• Айтарым бар...
  • 21 Ақпан, 2022

СӨЗДІҢ «ІШІНДЕ» АЛАПАТ КҮШ БАР

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
филология ғылымдарының 
докторы, профессор 

«Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді».

Қазақ даналығы.

                                 «Тіл – арыстан. Байқа, ол босағаңда жатыр.

Сөзге иланғыш, ей әміршім, ол басыңды жұтып жүрмесін».

Жүсіп Баласағұн

«Сөзбен айтылған ой мүмкіндігі шексіз күшке айналады».

Л. Н. Толстой. 

                                                                             «Сөзден құдіретті ешнәрсе жоқ».   

   А. Франс.

«Сөзден күшті ешнәрсе жоқ».

Менандр.

«Тіл күшіне өлшеу жоқ, тіл көркемдігіне теңеу жоқ.

Тіл өлгенді де тірілтеді. Әлдеқашан қайтыс болған

прототиптерді тіл жасаған ұлы образдар тірілтіп, көз

 алдыңа әкеледі. Ол есіңде әмән өмір сүреді. Әдебиет

 әдебиет болғалы тіл қасиетін ешкім сарқа пайдаланған емес».

Ғ. Мұстафин.

Сөз дегеніміз – сыртқа дыбыс арқылы шыққан, яғни дыбысқа айналған ой. Мидың ойлану барысындағы әлсіз тербелістен пайда болатын энергия сөз арқылы кеңістікке шығып, заттанады; нағыз қозғаушы алапат күшке айналады. Ал бұл күш іс арқылы жүзеге асып, әр адам өзі қалаған идеяларын іске асыру барысында өз өмір жолымен тіршілігін жасап жатады.

Бұл жердегі басты мәселе – өмірді осыншама қозғалысқа келтіріп тұрған адамның  кішкентай ғана миы екендігі, мида пайда болған әлсіз ғана тербелістің сөз арқылы сыртқа шыққанда, алапат күшке айналып, әр адамның жеке өмірін жасаумен бірге қоғамдық, табиғи ортаны да өзгертіп жатқаны. Сөздің осындай құдіреті  ақынның аузына  «Адамға табын, Жер, енді!» (О. Сүлейменов) деген сөзді де салған.

«Айтқан сөз – атылған оқ. Сол оқтан жаралы болып жатқандар көп. Айтылмаған сөз – жарылмаған бомба. Іште көп сақтасаң жарылып кетуі де мүмкін. Сондықтан сөзге абай болайық!» (А. Шаяхмет. Сөзге абай болайық! «Фейсбук», 20.05.2020).

    Сөз дегеніміз – рух, ал рух – таңбаның немесе сөздің адамға позитив әсер етуі барысында пайда болатын жігерлендіруші күш. Сөз мықты болса, рух та мықты, сол тілде сөйлейтін адам да, ұлт та намысты, күшті келеді. Ал өмірде әлсіздерге орын тар, ал күштілердің дәурені жүреді. Демек, ұлттың, немесе мемлекеттің болашағы оның рухани деңгейіне тікелей байланысты. Рухты ел өседі, рухсыз ел түбінде өшеді.

«Бұрын қазақ жауға шапқанда  аталары-ның атын ұран қылып, әруақтанып шабатын еді. Төле бидің түйесін бағып жүрген Сабалақ «Абылайлап» жауға шауып, Абылай атанбап па еді? «Баймұрат», «Бақтыбай», «Ағатай», «Ағыбай», «Қабанбай» деп ұрандап, жаудың бетін қайтарған ата-бабаларымызды білеміз.

Қазіргі «салафиттер  әруақты атама,  Алланы ғана ата» – дейді. Ау, қай қазақ жауына «Аллалап» шауып еді? Керісінше, жаудан қашарда «Алла, Алла, өзің сақтай гөр, өзің сақтай гөр, Алла» – деп, қашпайтын ба еді?

Бұл жерде әруаққа сыйын деп тұрған ешкім жоқ. Аталарымыз да әруаққа сыйынбаған. Әбілмансұр «Абылайлап» шапқанда, оның әруағынан медет сұраған жоқ. «Қанішер Абылайдың ұрпағы мен неге Сабалақ болуым керек. Абылай атамның ұрпағының ез болуға хақы жоқ. Мен жеңуім керек» – деп, өзін-өзі қамшылағанын білу үшін ғұлама болудың керегі жоқ.

Е, Алла, өзің қолдай гөр, мендей пендеңді.

Е, ата-бабам әруағы, біздей ұрпағыңды желеп-жебеп жүргейсің!» (Е. Тәліп. «Фейсбук», 08.08.2021).

«Рух дегеніміз, ол көзге көрінбейді, халықтың гендік биосферасында болатын үрейді жеңу қуаты. Бойында үрей ұшқыны бар спортшыны мың жерден баптағанмен үлкен нәтиже бермейді. Үрей қан арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете беретін аса қатерлі құбылыс. Қандай бір қауымның рухани еркіндігі (тәуелсіздігі) халықтың бойындағы үрейдің аз-көптігімен өлшенді. Болашағының баянды болуын ойлайтын жұрт ұрпағының рухын шыңдайды...

Осыдан екі ғасыр бұрын таулықтардың тәуелсіздігі үшін ақ патшаның солдаттарымен аянбай айқасқан имам Шәмілден: «Жартылай аш Дағыстан өзінен мыңдаған есе күшті, әрі үлкен империямен жеңілмей жиырма бес жыл қалай соғысты?» деп сұрайды. Шәмілдің жауабы: «Егер, біздің бойымызда оттай лаулаған рух болмағанда, бұлай ұзақ шыдас бермеген болар едік. Бір күні таңнан тұрып, бау-бақшама қара топырақ тасып жүр едім, бір топ қару асынған атты адамдар келіп: «Шәміл, жаулар біздің бұлақтан атын суарғалы келе жатыр, олар біздің шаңырағымызда маздап тұрған отты рухымызды өшірмек, сен өзің атқа қонасың ба, әлде біз мінгізейік пе?» деді. Осы сөзді естіген сәтте менің кеудемде тығылып жатқан отты рух лап етіп жанды. Сол сәтте, мияуалы бақшамды да, аз ғана байлығымды да ұмыттым. Осы отты намыс мені 25 жыл аттан түсірмеді. Осылай күллі Қап тауы лапылдап жанды. Оны көктен жауған жаңбыр да, қарлы боран, дауыл да өшіре алмады» депті» (Б. Қайратұлы. Ұлттық рух. «МАЗҺАБ.КЗ», 12.05.2020).

Сол Шәмілдер отаршылдарға қарсы шығып, атқа мінгенде, қазақ даласында Кенесары бастаған бір кездегі көк бөрінің ұрпақтары да атқа отырып, Сарыарқаның төсінде  атой салған  еді. «Қап тауы лапылдап жанғанда» Ұлы Дала да отқа оранып жатты. Бірақ күш тең емес еді. Патша өкіметі көтерілісті аяусыз басып, халықтың  рухын енді бас көтере алмастай етіп жаныштады.  Кенесарының басын кестіріп, енді бас көтергендерің осы сияқты бастарыңнан айрыласыңдар дегендей сес көрсетті.

 ... Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңы болатын. Осы кезде І. Есенберлиннің Кенесары туралы «Қаһар» романы шығып, елдің рухын дүр сілкіндірді. Кенесары туралы кітап жазылмақ түгілі, атын ататпайтын заманда, ол туралы көркем романның жарық көруі қазақ руханиятындағы айтулы оқиғаның бірі болды. Халықтың жүрегінде бұғып жатқан ұлттық рухты қайта оятып жіберген «Қаһарды» жұрт іздеп жүріп оқыды. Мұндай жағдайда  билік тыныш жатушы ма еді? Әдеттегідей, компартияның органы «Социалистік Қазақстан» газетінде романды идеясы жат, авторын саяси сауатсыз деп, барынша сынаған сын мақала жарық көрді. Сонымен бірге, кітапты оқырмандар конференция-сы арқылы да «талқандау» да жоспарланды... 

Ұмытпасам, қазан айының соңғы жексенбісінде Жазушылар одағының мәжіліс залында «Қаһар» романы талқыланатын болды. Талқылау жиынын академик-жазушы Ғабит Мүсірепов басқарады екен дегенді де естідік.  

Қоңыр күздің тамаша бір күні-тұғын. Ертеңгісін Жазушылар одағының алды «Қаһарды» талқылауға келген қарақұрым адамға толды. Одақ үйінің есігі ашылмай, жабық тұрды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жұрт бір-бірімен шұрқыраса амандасып, алды роман жайлы әңгімеге кірісіп те кеткен. Біз де көп таныстарымызды кездестіріп, жиынға осыншама жұрттың жиналғанына таң қалып, арсында жүрдік. Өйткені, әдеби жиындарға бұрындары мұншалықты оқырман жиналмай-тұғын.

Бір кезде қатты қауқылдасып күлген топ жұрт назарын өзіне аударды. Сөйтсек, жас шамалары қарайлас, құрдас дегендей, әзілдері жарасқан жігіттер «Социалистік Қазақстан» газетіне «Қаһарды» сынап жазған белгілі сыншыны ортаға алып тұр екен. Біз де қызық көріп, құлағымызды түріп, топқа жақындай түстік. Сөйткенше болған жоқ, бір жігіт: «Әй, Зейнолла, сен тығыл. Әйтпесе, бір жігіттің сені іздеп, жұрттан «Кенесарыны жамандап жазған жігітті маған көрсетіңдерші, өзімен бір сөйлесіп көрейін» деп сұрағанын өз құлағыммен естідім. Өзі бір еңгезердей дәу, түсі суық неме  екен. Қарақалпақстаннан арнайы келіпті. Сен тығылмасаң, болмайды-ау, сірә. Сен түгілі, оның сұсынан өзім де сескеніп қалдым» деді. Тұрғандар ойпырмай дегендей, аңтарылып, тұрып қалды. Сонда құрдастары әзілдесіп, ортаға алып тұрған атақты сыншы Зейнолла Серікқалиевтің: «Не десеңдер, о деңдер, не болса, сол болсын. Әйтеуір, өзіме ризамын. Көптен бері қазақтар, бастарыңды қосу қиын болып жүр еді. Міне, мен  бүгін үш жүздің басын бір қосып бердім. Бастарыңды қосқан – Кенесарының рухы. Соны мен орындадым. Тап қазір мені өлтіріп жіберсе де мен тағдырыма ризамын» – дегені. Жұрттың бәрі сөз тапқан сыншыға барынша риза болып, қолын қысып жатты.

Ал «Қаһар» романына арналған талқылауды жұрт ұзақ күтті. Жиынды басқарып, жүргізуі тиіс Ғ. Мүсірепов те төбе көрсетпеді. Түске таяу «Адам көп жиналып, Жазушылар одағының мәжіліс залына сыймайтын болғандықтан, талқылау болмайды. Қашан болатынын қосымша хабарлаймыз» деген хабарламаны естіген қалың топ, басшылардың бұл әрекетіне наразылық білдіріп, бір-бірін қимай әрең тарасты. Ұйымдастырушылар болмай қалған жиынға келгендердің бет алысынан, рухынан сескенген болуы керек: сонымен, кейін болады деген «Қаһар» романын талқылау сол күйі аяқсыз қалды. Есесіне қалың қазақ өз тарихын білуге қарай бет бұрды; қазақ жазушыларының тарихи романдары үсті-үстіне шығып, оқырмандардың тарихқа ұмтылысын қанағаттандырып жатты.

Сөйтіп, тас қамауда жатқан Кенесары рухының халқына қайта оралуының осындай бір сәтінің куәсі болған едік. Осы оқиғадан туған халқы барда ұлттық рухтың  ешуақытта да өлмейтініне көзіміз жетті. Күні туған шақта алмас қылыштай жарқ-жұрқ етіп, елінің ертеңі үшін ұлы істерге бастайды екен.

Алпысыншы жылдарда басталған қазақтың ұлттық оянуы әртүрлі объективтік, субьективтік жағдайларға байланысты күні бүгінге дейін жүріп жатыр. Бүгінгі күнгі қазақ қоғамында ұлттық арман-аңсарларды жүзеге асыру бағытындағы қыруар жұмыстар алда күтіп тұр. Ұлттық құндылықтарын түгелдеп, ұлттық болмысын жаңғырта бастаған қазақ елінің болашағы жарқын болатындығына сенгің келеді.

Адамға күш-жігер беретін, тура жолға бастайтын рух жайында М. Жүрсінбаевтың «Ұлы дала тарихы» атты кітабында қазақтың дүниетанымына сай түсінікті бірқанша мағлұматтар  беріліпті. Автордың айтуынша, адамның рухы өлген соң, әруаққа айналады.

«Әруақ дегеніміз – адам баласының жаны, рухы. Адам баласы қайтыс болғаннан кейін тәні жерде қалады да, жаны көкке кетіп, Әруаққа айналады. Сөйтіп, мәңгілік өмір сүретін, көзге көрінбейтін күшке айналады. Сонда Әруақтың қасиеті – жер бетінде тірі жүрген ұрпағын желеп-жебейтін, демейтін, қорғайтын, сонымен бірге ұрпақтары тарапынан бағаланбаса, қорланса, қарғысқа ұшырататын, жанын алатын құдіретті күшке айналатындығы.

Әрбір пенде қайтыс болғаннан кейін «жаны» Әруаққа айналып, өзінен бұрынғы дүниеден өткен ата-бабалары Әруақтарының ортасына барады...

Күнәқарлықтан ада тірі адам баласының барлығында да өз әлінше Әруақ күші болады. Бірақ күш-қарымы жағынан өлген адамның Әруағы басым келеді.

...Сонда Әруақтардың күш-қарымының деңгейі  оның тірі кезінде кім болғандығына, мінез-құлқына, адамдық қалпын, қасиетін қаншалықты деңгейде алып жүре алғандығына, халқына, еліне сіңірген еңбегіне, әсіресе айналасындағы жақындарының бағалауына тікелей байланысты... Мысалы, қарапайым, өмірде томаға-тұйық, «жусаннан аласа, бетегеден биік» күн кешкен жандардың Әруақ күші бар болғанмен әлсіз, әрекет ету қабілеті біліне бермейді. Ал ар-намысы үшін күресе білетін, елін, жерін қорғаған, халқына аянбай еңбек еткен батыр-билердің өлгеннен кейінгі Әруақ күштері аса жойқын болады. Мұндай жандардың Әруағы өз ұрпақтарына қоса кез-келген қысылып көмек сұраған жандарды желеп-жебей алады...

Сонымен бірге, өлілердің ұрпағына қамқорлығы, жанашырлығы – артында қалған ұрпағының қаншалықты деңгейде еске алып, сыбаға беріп, бағалап, құрметтеп отырғандығына тәуелді. Мәселен, тірі кезінде өз ортасында сыйлы, ақыл-парасаты жоғары жүрген жанды ұрпақтары өлгеннен кейін еске алып, атын атап, сыбаға беріп отырмаса, Әруақ есікте күтуші болып жүреді.

Міне, осы қайтыс болған жанның Әруағының тірі жүрген ұрпағына беретін шапағаты мен жаманшылығы «кие» деп аталады. Сонда, кие дегеніміз – әруақтардың әрекеті, өзіне көрсетілген ұрпағының құрметіне жақсылықпен, талабын орындамаса, жаманшылығымен қайтарған жауабы» (М. Жүрсінбаев. Ұлы дала тарихы. Астана, 2018, 324-335 беттер).   

 Сөздің адам өміріндегі осындай құдіретін адамдар  ерте кездердің өзінде-ақ біліп, оны тіршілігінде пайдалана білген. Кей кездерде адамға, ұлтқа қажетті рухани күш беретін түрлі аңыз-әңгімелер  ойлап шығарған. Бұл туралы жапон түркітанушысы Наката Око «Біздегі ең үлкен миф – жапон императоры құдайдан туған деген миф. Бірақ біз, тарихшылар, бұл мифке тиіспейміз. Неге десеңіз – ол біздің рухани матрицамыз. Оның түбінде аңыз жатқанын, шындыққа жанаспайтын нәрсе екенін білеміз. Бірақ ол біз үшін мызғымайтын тақырып. Киелі, қастерлі тақырып. Жапонияның мемлекет ретіндегі тарихы да осындай аңыз-әпсанадан басталған» (Е.Көпжасар. «Инстаграм») – деп жазыпты.

Мыңдаған жылдар бұрын индустар күштің сөзі – мантраны жасады. Индуизм мантра-сөзді айту, тыңдау арқылы адам өміріне өзгерістер әкелуге болады деп білді. Тіршіліктің түйткілдерін жоятын, білімге жол ашатын, сүйіспеншілігін оятатын, бәле-жаладан қорғап жүретін мантра сөздер пайда болды. Мантра өзін-өзі жетілдіру жолына түскен адамның алдымен игерер даму сатысына айналды. Мантра туралы адамды стрестен құтқарып, ойына, тәніне, тағдырына  оң әсер етіп,  жанын тыныштандыратын, сана-сезімін қалыптастыратын, бойын қуаттандыратын, денінің сау болып, жан-жақты үйлесімді дамуына жол ашатын бірден-бір жол деген пікір қалыптасқан.

«Сөз – ерекше дара қуатқа ие. Мұны ғылым әлдеқашан-ақ  дәлелдеген.

Мәселен, адам баласының біреуге арнап шын жүрегінен айтқан игі тілегі немесе жағымпаздық, көзбояшылық, алдамшы тілектері аспанда екі-үш жылға дейін ұшып жүретін көрінеді. Игі, шыншыл ақ тілектер энергетикалық код арқылы әлгі адамның тағдырына оң әсер етсе, ал жалған, алдамшы тілек-ойлар аспан әлемін шарлап, аса қауіпті қиратқыш күшке  – жер сілкінісіне, су тасқынына, әртүрлі деңгейдегі мұңлы ауруларға айналады екен. Яғни, одан бүкіл адамзат баласы зардап шекпек. Өз тілін – өз анасын менсінбеу секілді астамшылық мінездердің де көлеңке жаңғырығы болмай қоймаса керек» (М. Шаханов. Ұлт анасы – тіл. Алматы, 2010, 27-бет).

Иә, сөздің энергетикалық қуаты – күшті. Жай тіршілікте жай қарым-қатынас құралы ретінде ғана қызмет атқарып, басқа қасиеттері онша байқала бермейтін сөз адам өмірінде шешуші рөл ойнайды. Сөз құдіретін, сөздің бойындағы алапат күшті кез келген адам күнделікті тіршілікте біле бермеуі де, білген күннің өзінде де оған онша мән бере бермеуі де, байқамауы да  мүмкін. Сөз құдіреті соншалық, ол адамды аңсаған арманына, алға қойған мақсатына жеткізе алады; сол сияқты жарты әлемді билеген не бір алпауыттардың өзін бір-ақ сәтте пендеге, тірі өлікке  айналдырып жібере алады.

Ұлы Абайдың «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп,  Шымырлап бойға жайылған» деп, жырлаған өлең жолдарында түсіне білсе, ойлана оқыған адамға сөздің құдіреті туралы терең ойлар жатыр. Адам үшін ең қасиетті де, ауыр да, маңызды да – осы сөз. Адамның қандай адам екендігі оның сөйлеген сөзінен, сөзді түсіне білуінен көрінеді.

Ғылыми зерттеулердің нәтижесі ойдың заттануын айғақтайды. Ойдың күшімен адамдарды емдеуге, техниканы басқаруға, тіпті аккумляторды қуаттауға болады екен. Орыс физигі Б. Исаков ойдың салмағын анықтаған: ол шамамен 10-39-бен 10-30 грамның арасында. Академик Вернадский ой – адамның сана-сезімімен тікелей байланыста десе, К. Вайцзекер сана мен материя өмір шындығының әртүрлі жағы деп, жазады. 

Қазіргі ғылым ойдың заттық әлемнің объектілері мен субъектілерімен тікелей өзара байланыс жасай алуға қабілетті екендігін дәлелдеген. Ақпарат теориясының маманы М. Коган осылайша өзара әсер ету барысында адамның энергетикалық қуаты саналатын биологиялық өріс (биопол) қамтамасыз етіліп отыратындығын айтады.

Энергоақпараттық құрылым бойынша, ой – адам өмірінің бағыт-бағдарын реттеп отыратын ақпараттық бағдарламаның қайнар көзі. Профессор А. Ф. Охатрин ойды құрайтын бөлшектер – микролептондар жайлы болжамдық идеясын ұсынды. Мұндай микролептон-бөлшектер кез келген денеден, кедергілерден еш тоқтаусыз  өте береді.

Кезінде адам ойының басқаларға берілуі (телепатия) жайлы айтылған болжамдар бұл күнде дәлелденіп отыр. Ғалымдар бір әйелдің энергетикалық жамылғысынан селдір бұлт сияқты бөлініп шығып, өз бетімен қозғалып бара жатқан құбылысты суретке  түсіріп алған. Бұл жердегі адам ойының форма түрінде көрінуі көтеріңкі көңіл-күйдің немесе қатты эмоциялық сезінудің барысында  пайда болып, басқа адамдарға да әсер етуі мүмкін.

Әлеуметтік желіде «Әлемдегі ең қысқа неке. Ерлі-зайыптылық 3 минутқа ғана» деген тақырыппен жарияланған материал сөзді байқамай сөйлеп қалудың қаншалықты қауіпті екенін ескерткендей. Араб елдерінің бірінде екі жас неке сарайына келіп, бір-бірін сүйетіндігіне ант етіп, ресми түрде ерлі-зайыпты атанады. Өздерін бақытты сезінген екі жас қуаныштың құшағында неке сарайынан шығып бара жатқанда, қалыңдық өзінің ұзын көйлегінің етегін байқамай басып кетіп, сәл болмағанда, құлап қала жаздайды. Осы кезде күйеу жігіт сүрініп қалған  қалыңдығын ұстап қалып, көмектесудің орнына көптің көзінше оған күле қарап, «байқамайсың ба» деп, реніш білдіреді. Қосылып жатқан сүйіктісінің мұндай қылығын түсінбей, жылап жіберген қалыңдық бір кезде кілт бұрылып, жаңа ғана екеуінің некесін қиған қызметкерлерге келіп, некені бұзуды сұрайды. Сөйтіп, екі жастың некесі бар болғаны 3 минутқа ғана созылып, әлемдік рекордтар кітабына жазылған. Кейіннен қыз өзінің неге мұндай әрекетке барғанын қасындағы жігітінің күле қарап, «байқамайсың ба?» деп, ұрса сөйлегенін өзін сыйламаушылық, көптің алдында қорлау, көргенсіздік деп қабылдауымен түсіндірді. Сонда бұл жерде бір ауыз сөздің бір-бірін ұнатып, енді ерлі-зайыпты болып, қалған өмірімізді бірге өткіземіз деп, ант етісіп, неке суын ішіп, некелері қиылған екі жасты екі жаққа айырып жіберген «байқамайсың ба» деген бір ауыз сөздің құдіретіне таң қалмасқа лажыңыз жоқ.

Әлеуметтік желіде әлемге танымал тұлғалардың адамды ойландыратын,  рухын көтеріп, жігерлендіретін сөздері жарияланыпты. Сіз де оқыңыз; мүмкін кәдеңізге жарап қалар:

«Егер сен не қалайтыныңды білмесең, нәтижесінде өзің қаламайтын нәрсеге тап боласың» (Чак Паланик);

«Қыран құс желге қарсы ұшқанда ғана биікке самғайды» (Уинстон Черчилль);

«Мақсатқа жету үшін – жүру керек!» (Оноре де Бальзак);

«Егер сен өзіңе сенімсіз болсаң, онда саған кім сенеді?» (Майкл Джексон);

«Мүмкін емес нәрсені істеп көрудің өзі бір ермек» (Уолт Дисней);

«Айналаңа сені өрге жетелейтін адамдарды жинауға тырыс. Себебі, сені төменге тартатындар қашанда табылады» (Джордж Клуни);

«Егер адамдар сіздің мақсаттарыңызға күлмесе, демек мақсаттарыңыз өте кішкентай» (Азим Премжи);

«Білімді жинау — жеткіліксіз, оны іс жүзінде пайдалану керек. Армандау — жеткіліксіз, әрекет ету керек» (Брюс Ли);

«Әрекет етіп, сәтсіздікке ұшыраңыз, бірақ талпыныстарыңызды тоқтатпаңыз» (Стивен Каггва);

«Рекордтар оларды жаңарту үшін жаралған» (Майкл Фелпс);

«Кедергілер – ол, мақсаттан көзіңіз тайғанда көрінетін заттар» (Генри Форд);

«Таңертең оянғанда, өзіңе «Мен не істеуім керек?» деген, ал, жатарда «Мен не істедім?» деген сұрақ қой» (Пифагор);

«Арманды жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадам – мақсат қою» (Тони Роббинс);

«Барлық арман саған оларды жүзеге асыруға қажетті күшпен бірге келеді» (Ричард Бах);

«Зираттағы ең бай адам болу мен үшін маңызды емес. Маңыздысы — ұйқыға жатар кезде өзімнің расымен ғажап нәрсе істегеніме қанағаттану» (Стив Джобс);

«Егер жағадан алыстауға қорықсаң, мұхитты жүзіп өте алмайсың» (Христофор Колумб);

«Үлкен мақсаттарды орындау жолында адам өзінің бойында басқаларға шамшырақ болатындай мінез барын сезінеді» (Георг Гегель);

«Сыннан қашудың бір ғана жолы бар: ештеңе айтпаңыз, ештеңе істемеңіз, ешкім болып қалыңыз» (Аристотель);

«Шабытты күтіп жатпай, оны шақыра білуіміз керек. Әрекет қай кезде де шабыт тудырады. Ал, шабыт үнемі әрекетке әкеле бермейді» (Фрэнк Тиболт);

«Мен жағдайдың құрбаны емеспін! Мен өз шешімдерімнің нәтижесімін!» (Стивен Кови);

«Егер сіз өзіңізге не қажет екенін білсеңіз және сол нәрсені қатты қаласаңыз, сіз оған жетудің жолын міндетті түрде табасыз» (Джим Рон). (Танымал тұлғалардың жігерлендіретін сөздері. «Алаш айнасы», 20.11.2019).

Адам бойындағы қуаттың екі түрлі қайнар көзі бар. Оның бірі ішіп-жем, киім-кешек, тұрмыс жағдайы сияқты  адамның  тірі организм ретіндегі өмір сүруін қамтамасыз ететін материалдық игіліктер де, екіншісі, адамның ақыл-ойымен сөз арқылы жасалынған рухани құндылықтар. Осы екеуінің адам өмірінде қайсысы маңызды дегенде, бірінен бірін бөліп қарастыруға болмайды; бірінсіз бірі жоқ. Материалдық жағы адамның биологиялық тіршілігін қамтамасыз етсе, рухани құндылықтар – адамның адам болып өмір сүруінің бірден бір шарты.

«Тән мен жан сабақтас, екеуі бірінен бірі айырғысыз. Тәнсіз жан жоқ, жансыз тән тұра алмайды. Сондай біріне бірі  байлаулы, айырғысыз нәрсе болған соң, бірінің жайына бірі қарайды, біріне келген кемшілік біріне білінбей қалмайды. Тән кемшілігі жанға білінеді, жан кемшілігі тәнге білінеді. Тәнге батқан ауру көңілге, ойға қандай әсер ететіні, жанға батқан қайғы-қасірет тәнге қандай әсер ететіні қазақ сияқты оқымаған халыққа да мәлім. «Қайғысыз қара суға да семіреді» деген сөзді қазақ қайғы-қасірет тәнге қандай әсер ететінін білгендіктен айтқан. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген сөзді де қазақ тәннің ашығып, қиналғаны ақылға қандай әсер ететінін білгендіктен айтқан. Қысқасын айтқанда, мысалы, жақсы қымызды жаман сабаға құйсаң, қымыз бүлінетіні, жаман қымызды жақсы сабаға құйсаң, саба бүлінетіні сияқты. «Тәні саудың  – жаны сау» деген, «жақсы сабаның қымызы да жақсы болады» деген – мысалды сөз» (Ахмет Байтұрсынұлы. Көп томдық шығармалар жинағы. 4 том, Алматы, «Алаш», 2006, 229-бет).

Психологиядан қазақ тілінде алғаш рет кітап жазған Ж. Аймауытов «Адам баласына дене тәрбиелеудің үстіне жанын (рухын), ақылын, сезімдерін, жігерін-мінезін тәрбие қылу керек. Денесі мен жаны бірдей тәрбиеленбеген кісі сыңар жақтау бола беретінін» атап айтқан.

Адам бойындағы энергетикалық күш-қуатты сақтай білудің маңызы зор. Қалыпты өмір сүрудің заңдылықтарын ұстана білгенде ғана адамның бойдағы күш-қуаты артып, соның арқасында денсаулығын сақтай біліп, қалыпты өмір сүріп, еңбегі жанып, жетістіктерге жете алады. Демек, адам  бойындағы  энергетикалық қуатты тиімді пайдалана білу оның денсаулы-ғының мықты болып, қуаныштарға толы бақытты өмір сүруінің бірден-бір шарты екен.

Бойында қуаты жоқ адамның тіршілік жасауы – қиын. Сондықтан да туылғанда, барлық адам баласы бұл жалғанға өмір сүру үшін қажетті энергиямен қамтамасыз етілген. Мәселе адамның осы өзінде бар бақытты өмір сүруді толық қамтамасыз ететін мүмкіндікті көзінің қарашығындай сақтап, орынды пайдалана білуде жатыр.

4942 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы