• Руханият
  • 30 Маусым, 2022

ЖЫРАУЛЫҚ ПЕН БАТЫРЛЫҚ ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАСИЕТ

Сыр бойы – жыраулық өнердің үлкен тамыр жайған өңірі. Бірнеше күн бойы жыраулардың өнерін тамашалаған Кене хан олардың арасынан жырын қобызымен айтқан арқалы Нысанбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала кетеді. Біздің түсінігімізше, жырау хан қосынына оның Жетісуға бет алған кезеңінде қосылған болу керек. Өйткені, оның шығармашылығы да басым түрде Кене хан тарихының осы кезеңін ғана баяндайды. Міне, бұл тарихи деректерге қарағанда, Нысанбай жыраудың Кенесарыны дәріптеуі осындай таныстықтан достыққа ұласқан деп қарауға болады. Одан кейін өзімен бірге Жетісуға алып кетуі де біраз дүниені аңғартады. Бұл дегеніміз – сенімді серіктерінің біріне айналды дегенмен пара-пар. «Жырау Кенесары мен Наурызбайға байланысты баянын ә дегенде-ақ Абылай хан ұрпағының саяси ұстанымына байланысты өз көзқарасын білдіруден бастайды. Бұл әулетті ол қазақтың жері мен елінің тұтастығы және тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен әулет болғандығы үшін құрмет тұтатындығын анық білдіреді. Жыраудың түсінігінде Кенесары сияқты мемлекетшіл тұлға ел қорғаны, ал оның қызметі – ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе  «жапалақтан  сескенген жалғыз қазға» теңейді». Тарихшы М. Қойгелдиев осы мақаласында жырды тарихи шындық тұрғысынан дәлелдеуге тырысты деп айтуымызға толық негіз бар. Өйткені, мұнда тарихи фактілер көптеп баяндалады. XIX ғасырда Кенесары қол жинамақ мақсатпен қазақ даласының түпкір-түпкірін аралады. Міндетті түрде жүрген, барған, басып өткен аймақтарында белгілі батырлар мен көреген, білікті адамдарды жанына топтады. Тарихи деректерден Сыр бойы қазақтарының да қазақтың соңғы ханына барынша қолдан келгенінше көмегін жасағанын білеміз. Сонымен қатар, зерттеуші Р.С.Кареновтың «Нысанбай жырау – «Кенесары-Наурызбай» дастанының туындыгері, қазақ тарихының аса көрнекті тұлғаларының бірі» атты мақаласын мәлімет ретінде қосуды жөн санадық. Онда: «Нысанбай жырау Кенесары әскері жеңіліске ұшыраған тұста Кенесары Наурызбаймен бірге жау қолына түседі. Бұл оқиға туралы орыс зерттеушісі Я.Палферов былай деп баяндаған: «Кенет шатқал тыныштығын домбыра үні бұзды, оған қоса «е..е..Алла...» деп алып басталған қайғылы, жан түршіктірер, Нысанбайдың сол жерде шығарған жоқтау өлеңі басталды: Еркін жел бүгін тынықсын, Ақындар əнін ұмытсын. Ерке ұлын іздеп жоқтаған, Туған жер зары естілсін. От тиген қалың ағаштай, жалындап кетті-ау, Кенекем. Жоқтау ұзақ, қайғылы түрде айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап, кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барады. Зар жылаған домбыра үні барлық дүниені булықтырады. Тыңдаушылардың қара торы жүзін жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп қояды. Бүкіл табиғат осы жұбатуға болмайтын әнмен бірге жылап тұрған сияқты». Мәтіннің сюжеті бойынша, Нысанбай жырау Кенесары мен Наурызбайдың жау қолына түсіп қалғандығын жырлап бастайды. Жырдың соңында фольклор ғылымындағы «жоқтау» жанры көрініс табады. Бұнда Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырындағы жоқтауы ең әйгілі һәм осы күнге дейін ел есінде сақталған ескі нұсқасы деуге болатындай. «Фольклордағы Кенесары – халықтың «әділ де, мінсіз патша» туралы образы. Оның бойында ханда болуға тиісті ізгілікті қасиеттің бәрі жинақталған, халық қиялындағы, ел арманындағы ханның бейнесі көрініс тапқан». Осы «Тәуелсіздік және фольклор» кітабында Хан Кененің батырлық пен елжандылық бейнесін ашып көрсетеді. Негізі біздің түсінігімізде, жалпы, фольклорда не тарихи деректерде болсын, соңғы ханымыз туралы біраз тарихи дерек бар. Бір таңғаларлық дүние, нақты деректер бойынша да фольклордағы сюжеттік мәтіндер бойынша да оқиға желісі бір. Аса бір тарихи шындық пен фольклорлық мәтіндерде бір-біріне қарсы келетін тұстары жоқ. Бұл арада академик, фольклортанушы С. Қасқабасов пен тарихшы                   М. Қойгелдиевтің айтпақ ойы бір екендігі. Ол ой қандай? Әрине, екі ғалымның зерттеу нысаны қиял ғажайыптан шыққан кейіпкер емес, керісінше, өмірде болған нақты тұлға. Аталған жер-су аттары да шынайы өмірде бар. Факт. Жырдағы айтылған оқиғалар да, көтерілістер де, шапқыншылықтар да тарихта болған. Демек, бұл арада бір ғана айырмашылық бар. Мазмұн – бір. Бірақ ғалымдардың әрқайсысы өз саласы бойынша зерттеу объектісін екі түрлі қарастырады. Бірінің қарастырып отырған бағыты – фольклор.  Екіншісі тарихи бағыт ұстаған. Қайталап айта кетейік, сала сан түрлі болғанмен, тарихи шындық біреу ғана. Қорыта айтқанда, қазақ халқы өзінің бай тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, этнографиялық бай мұрасымен ерекшеленіп, ол қазіргі кезге дейін өзінің қаймағын бұзбай келеді. Соның нәтижесінде қазақтың да өзіндік тарихы қалыптасты. «Кенесары-Наурызбай» жырын зерттей келе, көптеген дүниелермен таныс болдық. Біразын қарадық, оқыдық. Дегенмен, алда әлі де зерттейтін материалдар көп. Сонымен қатар, ел үшін етігімен қан кешкен дара тұлғалар үшін XIX ғасыр арпалыс һәм жанталас ғасыры болғаны анық. Жан-жақтан анталаған жау. Шалт кетсең, шап берейін деп тұр. Біздің ешкіммен бөлісе алмайтын еншіміз болған емес. Әйткенмен, кең даланы көре алмай, ел ішіне алауыздық тудырғысы келетіндер аз болмады. Қазақ халқының бар болу немесе жоқ боп кету қаупі туғанда, біздің ерлер қарап жатпады. Ақ білектің күші мен ақ найза ұшымен ұлан-ғайыр атырапты аман сақтап қалды. Түнде ұйқы көрмеді, күндіз күлмеді.

Жоғарыда біраз тарихты көрсетуге тырыстық. Онда батырлардың ерлігі мен оны халыққа паш ете білген жырауларды да ғылыми мақаламызға тұздық еттік. Өйткені, сол жыраулар арқасында бүгінгі ұрпақ өз ата-бабаларының туған ел үшін аянбай ерлік көрсеткенін білуде. Міне, мақаланың негізгі айтпақ ойы да, қорытындыламақ тұжырымы да жырдың шынайы өмірде болғанын айтып жеткізу болатын. Біз тарихи шындықтың бір парасын ғана айттық. Қалғаны болашақтың еншісінде!

Олжас ЖОЛДЫБАЙ,

Гуманитарлық  ғылым магистрі.

2158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы