• Руханият
  • 20 Мамыр, 2022

“Сегізаяқ” – АБАЙ, АХМЕТ һәм МАҒЖАН

Дидар АМАНТАЙ

Өнер қуған қазақ баласы арасында әлімсақтан Абайға еліктеушілер көп. Ахаңның “Жиған-терген” атты терең ойлы өлеңі мазмұн һәм форма тұрғысынан Абайдың атақты “Сегізаяғына” қатты ұқсайды. Жалпы, Ахаң лирикалық тақырыптарға тұрақты қызығушылық танытып, табиғат жыршысы ретінде үйіп-төгіп толайым жыр-өлең жазған адам емес, ақындық жолды қуғаны да шамалы, алдына ақындық мақсат қоймаған да тәрізді. Ізденсе, әрине, үлкен ақын шығар еді. Бірақ, өнерден тыс, көркем шығармашылық сыртында, Ахаң атқаратын басқа да жұмыстары көп еді, оны қазақтың қор боп жатқан, көп ғасырдан бері қордаланып жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық проблемалары күтіп тұрды. Бәрі – күйіп тұрған мәселелер. Әрі ұлт мұраты, халық мүддесі үшін саясатпен айналысуына тура келді. Қазақ түсінсін деген ниетпен Патша заңдарын аударды, Думада дәнекер жұрт арқылы қазақ мәселесін көтерді. “Ақыл алтау, ой жетеу болды”.

Оюын ойып,

Орындап қойып,

Түр салғандай өрнекке,

Қиыннан қиып,

Қиырдан жиып,

Құрап, сөзді термекке,

Еңбекке егіз тіл мен жақ,

Ерінбесең, сөйлеп бақ!

Әр ақынның өз “Сегізаяғы” бар. “Сегізаяқты” бәрі жазып көрді: Ахмет, Шәһкерім, Мағжан, Бернияз, Сұлтанмахмұт... Бірақ, көбісі формалық ізденістерден ары аса алған жоқ.

Төменде Берниаз Күлеевтің “Жазғы дала” деген өлеңінен үзінді келтіріп отырмыз.

Жайнаған дала,

Ойнаған бала,

Жайылған малмен жабулы.

Керілген көкте,

Қаңқылдар текке,

Қаз, қу, тырна ағулы.

Бала мен мал – жер жаны,

Көктің сәні – құс әні.

Көк шықты қарғып,

Көк орай шалғып,

Боз, бетеге бәрі бар.

Қызғалдақ, қына,

Жоңырышқа, жуа,

Түр-түрімен табылар.

Жан жайланып исінен,

Кеткің келмес ішінен.

Күлімдеп, жайнап,

Жанданып, жайрап,

Бәйшешектер бас иеді.

Жел жүрсе, жылжып,

Гүл біткен құлбып,

Көрінеді қасиет.

Жалынды жүрек, жанды жас,

Көкірегіңді гүлге бас.

Көп талапкер Абай үлгісін жақсы түсінгенмен, қалыбын, өлшемін қайталады да қойды. Оны жазу үшін форманы кемелдендіріп, жанрды игеру аз еді. Егер халқының белшеден батқан азап-мехнатын өз басының жеке қайғысындай көріп, бейнет кешпеген болса, онда бәрі бос нәрсе. Құр әурешілік. “Сегізаяқ’ – жанашыр тұлғаның, дегдар өнерпаздың, шын қайраткердің мінбері. Әрі белсенді, әрі беделді. Азалы, азапты үн алаңы. Шындықтың тұғыры.

Абайдан кейін “Сегізаяқты” көсіліп, мөлдіретіп жазған, шыққан шыңын бағындырмаса да, жеткен биігіне жедеқабыл қалам сілтегендердің бірі де бірегейі – Ахаң!

Келген соң бері,

Кейінгілері

Болды құмар шекпенге –

Өгіздей өрге,

Өткелсіз жерге

Күнде айдап жеккенге.

Бір күн тойса есектер,

Ми жоқ алдын есептер.

“Сегізаяқтан” – Абай нұсқасында да, Ахмет үлгісінде де – қара орман халықтың, қалың ұйқыда жатқан қарға тамырлы қаймана қазақтың қат-қабат қайғысы көрінеді. Бұл жыр елдің мұң-мұқтажын күн тәртібіне көтереді. “Сегізаяқ” – ұзақ та, ұлы өлең. Тынысы кең шығарма. Бұл жай сыршыл туынды ғана емес. Тұтас бір дәуірдің дүбірі, арманына асыға қол созған жас ұлттың жан дауысы. Әрі зор қасіреті. Ұлы даланы иемденіп, ен жайлап жүрген ұлыстың тарихи драмасы. Кешегінің дабысы, бүгінгінің дабылы. Кішігірім гимн. Шын мәнісінде, шағын шығарма, салыстырмалы немесе шартты айтқанда, алып эпосты бес-алты бет көлемге оңай сыйғызып тұр. Жыр момын не жасық емес, жасындай қаһарлы, қара нөсердей әлеуетті. Әсілі, азап-мехнатпен қатар қуанышқа да жол береді, келешектен үміт күтеді. Шынында да, әр ғасырда – әрі көп, әрі ұзақ ұйықтаған сан халықтың ішінен біреуі оянады. Бірінен – бір тұлға бас көтереді. Төңірегіне қарайды, жан-жағын шолады. Өз хақын, құқығын түсінеді. Көзі ашылады, көкірегі оянады, санасы жаңғырады.

Қайран Алашынан, жарқын болашағынан бас тартпайды, қандай қиын-қыстау күн туса да, қабырғадан қан жауса да, ертеңгі жақсылықтан, алдағы ізгіліктен күдер үзбейді.

Ұлғайып қайғы,

Уытын жайды,

Айтпасыма болмады.

Қабағын түйіп,

Қаһарын жиып,

Жан-жақты бұлт торлады.

Жаңбыр жаумай, жауса қар,

Жұрт жұтайтын түрі бар.

Ахмет Байтұрсынұлы “Сегізаяқ” тақырыбына формасының күрделілігін біле тұра қалам тартады. Абайдан кейінгі сәтті шыққан “Сегізаяқ” осы. Әлдилеген Алашын, Ресей патшасының әміріне мүлтіксіз бағынған кіріптар халқын, ноқталы жұртын қайтсем жаңғыртамын, тығырықтан шығарамын, деп тебіренеді. Өзі амалын іздеуді көздейді, бақытын тапқысы келеді, ата салтына адал боламын, еліме қандай жағдай орнаса да еркіндік алып беремін, бабалар жүрген қасқа жолға қалайда түсіремін деп, толғанып та қояды. Бұл екі ғасырдың басында тоғысқан сан алуан көзқарас, дамудың түрлі бағыт-бағдары түйіскен аумалы-төкпелі замана жылдары еді, парагдималық үлкен өзгерістер жүріп жатқан тарихи уақиғалар, жұрт жан-жаққа бас сауғалап шашырай қашқан жолайырықтар заманы еді. Елдің үкілеген үміті, аңсаған арманы көп болатын. Осындай қауіп-қатер аралас, қарбалас, қапылыс кезеңде Ресей құрамындағы ұлтын қайтіп құтқарамын, дауылдан аман-есен алып қаламын деп жанталасады. Мәскеу, Петербор және тағы да басқа ірі қалаларда саяси күрес шиелене түскен кез. Екіұдай заманда қазақ тағдырын, жауапкершілігін өз мойнына жүктеуді көксеген ұлт көсемдері ең әуелі халқына білім беруді көздеген еді.

Ұйқышыл жұртты

Түксиген мұртты

Обыр обып, сорып тұр.

Түн етіп күнін,

Көрсетпей мінін,

Оятқызбай қорып тұр.

Обыр болса қамқорың,

Қайнағаны сол сорың!

Соры қайнаған халқына қол ұшын созған қайраткер топ үкімет құрып үлгерсе де екі жүзді саясат ұстанған совет үкіметіне қарсы күресе алмады. Адалдықты аярлық жеңді.

Оянған ерге

Ұмтылған жерде

Еруші аз, серік кем.

Қас білген досты,

Дос білген қасты,

Мұндай елді көріп пе ең?

Қыс ішінде бірер қаз

Келгенменен, қайда жаз?!

Қазір “Сегізаяқ” жазылмайды. Жұрттың іздегені жеңіл өлең, анық ой, поэзиядан күрделі, күңгірт контекстер жоғалды, елдік мәселелерді кейін шегіндіріп, сүйген жардың сұлулығын шебер бейнелеген, мөлдір сезімін, тұнық жанарын жырға қосқан бейбіт өмірдің қызығы, думаны алға озды, жастың қош сезімі, қуанышы көбейіп, жорық, күрес орнына махаббат, сүйіспеншілік тақырыптары келді. Бұл қазақта қайғы-қасірет жоқ деген сөзді білдірмейді... ақындарымыздың қас талантына, қаһармандығына, қайраткерлігіне, тіпті, қаламына да көлеңке түсіре алмаймыз, қазақ поэзиясының халықтан қол үзіп, алыстап бара жатқанының бір белгісі емес пе деген сұрақ тіл ұшына орала кетеді. Бірақ, бар ақын бар уақытта бақытсыз болсын деген қағида не шарт жоқ. Әлде заман өзгерді ме? Біз түсінбейтін дәуір орнады ма?

Ұлттың ар-ожданы бұрын ақындар еді, енді кімге сүйенеміз? Меніңше, бәріне қазіргі таңда, бүгінгі күнде үлкен идеологияға айналып отырған эгоизм философиясы айыпты тәрізді.

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?!

Ахаң өзі жазған оқулықтарында азды-көпті қазақ шығармаларынан мысал келтіріп отырады. Жетпегенде немесе сәйкес, тақырыптас шығармаларды таппағанда, орыс тілінен өзі аударады. Бұл аудармашылық Абай заманынан бері келе жатқан жақсы зиялы дәстүр еді.

Басында кемеңгер Абай, ұстаз Ыбырай тәжірибелерінен басталған талпыныстар кейін Ақылбай мен Мағауия Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Сералы, Бекет Өтетілеу, Ғұмар Қараш секілді арыстарымыздың тәржімелеріне жалғасты.

Ал Ахаң кіріскен тұста жаңа аудармашылар қатарға қосылды: Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов көркем аударма ауқымы тақырып аясын кеңейтіп, Шығыс (Үндістан, Қытай, Парсы, Араб, Түрік) пен Батыс (еуропалық) елдері әдебиеттері үлгілерін, орыс классиктерінен үздік үзіктер, кейде тұтас томдарын, ұлы шығармаларын қазақ тіліне аударып, алаш руханиятын байытуға қызмет етті.

Бұл ретте жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтар аударып, қазақ техникалық ғылыми тілін қалыптастырған Қаныш Сәтбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн секілді.

Қазақтың жетекші тұлғалары бір тудың астына бірігудің жолын таптық мәселеден емес, ұлттық сипаттан көрді. Өкінішке қарай, ұлт сауатсыз еді. Ахмет, Ыбырай және тағы басқа да ағартушылар Абай сөзін басшылыққа алды. Оқу, білім, кәсіп, сосын:

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос.

Хәкім үлкен мұра қалдырды, Ахмет Байтұрсынұлы: «Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ» – деп жазды.

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған –

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең, өзің біл.

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ.

Абайдың жеке шығармашылығы – жалпы ұлт проблемаларының қайнап жатқан қазаны. Байланған түйіні. Өзі тарқатады, шешімін де өзі айтады. Әр шығармасынан ұлттық идеяның ұшқындарын байқаймыз, бәрін бір-біріне қосып көрсек, ұлт жоспарын айқындар едік. Зияткер қауым ойынша, «Қара сөздері» – тас-түйін отырған елге, мемлекетшіл қоғамға, даму барысында басшылыққа алуы тиіс, қырық бес сөзге сыйған, дайын тұжырымдамалық ұлттық жосықтар.

Абай сөзі – жалпы ұлттық ой-пайымдардың жиынтығы, халық ізденістерінің квинтэссенциясы. Гетеше айтсақ, кемеңгер тұлға – ұлт үлгісі. Елші.

3141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы