• Әдебиет әлемі
  • 21 Ақпан, 2022

Махаббатым мәңгілік саған елім

Дулатбек  КЕНЖЕБЕК

 

Тәңірден сый

Тұрақтылық байқалмас тайған бақтан,

Көз ашқандай жүрегім лайдан батпан.

Ұлтымның титтей ғана тағдыры бар,

Күн қақтаған, нұр жүзін айға аунатқан.

 

Соқпақ жолдар, тағдырлар, ала-құла,

Өткен күннің жауабын алдады ма.

Тәуелсіздік тамшыдай нұр боп түсті,

Бейнет шеккен халқымның жанарына.

 

Аналардың көз жасы, қаны әкемнің,

Қара қанның арқасы қара тердің.

Қараша ұлттың арқасы қаумалаған,

Ашылмаған байқалмас қанаты ердің.

 

Иілмеген не бар ал бастан биік,

Ауған арқар, қайда екен қашқан киік.

Босқан ұлттың ертеңі не боларын,

Алаңдатқан кесел ой шашқан күйік.

 

Ажал шықса ажалсыз өлмейді алдан,

Бағы болса жайқалар өрлейді орман.

Үзілердей сіңірі шыққан шақта,

Титтей ғана шамшырақ сөнбей қалған.

 

Сөнбей қалған селт сәуле жалындаған,

Ғасыр көшкен алып ап жанымды аман.

Тұғыры алтын тәуелсіз ұлт боп тұрмыз,

Бір Алладан басқаға бағынбаған.

 

Ұлы арманның көшінде шынар болып,

Ұлытаудың төсінде ұлар болып.

Алатаудың басында барыс болып,

Хантәңірдің шыңында қыран болып.

 

Қайран менің, қазағым, қарагерім,

Тәңір берген тәтті сый дара белім.

Шапағаты тәңірдің тәуелсіздік,

Махаббатым мәңгілік саған елім.

 

 Түркістан

Тізгінді тітіреніп, тарта бабам,

Қаратау, Сырдария қалқалаған.

Тоғысып Ұлы Жібек сарынымен,

Ғасырлар сырғып ағып анталаған.

 

Есім берген есімін еркелетіп,

Есіл ерлер көңілден ерте кетіп.

Яссауи бабамыздан Яссы болды,

Тағылымды тарихты желкен етіп.

Ұлы арманның керуені көшкен мұнда,

Ұлылықтың дәурені өскен мұнда.

Ұлы мұрат жолында ұлыларым,

Кеткен шіркін айта алмай қош тағдырға.

 

Төле би төбе болған Түркістаным,

Татса да тарам тағдыр қыртыстарын.

Батырлар азат етіп астанасын,

Ақындар тарту еткен жыр пұшпағын.

 

Сәулеті сән көтерген қыштан құрап,

Ғаламат мойынсұнып ұшқан құрақ.

Хиуадай сан базарлы гүл қыздары,

Ержүрек көп ұлдары ұстамдырақ.

 

Он бес ғасыр, мызғымас керуен ғасыр,

Заман көшкен, тыншыған сөнген насыр.

Ұлы арманның ошағы саған деген,

Махаббат шексіз менде шерменде асыл.

 

          Ұлт тағдыры

Сақпенен Ғұннан сақталған,

Тектілік тұнған тақтардан.

Ұлында ізет арманы,

Қызында ұят тәтті арман.

Шындық пен шаттық іздеймін,

Ұлт болған Қазақ шақтардан.

 

Алладан ғана сескенген,

Ерлікті елдік ескерген.

Күндізі көкпар дүбірлі,

Алтыбақаны кештерден.

Ұлт болу ұлы арманы,

Бұл Қазақ кімге дес берген?

 

Жәнібек пен Керей жаңғырып,

Көрсеткен арай таң қылық.

Хан сайлап Алаш көтерген,

Елім-ай деумен ән қылып.

Жұртымның мәні сақталған,

Ұлтымның бағы мәңгілік.

 

Бес ғасыр бойы барыстай,

Бес елі бақтан қалыспай.

Түркінің тарлан ұрпағы,

Құлашы кең боп ғарыштай.

Құдайдың берген қуаты,

Қазақтан тұрған бақ ұшпай.

 

Қасым ханында қайсарлық,

Есімінде бар байсалдық,

Әз Тәуке нық қып жарлығын,

Жасаған әр кез жайсаңдық.

Жоңғардың жонын тік қылып,

Көп ұлтқа қорқар ой салдық.

 

Жұт келіп жұрттан бақ ұшқан,

Тізгіне қолы қарысқан,

Арғымақ мініп айбатпен,

Дұшпанын жеңген данышпан,

Қазақтай қайсар,қайырлы ел,

Қазақтың бәрі арыстан.

 

Қажырлы болған хандары,

Қажымас болған арманы.

Кең байтақ Тұран даламыз,

Барша жұртымның бар бағы.

Шапақпен шаттық сыйлаған,

Тәуелсіздіктің таңдары.

 

Тәуелсіздікпен басталған,

Асудан өткен,асқардан.

Тізгінді нық қып жас буын,

Риясыз көңіл расталған.

Тағы бір тарих,ұлы жол,

Басталды жайсаң жастардан.

2916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы