• Айтарым бар...
  • 30 Наурыз, 2022

«МЕН АҒАЙЫНДЫ ЕКЕУМІН: БІРІ – ӨЗІМ, БІРІ – ХАЛҚЫМ»

Айман  АБИЕВА,
№42 жалпы білім беретін мектебінің «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі

Отбасы – жаңа адамдарды тәрбиелеп шығаратын шағын мемлекет. Отбасының ұлт, мемлекет алдында жауапкершілігі жоғары. Жай сөз жүзінде емес, кейін ұрпағы өмір сүріп, тұқымын жалғайтын ел мен жер үшін әрқайсымыз жауаптымыз. Әр елдің қалыптасу тарихы бар. Біздің тарих та тереңде жатыр. Қазақ әдебиеті мен тарихының қай-қайсысын қарасаңыз да онда ана мен әкені құрметтеу, кәріні сыйлау, іні мен қарындасқа қамқор болу, сондай-ақ әже мен немере арасындағы ерекше ықыласты көруге болады. Зеренің Абайы, Айғанымның Шоқаны, Бойдастың Бейімбеті, Дінәсілдің Мұхтары. Ананың ақ сүті, әженің мейірімі әрі көрегендігімен қазақ тарихына осындай-осындай зиялы тұлғалар келді.

Қазақ отбасыдағы бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген. Ерте жастан-ақ жауапты іс-әрекеттерге тартып отырған. Мысалы, бес жасында атқа мінгізіп, бәйгеге қосу, қозы баққызу, үлкендердің арасындағы дауды шешу, келіссөз жүргізу істеріне бірге ертіп жүрген. Мұндағы мақсат баланы ерте жастан еңбекке баулып өсіру, сөз қадірін ұғындыру.

Ертеректе тәрбие құралы ретінде халық ауыз әдебиетін: батырлар жырын, ертегі, мақал-мәтел, айтыс, шешендік өнер және ұлттық ойындарды қолданған. Бұл дәстүрдің бара-бара тоқырап, тоқтап қалуына бодандау жылдарындағы теріс саясат қатты әсер етті.

1865 жылғы зерттеу еңбектерінің бірінде орыс ғалымы Н.Зеланд: «Қазақтар сергек, кең пейіл. Жүзі жарқын, мейірімді. Тез қабылдағыш, сабырлы. Жүйке жүйесі мықты. Өйткені, оның барлық ойы ізгілікке, бақытқа негізделген. Адалдық, уәдеге тұрақтылық, қонақжайлылық, сана саулығы, қиындық бөгеттерге төзімділік ерекше көрінеді. Қаталдық пен кекшілдік қазақ психологиясына тән емес, бұл  халық  өте бейбітсүйгіш, оған ұзаққа созылған қырғиқабақтық жат» - деп, жоғары баға берген. Бұл нені білдіреді? Қазақ тәрбиесінің мықтылығын. Ал тәрбие қалай беріледі? Бір адамның бір уақытта барлық адамға бірдей тәрбие бере алуы мүмкін емес. Тәрбие ең алғашқы бастауын отбасыдан алады.

Ендеше, қазақ даласында ғылымға негізделген білім ордалары болмаған тұстың өзінде тарихта шегелеп орын алған зиялы тұлғалар өмірге келді. Бұл ең әуелгі кезекте қазақ отбасы тәрбиесінің мықтылығын көрсетеді. Әрине өмірде барлығы идеал болуы мүмкін емес. Бірақ сол кездегі халықтың дені жоғарыда Н.Зеланд келтірген сипатқа сай еді. Сондықтан қазір ғылым мен білім қолжетімді кезде, біз отбасы құндылығын дәрежесінен түсіріп алмай, керісінше арттыруымыз қажет. Әйтпесе, ол сіз бен біздің әлсіздігіміздің айқын көрінісі болмақ.

Отбасы – «жаңа» адамның ой-өрісін, мінез-құлқын қалыптастыратын келешек алдында жауапкершілігі үлкен механизм. Отбасының әрбір мүшесі ондағы татулық пен бірлікке бірдей жауапты. Ондағы бақыт пен тыныштық – бір-біріне сүйіспеншілік, жанашырлық пен құрмет танытуында. Жанұядағы құндылықтардың негізі махаббаттан, сенімнен, өзара түсіністіктен бастау алады.

Қазақта «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаға не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген нақылдар бар. Ұлт болашағында отбасының ең басты тұғырды иеленуі де осыдан.

Қазақтың бала тәрбиесіндегі тағы бір ерекшелігі «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деуі. Бұл баланы жастайынан ота-нын, халқын, елін, жұртын сүюге тәрбиелеп, жанұясының  шекарасынан ары асырып, бауырмал, көпшіл, мейірімді болуға бағыттауын білдіреді. Ұлттық тәрбиенің осындай асыл қасиетінен болса керек, Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» – десе, Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі – халқым» – дейді. «Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің» деген Мұқағали да халқын өзінің ең бірінші бақытына теңеді. Жүректегі махаббаты халқына жеткен адамның өз туғанын сүймеуі, сыйламауы, құрметтемеуі мүмкін емес.

Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Абай айтпақшы, адамның жақсы болмағы әуелі жақсы ата-анадан, содан жақсы ұстазынан, үшіншісі жақсы құрбы-құрдасынан. Отбасы болып қалыптаспас бұрын, адамның толық адам болып қалыптасуы туралы да ұлы ақын «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» концепциясы арқылы жеткізген. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепция-сы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деп көрсетті.

Адам болам десеңіз, қандай бес нәрсеге асық, қандай бес нәрседен қашық болуы керектігі, ол да бар.

Тәрбие негізінің бастауы осындай әдебиетіміз бар бола тұра, отбасы институтын әлсіретіп алу, балаға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар бере алмау – қазақ ұлтының дамуын тежеуге алып келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде үлкен қауіп. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал, осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде отбасында атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған бүгінгі мақсат – сөз қадірін ұғатын, үлкенді сыйлай алатын, өз ұлтының тарихы мен әдебиетін, тілін білетін, халқын сүйетін, білімді, ғылымды игеруге деген құлшынысы жоғары білікті де заманауи адам қып тәрбиелеу. Бір баланы осылай тәрбиелей алсақ, болашақта одан тарайтын ұрпағы да сондай болмақ. Мемлекеттің жылдам дамуы, болашағының жарқын болуы осыдан бастау алады.

Алматы қаласы 

5072 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы