• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2022

«Бір күй бар домбырамда тартылмаған...»

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Сондықтан домбыра әр қазақтың үйінің төрінде ілулі тұрады. Соңғы жылдары киелі аспапты мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарының біріне айналдыруға баса мән берілуде. Мұның нақты бір мысалы – ұлттық домбыра күнінің бекітілуі. Ұлттық домбыра күнін биыл қазақстандықтар бесінші рет атап өтеді.

Қадыр Мырза Әлидің «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек. Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын ескерсек, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болады. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі де ұлттық аспабымыздың қазақ өмірінде қаншалықты маңызды екендігін айқындай түседі.

2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Бұл жағымды жаңалық әр қазақтың жүрегін елжіретіп, жанын жадыратты. Жыл сайын аталып өтетін мерекенің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты. Жалпы, Ұлттық домбыра күнінің мерекеге айналуы – көнеден жеткен асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға берілген лайықты баға. Бұл күн қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыруды мақсат етеді.

 Ұлттық домбыра күні мереке ретінде аталып өте бастағаннан-ақ халық санасына тез сіңіп, ең бір айтулы күнге айналып шыға келді. Бес жыл ішінде қазақ даласының әр түкпірінде қасиетті аспапқа арналған ескеркіштер мүсіндер бой көтеріп үлгерді.  Тіпті, домбыраны мектепке пән ретінде енгізу ұсыныстары ең биік мінберлерден айтылып жүр. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған шарада сөз сөйлеп, тың идея айтқан болатын. «Бұл рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек», – деген еді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналатындықтан және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы болғандықтан, бұл ұлттық өнерді кеңірек насихаттауға шақырған еді. Ұлттық домбыра күні – соның айғағы. Барша халық осы шуақты мерекені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалар бастаған күйшілік дәстүрді еліміздің дарынды жастары жалғастырып келеді. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық домбыра күні бекітілген алғашқы жылы айтулы мереке ерекше деңгейде өткен болатын. Елордадағы «Қазақ елі» монументінің алдында 2 мың домбырашыдан тұратын оркестр күмбірлете күй тартып, құлақ құрышын қандырғаны есте. Мерекелік концертке қатысушының ең үлкені 70-те болса, ең кішісі – 7 жаста. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы, «Сарыарқа» халық музыка ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі музыка ансамблі секілді кәсіби музыканттар да қатысты. Орындаушылардың арасында белгілі тұлғалардан күйші Арман Жүдебаев, Батыржан Мықтыбаев, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші Нұрғиса Дәуешов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров өз өнерін ортаға салған еді.

Бұл күні тек кәсіби күйшілер үшін ғана емес әуесқой домбырашылар да көпшілік алдында өнер көрсетуге мүмкіндік алып жүр. Мұндай шара дәстүрге айналып, әр жыл сайын Ұлттық домбыра күнінде жалғасын табатыны анық. Қазақтың жан серігіне айналған домбыра күні бекітілгеннен бастап дәстүрге айналған тағы бір тамаша бастама бар. Яғни, қазақтың ұлттық аспабын насихаттау мақсатында әр жыл сайын Ұлттық домбыра күнінде дүниеге келген сәбилерге қос ішекті домбыра сыйға тартылып жүр. Бұл қолға алынған шаралардың басы ғана. Домбыра күнінің белгіленуі өнерге және өнерді сүйетін халқымызға жасалған құрмет деуге әбден болады.

Қалың бұқараның басынан өткен қуанышты сәт те, қайғылы кезең де домбыра үнімен қабысып, шанағынан күй болып төгілді. Қазақтың көңіл-күйінің тылсым табиғатпен байланысын, көкірегіндегі мұңын дәл осы домбыра мен қобыздан анық естуге болады. Үн арқылы ұғысқан, күй арқылы табысқан көшпелі жұрттың домбыраға деген құрметі, махаббаты ерекше. Ұлттық жаңғыру, ұлттың рухани кодын сақтау сияқты қастерлі сөздердің бір ұшы мәдениетке, оның ішінде ұлттық музыкаға тікелей қатысты. Сондықтан ата-бабадан мирас болып келе жатқан өнерді байытып, кертолғау күйді жаңғырта түсу керек. Қазақтың күй өнері сыбызғы, қобыз, домбыра, шаңқобыз аспаптары арқылы дамыған. Осы аспапқа арналған күйлер біздің дәуірімізге жетіп, 2014 жылы қазақтың қастерлі киіз үйі мен дәстүрлі күй өнерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі де ұлтымыз үшін лайықты мәртебе болды. Бұл – біздің төл өнерге деген үлкен құрмет, ұлт мерейі әлемдік деңгейге көтерілгенінің бір парасы.

2020 жылы Ұлттық домбыра күнімен қазақстандықтарды құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық аспабымыздың әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан тұтатынын жеткізген еді. «Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері қашанда әнмен әрленіп, күймен көмкерілген. Халқымыздың төл өнерін төрімізден түспеген домбырасыз елестету мүмкін емес. Біз ұлттық аспабымыздың бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз», – деді Қазақстан Президенті.

Әміре Қашаубаев ең алғаш қазақтың қасиетті домбырасын қолына алып, Париж төрінде ән салғаны әмбеге аян. Сондықтан ұлттық мәдениетімізді әлемге асқақтататын қасиетті аспаптың ұлықталуы заңдылық.

3597 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы