• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2022

Ауылдың алты ауызы әдебиет пе?

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

 

(Арғы беттегі жаңа заман қазақ поэзиясының қайбір кемшін тұстары хақында сөз)

I

Жүйрік уақыт өз шабысынан тынбай зымырап барады...

Күні кеше ғана қол бұлғап бізбен қоштасқан XX ғасыр өзінің құдыретті күшін әйгілеп, қан алмастыру, ұшақ, кір жуғыш, фото-телеграф, жүректі суретке алғыш, тат баспайтын болат, қол сағат, фото көшіргіш, тежеуіш, тоңазытқыш, батария, сенім кәртішкесі, инсулин, радио, телескоп, радар, атом энергиясы, электронды есеп машинасы, жасанды бүйрек, микротолқынды пеш, жасанды серік, құлтемір қатарлы сан мыңдаған жаңалықтар сыйлады.

Біз ұлы дүбірі жер жарған, бұрын-соңды болып көрмеген ғылым бәсекесіне дөп келген XXI ғасырға қадам басып, күрделі де, бұраңкөш керуеннің тағы бір жаңа жолын бастадық. Қоғам алға басты, ғылым дамыды. Ғылым-техника ұшқан құстай самғаған бүгінгі күндерде тіпті күрделі ойларға ойысып, әлем қанша жаста, басқа планеталарда тіршілік бар ма, адам неге ұйықтайды, неге қартаяды, мұз дәуірінің қайта келуіне не себепші болады, компьютерде сана бар ма, наркоздеудің қағидасы қандай, геннің рөлі қандай, әлем қанша хикыметті, естің мәні не, т.б. ғылым әлі шеше алмаған үлкен-үлкен жұмбақ сұрақтарға бас қатырды.

Ал біздің әдебиет-көркемөнеріміз озық өредегі ғылым-техниканың дамуынан шабыт, қуат, жігер алып, қоғам дамуымен бірге алға басты.

Әсіресе, 1980 жылдардан бері Қытай жаңа заман қазақ әдебиетінде проза жанрының есеюі өте тез болды. Басқасын айтпағанда баспа бетінде жарық көрген романдардың ұзын саны екі жүзден асты. Бұл үлкен табыс, сан бар жерде сапа да болады. Қазірше бұл табысымызға екі иығымызды қомданып мақтана тұралық, мұның сапа жағын алдағы уақыт өзі әділ таразылай жатар...

II

Енді мақаламыздың негізгі мазмұны болған Қытай жаңа заман қазақ поэзиясына сіңген «Ауылдың алты ауызына» ат басын бұралық.

Қазақ әдебиетінде поэзия ең алдымен ретке келген, көркейген, гүлденген, марқайған ата жанр екені баршаға аян. Жарты ғасырдан астам уақыт жалғасқан Қытайдағы жаңа заман қазақ поэзиясының табысы басты орынды ұстайды. Бұл табыс қаншалаған аға буын ақын-жазушыларымыздың қан мен терінің бодауына келген жеміс екені шындық. Олар мұз жастанып, қар төсеніп, ата жанрымыздың ыстығына күйіп, суығына тоңып қытай жаңа заман қазақ поэзиясының алғашқы ірге тасын қалады. Қазақ халқы ағаш бесіктен жер бесікке дейін өлеңсіз ғұмыр кешпеген, сол себепті «Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» дейміз. Бұдан қазақ халқының бәрі ақын болады деген ұғым келіп шықпайды. Қайта өлең-жыр, біздің салт-дәстүр, ғұрып-әдет, таным-сенім, тарихымызбен біте қайнасып кеткен ата жанр деген түсінікке ие боламыз.

Біздің ендігі бас қатыратынымыз Қытайдағы  жаңа заман қазақ поэзиясының сапасы неге төмен деген сауал төңірегінде болмақ. Біздің жыр майданымызға қанша дуан бұзған жүйрік, орташа, шабан ақындар дүниеге келді. Гәп осыны танып, білуде жатыр. Даму жағынан алғанда жастар поэзиясының тегеуріні күшті, мұны мойындамасқа шарасызбыз.

Ендігі сөз бағытымыз Қытайдағы  жаңа заман қазақ поэзиясының деңгейі неге төмен, осы өнер саласын кімдер әлсіретті, тұнығын кімдер лайлады, қандай арам шөптер өсті деген сұрақтарға бас қатырамыз. «Ауруыңды жасырсаң өлімің әшкере» дегендей біздің бәсекелі жыр майданымызға Қытай жаңа заман қазақ поэзясының сапасын төмендеткен біршама ақындар әлдеқашан дүниеге келген. Олардың алды алты, соңы бірер өлең жинақ шығарған әдебиет майданының «танымалы» авторына айналып отыр. Аталмыш авторларымыздың жазған том-том өлең жинақтары кітапхана сөрелерінде шаң басып сарғайып жатса, кейбіреуі керексіз қоқыр-қоқсық ретінде өз жайын тауып жатты. Біз шетімізден қонаққұмар, өлеңшіл халықпыз. Егер ауылға бара қалсаң ақ көңіл ауыл адамдары қонағының көңілін көтеру үшін ең алдымен «Ауылдың алты ауызын» айтып қарсы алады. «Ауылдың алты ауызында» жазба әдебиетке тән үлкен талап пен талғам қойылмайды, ауызша туылып, ауызша таралып, ауызша сақталады. Ауылдың ақын-жазушылары, ақын емес, жай адамдары да қонағының жағдайына қарай өлең ұйқасын қуып, көңіл көтеру үшін айтады. Мұндай жағдайда өз жанынан шығарып құрап айтатындары да, жаттап алып айтатындары да болады. «Ауылдың алты ауызы» негізінен ауыз әдебиетке тән үлгілер, жазба әдебиеттен парықталып жатады. Ауыл адамдары «Біз ауылдың алты ауызын айтып болдық, енді сіз айтыңыз» деп қонағына қолқа салады. Ақын-жазушыларымыздың халық ауыз әдебиеті мектебінде жетіліп, нәр алып әлем әдебиетіне көтерілгендігін ұлы Абайдан байқаймыз. Әлем қазағына аты жайылған Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Сәбит Мұқановтың «Сұлу шаш», Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау», Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмалары, тағы басқалар халық ауыз әдебиетінің сюжетіне құрылғаны белгілі. Ал біз сөз етіп отырған «Ауылдың алты ауызы» салыстырмалы түрде айтылған сөз, ауыз әдебиет, жазба әдебиеттің атасы, ауыз әдебиетінсіз жазба әдебиеттің дамуы мүмкін емес, ауыз әдебиет тілі жазба әдебиет тіліне қарағанда жаттанды, тар арналы болып таралу барысында әрбір орындаушы оны өз қалауынша өңдеп, түзетіп, «редакциялай» береді.

XIX ғасырдың соңғы жартысынан бастап қазақ әдеби тілі дамудың жаңа арнасына түсті. Бұл жолдың бастаушысы ұлы Абай қазақ поэзиясына жаңалықтар енгізді. Абай өзінен бұрынғы ұзақ заманалар әдебиетіндегі асыл қорларды игеріп, жазба көркем әдебиеті дамыған араб, парсы, орыс халықтарынан үлгі-өнеге алып, қазақ әдеби тілін теңдессіз биік өреге көтерді. Қытай қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылар Абайды өздеріне үлгі етті, олар Абайды қазақ жазба әдебиетінің ұстазы деп таныды.

Ауыз әдебиет пен жазба әдебиет айқын парықталған бұл күнде төмен өреде өлең жазатын қарабайыр ақын туындыларын «Ауылдың алты ауызы» деп атауды жөн көрдім. Оқырман қауымның бұл атауды тура жақтан қабылдауын үміт етемін. Әне сондай біздің поэзиямыз бақшасында «Ауылдың алты ауызынан» аспайтын үш түрлі табиғатты ақындар сайран салып жүргенін жасыра алмаймыз. Осы ақындарымызбен сыр шертісуден бұрын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қасым солай болмаса» деген өлеңімен әңгіме тиегін ағытуды жөн көрдім:

Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!

Қасым солай болмаса несі Қасым?

«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің

Әммесінен  Қасымның десі басым.

 

«Бір күй бар домбырада...»

иесі Қасым

Қасым солай болмаса, несі Қасым?!

Жыр бәйгеге аттанған адам болса,

Сөредегі Қасымын есіне алсын?!

Міне, бұл шумақтардан Мұқаңның дауылды ақын Қасым Аманжолов туралы қандай баға бергенін, одан үлгі-өнеге алуға насихаттағаны зерделі оқырманға айтпасақ та түсінікті.

Сөз өнерінің ішіндегі ең қиыны – поэзия. Ол қоғамдық өмірді шоғырлы бейнелеумен бірге, тілі тұжырымды, образды, жарқын сезімге бай, тармақ, шумақ, ырғақ, буын-бунақ, ұйқас сияқты факторларды әзірлейді. «Ақын болу оңай деймісің қарағым, аузында жүру сыздаған барлық жараның», – деп Төлеген Айбергенов тегін айтпаған.

Енді әңгімеміз поэзиямызға сіңген «Ауылдың алты ауызы» жайлы аялдай кетейік. Қытай жаңа заман қазақ поэзиясының бағын тайдырып, қадыр-қасиетін қашырған үш түрлі табиғатты ақындар пайда болды. Ашығыр-ақ айтсақ,оларды  «Мезгілдік ақындар», «Қарабайыр, сартабан ақындар», «Жабайы ақындар» деп үш топқа жіктеуге тура келді.

 

1. «Мезгілдік ақындар»

 

Біздің поэзиямызға бір топ мезгілдік ақындар күннен-күнге көбейіп, көктем, жаз, күз, қыс маусымның бәрінде бірдей күй талғамайтын, бапсыз жүгіретін, шабытсыз жазатындар келді. Олар жарты сағат уақыт жұмсаса болды өлең дегенді сәнге жаза салатын «ағыл-тегіл төкпе жыршылар» болып, жазған туындыларын сиясы кеппей-ақ, мереке-мейрамдарға алты-ақ күн қалғанда асығыс-үсігіс баспаға жолдайды.

Үш жылдың алдында бір досым «Мен сен сияқты қыртып-езіп жүрмеймін, жарты сағатта екі ғылыми мақала жазып тастаймын», – деп бөскен еді. Әне «Мезгілдік ақындардың» табиғаты менің сол досымнан аумайды. Оларға неге өлең жазасың деуге келмейді ғой. Өлең жазу әркімнің өз еркіндегі іс. Бұдан ақындарымызға мезгілдік өлең жазба деген ұғым келіп шықпайды. Мезгілдік өлеңдерді жыр пайғамбары Абайдан бастап сансыз ақындар жазып келген. Бұл ақындар алдында мәңгілік жырланатын тақырып. Мәдениетті жазу кез келген ақынның қолынан келе бермейді. «Факт – рақымсыз нәрсе, ол бос сөздің тас-талқанын шығарады», – дейді ұлы әдебиетші Лушүн.

«Мезгілдік ақындардың» баспаға жолдаған өлеңдерін елгезек редакторлар азын-аулақ күзеп-түзеп, иі қанбаған алты сағаттық ғұмыры бар туындыларын баспа бетіне жариялайды. Амал қанша, бұған редакторлар айыпты емес, «Қазанда не болса, шөмішке сол ілінеді» емес пе?! Мақаламызда «Мезгілдік ақындардың» атын атап, түсін түстер болсақ, бірнеше беттік тізімдік дәптерін жазып шығар едік, мұндай тізімдіктің оқырман үшін ешқандай қажеті жоқ, басы артық шаруа болса керек. Енді «Мезгілдік ақындар» жазған өлеңдерден бірді-екілі дәлел келтіре кетейік.

Мәлім журналда жарияланған бір ақынның «Жылдар ізі» деген өлеңінде:

Жыл туралы жылда жазам қанша өлең,

Жыл туралы болды сонда қанша өрем?!

Мен білмеймін төбе ме, әлде белең бе,

Асқақ үнім аспаныңда қалса екен!, –деп басталатын өлең шумағынан-ақ ақын өзі мойындағандай жыл туралы қаншалық өреде  жазылған туынды екенін аңғару қиын емес, мұнан да сорақылығы ақын осы өлеңінің соңында жоғарғы «керемет» бір шумағын және де бір рет қайталайды. Мұндай «Ауылдың алты ауызынан» озбаған туындылар біздің «Мезгілдік ақындарымыздан» молдап табылады.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей және де танымал бір ақынымыздың «Ана» атты жырына назар салайықшы!

Көкірегіме сыймайтын,

Көпіршіп кетсе көк өлең,

Ананы мәңгі жырлайтын,

Қайда жүрсің көп өлең?!

Әжелер келді үйіме,

Анамды жоқтап күрсінген.

О, қатыгез дүние-ай,

Анам қайда жүрсің сен?!

Осындай өлеңдерден оқырман қандай рухани ләззат ала алады? Бұл өлең бе, әлде қара сөз бе? Мұндай туынды ешқандай сын көтермейді, осыны өлең деп жолдаған авторға, өлең деп танып жариялаған редакторға «бәрекелді айтасың». Көркем шығарма деп атауға ауыз бармайтын көп өлең бүгінгі күні газет-журналдардың беттерінде қаптап кетті...

Бұл туралы білікті сыншы Белинский «Қазіргі шындыққа тамыр тартпаған кез келген поэзия, шындыққа сәуле түсірмеген кез келген поэзия – еріккеннің ермегі...қуыршақ ойнау...қуыс кеуде кісілердің ісі...», – деп өте ашық айтқан болатын. Әр  қаламгер оқырман алдында, тіпті халық алдында үлкен жауапкершілікті арқалап жазу керек, егер жақсы жаза алмасаң қиналма, сені өлең жазбадың деп ешкім сөкпейді, өйткені қазіргі дәуірдің талабы мен талғамы күн сайын жоғарылап барады. Бұл біздің «Мезгілдік ақындардың» алдағы кезде өз ұлтының шынайы ақыны болып шығу үшін ойланатын ісі...

 

2. «Қарабайыр, сартабан

ақындар»

 

Бұл ақындар «Қара нардай қайыспаған» Қытайдағы жаңа заман қазақ поэзиясындағы ауыр қосын, поэзиямыз үшін тынымсыз ізденіс жасаған «беделді талант иелері» (халық мойындаған ақындар бұлардан сырт, олардың жаратқан жақсы туындыларына құрмет етіп, талантына тәнті боламыз). Кей жөнсал ақындардың алды сонау 1950 жылдардың ішінде, арты 1980 жылдардан бұрын қолына қалам алған салмағы ауыр, таразы тасын баспайтын өлең томдардың иесі. Бұлар поэзиямыздың көш жолында өкшесі ойылып, табаны тозып, ашық айтқанда темір таяғы тебенге, темір етігі теңгеге айналғанша баяғы көне шоқырағынан жазбай келген даңғой жүйріктер. Олардың ішінараларының мүйізі қарағайдай, белді-белді мансап иелеген, шығарған өлең томдары өз бойымен бірдей, атақты сөздіктерге аты-жөні енгізілген, үлкен-үлкен басшылар ат мінгізіп, шапан жапқан, шығармалары жөнінде ғылыми конференция (50, 60, 70 жасқа шыққанын тойлаған) өткізген айтулы «ардагерлер». Ал, кейбірінің жазғандарында жаңалық жоқ, бір сарынды, дәстүрлі көзқарастан арыла алмаған, жазған өлеңдерінен бір шумағы да оқырман есінде қалмаған, шаң басқан қара жарыстың ішінде келе жатқан «Қарабайыр, сартабан ақындар». Аталмыш ақындардың кітапхана сөресінде қойылған жуан-жуан өлең томдары ұзақ уақыт шаң басып, оқырмандарын ерқашты етті, бұл ақындардың қарасын көрген кей редактор мұрынын шүйіре теріс қараса, кейбіреуі олардың қарасын көргенде там айланып, ат тонын ала қашады. Дегенмен бұл «көкжалдардың» «Шұғыла», «Іле айдыны», «Алтай аясы», «Тарбағатай» қатарлы әдеби басылымдардан салымы бар, олардың ұзақ жылдық еңбегін ескерген редакторлар әрі ұзын, әрі көлемді шығармаларын айтулы журналдарда жылында бір-екі рет баспа бетінде жариялауға борыштар, егер шығармалары жарияланбай қалса, редакторларға хат жазады, сәлемдеме айтады, араға адам салады, күн құрғатпай телефон соғып, мазасын алып, ақыры беделін, ақындық стажын бұлдап жүріп жазғандарын кәдеге жаратады. Кейбір жас редакторлар амалсыз «сақалы сексен қарыс» ақсақал ақындарға жол беріп көпірден өткізіп жібереді. Осы қосынның ортан қолдай өкілдерінің бірі болған аға ақындарымыздың  бірінің өлеңдерінен үзінді алып көрелік:

Болмаса да тегің жаман жай үйсін,

Жамандыққа жас інгендей қаийсың.

Қоңыр төбел,

Қожанәсір қазағым,

Қыз сатқанша,

Қымыз сатсаң баийсың – деген өлең шумағындағы «Болмаса да тегің жаман жай үйсін» деген жолынан не түсінуге болады?  Ақын өлеңнің соңғы жолында өз ұлтына қыз сатпа деп ақыл айтады, бұл көзқарас әрине дұрыс, дегенмен қыз саудасы ішінара құбылыс, барлық қазақ қымыз сатпай қыз сатып байығанды қай жеті атаңыздан естіп едіңіз? Көптің көзіне топырақ шашуға болмайды, қазақ сахарасында не керемет сізге сабақ беретін кемеңгер ақсақалдар бар, сенбесеңіз солардан қазақ ұлтының тарихында қыз сату болған-болмағанын сұрап көріңіз? «Өз ұлтын сүймеу сатқындықтың белгісі» деген сөз тегін айтылмаса керек, ақын ұлт рухының жыршысы, өз ұлтына немқұрайды қарау арсыздықтың белгісі, қазақ ұлтының басындағы ішінара кінәраттарды жалды кемшілік ретінде типтендіру шындыққа жанаспайды, қадірлі аға ақынымыздың өзі жазған өлеңдерін қайталай зер сала оқып шығуын үміт етемін. Тағы да танымал бір ақынымыздың «Ақын» атты жырына аялдайық:

Ол да ақын, бұл да ақын, анаудағы,

Жер тарпиды бәйгедей жарау бәрі.

Қоя берсе тізгінді лап қояды,

Парықталап көк қоян, ақ қояны.

 

Шаба алмаса қалды деп бабы келмей,

Көлкіп қайтад үйіне тағы күндей.

Шабандоздың желбіреп жел етегі,

Бапсыз озып келгенге не жетеді?

Сырттай қарағанда бұл «өлеңде» бәсекелі қимыл бар. Ақындар жарысы ма, әлде ат шабыс өткізіп жатыр ма деп таң қаласың, шын мәніне үңілгенде сырты жылтырауық, іші қалтырауық, көркемдік қасиеттен айырылған өлі туынды. Шындығын айтқанда, тарихтың сынағынан сүрінбей өткен шығармалар ғана халық көңілін нұрландырып, нағыз өлмес туынды бола алады.

3. «Жабайы ақындар»

 

Бұл ақындар шоғыры қоғамның әр саласынан яғни әкімшілік, әскери істер, кен, ағарту, дәрігер, зейнеткер, дихан, малшы қатарлы алуан кәсіптен келген «Әншейінде ауыз жаппайтын, той дегенде өлең таппайтын» поэзиямызға қосылған жаңа бүршік жарғандар. Олардың кейбіреуі қарбалас әкімшілік қызметтерден қолы енді босап, ұлы Абай айтқандай «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» болып жүргендер. Бұл қосынның ішінде ақсақал, көксақал, қара сақалдар да бар. Олар Горькийдің екі сынып қана оқып әйгілі жазушы болғанын кітаптан оқығандар.

Бұл  осал  топ  емес, ақшаның күшімен, беделдің десімен, адамдар ара байланысқа майталман «мықтылар» болып алғашында газет-журналдарда бес-алты өлең жариялағанмен, бүгінгі күнде күшейіп, бірді-екілі өлең томдардың авторы болып үлгірді. Бұлар поэзиямызға жаңа шыққан арам шөптер, базардан сапасыз, жарамсыз заттарды аластағандай поэзиямызға өніп шыққан арам шөптерді отауымыз керек. Егер арам шөп көбейсе, мол өнім алуымызға кедергі болады. Бәрін айт та бірін айт, өлеңші халық екенбіз, айтқан өлеңіміз де, жазған жырымыз да сапалы болсын!

Қиян-кескі базар шаруашылығының бәсекесіне дөп келген бүгінгі күндер туысқан ұлттар әдебиеті базар шаруашылығына ойысып, өзінің рөлін сәулелендіре бастады. Ал біз ше? Базар шаруашылығынан әлде қайда артта қалдық, бай болуды кім жек көрсін, базар – бәсеке майданы, біздің базарға салатын заттарымыздың сапасы жақсы, бағасы лайықты, тұтынуға қажетті заттар болу керек. Біздің жаратқан туындымыз оқырман көңілін баурай білгенде ғана жақсы нәтиже жарата алдық деуге болады. Ұлтымыздың ақын-жазушылары базар шаруашылығының есігінен жаңадан қаз-қаз басып кірді. Бұл бір адым ілгерілеу екенін мойындамасқа болмайды. «Ақыны көп халық өседі, әкімі көп халық өшеді», – деп Құдайға шүкірлік етіп марсиып жүре бермелік, мына ғылым-білім қуған, базар шаруашылығы сынды бәсекелі заманда ұлтымызға ақын да, әкім де қажет.

 

III

 

Ұлы Абай «Тіл өнері дертпен тең» – дейді. Өлең еріккеннің ермегі емес. «Әдебиет – ардың ісі» деген ұлағатты сөзді әрқашан есімізден шығармайық.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұңғышбай Әл-Таразидің «Біздің ел – өркениетті ел болам десе, алдымен әдебиетін, өнерін және ғылымын сыйласын...ұлттық өнер – ұлт байлығы, ұлт байлығына немкетті қарау– қылмыскердің ғана ісі, ар-ұжданнан айырылғандардың ісі, өнер – халықтық және мемлекеттік байлық» деген салиқалы сөзінен ғибрат алуымыз керек.

«Жол қусаң қазынаға, сөз қусаң пәлеге жолығасың», «Қара тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген алтындай құнды аталы сөздерді қайталай ой елегінен өткіздім, жақсыға басын айтсаң, аяғын өзі біледі…

 

5297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы