынағасы Кенесарының көзі тиіп, қайтыс болуы ерекше айтылған. Бұл жырдың айтпақ ойы, ханның бойында ерекше «назар», кей жерлерде халық арасында «мысы» бар деп те айтылады. Байқасаңыз, бұл шындыққа ұқсас. Ол туралы ел арасында аңыз болып айтылып кеткен әңгімелер жетерлік. Оқиға желісі жырдағы бас кейіпкердің бірі Наурызбайдың қайтыс болуымен аяқталады.

Осы мәтіннің аяғында Кенесарыға Қоқанның қазаққа жау екендігі турасында айтады. Тарихи деректерге көз жібертіп оқысаңыз, Хан Кене тұсында қазаққа тыныштық бермей, бір бүйірден шапқыншылық жасаған ол оңтүстіктегі көршілер еді. Ауылдарды шауып, мал-мүлікті айдап әкетіп, қиыншылық көрсеткенін тарихтан білеміз. Міне, сондай озбырлыққа төзбеген ел өз бетінше қарсыласып бақты. Ол заманда жан-жақтан қыспақ көп еді. Бір шетінен, патшалық Ресей отарлау саясатын жүргізіп жатты. Біздің батыс-солтүстік аймақтарымызға ауыз сала бастады. Ішкі жағымыздан өз-өзімізді жеп, билік пен мансапқа таласқандар көбейді. Би болуға, старшын, аға сұлтан болмаққа жанталасты. Осының бәрін көріп-біліп отырған Кенесары жастайынан атқа қонды. Негізгі тарихи уақытқа қарасаңыз, 1841 жылдан бастан ресми таққа отырды деседі. Бар қазақтың рулары жиылып, Ұлытаудың бөктерінде ақ киізге отырғызып хан көтерген.     Бірақ, ел аузындағы тарихи әңгімелерге назар аударсақ, онда ол ағасын өлтіріп, туыстарына зәбір көрсеткен, қала берді, қазақтарды қыспаққа алған патша өкіметіне наразы болған екен. Ол хан көтеруге дейін де бірнеше қарсылықтар жасап жүрген. Жалпы, қазақ халқының батыр ұлдары аз болмаған, ұлы дала талай ұлыны дүниеге әкелген. Қазақ әдебиеті тарихы «фольклорлық кезеңі», I томында « Кенесары туралы тарихи шығармалар» деген бөлім бар. Бұл жерде Кенесары туралы барынша айтылған. Мәтінге назар аударалық: «Кенесары – идеалды қаһарман, билік тізгінін мықтап ұстаған әмірші, күллі қазақты өзіне қаратқан хан. Оның қол астына атақты батырлар жиналған. Олар ханның ордасын мемлекет орталығына айналдырған», – деп айтып келеді де, одан соң: «Кенесары жай ғана хан емес. Ол ел қамын жеген хан. Қазақ елінің еркіндігін, елдігін сақтауға күш салған әмірші. Жұртқа өз ойын ашық айтып, бостандыққа шақырған көшбасшы» [4, 588-б]. Екі мәтіннің арасында ешқандай бір айырмашылық немесе тарихи оқиға көрініс бермейді. Бұл арада ұлт қозғалысының басшысы бірегей көсем жайында айтады. Мұнда халық тұл жетім емес екенін және елім, жерім деп ұрандататын арда ұлдарға кенде еместігі жайында мәлімет беріп тұр. Жоғарыда айтылған мысалдардың ішінде Кенесарының тағы бір батырлығы, тапқырлығы, айлакерлігі, көрегенділігін еске аламыз. Сонымен қатар онда үлкен фольклорлық қасиет болған. Онда: «Кенесары – идеалды кейіпкер болғандықтан, оның бойында тағы бір ерекше қасиет бар. Ол – оның кереметтігі, көзінің магиясы. Ол сұқтанып, қатты мән бере қараса, көз тиеді, сөйтіп, оның назарына ұшыраған адам жарық дүниемен қоштасады. Осы халге Қаншайым сұлу ұшырайды». Демек, «Кенесары тегін адам емес» деген сөз. Тарих жағынан қарастырсақ, профессор М.Қойгелдиевтің «Уақыт тезінен өткен жыр» (Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанының тарихи негізі жөнінде) мақаласын еске аламыз. Бұнда XIX ғасырдағы Кенесары ханның ұлт үшін жасаған ерлігі мен қиян-кескі ұрыстарын жазады. Оның қалайша ел арасында жырға айналғанын айтады. Яғни Нысанбай жыраудың жырлағанына тоқталады. Онда: «Ел арасында Нысанбай жыраудың Кенесары ханның қолына қосылуына байланысты мынадай бір әңгіме сақталған. Кенесары қолы Сырдың бойындағы Жалағаш өңіріне ат басын бұрады. Жергілікті халық хан мен оның қосынын үлкен құрметпен қарсы алып, түрлі шаралар өткізеді. Сол өткізілген шаралардың бірі қонақтардың алдына келіп, алпысқа жуық ақын-жыраулардың өз өнерлері арқылы ел тілегін білдіруі еді» делінеді.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

12972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы