• Шежіре
  • 30 Маусым, 2022

ЕКЕУДІҢ ХАТЫ

(Мандоки Қоңыр Иштванның эпистолярлық мұраларынан)

Бабақұмар ХИНАЯТ

Классикалық түркологияның Еуропадағы ең бір көп үміт күттірген өкілі Мандоки Қоңыр небәрі төрт мүшелінде (1992 ж. 22 тамызда) мезгілсіз көз жұмды (Макачқалада). Қоңыр қазақ жұртының күйеуі еді. Бұл ретте де ол түркінің кісілікті мәдениетіне, күйеу балалық жолына қылау түсірген емес. Өзінің ақтық аманатымен қазақ жерінде жерлеуді өсиет еткені үлкен жан тебірентірлік оқиға болып еді. Сонан бері де отыз жылдай өтіпті.

Қоңыр Мандоки Мажарстанда (Венгрияда) Ұлы Қыпшақ аймағында Қарсақ қаласында 1944 жылы дүниеге келді. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін түркологияға арнады. Ол өзінің ғылыми еңбектерін мажар, ағылшын, неміс, француз және қазақ тілдерінде жазатын. Оның ұстазы дүние жүзіне есімі мәлім профессор Дьюла Немет болатын. 1981 жылы Қоңыр «Мажарстандағы қыпшақ тілінің ескерткіштері» деген тақырыпта диссертация қорғады. Мұнан кейінгі жылдарда ол ғылыми ізденістерін мейлінше ширатып, иісі түркі әлемінің түпкі тегіне, тарихына, мәдениеті, тілі мен этнографиясына қатысты салиқалы еңбектер жазды. Ұдайы іздену, жинақтау үстінде болды. Жасы елуді еңсерген соң біржолата іргелі зерттеулер жазуға отырмақ жоспары болды. Елші болудан да бас тартты.

Ол түркі әлемінің  мүйізі қарағайдай академик ғұламалары, небір дүлділ ақын, жазушы, қаламгерлерінен бастап, көзқарақты зиялыларымен етене жақын шығармашылық байланыста болды. Мандоки Қоңыр Иштван түркі әлемінің ондаған ғылым, білім, әдебиет саласының өкілдерімен араласып, хат-хабар алмасып тұрды. Олардың қатарында, әсіресе қазақтар аз емес еді. Қоңырдың эпистолярлық мұрасы Будапештегі шаңырағында жұбайы Оңайша Мақсұмқызының қолында сақтаулы. Бұл хаттардың басты бір ерекшелігі бар:

– хаттарды мұқият саралап отырып, Қоңырдың шығармашылық өмірбаянының толыққанды картинасын түзуге қосымша ақпарат, мәлімет орнында жүреді;

– Қоңырдың қазақ тілінің сөйлеспелі, әдеби, ресми және бейресми стилді қаншалықты игергендігін шамалауға болады;

– өзара хабар алмасушы адамдардың  арасындағы формалды қатынастар, ең бастысы тіл мен мәдениет қақында хат алмасушы тараптардың ой-аңсары, мүддесі, ғылыми қызығушылығы және тағы басқа толып жатқан мәселелер туралы еркін «сұқбаттасуға», пікір алмасуға мүмкіндік туады

Мандоки Қоңырдың бір мұқият қасиеті – ол жазған хаттарының алғашқы нұсқасын, черновикке жазып алып, онан соң жаңадан қайтадан көшіреді екен. Бәлкім, бұл оның алғашқы кезеңдегі ойды еркін білдіру үшін арнайы жасайтын машығы болса керек. Және ондай хаттың қолжазбасын алған хатының жанына мұқияттап бүктеп қоятын. Келген және кеткен хатқа мұқияттап, уақытын қаламмен жазып, арада алмасқан нешінші хат екенін де жазып қояды екен.

 

Мандоки Қоңыр мен  Жаңабай Сапаров

Сондай хаттың бірі Қарақалпақстанда тұратын қазақ, бірақ шығармаларын қарақалпақ тілінде де жазған қаламгер Жаңабай Сапаровпен (1920 ж. туған) алмасқан хаттарда әлеуметтік және тарихи лингвистика үшін маңызы бар мәселелер қамтылғандығымен ерекшеленеді.

Қолымызда Сапаровтың бес хаты мен оған жауап қатқан Мандокидің екі хатының жұмыс нұсқасы (черновик).

Бірінші болып хат жазған  Жаңабай Сапаровтың хатының тысында Қоңырдың қолымен  1977.11.15 деп қолына тиген уақыты белгіленген. «Қадірлі Иштуан Қоңыр! Сізге мен таныс емеспін. Солай болса да, асау Әмудің бойынан Сізге жалынды сәлем! Осы хатты Сізге жазуыма Сіздің Алматыда болып, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісіне берген интервьюіңіз мені өте қызықтырды», –деп басталады хат. Шамасы, «Қазақ әдебиеті» газетінің  1977 жылғы  14 октябрьдегі санында жарық көрген тілші Бекен Ыбыраймовқа берген сұқбаты болса керек («Туыстық арқауы» атты сұқбат мәтіні толығымен мына еңбекте жарияланды:  «Ұлы даланың біртуар ұланы». - Алматы: ОҒК,  2008.  – 10-11 бб). Хат жолдаған Ж.Сапаров сұқбаттағы Қоңырдың қыпшақ тарихын білуге деген құштарлығы мен қазақ тілін білетіндігі қайран қалдырғанын, сол үшін қалам алып хат жазғанын айтады. Бір қызығы, сұқбат жарияланған ҚӘ газетінің Қарақалпақстанға жетіп, онда таң қалдырған зиялының 1977 ж.  қазанның 22-де жазған хатының бас аяғы үш аптада Будапеште Қоңырдың қолына тиюі.  Олай дейтініміз, ешбір адрес, индекс көрсетілмеген, бар болғаны Будапешт университетінің кафедра атауы ғана орыс тілінде жазылуы. Дегенмен, адресатқа жеткендігінің өзі қызық. Сол тұста ешкімнің ойына кіріп шықпаған жайт, Сапаровтың батыл әрекетіне сүйсінесіз...

 Қыпшақ текті жұрттардың арғы-бергі тарихын шола отырып, ары қарай мажар халқына қатысты бір туралы дерекке ден қояды: «Біз жақтағы өзбектер мен қарақалпақтардың арасында «мәдьяр» деген адам аттары өте көп кездеседі. Мен тұрған Қоңырат қаласының өзінде 20-ға жуық адамның аты Мәдьяр.  Әсіресе, біздің районымызда осы Мәдьяр атын қоюдың ертеден келе жатқан (сіздің халқыңызға байланысты) терең сыры бар деп ойлаймын» дей келе ұзақ хатының соңында Қоңырға Мажар қыпшақтарының тілі, ғұндарға қатыстылығы, өз есімінің мәнін, елдің билеушілері туралы төрт сауал қояды.

Жаңабай Сапаровтың бұл хатына жазған жауабының қолжазбасы «1978.1.11 (12) Қадірменді Сапарұлы Жаңабай» деп басталады (бұл черновик екені айтылды). Дегенмен, черновик деп айтуға татымайды, түзету, толықтыру  жоқтың қасы, кей тұста сызып тастаған тұстары ғана бар. Парақтың екі бетіне толтыра жазған төрт беттік жауапта Қоңыр «Сіздің Қарақалпақстаннан жолдаған асқақтаған сәлеміңізбен Өзіңізді тұжырымды түрде таныстырумен қатар бәрі барлығын сүттен ақ, айдан сұлу ете, анық жазған хатыңыз менің қолыма келіп түсіп, қуантқанына да, міне үш-төрт күн» деп басталған. Қоңыр өзінің Алматыдағы іссапарынан қайтар жолда Мәскеуде екі айдай аялдап, жұмыс жасағанын, «... оралған кезде тұқымдасым, және қаламдасым сүйінші сұраған, онымен бірге бұл өмірден іздесем де, аса қиыншылықпен таба алуға болатын Сіздей қаламдас мөлдір бұлақ көзінен бір ожаумен су ішкен ақжарқын, адал досымнан мені сұрастырып хат келгені шексіз де шетсіз қуаныштарға бөлеуімен қатар, қолтығыма қос қанат бітіргендей болды».

Осылай қазақ тілінің мәйегіне қанық жан келісті тіркес, бейнелі суреттеумен хатын өрбіте отырып, алыстағы жанмен сұқбат құрады: онда «ХІІІ ғасырда мажар  жеріне  Көтен  ханның  бастауымен көшіп келіп қоныстанған едік. Сол заманда қыпшақ ұлтымыздың батырлығы мен күштілік албырттығына байланысты жаңа отандастарымыздың мадағына бөленіп, оларды жаудан, тағы басқалардан қорғап, бірге туысып, біте қайнасып кеткен едік.  Иә, тоқшылықты қой ғана көтеретін себепті, біз өз қыпшақ ұлтымыздың байырғы әдетін сақтауды еске алмай, ортаға байланысты біртіндеп мажар тілінде малшылар мен малайларға қатынассақ, кейін тіпті өз ана тілімізді екінші ретке санап, сырт тілмен сөйлей бастаған екенбіз. Бізді жаңа отанымыздан ешкім де жат, жау деп санамай, үнемі қадірлеген себепті өзіміздің кім екенімізді де ұмытып ери бастаған едік. Кейін ХVІІІ ғасырда ана тілімізден айырылуға душар болған кезде біз біртіндеп күрескенімізбен, кішкентай кешігіп қалған едік. Бүгінгі күнде отанымызда өмір сүретін қыпшақ қандастар- дың ана тілі мажар тілі болғанымен, жер-су, кісі аттарының бір бөлігімен, әдет-ғұрып, салт-сана жағынан бүгінге дейін сақталған қалдықтарды кеңінен көрсетуге болады...». Қоңыр осылай Мажарстандағы қыпшақтардың тілдік ахуалын қысқаша шолып өтеді.

Ары қарай, Сапаровтың қойған сауалдарына қысқа әрі нұсқа жауабын рет-ретімен жазады. :

«1. Осы күндегі өмір сүретін қыпшақ тұқымдастар мадьяр тілімен сөйлескенімен, көптеген қыпшақ тілділер өздерін араластыра сөйлескенімен (кеңесуімен) қатар, тілдің акценті таза мажар адамымен салыстырғанда басқаша. Қуанарлық бір жай, қазіргі қыпшақ тұқымдас жастарымыз байырғы ана тілдерінен хабарлы болуға өте қызықты да, үнемі мені мазалайды. Бұған қарсы отаманымызда кітап-құрал жоқтың қасы».

Ары қарай,  өз аты-жөні мен тегінің мән-мағынасын, Қоңыр тегі екенін, ал Мандоки дегені Мандоқтық жайлауына немесе қонысына байланысты қалыптасқандығын баяндайды. Ж.Сапаровтың хатында қойған соңғы сауалға қатысты былай деп жазады: «Кейінгі қойған сіздің сұрақтарыңызға менің ойымша бұлайша жауап бергім келеді:  Ертедегі көшпенді ата-бабаларымыз ат үстінде үнемі серуен немесе шабуылда жүріп, жер шарының ат тұяғын басатын жерін шарлағанда өзінің жүрген немесе саяқаттаған, әйтпесе басып алған жерлердің ірі-ірі тауы, суы, өзен, көлдерін ауыздан ауызға жалғастырып, әуелі өздерінің немерелері мен шөберелерін олардың аттарымен атаған».

Бұл жауапқа қарымта ретінде 1978  ж, 28-қаңтарында жазған Сапаровтың хаты Қоңырдың  қолына 16-ақпанда тиген.  Хатты алып қуанған Сапаров «қайта-қайта оқып көремін, жолдастарым да бірінен соң бірі алып оқып көріп, таңданып бақты», «әдемі қолтаңбаларыңыз өте ыстық  көрінді,  ...байырғы қазақ жазғандай» деген толғаныстарын жасырмайды. Бұл хат та жағдай сұрасуға емес, таза азаматтық позицияға, ішкі жан-дүние толғанысына арналған. Автор Қоңырдың хатының алыстағы Қоңырат қаласындағы зиялылар арасында үлкен резонанс тудырғанын жасырмайды. Бірден шығармашылығы туралы әңгімеге өтіп, өзінің «Баспашылар арасында» атты деректі повес баспадан шығып, жақсы сатылып жатқанын айтады, «бұдан артық шаттық бола ма?». Өзінің баспа мен радиодағы қызметі, шығармашылығы толығымен қарақалпақ тілінде болғандықтан «жазған хаттарымда грамматикалық және сөз құрылысында қателіктер көп болуы мүмкін. Бұл жағынан кешірім сұраймын. ... Қазақша өте сұлу жазады екенсіз. Ал, қазақ тілін менен де артық білетініңіз көрініп тұр», – деп ағынан жарылады. Қоңырдың жөн сұрасуы бойынша оған арнайы тоқталған. «Мен қазақпын. Арғы ата-бабаларымыз Хорезімге, Әмудәрия бойына ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда жоңғар қалмақтарының (торғауыттардың) басқыншылық ауыр соғыстарын бастарынан өткеріп, ылажсыздан ауып келсе керек. Ол заманда көшпелі қазақтардың жазу-сызудың болмауынан, ата-бабамыздың қалай келгені туралы тарихи анық дерек жоқ». Өз өмірбаянына тоқталған қаламгер соғыс пен жетімдіктен «оқуға мұрса болмады», керісінше газеттерге мақала жазудан басталған «кәнілігімді (мамандығымды) өзгертіп жіберді» дейді. Аудандық және облыстық газеттегі қызметі Нөкістен шығарғанын, әйелінің мезгілсіз дүние салуына байланысты, анасының ақылы бойынша 1964 жылы  төрт баласын ертіп Қоңыратқа қайта көшіп келгенін, онда радионың арнаулы хабаршысы қызметін атқаратындығын айтады. Балаларының ер жеткіндігін, тұрмыс жайы Жаңа Қоңырат қаласында  екендігін баяндай келіп, шығармашылығына ауады. «1958 жылы СССР журналистер, 1960 жылы СССР жазушылар одағының мүшесімін. «Қарақалпақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері деген атақ берді.  Қарақалпақ мемлекеттік баспасынан 10 кітабым басылып шықты, 4 повесть, бір роман. Көпшілігі тарыхый деректерге негіз жазылған. Ұзақ жылдар бойына басылған очерктерім, әңгімелерім, мақала, өлеңдерім де аз емес. Анда-санда Алматы баспаларында да қысқа өлеңдерім жиілетіп көрініп қалады.

Мен шындықты жасырмай ашық айтып үрдіс еткен адаммын. Соның ушын да Сізге жұрт батылы келіп жаза алмайтын хат жазып, сауалдар бергенмін.

Мен түрік тілінде сөйлейтін халықтардың өмірін білуге өте қызығамын. Қыпшақтарды моңғолдар қиратқан соң, Алтын Орда хандығы майда хандықтарға бөлініп, содан ноғай, өзбек, қазақ қалықтары келіп шыққан. Бұны мен бір мұнша білемін. Ал біздегі көптеген оқыған азаматтар бұны білмейді. Кейде қонақтарда болғанда осы жөнінде тартыстар да болып қалады...».

Сыни ойлауға құрылған хат жолдарынан 1970-80 жылдардағы Қазақстанда ғана емес, шекара сыртындағы қазақтар арасындағы ұлттық тарих мен мәдениетке деген құлшыныс ілтипатын анық байқауға болады. Оның басты қозғаушы күші академик Рымғали Нұрғалиев бағалаған  «қазақ әдебиетінің алтын ғасырының» құнды туындаларының әсері екендігі белгілі. Хат жағдай сұрасуға емес, таза пікір алмасу төңірегіндегі «әңгімеден» өгей тілдік ортадағы зиялы адамның сөз саптауы, жазу стилі мен мәтіннің орфографиялық қалыбынан (хат иесі Жаңабай Сапаров 1920 ж. дүниеге келген) жазу реформаларының, орфографиялық ережелердің әсері мен басқа тілдің әсерін салмақтауға, шамалауға болады...

«Арасы өте алшақ Европа мен Орта Азияда жасап жатырған екеуімізді таныстырған, құс қанатты хаттарымыз бұдан былай да ашық аспанда еркін ұша берсін! Сіздің 1978 – жаңа жылыңыз құтты болсын. Ғылымый еңбектеріңіз Шолпан жұлдыздай жарқырап, Донай суына мөлдір сәулесін шаша берсін! 28/І. 78 Жаңабай Сапарұлы». Бұл хатына қоса Ж. Сапаров 1975 жылы түскен «сүгретим» деп шағын фотопортретін қоса жолдаған.

Хат жып-жинақы, сауатты, сыни ойға құрылған жазу машинкасына теріліп, қазақ тіліне тән лигатуралардың қаламмен белгілеген  Ж.Сапаровтың үшінші хаты 1978 ж, 23-мартында жолданған. «Қарақалпақстандағы қазақтар жөнінде бір-екі ауыз сөз» деген тақырып қойылған хат «Қазақ халқының өз алдына ұлт болып қаліптескеніне быйыл 543 жыл болыпты» деп басталады. 1312 жылғы оқиғадан бастап, Алтын Орда ұлық ұлысының, Абілқайыр ұлысының ыдырауы, Жәнібек пен Керей ұлысының бөлінуі, Темір ұлысы сияқты жайттарды айта отырып, олардың арасындағы дифференциация мен этникалық үрдіс нәтижесінде дербес ұлттар қалыптасқаны жайында шолумен жалғастырады. Хаттың 3-парағында «Құрметті Қоңыр, осы хатымның басын «Қарақалпақстандағы қазақтар жөнінде бір-екі ауыз сөз» деп бастаған едім ғой. Бұл Сіздің сұрауыңызға байланысты айтылмақшы еді. Бұрыңғы ата-бабаларымыздың тарыхына құнығып кеткендіктен болуы керек,саған кеңнен түсіндірмек болып, ғасырлар құпиясына беріліп кетіп, сөзді үлкейтіп алдым» дей отырып, ары қарай қазақ этникалық құрылымын шола отырып, «... біздер тұрған Жетірудың табын тайпасы өкілдері өте көп. Олар Табынның Адым, Қаражон, Жалпақтыл, Нұрке, Көжірек, Қоңыр, Тоқал, Сағыр, Екібас, Жолый, Майлыбай рулары. Бұлар Кегейлі, Хожаелі, тіпте Қарақалпақстанның астанасы Нөкісте де баршылық. Әлімдер, әсіресе Тақтакөпір, Бируни, Шоманай аудандарында тұрады...

Құрметті Қоңыр, хатыңа Қарақалпақстандағы қазақтардың ауыз және жазба әдебиеті туралы сұраған екенсіз. Революцядан бұрын біз тұрған жердегі қазақтардың өзінің жаршылары, ақындары болған. Олар қазіргі Қазақстанда айтылып жүрген ән, жыр, дастандарды айтқан, жаңа дастандар туғызған. Революциядан кейін де әзірде жыршылар, ақындар бар. Бірақ, қазақтар үшін Қарақалпақстанда өз алдына баспа, басқа да хызмет атқаратын орындар жоқ. Меніңше бұның болмауының екі себебі болыуы керек

1-Қазақтар мен қарақалпақтардың тілінің айырмашылығы шамалы. Сөйлескенде бір-бірін жақсы түсінеді. Сөз жалғауларында, айырым сөздерде өзгешелік бар. Мысалы, қазақша қыздар делінсе, қарақалпақтар қызлар дейді. Қазақ адамдар десе, қарақалпақтар адамлар дейді. Сөздегі үлкен айырмашылық кейінгі жалғау –«дар» мен –«лар»-да. Айырымы сөздер жөнінде айтсақ, қазақ және десе, қарақалпақтар хәм дейді. Қазақ «Е» десе, қарақалпақтар «хауа» дейді. Айырым осындай сөздердің айырмашылығы болмаса, көпшілік айтылатын сөзіміздің айырмашылығы шамалы. Ал «Баратын, келетін, жүретін» деген сөздер қарақалпақтар«Баратуғын, келетуғын, жүретығын» болып айтылады. Мен жіберген кітаптарды оқысаңыз, осылай, қарақалпақша жазғанмын.

2-Союздық республика қазақта бар болғандықтан, басқа облыстардағы аз санды ұлтта үшін тіл айырмашылығы жағынан баспа, болмаса басқа да қоғамдық орындарды құра берудің керегі болмаған шығар деп ойлаймын., Қарақалпақ АССР-ы Өзбекстанға қарасты. Ал Қарақалпақстандағы өзбектер қазақтардан да көп. Бірақ олардың өз алдына әдеби үйірмелері, мекемелері жоқ. Ал мәдени орталықтар аудандарда, колхоз, совхоздарда бар».

Сапаров хаты  автордың өзіндік ұстанымдарына қоса ішкі мәдениетін анық байқатады. Әсіресе, Қоңырға өзінің байырғы бір сырласындай тарих пен саясатқа деген көзқарасы да бүкпесіз баяндалған.

«Қадірменді оқымысты інім Қоңыр, осы хатта менің ойыма түскен тарыхый құбылыстарды ізбе-ізділікпен жазып отырмын. Міне менің ойыма және бір қызық уақия түсті» деп отырып, 1974 ж. Жазушылар одағының жолдамасымен Кавказияда тағы екі жерлес әріптесімен бірге барған кезіндегі түркі тілдес қаламгерлермен болған оқиғаға  тоқталады.  «...татар ақыны Мұстапа Нұғман мен башқұрт ақыны Марат Керимов «қазақ, өзбек халқының қайдан шыққаны жөнінде сұрау тастады ортаға. Осыны көпшілік жазушылар білмейді екен. Мен өзбек пен қазақ халқы ежелден туыс екенін айтқанымда, менімен бірге келген Қабыл Мақсетов менің сөзімді қабылдамай, «біз өзбектер Орта Азияда мың жылдан бері бармыз» – деп қарсылық көрсетті. Сен, өз сөзімде тұрып, толық дәлелдеп бердім. Осыдан үлкен тартыс болды, ақырында мен жеңіп шықтым. Бұны мене неге айтып отырмын? Біздегі әдебиетшілер өз ата-бабаларының қайдан шыққанын толық білмейді екен. Меніңше әдебиет зерттеушілері алдымен сол халықтың дүниеге келіп шығыу тарыхын терең білуі керек.  Татар жазыушылары да өз ата-бабаларының қайдан келіп шыққанын білмеді. Мен оларға былай деп жауап бердім: айбарлы Шыңғысқанды туған маңғол халқы ХІІІ ғасырға дейін маңғол деп аталмаған. Ол кезде Монғулистанда жасаушы екі ірі тайпа болған. Олар татар, найман деп аталған. Қазіргі Татарстандағы тайпалар осы тайпалардан шыққан. Уақыт, дәуір, жер шәрияты татарлардың түрін, тілін, үрдіс әдетін өзгертіп жіберген». Хат соңында «қазақ» этнонимі туралы пікірін айта отырып, «бізбен туысқан қарақалпақ халқының дүниеге келіп шығыуы өз алдына бір дастан, Оныда білгенімше кейін жазып жіберермін. Әзірше, бұл хатымды осымен айақтаймын» деп түйіндейді.

Cапаров пен Қоңыр арасындағы хат арқылы басталған таныстық пен сыйластық тың сипатта өрбігендігі байқалады.

«Ассалаумағалейкум, ардагер аға! Сіздің наурыздың 23-де және көкек айының 11-де жазған  хаттарыңызбан бірге маған арнайы Қарақалпақстандағы өмір сүруші қазақтардың тарихы туралы жазған тобықтай түйімді әңгімеңізді тағы үш кітабыңыз бен өлеңдеріңізді Түркияда болған 40 күн ішінде сапарымнан қайта оралып, отаныма келгенде бәрін біржола алып, қуанғанымнан төбем көкке жеткендей болды», – деп бастайды Мандоки Қоңыр жауап хатын. Ары қарай Түркияға ресми жұмыспен барғанын баяндайды. «Істанбұл қаласында болған халықаралық кәсіпшілер одағының мәжілісімен   бірге, бұл  отанда  жаңадан  жалындай қаулаған түркі коммунистік және социалистік партияларының  хатшыларымен біздің отанмен алдағы уақытта ұйымдастырылатын болып, кәсіптік жағынан кеңес болды. Мен оларға түрік тілінен мажаршаға, мажар тілінен түрікшеге сөздерін аударып, тілмаштық істедім. Және мамыр мерекесін де Істанбұлда өткіздім. Бұндағы уақыттарымды үнемі даяшылық өткізген себепті уақытым аз, жұмысым өте көп болды», – дей отырып, белгілі жайттарға байланысты хат жазбағы жөн деп шешкенін тілге тиек етеді. Ары қарай нақты пікір алу мәселесіне өтеді: «Сіздің маған да тұжырымды да, тиянақты жазған Қарақалпақстанда өмір сүрген қазақтар туралы әңгімелеріңіз өте ұнады. Тілегіңіз бойынша мен қазақ тілін үйренген бас себебімді қысқа түрде құлақтандыра кетейін.  Біздің ұлы ата-бабамыз жарықтықтар аңғаусызда болып асыл ана тілімізді  ұмытқаннан кейін бір-біріне олар  шер ретінде аңыз, әңгімелерге айналдырған еді. Осы бір атадан ұлға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса түскен арызды менің де құлағыма марқұм әкеміз сіңірген еді. Ес біліп, етек жаба келе алды-артымды ойлағаннан кейін  бұл міндетті орындау жолында сәтті-сәтсіз көптеген жұмыстарды істегеннен кейін біздің ұлы ана тіліміз болушы немесе ең жақын тіліміз қазақ тілін таңдап алып үйренген едік. Әрине, үйрену жолында біздің өмір сүретін ортамызға байланысты қағаз түрінде өзімді сусындырғаннан кейін бүгінгі қазақтар өмір сүретін отандарымен байланыс жасап, көп жерде қонақта болып іс жүзінде де ары қарай байытып жатырмын».

Сапаровтың Қоңырға  бесінші хаты  1978 ж. 3-шілде  жазылған екен.

 

Қорытынды

Мандоки Қоңырдың эпистолярлық мұрасынан байқалатыны, оларды мазмұны мен сипатына қарай  шартты түрде үлкен екі топқа бөлуге болады: бірісі және ауқымды бөлігі –  өмір ағымы мен үй ішіне, жеке басына қатысты жайлар сөз етілген шартты түрде «тұрмыстық сипаттағы хаттар», ал аз ғана бөлігін құрайтын, ғылыми-біліми мәселелер мен азаматтық мұрат жолындағы ой-аңсары сипатталған хаттар. Сапаровпен арадағы хаттарды екінші топқа жатқызуға болады (өзін таныстыру бөлігінен басқасын).

Қоңырдың хат мәтіні стиліне қазақ әдеби тіліндегі, әсіресе сол замандағы роман мен публицистикаға ортақ, көбіне ұзын, аралас, сабақтас құрмалас сөйлем құрылысын ұзақ құру сипаты тән. Екіншіден, бұл қазақша мәтіндерден мажар публицистикалық, ғылыми қою стилінің ықпалын, логикалық реті байқалады.   Сөз  арасында,  әдеби  стилден көрі күнделікті сөз  қолданысына тән тіркестер сөз орамдары да кездесіп отырады. Бұл Мандоки Қоңырдың полиглоттығы мен басқа түркі тілдерінің ықпалынан  болуы немесе Мажарстан университеттерінде оқыған  моңғолиялық қазақтардың  (өзі бір хатында Едіге Төлетайұлының есімін атайды) сөйлеспелі тілінің әсері де болуы ықтимал.

Қоңыр зерттеулерінің басты миссиясына айналған «Мажарстандағы қыпшақ тілінің реликтерін жинақтай отырып, қазіргі тілі қыпшақ тілдерімен салыстыра сараптай отырып, көне тілдік ескерткіштерге реконструкция жасау» ісін еңсеру жолында  Дунайдың төменгі сағасындағы Добружа ноғайлары, Анадолыдағы іздері, Теріскей Кавказды бойлай, Еділ бойы, Орта Азия, Алтайға дейінгі аралалықтағы түркі тілдерінің қыпшақ бұтағының ауыз әдебиеті үлгілері  (халық әндері, аңыз, әпсана, мақал-мәтел), диалектологиялық еңбектерге ерекше ден қойып зерттеді. Себебі, тілдік реконструкцияның басты құралы этимологиялық талдаудың ұрымтал тетігі (зацепка) архаизмдер мен этнографизмдер, түрлі паремалық қолданыстағы дүниенің реалды бейнесі, көне архаикалық, мифтік дүниетаным элементтері мен архаизмдер аталған тілдік қазыналарда бұғып жататындығын, тек оның кілтін (кодын) тауып, мәдени және тілдік тұрпатын  анықтауға мүмкіндік жасайтындығын Мандоки Қоңыр 1969 жылы қорғалған университет докторлығы (PhD) диссертациясында методологиялық және деректік арқау еткендігі белгілі. Тақырыбы  «Добружа татарларының тілдік зерттеулері» (ол туралы толығырақ: «Үзілмес арналар» жинағы Халықаралық Түркі академиясы. 2020 жылғы басылымда).

Хаттарында Мандоки Қоңыр өмір мен саясатқа, тарихқа, әсіресе, сол тұстағы әлеуметтік тілдік ахуалға деген деген көзқарасын бүкпесіз, батыл түрде ақтарыла айтады. Мұндай жайттар Қоңырдың хаттарынан көрі, үлкен аудиторияларда (университет студенттерімен кездесуде), әсіресе газет пен радиоға берген сұқбаттарында жете айтылған.

Ескерту: Хат авторларының мәтіні сол күйінде жарияланып отыр.

12992 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы