• Әдебиет әлемі
  • 30 Наурыз, 2022

ҚАРАКЕР ЖОРҒА

Бақыт МЕРЕКЕНОВА

 

Мен  сонау  қиыр  шығыстағы    Ақжазық   жайлауында  дүниеге  келіппін. Қаракер  мама  бие – менің  анам. Тәлтіректеп  аяғымды  тәй-тәй басып  түрегелгенде  қаракер  бие, менің анам  мені  иіскелеп, шұбалған   кіндігімнің  түскен  жерін, үсті-басымды  түгел  жалап-тазалап  шықты. Мен сәл-пәл  ұмтылып  анамның емшегіне жармастым. Өмірімде  мұндай  тәтті  сүт  көрмеппін. Қаракер  анамның  уыз  сүтіне тойып, тіршілік  иесі  екенімді  танытып, құлдыраңдап  жүгіргім  келді. Алғашқыда  әлсіз  дірілдеген  маймақ  аяқтарым қалтырап, дұрыстап  жүгіре  алмадым. Дегенмен  анамды  айналшықтап  сауырына  сүйкендім, жығылып-сүрініп алға  ұмтылдым. Бірнеше  күннен  соң құлдыраңдап  шапқылап, басқа  құлындармен жарысып  ойнақтайтын  әдет  таптым. Ондай  кезде  қара  айғыр  әкем  мен  қаракер  бие  енем  екеуі  мені  үйірге  қосқылары  келіп, саяқ  шыққанымды  аса  жарата  қоймайтын. Оның  себебін  өскенде  бір-ақ  білдім. Менің  көз  алдымда күнделікті  құлын-тайдай  ойнақтап, бірге тебісіп  жүрген сары  құлынды аш  қасқырдың  біреуі  сауырынан, екіншісі  алқымынан   бассалып, көзді  ашып-жұмғанша  ішек-қарнын  жарып  тастады. Мен қорыққанымнан  жан-дәрмен  анамның  бауырына  тығылдым. Қызылкөз  пәле  екі  қасқырдан  қаракер  мама  бие – менің  анаммен бірге үйір  жылқылармен  қосылып  дүркірей  қаштық. Бірақ, сол жолы  қасқыр  алқымынан  бауыздап  жіберген  сары  құлын үйірге қайтып  оралмады. Мен  көпке  дейін  кісінеп, сары  құлын досымды  шақырғаныммен  ешқандай үн  қатпады. Мен  сол  кезде  ғана қайран досымның  қасқырдың  жемтігіне  айналғанын  біліп, жан-дүниемнің  астаң-кестеңі  шығып, үйірді  айналып  сары құлынды  іздеп кісінеп, көп  жүгірдім. Тек  анам  мен қара  айғыр әкем  ғана үйірден  саяқ  шықпауымды қадағалап, сауырымнан  тістелеп  қайтадан  үйірге  қосып  әлек   болды. Олар  менің де сары  құлын  досым  сияқты  қасқырдың  жемсауында  кеткенін  қаламағанын  есейгенде ғана түсіндім. Бірнеше  рет  түсімде  сары  құлын  досым  екеуміз  құлдыраңдап  шапқылап  жүрдік. Тек  оянған  кезде ғана  түсім  екенін  біліп, досымды  аңсап  бірнеше  рет  аспанға  қарап   үздіге  кісінедім. Айнала  хош  иісті  шөптер – жусан, құрақ, жалбыз, мия, қызғалдақ, сарғалдақ, райхан  сияқты  баданадай  гүлдер, жұпар  аңқыған сүйікті  асымыз – жоңышқа. Күні  бойы біздің  басшымыз  қара  айғыр бастап, көк майса шөбі  бітік қыратқа  шығып  жайыламыз. Күн  ұясына  батқанда жылқышы бізді  үйіріп еңіске  айдап түсіріп, жалаңдаған  тазы  итімен  қосылып айнала  шауып  қайырып, мен  сияқты  ойнақтап  шет шыққан құлын, тайды  сойылымен  салып  қалып, «Арам  қатқыр! Атаға  нәлет жануар! Қасқыр  жегір!» деп  сыбап, ауыл  шетіндегі  қораға  қамайды. Қарашаның  қара күзі   келгенде бәріміздің  жонымыз  жылтырап,  көк  шөпке  мелтектей  тойдық. Қарашаның  аяғында  ызғырық  суық  жел  тұрып, қар  ұшқындай  бастады. Сол  кезде  екі  жылқышы азамат  сойылдарын  оңды-солды  сермелеп, бізді күні-түні   дүркірете  айдап,  жайлаудан  қыстауға  алып  келді. Жылы  қораға  кіріп, жаурағанымыз  басылып, қайтадан  қоң  жинай  бастадық.  

Міне, сол  арада  менің  өмірімде  күтпеген  жағдай  орын  алды. Аяқ  астынан  келген  екі  аяқтылар біздің  үйірімізге  санақ  жүргізді. Менің  жүрісімді  көріп, «Пах! Пах!  Шіркін!  Тайпалған  жүрісіне  болайын! Мына  тайпалған  жорға  тайды  мен  сатып  аламын» деп, будақтаған  ақшасын   беріп, ары-бері  еркін  шапқылап  жүрген  маған  орта  бойлы  қара  бала  тап   берді. «Мына  асау  тайды  жуасытып  берем»  деп,  арқама  қарғып  мінді. Екі  аяқтының  арқама  мінгенін  қаламаған  мен, ыршып  түстім. Арқама  жабысқан  пәледен  құтылайын  деп, қос  аяқпен  аспанға  шапшып, ары-бері  бұлқынып  тепкілеп  жүрмін. Менің  жалыма қос  қолымен жабысып  алған  екі  аяқтыны  сілкіп  түсіріп  тастағым  келіп  туладым-ай! Арқама  кенедей  жабысқан  пәледен  жуық  арада құтыла  алмай  қор  болдым. Ары-бері  ойқастай  шауып, қара  терге  түстім. Ал,  арқамдағы  жабысқан  пәле  тақымын қысып, қос  өкпемнен  тепкілеп отыр. Мал қораның  қоршауынан  бір-ақ  қарғып  шығып,  иен  жазықта жұлдыздай  ақтым. Әлгі  үстімдегі пәленің  жаны  сүйсініп, «Пай-пай  жануарым!  Нағыз тайпалған жорға  екенсің!» деп жалымнан аялай  сипалады. Сөйтіп, кеш  қарая  әбден  болдырып шаршадым. Құлақ шекемнен  сауылдаған    ащы  тер  көзіме  құйылып, жорға  жүрісімнен  жаңылып, әлдебір  сасықкүзеннің  ініне  аяғымды  тығып  алып, бей-берекетім  кетті. Осы  оңтайлы  сәтті  күткен  екі  аяқты мойнымдағы тізгіндеген арқанды  ауылға  қарай  бұрды,  жай  аяңдап   мал  қораға  беттедім. Бізді  алыстан дабырлап  қарсы  алған  екі  аяқтылар  есіре  айқайлайды. «Мініске  көніп  жуасып  қалыпты, асауға  тұсау  салдың. Жарайсың, азамат!» десіп  қауқылдасып, мойнымдағы қыл арқанды  қазыққа  байлады. Сөйтіп, сол  күні  менің  азаттық  өмірім  біржола  құрықталып, екі  аяқты  кісілер  мінетін, арбаға  жегетін  байлаулы  құлына  айналдым. Бұрынғы  еркіндікті  аңсап,  сан  рет  ашына кісінедім. Сонау алыстан  қара  айғыр  әкем  мен қаракер  бие – анамның  үн  қатып  кісінегенін  естіп, одан  сайын  жанайқайымды  білдіріп  кісінедім-ай  келіп! Алыстан  менің  дауысымды  таныған қаракер  айғыр  мен  қаракер  бие – менің  анам да  тоқтамай  кісінеді-ай дерсің! Алайда, олар  мені  бостандыққа  шығара  алмай  тек қана  кісінеумен  шектелді. Қазықта  байлаулы  тұрып  көзіме  жас  тұнды,  мен  кең  даланың  төл баласындай  еркелеп  шауып  жүрген еркін  өмірімді  аңсадым. Бірақ, мені   ешкім  еркіме  жібермейтінін  ертеңінде-ақ  түсіндім. Күні  бойы  атты  адам  жетектеп, аудан  орталығындағы  үйіне  алып келіп, қораға  қамап  тастады. Алдыма  көк  шөп  пен  жоңышқаны  үйіп  берді. Сөйтіп, менің  қапастағы  қамаулы  өмірім  бір  айға  созылды. Арасында  сыртқа  шығарып, ауыл  сыртында  екі  аяқты  қара  бала  арқама  қарғып  мініп  алып,  шапқылатып әбден  терлететін.

Бір  күні  таң  атпай  көпшілік  жиылған ат  бәйгесіне  алып  келді. Менен  басқа  тұлпарлар  да  ауыздықтарымен  алысып, еркін  шабуға  құлшынып  тұр екен. Үстімдегі  қара  бала  майда  жалымнан  сипап, «Қаракер  жорғам! Сен бүгінгі  бәйгеде  жеңіп  келесің, мен саған  сенемін»  деп  сауырымнан  сипады.  Көпшілік  жұрт  ду-ду  етіп, қайсымыз  жүйрік  екенімізді  айтып   дауласып  жатты. Cол  кезде  сақалы  белуарына  түскен  екі  қария жақындап, бәйге  мәресіне  жиналған  барлық  атты  сынай  бастады. Маған  жақындап  келіп, үлкен қария  қатты  тамсанды. «Мына  аттың  тұрқы  бөлек жаратылған. Баяғы  бәйгеде  бірінші  орынды  бермейтін  нағыз  қаракердің  өзі! Балам, мына  атың  қаракердің  құлыны  шығар?» деп  сұрады. Үстімдегі бала, «ия, ата» деп жауап  бергені  сол, шал  мойнымнан  құшақтап  қолпаштап  қойды. «Көресің, бүгін  бас  бәйгені  алатын  осы  қаракер  ат. Бұл ат – шашасына  шаң  жұқтырмайтын  жүйрік  тұлпар»  деп, жанындағы өзі  сияқты  ақ  сақалды  қария  серігіне қарады. Ол мені  айнала  қарап шығып, шынында  тұрқы ерекше. Озса озып келер бұл жануар» деп  мақұлдады. Ал, мен тұрған орнымда  тықыршып, шаба  жөнелуге  даяр  тұр  едім. Бір  кезде бірдеме  тарс  ете  түсті,  сол  кезде  бәріміз  қосылып жүйткіп шаба  жөнелдік. Үстімдегі бала шылбырды  бос тастап, тебініп  қалды. Алғашында  ат тұяғынан  ұшқан  шаң-тозаң  көзімді  көлегейлеп, біршама  артта  қалдым.  Келе-келе  бауырым  жазылып, алдымдағы  бес, алтауын  қуып  жетіп  оза  шаптым. Алыстан «Аруақ!  Аруақ!  Қаракер!» деген  қиқу  естілді. Одан сайын делебем  қозып  алға  ұмтылдым. Сол  жолы  бәрін  артқа  тастап  жұлдыздай  ағып, мәреге  бірінші  болып  жеттік. Менің  үстімдегі бала  мойнымнан  құшақтап, қуанышы  қойнына  сыймай, «Қаракерім! Сен  бүгін бас  бәйгені  алдың! Менің  қаракерім!» деп, мойнымнан  құшақтап, аялай  сипады. Ал, мен тағы шапқым  келіп  тықыршып, бір орында  тұра  алмай  ойқастай  бердім. Көпшілік   дуылдап  қол  соғып, одан сайын  шаба  түскім  келіп   делебем  қозды.

Сол  күннен  бастап, қожайыным   ылғи  бәйгеге  қосып, сан  рет  бас  бәйгені  жеңіп  алдым. Менің  үстіме  жібек  кілем  жауып, қожайыным  бұрынғыдан бетер  қадірледі. Енді  мені  күтіп баптайтын  қожайыным – қара бала. Бұрын бойы  аласа  еді, күннен  күнге өсіп, мұрты  тебіндей  бастады. Еңгезердей  қара  кісі менің  ылғи  бәйгелерде  оза  шауып  бас  бәйге  алғаныма қатты  қызықты. Менің қожайыныма «осы атыңды маған сат, не  сұрасаң  соны берейін, тіпті он аттың  құнын  берейін» деп қиылды. Қожайыным  маған бауыр басып қалған сыңайлы. «Сатпаймын. Құр бекерге  әуре болмаңыз, мен бәйге тұлпар қаракерімді  ешқашан сатпаймын» деп қасарысып  тұрып  алды. Мені  түпкі  қораға  кіргізіп, есігіне  дәу  құлып  салып, жалымнан  сипап  ием  үйіне  кіріп  кеткен. Менің  алдыма  исі  аңқыған  жоңышқа  шөпті үйіп  салып  кеткен. Түн ортасында  біреудің  құлыпты  ашпақ  болып жатқанын  естіп, құлағымды  қайшылап  кісінедім. Ондағы  мақсатым – бөгде кісіні  қожайыным  білсін  деген  ой. Бірақ, қожайыным  шырт ұйқыда жатты ма, әйтеуір кісінегенімді  естімеді. Есікті  тарсылдатып ашып, еңгезердей  қара  кісі  жүгенімді  қазықтан  шешіп  алды. Мен  бөтен кісіден шошып, басымды ала қашып едім, күшпен тұқыртып  далаға  сүйреп шығарды. Жылы қорама қайта  кіргім  келіп, қожайынымды  шақырып қатты-қатты  кісінедім. Алайда, қожайыным жуық арада  шықпады. Сол кезде еңгезердей қара  кісі  арқама  қарғып  мініп, екі  өкпемнен  тепкілеп, дырау  қамшымен  бүйірімнен  осып  жіберді. Мен  ауырсына  ытқып, еріксіз томпаңдап жорғалай  жөнелдім. Қожайыным  мені  ешқашан  қамшымен  ұрмайтын, ал, мына бөтен  кісінің асқан қатігездігін  сездім.  Сол  күйі шапқылап отырып, қара  кісі  мені  көрші  ауылдағы  қараңғы  қораға  тықты.

Қожайынымды  іздеп  қаншама  рет  кісінегеніммен, ешкім  мені  қара  кісіден  құтқаруға  келмеді. Көзіме  жас  толып қапаланып, есік жаққа  алаңдағанмен  жақын  арада  ешкім  келе  қоймады. Мені  осы қораға  әкелген қара  кісі де қарасын  көрсетпеді. Сөйтіп  бір тәулік  бойы аш тұрдым. Ертеңінде  еңгезердей қара кісі алдыма  жоңышқа   шөп  салып, бір шелек  су  берді. Оның  бөтен исінен  сезіктеніп, құлағымды  қайшылап, жалымнан сипатпай аяғыммен тепкілеп  кері  шегіндім. Менің  теуіп  жіберуге  дайын тұрғанымды  сезіп, бөтен  ием жақындай  алмады. Тек қана, «Қаракер  жорға, енді сенің  иең  мен боламын, бұрынғы  қожайыныңды  ұмытуға  тура  келеді» деп, алыстан  үн қатты. Мен көзім алайып, оған  үрке қарадым. Содан бірнеше ай бойы қорадан  шығармады. Бірде  жаңағы еңгезердей  кісі  әйелімен бірге  келіп, үстіме алабажақ   бояу жағып, есімді  шығарды. Сөйтсем, олардың мақсаты – мені  бұрынғы  қожайыным танымай  қалсын деген арам ой. Ертеңінде  сыртқа  шығарып,  өзіне ұқсаған төртпақ қара баланы арқама  мінгізбек болды. Мен әлгі бөтен баладан  үркіп  қос  аяқтап тулап, баланы  арқамнан  сілкіп  тастадым. Осы  кезде еңгезердей  қара  неме  қолындағы  бишік  қамшымен қыр жонымнан осқылап, күрзі етігімен екі бүйірімнен  соққылап, еңгезердей болып өзі отырып  алды. Мен  басым ауған жаққа, құладүзге  безе  жөнелдім. Мына қара  пәледен құтылып, бұрынғы  қожайыныма  оралғым  келген. Бірақ, мына еңгезердей  қара кісі  тақымын  қысып, қанша  туласам да арқама желімдей жабысып құтыла  алмадым. Басқа, көзге қарамай бишік қамшымен сабалап, есімнен тандырды. Сонымен кешке таман басқа  салғанына, қара  пәленің  ырқына  көнуіме  тура  келді. Арада бір ай  өткенде үлкен бір жарысқа  алып  келді. Мен бұрынғы  қожайынымның  таныс  иісін  сезіп, бірнеше  рет  оқырандым. Ол мені танымай  алақтап, жарысқа  түскен аттардың  арасынан  маған қарай  келе жатты. Дәл жаныма таянғанда  қатты оқыранып, таныс  иісті  құшырлана  иіскедім. Бұрынғы  қожайыным  сонда  ғана  мені   танып, жалымнан  құшақтады. «Қаракерім!  Қайда  жүрсің? Үстіңді  кім  жирен қылып  бояп  тастаған? Мына  түріңмен  сені  әзер таныдым, Қаракерім!» деп,  толғана  еміренді. Осы  кезде еңгезердей қара кісі  келіп, менің  бұрынғы  қожайынымды  итеріп тастап, мені  аулаққа  алып  кеткісі  келген. Мен одан басымды  ала  қашып, таныс иісті құшырлана  иіскеп соңынан ердім. Ал, бұрынғы  қожайыным, менің  тізгініме  жармасып, оған айқайлай  бастады.

– Ұры неме! Азғын! Сен  менің  Қаракерімді  ұрлап алып, жирен  түске бояп, мені  танымайды деп  ойладың ба? Мен қаракерімнің  кісінеген  үнін  айшылық  жерден танып қоям. Бәсе, менің  жүйрік тұлпарыма  қызығып, сат  деп жалынғанда сатпай  қойған  соң, түн жамылып  ұрлыққа  түскен сен екенсің ғой, оңбаған  алаяқ! – деп, екеуі қатты  төбелесті. Мен осы  кезде екеуінің  қолынан  да  сытылып  шығып, бұрынғы  үйіме – бұрынғы  қожайынымның  қорасына  кіріп  алып, шат-шадыман  көңілім  жайланды. Таныс  иіс  мұрынымды жарып, жан-жағымды  иіскелеп, жоңышқаны  күтірлетіп шайнай бастағам. Осы  кезде  у-шу  дауыс  естіліп, менің  бұрынғы  қожайыным  мен  еңгезердей  қара  кісі  қораға  кірді. Мен бұрынғы  қожайынымды  иіскелеп, еңгезердей  қара  пәлені  маңыма  жуытпай  тепкіледім. Ақыры, амалы таусылған  қара  кісі  қорадан шығып, бізді балағаттай  бас-тады.

– Қаракер  атыңды да, сені де бауыздап өлтіремін. Арам қатқыр,  Қаракер!  Сені қанша  уақыт жемдесем де маған мал болмадың. Енді ажалың менен  болады, қасқыр жегір! – деп, күйіп-пісіп  кетті. Бұрынғы  қожайыным  мені  мойнымнан  құшақтап, жалымнан  сипады. Оның  таныс  иісін  сағынып, мен де тұмсығыммен  иіскелеп кісінедім. Сөйтіп, мен  абырой  болғанда  ойда жоқта  өз қожайынымды таптым. Сол күннен  бастап  қожайыным  мені  түнде  қорада  жалғыз  қалдырмайтын болды. Кеш қарая  бастағанда  өзі жататын  кең  үйдің  ауыз  бөлмесіне  кіргізіп, есікті  құлыптап қоятын  болды. Бірнеше  рет  мен түн ішінде еңгезердей  қара кісінің  бөтен исін  сезіп, қожайынымды  кісінеп ояттым. Ол қос ауыз мылтығын оқтап, аспанға  қарай  бірнеше  рет  оқ  атқан  соң ғана, бөтен  кісінің  иісі  жоғалды.

Қазіргі  кезде  жиын-тойларға  барып, ат  жарысына, көкпар тартысына   қатысып  жүрмін. Қожайыным  мені  бір  сәт  назардан  тыс  қалдырмайды. Менің  бұрынғы  бақытты  шағым  қайта  оралғандай, жарыста қыза-қыза  шауып, қожайыныма  талай  қомақты  бәйгені  алып  бердім. Кейде түсімде еңгезердей  қара кісіні  көріп  шошып оянам. Мені  түн ішінде  ұрлаған  сәттері  қорқынышты  түстей  жадымда  мәңгілік  қалып қойыпты. Ондай  кезде  қатты-қатты  кісінеп  қалам. Менің  қорқынышты кісінегенімді  естіп, қораға  ұры түсті ме деп, қожайыным мылтығын  ұстап  атып шығады. Менің мазасыз тыпырлап тұрғанымды  көріп, майда  жалымнан  сипап  еркелетеді.

– Неге қатты кісінедің, қаракерім? Мен сені күні-түні  күзетуге даярмын. Алаңдама, қаракерім, тұлпарым, сәйгүлігім! – деп, мойнымнан орай құшақтайды. Мен сондай  кезде  өзімді  ең  бақытты сезінемін. Соңғы  кезде қожайынымды көргім келіп    сағынып  кетсем, жерді  тарпып-тарпып қалып  қатты  кісінеймін. Ұры-қарыдан  зәрезап болған қожайыным үйден атып шығып, менің мойнымнан құшақтап еркелете  сөйлейді. Негізі, жылқы  атаулының  арасында  мен  ең бақыттымын.

 

КӨК  ЕСЕК

Байғұс  көк  есектің  көрген  күні осы, таңертеңнен  кеш батқанға  дейін біресе  шөп тасиды, біресе  отын  тасиды, әйтеуір  күні  бойы  тыным таппайды. Көк    есектің  сүйкімді  көкшілдеу  түсті  қодығы болатын. Қодығының  ойында  ештеме  жоқ,  көк  есек  анасының  жанында  құйрығын  бұлғаңдатып, шапқылап  жүрген болатын.  Сол  күні  көк  есектің  иесі  арбаның  үстіне абажадай  қылып  отын  тиеді, оны бастырықпен  бастырып, қылдан жасалған  арқанмен тас қылып байлады. Жүк  зілдей еді, есектің  күнде  көтеріп жүрген  жүгінен  әлдеқайда ауыр болатын. Хамзаның  аузынан  арақтың  сасық  исі  шықты, мұндай  кезде ол  көк  есегін  аяй  қоймайтын. Есек  сорлы  ауыр  отынды  сүйрете  алмай, құлағы  қалқиып, бір-екі  рет  -и-ша-а,-и-ша-а, и-ш-а-а! – деп  зорыға  ақырады. 

Көк  есектің  иесі  Хамза  табиғатында  қатал  адам болатын. Өйтетін себебі де бар, иесі  Хамзаның өзінің  де  жолы  болмаған  адам. Есек  арбасымен  әркімнің  отынын  тасып, нәпақасын тауып  жүрген  бейшара кісі. Ол есекті  аясын ба, өйткені Хамзаны да  ауылдастары  аямайтын, үнемі азын-аулақ  тиын-тебен беріп, көп шаруаға жұмсағысы  келетін. Тегі, бақытсыз адамдар  басқа бақытсыз жандарға  да  аяусыз  болады, ал, бақыт  құсы  қонған  бақытты  пенделер басқаға да мейіріммен қарайтыны  шындық, ол – табиғат заңы. Бір шиша  арақ  беріп, отын  әкелуге  жұмсап, отынды  азырақ  тиеп  әкелсе, жер-жебіріне  жетіп  ұрсатын. Ал, кешке  жұмыстан болдырып, үйіне  келсе, шиеттей  төрт  баласы аш балапандай  Хамзаның  аузына қарап, тыриған  арық  әйелі  Арзыгүл аузы  көпіріп, ұрсып  ала  жөнелетін.

– Сорлы сүмелек, күні  бойғы  тапқан табысың  кәне! Шиеттей  бала-шағамен сенің  жолыңды  күтіп, екі  көзіміз төрт болып, біз күтіп отырмыз. Ал, саған ащы  суды  ішкізіп, жұрт  тегін пайдаланады, сүмелек!  Балалардың  тамағы  тұрмақ, мына көк есек пен   қодығына  беретін жем-шөп те таусылды. Сен соны ойладың ба, есекті  босқа зорықтырып, араққа  сылқия  тойып алғаныңа мәз-мейрамсың,  алқаш! Ал, мына  көздері бозарып, әкесінің тапқан табысына қарап отырған ашқарын балаларыңды  ойладың ба!? Ойлаған жоқсың, әрине! Оңбаған! – Мына  әйелінің  шаңқылдаған  ащы даусы  онсыз да арақтан масайған  басына зың-зың  етіп, одан сайын ашу-ызасын туғызып, зығырданын қайнатты. Ап-арық  ащы дауысты әйелінің  тезірек  үнін  өшіргісі келгендей, арақтан  әлсіреген бар күшін жиып, әйелінің  бас-көзіне қарамай  құлаштап тұрып, бар пәрменімен бір соқты. Күні бойы  зыр жүгіріп, балаларының  киімдерін жуып, үйі-ішін  мұнтаздай  тазалап, күйеуін асыға күткен  әйелі Арзыгүлдің  тәмпіш  мұрны қанап, шалқасынан түсті. Енді ғана  осы  үйдің  еркегі  өзі екенін  сезінгендей екілене  айқайлады.

– Жап аузыңды, жексұрын қатын! Онсыз да жүйкем жұқарып, шаршап келгенде аузың жабылмай ұрса жөнелесің, атаңа  нәлет! Не  істе  дейсің  маған!?   Күні  бойы  көрінгенге  шөп  тасыдым. Ана  байғұс  есекке  де  обал  болды. Көк  есек  пен  екеумізді  кім  аясын? Көк есекті де, мені де алланың өзі аямайды, әйтпесе сорым қайнап өстіп жүремін бе?! Жаман қатыннан бір жылы сөз естімеймін,— деп, мас адамның аяқ астынан  көңілі  босады. Еңкілдеп  жылап, әйеліне  мүләйімси  қарады. Танауынан  біраз  қан  кеткен  Арзыгүлдің  ашуы басылды ма, әлде  ақымақ  күйеуінен  тағы  таяқ  жеймін бе деп  қаймықты  ма,  әйтеуір жылап отырған   күйеуіне  алайып  бір қарады да, бір тостаған  қатықсыз  қара  су  көжені жаңа ғана  қолдан   пісірген, исі  аңқыған  таба нанды  Хамзаның   алдына  қойып, өзі  сүт қатып  шай құйды. Енді ғана  көңілі жайланған Хамза  түк  болмағандай  көзін  сүртіп  тастап, таба нанды  аузына бұрап  тығып, ыстық  көжені  асыға  ұрттай  бастады.  Хамзаның  күндегі  көрген  күні  осы. Ауыл-аймақтың  ұсақ-түйек  шаруасын атқарып, кім  не  берсе, соны  қанағат  тұтып  үйіне  алып  келеді. Өйткені, ауылда  жұмыс жоқ. Көк  есекті  ырдуан  арбасына  жегіп, таң  атпай  ауыл  аралап  жүріп,  әркімнің ұсақ-түйек  жұмысын  істеп, нан-шайын  тауып  келеді. Кей  кездері  кейбір  қолы  ашық  ауылдастары  аздаған  ақша  беріп қалатын  күндері  бар. Ондайда  жерден  жеті  қоян  тапқандай  әйелі   Арзыгүлге міндетсіп  келеді.

– Тезірек  шай қой, шаршап  келдім, – деп, міндетсіне қалады. Азынаулақ  ақша  қолына  тиген  Арзыгүл де  зыр жүгіріп, ас мәзірін жасап, Хамзаның  көңілін  таба  қояды. Соңғы  кезде  көк  есек  қартая бастағандай, ауыр  жүкті  әрең  көтереді. Хамза бұрын  есегін  аяп,  арбаға  аздап  жүк  тиеуші  еді,  соңғы  кезде  көк  есекті  аяғанын  қойып, жүрмей  жатса, сегізөрім  қамшымен  сықпыртып аямай  ұратын  әдет тапты.

   Ертеңінде  көршісінің қиын  тасыды. Одан кейін  тағы бір ауылдасының  шөбін  жеткізіп  салды. Ал, бүгін  таң  азаннан  тұрып, құрдасы  Әлімханның  үй-жайын  көрші  ауылға  көшіруге  көмектесті. Әлімхан екеуі  жабылып, дүние-мүлкін  ырдуан  арбаға  сықап  тиеген. Байғұс  есек  арбаны  қозғалта  алмай  әбден  зорықты. Әлімхан екеуі  таң  атпай  аздап  ащы  судан  жұтып  алып  еді, соның  әсері  ме, көк  есекті  өлімше  қылып  сабады. Көк  есек  сорлы  әрең  қозғалып,  қозыкөш  жерге  жүк  тиеген  арбаны  ілбіп  сүйреді. Енді  өрге  шығатын  жерде  төртаяқтап  жатып  алды. Бұған жындары  келген  Әлімхан  мен  Хамза екі  жақтан  көк  есекті  соққылады. Хамза  бишік  қамшысымен  шықпыртса, Әлімхан  керзі  етігімен  бүйірінен төмпештеді. Енді  бір уақытта  ауыр  жүкті  сүйрете  алмай, құлағы  қалқиып, бір-екі  рет  «и-ша-а, -и-ша-а, и-ш-а-а!» – деп  зорыға  ақырған  көк  есектің  үні  өшті. 

– Әй, мына  арам  қатқыр  өліп  қалған  жоқ  па? – деп, Әлімхан  теңкиіп,  аяғы  көктен  келген  көк  есекке  үңіліп  қарап, – Хамза, көк  есегің  арам  қатыпты, – деп, айқай  салды. Хамза  енді  ғана  ауыр жүкті  көтере  алмай, зорығып  өліп  жатқан   көк  есегінің  басын  аялай  сипады.

– Қап! Есектің еңбегі  адал, еті  арам  деп  жүріп, көк  есегімнің  зорығып  өліп  қалғанын   қарашы! – деп,  әжептеуір  мұңайып  қалды. Бірақ  тым  кеш  еді. Өмір бойы  жанталасып,  қожайынына  күнделікті  нәпақасын тауып беріп жүрген көк  есегі  төрт  аяғы  төрт  жаққа  кетіп  серейіп сұлап жатты.

 

2400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы