• Cұхбаттар
  • 21 Ақпан, 2022

Данияр Ихсан:Антқа адалдықтың көрінісі ретінде Ғазымбекті көрсеттік

2021 жылдың он алтыншы желтоқсанында «Qazaqstan» ұлттық арнасынан  «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы көрерменге жол тартты. 6 бөлімнен тұратын тарихи драма –  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы түсірілген тұңғыш телехикая. Сценарийін «Болашақ» бағдарламасының түлегі, сериалдың режиссері Мұрат Есжан мен ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалым жазса, көркемдік кеңесшісі, редакторы – алаштанушы, «Qyr balasy» ҚҚ ғылыми қызметкері Ұшқын Сейдірәхманұлы.
Біртуар тұлғаның өмір жолына арналған сериалда есімі жалпақ жұртқа беймәлім Алаш қайраткерлері де бар. Қалың көрерменге жаңалық болған қайраткердің бірі – сериалдағы Ахмет Байтұрсынұлының сенімді шәкірті Ғазымбек Бірімжан.
Туынды жарық көргеннен кейін ғазымбектанушы ретінде «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының режиссері, сценарийсті Мұрат Есжанмен, сценарийст ақын Ұларбек Нұрғалыммен, кеңесшісі алаштанушы Ұшқын Сейдірәхманұлымен сұқбат құрған болатынбыз.

– Туынды тағдыры қиын да күрделі тұлға туралы түсірілген тұңғыш сериал болып тарихқа жазылды. Телехикаяны ұлттық арнадан тамашалаған кезде Ғазымбек Бірімжанның тұлғасына айрықша мән берілгенін байқадық. Тіпті, бұған тұлғатанушы ретінде қуандық десе де болады. Алайда сериалда Ғазымбектің туған ағасы, Бірінші, Екінші Мемлекеттік Думаның депутаты, Алаш Орда үкіметінің мүшесі, заңгер Ахмет Бірімжан жоқ. Тобыл-Торғай өңіріндегі Алаш қайраткерлерінің арасынан Ғазымбекке неліктен ерекше басымдылық берді екен деген сұрақ та болды.

Мұрат ЕСЖАН: Сериалда барша Алаш қайраткерлерінің бейнесі көрсетілді деп айта алмаймыз. Драматургияда көркемдік шындық деген бар. Сол себепті көптеген дүниені ықшамдауға тура келді. Бізге Алаш зиялыларын бірінен кейін бірін көрсете бергеннен кейіпкерді үнемді қолданып, аз кейіпкерді кеңірек ашу тиімді болды. Бір тұлғаны сан қырынан ашсақ драматургияның заңдылығына да, көрерменнің қабылдауына да дұрыс болады. Сондай сан қырынан ашып көрсетуге лайық тұлға деп Ғазымбекті санап, ерекше басымдылық бердік. Әрине, ұжым арасында «қай кейіпкерді аламыз» деген ортақ сауал болған-тын. Мәселен, былтыр «Абай жолы» сериалын түсірген кезде Мұхтар Әуезовтің шәкірті ретінде кімді алсақ болады деген сұрақ туындады. Ақылдаса келе, көп шәкірттерінің арасынан Қайым Мұхамедханұлын таңдадық. Ұрпақтар сабақтастығы, буындар арасындағы байланыс есебінде антқа адалдық, шәкірттік адалдық деген тақырыптардың көрінісі қылып бұл сериалда Ғазымбекті көрсеттік. Ғазымбектің образы осы мақсатқа қызмет етті.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ: Драматургия заңдылығына сәйкес, көрерменге таныс болған бір кейіпкер сериалдың соңына дейін көрерменді ұстап отыратындай бір желіге қызмет ету керек. «Мына қайраткерді қосу керек, ана қайраткерді қоспаса болмайды» деп кейіпкер санын көбейтіп, тізбектей берсек драматургияның желісі босап, көрермен ары қарай көрмей қоюы мүмкін. Шынында үлкен тұлғалардың жанындағы кейіпкерлер де ашылуы керек. Бұл драматургияның заңдылығына да сәйкес, әрі біздің де ішкі мақсатымыздың бірі.  Мысалы, «Абай жолы» сериалынан кейін Қайымның өмір жолы мен ғылыми еңбектерін қызығып оқушылар саны көбейген. Сериалдан кейін «Ғазымбектей қайраткер бар екен» деп ары қарай тұлғаның еңбектерін қарап, қызығушылығы оянған көрермендер табылады деп ойлаймыз.

– Сериалда Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы екі шәкірті арқылы да көрерменге жетіп отырды. Бірі – Қаббас, екіншісі – Ғазымбек. Бірі – жағымсыз, екіншісі – жағымды кейіпкер. Сол себепті қайраткердің ғұмырнамасымен танысып, қоғамдық-саяси қызметтерін оқып білдіңіз. Сіз үшін Ғазымбек тұлғасы нендей жаңалықтарға толы болды?

Мұрат Есжан: Иә, Ғазымбек пен Қаббастың екеуі екі түрлі образ береді. Жағымды кейіпкер ретінде Ғазымбектің образы таңдап алынды. Шыны керек, біз Ғазымбектің ғұмырнамасымен сериал барысында кеңірек танысып, білдік. Ғазымбектің жастығына қарамастан адмирал Колчакпен, Ахмет Зәки Уәлидимен келіссөз жүргізуге барғаны, Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының қасынан табылып, жанында болғаны, «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасын жазуға қатысқаны бізге ерекше әсер етті. Сонымен қатар Ғазымбек Берлин қаласының жоғары оқу орнында оқығанын, қазіргі «Болашақ» бағдарламасының түлегі болғанын да білдік. Сериалдың авторы әрі көрермені ретінде Ғазымбектің ғұмыр жолы бай әрі қызықты көрінді. Автор ретінде көркемдік жағын байытуға құқығымыз бар. Бірақ мына жерде Ғазымбектің  сериалда көрсетілген әрекеттерінің бәрі шынайы өмірде болғаны өзімізге де жаңалық болды.

– Бұл сериал – Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолына арналған тұңғыш сериал. Одан бөлек, Ғазымбектің де сериал арқылы көрерменге тұңғыш жетуі десек болады. Сериалда басқа тағы да қандай есімі елге беймәлім қайраткерлер көрініс тапты?

Ұларбек Нұрғалым: Тарихи тұлға туралы туынды түсірерде екі бірдей таңдау тұрады. Не көркемдікке, не тарихқа басымдылық бересің. Тарихқа көп мән берсең, оны көрермен көркемдік тұрғыдан қабылдай алмай жатады. Ал, көркемдік жағын көбірек қарастырсаң, тарихшылар жағы қабылдай алмай жатады. Бұл бола беретін бұрыннан бар процесс. Біздің ойымызша, Ахаң туралы түсірілген сериал көркемдік пен тарихи шындықты тепе-тең ұстады деп ойлаймын. Жалпы көрермен сериалды жылы қабылдады.

Біздің кеңесшіміз – Ұшқын деген алаштанушы азамат. Ұшқын мырзаның қатаң бақылауының арқасында көптеген мәселелердің шешімін тез тауып отырдық. Сериалға кейіпкер таңдалған кезде де, «мына жерге осы тұлға отырсыншы» деп кез келгенін қоса салған жоқпыз. Ахаңның әркез жанынан табылған Міржақып Дулатұлының өзі бөлек тұлға. Сериалда Мұхамедияр Тұңғашин деген кейіпкер болды. Ол да сәтті жасалған образ болды десем болады.

Мұрат ЕСЖАН: Бізге әдебиетпен айналысқан, шығармалар жинағы жарық көрген Алаш қайраткерлері таныс та, саясатпен, публицистикамен шұғылданған тұлғаларды көбіне-көп тарихшылар, алаштанушылар ғана біледі. Сериалға мектеп оқулықтарынан таныс тұлғаларды қоса беруге болатын еді. Алайда біз кейіпкер ретінде толық ашылмаса да тарихи шындық ретінде қарастырған, есімдерін ел біле жүрсін деп Биахмет Сәрсенұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Телжан Шонанұлы, т.б. қайраткерлерді қостық. Тағы бір айта кетерлігі, 1913-1918 жыл аралығында Орынбор қаласынан шығып тұрған «Қазақ» газеті туралы көрсеткен кезде, Ахаңдардың көмекшісі, атқосшысы болған кейіпкерлерді өз атымен қалдырдық. Сондай кейіпкердің бірі – Кенжеәлі Болатұлы.

– Болашақта Ғазымбек Бірімжан туралы немесе Бірімжан әулеті туралы фильм түсіруге ұсыныс түссе, түсірер ме едіңіз? Және қай қырынан көрсетер едіңіз?

Мұрат ЕСЖАН: Осы сипаттағы сұрақты көрермен осының алдында түсірген «Абай жолы» сериалындағы Қайым Мұхамедханұлына қатысты да қойып еді. Демек, ғылыми ортаға таныс, алайда көпшілік ортаға беймәлім тұлғаларға қызығушылық туындауы – алаштанудағы тарихи мұраларды бұқаралық сипат берудегі жақсы қадам деп қабылдаймын. Біз енді бастадық. Ахаңдай тұлға туралы сериал тұңғыш рет түсірілді. Алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды тұлғалар туралы сериал түсірілу қажет. Бір кездерде Ғазымбек туралы жақсы дүниелер түсіріледі деп ойлаймын. Барлығын уақыт көрсетеді.

– Жалпы, Алаш қозғалысын көркем фильм арқылы таныстырудың маңызы қаншалықты?

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ: Кей кезде ақпарат беріп ғана қоймай, олардың сөйлеген сөзіне, жан қиналысы кезіндегі ішкі жан дүниесіне тереңірек үңілгің келеді.

Өз жеке ойым, бір қазақтың шаңырағында бала дүниеге келіп, білім алып, ұлтына қызмет етем десе, алдағы мақсат-мұраты, істейтін шаруасының дайын үлгісі тұр. Ол – Алаштықтардың өмір жолы, істеген ісі, қызметі. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамына не керек, соның бәрімен айналысып, әр тесігіне жамау бола білді. Ахмет туралы сериалды көргеннен кейін «осы біз не істеп жүрміз, ұлтқа не қызмет етіп жүрміз» деп өз-өзіне сауал қойғандар көп болды. Бұл бізді қуантады. Одан бөлек, ұстаздар қауымы «біз керемет жолда жүр екенбіз» деп ризашылықтарын білдірді. Және тағы бір қуанарлығы, «отбасымызбен тамашаладық» деушілердің де санаты көп болды. Елдің рухын оятып, жігерін жани түсер мұндай дүниелер көптеп түсірілгені жақсы.

– Ұшқын мырза, сериалдың «көркемдік кеңесшісі» болғаныңызбен, телехикаяның сценарий жұмыстарына араласқаныңыз анық. Тіпті сериалда Алаш қайраткері Биахмет Сәрсенұлының рөлін де сомдадыңыз. Телехикаяның сценарийіне арналған ғылыми  кітаптар  бірінші сіздің сұрыптау-дан  өткені айдан анық. Тарихи драмаға қандай ғылыми еңбектер пайдаланылды?

Ұшқын СЕЙДІРӘХМАНҰЛЫ: Алты сериал Ахаңдай тұлғаның болмысын ашуға аздық етті. Алаш қайраткерлері өткерген кезеңдердің барлығы да Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасына байланысты. Сол себепті Ахметтің ғұмырнамасы 6 сериал емес, одан да көп сериалға емін-еркін жететін еді. Алты сериалға өлшенгеннен кейін елеп-екшеп әрі Ахаңның толық өмірбаянын қамтитындай, белгілі бір жерден үзіліп қалмайтындай толық картинаны шығару керек болды. Әр дерекке жіті қарап, Ахаңның аузынан шығатын әр сөзге барынша мұқият болдық. Дерек-дәйектің барлығы сол кезде шыққан «Қазақ», «Сарыарқа», «Ұшқын», «Қазақ тілі», «Еңбек туы», «Бірлік туы», «Яш Түркістан» т.б. газет-журналдардан алынды. Сериалдың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімін көрсетіп, сілтеме жасадық. Бұл да сериалдың өзіндік ерекшелігі, авторларға деген құрметі, тарих алдындағы жауапкершілігі деп түсінуге болады.

– Сериалда Ғазымбектен басқа да есімі елге беймәлім қайраткерлер бар. Соның бірі – өзіңіз сомдаған Биахмет Сәрсенұлы. 1921 жылы 36 жасында өмірден өткен қайраткер туралы Ғазымбек Бірімжан «Ақ жол» газетіне «Орны толмайтын өлім» атты мүнәһиб мақала жазған-тын. Мүнәһибте: «Әсіресе, осы кездегідей сапырысқан заманда марқұмның өмірі, қызметі мынау деп жұрттың алдына жайып салып отыратын қаза бұл емес. Биахметке лайық сын – тарихтың сыны. Биахмет Сарсенов – ашық пікірлі, алғыр зейінді, қайтпас қайратты, жігерлі, ақ жүрек адал ниетті, жұртына шын ынтасымен қызмет қылып жүрген нысаналы азамат еді. Биахмет Сарсеновтың қазақ халқына борышы жоқ. Қазақ халқының Биахметке борышы көп», – деп еске алады. Өзіңіз сомдаған кейіпкер туралы қалың жұртшылыққа айтып өтсеңіз.

Ұшқын СЕЙДІРӘХМАНҰЛЫ: Ахмет Байтұрсынұлы – Алаш қозғалысының көрнекті өкілі. Ахметтей тұлғаның жанына Алаш қозғалысына белсене атсалысқан оқыған-тоқыған, білімді азаматтар топтасты. Сондай тұлғаның бірі – Биахмет Сәрсенұлы. Сериалда Биахмет қосалқы кейіпкер болғанымен, қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, тарихта алар орны зор тұлға.

1885 жылы Нарын болысында өмірге келген. 1905-1909 жыл аралығында Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқыған. Нарын болысында болыстық қызмет те атқарған. 1917 жылы Семей шаһарындағы Земство мен қазақ комитетінің ашылуына, Павлодардағы қазақ комитетінің ашылуына ықпал еткен. Ахаң басқарған Білім комиссиясының құрамында болған. Оқу-ағарту саласында Ахметтей қайраткердің оң қолы болған. Барлығы «Биаш» деп құрмет тұтқан. 1918 жылы Алаш Орда атынан Ахмет пен Міржақып бастаған қайраткерлердің Шәуешектегі сапарын Биахмет ұйымдастырған. Биахмет туған ағасы Мұстафа арқылы 600 қарулы әскер жасақтаған. Осындай да тарихи естелік бар.

Биахмет жалғыз ұлының есімін Әлихан Бөкейханның құрметіне орай «Ғалихан» деп қойған. Биахметтің ұрпақтары, аға-бауырлары қуғын-сүргінге ұшырап, көптеген қиындықтарды өткерген. Биахметтің өзі 1921 жылы 36 жасында оба ауруынан Орынбор қаласында өмірден ерте өткен. Қарап отырсаңыз, сериалдағы әр кейіпкер – жеке фильмге сұранып тұрған тұлғалар. Бұл сериал – тұтас Алаш қайраткерлеріне жасалған ескерткіш-белгі деп айтсақ та болады.

Уақыт бөліп, сұқбат бергендеріңізге мың рақмет! Алаш қайраткерлері туралы көркем туындылар түсіріп, ел алғысына бөленіп жүре бергейсіздер!

Сұхбаттасқан,

Данияр Ихсан

14934 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы