• Мәдениет
  • 02 Ақпан, 2022

ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДАДА КӨК ТУЫМЫЗ ЖЕЛБІРЕЙ МЕ?

Алтынға әркімнің-ақ бар таласы

Нұрлан ҚҰМАР

Қысқы Олимпиаданың тарихы терең. Төртжылдықтың басты додасының бірі болып саналатын бұл байрақты бәсеке алғаш рет өткен ғасырдың ширегінде бастау алған екен. Дәлірек айтар болсақ, 1924 Францияның Жоғары Савойя департаментіне қарасты Шамони қаласында өткен. 
Аталмыш жарысқа 16 елден 293 спортшы қатысқан болатын. Сол дүбірлі додада 280 ер адам бақ сынаған. Қазіргі замандағы гендерлік саясатпен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте жоғары екендігін байқауға болады. Мәселен, былтыр Токиода өткен  ХХІІ  Жазғы  Олимпиадаға 11656 атлет қатысса, соның жартысына жуығын әйелдер құраған екен. Қысқы Олимпиада 1924 жылдан бастап 1936 жылға дейін әрбір төрт жыл салып тұрақты түрде өткізілді. Алайда Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталып кетуіне байланысты 1940 жылы Германияның  Гармиш-Партенкирхен және 1944 жылы Италияның Кортина д’Ампеццо қалашығында өткізілуі тиіс дүбірлі дода тоқтады. Соғыс аяқталғаннан кейін Швейцарияның Санкт-Мориц курортты кішігірім қаласы Қысқы Олимпиаданы қайтадан жаңғыртты. 1992 жылы Францияның Альпі тауларының бөктеріндегі Альбервиль шаһарында XVI рет өткен сайыстан кейін ХОК мүшелері  Қысқы  бәсекені  Жазғы Олимпиадамен қатар бір жылда емес, екі жыл айырмашылықпен өткізу керек деген шешім қабылдады. Осылайша, араға екі жыл салып,  1994 жылдан бастап Қысқы олимпиада ойындарының өту мерзімі жазғымен салыстырғанда екі жылға алға жылжыды.

Қазақстанның бұған дейінгі төрт жылда бір өтетін дүбірлі додадағы жетістіктерін еске түсірейік. 2022 жылғы Қысқы ойындар Қазақстан үшін сегізінші Олимпиада ойындары екенін атап кеткен жөн.

Мемлекетіміз 1991 жылдың аяғында тәуелсіздігін алғаннан кейін төртжылдық додаға тұрақты түрде қатысып келеді. 1992 жылы Францияның Альбервиль және Испанияның Барселона қаласында өткен жазғы додада бұрынғы одақтас 15 елдің спортшылары Біріккен команда атауымен сайысқа түскен болатын. Қазақстан деген атаумен алғаш рет бақ сынаған олимпиадамыз да осы қысқы спорт түрінен өткенін де атап өткеніміз жөн. Біздің құрамамыз 1994 жылдан бері қысқы ойындарға үнемі қатысып келеді.

1994 жылы Лиллихаммер қаласында өткен XVII додада даңқты шаңғышымыз Владимир Смирнов олимпиада чемпионы атанған болатын. Бұған қоса, Смирнов екі күміс жүлде алған еді. Владимирдің бұл жеңістерінің арқасында Қазақстан жалпы есепте 12-ші  орынға жайғасқан болатын. Норвегияға Қазақстан атынан 29 спортшы барған.

1998 жылы Наганоға XVIII олимпиадаға ел құрамасы 60 спортшыны үкілеп апарды. Олимпиаданың қорытындысы бойынша отандық спортшылар екі қола медаль алды. Коньки тебу спортында Людмила Прокашева мен шаңғы сайысында Владимир Смирнов қола жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан жалпы есепте 20-шы орынға табан тіреді.

2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде XIX бәсекеге 52 спортшымыз жарыс жолына шыққан еді. Алайда  АҚШ жерінде отандық спортшылар жүлделі орынға іліне алмады. Көп ұзамай 2006 жылы Туриндегі ХХ төртжылдықтың сайысында ел спортшылары жоғары нәтиже көрсете алмады. Италияға барған 55 спортшымыз үйге жүлдесіз оралды.

Көптен күткен жүлдеміз араға 12 жыл салғанда ғана түскен еді. 2010 жылы Ванкувердегі ХХІ олимпиадада биатлоннан 15 шақырымдық қашықтықта бақ сынаған Елена Хрусталева күміс жүлдегер атанды. Бұл Олимпиадаға Қазақстаннан 37 спортшы қатысқан болатын. Жалпы есепте еліміз жүлде алған мемлекетердің ішінде 25-ші cатыға орналасты. 2014 жылы Сочидегі ХХІІ олимпиадаға мемлекетіміз 51 спортшыны жарыс жолына қосты. Ресейдегі ойындардың қорытындысы бойынша сайыпқырандарымыз бір қола медаль иеленді. Мәнерлеп сырғанауден Деннис Тен тарихи жүлдеге қол жеткізді. Жалпы есепте Қазақстан 26-шы орыннан табылды.

Бұдан төрт жыл бұрын Пхёнчханда өткен ХХІІІ байрақты бәсекеде жерлесіміз Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен өткен жарыстың қорытындысында 77.40 ұпай жинап, алғашқы үштіктің қатарынан көрінді. Қыздар арасындағы бұл сайыста франциялық Перрин Лаффон 78.65 көрсеткішімен – алтын, канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант  78.56 ұпайымен – күміс жүлдені олжалады. Осы бір жүлденің арқасында жалпыкомандалық есепте 28-ші орынды еншіледік.

Міне, осылайша бұған дейін қатысқан 8 қысқы олимпиадада жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс және 4 қола барлығы – 8 жүлдені қанжығасына байлады. Сырт көзге қарағанда жүлдеміз тым аз болып көрінетіні анық. Алайда бұл қысқы спортта жазғыға қарағанда жүлде анағұрлым аз сарапқа салынатынын ескерсек, бұған да шүкір етуге болады. Бұрынғы одақтас елдермен салыстырар болсақ, Әзірбайжан, Армения, Грузия,  Қырғызстан, Литва, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінің сайыпқырандары бірде-бір рет жүлде алып көрмеген екен. Бұдан бөлек баяғыдан бері бұл дүбірлі додаға қатысып келе жатқан, спорты анағұрлым жақсы дамыған Венгрия мемлекеті Қысқы додада бірде-бір рет алтын алып көрмеген екен. Рас, мажарлықтар жазғы Олимпиадада алтын жүлделерді күреп жинайды, алайда Қысқы төртжылдықта жүлде алғанымен бірінші орын олар үшін әзірге бұйырмай тұр. 

Қазір Қытай астанасы Бейжіңде ХХIV қысқы олимпиада ойындары басталды. Төрт жылда бір рет өтетін бұл байрақты бәсекеге әлемнің 95 мемлекетінен 4 мыңнан астам сайыпқыран қатысып жатыр. Спорттың 15 түрінен барлығы 109 алтын жүлде сарапқа салынып жатқан дода  17 күнге созылады.  

Бейжіңде сарапқа салынатын жүлде 2018 жылы Пхенчханда өткен жарыстардағы медальдардан жетіге (102 медаль), ал 2014 жылы Сочиде өткен ойындардағы медальдардан он бірге көп (98 медаль). Жарыстар әдеттегідей ашылу салтанатына дейін кёрлингтен, хоккей мен фрис-тайлдан басталады. Мәнерлеп сырғанаудан жарыстар (командалық турнир) ашылу салтанаты алдында басталады. Алғашқы медальдар биатлон, коньки тебу, шаңғы жарысы, шаңғымен секіру, фристайл және шорт-тректен ойнатылады.

Биылғы олимпиадада биатлоннан – 11, бобслейден – 4 , таушаңғысынан – 11, кёрлингтен – 3, конькимен жүгіруде – 14, шаңғы қоссайысынан – 3, шаңғымен жүгіруде – 12, трамплиннен секіруде – 5, шанамен сырғанаудан – 4 алтын медаль ойнатылады. Сонымен қатар скелетоннан – 2, сноубордтан – 11, мәнерлеп сырғанаудан – 5, фристайлдан – 13, шайбалы хоккейден – 2, шорт-тректен – 9 алтын жүлде сарапқа салынбақ.

Жалпы биылғы қысқы бәсеке Қытай астанасы Бейжіңнен басқа  Чжанцзякоу және Яньцин қалашықтарында да жалғасын табады. Мәселен, Бейжіңдегі Ұлттық стадионда төртжылдықтың ашылу және жабылу салтанатының шаралары өткізіледі. Сонымен қатар шайбалы хоккейден, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек,  кёрлинг, конькимен жүгіру, биг-эйр (фристайл) мен биг-эйр (сноубордан) жарыс-тар қызбақ. Чжанцзякоу қалашығында шаңғы, шаңғы қоссайысы, трамплиннен секіру, фристайл мен сноубордтан  хафпайп, слоупстайл, ски-кросс, сноуборд-кросс, акробатика, могул түрлерінен спортшылар сайысқа түседі. Ал  Яньцин таулы аймағында бобслей, шанамен сырғанау, скелетон, таушаңғысынан бәсекелер өткізіледі деп күтілуде.

Биыл тарихта алғаш рет қысқы ойындарға спортшыларын жіберіп отырған ел де бар. Тау шаңғысынан Сауд Арабиясы құрамасының екі мүшесі іріктеуден өтті. Шаңғышылар Салман әл-Хувайш пен Файек Абди патшалық пен бүкіл Парсы шығанағы аймағынан қысқы ойындар тарихындағы алғашқы спортшылар ретінде Бейжіңде өтетін қысқы олимпиада ойындарына ресми жолдама алып, алдағы уақытта жарыс жолына шықпақ.

Түрлі саяси жағдайға байланысты Бейжіңдегі байрақты бәсекеге АҚШ, Австралия, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Дания, Нидерланды мемлекеттері байкот жариялап, олимпиадаға спорт функционерлерін жібермейтінін хабарлады. Әйтсе де биылғы дүбірлі дода дәстүрлі түрде тартысты да қызықты өтетіні анық. Ең бастысы – Бейжің қаласы жазғы және қысқы олимпиада ойындарын өткізген әлемдегі алғашқы қала болғалы тұр. Айта кету керек, 2008 жылдың жазында бұл шаһарда ХХІХ жазғы байрақты бәсеке өткен болатын.

Биылғы доданың басты бәсекесінде қазақстандық спортшылар тек санаулы спорт түрінен бақ сынайтыны жасырын емес. Алайда жүлде алады деген спортшыларымыз да жоқ емес. Шайбалы хоккей бойынша жолдаманы еншілей алмадық. Олимпиадаға берілер жолдама үшін өткен іріктеу кезеңінде хоккейшілеріміз сүрінді. Бұдан басқа скелетон, мәнерлеп сырғанау, фристайлдың кейбір түрлері, бобс-лей, керлинг, сноубордтан спортшыларымыз жолдамаға ие бола алмады. Бұл жерде мәнерлеп сырғанауда даңқты атлетіміз Денис Теннің жоқтығы байқалады.  Соңғы олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева  (фристайл-могул) мен Жанбота Алдабергенова (фристайл акробатика) да жүлде алуы бек мүмкін. 

Ерлер арасында фристайлдың могул түрінен Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхердтен мол үміт күтеміз.

1994 жылы шаңғышы Владимир Смирновтың бағындырған белестерін әлі күнге дейін бірде-бір отандасымыз қайталай алмай келеді. Бәлкім, араға 28 жыл салып қоржынымызға алтын жүлде түсетін шығар.

Шындығында, қысқы спортта еліміздің атынан көбінесе өзге ұлт өкілдері сынға түсіп жататыны жасырын емес. «Қысқы спорт түрлеріне қазақ жастары неге аз барады?» деген сұрақтың жауабын әлеуметтік және саяси тұрғыдан іздеген жөн сияқты. Біріншіден, қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылардың көбісі өзге ұлт өкілдері. Олар мемлекеттік тілді білмегендіктен, ауылдан келген қаракөздерімізді баулуға шынайы ниет танытпайды. Екіншіден, көп кінә нақ өзімізде болып тұр. Жүйелі түрде денешынықтырумен шұғылдануға қандастарымыз көбінесе мән бермейді. Спортпен айналысудың орнына таңертеңнен кешке дейін ғаламторға үңіліп, кино, видео қарап, ән тыңдағанды жөн санайды. Жанын қинап, тер төккілері жоқ. Ал, спорт еріншектерді ұнатпайды. Мәселен, демалыс күндері қала сыртындағы шаңғы базаларында, мұз қалашықтарындағы қарақұрым жұрттың ішінде шаңғы, конькиін арқалап жүрген қазақтар некен-саяқ кезігеді. Қалтасы жұқа қазақ жастарының кейбірі нәпақа табу үшін базарда арба сүйреп, жұмыс іздеп, енді бірі сауда-саттықпен айналысып жүр. Қысқы спортпен айналысайын десе, қалтасы көтермейді. Себебі, коньки, шана, шаңғының бағасы аспандап тұр. Сондай-ақ, үйірмелерге қатысуға қалтасы көтермегендіктен, енжарлық танытатыны жасырын емес.   Үшіншіден, өзімізде қалыптасқан пікір де кедергі келтіріп тұр. Мәселен, көптеген ата-аналар балаларына: «Спорттың күрес немесе жұдырықтасу түрімен айналыс. Сонда ғана сен күшті боласың әрі қорғана аласың. Екі өкпеңді алқынтып босқа жүгірме, жүрегіңе салмақ түсіресің» дейтіндері бар. Сөйтіп, баланың ақ қар, көк мұзда шынығып, шыңдалып өсуіне орынсыз өбектеушілік те бөгет болады. Үлкендердің орынсыз байбаламынан кейін көптеген жастарымыз жеңіл атлетикаға қырын қарайтын болды. Ал жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, онда бұл спортқа бей-жай қараған адам қысқы спортты да менсінбейтіндей дәрежеге жетеді. Себебі, қысқы спорт бағдарламасының көбісі белгіленген уақыт бойынша жүгіруге арналған. Қатаң кестені сақтап, жүйелі жаттығуға тура келеді. Төртіншіден, қысқы спорттың дамуына орманды аймақтың жекешелендіріліп, қоршалуы да әсер етуде. Шаңғышылар жүріп өткен жері үшін «ақша төлесін» деген тосқауылдар да баршылық. Бесіншіден, көптеген жастар қазір аурушаң болып келеді. Рухани білімсіздігіміз де көп ықпалын тигізуде. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қыпшақтар балаларын қыста суық суға түсіріп шыңдағанын білеміз. Міне, осындай көптеген себептермен қазақ жастары қысқы спортта көріне алмай келеді. Ат жарысын ұйымдастырып, көкпар тартқан, қыста саятшылықпен айналысқан көкбөрінің ұрпақтары алдағы уақытта мемлекетіміздің беделін арттыратын қысқы спортқа көптеп келетініне сенгіміз-ақ келеді.

Әрдайым  спортшыларымызға сәттілік тілейміз, көк  туымыз  әрқашан  желбірей  берсін!

16919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы