• Руханият
  • 30 Сәуір, 2022

СӨЗ – АДАМ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының  докторы, профессор

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры,

жұмсайтын қаруының бірі

А. Байтұрсынов.

 

«Тіл - адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тіл арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып,  басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар. Жазушы, ақын деген сөз - ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толып тұрып, айтуға тілің жетпесе, іш қазандай қайнайды да. Қысқасы - адамның толық мағынасы мен адам аталуы тіл арқасында».

Мағжан Жұмабаев

Адамның бүкіл физиономиясы, нақтылай айтқанда, бет әлпеті, ішкі дыбыс жолдарының құрылымы адамның қандай сөзді  айтуымен, қандай тілде сөйлеуімен  тікелей байланысты. Ауыз, мұрын қуыстары сөзді айтқанда, қандай дыбыстардың  шығатындығына   орай  орналас-қан. Мысалы, қазақ тіліндегі дыбыстардың дауысты, дауыссыз, дауыстылардың жуан, жіңішке, дауыссыздардың қатаң, ұяң, үнді болып жіктелуі дыбыстардың шығуы  барысында олардың түрліше айтылуына қарай негізделген. Барлық тілдерде де осылай. Демек, барлық халықтардың сөйлеу, дыбыстау ерекшеліктеріне орай, олардың тыныс алу, өкпе қуысы, ішкі ауа жүру жолдарының орналасу, дыбыс шығару өзгешеліктері пайда болады.

Әріппен таңбаланатын дыбыстар сол адамдар тұратын табиғи ортаның ырғағымен тікелей байланысты болады. Ол орта дала, немесе таулы, орманды, не болмаса, суық, не жылы аймақ болуы, адамдардың қалада, не ауылда тұруы мүмкін. Түрлі ортаның өмір ағыны да – түрліше.   Әр түрлі дауыс ырғағымен сөйлетін ұлт тілдері сол халықтардың өмір сүру ортасының ыңғайымен ғасырлар бойы қалыптасқан. Әр адамның биологиялық ырғағы сол өзі өскен ұлтының, ортасының ұзақ уақыттар бойы жетіліп, ұлттық ерекшелігі болып қалыптасқан ырғағына сәйкес келеді. Адамның тілі ауысса, оның организмінде ырғақтық сәйкессіздіктер пайда болып, денсаулығына нұқсан келуі мүмкін.

Жалпы, адамзат баласының тыныс алу, дыбыс шығару органдары сырттай қарағанда, бірдей сияқты көрінгенімен де байқап қарағанға әр ұлттың өзіндік бет-әлпеттері байқалмай қалмайды. Моңғол тектестер домалақ бет, еуропалықтардың көбіне атжақты, кәрістердің қысық көзді келетініндей. Қазақтардың қазіргі физиономиялық бітімі, бет әлпеті ғасырлар бойы  сөйлеп келген осы ұлттық тіліне байланысты болса керек.

Бұл физиономиялық өзгешеліктер тек сол ұлтқа ғана тән дыбыстарға қатысты. Мысалы, ә, ө, і, ұ, ү, қ, ғ, ң,  һ секілді дыбыстар тек қазақ тіліне ғана тән болғандықтан да оның ұлттық сыпатын белгілейді.  Сондықтан бұл дыбыстар басқа ұлт өкілдерінің айтуына едәуір қиындықтар туғызады. Осы сияқты басқа тілді үйренген кезде сол тілге ғана тән дыбыстарды айту барысында қиналып қалатындығымыз да бар. Орыс тілінің е, в,  э, щ, ч, ц, ф, ь, я, ю сияқты дыбыстары бар сөздерін айтқанда, алғашында тілі бұралмаған қазақ жоқ шығар, сірә.

Демек, әріптің де ұлттық сыпаты басым екен. «Әріп дегеніміз, тіл де емес, білім де емес, салт-дәстүр де емес, бар болғаны белгілі бір ұлттың дыбыстық белгісі (знак) ғана екеніне мән беруіміз керек. Бұл орайда төл әрпін тұтынып отырған қытай, жапон, араб елдері, грузин, армян сияқты елдердің ешкімнен сорлы емес екеніне, керісінше сол елдерде ғана ұлттық төлтума мәдениет пен ана тілінің мөлдір таза күйінде сақтала шыңдалып отырғанына мән беруіміз керек. Түбі бізді әрісі америкалық, берісі еуропалық рухани экспансиядан қорғайтын бір тетік болса, ол ең алдымен, руника сияқты төл әрпіміз болу керек.

...Төл графика дегеніміз, ұлттың ең жарқын мәдени айғағы ғана емес, сонымен бірге, сол ұлтты ешқашан ассимиляцияға түсіртпейтін, тілін ұмыттыртпайтын ұлы қорғаны, қамқор анасындай рухани панасы болып табылады.

...Түркілік мәдени тұтастықтың бүкіл түркі халықтары үшін стратегиялық мәні бар. Көптеген түркі тілдес елдер бүгінгі таңда еуропалық, арабтық, қытайлық және орыстық даму үлгісінің  ықпалында отыр. Адамзаттық дамудың алдағы ұзақ жолын ой көзімен шолғанда, түркілік мәдениеттің өз жолы, өз арнасы болуға тиіс. Ондай жолға бастайтын соқпақ сүрлеу исі түркі халықтарына ортақ төл әрпі болмақ» (А. Сейдімбек. Шығармалар. 2-том, Астана, «Фолиант», 2010, 758-бет).

Әріп дегеніміз – таңба. Адам  жазу жазғанда әріптерінің қалай таңбалануынан-ақ  оның мінез-құлқы анық көрінеді екен. Дамыған елдерде адамның жұмысқа алуды сұрап  жазған өтінішінен-ақ ондағы жазуда әріптердің қалай таңбалануынан оның қандай адам екендігін біліп отырады. Израиль қылмыстық іс барынша тез ашылатын, тіпті ашылмайтын қылмыс жоқ ел саналады. Мұның бар құпиясы жергілікті полиция бөлімдерінде елде тұратын азаматтардың барлығының қолтаңбасы сақталып, олардың ішінде қайсысының қылмыс жасауға бейімі бар екендігі әріпті қалай таңбалауына орай алдын ала болжанып, ерекше бақылауда болады.

«Графология – адамның жазуы арқылы оның мінез-құлқын, ерекшеліктерін анықтайтын психология саласы. Әр адамның жазуы әртүрлі. Сіздің жазуыңыз нені сипаттайтынын білгіңіз келсе, төменге назар салыңыз.

Графология ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін бүтін бір ғылым ретінде қарастырылған. Ал қазір психологиядағы ойлау әдісі деп саналады. Кей америкалық компаниялар жұмысқа аларда жазуға мән береді екен. Ол әріптің көлеміне, азат жол салуына, қаламды ұстауына, қол қоюына байланысты бірнеше түрге бөлінеді.

Қандай жазу нені білдіреді?

Әріптерді үлкен-кішкентай қылып жазу оның қаншалықты көпшіл екенін көрсетеді.

Ірі жазатындар досшыл болып келеді. Ал ұсақ жазу керісінше тұйық адамдарға тән.

Әріптерді дөңгелетіп салатындар – мейірімді әрі жайдарлы адамдар. Ал бұрышы көп әріптер өзімшілдік, амбиция дегенді білдіреді.

Әріптерді бөліп, жалғамай жазатындардың түйсігі мықты болады.

Әдемі жазасыз ба?

Кей адамдардың жазуы әдемі болады. Оны каллиграфиялық жазу дейді. Ондай адамдар ұқыпты, тәртіпке тез үйренеді. Бірақ өз ойы, пікірі дұрыс қалыптаспаған. Ал жазуы нашар адамдар шығармашыл болып келеді.

Бас әрпін басқа әріптен өзгешелеп салатындар романтикаға жақын болады. Өзгені таңғалдырып, назар аудартқысы келеді.

Қаламды қатты ұстау.

Қаламды жай ұстап жазу әлсіз, ынжық адамдарға тән. Басып жазбайды. Ал қатты басып жазатындар табанды. Олар өз-өздерін басқара алады.

Жазу қай бағытқа қисайған?

Сөздердің бір бағытқа қисаюы да бір мәнді береді. Оңға қисайтып жазу: сезімтал, махаббатқа адал, қызғаншақ. Солға қисайтып жазу: тұйық, сақ. Тіке жазу: тұрақты, өзгеріске бейімделе алмайды, мүмкіндіктерін саралай алады. Жоғарыдан төменге қарай жазу: оптимист, ұсақ-түйекке қуанады. Төменнен жоғарыға қарай жазу: пессимист. Толқын тәрізді жазу: қулық, арамдық.

Әріп салу.

Бұл ілмектері бар в, д, з, у, ц, щ әріптеріне қатысты. Кей адамдар әріптің төменгі ілмектерін салмай кетеді немесе аяқтамайды. Мұндай жазу еркіндік, еркін ойлауды көрсетеді. Ал төменгі ілмекті жіңішке етіп салсаңыз, отбасыны бірінші орынға қоятын, сақ адамсыз. Төменгі ілмекті үлкен қылып салуға бейім адам көпшіліктің алды, ортаның гүлі болуға ұмтылады.

Қол қоюдың ерекшеліктері:

Сыртынан сызылып тастаған қол – энергия, күш-жігер;

Асты сызылған қол – пысық, кәсіп ашуға бейім;

Қоршалған қол – таныс емес жандардан тартыншақтайтын, жабық;

Соңы зигзакталған қол – ашуланшақ;

Соңы кескінделген, сызықшасы бар қол – эмоционалды;

Еш кескін, сызықсыз қол – ақылды;

Соңына нүкте қойылған қол – қырсық» (Н. Үсенова. Графология – жазу арқылы мінезді анықтау. «balbal.kz». 10.05.2020).

Өмір көрсетіп жүргеніндей, «тиянақты адамдардың жазуы өте ұсақ болса, жазуы аса ірі адамдар аңқау, әріптері бірі-бірімен сығылысып  тұрса икемді, әріптің өлшемі кішкентай әріптерден анағұрлым үлкен болса, ол адамның өзіне де, өзгеге де талапшыл, ал керісінше, бас әріп басқа әріптерден айтар- лықтай үлкен болмаса, оның қарапайым, жазулары оңға қарай еңкіш болса, оның иесінің мақсатты жұмыс істейтінін, солға қарай еңкіш болса, ол қара басын ғана ойлайтын өзімшілдің бет-бейнесін көрсетпек. Бірбеткейлер тік жазса, оптимистердің жазуы жолдан сәл көтеріліп шығып тұрады, олар жазуы толқынды, неғұрлым тік әрі тура жазатындар объективті, әр істі өзінше саралап-саралағыш болып келеді» (А. Сахариева.  Графология немесе жазудағы жасырын сыр. «Жас алаш», 16.01.2021,№2).

Ең бастысы таңбалардың жазу болып ақ қағазға түсуінің барлығы  дерлік адамның ойлау қабілеті, білімі, сана-сезімі, жан жүйесі, мінез типі, ата-бабаларынан тұқым қуалап келе жатқан тегі секілді көптеген  қасиеттерінен туындап жатады.     Сонымен бірге, кез келген адамның жазуына қандай қаламмен, қандай сиямен, қай жерде, қандай уақытта, қандай көңіл-күйде деген секілді  сол сәттік көптеген факторлар тікелей әсер етеді.

Мектепте оқушыларға көркем жазуды үйретеді. Дұрыс жазудың оқушы тәртібінің дұрыс қалыптасуына, сабақты дұрыс оқуына тікелей әсері бар. Әдетте, баланың жазуы өзгеретін болса, оның мінез-құлқында, жан дүниесінде де өзгерістер болады. Десек те әр адамның бойындағы тек қуалап келе жатқан қасиеттерінен хабар беретін белгілер қалып қояды.

«Сондай-ақ темпараменті жағынан холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик болып бөлінетін адамдар типінің әрқайсысының жазу мәнеріндегі ерекшеліктер де олардың табиғатын айналып өтпейді. Оның жарқын мысалы – орыс поэзиясының атасы А. Пушкин шығармаларын бала жасынан көз ілеспес жылдамдықпен жазған. Бұл – оның тумысынан холерик екенінің дәлелі. Қалай десек те, тірі тіршілік иелерінің ішінде тек жұмыр басты пенденің ғана қолынан келетін жазу машығы күнделікті өмірде үлкен- кішінің ойын қағазға түсіруінің бір формасы болып қала бермек» (сонда).

Адамның бүкіл тұрмыс-тіршілігі, тағдыры осы тілге байланысты. Сенің сөзің дұрыс па, өзің де – дұрыссың. Тілің шатақ болса, өзің де – шатақсың. Бұл жалғанда көрер бүкіл қызығың да, қиыншылықтарың да, бақытты-бақытсыз болуың да,  бір сөзбен айтқанда, бүкіл тағдырың осы сенің аузыңнан шыққан әрбір дыбысқа,  сөзге тікелей байланысты. Бұл туралы белгілі этнограф-ғалым, этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбек бақыт туралы толғанысында былай деп жазыпты:

«Бақыт қонды екен деп, өзіңді зор, өзгені қор тұтпағанға не жетсін. Бақытыңды өзгемен бөліскен сайын бақытты бола түсесің.  Мұндайда кеудедегі Бақыттың да мәртебесі асып, мерейі тасып, кісінің бойы өрлеп, жоғары қарай көтеріле  бермек. Көтеріліп барып, бір тоқтайтын жері  тіл көрінеді.

Бақыт тілге байлана бермейді, байланып, байырқалады дегенше, ондай жанның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болады. Көп ішінде сөйлеп, көсем атанады, көпке сөзі ұнап, шешен атанады, айтқаны келіп, «аузы дуалы» атанады. Қаһарланып сөйлесе, қамал алады, небір қисынның қисынын келтіріп, амал табады. Қылышынан қан тамған батырды тілінен бал тамған ақын алады. Халықтың «Өнер алды –қызыл тіл» дегені де сондықтан.

Мидың тайқазанында әбден қорытылып,  сайланып шыққан сөз жүйке жүйесі арқылы адамның бүкіл денесін билеп-төстеп, іс-әрекетін айқындап отырады. Сөздің құдіреттілігі соншалық, жай әншейін айтыла салған сөздің өзі-ақ адам организміне бақылауын жүргізіп отырады. Мысалы, сіз бір істі атқарудан жалтарып, «ауырып отырмын» деп, сылтау айтсаңыз, сол заматта ми жүйке жүйесі арқылы «ауыруға дайындалыңдар» деп, орындалуға тиісті бұйрық береді. Сол сияқты, ауыру адам «менің денім сау» дегенді айтып, ауыруды мойындамаса, ондай адамдардың сауығып жатқан жағдайлары өмірде жиі кездеседі. Сондықтан да әрбір адамның ойын, сөзін қатаң бақылауда ұстап, өзі туралы жақсы ойлап, өзгелерге жақсы сөздер айтып, көңілді жүруі -бақытты өмір сүрудің бірден-бір жолы.

Алайда «Басқа пәле – тілден» дегендей, тілге байланған Бақытқа ие болу екінің бірінің қолынан келмейді. Адам көңілінен азады, тілінен жазады. Өйткені, бал тамған тілден у да тамады, қысыр сөздің қырсығы көп болады, орынсыз сөзің өзіңді орға жығады, омақаса құлатады. Ең тәтті де тіл, ең ащы да тіл, ең жұмсақ та тіл, ең қатты да тіл. Сондықтан сөйлер сөзіңді түйеден түскендей емес, өлшеп, пішкендей етіп жеткізбесең, «айтылған сөз атылған оқ» сияқты қайтара алмайсың. «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп, сондықтан айтылған. «Ауыздан шыққанша, сөз сенің тұтқының, ауыздан шыққан соң, сен сөздің тұтқынысың». Сайып келгенде, сөздің қадірін білмеген, өзінің қадірін білмейді. Тіл қылыштан өткір, қылдан нәзік, байқамаған кесіп те, үзіп те алады. Ал тілдің кескені жазылмайды, үзгені жалғанбайды. Әдетте мұндай зауалдың кесірі көпке тиеді. «Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды» дегендей, байқап сөйлемей, шайқап сөйлеген жан тіліндегі Бақытты оп-оңай шашып-төгіп алады. Ауыздан шыққан дауасыз, пәтуәсіз сөзбен бірге Бақыт та желге ұшып, із-түзсіз, зым-зия жоғалады» (А. Сейдімбек. Шығармалары. Алматы, «Қаламгер», 2017, 413-414 беттер).  

«Сөзде де «жан» бар. Оның «қанын тамшылатып» жылатуға хақымыз жоқ. Оған нәр берсек, тамырына қан жүгіріп, бүлкілдеп ала жөнеледі. Кейде соның «тамыршаларын» қиып алып, қансыратып жүрген өзіміз ғой...

Сөздің зіл батпан салмағы болады. Жақсы сөз болсын, жаман сөз болсын, адам соған иланады, сенеді.Ғылым тілінде бұл  «суггестия» деп аталады. «Сөз сүйектен өтеді» деп, қазақ бекер айтпапты. Қазір сөздің адам тәнінің ДНК және РНК деңгейіне дейін өтетінін ғылым анықтап отыр» (А. Тымбол. Көңіл күнделігі. Алматы, «Елтаным»  баспасы, 2017, 9, 48-беттер).

«Адамдардың өмір сүруінің, тіршілігін жүзеге асыруының құралы – тіл. Адам – тілімен адам. Тіл – жеке адамның туындысы емес, қоғамның жемісі, қоғамның нәтижесі. Тіл – қоғамдағы адамдардың қарым-қатынас құралы. Сондықтан да тіл- қоғамдық құбылыс, қоғамдық қызметімен өмір сүретін құбылыс. Адамзат қоғамы даму, жетілу үстінде болады. Осы өзгерістердің бәрі тіл арқылы көрінеді, тіл арқылы басқаға жетеді.

Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың, ұлттық ұжымдық тәжірибесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Тіл-қысқасы, өмірдің ұлы қаруы»  (Д. Еруланова).

Сөз дегеніміз – мінез, ал мінез – адамның тағдыры. Адам сөзімен танылады; сөзімен – адам. Адамның ішінде небір ойлар жатады. Солардың ішінен ойлану барысында жақсы ойлар сөз болып сыртқа шықса, ол адам - жақсы, жаман сөздер айтылса, ол адамның психикасында ақаулық бар. Өйткені, барлық ауру стрестен, адамның тәні мен жанындағы сәл ауытқушылықтың өзі алдымен, оның ойына, сосын сөзіне әсер ететін болады. Дені мен жаны сау адам барлық уақытта дұрыс сөз айтады.

Әр адам сөзін ойланып айтып, сөзінде тұрғысы келеді; айтқанын іске асырады. Айтқанын іске асыру барысында оның адами болмысы, яғни мінезі барынша көрінеді. Адамдар айтқан сөзімен, сол сөзді атқарған ісімен танылады. Мінезді адамдар айтқанында тұрады; ал мінезі қалыптаспаған, немесе,  әлсіз жандар сөзінде тұра алмай, солқылдақтық көрсетіп жатады.

«Әдетте адамдар біреулер туралы «мінезі жаман» деп жатады. Жақсы мен жаманның бәрін мінезге саятын сияқты. Дұрысында мінез деп шектен шықпаған нәрсені ғана айтуға болады. ¬Мысалы, біреу түкке тұрғысызға күле салады. Біреу қарқылдап, сыңқылдап, енді біреу жымиып күледі. Тіпті осылардың өзі де орнын, мөлшерін тапса ғана мінез болады. Ал өлшемсіз, мөлшерсіз шектен шыққандық – мінез емес, олардың әрқайсысының басқа бір себебі болмақ. Мысалға, ашуланбайтын адам жоқ, бірақ шектен тыс ашушаңдық – мінез емес, психикалық кемістік. Мұны ешкімнің де мойындағысы келмейді, бірақ солай.

Осыған керісінше, эмоциясыздық та – адамға тән емес. Эмоциясын сыртқа шығармай, іште тежеп ұстап отыру – жасанды мінез. Кейде осылай ету керек те. Бұл – ұстамдылықтың бір түрі. Алайда барлық уақытта үнемі «ұстамдылық» көрсетуді ақтауға болмайды. Мәселен, үйге келген адамға бет бұрып қарамау, оған дағдылы ілтипат білдірмеу – осындай қылық. Бұл – ұнатпағандықтың белгісі. Егер бұл – ол адамның өзгермейтін тұрақты «мінезі» болса, онда бұл – табиғи мінез емес, «саяси мінез» болмақ. Байыптай білсек әртүрлі ситуацияларда көрініс беретін адамның сәттік әрекеттерін мінезге жатқызу қиын. Мұны олардың пенделік қарекеттері деп түсінсек лазым.

Адам мінезіне баға бергенде, көптің сөзіне ере беру де – қате. «Жұрт айтса – болды, көп айтса – көнді, Әдеті ¬надан адамның» (Абай). Шындықты бетке айтқанды, әсіресе өзінің кемшілігін айтқанды ұнататын адам сирек. Көптің сөзіне сайсаң, шындықты айту – нашар мінез. Жақсы, жаман мінезге баға бергенде мұны да есте ұстамақ керек. Сол Абайдың өзі де кезінде оразбайлардың көзінде «мінезі жаман адам» атанды емес пе. Ендеше, адам мінезіне баға берем деген кісінің бас қаруы – қара қылды қақ жарған әділдік болмақ керек. Ал әділдікті ұстанған адамның жақсы атануы – қиын нәрсе... Осыдан келіп, адам мінезі туралы кесіп-пішіп бір нәрсе айтудың өзі де оңай емес...

Адам мінезінің жағымдысы да, жағымсызы да жетерлік. Оны әркім өз безбенімен бағалайды, өз талғамымен танып біледі. Қанша адам болса – сонша мінездің барлығы да ақиқат. Мұның бәрін саралау, сараптау философтардың, психологтардың еншісі. Ал біздің көріп жүргеніміз күнбе-күн кездесетін, білетін мінездердің әр-алуандығы. Адам мінезінің тез өзгеріп, тез құбылатын түрлерінің өмірдегі көріністері, бетпе-бет ұшырасулары түрлі ойларға қалдырады. Мінез құбылмалы дейін десең де, мінезінен айнымайтындардың да барына күәгерміз.

Демек, Мінез – адамның жаратылысы. Жаратылыс – жүрекке жүгінеді, жүрекке бағынышты» (Ж. Дәуренбеков. Мінез туралы миниатюралар.  «Ана тілі», 15.04. 2021).

«Тіл – жанды нәрсе сияқты: тіріледі, өседі, жоғалады. Өнер-ғылымға аяқ басқан жұрттың тілі өсіп, көбеймек, тілі күшейген жұрт – өнерлі де болмақ. Тілі жоғалған жұрт – әдет-ғұрпынан, мінезінен айырылып, ақырында жұрттығы да жойылмақ. Тілін тірілту, жоғалту – халықтың өзінен һәм оқымысты, білімді адамдарынан» (Жүсіпбек Аймауытұлы). 

«Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен, ата-ана - кінәлі» (Бауыржан Момышұлы). 

«Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл» (Герольд Бельгер).

Ана тілінің адам өміріндегі маңызы, қадір-қасиеті жайлы ұлыларымыз не бір ойлы сөздер айтқан. Бар мәселе осы қасиетті тілімізді бақытты болу жолындағы күнделікті тіршілігімізде орынымен пайдалана білуде жатқан сияқты.

Адамның қалыпты өмір сүруіне тіршілікте көп кездесетін түрлі келеңсіздіктерден сақтандыратын қазақтың тыйым сөздері  де көмектеседі.  Тыйым сөздер ғасырлар бойы халқымыздың рухани жағынан жетіліп, ұлттық болмысымыздың сақталуына қызмет етіп келе жатқан қасиетті  ұғымдарға айналған. «Ұлтымыздың ұлы ұғымдары, қастерлі қасиеттері аз емес. Соның бірегейі – қазағымның тыйымдары. Жақсыға жақын жүр, пенделік қылықтан бойыңды да, ойыңды да аулақ ұста, адамдықтан кетпе, адалдықты сақта, соны серік ет, одан кетсең надандықты қойып, айуандықтың күйін кешесің дейтін үлкендер. Осындай кісілік пен кішілікті ұқтырар ұғымның арғы жағында кемел бол, кең бол, кем болмайсың, үлкенді танып, кішіге қарайлассаң, теріс мінезден аулақ жүрсең қарғаға тән күйкілік қалып, ертең-ақ қыран тірлікпен самғайсың деген ғаламат ғақлия жатқанын кейін білдік.

Қазақ тыйымдары – асыл қасиеттерді танып-білуге арналған бабалар өсиеті, тəрбие құралы деуге тұратын құндылық. Əр сөздің астарында том-том кітапқа татитын керемет қағидалар бар. Тереңдеп барсаң, дүние танымыңды тарау-тарау жолға бастайтын ой қайнарлары бастау суындай шымырлап жатады. Мысалға жүгінелік: «Бос бесікті тербетуге болмайды; жаңа туған баланың кіндігі қатқанша, күн батқаннан кейін оттың күлін шығармайды; басты шайқауға, тісті қайрауға болмайды; отпен ойнама, от басын сабама; құс ұясын бұзба; таңдайыңды қақпа; басыңды шайқама; көкке, желге қарап түкірме...» – осылай кете береді...

Шынына келсек, тыйымдардың түп- -тамырында тəрбиелік қағидалармен қатар, темірдей тəртіп те жатыр. Ол заңмен, оның сан тарау бабымен емес, қысқа да нұсқа түйінімен түйінделген. Оны бұрынғы жақсыларымыз баласы ес кіргеннен санасына сіңіріп, айталық бос бесікті тербетудің жақсы ырым еместігін, басты шайқау, тісті қайрау жүйке сыр бергендігінің белгісі екендігін, көкке, желге қарап түкіру – түкірігің өз бетіңе келіп тиеді деп, тəртіп бұзбай жүруге үйреткен.

Осы күні бұл тəртіпті əлсіреттік. Əр үйдегі бір-екі бала не айтса соны орындап, заң қағидасындай қалыптастырып алғанымыз да рас. Өзім білемдік осыдан шығып жатыр. Ертең ұрпақты жат қылыққа ұрындырып алмас үшін бүгін бүтін іс істемей, жартыкештікпен «жарылқасақ», ертең өкіну былай тұрсын, опынып қалуымыз мүмкін. Қанында, жанында, ділінде бар ұлттық тəрбие ғана халық қабырғасын қатайтады. Кімнің де болса сүйегімен бірге жаралған қасиет жыл ғана емес, ғасырлар өтсе де жойылмайды, бір түйіршігі сəтін салғанда көрінбей тұрмайды.

Иə, заманның өзгеруіне байланысты кейінгі болмыс уақытша желпінгенмен – түптің түбінде тек тамырына тартпай, тіпті таппай қоймайды. Оны айтасыз, өзге ұлттың өкілі саналып кеткен атақтылардың арғы жағына үңілгенде, тамырындағы бір қасиет бабаларында бар жаратылыс пен ұштасып жататынын тарих таразысы екшеп, ақиқатын алға тартып келеді.     

«Қызға қырық үйден, қала берсе қара күңнен тыйым» дегенді елемей, оны айтатын ана мен əке күнкөрістің қамы мен кетіп, біраз қыздарымыз жаман атқа ілінді. Бұл үшін олардан бұрын өзімізді жазғыруымыз керек секілді. Алдыңғы толқын өзінің айбынымен көрініп, ұлттық тыйыммен тəрбие беріп, тəртіпті жолға сала алмаса, жас шыбықтың бір жағына қарай бұрала өсуі табиғи құбылыс демеске шараң қайсы?

Біз көбінде еркіндікті желеу етіп, өзіміз де, ұрпағымыз да еркелікке ұрынып, тəртіптен ауытқып, тəрбиеден көз жазып қала беретініміз жасырын емес. Əркім өзі біледі деген «қағиданы» желбегей жамылып, ұл-қызды бетімен жіберуден тапқан пайдамыздан гөрі, зиянымыз көп. Оның салдарынан құтыла алмай əлек болып жүргенімізді де жоққа шығара алмаймыз. Мұндай жүйесіздік жүйкені тоздырары да сөзсіз. Егер ұлт тағылымы əр қазақтың бойында тұрса, тыйымдар көңіліне орнықса, жат қылықтар тыйыларына иманымыз кəміл. Оған арғы бүтін қазақтың тірлік-тынысы мысал бола алады.

Иə, заманды көлденең тартып, бірімізді біріміздің жазғыратын, басқаларға кінə артатын тұстарымыз да жоқ емес. Бүгінгі таңда əлемді уысында ұстап отырған дерт жағаға ұмтылып жағаласып жатқан тұста бізге кінəласу мен күнəласу күпірліктей көрінеді. Бір болу, бекем болу ғана сын сағаттан алып шығатыны күмəнсіз. Бұл сынақ алдында ұзынды-қысқалы бес саусақ емес, білек, жылы жүрек керек болып тұр. Бұрында қазақ көп сұмдықты көрген. Бізге бүгін оны айту міндет емес, елдің бірлігін көрсету, сол арқылы сыннан сүрінбей өту –парыздың парызы. Бұл – кейінгі ұрпақ үлгі етер ұмытылмас тірлік. Осымен тарих бетінде, ұрпақ есінде қалуға болар.

Осы жерде қазақ тыйымдарындағы тəрбие мен тəртіпке шақырған қағидаларды көкейімізде жаңғыртып, онда кие мен құттың барын ұқсақ ұтылмас едік. Қай-қайсымыз да: «Үйге оң аяғыңмен кір, құт қонады; ұрлық, зорлық қылма, құрдымға кетесің; баланы шошытпа, атқа теріс отырма; адамға қарап қолды шошайту əдепсіздік болып табылады; ас ішіп болған соң «тойдым» деме, қанағат де; босағаны керме, табалдырықты баспа...» басқа да халықтық қағидатқа ден қойсақ, ұлтты ұлт ететін өзгенің өзімшілдігі, əлем-жəлемі емес, өз құндылығымыз десек, қане. Тыйымға тыйылған, құндылықты құнттаған ұлт адаспайды, жолынан ауытқымайды». (С. Мәмет,  «Егемен Қазақстан», 14.04.2020).

Адамның денсаулығы мен қоғамдағы орны оның өзін қалай ұстап, қалай сөйлейтіндігіне тікелей байланысты. Тілі жақсы «жылы-жылы сөйлеп, жыланды да інінен шығарады», сөйтіп жақсы сөздің жақсы энергиясы айналасындағыларға позитив әсер етіп, оның алдындағы жол ашылады. Ал айтар сөзге мән бермей, қалай болса, солай былапыт сөйлейтіндер, басқасын былай қойғанда, байқамай аузынан шығып кеткен бір ауыз сөзі үшін жанында жүрген жан жолдасынан ажырап қалуы мүмкін.

Демалыссыз еңбек етіп, тыным таппаған актриса Әсел Сәдуақасова әлеуметтік желіде денсаулығының сыр бере бастағанын айта келіп, қазіргі таңда өзіне көңіл бөліп, өмірлік құндылықтарын қайта қарағандығы жайлы ағынан жарылыпты:

«Менің бұлай өзгеруіме не себеп? Күнде маған оқырмандардан осындай сұрақтар келеді. Неліктен ерте тұрамын? Психологияны неге зерттей бастадым? Қазіргі күйіме қалай келдім? Алдымен, бұған дейін не болғанын, мені өзгеріске не итермелегенін айта кетейін. Мен, шынымды айтсам, тыным таппай еңбек еттім. Кинотуындыларға түсіп, өз тыңдармандарыма ән айтудан жалықпайтынмын. Бірақ күн өткен сайын жағдайым нашарлап кеткенін сездім. Ұйқым бұзыла бастады. Тіпті, мүлдем ұйықтамайтын болдым. Етеккірім де бұзылды. Нәтижесінде, күйзелістен 12 келі салмақ қостым. Ештеңеге зауқым соққан жоқ. Әдемі киім кию, өзіме қарау мүлдем көмектескен жоқ. Тіпті, айнаға қарағым келмейтін еді», – дейді актриса.

Оның айтуынша, «Дәрігерімнің «Бұл түріңізбен әрі кетсе, бір жарым жылға шыдайсыз», – деген сөзі барлығын өзгертті», – деп, дәрігердің бір ауыз сөзі оны тәубесіне келтіріп, өміріне үлкен өзгерістер әкелген («Алаш айнасы», 09.09.2021).

Психологтар аз сөйлеудің, тіпті үндемей қалудың адамның өзінің де, өзгенің де  денсаулығына, тағдырына пайдалы екендігін, нені болса да ойланып айтуды  ескертеді. Көп сөйлейтін мақтаншақтар мұнысы арқылы жетістіктерге жете алмайды, керісінше бір сөзінде болмаса, екіншісінен артық-кем сөздер кетіп қалып, бірдеңені бүлдіріп алып, абыройынан жұрдай болуы әбден мүмкін; оның үстіне ұзақ сөйлеумен бірге бойдағы күш-қуат та әлсіреп, қалжырап қалатыны тағы бар.

Сөйлеу мәдениеті адамның ғана емес, ұлттың, мемлекеттің де даму деңгейін аңғартады. Жапония, Оңтүстік Корея, Германия сияқты экономикасы дамыған елдердің халқы да – мәдениетті.

Өмір дегеніміз тура жүріп өтетін асфальт жол емес. Адам қарама-қайшылығы мол қоғамда  өмір сүретіндіктен де түрлі жағдайларға душар болып қалуы – өмір заңы. Қандай жағдай болмасын, адам ашу үстінде артық-кем сөздер айтып қалмауы жөн. Өйткені, ашу үстінде адам ойланып үлгермейді; ойланбай айтылған сөздің артық-кемі болып, ол өз кезегінде бірдеңелерге тиіп кетіп,  басты шатып жатады.

Сонымен, сөз дегеніміз – адам, адамның тағдыры. Сөз адамды да, бүкіл әлемді де билеп тұр. Сондықтан да әрбір адам аузынан шыққан әр сөзін ойланып барып, толғанып барып, айтылатын кезінде барып, айта білсе, ол оған бақыт сыйлайды.

3003 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы