• Қоғам
  • 25 Маусым, 2022

Үкімет: Азық-түлік бағасы «ұстатпай» тұр

Динара Мыңжасарқызы

Асқар Мамин басқарған үкіметке айтылған сын көп болды. Себебі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы 2020-2021 жылы әлсіреп кетті. Былтыр жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,8% болды. Осы тұрғыдан алсақ, Асқар Мамин тарихта минусты премьер-министр болып қалмақ. Әзірше 30 жылдық тәуелсіздік кезеңіндегі ең минусты премьер – Нұрлан Балғымбаев. Ол Үкімет басқарған 1999 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 33,8 пайызға құлдырағаны есте. 

Онсыз да ел экономикасын тығырыққа тіреген премьер-министрді ауыстыру сәті биыл қаңтардағы оқиғасына тұспа-тұс келді. Қаңтардағы бүліктен соң, яғни 11 қаңтар күні Президент дереу жаңа премьер ретінде Әлихан Смайыловты таныстырды. Мәжілістің жалпы отырысында Президенттің ұсынған кандидатурасы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Әлихан Смайылов бұған дейін әр жылдары Статистика жөніндегі комитет төрағасы, Президент көмекшісі, Қаржы министрі қызметіне тағайындалған. 

Алайда, жаңа үкіметке жүктелген міндет көп. Смайылов бұл үдеден шығып жатыр ма, жоқ па, үш-төрт айда бірден айту қиын. Десек те, қазіргі экономикалық-әлеуметтік ахуал көтеріле қойған жоқ.

Мәселен, Ұлттық банк базалық ставканы 14 пайызға көтерсе де, Үкімет бұған қатысты үнсіз қалды. Мұның салдарына үңілсек, қаржы тарту қиындап, экономикалық өсімді арттыратын мүмкіндік азаяды. «Ұлттық банктің логикасын түсінуге болады», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. Оның айтуынша, инфляцияны ауыздықтау – Ұлттық банк алдында тұрған басты міндет. Өйткені инфляция – кедейлікке салынатын салық.

«Қаңтар оқиғасынан кейін біз әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды екенін түсінеміз. Болжам бойынша, пайыздық мөлшерлеменің артуы теңгенің рубльге қатысты нығаюына әкеледі. Бұл ресейлік тауарларды біршама арзандатпақ. Тиісінше инфляцияны тежеу орын алмақ. Бұл жерде біздің ставканы көтеріп жатқанымызды, ал Ресейдің базалық ставканы түсіріп жатқанын ескеру керек. Оларда бірақ әлі 17%. Ставканы көтергенде біздің несиелендірудің айтарлықтай бөлігі (ипотекалық несиелер, шағын және орта бизнес) мемлекеттік бағдарламалар арқылы субсидияланып жатқандығын ұмытпаймыз. Әрине, тұтынушылық несиелеу сынды нарықтық бөлігі де бар, бірақ ол соншалықты үлкен емес», – деген ол.

Импортты алмастыру:

2025 жылға дейінгі бағдарлама. Одан кейін ше?

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында импортты алмастыру мәселелері қаралып, бұл бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасаған еді. ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, ведомство импортты алмастыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндіктеріне талдау жүргізді (өткен жылы импорт – $38,3 млрд). Импортқа тәуелділік деңгейін төмендету бойынша тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесі зерделенді.

Өңірлердің әкімдіктерімен жұмыс жүргізгеннен кейін импортты алмастыруға, дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Тізімге 700-ге жуық жоба кірді, оның 286-сы – импортты алмастыратын негізгі жобалар. Салалар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібіне 108 мың жұмыс орнын құрумен, инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңге болатын 633 жоба тиесілі. Биыл 165 жоба іске қосылады, қалған 498 жоба 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылады.

Биылғы жылдың негізгі жобалары: Атырау облысында пропилен өндіру зауытының құрылысы, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіру зауыты, Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасы және Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыты. Жобаларды іске асырудың нәтижесінде барлығы $9,1 млрд көлеміндегі өнім алмастырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі $17,2 млрд құрайды. Ферроқорытпалардың әлемдік экспортында 2-орынға шығу, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру, сондай-ақ, еден жабындары мен геосинтетика импортын 25%-ға алмастыру жос-парланып отыр. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бизнесті қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру және дайын өнімді өткізуді ынталандыру көзделген.

Өз баяндамасы барысында ҚР АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндіріс есебінен азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 80%-дан астамды құрайтынын хабарлады. Бұл ретте 2025 жылдың соңына дейін 24 ет комбинатын іске қосу, 8,2 мыңға алаңда бақ салу бойынша 22 жобаны жүзеге асыру, 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу, 23 құс фабрикасын салу және кеңейту, жаңа қант зауытын салу жоспарда бар.

Премьер-министр қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, Қазақстан экономикасы үшін импорттық өнімдерді алмастырудың маңызы өте зор екенін атап өтті. Мәселен, бүгінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланып отырған компаниялардың біздің елімізде шығатын тауарлар мен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үлесі 52%-ды құраса, соның ішінде қазақстандық қамтудың нақты үлесі 40%-дан аспайды.

Өткен жылы импорт шамамен 8%-ға өскен. Импорттың басым бөлігі – қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер.

«Қазақстанда бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, біз осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды», – деді Әлихан Смайылов.

Орынбасарларды жазалау оңай, қиыны...

Соңғы айларда азық-түлік бағасы күрт өсті. Мұны қадағалап жатқан құзырлы орган жоқ сияқты. «Азық-түлік бағасын ұстап тұра алмайтын облыс әкімдерінің орынбасарлары жазаланады» деген премьер Әлихан Смайылов қатаң тапсырма берсе де, орындалып жатқаны шамалы.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев таяуда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,6 пайыз болғанын хабарлады. Атап айтқанда, пияз 2,9 пайыз, қырыққабат 2,8 пайыз, құс еті 2,5 пайыз, сәбіз 2,3 пайыз, қант 1,5 пайызға қымбаттады. Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсуі Нұр-Сұлтан (0,9 пайыз) және Алматы (0,8 пайыз) қалаларында тіркелді.

Оның айтуынша, елімізде сауда үстемесін бақылау жұмыстары аясында үй маңындағы 32 308 дүкен тексерілді (қамту – 77 пайыз), соның нәтижесінде 358 заңбұзушылық анықталды. Барлық деректер бойынша тиісті шаралар қабылданғаны хабарланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда азық-түліктің (жаңа өнімді есептемегенде 669 841 тонна), оның ішінде сиыр еті, картоп, ұн, жұмыртқа, сүт және басқаларының едәуір қоры қалыптастырылған.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі ӘМАТ бағасының ең жоғары өсімі тіркелген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаевтың және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың, сондай-ақ республика бойынша қырыққабаттың ең жоғары бағасы (килограмына 340 теңге) тіркелген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың есептерін тыңдады.

«Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырдым, алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалмады. Осы айдың аяғына дейін қаржыландыруды 100 миллиард теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл көрсеткішті мақсатты деңгейге жеткізбейтін өңірлерде әкімдердің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тиісті шара қолдану туралы ұсыныстар қаралатын болады», – деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов  алдағы  аграрлық  маусым қарсаңында өңірлердің басты міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс екенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге бағаны ұстап тұру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел түрде тікелей жеткізу үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімін тұрақты негізде өзектендіріп отыру тапсырылды.

 

Бюджет қаражаты  неге игерілмеді? 

Еліміздің биылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысына келсек, Үкімет отырысында Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджет бойынша төрт триллион теңгеге жуық шығын жұмсалғанын айтты.

«Орындалмаған қаржы көлемі 20 миллиард теңгені құрады. Оның 5 миллиард теңгесі үнемдеу мақсатында жұмсалмады. 15 миллиард теңге игерілмеді. Игерілмеген қаржының ең көп көлемі Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Сыртқы істер, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне тиесілі болған», – деді ол.

Министрдің айтуынша, бюджетті игермеудің негізгі себептері: шарттар жасасудың ұзақ мерзімді рәсімдері, төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шоттарды кеш ұсыну, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы.

P.S. Үкімет кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін төмендету мәселесіне де атсалысса да, әзірге нақты нәтижесін халық көрген жоқ. Ал қымбатшылық болса, күн санап алқымнан қысуда. Бұл тұрғыда жергілікті және өңір әкімдіктеріне тапсырма жүктелсе де, баға ырыққа көнер емес.Соған қарамастан, премьер Әлихан Смайылов өзіне проблемасын айтқан әрбір тұрғынның өзекті сұрағын жауапсыз қалдырмауға уәде берді. Бірақ төрт айда экономикалық һәм әлеуметтік жағдай ілгерілемесе, ендігі жарты жылда не өзгереді?

2664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы