• Руханият
  • 30 Наурыз, 2022

Әкем – Аспан, Анам – Жер, Мен – бөрімін!

Рауан  ҚҰРМАНҒАЗЫҰЛЫ

Адам баласына армандай білетін сана-сезім бұйырса, ерік-жігері де батылдана түседі. Әдетте қыз балаға тағылымды тән мамандық – ұстаздық, ақ халатты, мейірбан жүзді дәрігер болуын тілесек, «қамшы ұстарымызды» елге қызмет етер, бүтін отбасына қорған болар азамат ретінде елестетеміз. Бүгінде жаңа ғасырдың жас ұрпақтары ғылым мен ілім жолына қадам басып, тәуелсіз еліміздің әр бұрышында еңбегін сіңіруде. Өрісімізді кеңейтер қызымыз бен еңсемізді тіктер  ұлдарымыз бен мақтанар ұлт болдық.  Әңгімеге арқау болып отырған кейіпкеріміз Рауан Құрманғазыұлы да тәуелсіздіктің төл перзенті. Әскери салада қызмет етіп жүргеніне он бес жылдың жүзі болыпты. 2010 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметі институтын тәмамдаған соң еліміздің оңтүстік, шығыс өңірілеріндегі шекара аймағын күзету жұмысында болады. Киелі Тарбағатайдың бауырында дүниеге келген Рауанның бойында карасөзге құмарлық, әдебиет әлеміне ынтазарлық бар еді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, түрлі ақындық шаралардан бой көрсетеді. «Әке көрген оқ жонар» – демекші Рауанның әкесі де әскери салада болған жан. Жалғыз ұлы жүріп өткен жолын жалғастырсын деген ниетпен қағылез қара баланы Отан қорғау жолындағы мамандыққа бейімдеген. Бұл дүниеде ғұмыры қысқа болған әкенің арманын артында қалған екі шырағы бүгінгі күнге дейін сөндірмей, сеніміне селкеу түсірмеуге ант еткен. Қаруы мен қаламы қатар жүретін майор Рауан Қабдолданов Нұр-Сұлтан қаласындағы шекара басқармасында қызмет етеді. Рауан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Еліміздің түкпіріндегі түрлі жәйттерге бей-жәй қарамай, ойы мен пікірін басылым беттеріне жариялап тұрады. «Оқушы кезімде, сабақты жақсы оқу мақсатым болса, ақын-жазушы болу арманым еді. Шимай-шатпағымды көпке көрсетпей, өзіммен-өзім оқитынмын. Бұл менің балалық ішкі тебіренісім шығар, кейін жазбай қалуым мүмкін, – деген ой да болды. Ер азаматтық борышым – Отан алдындағы міндетім. Оны әрбір ұлт азаматы түсінуі керек. Уақыт екпіні мені осы мақсатыма жеткізді.  Кеудемде «жерім», «Отаным» деген жүрегімнің рухы өлгенше сөнбейді. Жүректе махаббат, сүйіспеншілік болса, қарасөздің киесі де қаламымнан ажырамайды».

Бұл жиырма жеті жастағы шекарашы Рауанның сөзі. Күннің көзінде, желдің өтінде, тау-тастың баурайында жүріп, азаматтық борышы мен қара өлеңге деген  махаббатын қатар алып  жүрген жігіттің жыр жолдарынан қазақ даласындай кеңдік, таудай асқақтық, бұлақтай тазалық байқалады.  2021 жылы республикалық «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» байқауынан Аршын Қабылбектің «Шахтер» картинасы желісімен жазылған «Мен ғаламды жылытам» өлеңі жүлделі үшінші орынға ие болды. Кешегі Ұлы Отан соғысында қанды қырғынның бел-ортасында жүріп, талай құнды дүниелер жазып кеткен ақын-жазушы батырларымыздың бүгінгі ұрпақтары жалғасып келе жатқанына қуанасың. Майор Рауан Қабдолданың мына жыр жолдары осының айғағы іспетті.

Динара Мәлік,

ақын

Мен ғаламды жылытам

 

Саған, досым, тұрғандай көрініп-ақ,

Бетім сатпақ, қашарсың жерініп ап.

Тағдырымның ізі ғой, шошымағын,

Жүзім қара болғанмен көңілім ақ.

 

Солай...

Жүріп келемін жырақ, құлап,

Несібемді көргем жоқ жылап сұрап.

Сүңги берем қара алтын иіріміне,

Күтетіндей түбінде жұмақты бақ.

 

Ақындаймын іздеумен бір мықты өлең,

Жүрегін қазбалайтын мұң ғып терең.

Асығамын, тезірек «уақытымның»

Түбіне жетемін деп ұңғып келем.

 

Таңым атпай қояды, өтпей күнім,

Жанымды аттай сояды, кетпей түнім.

Қатпар тоңның астында қамау – Өмір,

Ешқашан жер бетіне жетпейді үнім.

 

Қашанғы жүрер дейсін уды ұрттап,

Бір күні тамам болар қым-қуыт уақ.

Мен ғаламды жылытам кетпеніммен,

Менің жадау жанымды кім жылытпақ...

 

Рух сөзі

 

Ежелден Қыран едім,

Тұран – елім!

Бойымда алаулаған бұла кегім.

Бабам – батыр Ер Түрік,

Бұл жалғанда

ез болуға қақым жоқ мына менің.

 

Қазақпын – Мен, жаралған таңғы құттан,

Бесігімде Тау құшып, Түнді жыққам.

Арғымағым тұяғы Тасты тілген

Тұғырдағы қыраным Күнді жұтқан.

 

Тамырымда тулаған Орхон аққан,

Кіндігімде Өр Алтай ақ қар жапқан.

Жүрегіме Еркіндік ұя салған,

Маңдайыма Тәңірі жұлдыз жаққан.

 

Нәр алдым сөредегі шоқым еттен,

Адалмын, сескенбеймін ақыреттен.

Достасқанның ақ туын қастерледім,

Егескеннің туырлығын тоқым еткем.

 

Әкем  – Аспан,

Анам – Жер,

Мен – Бөрімін!

Алашыммен, еліммен «тең» өлімім.

Ұлт тағдыры жолында жаным құрбан,

Өкінбен болса дағы кем өмірім.

 

Ешбір жаудың алдында тайсалмадым,

Жарқылдады көк семсер айқаста мың.

Мен өлмеймін,

Есімім ұрандалса,

Көрде жатып жауыммен шайқасқаным.

 

Қарт Сексеуілдің әңгімесі

(Қызылқұмдағы оқиға)

 

                            I

Ми қайнатып, тарылтатын тынысты,

Шілде басы. Қызылқұмда күн ыстық.

Қайыр болмас қапырықты түннен де,

Орнаттырған үнсіз – өлі тыныштық.

 

Жан тіршілік жасырынып нар құмға,

Аждаһадай алып Күнге табынған.

Тек сексеуіл аспан көкке ұмтылар,

Күш алғандай мынау апат жалыннан.

 

Жол сілтейтін, күтіп алып тосында,

Бар тарихты жиған, түйір тасын да.

Сахарадан ауып келген сар құмды,

Орнықтырған сексеуілдер расында.

 

Сексеуілдер – құмда ежелгі тағылар,

Сырлассаңыз тыңнан шырақ жағылар.

Керек десең Әмір Темір әскерін

Санақ қылған қарттары да табылар.

 

Қызылқұмның осындай бір тұрғыны,

Бәйтеректей қарт Сексеуіл тұр міні.

Сақшысындай ұлан қиыр далаға

Көз тастайды салып қойып дүрбіні.

 

Жасыра алмас жан иесі бір сырды,

Ол біледі біз білмейтін тылсымды.

Көңіліне мұңлы бір ой келді ме,

Қарт сексеуіл тағы терең күрсінді...

 

Күрсінді де әжімдерге мұң ұйып,

Селдір басын көтеріп ап тым биік,

Көз алдына келтіргендей бейнелер

Терең ойға шомып кетті тұңғиық.

 

                        II

Өмір жайлы толғанбаған бар ма адам,

Ғалымдар да зерттеуден талмаған.

Біреулері ғылым іздеп сарп етсе,

Кейбіреулер мал жыюға арнаған.

Өмір қазір, жарыс болды жанталас,

Бір-бірінен асып түспек бақталас.

Құндылықтар ұмытылып адами

Көршілер де күншіл болды қақпалас.

 

Қандай көлік, қандай киім - бәрі сын,

Өсе берсе, еселесе табысын.

Заңды аттап өтуден де тайынбас,

Сылтауы бар: отбасының қамы үшін.

 

«Отбасы үшін» барады екен айлаға,

Бас қояды «отбасы үшін» қоймаға.

Көршісімен бәсекелес бір пенде

Ен байлыққа кенелуді ойлаған.

 

Тек көршімнен артық болсам дегені,

Қайда барам, не күтеді демеді.

Үлкен мақсат қуалады, үлкен ой –

Көршісінен тәтті болса жегені!

 

Шексіз, шетсіз құмды сүзіп ұзақ түн,

Шекараны бұзып, көлік ұзапты.

Пайда үшін басын тікті бәйгеге

Ескермеді қаталдығын тұзақтың.

 

                        III

 

Дабыл соқты. «Дабыл тобы, Қаруға!

Тұр, сарбазым! Болмас қалыс қалуға.

Шекараны қорғау – басты борышың.

Отан!.. Отан бұйырады баруға!»

 

«Иә, Отан оттан да ыстық білемін,

Сәл демалу, ұйқыда еді тілегім.

Бірақ елім менен үміт күтер» деп,

Атып тұрды сарбаз қайрап жігерін.

 

Ұмытты ер тәтті балғын ұйқыны,

Тыныштықтан артық оған бақыт жоқ.

Заставадан шығып көлік жүйткіді,

Енді бір сәт дамылдауға уақыт жоқ.

 

Көп ұзамай ізі де оңай табылды,

Болса дағы саудыраған шағыл құм.

Тұтас көлік өткен екен тыл жаққа,

Айқын болды себебі де дабылдың.

 

Із суытпай ойлады ма құртуды,

Топ басшысы әмір беріп ұмтылды.

Темір тұлпар  жүйткіп ала жөнелді,

Тек үндемей шығарып сап құм тұрды...

 

                         IV

 

Қызылқұмды кімдер желіп кезбеген,

Соның бірін меңіреу құм сезбеген.

Тек сексеуіл, жүрегі - тік жапырақ

Тұрған сезіп, тұрған көріп көзбенен.

 

Ол біледі сол түнде не болғанын,

Қара ниет нендей бүлік салғанын.

Өкініштің ала бұлтын үйіріп,

Қарт сексеуіл баяндады қалғанын.

 

Соқыр болып көкірегі тежелген,

Автоматқа қарсы жүрді кезенген.

Ескермеді қағиданы мыңжылдық,

Шекара, ол - қасиетті ғой ежелден!

 

Байғұс пенде жөндеймін деп тұрмысты,

Қайтсем дағы бай болам деп тырмысты.

Мылтығынан оқ жаудырып сарбазға

Барған сайын бола түсті қылмысты.

 

Қайран сарбаз есеңгіреп тоқталды,

Еріксізден автоматы оқталды.

Отан... Отан бұйырады! Атылды!

Заңның күші жазалады сотқарды.

 

Тыныштығын бұзып-жарып бұл құмның,

Айтшы, жаным! Айтшы, қайда ұмтылдың?!

«Үлкен мақсат» қалды құмға көміліп,

Құлы болған тоймайтұғын құлқынның.

 

Рас, бұл құмда нендей заман болмаған,

Күндер болған зұлмат заман орнаған.

Қаншама жыл, ғасыр, мейлі, өтсе де,

Шекараны халық әр кез қорғаған.

2609 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы