• Әдебиет әлемі
  • 30 Наурыз, 2022

ТАЛЫС-ТАҒДЫР

Айжан СЫЛАНОВА

Көпқабатты қазыналық үйдің сұрғылт қабырғалары адамның жанын жабырқатып-ақ тұр. Бұл үйдің тұрғындары – өмірдің алуан түрлі ағыстарымен жан-жақтан тағдыр тоғыстырған жандар. Бұл жердегі әрбір жанның тағдыры бір-бір кітапқа арқау боларлықтай. «Қарттар үйі» деп аталатын бұл үйге ешкім де өз еркімен келмейді. Кез келген адам солай деуі әбден ықтимал. Десе де жалғыздықтан жаны жабырқаған, адамдардың қатігездігінен жаны түңілген кісі де келеді екен. Біздің кейіпкеріміз Әлима әжей де сондай жан.

Самайына тағдырдың тауқыметке толы тайғақты жолдары қалдырған ақ шаштары жастықтың бетін сипалай қалса, көз шырымын алуды ойлап, қиындықтың куәсіндей болған әжім басқан көздерін жұма қалса болғаны, өткен өміріндегі  жұмақта жүргендей сезілетін сәттері ең ғажайып түстей лезде орала қояды. «Зәулім сарай емес , шағын ғана жылулықтан арылмайтын үйдің бір бөлмесінде жаюлы тұрған дастарқан. Көзді қызықтырардай, тәбетіңді ашып, сілекейіңе дейін шұбырта түсетін астың түр-түрі ол жерде тіпті де жоқ, алайда сары май менен қант қана қойылған бұл үстелдің басында «кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін» нағыз бақыттың құсы орын тепкен еді». Осы тәтті түстерім қайтадан оралса дейді ол. Кенет оянып та кетеді, осы сәттегі оның қос жанарынан төгілген тамшылар басындағы жастығын дымқылдап тастайтын. Көз жасының кермек дәмі шерменде боп қатқан көкірегінің тоңын сәл жібіткендей...  Өткеніме өңімде оралмасам да, мен көрген түс  жалғаса түссе дейтін ол кісі. Бірақ кейбір дүниелер біздің қалаған ертегідей бола бермейтіні белгілі. Әйтпесе оның несі өмір?

Бүгін ол тағы да жылап тұрды. Тасбауыр тағдыр ғой оны жылатқан. Жүректегі жара, көңілдегі қаяу солғын тартқан, ашаң жүзді қарияны бар қызығынан баяғыда-ақ арылтқан.Тіпті ақтық деміміз таусылғаннан кейін ғана ең соңынан ғана өлетін үміт дейтін нәзік шырақ бұл кісіде әлдеқашан сөнген. Өйткені өзін тірі өліктің қатарына қосып қойған. Тек Алладан келген бұйрықты асыға күтетін, құдды сонда ғана жаны жай табатындай. Бірақ сан тараулы жолдары бар тағдыр оны не үшін осындай бейшара күйге  әкелді? Ертеңгі күннің таза парақтарына тағы қандай оқиғаларды шимайлап қойды екен? Қариялар үйінің терезесінен үнемі  өткен-кеткенге телміріп отыратын Әминаның  жан дүниесіндегі алай-дүлей боранды кім түсінбек?..

Өзінен басқа өзгеге, тіпті қас жауына да тілемейтін бұл тамұқтың басы біз ойлағаннан да тым тәтті болатын.

 Жазғытұры. Табиғат-ана жасарып, жаңа босанған әйелдей ажарланып, әдеміленіп кеткен. Бүгін мырза табиғат тағы бір қуаныштың боларын сезгендей, күллі жаратылысына бар сұлулығын жомарттана құрбан еткен. Ауылдың маңындағы өткен-кеткен жолаушы бетін жуатын қасқа бұлақтар да, біріне-бірі сүйеніп өскен тал-теректер де, көрінген көздің жауын алатын гүлдер де  бір-бірімен сыбырласып, сыр бөлісіп жатқандай. Күллі әлем көңілді күйге оранған күні олар отау құрып, жаңа шаңырақтың иесі болды. Жаратқанның қалауымен жаңа өмірге қадам басып, екі жарты бір бүтін атанды.  Бұлаңдаған он тоғыз жасар «айға сіңлі, жерге қарындастай» болған ару өзінен бес жас үлкен қалаулысына қалай ес-түссіз ғашық болып қалғанын да бір кездері сезбеген. Көгершіннің қанатына хат байласып, хабар алысып, сүйген жүректің сезіміне ерік беріп, махаббат дейтін алапат өрттен қайнаған қос жүрек көп ұзамай-ақ арманына жеткен. Олар үшін бүгінгі күн – мәңгілікке татитын тойдың күні. «Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер».

Шаңырақтың шаттығы болар перзентін асыға күтті екеуі.  Екі жыл күтті, үш жылды артқа да тастады. Алайда ақ халаттылар балалы болу мүмкін емес екенін хабарлағанда, төбесінен жай түсіп, суық суды мойнына әкеп құйғандай күй кешкен. Қу тіземізді құшақтап, сәбисіз өтеміз бе деген ой жандарын жегідей жегенімен, барға шүкіршілік, жоққа қанағат қылып, ағысының қарқыны қатты өмірлерін жалғастыруға тура келді. Бала асырап алуды да ойлаған, алайда көңілдеріндегі үміттің ұясы асығыс шешім қабылдамауды да қалаған еді.  «Қанша уақыт өтсе де балалы бола алмағаны қалай? Әй, бірақ маңдайларына жазғаны ғой. Көнеді де. Біраз жыл өтті ғой, қашанғы осылай жүрмекші?» Ауылдың әңгіме құмар әйелдері басқа жұмыс жоқтай сыбырласып жататын. Мән бермей, керең болғандай көрінсе де, ащы тілдерінен төгілген жиіркенішті өсектер құлақты кесіп жібергендей күйге салатын. Шыдамның да шегі аяқталуға шақ қалғанда,  олар  Қарағанды  қаласына көшуге бел байлады. Жаңа қала уайым-қайғыны сейілтпесе де, олар жұмақтай көрінетін, аңқыған сәбидің тәтті иісін сағынышпен күте берді. Күні-түні қос алақанын жайып, жалғыз перзентті дұға қылды. Жұма сайын шаңырағынан майдың иісін шығарып, күлше таратып, мешіт босағасын аттап, ақ жүрегіменен, адал пейіліменен, шын ниетіменен тілейтін.

Алланың құдіреті-ай десеңізші, кең ғой, шіркін. Әмина отыз жасқа  келгенде шекесі торсықтай ұл тапты. Тоғыз айдың өзі тоғыз жылдай көрініп, сәбиін қолына алғанша асыққаны әлі есінде. Толғағы басталысымен, толқыған жүрек кеудесінен ұшып кетердей сезінген. Іңгәләған дауысын естігенде, қызыл шақалағын бауырына алып, кішкентай алақандарын кезек-кезек сүйе берген. Міне, нағыз махаббат! Дүниенің ешқандай байлығымен теңесе алмас, айырбастауға да келмейтін бақыт екендігіне ешкімнің де таласы жоқ болатын. Сары уайымға салынып жүріп, сағына күткен баласының есімін Сағындық деп қойған. Әке бақыты мен ана бақытының қандай екенін ерлі-зайыптылар енді сезінгендей еді. Бәрі де керемет, солай болады деп ойлағанбыз біз де. Алайда тағы бір күтпеген тосын жайт. «Балаңыздың жүрегінде ақау бар». Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады деген рас екен. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады, талай аты шыққан ауруханалардың табалдырығын да тоздырған еді. Болмады.  Емдеуге келмейді деп кері қайтарғандары қаншама. «Адам үш күннен соң тозаққа да көнеді»  демекші, күн өте келе бұл жағдайға да еттері үйренді. Ертең баламның жағдайы не болмақ деген сандаған ойлар әке мен ананың санасын қанша билеп-төстесе де, ауруды  берген Алла емін  де қоса берер деген оймен  атар таңға бар үміттерін артып,  сеніммен қарайтын. Жалғызының асты-үстіне түсіп, тапқан-таянғанын перзентінің аузына тосып, соңғы тәттіні де өзің жей ғой  деп, алдына ысыра үйіп, айналып-толғанудан бір уақыт болсын жалықпайтын. Құлдыраңдай шауып, бауырына кіріп еркелеген Сағындықтың тәтті қылықтары уайымды бір сәтте сейілтіп жіберетін. Кей кездері баласының жүрегі сыр бергенімен, уақыт  барлығына емші демекші, бірте-бірте соқыр үрей ұмытыла да бастады. Он беске келген бала жігіт ес біліп, ақ пен қараны ажыратып, ата-анасының шексіз қамқорлығына, жердің тарту күшінен мың есе артық жылулығына  бөленіп жүрген шағы еді.

Әбдіғафар Қарағанды шахтасында тынбай еңбек  етіп жүрген  болатын. Түздегі жарының аман-есен келуін тілеп дұға қылудан бұл да шаршамайтын. Бүгін ол тағы да жұмысына аттанбақшы. Жұбайын есіктен шығарарда қимай қоштасып, маңдайынан сүйген күйеуін әрең аттандырған. Бір сұмдықты сезген болса керек. Бүгін көптен қорқынышын сейілткен көңіл құрғыр тынышталмай, жанын қоярға жер таппаған әйел жүрегі сыздай берді. Бір жамандықты сезген де шығар, кім білсін?..

Кешкі жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмайтын Әмина бүгін сол әдетінше теледидарды уақытында қосты. «Қарағанды шахтасында адам шошырлық үлкен жарылыс орын алды. Бір үңгуші тілге келмей сол оқиға орнында қаза болып, ал бір кісі қатты жарақат алып, жан сақтау бөлімінде  өлім мен өмір арасында арпалысып жатыр». Өз көзіне өзі сенер-сенбесін білмей бір орында состиып тұрды да қалды. Сол сәтте телефонға түскен қоңыраудан селт етіп, дереу тұтқаға жармасты. Соғыстағы қаралы қағаздай келген суық хабар оның өмірін күл-талқан еткен еді. Талай жыл ыстыққа бірге күйіп, аязға бірге шыдап, құлағанда сүйеу, сүрінгенде демеу болған сүйікті Әбдіғафары енді жоқ. Енді олар ешқашан бір-біріне еркелеп, кешқұрым тәттілерімен шайды да ішпейді, ренжітіп алса, «менің аппақ кемпірім» деп көңілін табатын ең ыстық сөздерін  ести  алмайды, «папа» деп мойнына асыла кететін жалғыз ұлының әкесі енді үйіне қайтып келмейді. Түнерген аспан, төңкерілген әлем, нөсер жауын да толастайтын емес. Құдды азалы күннің белгісі ретінде ол да жылап тұрғандай. Бірер күннен соң Құдай қосқан адал жарының намазы да өтті. Көнбеске амал бар ма, алайда жапанда жалғыз қалған әлсіз шынар шарасыз күйде қалса керек. Тағы да зымиян уақыт емші. Енді оның жалғыз сүйеніші, серігі де сенері де, бары да, нары да баласы ғана. Әкесінен мәңгіге айырылғанына ол да іштей налитын, осы жағдайдан кейін ауру жүрек күннен-күнге әлсіз болып барады. Анасының уайымдайтынын біліп айтпаса да, уыты қайтқан аурудай анда-санда сыздап қоя беретін. Ал бүгін түсінде ол әкесін көрді.

Қайда жүргені белгісіз. Тек жанына қонған құстар ғана оған бір белгі бергендей. Кенет алысқа көз тастады. Аппақ киімдегі әкесін көргенде баланың жұдырықтай жүрегі езіліп қоя берді. «Жаныма кел, сені сағындым» деп ұлына қолын созған күйде ғайып болды. Көптен бері қаңырап бос қалған әкенің орнын кім толтырсын? Көшедегі адам өз  әкеңдей болушы ма еді? Көрінгенді «қорғаным» деу ақылға сыймайтын дүние ғой.

 Осы түстен кейін бала жігіт әрең оянды. Ақтық демінің таусыларын, ажалының жақындағанын пенде сезеді деуші еді. Ол да сезді. Анасының қасына барып, ыстық құшағына тығылды келіп. Әмина қу күйбең тірліктен әбден қажығандықтан, бауыр еті баласын бауырына басып тәтті ұйқыға кеткен. Ал ұйқыдағы адам өлген адаммен тең. Таңертең таң шапағы түскен бойда оянған ол жанындағы ұлының мұздап кеткен денесін ғана көрді. «Құлыным, тұршы қане, ояншы» деп жыламсырап, әрі жұлқыды, бері жұлқыды. Дүние астаң-кестең болып, көзі қарауытып, аяғының асты теңселіп тұрғандай не істерін білмеді. Мәңгі ұйқыға кеткен ұлының кең маңдайынан соңғы рет сүйгені, міне, осы еді. Құдайға да жақсы адам керек деуші еді. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін ана жүрегі енді кім үшін алаңдамақ, кімнің басынан сипап,арқасынан қағып, қос бетінен кезек-кезек еркелетіп сүймек. Енді өмірдің мәнісі де қалмады.  Әмина баласының қазасынан кейін атар таңды көзімен атырып, ұйқы дегеннің не екенін де ұмытқан. Жаратқаннан бауыр еті баласы мен жан жарының о дүниеде жұмақтан орын табуын жалбарына сұраудан бір шаршамайтын. Баласының қырық күндік және жылдық асын берді. Енді  осы бір қарбаласқа толы қазандай қайнаған қала тіршілігінде оны ұстап тұрарлық ештеңе қалмаған. Зират басына барып, дұғасын оқыды. Құлыншағының құлпытасын құшақтап, кеш қарайғанша отырды. Мұздай тас езіліп отырған ана жүрегіне емші бола алмады. Қара тас мелшиген күйі түкті сезбеді.

Әмина  ауылға оралды. Туған-туыстың арасы, әке-шешесі мекендеген құт-мекен. Бірақ осы ауыл Әминаны құшақ жая қарсы алмады. Жаны жабырқап, қайғыдан қан жұтып келген өзі де солай қабылдады ма екен? Ол жағы беймәлім.  Әмина жалғыздықтан ішқұса болып өлуден қорқатын.  Сол үшін әпкесін келіп паналады. Қолында келіні мен баласы бар бауыры оны сыртқа теппеді,керісінше жанының жарасын емдеймін деген оймен қолдан келгеннің барлығын да жасайтын. Бес-алты жылды артқа салып,бар қайғы ұмытылмаса да, енді ғана ес жиған Әмина көп ұзамай бауырынан да айырылды. «Шыда, жүрек ,шыдай түс, шыда тағы,мына өмір шыдамдыны ұнатады». Жақын деген жандарынан аяусыз айырған қарғыс атқыр тағдыр оны қанша қинаса да, тағы да төзуге тура келді. Тек келіні сыйдырмады. Қабағын шытып, болмашы нәрсені сөз етіп, тырнақ астынан кір іздеп, үйдің берекесін қашыратын. Көнбеске амал бар ма? Көргенсіз деуге қимайды-ау. Жасы келген қауқарсыз Әмина  бұрынғыдан да қатты әлсіреп,жиі-жиі ауыра беруді де шығарды. Ыстық сорпаны аңсап, басын көтере алмай қалған сәттері қатты қиналатын. Келіні үстінен аттап өтіп, адам құрлы санамайтын да. Жиенінің сөзі әйеліне жүрмейтінін ол әлдеқашан білген. Бір күні «Сенің анаңның бауыры шаршатты мені, кәрі қақпастан қашан құтылар екенбіз, қашан Құдай алады екен?   Қолына таяғын ұстап, қалт-құлт етіп қалтырап жүреді де қояды. Бізге тигізіп жатқан пайдасы да жоқ. Көзін құрт оның!» деген сөздерді құлағы шалды. Мөлдіреген жанардан төгілген тамшы жастар тағдырға деген  ызадан, өкпеден, ашудан туған еді. Дәрменсіз пенденің мұңын кім түсінбек? Ең берік, мықты тері – өгіздің терісі талыс деп жататын баяғыда үлкендер. Әминаның сірі жаны сол талыстан жаратылған сияқты. Тағдыр дауылын соққан сайын, өз бойын тіктеп алар бір күш табылатын, әйтеуір...

Торға қамалған құстай қорқынышпен өмір сүргеннен дала кезген диуанадай ғұмыр кешкен мың есе артық. Бес күндік жалғанда өзін қамшының астына алып, тауқыметін үйіп төккен тағдырға төзгенімен, бірақ кесапаты көп келінінің қатігездігіне шыдай алмады. «Кәрі қақпаспен» шектелсе жақсы ғой, алайда кешегі күннің еншісіне тастап кеткен қайғылы күндерін есіне салса, жүрегіндегі жараға у сеуіп, осып-осып алғандай күй кешетін. Әрі үндемеді, бері үндемей сабыр қылды. Болмаған соң қарттар үйіне өз аяғымен барып, өмірінің соңғы күндерін, ең болмаса қалған аз ғана уақытын  тыныштықта өткізуге бел буды. Қадалған жерінен қан алмайтын ақымақ келіні «атаңа не істесең, алдыңа сол келетінін» білмейді-ау шамасы... 

Барынан айырылғалы қасындағы жалғыз сыр сандығы – жұбайының туылған күнінде сыйға тартқан көне қара радиосы. Жүрегіндегі қызыл орамалға түюлі сақталған бар шері мен мұңын осы дүние ғана түсінетіндей, қосылған баяу әуенді бәрінен артық санайтын. Музыканың өзі адамдардың енді қайтып жазылмайтын жарасына, айықпайтын дертіне ем болады екен-ау. Қариялар үйінде өзі сияқты қарт адамдар аз емес, әрқайсысының жанарындағы жалғыздық, жақындарынан көрген опасыздық, балаларынан  сезілген суықтық  бар. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» халықпыз дейміз-ау, ендеше біздегі балалар мен қарттар үйі неліктен жылдан жылға ғана емес, ай сайын көбейіп барады? Жауапсыз қалған және қала беретін тағы бір сұрақ.

Бір күні таң алакеуімде: «Тұр, Әмина, балаң келді!» деген күйеуінің дауысынан оянып кетті.  Кереуетінің басындағы ақ орамалын иығына жаба салып, жүгіре шықты бөлмесінен. Ұзын дәлізде кезекші мейірбикеден басқа ешкім жоқ. Жүрегі алып-ұшып далаға жүгіріп шықты. Көптен сырқырап жүргізбей жүрген аяғы да ауырмайтындай. Көпқабатты сұрғылт үйдің алдындағы екі жағын гүлмен көмкерген жолмен ұзын бойлы, аққұбаша келген, толқынды шашын кері қайыра тараған жігіт келе жатты. Әмина көрген түсі орындалғандай: «Сағындық! Құлыным» – деуге ғана шамасы келді. Жүгіріп жеткен жас жігіт қолтығынан сүйей берді. Анықтап қараса, баласы емес, бірақ қатты ұқсайды екен. Жүрек тағы да шым етті.

Осыдан кейін кейуананың бөлмесіне  дәрігер жігіт жиі келетін болды. Әжейдің бөлмесіне кіргенде, өзімен бірге жылу ала келетін дәрігер де туылғаннан ана құшағын, ыстық алақанын сезінбепті. «Ана» деген сөзді естісе, жігіт болғанымен, мөлдіреген көздерден анамды көрсем ғой дейтін сағыныштың лебі сезіле қоятын. Бір-біріне қатты бауыр басып қалғаны соншалық – бір минутқа айырылғысы келмейтін, құдды ана сәбиін, ал бала шалқар көлін мәңгіге жоғалтып алатындай. Жерден іздегені көктен табылды жігіттің, ал Әмина әжей миллиардтаған жанның арасынан өз баласын жоғалтып, қайта кезіктіргендей. Бір жамандық болса,артынан екі жақсылықты күт, сынаққа төзе білсең ғана қалағаныңа жетіп жығылатының айдан анық. Сонда ғана қатігез тағдыр жібіп сала береді де, сенің де қатты басталған өмірің балдан да тәтті аяқталмақ. Мүмкін қос мұңдықтың  жолы бір жерге кеп тоғысқаны осы күнге дейін тартқан азапты өмір жолдарының өтеуі шығар, кім білсін?..

1818 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы