• Руханият
  • 31 Наурыз, 2022

Бала – көзің, бала – сөзің, бала – өзің

Қазақ  халқы  салт-дәстүр, әдет-ғұрып-тарға бай халық. Ол халық тұрмыс-тіршілігінің өн-бойына ғасырлар бойы тамыр тартып, қандық қасиетіне сіңіп өшпей, жоғалмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бүгінгі заманға жетіп отыр.

Әне, сол халықтың өмір тәжірибесінен туған балаларға байланысты салт-дәстүрлер жайлы сөйлер болсақ, қазақ тірлігінің қыры мен сыры мол даралық тұрмыс салтын әйгілейтін кемелділік пен тереңдік жасырынған. Тәрбиелік құны мол жалпы салт-дәстүрлердің бір бұтағы болып, өз алдына зерттеуге тиісті құпиясы мол бір дүние іспетті. Онда белгілі дәрежеде діндік сенім араласып жатқанымен, ұрпақ тәрбиелеу сынды ұлы болашақ нысанасының, ағарту идеясының биігі көрініп тұрады. Халық салт-дәстүрлері сонау есте жоқ ескі заманнан тартып талай ғасырдың белін аттап, қоғамның заң-закон, географиялық ортаның, күн көріс тіршілігінің, экономикасының, діндік сенімінің, ұлттық психианың, халық қағидаларының тағы басқалардың әсерінде өзіндік даралық қасиеті бар ұлттық этнорафиясын қалыптастырды.

Қазақ халқы «Атадан пұл қалғанша ұл қалсын» деп өз ұрпағын ерекше қадыр тұтқан. «Бала – адамның бауыр еті», «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген бала туралы баламалар қазақтардың өмір тәжірибесінен туған ой қортындысының жауһары.

Балаларға жақсы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар қалыптастыру жайлы ұлы Абай «Ғылым, білімді әуелі бала өзі іздеп таппайды, басында зорлықпен, яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі ізденгендей болғанша қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деген ұлағатты пікір айтты.

Халық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын өз ұрпақтарына «Бесік жырын» айтып сіңіріп отырған. Көшпенді халықтың қоғамдық өмірінен туындаған халық педогогикасының қайнар көзін халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен тамырласып жатқандығынан аңғаруға болады.

Халықтың салт-сана, әдет-ғұрыптарын білетін қадірменді ақсақалдардың көбін қара жер құшағына жасырып алса, аз санды көне көздердің білетіндері қағаз бетіне түсірілмеуі саналы азаматтарды ойландырары хақ. Халықтың салт-сана, әдет-ғұрыптарынан сан тарихтың сорабы, халық дәрігерлігі, математика, химия, биология, тіл, дін, таным тағы басқа толып жатқан ғылыммен біте қайнасып жатқанын байқауға болады. оны зерттеу өз алдына мүшкіл шаруа.

Мен бұл мақалада қазақтың балаларға байланысты салт-дәстүрлері жайлы аялдай кетуді жөн көрдім.

 

1.Жерік ас

Ана ауыр аяқ болып 2 – 3 ай өткен соң, бірер нәрсеге жерік болғанда беріліп тұратын дәм-тұз жерік ас деп аталады. Жерік ас туралы әңгіме қазақ ертегілерінде кездесіп отырады. Мысалы, «Ертөстік» деген ертегіде оның шешесі керегеде ілулі тұрған төске жерік болыпты, бала туған күні ата-анасы атын Төстік қойыпты, кейін Ертөстік атаныпты.

 

2.Құрсақ той

Бұл салт – баланың құрсақтағы кезінде өткізілетін той салты. Ата-ана баланың аман-есен туғанына арнап тілек ретінде өткізілетін тілеу. Бұрынғы заманда перзент көре алмаған ата-аналар Алладан тілек тілеу негізінде көрші-қолаң, туыс-туғандарын шақырып бірер малын сойып өткізетін шағын тойды құрсақ той деп атаған.

 

3.Жарыс қазан

Ананың толғағы басталғанда, тәжірибелі қарт әйелдер ырым-сырымын, ем-дом жасап толғақ жеңіп, аман-есен босану үшін «Ел көшті, жау жетті» деп ананың етегін толғап, көтен астыратын, бұны жарыс қазан деп атаған.

4.Нәрестені жерден көтеріп алу

Нәресте шыр етіп дүниеге келгенде ауыл әйелдері ескі дәстүр бойынша тәңірге сиынып жерден көтеріп алып, «қойшы» немесе «жылқышы» деп жар салып жолын алуды қазақша «жерден көтеріп алу» деп атаған. Нәрестені жерден көтеріп алған әйел босанған ананың жақын туыс-туғандарынан «шүйінші» сұрайтын болған.

 

5.Кіндік кесу

Нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін нәрестені жерден көтеріп алған әйел немесе ауылдың тәжірибелі әйелдерінің бірі нәрестенің өз ырымын жасап кіндігін кеседі. Нәрестенің кіндігін кескен әйелді «Кіндік шеше» деп атайды. Ол қазақ салты бойынша баланың екінші анасы есептеліп құрметтеледі. Кіндік шешеге көйлек-көншегін сыйлап, өз жолдығын береді.

 

6. Шілдехана күзету

Қазақ халқы ұрпақ көруді ерекше бақыт санаған, ол жалғыз ата-ананың қуанышы ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың қуанышы есептелген, баланы өмірдің жалғасы деп түсінген.

Нәресте дүниеге келген күні «Баланың бауы берік болсын» айтып бір түн күзетіп, жиылған ел-жұрт ән салып, өлең айтып, домбыра шертіп үлкен мереке өткізіп «шілдехана» күзететін болған. Түрлі ойын-сауық өткізіліп, әркім әл-ауқатына қарай «шілдехана» күзету ырымын екі-үш күнге жалғастыратын. «Бала туғанда» деген өлеңде:

«Қуаныштан жан жүрегім қақ жарылып,

Қасірет басымдағы қалды арылып.

Ұл көріп, ұлы дүбір той жасаймын,

Атқан соң маңдайымнан таң жарылып» дейтін халық өлеңі міне осының айғағы.

 

7. Қалжа

Қазақ салты бойынша бала туған күні сол отбасында той жасалып, ауыл ақсақалдарының батасын алып, маңайдағы абысын-ажын, тағы басқа әйелдер сол үйге жиылып, босанған анаға арнап қой сою кәдесін «Қалжа» деп атаған. Қалжа сойылып, малдың етін жеп болған соң, мойнын қырық күнге дейін керегенің басына іліп қояды, баланың мойны берік боп қатсын деп ырымдаудан келіп шыққан. Ер баланың мені де әкем ұл деп тауып, «Қалжа сойған» деген сөзі содан қалған.

 

8. Балаға ат қою

Қазақ халқы жаңа туған нәрестеге ауылдағы кадірменді, сыйлы, беделді ақсақалдарды шақырып, ат қойғызады. Ат қойылатын баланың оң құлағына үш рет, сол құлағына үш рет «сенің атың....» деп айғайлайды. «Құранға қарап ат қойғызу» әдеті тағы бар.

Ат қоюда белгілі ғылымилық бар, ат қою қоғамдық ортаға, заман райына, өндіріс кәсібіне тығыз байланысып жатады. Кейбіреулері әйгілі адамдардың атын ырымдап қояды. Сол адамға тартсын деп тілек тілейді, ат қоюда туыс-туғандардың атын қайталамауды түйін етеді, егер қайталанса, сол адамға үлкен құрметсіздік болып есептеледі. Адам атын өз өміріндегі жеке орнын білдіретін ұғым деп түсіну керек, ат қою өзіндік даралығы бар халықтық дәулет.

 

9. Бесік той

Жаңа туған баланы бесікке бөлеу жорасы «Бесік той» деп аталады, үй иесі бір малын сойып ауыл әйелдерін және баланың кіндік шешесін шақыртады. Келген әйелдер балаға арнап шашу, жейде, тана-моншақ, үкі тағы басқаларды әкеледі.

10. Бесікке бөлеу

Баланы бесікке бөлеуді халқымыз өнер деп таныған, бұл «бесік тойдың» артынан іле-шала болатын қимыл. Бесік тойға келген әйелдердің ішінен жолы үлкен, тәжірибелі бір әйел баланы бесікке бөлейді, бесікке бөлеудің өзіндік ырымдары болады. Бұл тұста түбектің тесігінен балаларға тәтті, бауырсақ, құрт-ірімшік үлестіреді. Мұны «Тыштыма» деп атайды. Баланы бесікке бөлеген әйелге тиісті орамал-шаршы беріледі, босанған ана тәжірибелі әйелдің бесікке бөлеу өнерін үйренеді.

 

11. Баланы қырқынан шығару

Қазақ халқы нәресте дүниеге келген қырық күнді қатерлі деп санаған. Осы күнге аман-есен жеткен баланы сау-саламат болады деп, дәтке қуат еткен. Қырық күнге дейін үйден шырақ өшірмеуді әдетке айналдырған.

Нәресте туылып қырық күнге толғанда жақын туыс-туғандардың, көршілердің әйелдері 40 қасық шілде суын тамызып, шағын дастарқан жайып, нәрестенің қолын ұнға матырып, «қарын шашын» алып шүберекке түйіп, тұмарша етіп баланың оң иығына тағып, тырнағын алып көміп тастайды.

 

12. Ит жейде кигізу

Баланың қырқынан шыққанға дейін кигізетін жейдесін «Ит жейде» дейді. Қырқынан шыққан күні ит жейдесін шешіп алып, оған тәтті, құрт-ірімшік түйіп, бір иттің мойнына байлап қоя береді. Ауыл балалары итті қуып ұстап тәтті, құрт-ірімшіктерді таласа-тармаса жейді. Ит жейдені көбінесе баланың кіндік шешесі тігіп әкеліп жолын алады.

 

13. Бесік аластау

Ана бөбегін қатерден аулақ болу үшін үнемі бесікті аршамен аластап тұрады. Қазақтың «Бесік аластау» жырында:

«Алас, алас, баладан алас,

Иесі келді, пәлесі көш!

Көзі жаманның көзінен алас!

Тілі жаманның тілінен алас!» деп айтылады.

14. Баланы майлап сылау

Жаңа туған баланы майлап сылаған кезде өзіндік ырым жасап қауіп-қатерден аулақ болу үшін тілек тілейді. Қазақтың байырғы балалар салттық жырларында «Баланы майлап сылағанда» деген өлеңінде:

«Тәу, тәу, тәу,

Сыламақ менен,

Қатып қалмақ сенен.

Менің қолым емес,

Бибі Фатима, бибі Зухра қолы,

Ұмай ана, Қамбар ана қолы!

Тастай қыл,

Темірдей қыл.

Сүттей ақ қыл,

Дерт үйге кірмесін,

Балаға тимесін» деп айтылады.

 

15. Тұсау кесу

Бала бір жасқа толып, ақ босағадан енді ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан, жүруге талпынған сәбиге арнап ата-ана қадамың құтты болсын деп тілек тілеп, «Тұсау кесу» тойын жасайды. Оған ауыл адамдары, туыс-туған, көрші-қолаңдар шақырылып, сыйлы сыбаға тартылады. Оның ішінде жолы жақсы ақ көңіл адамның біреуі тұсау кеседі. Тұсау кесуші адамды, баланың ата-анасы ел-жұртқа өнеге болатын адамды таңдап, сәбиіне соның жолын, жасын берсін деп тілек тілейді.

Тұсау кесуде жеті түрлі өрілген ала жіппен немесе қойдың майлы ішегімен, иә болмаса қаулап өскен көкпен баланың аяғын байлайды. Оны өткір кездікпен кесу керек. Ала жіппен кесудің мәнісі – ешкімнің ала жібін аттамай, адал өтсін деген тілектен туған. Ал, майлы ішекпен кесу – ешкімді жатсынбай майлы ішектей араласу, елгезек, бауырмал болсын дегенді білдіреді. Көкпен кесу – баланы көктеп қаулап тез жетілсін, көбейіп көктесін дегенді білдіреді. Тұсау кескен балаға ақ жол тілеп:

«Қаз-қаз балам, қаз балам,

Тақымыңды жаз балам», - деп тілек тілеген.

 

16. Атқа мінгізу

Баланың буыны бекіп 4 – 5 жасқа келгенде немесе ат үстінде өзін ұстай алатын болғанда атқа мінгізу салты өткізіледі. Себебі ұлтымыз «Ат – ер қанаты» деп түсінген, ұрпақты ат үстінде ойнайтын етіп жетілдіру, жауынгер етіп тәрбиелеу, еңбекке баулу мақсатынан туған. Балаларға арналып алдын ала дайындап ер-тұрман әзірлейтін. Баланы атқа мінгізген күні арнайы атқа мінгізу тойы жасалады. Бұл қазақтың көшпенді тіршілігіне байланысты туған салты.

 

17. Сүндет той

Бұл той қазақ халқы арасына ислам діні тарағаннан кейін қалыптасқан. Ислам дінінің жол-жосыны бойынша ұл баланы 5 жас, яки 7 жаста сүндетке отырғызады. Сүндетке отырғызу мұсылман болудың бірінші шарты ретінде қаралады.

Той қарсаңында сүндеттелген баланың басына немесе иығына үкі тағып, атқа мінгізіп, жақын туыс-туғандары мен жегжат-жұраттарын аралатады, барған жердегі адамдар шашу шашып құттықтайды. Балаға үкі тағылған кепеш кигізіп, ауыл, аймақ тегіс шақырылып бірнеше мал сойылып, қазақтың ат бәйге, балуан, қызқуар, теңге ілу, жамбы ату тағы басқа ойындары мен салтанатты салттары өткізіледі. Сүндет той әр адамның әл-ауқатына қарай жасалатын.

 

18. Тіл ашар

Баланың жаңадан балдыр-бұлдыр тілі шыға бастағанда ауыл ақсақалдары тілінен балы тамған шешен, шежіреші, көш басы көсем болсын деп батасын беріп, баланың тілін шытпен созып, аузына түкіріп жолын алу салты «Тіл ашар» деп аталады.

 

19. Танабау тағу

Бала әкесіне немесе шешесіне ілесіп жұмыс басында қолғабысын тигізіп жүргенін көргенде, ел-жұрт «Жігіт болыпты», «Қажетке жарапты» деп құттықтап танабау тағады. Танабауға тана, шыт, майда ақша тағы басқа нәрселер беріледі. Танабау тағушыларды баланың ата-анасы шақырып, қонақ етеді, мұны «Танабау тағу» деп атайды.

 

20. Айдар қою

Қазақта ұл баланы зарығып жүріп көрген ата-ана ұлына кішкене күнінде төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Мұны ертеде қазақта көп қолданған, тарихи деректерге қарағанда Кенесары мен оның немересі атақты Наурызбай батырда да айдар болған екен.

Бала он неше жасқа келіп, айдарынан намыстанған кезде оның айдарын алып тастау барысында бірер малын сойып тойлайтын әдет болған.

 

21. Тана тағар

Қыз балаға тұлым өріп, құлағын тесіп, тана тағу ырымы ертеден жалғасып келе жатқан салты. Тана тағарда туыс-туған, көрші-қолаңдардың әйелдерін шақырып шағын тамаша өткізіп береді, мұны қазақта «тана тағар» деп атаған.

Нұрлан Сәрсенбаев,

этнограф

3678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы