• Руханият
  • 21 Ақпан, 2022

БОЛАШАҒЫМЫЗ БҮГІНГІ ІСТЕРМЕН ҚАЛАНБАҚ

(Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және 
жобалау институтының тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі қызметі туралы)

Алматы – ұзақ жылдар бойы көптеген ғибратты, өнегелі әңгімелер мен қызықты аңыздарды, бұрынғы ержүрек батырлардың есімдерін сақтап келеді. Оның бір парасы аңыз-әңгімелерге айналып, көпшіліктің көңілінен орын алса, кейбірі уақыт өте келе ұмытылып, қала тұрғындарының да жадынан өшіп кетіп жатады.

Алматы қаласының көпғасырлық тарихы кітап, ескі фотосурет, альбом, сарғайған мұрағаттық құжаттар мен мұражайлардағы бірегей тарихи құнды заттардан айқын көрінеді және қала көшелері де оқырмандарды ерекше сан түрлі бояуларымен таңғалдырады.

Өткен ғасырларда салынған ғимараттар мен құрылыстар, ескерткіш орындар және осында өмір сүріп, қызмет атқарған көрнекті тарихи тұлғаларға тас, мәрмәр, қола мен граниттен соғылған ескерткіш, бюсттер және сондай тұлғалардың құрметіне тұрғын үйлердің қабырғаларына орнатылған мемориалдық тақталар ескі жылдардың естеліктерін бүгінге жеткізіп, мұқият сақтап келеді. Уақыт өткен сайын жаңарып, жаңғыра түскен мәдени орындардың ескі тарихын тарқатып талдайтын зерттеушілердің де қажеттігі аңғарылады.

Алматыда қалған сәулет және тарихи ескерткіштер көп емес. Олардың көбі қаланың орталық (тарихи) бөлігінде орналасқан. Қаланың орта тұсынан бастап, қала іргесі патша өкіметі кезінде Верный бекінісі-қаласы, одан кейін Кеңес өкіметі жылдарында Алматы астана-қала ретінде біртіндеп ұлғая берді. Бүгінгі тарихи ғимараттардың бір бөлігін өткен ғасырдың басында дарынды сәулетші А.Зенков пен П.Гурде тұрғызған. Бірегей құрылыстар тұтас сәулет ансамблін құрап, ондаған жылдар бойы ағаш сәулет өнерінің үлгісі саналды әрі Алматыға қайталанбас кескін берді. Бір-бірінен ерекшеленген әсем ғимараттар Кеңес дәуірінің жаңа құрылыс нысандарымен әдемі үйлесіп, оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты [1].

ХХ ғасырдың басындағы қайғылы жер сілкінісінен кейін Алматыдағы үйлер мен ғимараттардың іргетасы тастан тұрғызыла бастады, ал қабырғалары жергілікті қарағай мен орманнан жасалып, сыртқы сәндік қаптамасы дер кезінде лайықты күтім мен өңдеуді қажет ететін ойылған ағаштан жасалған. Кейінірек кейбір сондай нысандарды қалпына келтіру барысында ағаш элементтер неғұрлым берік материалға – өрнектелген гипс жабыстырмаларға ауыстырылды. Алайда, мұнымен қатар, Алматыда саны көп болмаса да, қалпына келтірілмей, тез тозығы жеткен онға тарта ғимараттар кездеседі [2].

Бүгінге жетпеген ғимараттың біразы уақыт ағымында әртүрлі өзгерістерге ұшырады. Ескі ғимараттардың бір бөлігі тәуелсіздік жылдарында қала құрылысы кезінде жойылып кетсе, екінші бөлігі мұражайлар мен кітапханаларға айналды, тағы бір бөлігі әртүрлі мәдени қорларға, ведомстволар мен министрліктерге, шетелдік елшіліктер мен консулдықтарға берілді. Осындай мәселелерге байланысты әрбір сәулет ғимаратының тарихы әрқалай қалыптасты: ұқыпты және жанашыр адамның қолына түскен кейбір ғимараттардың ескі әсем әрі тарихи келбеті қалпына келтірілсе, ал басқалары ұмытылып, қараусыз қалды, бұрынғы сәулет-эстетикалық көрінісін тез арада жоғалтып жатты.

Алматы қаласында «музей-үйлер» мәртебесін алған революцияға дейінгі тарихи ғимараттар мен Кеңес дәуіріндегі құрылыстар (А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов мұражай-үйі, С.Мұқанов және Ғ.Мүсірепов әдеби-мемориалдық мұражай-кешені, М.Әуезов мұражай-үйі ғылыми-мәдени орталығы) орналасқан.

Бұл мұражайларға туристер мен шетелдік қонақтар, мектеп оқушылары және студенттер арасында ірі сұраныс пен қызығушылық артып келеді. Соның қатарында мысал ретінде Д.Қонаев мұражайын келтіруге болады.

Академик Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды, 44 жылдан астам уақыт Қазақстанның жоғары басшылығында: оның 24 жылында Қазақ КСР-ін басқарған және 20 жылдан астам уақыт КОКП ОК Саяси бюросында қызмет етті [3].

Д.Қонаевтың Кеңестік Қазақстанның дамуында елеулі рөл атқарған қызметтеріне тоқталғанда тұлғасы айқындала түседі. Сонымен бірге, Д.Қонаевтың ХХ ғасырдағы Қазақстанның аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі ретінде қалыптасу жолы сталиндік дәуірде, қатаң орталықтандырылған әкімшілік жүйе қарсаңында өткендігін ұмытпаған жөн. Қазақ халқының ардақты перзентінің тағдырына жалпыға ортақ оптимизм мен халықтың социализм идеалдарына деген мызғымас сенімі, қуғын-сүргін, тарих, этникалық мәдениет пен дәстүрді қысымға ұшыратқан жүйенің қатаң шешімдері жүзеге асқан әлеуметтік-экономикалық үдерістер ерекше ықпал етті.

Кеңестік, командалық-әкімшілік жүйенің қатал мектеп сынақтарынан өткен Д.Қонаев Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосты. Елді дамыту бағдарламасы өнеркәсіптік өндірісті, ауыл шаруашылығын қалыптастыруға, қарқынды құрылысқа, республиканың ғылыми әлеуетін қалыптастыруға бағытталған. Қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдайлар халықтың табысты демографиялық дамуына септігін тигізді. Басшылықтың сапасын арттыру мақсатында жаңа үш облыс пен мыңдаған елді мекен, оның ішінде 43 қала құрылды [4].

Жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, мәдениет саласындағы тереңдетілген жүйелі талдау, ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасын іске асыру және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен зерделеуді көздейтін «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» миссиясын өзектілендіргіміз келеді.

Ұйым Д.Қонаев, Ғ.Мүсірепов және т.б. мұражайларын реставрациялау және реэкспозициялау туралы жоба дайындауға әртараптандырылған көзқарасты ұстанады, ондағы міндеттер жаңартумен қатар мұражайлардың ақпараттық құрамдас бөлігін жетілдіруді көздейді. Қорды цифрлық форматтағы жаңа материалдармен, архивтен алынған фотосуреттермен, жеке істермен, видео контентпен толықтыру ісі музейлердің мәдени және ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады. Қазіргі уақытта Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты Ғылым ордасының ғылыми архивіндегі, Президент архивіндегі және Алматы қаласының мемлекеттік архивіндегі Д.Қонаев пен А.Қонаевтың жеке істерін цифрлы форматқа көшірді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, кеңейтілетін болады. Жаңа контентті рәсімдеу бойынша кәсіби жағынан кеңес бергені және Д.Қонаевтың мұражай қорын толықтыруға көмектескені үшін Дінмұхаммед Ахметұлы мен Асқар Ахметұлының жиендері Диар Асқарұлы мен Жаннет Дәулетқызына жеке алғыс білдіреміз.

Бірлесіп жұмыс атқарғанның нәтижесінде біздің институт музей экспозицияларының әртүрлі тақырыптары бойынша көптеген материалдар мен аталған музейлердің электронды мәліметтер базасын жинақтады. Едәуір бөлігінің көшірмесі жасалмаған құнды тарихи материалдарды сақтау жұмыстары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында Қазақстан үшін ерекше маңызы бар.

Институт музей-жайларды жөндеу мен ақпаратты ұсынуға қатысты проекциялық жүйелер, видео-маппинг, толықтырылған нақтылық технологиялары, виртуалды экспонаттар, т.б. қазіргі заманғы құралдарын енгізуде. Мақсатты аудиторияға және Тапсырыс берушінің міндеттеріне сәйкес мазмұнын жеткізу үшін экспозицияның қазіргі заманғы тұжырымдамалық негіздері жасалуда.

2022 жылдың басында қонақтарға Д.Қонаев пен Ғ.Мүсіреповтің жаңа мұражайын аралауға мүмкіндік туады. Цифрлы материалдармен аталған музейлердің интерактивті сенсорлық панельдерінде толығырақ танысуға болады.

«Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институтында» ғылыми-талдамалық әдістермен музей жобаларын әзірлеу және жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар білікті мамандар – дизайнерлер мен зерттеушілер жұмыс істейді. Зерттеушілер қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Институт көлемі мен күрделілік деңгейі әртүрлі жобаларды орындау және Қазақстан Республикасының жетекші мамандарымен ғылыми ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін ғылыми және кадрлық әлеуетке ие [5].

Қорытындылай келе мынадай мәселелерді атап өткен қажет деп санаймыз.

Жекелеген тарихи қайраткерлердің еңбегі мерейтой жылдарында мақалалар мен конференциялар деңгейінде ғана атап өтілмей, практикада да көрініс табуы тиіс. Мұндай істер өткен тарихқа құрмет көрсетудің жарқын үлгісіне айналып, күрделі тарихи кезеңде Алматы қаласының дамуына елеулі үлес қосқан әрі өшпес із қалдырған Отанымыздың аяулы перзенттерін құрметпен еске алудың айқын дәлелі бола түседі және әлі күнге дейін тарихқа деген шынайы қызығушылық танытқандардың жадында сақталады.  Мәдени-ғылыми орталық мәртебесін сақтап қалу үшін астанамен табысты бәсекеге түскен Алматыға лайықты имидж қалыптастырумен қатар, жаңа мәдени-ғылыми мекемелерді ашуға да батыл қадамдар жасау қажет. Бұған Алматы қаласымен қатар, бүкіл Тәуелсіз Қазақстанның игілігі саналатын қаланың мәдени және сәулет ескерткіштеріне жіті, мұқият назар аудару арқылы қол жеткізуге болады.

Азамат Нұршанов,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дінтану» мамандығы бойынша PhD доктор. «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау

институты» бас директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕР ТІЗІМІ

1. Джунисбаев А. О жизни и деятельности Санжара Асфендиарова 292 Views 22 Pages1 File History of Science, History of Kazakhstan, Sanjar Asfendiarov. Сілтеме: https://www.academia.edu/38709898/%D0%9E_%D0%B6%D0%B8%D0%B7%D0%BD%D0%B8_%D0%B8_%D0%B4%D0%B5%D1%8F%D1%82%D0%B5%D0%BB%D1%8C%D0%BD%D0%BE%D1%81%D1%82%D0%B8_%D0%A1%D0%B0%D0%BD%D0%B6%D0%B0%D1%80%D0%B0_%D0%90%D1%81%D1%84%D0%B5%D0%BD%D0%B4%D0%B8%D0%B0%D1%80%D0%BE%D0%B2%D0%B0?email_work_card=title.

2. Зенков П.М. Письма о катастрофе в Семиреченской области: Письмо I. От 28.05.1987 г.

3. Новости о Д.А. Кунаеве. Интернет ресурс: http://kunayev.kz/ru/news. 02.12.2021.

4. Substate Dictatorship Networks, Loyalty, and Institutional Change in the Soviet Union Yoram Gorlizki and Oleg Khlevniuk ISBN: 9780300230819 Publication Date: August 5, 2020, 464 P.

5. Нуршанов А., Талғат Т. Охрана и хранение музейных экспозиций. Интернет ресурс: http://www.gylymordasy.kz/2016/01/13/ohrana-i-hranenie-muzejnyh-ekspozitsij/ 13.01.2016.

2281 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы