• Cұхбаттар
  • 20 Мамыр, 2022

Сайрангүл ДАХАН, ақын: ОРЫС ТІЛІН БІЛМЕУІМ – ЕЛДЕН КЕТУІМЕ БІР СЕБЕП

Сайрангүл Дахан, ақын

1988 жылы   Шығыс Түркістанда  дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінің түлегі, Төлеген Айбергеновке арналған мүшәйрада жүлделі орынды еншілеген.

2016 жылы Қазақстан теларнасы ұйымдастырған «Тәуелсіздік – тұғырым» байқауының жеңімпазы.

Қазіргі уақытта  Сеул қаласында  тұрады.

 

– Сайрангүл, сізді Алматының әдеби кештерінен көріп көзайым болушы едік. Алғаш ақын ретінде танысам, жырларыңызды оқып, ерекше иірімдеріңіз елең еткізді. Иірім деп отырғаным, сүйе білетін кең жүрегіңіз, туған жерге деген махаббатыңыз, өлеңді әрлеу үшін емес, бойына қан жүгіртіп, өрілген бұрымын тарқатып әкелер әдемі көріністерімен көңіл аударды. Қыздың жинаған жүгіндей, тап-тұйнақтай жауапкершілігіңізге сүйсіндім. Қазір қазақтың даласын жырлап, анасын, ауылын сағынған ақын қыз қайда жүр екен?

– Алғаш арғы беттен Алматыға ат басын тірегеніміздегі мұратымыз  да сол, ата-жұртта қалу, өсіп-өну,  қазақ  атаулының  жалғыз Отаны – Қазақ жұртына қоныс тебу,өз шамамызға, икемімізге қарай ел болашағына қызмет ету болатын. Әрине, азды-көпті білім алдық, қасиетті қазақ даласының аңқылдаған пейілін сезіндік. Ол да бір ұмытылмас шақтар еді... Жоғарғы оқу орнында жүріп əдеби   ортаға араласып, алдыңғы толқын жақсылардың жолын қуып, өнерге үйір болдық. Кереметтей жазбасақ та,   өз ортамыздың саналы бір жанкүйері едік. Иісі қазаққа өнердің еш жаттығы болмайтыны сияқты  ол да бір қанмен келген өнер атаулыға деген құрмет пен бітпес сағыныш шығар деп ойлаймын.Бұл күндері шетте жүрсем де, өнерден алыстағаным    жоқ, уақыт тауып жазып  жүретін кездеріміз көп. Бұл бір  жанның қалауы шығар... Қайда жүрсеңіз де,  қандай күйде жүрсеңіз де, өнерден алыстау, руханияттан бөліну адамзат атаулыға жат дүние... 

– Отанға оралып, қалам жүгін арқалап келген жанның жат жерге сапар шегуіне не себеп болды? Әйтпесе, республикалық, халықаралық жыр додасында топ жарып жүрдіңіз. Әрине, адам мұраты мүшәйрамен өлшенбейді. Бірақ елену деген дүние бар. Сіздің  бұл шешіміңіз түбегейлі сол мекеннің тұрғыны болуға деген ұмтылыс па?

– Ата-жұрттың қасиетті иісін сезініп, жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған соң, тағы да білім алу, мақсатымды шыңдап қалыптастырып, тәжірибе жинауға тура келді. Алматыда да    кез келген əлеуметтік басылымда мамандығыма   сай  жұмыс табуыма əбден болатын еді, болды да. Бірақ, менің ішкі миссиям мен   талабым басқа болғандықтан тағы да шетел асып, өзімді шыңдау мақсатында алыс сапарды таңдадым.  Алматыны, əсіресе  қызығы мол, алмалы шаһардың адамды  үйріп əкететін əдеби жып-жылы кештер мен өнердің тойларын қағажау ету сəл ауыр болды... Бірақ, тұлғалық өсу үшін шешім қабылдап, алға мақсат қойған соң, жастық жігерге сенім артқанымыз рас.

Бір жағынан менің шетел асуыма орыс тілін білмеуім де əсер еткен    шығар деп ойлаймын.

Арғы бетте туып-өскен өскендер орыс тілін білмеуі   заңды дүние. 20 жасқа дейін қытай тілі мен қазақ тілін ғана қолданғандықтан, орыс тілі бізге өте ауыр болды. Алғаш Алматыға келген кездерде көшеге шығыуға қорқатын едік. Жоғарғы оқу орнына түскен соң жайлап үйрендік. Мүмкін, бұл да менің сыңаржақ ойым шығар. 

Міне, қазір осы Сеулдің тұрғыны болғаныма   да бес жыл болыпты. Келіп,ел көріп, шетел асқаныма   түк өкінбеймін, керісінше, бұл менің өмірімдегі ең дұрыс шешім, дұрыс тəуекел болғаны үшін қуанамын.   Елге деген сағынышымызды сөзбен жеткізу қиын.

Өйткені  əр минутын есепке құратын шетте жүргенде аңғал-саңғал, қазақы даланы, аузын ашса, жүрегі көрінетін  патша көңілді қандастарды қатты сағынасың, қалауың болып, тілегеніңді берсе де бұл ел сенің туажатың емес. Ешкім басыңнан сипамайды,  əке-көке демейді, аш-тоқтығыңа қарамайды, тек өзіңе байланысты. Кәдімгі бір күрес майданына топ ете түскендей күйде боласың... Бұның бəрін  адамның ерік-жігерін, адамдығын, ішкі күшінің қуатын салмақтайтын сəт дер едім.

Асаудың   құлағында ойнап, тау-тастың  арасында жылқы қайырған мен үшін бұл сынақ аса қиын болмады,тез көндігіп кеттім...Бірақ, ауылдың түтінін,   қоңыр даланың иісін сағынғандағы  сəт ол басқаша күй... Кеңсірігіңді ашытып, мықты болуға, одан әрі адами дәрежеде  өсуге, ауыл мен туған елдің атына кір келтірмеу дегендей биік мұраттарға жетелейтін  сынақтар еді. Кəдімгі  алпауыт елдің жастары бізбен санасатындай  талпынып, еңбектеніп жатырмыз.

Бұл енді бір жола осы елде қалу, Отанды айырбастау  деген түсінік емес.Алға қойған   мақсаттарға   жеткен соң, керекті дүниемізді меңгерген соң, елге оралып, дамыған елден тоқыған дүниелерімізді    елге əкеліп, одан әрі дамыту, озық елдің жастарындай болуға үлес қосу, білген-түйгенімізді   өз бауырластырмен бөлісу болмақ. Шетелден қалыптасып келіп, қазақ елінде де үлгілі дүниелерді жасап,  өркендеп жатқан жастар өте көп. Қазақ жастарының да əлемдік деңгейде өркендегені, ел болашағы үшін шамаларына қарай үлес қосқаны – əр азамат пен азаматшалардың Отан алдындағы борышы дер едім.

– Өзіңіз өмір сүріп жатқан елдің бір ерекшелігі – салт дәстүріне берік ұлт.  Қазақ халқы секілді ата-бабаны құрметтеу, ырым-жорамалға сенімділігін байқаймыз. Сырт көз сыншы, деген. Өзіңіз байқаған қандай өзгешеліктерін атап өтер едіңіз?

– Корей халқының ең үлкен ерекшелігі – тым ұлтшыл ел әрі өте еңбекқор. Əрбір корейден ұлтшылдықтың  иісі аңқып тұрады. Өз көліктерімен  жүреді, шетелдің көліктерін көп міне бермейді, өздері өндіреген өнімдерді көбірек қолданады, таныса қалсаңыз,  болмаса жөн сұрай қалсаңыз басқа тілде еркін сөйлесе де, алдымен корей тілінде сөйлеуіңізді талап етеді. Корей тілін білетініңізді білген соң барып, басқа тілде жауап береді.Өз әдет-ғұрыптарына,ұлттық ұстанымдарына өте адал ел. Корейлердің де біздегідей ырым-тыйымдары өте көп. Мәселен, табалдырықты баспау,  есікті кермеу  сияқты.

Сосын бір таң қаларлықтай  ырымдары бар. Кез келген биік ғимараттарда 4-ші қабаты санмен жазылмайды, ағылшын əріптерімен белгіленеді, яғни  F әрпімен. Оның сырын қытайдың «өлу» деген əрпімен байланыстыруға болады. Төрт деген сан жазылмайды.  Корейлер төрт деген саннан қорқатыны содан.

Тағы бір қызық ырымдары адамның атын қызыл сиялы қаламмен жазбайды. Егер жазса сол адам өледі болмаса бір жамандық келеді деген ырымдары бар. Осы сияқты өздері ұстанған, біздерге жат ырымдары  өте көп .

– Оңтүстік Корея жер шарындағы экономикасы жағынан ең табысты мемлекет. Халқының әдебиетке деген көзқарасы қалай?

– Корейлер өнердің кез келген түріне құрметпен қарайтын ел. Жазушылар мен журналистердің жалақысы да, қаламақысы да қомақты. Мемелекет тарапынан берілетін көптеген жеңілдіктер де  де көп.  Ақпарат ағымының жаппай етек алуына қарамастан, корей кітапханалары адамнан босамайды.  Театр, кино саласының   бағалануы да биік. Ол жалпы əлемге  кино əлемінде топ жарған  «Игра в кальмара» киносымен  де белгілі. Жалпы, бұл елде өнердің кез келген саласы, өнердің бес баласындай бөліп-жармастан халық тарапынан    болсын, мемелекет тарапынан  болсын биік бағаланады. Жастардың да өнерге бет бұруы жылдан-жылға артып жатпаса, кеміген жоқ.

– Соңғы уақыттары әдебиет әлемінен кімдердің шығармаларына үңіліп жүрсіз?

– Соңғы жылдары қазақ əдебиет əлеміне бір топ жас толқындар келді деуге болатын шығар. Əдебиет əлемінде өзінің стилін қалыптастырып, сүрлеуін салған Жанат Əскербек, Жанна Елеусіз,сол апайларымыздың ізін басып келе жатқан Бақытгүл Бабаш, Мақпал Мыса, ой түзеулері тұңғиыққа жетелейтін Мирас Асан, Ырысбек Дəбей, Ұларбек Нұрғалым, Бейбіт Сарыбай ағаларымыздың шығармаларын сүйіп оқимын. Қайсар Қауымбек,  Батырхан Сəрсенхан,Бекзат Сімәдияр, Рәтбек Мағаз қатарлы жас толқындар өзінше ізбен жас толқындардың     қатарын толықтырып келе жатыр деп ойлаймын. Қазақ əдебиетінің қазынасы   əлі де толысып,əлем тілдеріне аударылатын ғажап  туындылардың дүниеге келетініне бек сенімдімін. Қазақтың даласы талай жақсы мен жайсаңды дүниеге əкелген қасиетті  топырақ. Текті бабаларымыздың ізін жалғайтын ұлт мақтанышы боларлықтай әлі талай ұрпақ туары даусыз. Сол үшін қазақ қоғамының болашағы үшін, қазақ руханияты үшін əр жас  өзіне адал, арман-мақасытына берік, ұлт жанашыры болуы керек. Мұнда соны ұқтым. Кез келген корейдің ұл-қызы сондай ұлтшыл, сондай ұйымшыл. Өзіне де, ұлтына да, қыл аяғы нан жеп отырған жұмыс орынына сондай адал. Ешкімнің билеп-төстеуінсіз,бақылауынсыз-ақ əрбірі өз ісіне,  өз жоспарына, істеп жатқан қызметіне адал. Мұны біздер үйренуіміз керек.  Әр жеке тұлға  өз армандарына, өзіне адалдықпен қараған кезде ұлт пен отбасына,  Отан мен туған топыраққа деген қасиетін кие тұтады деп ойлаймын.

– Сізге амандық тілеймін! Мақсатыңызға жетіңіз!

Сұхбаттасқан 

Динара МӘЛІК.

13477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы