• Әдебиет әлемі
  • 01 Мамыр, 2022

МАЙДАН ДАЛАСЫНДА БЕРІЛГЕН СЕРТ

Бұл менің жаңадан оқу бітірген кезім еді. Республикалық «Жас алаш» газеті жұмысқа қабылдаған. Арғы-бергі нәрселерден ой жинақтап, мақалалар жазып жүргенмін. Оның үстіне сол жазда ескі жұртымыз саналатын Талаптың тоғайынан Кребек көкем екеуміз он күндей бірге шөп орған болатынбыз. Сонда әлі де шалғы орақты еркін сілтейтін майдангер аға кешегі от кешкен жылдарын, одан кейінгі ішкі істер органдарында қызмет еткен кезеңін жүйелей отырып, біраз сырдың шетін ақтарғаны бар.

Содан арада көп уақыт өтпей, ауылға тағы бір келген сапарымда әулетіміздің қариясына арнайы амандаса барып, көптен бері есімнен кетпей жүрген ойымды айттым.

– Көке, – дедім, Тұмар апаның қою демдеген шайын сораптай отырып, – сіздің ауызекі айтқандарыңыздан соғыс жайын, одан кейінгі уақыттағы милицияда қызмет істеген жылдарыңыздың қызығы мен қиыншылығы туралы әңгімелерді көп естіп жүрміз ғой. Осыларды қағазға түсіре беру керек. Ал жазып, түртіп қойып жүргендеріңіз болса, одан әрі өңдеуді, бір жүйеге түсіруді мен қолға алайын, – дегенмін. Көкем көп ойланған жоқ.

– Мұндай жақсы пиғылыңа, ниетіңе рахмет, балам! Ал жазу жағына келетін болсақ, пенсиядағы адамбыз, не істейміз сондайлармен айналыспағанда. Біраздан бері, өзің айтпақшы түртіп қойып жүргендерім де бар. Оларды кәдеге жарата алсаң көрерсің. Алайда, кезінде ықтиаттап жазып жүрмегеннен кейін соғыс уағындағы қан кешулердің көбін ұмыта бастадық қой. Тек кейбір атакаға шыққандарымыз немесе батпаққа тығылып қалған зеңбіректің дөңгелегіне жабысып алып, атпен бірге ат болып жүрген кезіміз болмаса, – деп көкем Тұмар апаға мақтана бір қарап қойды.

– Е-е, соларыңды айт Сейітханға. Арасында менің әкеммен қалай танысқаныңды, соғыста жүріп ол кісінің берген уәдесін айтып беруді де ұмытып кетпе, – деп Тұмар апа шалына қарап, өзінің ашық, таза күлкісімен бізді жадырата бір күліп алды.

– Ол қандай таныстық, уәде бергені қалай? – деп мен де елең ете түстім.

– Айтса сенгісіз, ол бір қызық оқиға, – деп көкем әңгіме тиегін ағытардағы қалпына көшті. Ендігі сәтте қабағын түйіп, бір пәс соғыс қимылдарын көз алдынан өткізгендей болып отырды да, баяу ғана әңгімесін бастаған.

– 1943 жылдың күзінде, дәлірек айтқанда, 6 қарашада Украинаның астанасы Киев қаласы жау қолынан азат етілді. Сөйтіп, 778 күнге созылған үзілістен кейін қала Кеңес әскерлерінің қолына көшті. Сөйтіп кең көлемді шабуылдау операциялары басталды. Дәл осы кезде Жоғарғы бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығымен Киевті Ұлы Қазан төңкерісінің 26 жылдығына дейін азат ету міндеті қойылды. Днепр үшін болған шайқастар аңызға айналды...

***

Менің қолымда КСРО Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық мұрағатынан келген 244089 нөмірлі хат жатыр. Онда қатардағы жауынгер Кребек Жармаханбетовтің 1944 жылдың 21 тамызында 84-ші атқыштар корпусының саяси бөлімі арқылы  партия  қатарына қабылданғаны жөнінде айтылады. Ал 84-ші атқыштар корпусы Подольск мұрағатының берген мәліметі бойынша 1943 жылдың 14 шілдесінен 1945 жылдың 9 мамырына дейін әрекеттес армияның (Действующей армии) құрамына кіріп, алғашында 1-ші Украин майданына, одан кейін 1-ші Беларусь майданына қараған. Ал 1944 жылдың 3 шілдесінде  Минск қаласы азат етілгеннен кейін 1-ші Балтық майданы командашасының резервінде жүріп соғысқан.

Біз әңгіме етіп отырған кезең 1943 жылдың қарашасы еді ғой. Ендеше, 1943 жылдың 3 қарашасында 1-ші Украин майданы әскерлерінің Киевті азат ету шайқасы басталды. Құрамына 40-шы, 38-ші, 60-шы армияларды біріктірген және 3-ші гвардиялық танк армиясын ерткен 1-ші Украин майданының әскерлері арада екі күн өтпей-ақ Киевтің шетіне ілігіп, қиян-кескі ұрыстарға кіріскен еді. Киевті алуға 38-ші армияның құрамалары мен 3-ші гвардиялық танк армиясы тікелей қатысады. Ал біздің әңгімеміздің өзегіне айналып отырған 84-ші артиллериялық атқыштар корпусы 38-ші армияның құрамында соғысқан.

6 қараша күні Киев қаласы жау қолынан тазартылады. Ал 13-15 қараша күндері 38-ші армияның жекелеген құрамалары мен 3-ші гвардиялық танк армиясы Киев қаласының оңтүстігіне қарай 80 шақырым жерде жатқан Белая Церковь қаласын азат ету ұрыстарын бастап кетеді. Бұл кезде 38-ші армияның негізгі құрамалары Житомир, Ровно, Луцк бағытына лап қойған болатын.

Сонымен екі күнге созылған қиян-кескі шайқастан кейін Белая Церковь қаласы да жау қолынан азат етіледі. Менің Кребек көкем өзінің болашақ қайын атасы Сақан Асахаев қариямен дәл осы Белая Церковь қаласының түбіндегі шайқастар кезінде танысады.

Көкем осы тұсқа келгенде «пауза» жасады. Бұл өзінің сөзі. Көңілденген сәттерінде кейде осылай дейтіні бар.

– Ай, Тұмар-ау! Мына шайың суып қалды ғой. Біз Киевті азат етіп, онымен қоймай Белая Церковьты да жаудан тазарттық. Үнемі соғыса берген адамда әл қалмайды. Бір пәс дем алып, «пауза» жасау әскери тактикаға жатады. Әңгіме айтқанда да солай. Сен шайыңды ысытып әкел. Сонан соң Сақан атаға жолыққанымды, танысып, біліскенімді баяндаймын, – деді көкем жастыққа жантайып жатып.

– Менің әкеммен жолыққаныңша әлі екі самауыр шайды қайнатып әкелу керек шығар. Бағана емес пе еді айтамын дегенің. Мен әлі күтіп отырмын, әлі күтіп отырмын, – деп Тұмар апа шалына қарап наздана сөйледі.

– Ой-й, сенің осы асығысың-ай! Сонда жолдағы қалаларды, «важный объектілерді» жаудан кім арашалайды? Қайын атамды жолықтырамын деп асығуға болмайды ғой. Саған үйленгенге дейін, Бағарада «учетчик» болып жүргенімде мені нағашыларым бір татар қызына қосып жібере жаздаған. Ал мен асыққаным жоқ. Құдай сені жолықтыратынымды сездірген сонда, – деп көкем енді маған қарап, кеңкілдей бір күліп алды.

– Саған дауа жоқ әй! Бір нәрсе айтса, басқа бір нәрсе шығарып аласың. Мына баланы шаршатып алма деймін де, – деп Тұмар апа менің жайымды ойлағанын айтты.

Көкем ендігі айтар әңгімесінің желісінен ұзамайын деді ме, бұл жолы үндеген жоқ. Тұмар апаның бож-бож болып, әбден сілесі қата қайнаған самаурыны кіргенде көкем «қайын ата» хикаясын айтуға дайын еді.

– Біз айға жуық қорғаныс шебін жасап, Белая Церковь қаласының  түбінде  аялдап  қалдық, – деп әңгімесін жалғаған сырбаз шал қырық үшінші жылға қайта оралды. – Бір жарым  ай  бойы бел шешпей үнемі шабуылдап келе жатқан біздің корпуске бір аптадай демалыс берілді. Қатарымыздың қатты селдіреп қалғаны байқалады. Солдаттар моншаға түсіп, киімдерін бүтіндеп бір жасап қалды. Соғыстағы демалыс дегенді аяқты аспанға көтеріп қойып, қаннен қаперсіз жату деп түсінбеу керек. Бұл кезде екінші эшелонға шығарлған жауынгерлер жаңа қорғаныс шебін қазады, оқ-дәрі қорын жасақтайды, жаралылар тылға жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, бәрібір тыным жоқ. Мен корпус штабында байланысшымын. Осы Киевті азат ету шайқасының алдында ғана 52-ші артполктен осында ауысқан болатынмын. Бізге екі дивизия, арнайы жасақталған үш полк қарайды. Оның екеуі артиллерия полкі. Соңына артиллерия ерткен жаяу әскердің танктен тайсалмайтынын біз осында жүріп ұқтық. Корпус командирі генерал Мельничук деген украин болатын. Өзі сабырлы, генералға тән қасиеттердің барлығын бойына жинақтаған ұқыпты, әкедей қамқор адам еді.

Демалыстың екінші күні мені генерал шақырды. Қалаға кіре берісте бір бұрышын снаряд талқандап кеткен зәулім ағаш үй болатын. Сол тез арада қалпына келтіріліп, оған Мельничуктың штабы қоныстанған екен. Есік алдындағы сақшы мені таныды да, жылдам ішке кіргізіп жіберді. Аралық бөлмеде өзіме таныс телефон апараттары орналасып қалыпты. Бірақ әлі үнсіз. Сөйткенше болмай тағы да бес-алты байланысшы жиналып қалды. Осы кезде барып генералдың адъютанты біздің келіп тұрғанымызды баяндап шықты.

– Е-е, – дедім ішімнен, – генералға шақырылған жалғыз мен емес екенмін. «Көппен көрген ұлы той» деген бар ғой. Корпус командирі күнде шақыра бермейді. Оның үстіне тікелей генералдың бұйрығын штабтан алып шығу деген нәрсе сирек болады. Қатардағы жауынгер үшін бұл үлкен мәртебе түсіне білген адамға.

Генералдың бізге берген тапсырмасы тығыз әрі өте құпия екен. Одан біздің түсінгеніміз мынау болды: Киевтен және оның айналасындағы маңызды объектілерден қысқа мерзім ішінде айырылып қалған фашистер қатты ширығулы. Неміс командованиесі қарсы шабуылға әзірлену үстінде. Бұған қосымша, кейбір аймақтарға диверсанттар түсірілгені жөнінде ақпарат бар. Белая Церковь қаласына орналасқан корпус штабымен байланыс жедел түрде қалпына келтірілуі керек. Біздің міндетіміз: Гребенки, Кіші Ольшанка, Строков және Фастов деревняларында орналасқан дивизия штабтарына қорғаныс шептері мен түнгі күзетті күшейту тапсырылғанын жеткізуіміз керек. Байланысшылар екі арада үзбей қатынаста жүретін болсын. Жаңадан тартылып жатқан телефон сымдары бір сәтке де үзілмеуі тиіс. Бұл бір. Екінші, біздің корпусқа бекітіліп берілген қорғаныс шептерінде түнгі күзеттің құпия сөзі (пароль) қазіргі сәттен бастап өзгертіледі. Ол – “Шетен” (“Рябина”). Ал қосымша бұйрықтар қолымыздағы пакеттің ішінде айтылған.

Осындай құпия бұйрықты алып, барлығымыз жан-жаққа тез тарасып кеттік. Астымызға бір-бір ат берілді. Өйткені, жоғарыда аталған Гребенки деревнясы Белая Церковьтен 18 шақырым қашықтықта орналасқан болса, Фастов – 33, Кіші Ольшанка – 13, Строков – 28 шақырым жерде еді. Мен Гребенки деревнясына қарай жөнелдім. Шаруашылық ротасының повозкасын таситын көк атқа көптен көзім түсіп жүруші еді. Өзім барып сол атты қалап алдым да жүген салдым. Жануар тырп еткен жоқ.

Гребенки деревнясы атты адамға таяқ тас-там жердегідей ғана көрінеді екен. Тез-ақ келіп қалдым. Деревняға жақындап қалғанымда мені күзетшілер тоқтатты.

– Құпия сөз! – деді күзетшілердің ішіндегі төртпақ денелі мұртты адам. Өзі менен әлдеқайда ересек көрінеді.

– Шетен! – дедім мен міз бақпастан.

– Мынау не дейді-ей? Шетеншілін өзінің. Қаруыңды таста да аттан түс. Шетеніңе көрістіріп жіберейін, – деді әлгі мұртты адам. Даусы зор екен. Өзі бір зәулім қарағайдың тасасынан шығып еді. Мынаның гүрілдеген даусынан қарағайдың бұтақтары дір-дір ете қалғандай болды. Арғы жағындағы екі күзетші қаруларын кезеніп, енді болмаса шүріппені басқалы тұр.

Құпия сөздің ауысқаны жөнінде бұлардың әлі бұйрық алмағанын білемін. Ол бұйрық менде. Сондықтан көп сөзді қойып:

– Мені тез арада дивизия штабына апарыңдар. Корпус штабынан маңызды бұйрық бар, – дедім.

Сонымен, қойшы әйтеуір олар мені атымнан түсіріп, дивизия штабына жаяу айдап әкелді. Штаб бастығы майор шеніндегі орыстың отыздарға келіп қалған жігіті болатын. Оны мен бір-екі мәрте корпус штабынан байқап қалғанмын. Бірақ ол мені қайдан танысын. Алайда, менің берген құпия пакетімді ашып оқығаннан кейін жүзіне жылылық келе бастады.

– Жақсы, жолдас қызыл әскер. Бұйрықты дер кезінде жеткіздіңіз. Бізден кейінгі Васильков қалашығында диверсанттардың жүргендігі жөнінде мәлімет бар. Қайтарда сақ болыңыз, – деді штаб бастығы.

– Қам  жемеңіз жолдас майор. Сіздерге қарай екі байланысшы корпус штабымен тікелей байланыстыратын кабель тартып келе жатыр. Қазір орта жолға келіп қалған шығар. Сіздермен байланыстың үнемі болып тұруына біз жауапты боламыз, – дедім генералдың соңғы сәтте берген бұйрығын есіме түсіріп.

Штабтан шыққанымда бағанағы мені тоқтатқан күзетшілердің ішіндегі дәу мұрттысы сол маңда әлі жүр екен. Жылдам басып менің қасыма келді.

– Қазақпысың? – деді ол салған жерден жүзі жадырап.

– Қазақпын...

– Ой, айналайын-ай! Қызыл әскер киімін кигеніңмен, біріншіден түр-түсіңді ажырата алмаған айып менде. Екіншіден, біз білмейтін құпия сөзді айтқаныңда тіпті шошып кеттік қой. Соның алдында ғана диверсанттар туралы хабарланған едік, – деді кешірім сұрағандай болып.

– Оқасы жоқ, ағасы, – дедім мен енді әскери тәртіпті қойып, – оған сіздер кінәлі емессіздер деп ойлаймын. Керісінше, бұдан былай да дәл осылай сақ болуларыңызды тілеймін, – деп атыма қарай жүре бергенім сол еді, ол кісі гүр етіп қайта тоқтатты.

– Қай жерлік боласың, інішек?

– Оңтүстік Қазақстан облысынанмын. Бұрынғы Сырдария облысы...

– Оның қай жерінен?

– Шаян ауданы. Үлкен Бөген бойындағы Талап ауылынан боламын, – деп бұл жолы толық жауап бердім. Өйткені, осынау мығым қазақ менің жай-күйіме көңіл аударып, әкедей баурап бара жатыр еді.

– Өй, жерлес болдық қой біз. Мен Арыс-тан боламын. Сендердің ауылдарыңнан ағып өтетін Бөген өзені біздің Көксарайға дейін келеді. Бәсе, жылы ұшырайсың өзің. Енді маған іні болдың. Қайда жүрсең де, аман жүр, – деп атымның жүгенін өзі шешіп, қолыма ұстатты. Көп сөйлесіп тұруға нағашымыздың ауылында жүрген жоқпыз. «жақсы, жақсы» десіп, бір-бірімізге амандық тілеп, қош айтыстық. Мен өз бөліміме қарай асығыс аттанып кеттім. Былай шыға бере осы бір даңғырлаған қазақтың аты-жөнін сұрап алмағаныма қатты өкіндім.

Көп ұзамай Житомир қаласы үшін қырғын шайқастар басталды. Житомир көне қала, әрі тоғыз жолдың торабы. Оңтүстігі – Винница арқылы Одессаға кетсе, батысы – Ровно, Луцк арқылы екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы соққысын қарсы алған Брест қамалына бастайды. Яғни, Житомирді немістер оңайлықпен бермейді деген сөз.

Шабуыл басталар алдында Житомирдің түбіндегі Глубочица деревнясына бекініп алып, артподготовканы бастап жібердік. Айнала алай-дүлей. Жер-дүние солқ-солқ етеді. Сол уақытта тек біздің 52-ші артполктің бір өзінен бір мезетте 300 зеңбірек іске қосылды. Осы шабуыл кезінде баяғы Гребенки деревнясында жөн сұрасатын мұртты қазақпен қайта ұшырастым. Жараланып қалса да қатардан шықпай соғыса беріпті. Мені көргенде туған баласын көргендей қатты қуанды. Атыс саябырсыған бір сәт еді. Окоп ішінде отырып, жол қапшығымыздағы «сухой паекпен» жүрек жалғадық.

Осы кезде бағаналы бері үнсіз тыңдап отырған Тұмар апа әңгімеге араласты.

– “Наркомовский” жүз грамнан да іштік” – демейтін бе едің...

– Ой, ол кейін ғой. «Награждение» болғанда. Житомирді азат еткеннен кейін біздің корпустан 300-дей жауынгердің әртүрлі наградаға ұсынылғаны туралы естіп жүрдік. Ішінде мен де бар болатынмын. «Ерлігі үшін» медальді сол жолы алғанмын. Ал енді осы жерде бір қызық бар, – деді көкем тыңдаушы адамын елең еткізердегі әдетіне басып. Жазып отырған қағазымды ысырып қойып, мен де үңіле түстім. Ол кісі асығар емес. Жүзі жылып біраз уақыт отырды да:

– Жарықтық Сақан қария! Көп болса сонда қырыққа енді келген қылшылдаған жігіт кезі екен ғой. Бізге әкеміздей ересек көрінуші еді. Корпус штабындағы марапат кезінде сапта ол кісі де болды. Генерал Мельничуктың қолынан «Ерлігі үшін» медальды қатар алдық. Марапатқа ие болғандарға арнап генералдың адъютанты дастархан жайған екен. «Наркомовский» жүз грамды сонда отырып іштік. Орман ішіндегі жертөленің алды бірін-бірі құттықтаған жауынгерлер. Жанымнан келіп, қапсыра құшақтаған адамның Сақан аға екенін бірден сездім. Шабуыл кезіндегі окопта танысып алғанымыз бар. Бұл жолы, тіпті, іші-бауырымызға кіре сөйлестік.

– Ал наградаң құтты болсын, інім, – деп Сақан аға тағы да құшақтап, бір сілкіп алды. Мен де аузыма түскен жақсы сөздерімді айтып жатырмын.

– Шіркін, елге аман-есен қайтар күнге де осылай бірге жетсек қой, – деді Сақан аға тебірене түсіп, – әлгінде байқадың ба, Кребек, наградаға ұсынылғандардың тең жарымына жуығына «посмертно» берілді деп хабарлады-ау, ә. Небір жас жігіттер опат болды ғой. Әлі өмірдің қызығын көрмеген, үйленіп балалы-шағалы болмағандар солардың көбі.

Әлгінде тартып алған жүз грамның буы бойға тарап, екеуміздің көзімізге де жас келіп қалды.

– Амал бар ма, Сақан аға! Отан, Туған жер ұмытпайды олардың ерлігін. Елдегі бауыр, ағайын-жұрт бізді жау оғынан мерт болсын жеп жіберген жоқ еді. Бірақ соғыстың аты соғыс емес пе. Сабыр етіңіз, – деп мен басу айтқан болдым.

– Ал өзің қалай, Кребек үйленіп пе едің? – деді кенет Сақан аға.

– Жоқ, қайдан үйленейін, оған жағдай көтермеді. Шымкентке келіп өз күшіммен оқыдым. Жұмысқа енді ілігіп, адам боламыз ба дегенде соғыс басталып кетті ғой...

– Е-е! Жағдай көтермеді дейді ғой. Сендей жігітке тұрмысқа шыққан қыздың маңдайының бес елі бағы бар. Осыдан елге аман оралсақ өзім қыз тауып беремін. Тіпті болмаса өзімнің қызымды беремін, – деді Сақан аға күле отырып. – Қазақтың қалың малы қалмайды. Маған қалың малдың керегі жоқ. Бірақ кәдесін жасарсың. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген ғой қазақ атамыз. Бұл қалай, ә! Дұрыс па осыным? – деп Сақан аға бұл жолы екі иығымнан бүре түсіп, сол мезетінде күректей алақанымен арқамнан қағып-қағып қойды. Мен қызарып кетсем керек. Сонда да сыр бермеген боп:

– Қызыңыз нешеде? – деп қалдым не айтарымды білмей.

– Биыл 13-те.

– Е-е, әлі жас қой...

– Қыз өспей ме, көкірегіңді теспей ме, – деп не үшін айтқан? Әлі-ақ желкілдеп шыға келеді, – деп Сақан аға еңсеріп әкетті.

– Көреміз аға оны, ниетіңізге рахмет! – дедім мен енді қашқақтай бастап. Шындығына келгенде құлағыма жағып барады-ау. Бірақ «мақұл, аламын» деп қалай айтамын.

– Сен Кребек, көрермізіңді қой, – деді Сақан аға түсін суытып, – мен елге аман-есен оралайық деп, жақсы ырыммен айтып отырмын. Ал мен екі сөйлемейтін адаммын.

– Олай болса, жарайды аға! Сіздей ақ көкірек, аңқылдаған адамнан жаман, жәутік қыз тумаған шығар, – дедім бұл жолы нық сеніммен, – әкеліңіз қолыңызды!

– Е-е, мұның енді жөн! Жігіт осылай болуы керек. Арысқа келіп, Асақаевтың үйі қайсы десең, кез келгені жөн сілтеп жібереді. Айналайын, қайда жүрсең де аман жүр...

Сол арада:

– Сапқа тұрыңдар! – деген команда болды да біздер бұйрық бойынша сапқа тізіліп, лезде өз бөлімдерімізге тарасып кеттік.

Бұдан кейін біздің корпус қайта жасақталып, 1-ші Беларусь майданының құрамына берілді. Ол кезде, әрине, мұны білген жоқпыз. Қайда жұмсаса сонда барасың ғой. Бұл деректі мен соғыс біткеннен көп кейін, шамасы 60-шы жылдары болуы керек, бір анықтама қағаздар керек болып, соны Подольск мұрағатынан сұратқан кезімде білдім. Ал Сақан аға бір ұрыста қатты жаралы болып, бұл жолы госпитальға жөнелтіліпті. Содан біз майдан даласында қайта кездеспедік.

– Осы жерде мына бір мәселеге тоқталып өткеніміз жөн сияқты,- деп мен көкемнің әңгімесін бөлдім.

– Қараша айындағы шабуылдар кезінде және Киевті азат ету ұрыстарында алғашқылардың қатарында қалаға басып кірген 52-ші гвардиялық танк бригадасының командирі, майор Харун Омарұлы Богатыревтің есімін осы ұрыстарға кірген құрамалар құрметпен еске алады. Сіздер дәл сол кезде Богатыревтің атын естімеулеріңіз мүмкін емес. Өйткені, Киевтен кейін Белая Церковь пен Житомирді азат етушілердің қатарында да осы танк бригадасы сіздермен бірге қоян-қолтық жүріпті. Бұған қоса осы қарашайлық азаматты 1943 жылы 17 қарашада (Белая Церковь пен Житомирді азат еткеннен кейін) 3-ші танк армиясының командашасы Рыбалконың өзі екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған екен. Содан кейін ғана КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Сіз осы батыр туралы біраз ойларыңызды қағазға түсірген екенсіз. Соларды өз аузыңыздан естісек деп едік.

– Жөн айтып отырсың, балам. Харун Богатыревтің есімін дәл сол 1943 жылы Белая Церковь пен Житомирдегі қорғаныс және шабуыл ұрыстарында болған барлық солдаттар құрметпен атайды. Өйткені, осы танк бригадасы болмағанда біздің 84-ші атқыштар корпусы күні-түні жаңа күштермен толықтырылып жатқан немістің “Оңтүстік” армиялар тобының жойқын күшіне шыдас бере алмайтын еді. Богатырев осы ұрыстардан бір ай бұрын ғана 51-ші гвардиялық танк бригадасының командирі болып жүреді. Ал Житомир – Белая Церковь шайқасы басталар алдында 52-ші гвардиялық танк бригадасын қабылдап алған. Сөйтіп «52» цифрынан тұратын екі құрама: генерал Рыбалконың 3-ші танк армиясының құрамындағы 52-ші гвардиялық танк бригадасы мен генерал Мельничук басқаратын 84-ші атқыштар корпусының құрамындағы 52-ші артиллериялық атқыштар полкінің атағы жер жарды ғой. Біздің атымызды Украин ормандарының әрбір ағашы сағына қарсы алып, гитлершілдер зәресі ұша қорыққан. Бұл саяси сабақтарда сол кезде күнде айтылып жүрді. Біздер осылайша жігерленіп, алға қарай ұмтылдық. Ал Харун Омарұлын біз Омар деген әкесінің атына орай қазақ екен деп жүрдік. Сөйтсек қарашайлық екен. Соғыстан кейін Харун Богатырев Ташкенттегі танк училищесінің бастығы болды.

1946 жылы армия қатарынан босағаннан кейін 2-3 ай туған ауылым Талапта жүрдім де, Киров ауданының Амангелді колхозында тұратын нағашы ағам Әбділдәнің үйіне амандаса бардым. Бұл жерде де 10-15 күн жүріп, өз ағайын-туысымды, шешемді көріп, көңілді демдеп, сағынышты басқан соң, осындағы Октябрь колхозына жұмысқа тұрдым. Бірде учетчик, бірде мақта бригадирі, енді бірде зоотехник бола жүріп, әбден ысылдым десем де болады. Мұнда тұрақтап қалуымның мәнісі бар. Жұмысқа кіріскеніме 2-3 күндей болған еді. Бір күні мақта алқабына қарай алқын-жұлқын болып асығыс кетіп бара жатқанмын. Мамыр айы болатын. Бұл кезде тырма тартылады, шит себіледі. Шит құлақтанбай жатып жаңбыр ұрып кетсе, қайта себесің. Әйтеуір, тыным жоқ.

«Контор» деп аталатын қалқайған қоржын тамға келсем, жұрт жинала қоймапты. Сонадай жерде атынан түсіп, шарбаққа шылбырын іліп жатқан адамның түр-тұлғасы, бітімі сондай ыстық көрінді. Алдында аттан түсіп жатқанында байқамаппын. Енді бері қарай қашан бұрылар екен деп қақшиып, тыпыр етпей қалғанымды өзім де сезгенім жоқ. Бір кезде бұрылды, онымен қоймай бері қарай жүре бастады. Ойпырым-ай, мұндай да ғажап болады екен ғой. Кеше ме, арғы күні ме есіме түсіп: «Қайда екен Сақан аға? Тірі келді ме екен соғыстан?» – деген сияқты ойлар санамда жүгіріп өтіп еді. Ал енді мынаны қарашы, келе жатқан сол Сақан ағаның дәл өзі. Түс дейтін түсім емес. Бірақ орнымнан қозғала алмаймын. Аяғыма қорғасын байлап қойғандай, денем ауыр тартып бара жатыр ма, қалай? Бір кезде құлындағы даусым құраққа шыққандай болды. Соғыстан келгелі бері талай құшақтасулар, көрісулер, жыласа жүріп қуанулар болып жатыр ғой. Соның бәрі түк емес сияқты болып кетті. Жалғыз шешемнің көз жасын көлдетіп келіп:

– Жармаханбеттен қалған жалғыз тұяқ-ау! Аман-есен келдің бе, қарғам. Мойныма бұршақ салып жүріп тіледім ғой құдайдан осы күнді! Жармаханбеттің оты өшпесінші деп күттім-ау осы күнді, – деп аңырап келіп құшағына басқаны, ұзақ босатпай қойғаны есімде қалыпты. Талаптағы шоқайлардың бір-ақ пәсте жиналып, аңыраса көріскені, содан кейін үсті-басы, аяқ-қолы түгел ме дегендей тінте қарасқаны – ол да есте қалыпты.

Ал мынау бөлек күй еді.

– Сақан аға! Аман екенсіз ғой, Сақан аға, – деп алдынан тұра жүгірдім.

– Кребек, батыр-ау, осында жүргеніңді неге айтпайсың? Шаянның бір баласы бізге бригадир болып бекіді. Аты – Кребек! Соғыста болыпты. Армиядан босап келген беті екен, – деп әңгіме айтып отыр көрші әйел кеше кешқұрым. Елең ете қалғаным... Сол, келдім міне іздеп. Жүрегі құрғыр сезген екен ғой, аттай тулап... түнімен ұйықтай алмадым, – деді Сақан аға мені құшағынан босатқаннан кейін.

– Ал үйге жүр, қонақ боласың...

– Сіз қайда тұрасыз? Арыстан келдіңіз бе? – дедім сасқалақтап.

– Арыс қалды ғой. Осы Октябрьге көшіп келгенбіз, – деді Сақан аға, – тың жерді көтересіңдер деген тапсырма болды. Сонымен осындамыз. Енді бүгінше қоя тұрғын жұмысыңды. Қазанға етті де салған шығар. Кешіксем бір жақсылықтың болғаны. Қарайламай бұрқырата беріңдер деп тапсырма беріп кеткен едім апаңа...

Сөйтіп, Сақан аға мені ойлануға, бұрылып бұлтаруға шамамды келтірмей үйіне алып келді. Таралып өсіп қалған бойжеткен қызы бар екен. Кіріп-шығып жүріп шай дастарханын жасады. Одан бір кішілеу қызды біздің Әпизамен қатар ма деп қалдым. Есіктен сығалап, аң-таң болып ол жүр. Аты Үрзада сияқты. Үлкен қыз «Үрзада, ананы апар, Үрзада, мынаны апар» деп қояды. Сақан аға екеуміздің осылай қарап беттегенде бастаған әңгімеміз әлі таусылар емес. Одан не ұғып не қойып жатқанымды өзім де білмеймін. Бірақ көңіліме бір белгісіз алаң кіргенін анық байқадым.

– Тұмаш, самаурынды кіргізе ғой, балам! Шоғы басылды, – деген шеше даусы естілді.

Сол кезде барып Сақан аға да:

– Үлкен ұл Әлімханнан кейінгіміз ғой бұл Тұмаркүл. Шешесіне қолқанат болды деген осы. Тек әлі Арыс жақты ұмыта алмай жүр. Мектебін, бірге оқыған кластастарын сағынатын сияқты, – деп қойды.

Арыста ұмыта алмай жүргені – құрбылары болса, оның жарасы жеңіл-ау деген оймен мен де отырмын.

Сақан ағаның үйінде кішігірім той өтті десе де болғандай еді. Бір-екі қария, майданнан келген үш-төрт адам жиналды. Ол уақыттағы әңгіменің барлығы соғыс туралы болушы еді. Біз де сол арнадан ұзай алмадық. Бірақ, майдан даласында жүргенде берген уәдесі, екеуміздің сертіміз жайлы Сақан аға тіс жарған жоқ. Алғашында айтса екен деп күтіп едім, содан соң айтпай-ақ қойғанын да мақұл көргендеймін. Оған себеп те жоқ емес. Ең бастысы: «қазақ мынадай қызға құда түспей қарап отырушы ма еді» дейді ішкі ойым. Оның үстіне, әлгінде бір қария әңгімесін сабақтай отырып:

– Әй, Сақанжан-ау! Түнеукүні  үлкен қызыңа біреулердің құда түсе келгені жөнінде естіп едік, ыңғай бердің бе? Теңін тапса, қыз баланың өз алдына түтін түтеткені, отау иесі болғаны абзал ғой – деген. Үй иесі бұл сауалға мән бермегендей сыңай танытса да, үлкен кісінің сұрағын жауапсыз қалдырған жоқ.

– Е-е, ақсақал! Ол меймандарды күттім. Үйге келіп отырған соң ас-суымды бердім. Бірақ, «қызым әлі жас. Жаңа жердің ой-шұқырына үйрене қойған жоқпыз» деп қайтарып жібердім, – деді. Осымен бұл әңгімеге ешкім қайта оралған жоқ.

– Ет желінді, әңгіме-дүкен құрылды. Күн бесіннен өте ауыл адамдары шаруаларын айтып, орындарынан тұра бастады, – деп көкем жастыққа жантайғанда, сонау қырық жетінші жылдан сексен тоғызыншы жылға қайта түскендей болдық. Самаурындағы шай әлдеқашан басылып қалған.

– Көкең осындай ғой, – деді Тұмар апа, – бір әңгімені бастағанына бие сауым уақыт болды. Әлі аяқтаған жоқ.

– Е-е, оны аяқтап қайтем, – деді Кребек көкем, – отырсың ғой міне қасымда. Маған оның аяқталмағаны жақсы. Мына қырғыздардағы «Манас» жыры әлі айтылып келеді ғой. Жарықтық «Манастың» ырчылары бір киіз үйдің жасауын алты ай бойы тоқтамастан жырлайды екен. Менің соғысқа қатысқаным, ол жақта жүріп сені қалыңдыққа аламын деп болашақ қайын атама серт бергенім қай жырдан, қай эпостан кем? – деп шежіре шал бұл жолы тіпті көтеріле түскен.

– Әй, мақұл-әй! Содан кейін не болып еді? Менің, тіпті есімнен шығып қалыпты. Сенікі сияқты біздің миымыз тыныш емес,- деді Тұмар апа.

– Е-е, менікін кім айтты тыныш деп. Соғыстың салған «осколкалары» әлі жүр аяғымда.

– Қойшы, мынауың енді өтірік. Ондайыңды маған айтқан жоқ сияқты едің ғой...

– Бұрын айтпасам...ол кезде сені тимей қоя ма деп айтпадым. Ал қазір енді... қайда барасың? Содан айтып отырмын.

– Апам қасыңызда жүр ғой, көке, қырық жылдан бері. Дегенмен, Сақан атаның сертін естідік те, шешімінің қалай болғанын біле алмай отырмыз емес пе! Соны бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп берсеңізші, – деп мен Тұмар апаның жағына шыға сөйледім.

– Е-е, оны мына Тұмар айтсын деп, мен әдейі тоқтап едім. Бұл есімнен шығып қалыпты деп отыр ғой. Бәрін біледі. Қазір осында Қызбала келін келсінші. Ой, сайрар еді-ау, ә! Самаурындағы шайы да әнін салып тұрар еді, – деп көкем әңгімесін жалғастыратын сыңай танытты.

– Өзі қай жерге келіп тоқтадық? Бір қызық әңгіме-дүкен үстінде отыр емес пе едік, – деп көкем енді мені тексере бастады.

– Сақан ата сізді үйіне қонаққа шақырды ғой, көке. Ас желінді. Көрші-қолаң қайта бастады. Содан сіз де бірге кеттіңіз бе? Әлде, қалып қойдыңыз ба?

– Ә-ә, ия, ия! Содан бір қарасам сыртта мал сойылып жатыр...

– Көке, адамдар қайта бастағанда қандай мал ол сойыла бастаған?

– Тоқтай тұрғын енді. Оның себебін Сақан аға маған былайша түсіндірді. Ол кісінің үлкен баласы Әлімханның жұмыстан енді оралған беті екен. Көршілердің аяғы басылған соң «қабырғамызбен кеңесетін әңгімеміз бар» деді. Енді мен ыңғайсыздана бастадым. Ыңғайсызданғаным бергі жағы ғой. Тіпті, тісім-тісіме тимей, қалшылдап кеттім десем де дұрыс болатын шығар. Өйткені, әңгіменің не жайлы болатынын ішім сезеді. Төрт жыл соғыста жүріп бұлай болмаған шығармын деймін-ау сонда.

Содан қойшы, әйтеуір кеш батты. Әдемі жылы түн орнады. Бағанағы құж-құж қайнаған төргі бөлмеде төрт-ақ адам бармыз. Сақан аға, әйелі, үлкен баласы Әлімхан және мен. Кеңес көпке созылған жоқ. Сөзді Сақан аға бастады.

– Менің сендерге көп айта беретін қарулас інім Кребекті бүгін тауып алдым. Оқ пен оттың ортасында бірге болдық. Жаман соғыспадық деп білем. Мынау орден, медальдар соның куәсі, – деп төрде ілулі тұрған костюмін көзімен бір сипап өтті. – “За отвагуді” кеудемізге тағып тұрып екеуміз серттескен болатынбыз. Сол сертім – серт! Тұмашымды Кребекке беремін. Бұған сендер не дейсіңдер? – деген.

Бір сәт төргі бөлмеде ұшқан   шыбынның ызыңы естілетіндей үнсіздік орнады. Сақан ағаның бәйбішесі бір нәрсе айтқысы келіп оқталды да, айта алмады. Әңгіме тізгінін Әлімхан алды.

– Көке, сіздің шешіміңізге кім қарсы келеді дейсіз. Көзімнің ағы мен қарасы Тұмашымды ренжітпей жүрсе болды. Басқа не деймін, – деп Әлімхан да тоқтады.

– Шай әкеліңдер! – деді Сақан аға саңқ етіп.

Тұмаркүл мен анасы екеуі үнсіз жүріп шай жасады. Түннің бір уағында үйеме табақ ет келді. Сақан аға бата жасап, менің алдыма бас пен жамбасты қатар қойды. Ал бұдан кейінгі уақыттарда мен бұл үйдің дастарханынан тек төс мүжитін болдым.

Арада бірер жылдай уақыт сырғып өте шықты. Жағдайымды түзеп алғаннан кейін Сақан аға қызын өз қолынан ұзатты ғой. Міне, солай қарағым, бұл әңгіменің тарихы, – деп көкем бізді далаға бастады.– Қалған сөзді ағаштың көлеңкесінде отырып сөйлесейік. Үйдің іші қапырық бола бастады ма, ауасы тарылып кетті...

Бұл кезде күн еңкейіп, даладағы ыстықтың аптабы түсіп, айналаға мамыражай тіршілік орнай бастаған уақыт еді.

 

АЗ ЕСКЕРТУ: Ұлы Отан соғысының ардагері Кребек Жармаханбетов Украинаны, Белоруссияны, Латвияны, Литваны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысып, Ұлы Жеңісті Германияның Кенигсберг қаласында қарсы алған. Екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Соғыстан аман-сау елге оралғаннан кейін отыз жылдай ішкі істер органдарында қызмет етіп, милиция майоры шенінде зейнеткерлікке шығады. Құдай қосқан қосағы Тұмаркүл апа екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Тұмаш апамыз (ел солай атайтын) 1992 жылы өмірден өтті. Ал Кребек көке Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге тура 65 күн қалғанда бақилық болып кетті.

Сейітхан Зеберханұлы,

Баубек Бұлқышев атындағы

сыйлықтың лауреаты.

3111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы