• Cұхбаттар
  • 29 Маусым, 2022

ЖЕЛТОҚСАН ҚАСІРЕТІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Әлімжан Аймбеков,
суретші

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылы А.Байтұрсынұлы мектебінің бейнелеу пәні мұғалімі, суретші, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген мұғалімдер арасындағы сурет байқауының жеңімпазы Әлімжан Аймбеков Аманкелдіұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

–  Суретшілік – бұл көп иелене бермейтін сырлы өнер. Алғашқы сауалымызды сіздің осы өнер жолына қалай келгеніңізден бастасақ.

– Кішкентайымнан өнерге құмар едім. Жалпы, бұл өнер әкемнен дарыған сияқты, өйткені әкем шебер суретші еді, өзі математик болды. Әкем: «Жақсы маман болар едім, кезінде оқымадым. Сен оқы, мен істемеген жұмысты сен істе», – дейін. Көркемсурет мектебіне бардым. Ол жерде 4 жыл оқып, Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы Көркемсурет училищесіне түстім. Оны ары қарай дамытып, жұмысқа кірістім. Сол кезден түрлі суреттер, оның ішінде тарихи суреттер де салдым. Көбінесе пейзажды, табиғатты салғанды жақсы көремін. Табиғат аясына балаларды алып шығып, өзім отырып табиғатты салғаннан рахаттанатынмын.

– Өзіңіз бірнеше Республикалық, облыстық деңгейдегі көрмелерге қатысқан екенсіз. Сол көрмелерде қандай туындыларыңызды таныс-тырдыңыз?

– Әлі де Республикалық көрмелерге қатысып жүрмін. Суретшілер одағының мүшесімін. «Әулиеата бояулары» деген Тараз қаласында үлкен бір симпозиум болған, оған қатысып, сол жердегі табиғат көріністеріне арналған «Тау бөктерінде»,  «Көгершін тауы» деген суреттерімді қойдым. Жұмысым жақсы бағаланды. Қазірде «Әулиеата бояулары» ұйымының мүшесімін, Болат Құсайынов деген азаматпен бірге жұмыс істеп келеміз.

– Шығармашылық саласында жүрген сіздер үшін шабыт маңызды рөл атқарады. Қандай да бір туындыны жарыққа шығарарда идеяны қайдан аласыз?

– Идея мен образ – жаттанды дүние емес, бұл өзіңіз айтпақшы шабыт қой. Ойланып, бітпей жүрген жұмыстар болса шабыт өзі келуі мүмкін. Өзіміздің Құлан ауылында «Дулат баба» деген өте керемет кесене салынды. 5-6 күн жүріп жаңағы кесенені көрсем де, мән беріп қарамаған сияқтымын. Бір күні тұсынан өтіп бара жатсам, жаңағы кесене жарқырап, жанып тұрған сияқты көрінді. Тоқтай қалып, қызығып қарадым. Көлігімде қағаз бен қалам ұдайы жүреді, отыра қалып сызбасын келтіріп алдым. Үйге барып, дайындық жұмысын жасап, 2-3 күннен кейін сол жерге қайта барып, «Дулат баба» кесенесін салып шықтым. Жұмысты аяқтағанша тыным таппадым. Аяқталғаннан кейін бұл туынды өте жақсы бағаланды, үлкен көрмелерге қойылды. Кейін бір музейге сыйға тарттым. Тағы бірде жапырағы желбіреген талды көріп қаласың, болмаса үй, табиғаттың әсем тұсын байқай қалсаң, шабыт оянады. Шабыт келіп тұрғанда бір картинаны 2 сағатта бітіруім мүмкін, ал бір суреттерді жылдап саласың. Осы жақында бір суретті бастадым, бәрін тастап түнімен отырдым, әйтеуір аяқтаған сияқтымын. Бірақ кейде қосалқы жұмыстар шығып, сурет салуға уақыт жетпей қалады.

– Осы өнер саласына байланысты қандай мәселелер толғандырады?

–  Қазіргі  күні өнер деген түсініктен  мақрұм болып тұрмыз, мектепте  Бейнелеу өнері мен  музыка  пәнінің сағаты қысқарды. Бұрын осы бейнелеу өнерінің сабағы 3 сағаттан, 1,5 сағаттан берілетін. Қазір Республикалық «Көркем еңбек пән мұғалімдері» деген ұйым бар, құрамында 220-ға жуық адам бар, соның мүшесімін. Бүкіл Қазақстаннан жиналып көрме жасаймыз. Өткенде Музыка және көркем еңбек пәнінің мәселесін көтерген съезд өтті. Қазіргі министріміз осы пәндерді қайта қолға алып, сағатымызды көтеретін болды. Ал осы уақытқа дейін Бейнелеу өнеріне, қолөнерге, музыкаға шетел сияқты қатты көңіл бөле алмай келдік. Бізде сурет бағаланбайды. Өзге елдерді қарасаңыз суретші еңбегі миллиондаған  долларға сатылып жатады, ал бізде он мың теңге де сатып алмайды.

– Ахмет Байтұрсынұлының шығарма-шылығына арналған туындыларыңыз мектеп қабырғасында ілініп тұр. Сондай-ақ, мектепте балалар көрмесін ұйымдастырған екенсіз.

– Осы күнге дейін тәрбиелеген шәкірттерім жанымда жүр, бірі суретші, бірі қолөнерші. Оқуды бітіргеннен кейін бейнелеу және қолөнер саласына оқуға түскен 30 шәкіртім бар. Көбі мұғалім, Алматыда Т.Жүргенов атындағы академияда сабақ беретін оқушыларым да жеткілікті. Өзім қызмет ететін Көкдөнен ауылында да қолына қылқалам ұстап жүрген шәкірттерім баршылық. Биыл Алматыға, өнер саласына оқуға түсіруге екі оқушы дайындап жүрмін, жылда осы салаға бет бұрам деген оқушыларды дайындаймын.

Иә, Ахмет Байтұрсынұлының картиналарын салдым.  Биыл  Ахмет  атамызға  150 жыл. Ахаң жайында біраз оқыдым, қазақ еліне көп еңбегі  сіңген тұлға. Ахаң туралы салған екі картинам бар, өзіміздің  мектеп   қабырғасында     ілініп тұр. Балаларға айтып, шығармашылықтарын оқып отырып, композициясын құрып біраз суреттерді қойдық, көрмелерге де қатысамыз. Солайша Ахмет атамыздың түрмеде болғанын, өзіңнің шығармашылық жазбаларын келтіріп, жанындағы жұбайын сол жақ қабырғасына қоса салдым.  Жұбайы Ахмет атамызға демеу болып, қазағымыздың тарихы ұмытылмасын деген ниетпен жазбаларын тығып ұстаған адам. Атамыздың өмірі түрмеде өтсе де, «біз түрік тілдес халықпыз, бізді ешкім бағындыра алмайды» деп кеткен тұлға. Ахаңның өлеңдерін оқысам ерекше сезімге бөленемін. Сол суретті музейге сыйға тарттым. Кейін музей біздің мектепке деп бір бұрыш арнаған екен. Құдай бұйырса, қыркүйек айында балалармен тағы жұмыс істеп, қабырғаға атамыздың өмірбаян дерекерін бейнелейтін суреттер салып, толтырсақ па деген ниетіміз бар.

–  Өзіңіз қоғам өміріне белсене араласатын азаматсыз. Естуімізше, Желтоқсан көтерілісінің де куәгері болыпсыз. Сол кездегі оқиға сіздің көзіңізбен қалай өтті?

–  Желтоқсан оқиғасы  –  еш ұмытыл-майтын оқиға. Ол кезде 19 жастамын, үшінші курста оқимын. Шындығында бұл оқиғаның куәгері емес, қатысушысымын. Екі күн бойы алаңға шықтық. Жұбайым мен желтоқсан оқиғасының қаһарманы Ләззат Асанова екеуі музыка училищесінде бірге оқып, бір бөлмеде тұрған жан құрбылар болған еді. Менің Ләззат Асановаға арнап салған портретім де бар. Біз сол уақытта алаңға шығып, еліміздің егемендігіне титтей де болсын үлес қостық деп ойлаймын. Ауданымызда желтоқсан ардагерлері деген ұйым ашылып, қазір сол ұйымның мүшесімін, ұйымның директор орынбасарымын. Ұйым директоры тарихшы. Қатарымызда 32 адам бар. Тарихшыларға, қазақ тілінің ұстаздарына желтоқсан оқиғасының сабағын айтып, оқушыларға түсіндіреміз. Аудандық іс-шараларға да қалмай қатысамыз.

–  Өнер – қай жерде болса да өнер. Осы өнеріңіз  бен бала күнгі арманыңыз тоғыса ма? Жалпы бас-аяғы сіз салған қанша картина, өнер туындылары бар?

– Отбасымызбен өнер адамдарымыз. Келіншегім – домбырашы. Домбырадан сабақ береді. Чайковский атындағы училищені бітірген. Екі қызым да өнерлі. Біреуі дизайнерлік саланың маманы, екіншісі домбырашы. 100 шақты картина салыппын.Кейбірін сыйға тартамын, кейбірі сатылып кетеді.

Бала күнімнен суретші боламын деп армандадым, мақсат қойдым, әлі сол арман-мақсатпен келе жатырмын. Суретшілікті тастаған емеспін. Сурет салсам шабыттанамын. Картина салып біткеннен кейін жанымдағы әріптестерімнен, достарымнан пікір күтемін. Маған олардың баға бергені, сын айтқаны ұнайды.

–  Кез келген туынды жүрегіңізден шыққан дүние ғой, сол сияқты өз суреттеріңізді сатқан кезде немесе сыйға тартсаңыз қимай қалмайсыз ба?

– Шабыт келгендегі салған суретімді екінші қайтара сала алмаймын. Әлі күнге дейін бітпей тұрған 2-3 суретім бар. Оларға шамамен 2 жыл болды. Сатуға арналған арнайы суреттер болады. Оларды «көшірме суреттер» дейміз. Көшірме суреттерді сатуға болады. Кейде сатылып кеткен өзімнің суреттерімді басқа атпен көрмелерде кездестіремін. Енді оны сатылғаннан кейін менікі дей алмаймын. Бірақ оған ешқашан өкінген емеспін.

– Тағылымы терең әңгіме болды, аға. Сүбелі сұхбатыңыз үшін көп рақмет!

–  Сізге де рақмет!

Сұхбаттасқан

Анел Сыдықбек,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-ші курс студенті

12618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы