• Руханият
  • 31 Наурыз, 2022

ЕҢБЕК СҮЙГЕН ӨМІР

(«Тілше» мен «Күнделіктің» негізінде жазылған  эпистолярлық эссе)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

«ТУЫСҚАНДЫҚ СЕЗІМ»  СЫРЛАРЫ

(Ағасына жазған хаттар)

Осы қорда жинақталған академикке арналып жазған  жеті жүзден астам хаттардың ішінде Әлекеңнің өзінің жауабы сақталған екі-үш қана   қолжазба хат бар екен. Соның бірі баянауылдық қарт шежіреші, Әлекеңнің немере ағасы Төлепберген Тоғаевқа  Олжабай батыр мен Жаяу Мұса туралы деректерді сұрастырып жазған хаттары ұқыпты сақталыпты. Бұл адам «Еңбек сүйген өмірде»: «Жас күнімде қызықты әңгімесін тыңдаған кісілерім – әкем, оның немере ағалары – Жанғұлан, Дүржан би, Имамбек, Асқар, Түктібай, оның баласы Төлепберген, Жаяу Мұса. Бұлардың барлығы Ер Олжабайдың ұрпақтары», – деген естеліктегі аты аталатын Төлепберген дегдар болса керек. Балалық, жастық шақтарының куәсі болған ағайынды, шежіреші мен тарихшының өзара туыстық сезіммен тілек алмасуының өзі де бір ғанибет. Сыйласымдары ынтызарлы болғаны бірден байқалады. Ал, Төлепберген Тоғаев қарияның інісіне деген адалдығын  Әлекеңнің 1964 жылы 15 май күні жазған хатындағы:  «Осы хатты оқып болғасын, босқа тастамай, жиып отырып, не бізге қайрып отырғаныңыз дұрыс болар»,– деген  өтінішін орындап, оның  өзіне жолданған алты хатты түп иесіне қайырып бергені дәлел. Сол хаттар біздің  келесі талдауымызға арқау болды. Ұзақ жылдар бойы ағайын-туыспен араласпай, туған елінен сырт жүруге мәжбүр болған ғалымның өскен ортасы, ағайын-туысы, олармен арадағы отбасылық байланысы,  ғылыми дерек көздерін (Ер Олжабай мен Жаяу Мұсаға қатысты) іздестіруі, жинауы қақындағы деректердің қат болуына сәйкес, біз сол бір бауырмал сезімге толы дұғай сәлем хаттардың барлығын да назарға ұсынамыз. Ең бастысы, бұл хаттарда ғалымның балалық, жастық шағына деген ұлы аңсар бар. Ұзақ жылдар бойы өз еліне өзі жат боп, әке-шешесінің қабіріне тәу ете алмай зарыққан сағыныштың сартабы бар. Бұл хаттардан сол бір басылмаған аңсардың, туыссыраған көңілдің «лебі мен демі еседі». Сондықтан да, бұл эпистолярлық мұралар сондай асыл сезімдердің сырын сақтауымен де қымбат.

Өзара хат алмасу, шамамен 1959-1967 жылдардың арасын қамтиды.   Сонымен...

Академик Әлкей Марғұланның Төлеп-берген Тоғаевқа жазған хаттары. ҚР ОМА. Қор 2415. Т-1, 537-іс. 1-24 беттер .

Айы, күні, жылы  көрсетілмеген Төлепберген Тоғаевке қаратылған  Ашық хаттың (открытканың) сыртқы бетіне жазылған бұл  алғашқы дұғай сәлемді Әлкей Марғұлан 1958 жылы Омбы архивіндегі Шоқан Уәлихановтың іс қағаздарын қарауға барған кезінде жолдаған. Ағайын арасындағы алғашқы уәж, әрине, қашанғы қалыптасқан «жазылмаған дәстүр» бойынша, қаржылай көмек сұраудан басталған. Ол туралы ағалы-інілі адамдардың арасында бұрынырақ уағдаластық болғанын «айтқан уақытында жібере алмадым» деген жолдар растайды. Қалайда, осы ашық хат, бала кезден бауыр басып өскен ағайындардың арасын жақындатуға септігін тигізген.

«ТӨКЕ!

Мен қазір Омбыға келіп жұмыс  істеп жатырмын. Бір айдан кейін Алматыға қайтамын.  Көп уақыт жол үстінде болған соң, айтқан уақтында жібере алмадым. Бұл мың сомды алғаныңыз туралы Омбыға  телеграмма берерсіз. Сау болыңыз. Амандықпен көрісейік.

Әлкей».

Келесі хаттарда олардың өзара ілтипаты бұдан да анық білінеді. Тілек-ниеттер, өтініштер қазақы еркін мәнермен базына білдіріле жазылған. Сондай-ақ, балалық шағында «әңгімесін қызыға тыңдап» өскен Төлепберген қарттың ілгеріні ойлайтындай парасатты, ойын жеткізіп жаза алатындай қабілетті де болғаны баса көрсетіледі. Ең бастысы, ғалымның Ер Олжабай, Жаяу Мұса туралы ойға алған, жоғарыдағы «Күнделікке»: «Мен шежіреші қариялардан Олжекең туралы деректерді жаздырып алдым. Архивтен де таптым... Енді осыларды біліммен әдемілеп жазу керек қой»», – деп түскен жолдарды растайды және ғалымның алдағы уақыттағы ғылыми жоспарынан хабардар етеді.

«Ардақты Төке!

Жазған хатыңызды алдым. Көп алғыс айтамын еске түсіріп, туысқандық сезім білдіргеніңізге. Хаттың көркем түрі мен мазмұнына қарағанда, ой-санаңыз әлі берік, көңіліңіз жүйрік, ашық екенін көрдім. Тегінде білім соңына түсуді мен ертеден айтушы едім, бірақ оған көңіл бөлмей, бұрынға әдетті жеңе алмадыңыз. Бірақ, «Ештен кеш артық» – деген, әлі де болса өзіңізде бар білімді іске жарата отырып, есте қалған мұраларды қағаз бетіне түсіріп отыру – ол аса  табылмайтын игілі іс. Жіберген әңгімелеріңіз маған өте ұнады. Бірақ, оларды асықпай, кеңінен алып, ұзақ әңгіме түрімен, толып жатқан дүркін-дүркін уақиғалармен еске түсіре отырып, қай жылы, қай жерде, не болғанын айтып,  мына кісілер туралы жазып жіберіңіз:

1. Олжекеңнің шежіресі, ол кісі туралы ел аузында ертегі болған аңызды әңгімелер, ол кісілер туралы Жаяу Мұса қандай әңгімелер айтушы еді?

2. Ол кісінің (Жаяу Мұсаның) Баян елі ортасында, Баян дуанында, Омбыда, Қызылжарда, Қараөткелде болған кездерін еске түсіре отырып, толығырақ жазыңыз. Кімдерді сықақтап өлең шығарды? Тағы басқа білетіндеріңіз бар ма?

Жазғанда Олжекеңе бір дәптер, Мұсаға бір дәптер арнап, жеке-жеке жазыңыз.

 3. Олармен қабат есіңізде қалған қызықты ертегілер, аңыз қылып айтатын әңгімелер, тақпақтап сөйлейтін шешендік сөздерді де жіберіңіз. Бұған жеке бір дәптер жұмсаңыз.

Қазір бұларды қағаз бетіне түсірудің зор маңызы бар. Әдемілеп, ой-санаға тіреп, дәлелді уақиғасын төндіре көрсетіп жазыңыз, оның барлығы сіз жазып қалдырған мұра болып, атыңыз тарих жүзінде жүрмек. Осыны көбірек ойланыңыз.

4. Шоқан Уалиханов туралы айтылатын әңгіме жоқ па екен? Оны Ақкелін елінің қарттары біліп қалуы мүмкін.

5. 18 ғасырда жылқыны ой бойында, орман ішінде қыстатып шығатын болған. Бұл туралы сақталған тарихи сөздер жоқ па екен?

Бұл айтылған мәселелер туралы кейде Мейраммен ақылдасып, түсінбеген жеріңізді сонымен бірге шешіп отырғаныңыз дұрыс.

Осы июньнің ортасында тағы бір хабар күтерсіз. Ағынтайға (-?), Уайдаға сәлем айтыңыз.

Арымаңыз-ашпаңыз, мықты, берік болыңыз. хатты жиі жазып тұрыңыз. Әрдайым сау болуыңызға тілектеспін 

Әлкей.

1959 жыл 31 май».

Хаттың соңында сәлем жолдап отырған «Ағынтай» – отызыншы жылдары ғалымға атасы Жаяу Мұсаның «Үшінші қолжазба дәптерін» сыйға тартқан Ағынтай Мұстафин.

Осы хаттағы: «18 ғасырда жылқыны ой бойында, орман ішінде қыстатып шығатын болған. Бұл туралы сақталған тарихи сөздер жоқ па екен?», – деген сұрақ Ә.Марғұланның ойында бұрыннан болды ма, жоқ сол жолғы  іссапарында Омбы ахивінде кезіккен: «Олжабай мен Едіге бидің 1762 жылы Екатерина ІІ-ге қазақ тілінде араб жазуымен хат жазады. Ондағы әңгіме бір ғана шаруашылық мәселесі. Хатта айтылғаны: «Қырда үскірік суық күшейіп, жылқы өле бастады. Бұрын жылқымыз Ертістің шығыс жағында, қалың орманның ішінде семіріп жататын еді. Жазғытұры Құлынды даласында  биелер құлындап, олар есейген соң Ертістен өз бетінше өтіп жүрді. Осыған сіз басшы болып, малымыздың аман болуына көмек берсеңіз. Жылқымызды қысты күні Ертістің алдындағы қалың орманның ішінде бағып шығуға рұқсат берсеңіз», – деп тілек еткен», – деп жазылған  хатты оқыған соң, көш жолының аңыз-әңгімесін Төлепберген дегдардан кеңінен білгісі келді ме, ол жағын кесіп айта алмаймыз, ол жағын енді анықтау мүмкін емес сияқты. 

Алайда, бұл пікірлердің үйлесіп жатуынан Қазақтардың Ресей бодандығына кіргеннен кейінгі жер қысымын көргендігін, оған Ер Олжабай мен Едіге бидің наразылығын жазу ежелден ойында болғаны анық. Үш жазба дерек те бір-бірін сөзбе-сөзге жуық қайталайды. Бұдан Әлкей  Марғұланның айту мен жазу мәнерінің арасында еш алшақтық кездеспейтіні байқалады, яғни, бұл ғалымның ғылыми деректерді айтса да, жазса да, айтар ойын – иін әбден қандырып барып қалыптап алатын ғылыми ойлау жүйесінің дәйектілігін танытады.

Келесі хат араға бір жыл өткен соң жазылған. Зады, бұл бір жылдың ішінде Төлепберген шежіреші Ер Олжабай, Жаяу Мұса туралы шежірелік деректерді, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырып, ғалымға жолдаған. Әлекең ол материалдармен мұқият танысып шыққан соң, өзінің қорытынды пікірлерін ағасына хат арқылы білдірген.                                         

«Ардақты Төке!

Сізге хат жазуды ойлағалы көп болған болса да қол тимей, сәті бүгін ғана түсіп отыр. Сіз(дің) жіберген жазбаларыңызды оқып шықтым. Ішінде көңіл бөлерлік әжептәуір нәрселер бар екен. Енді оларды босқа қалдырмай, сіздің атыңыздан кітапханаға тапсыруды ойлап жүрмін. Егер олар алатын болса, сізге тиісті кәдесін бермек. Бірақ, жазбалардың көлемі тіпті аз, ауыз толтырып сөйлесу үшін көлемі аумақты болса – жақсы болатын еді .

 Сіз хатыңызда:  Тағы да, әңгіме, жыр, тақпақ, мақал сөздер бар. Керек болса жіберемін, – деген едіңіз. Соларды ерінбей отырып жиып, тобымен жіберсеңіз, атыңыздың тарихқа ілінуіне жақсы болар еді.

Ерте кезде Баян-аула төңірегінде Көтеш ақын, сақау Тоғжан ақын дегендер болған. Солардың өлеңдерін еске түсіруге болмас па екен. Қарахан, Қотан, Ақкөбек, Ертөстік сияқты ертегілер болған. «Саймақтың сары өзені», «Боз айғыр», «Бозінген» деген қобыз күйлері туралы қандай аңыз, әңгімелер бар ?

Осыларды жазып жіберсеңіз, бәрін бір қосып, сіздің атыңыздан тапсыруға көрнекті болар еді. Осыны ойлап көрерсіз.

Егер жаңа қолжазба жібере алмасаңыз, сол бұрынғының өзін тапсыра бермекшімін. Егер баспа жүзіне кейбіреуі шыға қалса, сіздің атыңыздан шықпақшы. Тегінде, әр түп қолжазбаның соңында, кімнен жіберлілгенін білдіріп, жинаушы Төлепберген Тоғайұлы деп атыңызды жазып отырғаныңыз дұрыс».

Бұдан кейін, ағайын арасындағы аман-сәлеммен, отбасындағы жаңалықтарға, бал-шағаның қам-қаракетіне көшеді. Мұндағы Дәнеш – ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы Марғұлан. Марат – Марат Төлепбеергенұлы Тоғаев. Хаттың ішінде есімі қаламұшына ілінген Шаймерден Торайғыров – Сұлтанмахмұт Торыайғыровтың немере інісі, халық ауыз әдебиетін жинаушы, шежіреші Шаймерден Торайғыров. Ғалымның жастық шағынан таныс, аралас адамы.

«Біздің Дәнеш бала қыстан бері Мәскеуде оқып жатыр. Осы жақын арада Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде қызмет атқаратын Исағали Шәріпов келіп, екі баланың бұрыннан жуық екенін айтып, құда түсіп кетті. Екі баланың екеуі де сонда оқиды.

Сіз Дәнештің үлкен атасысыз  ғой,  екеуінің бақытты болуына тілеуқор боларсыз.

Біз, Раушан, Матай үшеуіміз бұрынғы-сынша қызмет атқарып жатырмыз. Матай биыл жоғары оқу орынын бітіріп, маман болып шығады.

Сіздің Марат оқып жүрген институт азырақ наразылық білдіріп, февраль айында біраз толқыған еді. Мен оны қатты басып, ұрыстым.

  Бірнеше уақыт оқуға келмеді, емтихан тапсырмаған, степендиядан шығып қалуға жақындаған. Мен оған кірісіп, қайтадан қалпына келтірдім. Енді оқып кетсе жақсы болар еді. Бұрын анда-санда келіп, ақша алып жүруші еді. Көптен бері келген жоқ. Тегінде емтихан беріп жүрген болуы керек. Сіз де ақылыңызды айтып жазарсыз.

Жақында Алматыдан Шаймерден Торайғыровты көрдім. Маған әзілмен бірнеше сөз айтты. Бірақ менің оған жақсылық тілеуден өзге, сыйлаудан өзге ойым жоқ. Тегінде байқұс ауырып, шаршаған болуы керек. Ойланса – түсінер. Көрсеңіз, сәлем айтыңыз. Шаймерден Олжекең туралы бір поэма жазған. Сыртқы құрылысы жаман емес еді. Баспаға дайындап жүр ме, жоқ па, білмеймін.

Хат жазып тұрыңыз.

Сау болыңыз. Тағы көп тіршілік жасап, қызық көруіңізге тілектесіңіз – Әлкей.

1960 жыл, 20 март».

Осы хатта аттары аталған халық ақындары туралы «Еңбек сүйген өмірде»: «Олжакең қайтыс болғанда оның өмірін толғандыра суреттеген Бұқар жыраудың ізбасары, орманшы Сақау ақын. Оның «Ер Олжабай» деген кітабі бүгінде  Ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы тұр. Екінші Шоң бидің жырауы Көтеш ақын және атақты  Жаяу Мұса жазуы Қазан университетінің кітапханасында сақтаулы. Мұндай хикаялар, жырлар Баянаула төңірегінде өте көп болған. Соның бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың інісі Шаймерден жазған «Ер Олжабай» атты ұзақ жыр. Оның екі  данасы Ғылым академиясының кітапханасында сақталған», – деп  жазды. Өкініштісі, Орталық ғылыми кітапханаларда сақталған бұл ақындардың қолжазбаларын қорға кім, қашан өткізгенін салыстырып қарауға мүмкіндік болмады. Төлепберген қарияға жазған хаттарында өзіне келген халықтық нұсқалардың барлығын кітапхана қорына тапсырғанын, не енді тапсыратынын қадағалап ескертіп отырған. Соған қарағанда, бұл қолжазбалар Т.Тоғаев Ә.Марғұланға жазып жіберген Сақау ақын мен Көтеш ақынның өлеңдері   емес пе екен? – деген де дәмелі ой келеді.  Ал, хаттағы Шәймерденге қаратылған емеуірінге иек артсақ, олардың араларында әлдеқандай ағайынның өкпе-назы сезіледі. «Өзің біл» деген сөздің салмағы үйдей тастан да ауыр» деген мәтелді еске алсақ, «Ойланса – түсінер» – деген сөздің астарында пендешілік салмақ жатыр.

Келесі хат таза туысқандық сезімге негізделген. Хаттың мазмұнына қарағанда, алдыңғы хатта аты аталатын Марат ақыры оқуын тастап кеткен сияқты. Тіпті осы хат сол Мараттың жағдайына алаңдау барысында жазылған сияқты әсер қалдырады.

1961 жыл, 17 апрель, Алматы.

Төке!

Сіздің соңғы хатыңызды алып, есен сау жүріп жатқаныңызға қатты қуандық. Марат балаңыздың бос жүрмей, қызметке кіріскені жақсы болған екен. Бірақ оған қызмет істегеннен, жас шағында оқығаны дұрыс еді. Кейін есіне түскенде өкінеді ғой! Өзіңіз де жас күніңізде оқымағаныңызға өкінбейсіз бе? Сондай ғой. Арынғазы оқығанда, бірге оқып кетуге болатын еді. Арынғазы сонша жарқын із қалдырмаса да, оның қазақ малында болатын ауру туралы жазғандары оның атын ұмыттырмай, көп кісі пайдаланып жүр.

 Марат оқимын десе қиын емес. Қараөткелде ауыл шаруашылық иниституты бар. Тоқтаған жерінен бастап, сонда оқып бітіруіне болады.

 Ал бізді көремін десеңіз, май мейрамына қарсы келіңіз. Аз күн қонақ болып кетерсіз. Сізбен бірге отырып ата-ананы, бала күнді еске түсірерміз. Бірақ май мейрамынан қалмаңыз, май айының ортасына таяп жолаушы жүрмек ой бар. Бізді сұрайтын кісі болса, көп сәлем айтыңыз.

Жақсы көретін туысқаныңыз – Әлкей.

Онда Аруан (?-) тұратын болса өзіне, ата-анасына, үй-ішіне көп сәлем айтыңыз».

Бұл хаттан ағайындылардың – Төлепберген қария мен Әлкей Марғұланның өзара кездескенде айтылатын  әңгімелердің  ауаны аңыс береді.  Туған жердің жусанды тынысы, ата-баба аңсары, балалық шақ, жастық кешуі, арлы-бергі  «екпінді оқиғалар»  мен  «аяулы адамдар» туралы болатыны Әлекеңнің: «Сізбен бірге отырып ата-ананы, бала күнді еске түсірерміз», – дегені соны анық танытады. Осыдан кейін, ағайындылардың арасында екі жылдан астам уақыт бойы хаттың үзіліп қалғаны байқалады. Ол арадағы ең күйінішті жағдай  – қазақ ғылымының алып бәйтерегінің құлауы, Қаныш Имантайұлының дүниеден озуы. Әрі досы, әрі қайынағасы Қаныштың қазасы Әлкей Марғұланның отбасының қабырғасын опырып кеткені анық. Ондай қаралы күндерде қолға қалам алу да мүмкін емес. Бұл көңіл-күй билеген көңілсіз күндердің әсері  төмендегі хаттың мазмұнынан анық сезіледі.

Ардақты Төке аға!

Біз, Раушан екеуімізден сізге жалынды сәлем. Хатты бұрын жиі жазып тұратын едіңіз, осы соңғы екі жылдан бері хат жазуды қойдыңыз. Оның мәнісі қалай? Тіпті, ардақты Қаныш қайтыс болғанда бір ауыз лебіз білдірмедіңіз. Оныңызды Раушан бір талай ауырлап жүрді: «Жұрттың бәрі күйзеліп, көздерінен жас бұршақтап, гой-гой тартып жатқанда, Төкең қалай үндемей қалды екен? Байқұстың денсаулығы қалай екен?», – деп сұрап жүрді.

 Бірақ, есен-сау екеніңізді сырттан естіп, мәз болып отырамыз. Ол кісінің хат жазбайтыны: көзі қағаз бен сияны жақтырмайтын болуы керек – деп қоямыз.

Сіздің жазған бұрынғы қағаздарыңыз әлі күнге менің жәшігімде жатыр. Сіз: толықтырып, тағы жазамын – деген соң, оны ешқайда ұсынғаным жоқ. Сол бойынша тұр. Кейде алып, қарап қоямын. Тіпті, дәнеңе жібермейтін болсаңыз, ғылым академиясының қолжазбалар бөліміне тапсыруды ойлап жүрмін. Газет, журналға бастыруға болмай тұр. Сіз бұл жазуыңыздың негізін, кезінде басқа бір кітаптан алған жоқсыз ба? Сөздеріңіз өте мүлткісіз. Шын уақиға түрінде жазылған. Ойларыңыз Арис-тов пен Шәкәрімнің жазғандарымен айқасып жатыр. Жәй қазақтардың айтатын ертегі сөзіне еш ұқсамайды, қазірғі ғылымға өте жақын жазылған. Барлық жазғаныңызды осылай төндіре жазсаңыз, сіз шын мағанасында, ғылымға дос кісі болар едіңіз.

Мен Аруанға да жаздым. Осы алда тұрған июнь айының 18-інде менің алпыс жасқа толған уақтымды мерекемен өткізбек болып жатыр. Шамаңыз болса, сол мерекенің ішінде болып қайтқаныңыз жақсы болар еді.

 Әр уақыт есен сау болуыңызға қуанатын – Раушан мен Әлкей.

1964 жыл 15 май.

Осы хатты оқып болғасын, босқа                      тастамай, жиып отырып, не бізге қайырып отырғаныңыз дұрыс болар»

Ілгергі хаттағы інілік базына әсер етсе керек. Төлепберген қарт  бұл жолы хатты  жауапты қайырыпты. Мүмкін, інісінің 60 жасқа толуына көрсеткен ілтипаты болса керек. Сонымен қатар, көптен екеуара әңгімеге желі тартқан қолжазбаларды да жолдапты. Осындағы, жазылған хаттардың жауабын өзіне қайыра жолдау туралы өтінішін мұқият орындағандықтан да, біз дала ғұламасы мен дала шежірешісінің арасындағы жылы жүректі, ізгі тілекті сыр алысудың куәсі болып отырмыз.

1964 жыл, 30 июнь, Алматы

Ардақты Төке!

Сіздің сәлемдемеңіз, жіберген сұр кітабіңіз келіп жетті. Аман есен жатқаныңызды естіп зор қуанышта болдық. Әрқашан сау болып, тағы осындай бір неше сұр кітапті толтырып жазуға тілек білдіремін. Мына кітапта жазған сөздеріңіз маған сондай жақсы көрінді. Кесек жазылған. Әсіресе, Олжекең туралы жазған дастаныңыз өте қуанышты екен. Мен бір сыдырғы оқып шығуым бойынша, бұл кітабіңізде жазылған сөздер бойынша, сізді дүниеге жаңадан келтіріп, атыңызды елі ұмытпайтын етіп тарихқа мәңгі қалдыратын сөздер.

 Бұл жазылған сөздерді қазақ халқының тарихын, мәдениетін, әдебиетін зерттеуші ғалым, не жазушы еш бір аттап өтуі мүмкін емес. Олар Мәшһүр Жүсіпке, Шоқанға, Шәкерімге қалай айналып үйірілсе, сіздің мәліметіңізге солай тоқталып айналуы айдан жарық. Мына сөздің иесі  – сіздің атыңызға олардың бір тоқтауына өзім әбден көз жеткізіп, сеніп отырмын. Мен өзімді үстіртін қарамай, тереңнен болжайтын кісінің бірі  деп түсінем. Сондықтан маған ұнаған нәрсе, өзге жүйрік білетін ғалымдардың бәріне ұнауы тиіс. Сіздің атыңыздың дүниеден белгісіз өтпей, жақсы із қалдырып, оның тарихқа қалуына өзім қатты қуанып отырмын. Қайырлы болсын!

 Бұл кітап ғылым жүзінде белгілі болысымен, сіздің атыңызды даңықты етіп Мәшқүр Жүсіптің атағынан кем етпеуі сөзсіз. Бірақ менің білейін дегенім, осының көпшілігі Мәшһүр Жүсіп жазуларының көшірмесі емес пе? Болмаса, халық аңыздарын Мәшһүр сияқты тек өз ойыңызбен қисындырып жаздыңыз ба? Мәшһүрмен шатастырмау үшін осы арасын күні бұрын айырып қойған жақсы.

Мәселе, мұның ішіндегі әңгімелердің қайсысы өзіңіздікі, қайсысы Мәшһүрдың жазуынан көшіріп жазылды? Болмаса, бәрі де өзіңіздікі ме? Олжабай туралы жазылған жыр өзіңіздікі екені көрініп тұр. Сіздің атыңызды шығаратын, әсіресе, осы жыр. Жалғыз-ақ, мұны аяқтап бітуіңіз керек. Жырда атаңыздың соңғы өмірлерін көрсететін халық аңыздары кірмей қалған. Мәселен, ол кісінің Арқадан Сыр бойына (Жиделібайсынға) көшіп келем деген тілегі, сол тілек үстінде (қойға – қошқар сиырға – бұқа салдырмай) Ереймен тауының сыртында қайтыс болғаны, сол жердің «Олжабай сөресі» аталғаны. «Сөре» деп атау – Түркістан қаласындағы мешітке апаратын кісілерді қыс күні аманат қоюдың аты екенін түсіндіру.

 Қазыбек бидің ұрпағы Ботақанды Абылай өлтіргенде, Олжабай Сүйіндік пен Қаракесек елін ертіп, Абылайды шабуға аттанғаны, бірақ шаппай, құн алып достасып қайтқаны, тағы басқалар, осы араларын толтырып жазу керегі байқалды.

 Жоғардағы көрсетілгеннен басқа, келесі сөз кітабыңызға мыналарды жазсаңыз:

Өзіңіз жас күніңізде қай жерде оқыдыңыз? Неше жыл, кімдермен бірге оқыдыңыз? Тек ауылда ғана оқыдыңыз ба? Жоқ, Ақмола төңірегіне барып оқыдыңыз ба?

Иман Жүсіптің өмірін жазсаңыз, онымен неше жыл дәмдес болдыңыз? Иман Жүсіптің Бәтима апайды алып қашуы қалай, қашан, бас-аяғы немен бітті? Иман Жүсіп қандай кісі еді? Ол біздің елге келген бе? Қандай өлең айтушы еді?

Ақан сері туралы бала күнімде ауылда көп әңгіме естуші едім. Ол туралы есіңізде қалған қандай әңгіме бар, біздің елге келген бе?

Жаяу Мұсаның өзге жұрт білмейтін ішкілік (Ресей мағынасында) дүниесін толығрақ жазсаңыз. Қыздарда Жаяу Мұсаның жақындары болды ма?

Ана кітабіңізді машинкаға бастырып, оны іске асыру ісімен шұғылданбақ ойым бар.

Жаздың июль, августь айларында Алматыда болмаймыз. Үйге сентябрьдің соңында қайтпақ ойымыз бар. Бізге келем десеңіз, октябрь айының іші дұрысырақ болар. Қашан келетініңізді тағы да білерміз.

Сау болуыңызға тілектес ініңіз  – Әлкей».

Қос  дегдардың  өзара   жазысқан   хаттарының   мазмұны   тереңдеп,  ғылыми  баға мен талдауға, пікірлерді нақтылауға қарай ойысқан. Әрине, мұндағы ғалымның өзі жоғары бағалап,  «тарихта   атыңызды    қалдырады», «Аристов пен Шәкерімнің жазғандарын еске салады», «Мәшһр Жүсіп сияқты атыңызды шығарады», «ғалымдар сіздің жазғандарыңызды айналып өте алмайды» деп алғай сөйлеуіне қарағанда, Төлепберген Тоғаев қарияның жолдаған «сары кітабі» шындығыында да құнды жәдігер екені кәміл сендіреді. Екі дегдардың жеті-сегіз жылға созылған хат арқылы тілдесулерінің осындай ғылыми тұрғыдан алған нәтижелі болғаны қазақ руханияты үшін де үлкен олжа. Бұл деректерді өзінің «Еңбек сүйген өмір», «Қазақтың сал, серілік дәстүрі», «Ер Олжабай», «Олжабай батыр», «Сапақ би», «Ақын Шөже» атты зерттеу еңбектерінде пайдаланғаны және ол қолжазбалардың барлығын өзіне сай ұқыптылықпен мұқият қаттап Орталық ғылыми кітапхананың қорына тапсырғаны да анық. Бір өкініштісі, Әлекең күткендей, ол қолжазбалармен танысып, ғылыми айналымға түсіріп, Төлепберген Тоғаевтің «атын шығаратын» зерттеуші қылаң бермеді. Ал, хатта айтылған тілек-пікірлердің қайсысы орындалды, қолжазбадағы қандай деректерді пайдаланды, соның барлығын саралап, талдап, салыстырып шығуға біздің де мұршамыз болмады және алған тақырыптан ауытқытып әкететін болғандықтан да, осы бір ескертумен пікірімізді тиянақтаймыз.

Келесі хаттың шекесіне: «1964 жыл, 2 ноябрь. Мейрам құтты болсын», – деген   сөз жазылған. Ал, хаттың соңына «1965 жыл, 18 март. Алматы» деп көрсетілген. Жаңылыс түскен болуы мүмкін деп қана жорамалдадық. Академик   осы хатында алдыңғы хаттың мазмұнын бұрынғыдан да тереңдетіп, тарата талдап, нақты ұсыныстар білдірген. Жолданған қолжазбаларды академик Шафиқ Шокин сияқты ғұламаларға оқытып, олардың пікірін де назарға ілген.

Ардақты Төке аға!

Аман-есен жүрсіз бе, үй ішіңіз күйлі ме? Біз көп уақыт Алматыда болмай, жақын арада ғана келіп, қызметке кірісе бастадық.

Сіздің қол жазбаларыңыздың бетіне соңғы айлардың ішінде тағы да сын көзбен тесіле қарап шықтым. Оның ішінде ең күрделісі, әрине, «Ер Олжабай» әңгімесі. Өте жақсы жазылған, ішінде тарихи уақиғалары көп жер(ді), атақты ерлердің, батырдың жан серігі – жез қанаты болған аттарының суреті жақсы берілген. Осы екі-үш күннің алдында қол жазбаңызды Шафыққа (Ол кезде Ғылым академиясының президенті-Т.Ж.) апарып көрсеттім, ол да жақсы көріп қалды. Ол кісінің айтқаны, жақын арада баспаға дайындау керек – деген менің ойыма қосылды. Қазір барлығын машинкаға бастырып жатырмын. Оның ішінде, ең алдымен Олжекеңді баспаға дайындауға кірістім. Оған әдебиет иниститутінен орын сұрап отырмын. Сәті болар деген ойым бар. Қолжазбаңыздың басылмаған тобын ғылым академясының кітапханасына тапсырмақшымын. Олар оның маңызына қарайды.

Қанжығалы жас Жантай – Бөгенбайдың туысқаны, бәсентиын Сырымбет, Шақшақ ұлы Жәнібек, Тарақты Байқозы батыр. Жоғардағы көрсетілген батырлармен қатар бұларда Олжекеңмен қолдас болған замандас достары.

Едіге би мен Олжекең екеуі тонның ішкі бауындай бір болған, әсіресе, Баян ауыл төңірегінде болған әңгімеде, ол екеуінің бөлісіп істеген істері осы күнге дейін архивте сақталған.

Қоян жылы жұт болғанда, Олжекең мен Едіге би екеуі өз аттарынан падиша үкіметіне хат жазып, жылқыны Ертістің арғы бетіндегі қорыс ағаштың ішінде бағуға рұқсат сұраған. Олардың хатында айтқаны:

«Биыл қырға шөп шықпай, оның үстіне, күз түсе жаңбыр көп жауып, жер жып-жылмағай мұздақ болып қалды. Қазақ халқының күн көретіні – жылқысы мен қой, сиыры. Оларды бағып, асырайтын қырда жер қалмады. Пішен аз. Мыңдаған көп жылқыны пішенге асырау мүмкін емес. Бұрын қыстың қатты болған жылдары жылқымызды қостап, Ертістің арғы бетіндегі қалың орман ішіне сақтап шығатын едік. Биыл да солай істемесек, үлкен апатқа ұшырайтын түріміз бар. Сондықтан, сіздің мархабатыңыздан үміт етіп, бұрын жылқы қыстатып шығатын жерімізге ұлы ағзам мезет рұқсат берсеңіз деп тілейміз. Орта жүз қазақтарының аталық биі Олжабай билан Едыге би».

Орыс грамоталарында Олжекең – «Олжабай аталық»  деп аталады. Бұл кісінің аса жақын болған адамының бірі – Қаракесек Барақ сұлтан мен Қазыбек бидің баласы Бекболат (қолжазбаларда бар).

Барақ сұлтан 1748-жылы кіші жүз Әбілхайыр ханды өлтіргенде, Олжекең араға түсіп, кіші жүз батырлары мен орта жүз саңлақтарын мәмілеге келтіруге тырысқан. Бұған қарағанда Олжекең тек қана әскер басы болып қана қоймай, ел арасының бүтіндігін ойлаған майталман шебер кісі екенін білдіреді. Ардақты атаның бұл істері қағазға түспесе, біз мүлде білмеген болар едік.

Олжекең Абылайдың бірнеше жорығына қатысқан, оның ішінде, Олжекеңнің әскермен жүрген жорықтары: жорық найман елінің қонысын құба қалмақ(тың) басуынан (басып алуынан – Т.Ж.) сақтаймын деп аттанғанын көрсетеді.

 Жорық – Түркістан, Сауран , Ташкент қалаларын қорғау жорығы құба қалмақ шабуылынан.

Жорық – қолды болған Абылайды қоңтайжыдан босатып алам деген жорығы.

Жорық – Алатау жорығы, Алатаудағы қырғыздарға қоңтайжы әскерін төгіп, Ыстықкөлден – көлді өзіме қаратамын дегенде, Олжекеңің қырғыздарға болысуы.

Аламесек жорығы – өзіне қайын болған қарақалпақ еліне болысып, оларға озбырлық жасаған Әбілхайыр ханға қарсы жорығы.

Жорық – Сарыарқадан Қарқаралы, Баянаулада  құба қалмақ әскерін қуып шыққан жорығы.

Қытайға қарсы жорық. Кейін тағы жазамын. «Ә».

1965 жыл 18 март  Алматы»

Соңғы сөзді беттің соңына қыстыра асығыс жазған. Ойын аяқтауға мүмкіндігі болмаған сияқты. Сәлемнің басындағы құттықтау қыстырмадағы жаңсақтық та сол асығыстықтан жіберілсе керек. Төлепберген қария дастан жазу үшін  ғалымнан Ер Олжабай туралы толық дерек беруді өтінсе керек. Тарихи оқиғаларды тарата көрсетуі соны аңғартады. Бұл тұста академик өзінің Олжабай туралы зерттеуін ойда қорытып, жазуға қарай ыңғайланса керек. Оқиғаларды нақтап, сенімді сөзбен жеткізуі соны аңғартады. Ал мұнда көрстеілген тарихи оқиғалардың барлығы да жоғарыда көрсетілген зерттеулерде тарата талданған.

Бұдан кейінгі күндері Әлекеңнің Төлепберген ағасы сырқаттанып қалса керек. Оның бұл сырқаты Әлекеңді қатты елеңдетіп, сондай бір жаны ашыған жанның жанашырлық сезім-көңілімен кеңес бере жазады.

(Жалғасы. Басы 2021 жылғы

№8-12 және 2022 жылдың №1,2 сандарында)

3171 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы