• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2022

ОЙҒА ТҮСКЕН ҮШ ОЙМАҚ

Көкбөрі Мүбәрәк,
лингивист, ақын

 

1. Адам өзгермейді, іштегі дүниесі шығады

Адам өзгермейді. Қиналғанда, тарық-қанда іштегі жақсы-жаман жасырын қылықтары сыртқа шығады. Біз соны «өзгеру» деп жүрміз.

Жақсы адам қанша азапқа түссе де, қиналғанда оның қайсар, жарқын, иманды қуаты сыртына шығып күмістей жарқырайды. Сондықтан біреуді өзгеріп кетіпті деп кінәлау басы артық іс. Ол өмірдің ішкі қағидаларын түсінбеуден келіп шыққан таным. Әдеттегі уақытта, балалық шақтың ауласында, мектепте жасөспірімдер мен өрендер күрделі қиыншылық көре қоймағандықтан, бәрі ұқсас аурамен тыныстап, бәрі адал көңіл, бала мінезді болып көрінеді. Ол кезде ішінде жасырын жатқан дүниелер сыртына шыға алмай тұрады. Сынақтар келгенде олардың тегінен келген немесе өзінде бар жақсы-жаман образдары сорпа бетіне шығып, олардың шынында кім екенін әшкерелейді.

Туғаннан ержеткенге дейінгі бала тәрбиесі қанша жақсы болғанымен, тосын қиындық келгенде адамның көбі бұзылып кетеді. Қандай жағдайда да адамды күнә мен қауіп-қатерден қорғайтын шарт-жағдай – құрсақ тәрбиесі. Құрсақ тәрбиесі дегеніміз, баланы тоғыз ай тоғыз күн көтерген ананың құрсақ көтеріп жүрген кезіндегі рухани тазалығы. Мұндай таза, иманды құрсақта тербелу мыңның біріне ғана бұйырмақ. Құрсақ тәрбиесінің бақыты бұйырған ұрпақ қанша қиыншылық келсе де өз тазалығын, жүрегінің хауіпсіздігін сақтап қала бермек. Қандай сәтте де жүрегімді сақтап қалдым мен. 

 

2.Адам бойындағы энергияның ақылдылығы

Адам бойындағы энергия көбірек болған жағдайда, бір ғана адамның спорт, музыка, әдебиет, тарих сынды сан түрлі білім мен өнерде бірдей алға шығуына үлкен мүмкіндік болады. Энергия оны бәріне жеткізетіндей болып көрінеді. Бақуатты кәсіпкер Марғұлан Сейсенбай айтпақшы, «Ең қымбат нәрсе – уақыт емес, энергия». Қанша уақытыңыз болса да, энергияңыз болмаса ештеңе жасай алмайсыз. Адам осындай мол энергиясын қайда жұмсау жайында ойланып, біз атаған салалардың біріне ден қоюы мүмкін. Бірақ энергияны өзім ұнатқан салаға бағыттап пайдаланамын деудің үнемі қисыны келе бермейді. Адам бойындағы энергияның өзіне тән ақылдылығы (өз ақылы) болады. Ол өзі қалаған бағытқа сізді сүйреп, сізден жаңаша бір кемел адам жасайды. Сіз энергияңыз асып-тасыған уақытта энергияны қай бағытта жұмсауыңыз керек екені жайындағы ақпаратты ақылды энергия өзі хабардар етеді сізге. Шабыттанған кезіңізде аю, қасқырды қолға үйретіп, тазымен бірге жетектеп жүргіңіз келуі мүмкін. Сіз шабыттанғанда санаңызда мемлекетті жаңалап құрып, даңқты таза, әділетті ел түзімін, заңын жасап жатуыңыз мүмкін. Сіз шабыттанғанда көтерілістерге бас болып, отарлықта қалған қазақ өңірлерін азат етіп, Қазақстанға қосып жатуыңыз мүмкін. Сіз шабыттанғанда әсерлі, нәзік күйлерді әлі үйрене қоймаған аспаптармен тартып, шашыңызды сілкіп жатуыңыз мүмкін. Сіз шабыттанғанда таңғажайып билерді борасындай боратып, жұлқына ілгерлеп жатуыңыз мүмкін. Ел сізге ішінен таңдай қағар. Сіз шабыттанғанда неше түрлі сайыс қимылдарын бірлестіріп, қиналғандарды құтқарып алып жатуыңыз мүмкін. Әдемі, икемді қимылдарыңызға арулар сүйсініп, сізге жымиып жақындай түсер, жүгірер. Сіз шабыттанғанда ең әсерлі дауыстармен құран оқып, тыныштықтан  ләззат алуыңыз мүмкін. Сіз шабыттанғанда түрлі спорт түрлерінен чемпион атанып жатуыңыз мүмкін. Өмірде осылардың орындалуы да әбден мүмкін. Мен сенем. Бір емес, бірнешеуін қатар меңгеруіңіз де мүмкін. Мұның бәрі энергияны орнықты үйлестіруге байланысты. Осындай асқақ қиялдан тыс, түсіңіздегі музыкаға ақындыққа, балуандыққа, сайыскерлікке, басшылыққа, ел қамын жеуге сай орналастырылған түстердің хикметі де сіздің сол салаларға тебініп кіре алатыныңыздың ишараты. Оны да ойға алыңыз. Бұл өмірде адамға барлық саланың маманы болуға мүмкіндік өте қысқа шабытты сәт арқылы беріледі. Сол сәтте соған кіріге алсаңыз, сәттіліктер мен өзінің лайықты қиыншылығы қатарласып, жолыңыз ашылып отырады. Адам бойындағы ақылды энергия әрқашан сіздің жаныңызды тербеп, рухыңызды сергітіп, баладай әлдилеп, бақытты етіп отырады. Осы асқақ, шексіз энергия тудырған қиялға алғыс айтуыңыз керек. Сізді біреулер қиялшыл,  қияли дей берсін. Керісінше, бұл өте көп адамда жоқ мүмкіндік. Қиял – біздің байлығымыз. Оны энергияның ақылды, шабытты көздері тоқтаусыз тудырып отырады. Қиялы әсем әрі құдіретті, шұғылалы адам бұл өмірден орнын таппай кетпейді. Егер, бойыңыздан қиялды алып тастаса,  сіздің өмірге деген сеніміңіз бен үмітіңіз жоғалып,  өзіңізді бос қуыршақ ретінде сезесіз. Қиялсыздық, үмітсіздік адамды суцид жасауға итермелейді. Қиялы бай, әсем, тегеурінді, энергиялы адамдардың суицид жасау қарқыны ең төменгі шекте болады. Қиялыңыз жасасын, қиялымыз жасасын, қиял бізді сақтаушы!

Адам бойындағы энергияны азайтпай, көбейтіп отыру үшін адам өте таза жүруі керек. Тақуалық, әдептілік, өнегелілік, ішімдік пен темекіден аулақ болып денені қорғау, біреуге, үкіметке алақан жаймау, физикалық жаттығулармен айналысу, психологияның беріктігі мен тыныштығын күзету, рухты әлдилеу, әділет сүйгіштік, өжеттік, ар-намыстылық энергия үстіне энергия қосып отырады. Бұлардан бет бұра бастасаңыз энергияңыз бытырап, бос қуыршаққа айналып қаласыз. Сіз өзіңізді аялаудың шеберіне айналған кезіңізде қорқу арқылы жалтаққа, әділетсіздікті көре тұра әділетін айта алмауға тап болсаңыз, қалған тұстарыңыз таза болса да, бәрібір энергияңыздың шеті сөгіледі. Сол үшін сақадай сай болыңыз!

 

3. Адам рухын өзі жасайды

Адам – киелі. Бұл әлемде адамнан киелі жаратылыс жоқ. Адамның хақысы шектен тыс күшті. Онсыз да дап-даяр рухты адамдар бар. Олардың рухты болуына тумысынан лайықты шарт-жағдай жасалған. Бұл бақыт бәріне берілмейді. Адам рухын өзі жасайды. Адамның рухын жасауда ең алғашқы естіген 10 ән, 5 күй, алғашқы оқыған 7 проза, алғашқы оқыған 20 поэзия, алғашқы тыңдаған 9 түрлі дыбыс, алғашқы тыңдаған таза мәнердегі балағатсыз 200 сөйлем, алғашқы көрген 10 реткі парасатты отырыс, 30-ға жуық шынайы, табиғи өңдер мен көзқарастар, ұдайы құлағына тоқтаусыз құйылған бір ерекше тұлғаның 13 түрлі әңгімесі  көп маңызды.

Міне, бұлар өмірге қадам басқан ұрпақтың рухын алғашқы қадамда қалыптастыратын маңызды бөлшектер. Адам ең алғашқы қабылдаған тағамын, жемісін, дәмін, суын, ауасын, ауа райын өмір бойы азық етеді.

Баланың рухын жасау үшін сіздің қолыңызға келген сан түрлі рухани мүмкіндікті екшеп алуыңызға тура келеді. Балаңыздың кім болғанын, асқақ болғанын, әлде қоңыр мінезге тән болғанын қаладыңыз ба? Кірісіңіз. Акуланың шабағының жонынан ең алғаш кім сипаса өмірі соған жақын болып, ілесіп жүзіп жүреді. Адамдар алғашқы мектебін, алғашқы жемісін, алғашқы тағамын ұмытпайды. Соған ұқсас орта, соған ұқсас дәм іздеп тұрады. Бөрінің бөлтірігін асырасаңыз да, ол ең алғаш тағам берген бір адамға ғана бауыр басады. Ер-әйелдің алғашқы жұптасулары да ұмытылмақ емес. Алғашқы, алғашқы... Алғашқы махаббат... Алғашқы кітаптің иісі... Алғашқыда басталған өмірдің сансыз беттері... Сол үшін баланың алғашқы музыкасын, оқитын шығармасын, еститін әңгімесі мен көретін әдебін, тәрбиесін, жақсы ортасын, діни білімін ұсыну сіздің қолыңызда. Оның кім болуы көп жағдайда сіздің ісіңізге сай қалыптасады. Бала үш жасында өзінің бағытын қалыптастырып болады. Үш жасына дейін қай бағытқа лайықты екенін таңдап алып, сол бағытқа қарай тәрбиелесе балаңыз көкке ұшқан қанатты дүлдүл(пегас) болады. Балаңызды кім етер екенсіз? Балаңыз сізді кім етер екен? Бала рухының қалыптасу дамуына қосар үлесіңізге ыстық ықыласпен дайындаларсыз. Балаңызға сәттілік, сізге де орасан, ұланғайыр сәттілік!

3414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы