• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2022

Қатесінен бір-ақ жанның, Артылады басқаға сын

Алуа Асқар

2003 жылы 9 шілдеде  Алматы облысы, Панфилов ауданы, Әулиеағаш  ауылында дүниеге келген. Әулиеағаш орта мектебінің түлегі. Республикалық  Қадыр, облыстық  Абай, Махамбет, Ілияс оқуларының, көптеген мүшәйралардың жүлдегері. «Қазақ тілі қамқоры», М.Томанов атындағы стипендия иегері. Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің 2-курс студенті. 2017 жылы «Жауқазын жырым жан сырым» жыр жинағы  жарық көрді.

 

Қызыл нұрға боялған шақта алап,

Көп ойланам құбыла жаққа қарап.

Салқар тағдыр, шіркін-ай, тұлпар жырдың

Тұяғына қойса ғой бақ тағалап!

 

Желпіп өткен жете алмай ардағына

Асқақ үміт қол созды арманына.

Жалған дейтін бес күндік берешекте

Армандаған пендеде бар ма кінә?

 

Өмір дүрмек мұңынан бағы басым,

Запыранды заңына бағынасың.

Жан жүрегің жерініп бәз біреуден,

Ал біреуді себепсіз сағынасың.

 

Кеудең кернеп әз әнің боздамасын,

Алу керек әркім ақ өз бағасын.

Төмендейді ,ал бірі биіктейді,

Өзгереді тек сенің көзқарасың.

 

Әлдекімдер кеудеден шоқ тереді,

Әлдекімнің болады от демеуі.

Әсемдікте керек- ақ бірақ жаным,

Әділдікті әрлеудің жоқ керегі.

***

Сен мені сағындырма,

Шаттықтан мұңы басым.

Айналдым жалын жырға,

Сен мені ұғынарсың.

 

Сен айтшы тәтті бір ән,

Тербелсін атыраптар.

Бұтақта қол ұстасып,

Билесін жапырақтар.

 

Уақыттың уысында,

Тамылжып тұнған жақұт.

Кел бері ,кел осында,

Біз жетпей қалған бақыт.

 

***                                                          

Түнере берме төбеңнен сенің төнсе мұң,

Бақыттың құрар ол да бір мұнар бөлшегін.

Дүбәра болмай дүниеден дүрмек өтерсің,

Жан- жүрегіңе орната алсаң өр сенім.

 

Қасқайып тұрып бұзарсың әлі тас қамал,

Малынып шыққа тұрмасын бота,

жас жанар.

Ұмтылуға нақ лайықты жақұт – адалдық,

Адамдық шыңы дәл осы тұстан басталар.

 

Алдау мен арбау, өтірік өрге баспайды,

Бұл күнде пайда бір қара бастан аспайды.

Алуды білер,беруді бірақ ұмытқан,

Әркімге, әттең, өзіндік қана бақ қайғы.

 

Өң түсі солғын, сол бір санатқа өтпегің ,

Абырой емес, мейірім болсын төккенің.

Дара тыныста жаратылыста санаулы,

Сауапты жина, жиғанша жанға өкпе-мұң.

 

Кім бізді осы тастады екен мешел ғып?

Дауасын ізде ,кертартқан мына

кеселді ұқ.

Бірде- бір, сірә, ұғынған жан жоқ, әй бірақ,

Айтылған ақыл,айтылар ақыл жетерлік.

***

Күле қара дейсің бе айналаңа,

Мақұл, бірақ одан жай жайлана ма?

Қырау қатып, сыз тұрып көңілге бұл,

Қыс қонақтап қалды екен қайдан ғана?

 

Тұрған мезгіл мұң артып қос жанарың,

Керегі не пәс күлкі, тоқта жаным.

Өтірікке өзіңді әуре етпе,

Болмасыншы ойыншық босқа бағың.

 

Хал жайыңның жасырма көрінісін,

Болма жалған өзгенің көңілі үшін.

Басқалардан сен бұрын ең әуелі,

Өзіңе өр шынайы өмір ұсын.

 

***

Беу, тыныштық көсілген бегім дала-ай!

Шертілмей де жатыр-ау шерің талай.

Тән саулығын қылармыз дәрмекпенен,

Жан ауырса табамыз емін қалай?

 

Түсінесің үнсіз де жүрек сырын,

Болса дағы бейопа бөлек мұңым.

Нала артып отырмын пұшпағыңда,

Бары жақсы дәл сендей тілекшімнің.

 

Туған жерім мекенім ең ұлы ыстық,

Кеңістікте шегі жоқ тең ұғыстық.

Жан дәруі табылар бір өзіңнен,

Бегім далам, әз далам, беу тыныштық.

 

***

 

Бір мәрте құлақ сал сөзіме,

Сүрт мына жанарды жас тамған.

Ең ұзақ сапардың өзі де,

Кішкентай қадамнан басталған.

 

Кішкентай ойлардан, істерден,

Бар ұлы дүние істелген.

Сенің де қолыңнан келеді,

Сол үшін Жаратқан күш берген.

Кішкентай ұмтылыс керегі,

Сонда шын бақытың келеді.

Қалай да, қашан да, әркезде,

Әрекет нәтиже береді.

 

Болса да, арман мен асқақ ар,

Талайы төзімнен жасқанар.

Аз-аздан үздіксіз таматын,

Білгейсің тамшы да тас жарар.

 

Бәрі де жолында ұлы арман...

Өмір бұл әрбірі сыналған.

Түсінші, сен күткен Бақыт та,

Аяулы сәттерден құралған.

 

***

 

Жанарда жас, көңілде мұң,

Жүрек сыры айтады әнін.

Солғын тартқан сезімдердің,

Ескі әуенін қайталадың.

 

Санамда ойлар арпалысты,

Жұлқи тартып кеудемді арман.

Қатпар-қатпар қалтарысты,

Сол бір сәттер қайда қалған.

 

Өкіндім бе, аңсадым ба?

Бәлкім саған жете алармын.

Айналдың да ақ сағымға,

Аласұрып кете бардың.

 

***

 

Өмір-жазың, болса дағы күз мейлі,

Санамалап мініңді ол тізбейді.

Білгің келсе мына әлемнен қыз жаны,

Бір-ақ жанның махаббатын іздейді.

 

Сол жанды ұқ, өз-өзіңді менсінбе,

Сезім сыры сенім деген сертіңде.

Құс қанаты  аспан сілкіп түсірген

Саған бақыт өздігінен келсін бе?

Көз тұндырып, жан еріткен жамалы,

Көктем күннің есіп өткен самалы.

Адамдыққа адал жүрек болғанда,

Махаббаттың бәлки берік қамалы.

 

Асылыққа салып жанды бүлдірмей,

Сезім-сұлу ғашық болсаң білдірмей.

Сол бір мөлдір махабатты әлемнен

Сен іздейсің...

Ол да іздеп жүргендей...

 

***

«Күресуге қауқарсыз қос жүректің

 лүпіліне не шара?»

Шындығында, сезім деген сезінгенге

ен дала.

Қалауын тап, жанарыңда жайқалады

иран бақ,

Қапы қалсаң, көз алдыңда құлазиды

шөл ғана.

 

Пенделердің таматұғын жанарынан

 жалған жас,

Жүрегіне пәк сезімнің қылдай жібі

 жалғанбас.

Әлемдегі миллионның тек бірінде

табылар,

Иә, солай бұл махаббат бізден гөрі

 талғампаз.

 

Өзгешелеу шырқалатын мұнар сазы тым

 бөлек,

Сезім-бөбек әлдиіне оны кімдер бөлемек?

Сезімменен көңіл себеп болса егер

расында,

Көктем керек махаббатқа, мәңгі жасыл

өң керек.

 

***

Мұңсыз қоғам, жоқ ешбір, мұңсыз адам,

Мінсіз қоғам, жоқ ешбір, мінсіз адам.

Әлімсақтан сен асыл, жаратылыс

Неліктен құнсыз бағаң? Ал қазір ше?

Неге дейсің, әуелі иман әлсіз,

Бұл сөзімді құп алып иланарсыз.

Жаратылыс өзіңді ЖАРАТҚАНДЫ,

Қаншалықты шын еске жиі аласыз.

 

Қайдан келдім, соңыра қайда барам,

Көп күнәға құшағын жайған адам.

Көңілі жай болмас та, сірә жанның,

Дүниенің қос қамын ойламаған.

 

Адам деген атың бар,затың дара,

Сен ашуға, сараңға салқын қара.

Тіршілік пен құлшылық сыңар қанат,

Көгермесін нәпсілік құлқың ғана.

 

Сенемін деп айта аламын

 

Сену қиын қайта адамға,

Кірлеткен соң, ақ көңілді.

Бір-ақ жаннан жаным жүдеп,

Барлық адам жат көрінді.

 

Сезіміңді елемеген,

Сену қиын қайта адамға.

Сөзін елеп, енді өзгеге,

Сенемін деп айта алам ба?

 

Сену қиын қайта адамға,

Өтірік деп жасқанасың .

Қатесінен бір-ақ жанның,

Артылады басқаға сын.

 

Ойлай-ойлай ілік іздеп,

Шын ба, дейсің, өтірік пе?

Әділдік пе үміт үзбек,

Бойлай берме көп күдікке.

 

Өзіме мен қалайда шын,

Сенімімді қайтарамын.

Бар әлемге бір күні мен,

Сенемін деп айта аламын.

 

***

Аппақ әлем ақ нұрдан жаратылған,

Әлімсақтан әдемі салатын ән.

Аппақ мамық бүркеніп ұшқан құстың,

Ақ сезімдер себелер қанатынан.

 

Ақ көбік боп толқынды толқын ұрып,

Жатқаны әсем өткізіп жалқы ғұрып.

Сұлулықты сақтадым жанарыма,

Жоғалмас ол, болса да бұл күн ұмыт.

 

Туу алыстан ақ жаулық асқар көрдім,

Жандандырған арасын аспан жердің.

Мейірлене қарадым, жаным елтіп,

Жамалына гүл десте таққан белдің,

 

Әр сәт сенде әдемі әппақ әлем,

Мұңынан да мен сенің бақ табар ем.

Бауырыңда бұлқынған бөбегіңе,

Күле қарап, мен тағы шаттанар ем!

2784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы