• Қоғам
  • 30 Маусым, 2022

Дуана

Дидар Амантай

Қауды жапырып, жарқ-жұрқ көрініп, жыраға жетті де, сайға құлады. Бөдене жапыр-жұпыр қозғалып бара жатыр. Шалғын үстінде шашылып ізі қалады. Өзі қалың шөп арасына толық сіңе беріп, қауқиып шыға келді де, төмен сүңгіді. Көз алдында, қарға адым жерде жоқ болды.

Қайыра бір нәрсе сырт етті. Бір, екі, үш – сытырлай жөнелді. Қуып келе ме, қашып бара ма. Түсініксіз. Беймәлім сыртыл күшейіп алды. Жөпелдемеде, аңдап үлгермей қалды. Ту сыртынан ба, қарсы алдынан ба. Сырт.

Ол сыбдырға жалт қарады. Бұталарын сындырып, жықпылды жарып қапталдан көрінді. Шу бірте-бірте алыстай бастады. Күрт азайып – күңгірт дыбыс тұншығып басылды. Сірә, тікенек ілген жерінен кейін тартып, ілгері жұлқығанда, жүрісін бөгеп, кешеуілдетіп жібереді. Тал-шыбықты бырт-бырт үзген қаудырақ үні қапелімде ұшты-күйлі жоғалып кетті. Соңынан ілесе алмаған дыбыс сүлдері жерге түспей, ауада ілініп, жаңғырып тұрғандай күйге ұшыратты. Теңселіп...

Бала сескеніп, кейін шегінді. Сыбдыр тағы шықты. Сытырлап, жыра-сайларды сағалап, қара шілік маңайын төңіректеп жүр. Тұс-тұсынан үңірейіп қарап тұрған бұлтық-бұлтық бұталардың біртіндеп сынғаны үзік-үзік естіледі. Иегінің астынан, құлағының түбінен, біресе анық, біресе құмығып жетеді. Ұмар-жұмар алыса кеткендей, біреумен күресіп жатқандай, жан-жағын жайпап, топырағын қопарып – ұзап барады.

Қалт тоқтады. Шу жойылып кетті. Боз қараған дала тыныштықты сақтап – мүлгіп тұр. Бір сәт тұна қалған терең тыныштық бейтаныс біреу естіртпеуге тырысып әлсіз дем алғандай, әсерге бөлейді. Кенет ауада қос шырақ пайда бола кетті. Келесі мезет екі көзге айналып, бұталы өсімдіктер арасынан – жықпылды тесіп, ойып – қадала қарады. Сығалады да, ол бұрылғанда, теріс айналды. Бір түп қалың тобылғы үстінен бір шошақай нәрсе төбесі ағараңдап көрініп бара жатты. Кенет бөтен дыбысты естіп – қылт ете түсті. Оқыс төмен батып, көзден таса болды. Ән қайта көтерілді. Қатар жатқан қара жол бойынан әуелеп қасқалдақтай қанат қағып ұшып шықты.

Бір бала – анық.

Жаяу қыдырған жалғыз. Шошақай секеңдеп, көлденең тақап келді. Кенет тап іргесінен көрінді. Көріне сала, жылдамдата қиялай тартты, көк шалғында ілгері жүзіп бара жатыр. Екпіні қатты, бірде төмен, бірде жоғары ағараңдап – бас сауғалай қашты.

Бала – екіұдай.

Сытыр жоғалып кетті. Сай жағалап өскен жатаған бұта, қалың жықпыл беті қайыра тып-тыныш. Жол бойынан шыққан ән аспанда қалықтап тұрып алды. Кенет өзіне қарай тобылғылы жер, боз қарағанды жарып, бет түзеп тақап келе жатқан дуана кезбені көріп, бұғып отыра қойды.

Тізе бүгіп еді, дуана жықпыл шетінен жолға атып шықты. Бала түрегеле алмай қалды. Қорыққанынан, екі аяғы өзіне бағынбай, шөкелеген қалпы дуанаға жыпылықтап қарай берді.

Шошақайдың бір жағына қадаған үкісі жалбырап – бұлғаңдап таяп келеді. Бала түріне қарап шошып отыр. Әуелі, шошақайы жіңішке еді, көз алды бұлыңғырланғанда – жуан көрінді. Үлкейгенде, дуана жүзі әлсіз күлімсіреп келе жатқан басқа адамға айналды.

Күлгеніне бала іші жылып, қуанып қалды. Басына төнген қатер сейіліп, қауіп тарқағандай еді... Қолында – аса. Шошаң еткенде, бала жалп құлады. Шалқасынан жатыр.

Дуана, аяқастынан үркіп, шылбырын үзген жылқыша жалт берді. Өзінен-өзі, беталды, елсіз дала, бетпақ түз жаққа жол үстімен қаша жөнелді. Тоқтап, күтіп-күтіп, қашықтан жүгіріп, қайта оралды. Сүзіле қарап, аяғын кең тастап, әнтек тұра қалды. Баланы айнала билеп, дұға оқып селкілдей бастады.

Етегі – зер. Бір жақ шекесінде, ақ найза тақиясына қадаған үкі. Шәңгіш аса жүгіргенде желп-желп етеді.

Тарамыстай екен. Бадырақ көз – қыр мұрынды, тар өңді. Үсті-басы – шығыршық, кепшік, сылдырмақ – қоңыраулатып қыр етегін басына көтеріп билеп жүр. Оқта-текте қарғып-қарғып қояды. Ұзын аса таяғы ұшында – қозы жауырын. Қунақ, сергек – аттап-аттап басады. Мойнына таққан, тақыр теріден тілінген жіңішке қайыс таспаға бойтұмары байланған екен, секіргенде – қоса селкілдейді.

Көңілі арқа-жарқа, омырауы алқам-салқам, кең қолтық адам тәрізді. Күліп жүргені не күңіреніп жүргені белгісіз: «Дуана бармаған жер, баспаған тау бар ма. Басында үй, тұрмысында күй бар ма. Кез келген  жаппа –  баспана. Таудың етегі, тастың беті, сайдың іші, ескі моланың қоршауы – бәрі де қалқа. Жиһазды көрмейді, байлықты танымайды, дүние жинамайды. Қолына ақша тисе, ауыл балаларын жарыстырып, бәйге үлестіреді. Дуана ала дорба аспайды, құрт-ірімшік тасымайды. Барына – ырза».

– Сонда?

Бала жерде жатыр. Дуана тоқтай қалды:

– Төрде не босағада, шарт жүгініп отырған қалпы: «Алла хақ!» деп бір ақырып, ыдысындағы асты тез қағып салады да, сылдырмақ асасына сүйеніп, орнынан атып тұрып, басы ауған жаққа – жаяу-жалпылап, ел аралап, жүре береді.

Баланың жүзіне күлкі үйірілді.

– Үкісін қаласаңыз, дуана шешіп береді.

– Рас па?

– Рас.

– Шешіңіз.

– Міне!

– Тамаша.

– Жалған сөйлеуді білмейді.

– Күшті.

– Кісі алдамайды тағы.

– Бір пендеге, бір мақұлық жаратылысына жамандық ойламайды.

– Иә.

– Мұнаралы зауыттары мұнартқан Қарағанды, қайран Көкше, Арқадағы – Қызылжар, Кереку, Семей, Қарқаралыңыз – бәрін тегіс аралап көрген дуана.

– Жалаңаяқ жар кешіп?

– Қызыл аяқ қыр кешіп...

– Жөн екен.

– Кісі баласының көңілін жықпайды.

– Иә.

– Үлкенге де, кішіге де жекіп көрген емес.

– Шын ба?

– Шын.

Бала орнынан көтерілді. Үсті-басын қақты. Сосын, үзілген ән қайта созылды. Әнді жаңа тоқтаған жерінен бастап, нақышына келтіріп шырқап кете барды. «Талдан таяқ жас бала таянбайды»...

Дуана жол ортасында, ұзап кетіп бара жатқан «Бір баланың» соңынан үнсіз қарап, дағдарып тұр. Не ары, не бері барарын білмейді. Иә, ешкім сыйламайды. Көмегіне зәру емес. Ол аса таяғын жерге тастай салды.

Заман өзгерді, деп ойлады дуана. Бәрінен түңілгендей, жерге отыра кетті. Енді оны Совет ұстайтын шығар. Содан кейін, көрмегені осы өкімет болсын. Ол кешегі, бақ қонып, бақыт кешіп, құт дарып, жұрт қыдырған қоңыр төбел тіршілігін аңсады.

Оны алдап қолға түсіргенде, дуана ертеңіне бірден ату жазасына кесілген екен. Әдетте, жол күзетіп, ел тыныштығын қорғап, күні-түні бір шаршамай аралап жүретін – қырдың етегінде, аңғарлы сайдың тұсында, көрін өзіне қаздырып алып, қарсы тұрғызып қойып, атса керек.

Көп уақыт өтті, алайда, дуана ажалын ешкім ұмытқан емес. Бүкіл халықтық қаза еді, қатар-қатар отырған ауылдар кезек-кезек аза тұтты.

Қос солдат сырт киімін шешкізіп, оны ескі мылтықты қайта-қайта оқтап қорқытып, іш киімшең қорлап атып өлтіріпті, тіпті, қозы жауырын, шәңгіш аса таяғын қолына ұстатып қойыпты. Дуана суретке түсіп жатқандай, оқ жаудырғанда мылтықтың үңірейген аузына қасқайып қарап тұрған екен деседі.

Жаhуда

Жұрт мені Жаһуда деп атап жүр. Шын атым – Зияда. Бірақ, Зияда екенін бұл қалада екінің бірі, расында, біле бермейді.

Қападар әйел қалың күнделік дәптердің бетін жауып, мұқабасына қарады. Маңдайына аты-жөнін ірі әріптермен белгілеп жазып қойыпты. Сөздері – анық. Көзіне жас келді. Әділетсіздіктің үлкені – кісі өлімі, пендені ортамыздан жұлып алып кетеді, жанталас өмір жайына қалады, кішісі – жаңа туған сәби, қайда келгенін аңғармайды, ешкім одан мән-жайды сұрап та жатпайды, перзент те, пері де, періштелер де – бейхабар.

Жаһуда – Зияда.

Қызметтегілер Зияданы дәрігер ретінде таниды. Зияда Жаудұлы, Сізді жас пациент күтіп тұр, дейді мейірбикелер. Бәрі шетінен сұлу, көздері қап-қара әрі үлкен, ботаның жанарындай. Желі қосылып, ғаламторға қойылатын фотосуреттерді түрлендіру әдісі ел ішіне кең тарағалы бері қыз атаулы кіршіксіз әдемі боп алды. Фейсбукте Сіз жансыз сыңарымен хат жазысып, өзгертілген суретіне тәнті боласыз. Шын аруды өмірде көрсеңіз, танымай қаласыз. Көшеде, іргеден өтіп бара жатқанда, жас сұлу Сізге назар салмайды да, өйткені Сіздің бейнеңіз де түбегейлі өзгеріске ұшыраған деп ойлайды. Сондықтан, виртуалды әлемде кеш қыдырған асыл қыздар ешқашан реалды ғұмырда жан-жағына көз ашып, шолып қарамайды.

Ол пышақ үстінде жатқан Жаһуданы ойлады. Кітаптар қашанда кешегі уақытты жазады. Сондықтан, дүние жүзі әдебиеті тек қана сағыныш пен естеліктер туралы сыр шертеді. Бастан кешкенді көркем сюжетке айналдырады, өткен шақ өмір сүріп жатқан осы шақ болады.

Күнделік ашық жатыр. Жалғасы жазыла ма, әлде нүкте қойыла ма, өзі жаза ма... мүмкін, бәрін ысырып тастап, қызыл іңір ескі фотосуреттер ақтарған қам көңіл кешкі жалғыздық қана қалам тарта ма.

Зияда деп атам қойғаны шындық. Ескі ат, сәнсіз есім. Сәтсіз ныспы, мағынасы – күңгірт. Бірақ, елге ұнайды, жақтырмағандары Жаһуда дейді. Қамырықты Жаһуда оңашада күнделік жазып отыр. Қол үзіп кетіп еді, қайта қаламына сүйенді, оқиға да, ойы да жүйеленеді, бей-берекет ғұмыры да реттеледі. Белгілі бір тәртіп пайда болады.

Мен ауырғанда, бәрі екі аяғынан тік тұрды, түгел даурықты, хал-жағдайымды сұрап, қайта-қайта кіріп-шығып мазамды алды. Шыға бере, бірақ, жаңа ғана қапаланып отырған жұрт басқа әңгіме айтып, күліп кетіп бара жатады. Менің, шын мәнісінде, басында түсінбейтінмін, еңғұрмаса, бір күн, бір апта, тіпті, бір ай немесе бір жыл қайғырады деп ойлайтынмын.

Сөйтсем, құным ұзақ қайғы, терең мұңға тұрмайды екен, жұрт науқасты табалдырықтан аттай сала ұмытады, біреудің уайымы басқаға дерт емес, әркім өз өмірінен ауытқып, шері бөтен, серігі алаң, көңілсіз сырқатпен мұңдас бола алмайтынын байқадым. Дүние қызық-думанға толып жатқанда, қайдағы қайғы, дені сау жұрт қуанғысы келеді, жастың билегенін қалайды, кәрісі тойды аңсайды, тәтті тоқаштың иісіне, жалпы, дастарқан жұпарына байланады. Басқосуға бармаса, қауесет естіп қайтпаса, жиынға асықпаса, қонақ шақырмаса, құда күтпесе, несі өмір, қазақтығы не?

– Есаға, – дедім, – қиналмаңыз, өзіңізді бекер зорламаңыз, бара беріңіз, алтын уақытыңызды қиып...

Ол екі ойлы.

Не айтарын білмей отыр.

– Рас-ау.

– Басымды көтеріп...

– Шынымен, бетің бері қарап қапты.

Есаға жинала бастады, қимылы бәсең, бір нәрсені аңдып асықпайды, мына құлаққа ұрған танадай тыныштықта әлі де болса бір қауіп бар сияқты, алайда, көңілсіз ортада еріксіз байланып отыр, тез-ақ кеткісі келеді, ұяты жібермейді. Ақыры батылы жетіп, енді орнымнан тұрамын деп шешті.

– Жаһудажан, айығып кет, Құдай шипасын берсін, – деді.

Деді де, орнынан көтерілді, байсалды, байыпты болуға тырысады. Бірақ, асығыс екендігі көрініп тұр.

Соны айтты да, кейін өзі де байқамай, жылдам шығып кетті.

– Ақымақ, – деді әйелім.

– Бәріміз де ақымақпыз, – дедім.

Сырттан ой бауырымдаған дауыс естілді. Үйге кіріп келгенде:

– Қор болдың-ау, – деді.

Мен басу айттым.

– Шәке, уайымдамаңыз, бәрі дұрыс, пышаққа түсті демесеңіз, ақыл-есім сау, бауырым бүтін, аман-есенбіз.

– А-а?

Көзіме жас алдым.

– Шәке-ау, – дедім, – аяғымнан айырылып қалдым.

Өзімді өзім тежей алмай, солқылдап жылап жібердім. Ол мені құшақтай алды. Құшақтасып, бірге жыладық. Бір-бірімізді босатпай, еңіреген бойда, қатты толқып тұрдық.

– Қайран дүние-ай...

Екеуміз қайыра теңселіп кеттік. Бір-бірімізді жұбатып, менің аяғымды жоқтап, біраз уақыт қайғырдық. Сосын, ол күбірлей сөйлесіп, ауық-ауық жылап отырды.

Кеткені  қызық  болды. Басында қасіретімді қатар көтерісіп, қайғыма ортақ-тасқанына қатты ырза едім. Құдайдай сендім. Өз бейнетіндей көргеніне таңғалдым әрі шексіз қуандым. Жан-дүниемді терең ұққан нағыз туысқаным осы шығар деп ойладым. Бауырым, бар сұмдық, пәле-жала осымен кетсін, енді саған кесір-кесапат жоламасын деп тіледі. Кенет:

– Жалғыз туысқаның біз емес пе? – деп қалды.

– Иә.

– Біз басы-қасыңда боламыз, –деді.

– Мүрдені суықта ұстаңдар.

– Иә, үй ыстық.

– Өлмесем ше?

– Жоға, өлесің.

– Аяқтан өлгенді көрген жоқпын.

– Өлгендер бар.

– Өздерін күтпегендер өледі.

– Өлгің келмей ме?

– Өлгім келмейді.

– Ей, сен де... елді дүрліктіріп.

– Соған да кінәлімін бе?

– Елден ұят, өліп қала ма екен деп күнде жиналамыз.

– Аяқтан айрылу оңай ма?

– Айрылғаныңа қанша болды?

– Екі-үш күн.

– Енді жоқтай берме.

– Шәке, туысқандығыңды ұмытпаймын.

Түс мезгілі. Ас дайын, көрші-қолаң қыз-келіншектердің кіреберіс босағада топырласып белгі күткен жайы бар. Мұң сейілген, әңгіме басылған. Екеуміз де үнсізбіз. Ол асқа қараған жоқ. Үшінші болып Қабдолла келді. Сері жігіт көп бөгелмеді. Ел жайында, қырдағы мал туралы, қыстың қанша созылатыны хақында әңгіме қозғап отырды. Қысқа-қысқа сөйледі. Биыл қыс қатты, қар қалың, ауылдар қиналып жатыр, деді. Ылғи сөзге шебер өзгеше баян, алыс тақырып, денсаулық жөнінде тілеуқор көңілдің бір ауыз ықыласы жоқ. Кетерінде рұқсат сұрады. Бірқалыпты келді, бірқалыпты кетті. Суық, қашық, жат.

Қайырғали асығып бара жатты, басын сұқты да, құшақтасып амандасып, тез кетіп қалды. Қарындасы Фариданы күтті, соңыра жылы хабар келді. Ағамыз аман-есен екен, қуаныштымыз, бас пайда сол, енді ешқайда асықпасын, тыныштығын сақтасын, жатып демалсын депті. Әпкесі Алмагүл кешікті. Үйдегі жарықты қиып кеткен екен дейді, қарызын төлеп, қайта қосқызып, түн бата жетемін ғой, жабырқамасын, бізге амандығы керек деп дұғай-дұғай сәлем айтыпты.

Ас ішіліп, пәтердегі жұрт тарқағанда, асүйде жүрген әйелімді дауыстап шақырып алдым. Қолын алжапқышына сүртіп, жылдам басып жатын бөлмеге өтті.

– Сая, – дедім, – есік-терезені жауып тас-ташы.

– Е, неге?

– Ешкімді көргім келмейді.

– Жарайды.

– Аяқтан айрылғанымды өлгенімдей көреді.

– Өзің хабар айтқыздың ғой.

– Оңай дейсің бе, Сая, ғаріп-қасер болу оңай дейсің бе...

– Сабырға жеңгіз.

– Тізеден жоғары қырыққан аяғымды көрсем, көз алдым тұманданып кетеді.

– Доғар.

– Қызық бұл жұрт, жоқ аяқты көреді, тірі отырған мені байқамайды.

– Бір аяғың көрде, бір аяғың жерде болған соң шығар.

– Мені аяғымның қасына қойыңдар, бүтін жатайын.

– Жақсы.

Ол еңкілдеп жылап жіберді. Адам неге өледі. Көркіне жұрт тегіс ғашық ажардан не пайда, ажал барда... ақылға не жорық, қаза жеткенде, қазынадан не қайыр, өлім хақта. Бұйрық алдында қай парыздың мәртебе-мерейі артық, қандай мақсат-міндеті жоғары. Пенде – ғасыл тұлға. Шама-шарқы белгілі, таным-тілегі анық.

– Жылама, Сая.

– Жылаған дұрыс, сонда ұзақ өмір сүреміз.

– Ешкім ұзақ өмір сүрмейді.

– Мыстан кемпір ше?

Әйелім өз сөзіне күліп жіберді.

– Иә, мыстан кемпірлер ұзақ өмір сүреді.

– Албастылар...

– Жаһуда.

– Әу.

– Балалар шошиды, ұстамды бол.

– Неге біз өлеміз...

– Білмеймін.

– Кең дүниені кезіп, ұзақ өмір сүргім келеді.

– Кешіп...

– Иә, кешіп.

Қанты көтеріліп, екпінді қан қысымы бір сәт тоқтамаған аяулы Жаһуда 2015 жылы дүние салды. Ол жас еді, бар саналы ғұмырын халқына арнады. Ел биік тұлғалы, кісілігі мол біртуар қазақ-тұғын деп соңынан жақсы сөздер айтып қалып жатады. Қарқаралы таулары жартасынан шауып, қиып әкелген ұлы құлпытасына екі атының бірін ғана қашап түсірді, әдетте, қабір басына қойылған тақтаға тек шындық қана жазылады: “Зияда Жаудұлы, 1975 – 2015 жылдар. Руы – Жаманқара”.

Қайран, Жаһуда, деп жазды Сая, қайран Жаһуда.

Сосын, күнделікті жапты.

Екi арба аяз

Арқа. Есік ашқанда – екі арба аяз кіреді. Босағадан ілгері – алға ентелей ұмтылады. Кіреберісті жауып кетеді. 
Сырма жүрсе, жорғалап, табалдырықтан асады. Тірелсе, ауып түседі. Сенек құшағына құлайды. Бәсең жылжып, қарағай еден бетін жайлап. көкте аунаған қазбауыр бұлт тәрізді – бүкіл үйді алып, кіндігінен байланады. Сосын, іргеден баспалдақтап бірте-бірте көтеріліп келе жатады.
Төбесін жауласа, бүкіл үйді суытады. Әдетте, есікті дүркін-дүркін тартқан сайын лапылдап үйге енетін құшақ-құшақ аязды, пештің жалыны күшейгенде, сыртқа теуіп, далаға шығарып жібереді.
Задында, түні бойы ұшқындаған қар, таңертеңгілік мезгіл басылғанда, аяз басталады. Үскірік алдында, жел үйірген қар бұрқырайды, саңылау-тесіктен сыналап бұзып-жарып кіреді. Сырма қайта жүргенде, жорғалап енген аяз жеткен жеріне байлана кетеді. Ұстағаны – тас-тай, тістегені – темірдей. Тегі, жабысып, айрылмайды.
Жылы үйде суық түйін тастайды, мұзға айналып, қатқақ үстіне қатқақ қатып, қалыңдайды.
Мұз жылы ұяны мұздатады. Ғарыштың алапат салқыны ақ ұлпа күйінде жайлап, Жер беті, қыр дала, орман-тоғай, бульвар-даңғыл, тіпті, жапалақтап қарағай басына, ағаш бұтағына қонады.
Қыс керуені. Көшіп-қонып жүреді.
Ерте бұрылғаны, қыр басына бет түзеп, жер шолады, сандықтас шоқы, жақпар-жақпар жатаған тауларға, шоқытып шыға келгенде, етекте, сайда қымтанып жатқан ауылдың төбесі көрінеді, сырма жүріп, қар омбылаған беті жылдамдата сырғанап, салқар-салқар көш көлігі, ұзын шанасы, қысқа арбасы қисайып қоржын үйдің алдында қара шоғырланып қалқиып аңдып тұрады.
Қыс келді. Төр – соныкі, еденде жатып, еңбектеп жетеді, бірақ, босағадан соғып, іргеден қатады. Есі жоқта екпіндеп енеді, тепкімен – кетеді. Пештің жауы, пейіштің бояуы. Тамұқтың ызғарындай. Суық, бет қаратпайды. Жұлмалайды.
Бірақ, Арқада үскірік аяз – құт. Қаһарын жаз маусымындай көреді. Қалың түскен қар – ырзық, ұйтқып соққан боран – қуаныш. Бетпақта тізеден қар түскенде, ішін тартып қатты жел тұрады, алай-түлей сұрапыл – жан-жағын жайпап, қопарып, төңкеріп, әрі-бері құйғытып, құйындатып, күш-қуатын үдетіп – жер-дүниені тас-талқан етеді. Төңіректің астан-кестенін шығарады, көз байланады, мал ығады, жылқы үйіріледі, ат құлағы көрінбейді, сапар тоқтайды.
Жер мойны қашықтан жаздың дүбірі құмығып естіледі. Күймесіне мініп, көңілі жайланып, жайма-шуақ дүбірлеп келе жатыр. Жол ұзақ, уақыт көп. Арада – наурыз, сәуір, мамыр – жазғытұрым шақ. Жаздың сыры белгілі, аптап ыстық, қарағайлы орман, бірде өрт, бірде өрт сөндіруші.
Қараша сүрініп-қабынып жетеді. Қылышын сүйретіп қыс күзден басталады. Бұрқасындап тұрады, көлденең жатады, шаңырақты билейді, Желтоқсан кезі. Қыс белгісі, дүлей, ысқырық, ақ түтек боран соңынан жердің апшысын қуырып қызыл шұнақ аяз шаңытады.
Бірден аңғарады. Арқада ірге көтерген ескі қалалардың бірі Қарқаралы – қыстың көзі қырауда.
Қар омбылап келе жатқан қалың жұрт. Шаһар ұйқыдан оянды. Тау басында – қар. Қаптап өскен арша жауын-шашын астында.
Күні-түні ұшқындап мол жауған еді, бел-уардан келеді. Кей тұсы тізеден асады. Тобыққа түседі. Тағы көтеріледі.
Кеше, кештен жүрген бұрқақ сырманың арты – ертеңіне, шытынаған шыңылтыр аязға айналды деген осы.
Таң атқалы.
Бір тыным таппай.
Күпсек қар. Жота-жота. Тіпті, жонданып, қатая бастаған... сіресіп. Енді – күртік. Ызғардан сытырлаған жаппалы терезе бетіне, суықтың қаһарынан шынылары жарылып, сызат түседі. Аяз буғанда, қасқыр құйрық қарағайлар жұтынып, тұрып-тұрып, кенет қақ айырылады. Сымбатты теректер тырсылдап жыртылады. Жол бойы қара ала қайыңдардың бірде етпетінен жығылып, бірде шалқасынан құлап жатқанын көресің.
Жарықтық Арқа жеріне қыс келді.
 

 

2777 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы