• Руханият
  • 31 Қаңтар, 2022

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЭТНОГРАФИЯ МӘДЕНИЕТІ

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Бесігіңді сатпа, салтыңды сақта

 

Қазақ ұлты – тарихы ұзақ, сан ғасырды бастан кешіру барысында өзінің баға жетпес шұғылалы мәдениетін жаратқан өркениетті халықтардың бірі. Қай халық болсын оның тарихы мен мәдениеті қатар өмір сүреді. Мәдениет танушылардың бірі Г.Иогай «Мәдениет – өркениеттің жаны» десе, Страбон «Өркениет – қалалық мәдениет», – дейді. Кімде-кім өз отанының тарихын немесе мәдениетін білемін, қорғаймын десе, ең алдымен ғұлама тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлтыңды сақтаймын десең тіліңді сақта, салтыңа тоқта» деген қанатты сөзін есінде берік сақтауы керек.

Мәдениет туралы ғалымдар мен мамандар түрліше анықтама айтып келеді. Толықсыз санаққа қарағанда, шетелдің білікті мамандарының мәдениет туралы анықтамаларының өзі 200-ден асады екен. Мамандар мәдениет жөнінде мынандай ортақ танымға келген: «Адамзат қоғамы даму барысында жаратқан заттық байлық пен рухани байлықтың жиынтығы» («Жағрафия», толық күндік орта мектеп оқулығы, Шыңжаң оқу-ағарту баспасы, 2004 жылы маусым, 58-бет).

Қазақ халқының мәдениеті – дүние мәдениетінің бір бөлшегі. Халқымыздың арғы тегін қалыптастырған ежелгі сақтар сонау есте жоқ ескі замандарда жылқы, сиыр, қой секілді малдарды өсіріп және егіншілікпен шұғылданып, екі, төрт, алты дөңгелекті арбалар жасап, көші-қонға пайдаланғаны тарихи материалдарда жазылған.

Аумалы-төкпелі замандарда өмір сүр-ген ата-бабаларымыз дала мәдениеті мен қала мәдениеті ұштасқан таңғажайып озық өркениет жаратқан. «Біздің заманымызға дейін жеткен қазақтың “Сары өзен” күйі ең ескі музыкалық шығарма болса керек. Ғұндар (қазақтардың және түркі халықтарының ата-бабалары) о баста қазіргі Қытай жерінде тұрған. Олар 2300 жыл бұрын Сары өзен – Хуаңхының жағлауын мекендеп, балық аулап күн көрген. Жермен айналысып, кемелер құрастырған, сауда жасаған. Ғұндар өздерінің тарихи отанынан ығыстырылғаннан кейін, туған жерге деген сағыныш “Сары өзен” күйін тудырған» (Еренғайып Сәлімұлы Омаров, «Қазақ өркениеті», Ұлттар баспасы, 2008 жылы қараша, 20-бет). Ата-бабаларымыз жаратқан міне осындай ұлы мәдениет талай-талай халық пен елді тамсандырып, таңдай қақтырған еді.

Ал енді мақаламыздың негізгі арқауы болған қазақтың дәстүрлі этнография мәдениеті туралы сөз қозғайық.

Этнография – гректің этнос (тайпа, халық), графия(жазамын) деген сөзінен шыққан. Ол тайпалар мен халықтардың арғы тегі мен қалыптасу тарихын зерттейтін ғылым. Кең мағынадан айтқанда этнография – бүкіл бір халықтың салт-дәстүрін, ғұрып-әдеттерін, ырымдар мен тыйымдарын, әдебиет-көркемөнерін, шежіресін, саяси, экономикалық, қоғамдық шаруашылығы секілді көп саланы зерттейді. Нақтылап айтқанда, этнография тұтас бір ұлтты тану ғылымы болып табылады. Этнография ғылымы тіл, әдебиет, дін, философия, математика, химия, физика, биология, жағрапия, тарих, заң, шипагерлік қатарлы толып жатқан пәндермен сабақтасып жатқан сүбелі ғылымдардың бірі. Қазақ этнографиясының арнасы кең, бір ұлттың заттық, рухани мәдениетінің жетістіктерін, өзіне тән бөгенайы бөлек ұлттық ерекшеліктерін жан-жақтылы зерттеуді өзінің басты нысанасы етеді.

Ғылымға жүгінер болсақ «Этнография – белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениетін өткен замандағы, бүгінгі дәуірдегі тұрмыс-салтын, әдет-ғұрыптарын, мәдениет өзгешеліктерін, тарихын, тілін, тағы басқа жақтарын зерттейтін ғылым» («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»,10- том,686-бет) деген анықтама жйі айтылып жүр.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Ата-бабаларымыз «Бесігіңді сатпа, салтыңды сақта», «Ауылыңның атын ұмытсаң да, салтын ұмытпа» деп ұрпақтарына ұлағатты тәрбие жүргізіп отырған. Кемеңгер, ұлы ойшыл ақын Абай атамыз:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең, – деп айтқаны, халқымыздың тал бесіктен жер бесікке дейін өлең қуып өскен ұлт екенін аңғартады.

Қазақ халқының бай салт-дәстүріне ерекше назар аударған орыс ғалымы Григорий Потанин: «Қазақтар – еті тірі, дені салауатты, өмірге іңкәр халық. Олар сауық-сайранды жаны сүйеді, ашық түсті киім-кешекті, өмірінде мереке, той-думандарды ұнатады. Актерлік өнер мен сәнді жасану жақтары Қазақтардың бойына атаққұмарлық нышанын дәріптеуі ықтимал. Мұның өзі оларды франсуздарға ұқсататын секілді. Афиндықтар тәрізді қазақтар жаңалықты әдеттен тыс ұнатады. Мейлі дала құнарының қаңқасы кеуіп қалсада, мейлі табиғат шүлейтке төнген қатерге қарсы күресте дәрменсіз болсада, қазақ өмірі үшін халықтың рухани қантамырында күш-жігердің көл-көсір қайнар көзі бар, тек қазақтардың өздері осы қайнардан теріс айналмаса болғаны», – деп тебірене жазыпты.

Мамандар қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттейтін этнография ғылымын мынандай бес үлкен салаға бөліп жіктейді: халықтық таным, халықтық салт-дәстүр, халықтық өнер, халықтық ұғым, халықтық әдебиет-көркемөнер. Мұның ішінде халықтық салт-дәстүр мәдениеті – Қазақ этнография ғылымында арнасы кең, шарпитын көлемі үлкен, кесек салалардың бірі.

 

1. Халқымыздың бала тәрбиелеудегі салт-дәстүрлері

 

Қазақ халқы бала тәрбиелеуге ерекше мән берген ұлт. Ата-бабаларымыз «Бала – бақыт», «Бала – баршаға ортақ мұра», «Бала – адамның бауыр еті», «Бала – адам өмірінің жалғасы», «Бала – адам өмірінің өркені», «Бала – болашақ», «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Адам мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды», «Баланы жастан, әйелді бастан», «Әкеге қарай ұл, шешеге қарай қыз өсер», «Оқыған бала – оқтаулы мылтық» сияқты қыруар мақал-мәтелдер шығарып, баланы бақыттың нышаны деп білген.

Халқымыздың бала тәрбиелеу танымы ұзақ уақыттық өмір тәжірибесінен қалыптасып, сан ғасырғы тұрмыс сынағынан өткен. Халқымызда «Маңдайы кең, көз жанары отты, құлағы үлкен баланы білікті, парасатты адам болады», «Баланы маңдайынан қақпайды, бір адамның бақ пен соры оның маңдайына жазулы болады, маңдайға ұрса бақ қашады», «Бала емізіп отырған әйелге қарамайды», «Бейуақта баланың киімін далаға жаймайды», «Бала ойнап жер қазса жаман болады», «Бала шешен болсын деп таңдай жегізеді» қатарлы қыруар ырымдар мен тыйымдар болған.

Қазақтың салт-дәстүріне зер салар болсақ көбісі бала тәрбиелеуге қатысты болып келеді. Сол үшін қазақ халқы баланы ана құрсағы кезінен бастап күтімге алып қастерлейді, баланың дүниеге аман-есен келуін армандайды. Нәресте дүниеге келгенде «Бауы берік болсын», «Өмір жасы ұзақ болсын» деп тілек айтады. Бұрын сәбиге көз тимесін деген мақсатпен әжесі немесе анасы сәбидің бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізіп қоятын ырымдар жасайды екен.

Халқымызда нәресте дүниеге келгеннен кейін өткізілетін кіндік кесу, шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, бесік жырын үйрету қатарлы толып жатқан ырымдар мен салт-дәстүр жырлары бар. Бала қаз-қаз басып жүргеннен бастап ержеткенге дейін тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа мінгізу, тоқым қағу, ататегін үйрету, амандасу, тән тазалығы, ар тазалығы секілді тәрбиелік маңызы зор салт-дәстүрлерді үйрету арқылы әдептілікке, адамгершілікке баулиды. Сол үшін ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Үлкен алдында жас қарызы, ата-алдында бала қарызы – әдеп пен сыйы» деген екен.

Халқымыздың танымында «Әр адамның өз жұлдызы болады», «Қазақ жұлдыз санамайды, аққан жұлдызға қарамайды»» деген ырымдар мен тыйымдар көп болған. Осындай ырымдар мен тыйымдарды да халқымыз балаларға жалықпай үйретіп, себебін түсіндіріп отырған. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Бір адам өлсе» атты жырында:

 – Бір  адам өлсе,

Бір жұлдыз қоса сөнеді, –

Бір кезде біреу осылай маған деп еді.

Есімде әлі біреудің былай дегені:

 – Бір  адам туса,

Бір жұлдыз бірге келеді.

 

Сенбесең сенбе,

Осыған әйтеу мен сенем

Құлазып қалам, бір жұлдыз ағып

сөнсе мен.

Иесі бар оның,

Айып па, адам тағдырын,

Бүкіл ғаламның биіктігімен өлшеген?! –дейді.

Жұлдыздар туралы таным-сенімдер түркі текті халықтарға ортақ жалпыласқан. Соның ішінде қазақтар жұлдызды киелі санаған. Бұл туралы ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов «Қазақтар жұлдыздардың жер бетіндегі бақытқа әсер етенініне сенеді. Халық арасында көк күмбез жайлы әңгімелер де баршылық. Енді біреулердің пікірінше, әр бір жұлдыз жер бетіндегі әрбір адамның жанымен байланысты. Адам өлгенде оның аспандағы жұлдызы да ағып түседі. Аспаннан ағып түскен жұлдыздарды көрген қазақтар менің жұлдызым жоғары дейді немесе ернін жыбырлатады. Болып-толған бақытты адамды жұлдызы жанған деседі» («Шоқан Уәлиханов шығармалары», Алматы, 1985 жыл, 179- бет), – дейді.

Халқымыздың ертеден қалған көкке (Аспан әлеміне), жер-суға, хайуанаттарға, ата-бабалардың аруағына сыйыну қазірге дейін жалғасып келеді. Халық өз тұрмыс-тіршілігіне қарай айды да киелі санап, оған табынып, сыйынып келген. Қазақ баталарында «Айың оңыңнан тусын», «Айдан ақ, күннен сұлу бол», – деп тілек жасаса, қара ниет, жауыз адамдарға «Бетің айдай болғыр», «Күнше бат», – деп қарғыс жаудырады. Халқымыз жаңа туылған айға қарап бұл ай жауыншыл немесе ашық болады екен деп, ауа райы туралы болжам жасап отырған. Біздің бала күнімізде әжелеріміз жаңа туған айды көргенде:

Ай көрдім, аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Жаңа айда жарылқа,

Ескі айда есірке, – деп сыйынып тілек айтатын. Халықтық таным-сенімдерге байланысты отқа, күнге, айға, көк бөріге, аққуға табыну қатарлы ырымдар күнделікті салт-дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен. Мысалы: бесікті отпен аластау, көк бөрінің асығын тұмар етіп асып алу, тасаттық беріп, жаңбыр тілеу, аққу, үкінің қауырсынын нәрестелердің бесігінің басына, қыздардың тақиясының төбесіне тағу, садақа беру, қарлығаштың ұясын бұзбау, құстың жұмыртқасын шақпау, көкті жұлмау, туыс-туғандар арасында мысық бермеу, аманатқа қиянат жасамау, тағы басқа толып жатқан таным-сенімге байланысты ырымдар мен тыйымдардың кейбірі салт-дәстүрімізге айналып кетті. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бұрын қазақта 200 жүзден астам тыю заңы болған. Міне, бұлардың көп сандысы балалар тәрбиесіне байланысты екен.

Қазақ балаларына байланысты салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиелеудегі маңызының зор екенін байқаған халық батыры, әдебиетші Бауыржан Момышұлының: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертек айтып бере аймайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, бойына дәстүр сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деген сөзі ата дәстүрді ардақтайтын әрқандай ұлтжанды адамды ойландырмай қоймайды.

 

2. Тұрмыстық салт-дәстүрлер

 

Тұрмыстық салт-дәстүрлер қазақ этнография ғылымының ең үлкен салаларының бірі. Тұрмыстық салт-дәстүрлер сонау ескі заманнан басталып ұлтымыздың егіншілік, мал шаруашылық, орманшылық, аңшылық, теміршілік, сушылық, шипагерлік қатарлы алуан салаларман тамырласып жатады.

Қазақтың төрт түлік мал, аңшылық, егіншілік, балықшылық, ағашшылық, зергершілік, кестешілік секілді ұлттық өнерлері, киіз үй мәдениеті, үй жиһаздары, ыдыс-аяқ, ұлттық тағамдардың түрлері мен ерекшеліктері, ас-су және дастарқан әзірлеу, ұлттық киім-кешек қатарлы қыруар тұрмыстық салт-дәстүрлерімізді тереңнен тану, мән-мағынасын түсіну, зерттеудің маңызы өте зор.

Ата-бабаларымыз атам заманнан бері жылқы, сиыр, түйе қатарлы төрт түлік мал өсіруге ерекше мән беріп келген. Халқымыз төрт түлік малға қатысты аңыз, ертегі, өлең-жырларды өте көп шығарған. Сонымен бірге төрт түлік малдың иесі бар деп қарап, «Жылқы пірі – Қамбар ата, қой пірі – Шопан ата, түйе пірі – Ойсыл қара, сиыр пірі – Зеңгі баба, ешкі пірі – Шекшек ата» деген таным-сенім қалыптастырып, төрт түлік малды қорласа оның иесі шамданады деп ырымдап отырған.

Тұрмыстық салт-дәстүрлерде төрт түлік малға айғайлап ұрысуға, «Кет» деп зекуге, жатқан малдың үстінен аттауға, малға қарап дәрет сындыруға, малға теріс қарап мінуге, малдың өрісін бұзуға, түнде далаға мал шығаруға, ұрлық істеген, өтірік айтатын адамға мал бақтыруға, өзі баққан малды өзі союға болмайды. Малжанды қазақ баласы наурыз айында туылған төлді «Наурыз төлі» деп ырымдап, «Төл басы» ретінде қастерлеп, соймай, сатпай, сыйға бермей ерекше күтімге алып баққан.

Қазақ халқы төрт түлік малдың ішінде жылқы түлігін ерекше қастерлеп, «Жылқы ер-қанаты», «Ат – адамның серігі, ит – малдың серігі» деген қанатты сөздер шығарған. Осыған байланысты «Төрт түлік малдың кеңесі» атты халық ертегісінде жылқы түлігін былай сөйлеткен:

«Бетегелі белге бітемін,

Найза ұстаған ерге бітемін».

Тарихи материалдар мен батырлар жырында айтылуларға қарағанда, ел үшін еңіреген қазақ батырларының ата жаулармен болған қиян-кескі шайқастарда қуса жететін, қашса құтылатын тұлпарлары болғандығы сөз болады. Мысалы: Қобыландының Тайбурылы, Ертарғынның Тарланы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қара қасқасы, Қабанбай батырдың Қубас аты, Қангелді батырдың Қарт күреңі, Райымбек батырдың Көк ойнағы, Ер Жәнібектің Көк дөнені қатарлы атақты тұлпарлар мен сайгүліктер болған. Батырлар қиын-қыстау кездерде өздерінің мінген тұлпарларын сенімді серігіне санаған. Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының «Аттың сыны»  атты өлеңі қасиетті жылқы түлігінің түр-тұлғасы мен сынын ең тамаша бейнелеп берген. Жылқы түлігіне байланысты бәйге, көкпар, қызқуар, теңге ілу, аударыспақ, қамшы тастау, түрлі ат секірту қатарлы спорттық ойындар өткізіледі.

Қазақ үйірлі жылқысының ішінен біреуге мал ұстап берген кезде, сол жылқының жалынан бір тал қылды жұлып алып, оған сол жылқының сілекейін жағып алып қалып отырған. Бұны халық «Сілекей сірне» деп атаған. Бұнысы – әлгі жылқымен бірге ырыс кетпесін деп ырымдағаннан туған таным. Қазақ баласы көп мінген ардақты атын қартайғанда соғымға сойып, басын қастерлеп ағашқа немесе биік жерге іліп қойған.

Халқымыз өте ертеден егіншілікпен шұғылданып келген ұлт. Көктем мезгілінде дихандар жерге тұқым сепкенде:

Дихан баба атамыз,

Тисін бізге батаңыз.

Береке бер егінге,

Тер кетпесін тегінге, – деп тілек тілеген. Міне, бұл ата-бабаларымыздың ертеден егін-шілікпен шұғылданып келгенінің дәлелі болмақ.

Қазақ халқы тұрмыс-тіршілігі барысында тағам мәдениетіне ерекше көңіл бөліп – «Ас – адамның арқауы», «Асқа адалдық, денге саулық берсін!» деген секілді мақал-мәтелдер шығарып, өздері азықтанатын тағамдарының түрін молайтып, сапаландырып отырған.

Ертеректе халқымыз жылқы, сиыр, қой, ешкі етін көбірек тұтынған. Кей жерлерде түйе, қодастардың етін де азық еткен. Төрт түлік малдан сүт, қаймақ, уыз, қатық, кілегей, айран, іркіт, сарымай, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат, қуырдақ қатарлы дәмі тіл үйіретін тағамдар жасалса, астық дақылдарынан нан, бидай көже, арпа көже, бөкпе, жарма, жент, қарма, қаттама, май шелпек, бауырсақ, тары, талқан, бөктерме, тағы басқа тағамдар жасаған. Сонымен бірге халықтық тағамдар арқылы науқас адамдарды да емдеген.

Қазақта қонақ күту үлкен мәдениеттілік есептеледі. Келген қонақтың мәртебесіне, жасының үлкен-кішілігіне қарай сый-құрмет көрсетіледі. Қонақтарға тартылатын табақтың түрі көп. Қонаққа тартылатын табақ түрлері – бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Сыйлы қонақтарға бас табақ тартылады. Бас табаққа бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, қазы, қарта, жал, жая салынады. Егер жай табаққа тартылатын жауырын, тоқпақ жілік, қабырға, омыртқа бас табаққа тартылса, үлкен білімсіздік, көргенсіздік, тәрбие көрмегендік есептеледі.

Қазақ «Қонақ – қызыр», «Қонақ – құт» деп таныған. Қонақты «Құтты қонақ», «Құтсыз қонақ» деп екіге бөлген. Бұлай айтудағы себеп үйінде бірер көңілді жағдай болса, оны «Құтты қонақ», көңілсіз жағдай болса, оны «Құтсыз қонақ» деп ырымдаған. Жолы жақсы құтты қонақты «Ақ жолтай қонақ» болды деп, жора-жосын жасап құрметтеген.

Қазақ салт-дәстүрі ханға да, қараға да ортақ. Әрқандай Қазақ баласына асыл салт-дәстүрден аттауға рұқсат етілмейді. Бұған ақын Мұхтар Шахановқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің айтқан мына аңыз-әңгімесінің өзі куә:

«Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бір хан жанына нөкерлерін ертіп, аң аулауға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатса алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жез құмандай жылт-жылт еткен сұлу киік қаша жөнеліпті. Хан садақтан оқ атып, киіктің артқы аяғын жаралайды. Бір жағы құлама жар, екінші бүйірден хан нөкерлері қиқу салып қыспаққа алғанда, жаны қысылған бейшара киік жан далбасымен сонадайдан көз тартқан ақ боз үйдің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетіпті. Үй иелері жайылған дастарқаннан түскі тамақ ішіп отыр екен. Есіктен енген киік жаюлы дастарқаннан бір-ақ қарғып, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, солығын баса алмай тұрып қалыпты.

– Шығар киікті! – деп дауыстайды Хан ат үстінде тұрып, төрде тамақ ішіп отырған қарияға, – бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп, сенің үйіңде қолға түсіріп тұрмын. Мұның менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар?

– Сөзің орынды, Хан ием. Киік сенің олжаң екені де рас. Бұл сорлы жаны қысылған сәтте менің төріме шығып кетті, ортада дастарқан жаюлы жатқанын өзің көріп тұрсың. Ал ата салтымыз бойынша дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздеріне қан толып, бір-біріне өлердей жауыққан екі адамды татуластырарда дастарқан басына алып келмеуші ме еді? Тіпті, хан болсаң да дәстүрден үлкен емессің. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң қалың елдің табасына қаласың, жолың болмайды, –депті. Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрыпты»(«Құз басындағы аңшының зары», Шыңжаң халық баспасы, 2000 жыл шілде, 261-, 262- бет).

Осы аңызды Мұхтар Шахановтан тыңдаған әлем таныған жазушы Шыңғыс Айтматов «Кеудесіне парасат ұялаған аңыз екен. Ел басшысы өз елінің ата салтын, дәстүрі мен ибасын шын ділімен құрметтеу арқылы ғана үлкен кемеңгерлік биікке көтеріледі. Ал ғасырдан-ғасырға өтіп, әбден сұрыпталған ұлт мәдениетін менсінбей, оған астамси қарағандар әрдайым елдің қарсылығына жолығып отырған», – деп тебіренген екен.

Қазақ халқының ұзақ уақыт өмір тәжірибесінен туған, өндірістік тіршілікпен шұғылдану барысында жасаған тымақ (Қыпшақ тымақ, Найман тымақ, Керей тымақ), тақия, бөрік, қалпақ, ішік (Қасқыр ішік, қабылан ішік, сусар ішік, тағы басқалар) сәукеле, кимешек (Албан кимешек, Қызай кимешек), жаулық, салы, желек,тон, күрті, мешбет, көйлек, жейде, етік, киіз етік, шалбар, мәсі, кебіс, тізеқап, сым, шапан тағы басқа толып жатқан киім-кешектеріміз көрген жанның көзін сүріндіреді.

Халқымыздың тұрмыстық салт-дәстүрінен орын алған ұлттық қолөнер бұйымдары, дәмді тағамдарымыз, киім-кешектеріміз туған жердің саяхат кәсібін дамытуда, экономикамызды жандандыруда, әйгілі бренд өнімдер жаратуда ерекше маңызды рөл атқарады. Біз өзіміз жаратқан асылымызды туысқан ұлттарға кеңінен таныстырып, өзіміз кәдеге жарата алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

3. Әлеуметтік салт-дәстүрлер

 

Халықтық салт-дәстүрлер ғасырдан - ғасырға, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес асыл мұра. Ата салт-дәстүрлеріміздің қайнар көзі ежелгі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Алан, Дулат, Түркеш, Албан, Найман, Керей, Қыпшақ қатарлы ру-тайпа, ұлыстық дәуірлерден бастау алған. Ұзақ ғасырларда қалыптасқан ата салтымыздың ішінде әлеуметтік салт-дәстүрлер ерекше орын алған.

Ұлтымыздың әлеуметтік салт-дәстүр мәдениеті үй болуға байланысты кәделер (құда түсу, құдаларды қарсы алу, қыз жасауы, келін түсіру, тағы басқалар), өлім жөнелту (естірту, көңіл айту, өлген аламды жерлеу, дауыс айту, қырық нәзірін, асын беру), наурыз мерекесі, ораза айт, құрбан айт өткізу, ақындық-шешендік өнерлер, бата-тілек, ақындар айтысы, халықтық музыка аспаптары, сал-серілер, туыстық қарым-қатынас қатарлы алуан мазмұндарды өз ішіне алады.

Той жасау – бір отбасының, бір рудың қуанышы болып қалмастан бүкіл бір ауылдың қуанышы есептеледі. Қазақта қыз ұзату тойы мен сүндет той ерекше дабыралы өткізіледі. Тойға туыс-туғандар, алыс-жақындағы ағайын, дос-жарандар, тіпті басқа ұлт өкілдері де шақырылады. Қазақта «Той – құдайдың қазынасы», «Той десе қубас домалайды» деген қанатты сөздер айтылады.

Тойға сойылатын малдың түсі де таңдалып алынады. Мысалы, түйе болса ақ, жылқы болса көк қасқа, қой болса ақ сарбас немесе қызыл қасқа болуды шарт етеді. Тойға малға бата жасатқанда, береке-бірлікті ұйытқы етіп басқа рудың әйгілі адамдарына, көпті көрген беделі жоғары қарттарға бата жасатады. Тойға алыстан қымыз әкелгендердің сабаларының түбіне бір-бір жіліктен «Салым» салып қайтаратын жора болған.

Дабыралы өткізілетін той мен астарда ат бәйге, қызқуар, жорға, ат секірту, балуан, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, жаяу жарыс, ақындар айтысы қатарлы халықтық ойындар мен өнерлер көрсетіледі. Жүлделі болғандарға жол беріледі.

Қыз ұзату тойында «Тойбастар», «Жар-жар», «Сыңсыма», «Қоштасу» қатарлы өлең-жырлар айтылады. Тойда айтылатын «Тойбастар» жырында:

Өлеңді тіл бастайды, ән қостайды,

Екеуі тыңдағанға ой тастайды.

Ақындық атасынан үзілмеген,

Өлеңді біз тұрғанда кім бастайды? – деп, той бастап, өлең айтушы өз кәдесін алады.

«Беташар» жыры келін түскенде айтылатын халқымызда ежелден жалғасып келе жатқан дәстүрлеріміздің бірі. Жаңа түскен келіннің бетін ешкімге көрсетпей желек (жұқа жібек салы) жауып әкеледі. Той иесінің жақын туыс-туғандары жиылып, келіннің бетін ақын жігітке ашқызады. Мұның мағынасы жас келіннің әдеп-ғұрыпты білу, ибалы болуға тәрбие беріп, болашағына жол сілтейді. Ақын жігіт жаңа түскен келіннің бетін беташар жырымен былай ашады:

Айт, келін-ау, айт, келін,

Атыңның басын тарт келін.

Сауысқаннан сақ келін,

Жұмыртқадан ақ келін...

...Ел-жұртыңа жақ келін!

Үй артына мал келсе,

Бақандама, келіншек.

Өзің жатып байыңа,

Тұр-тұрлама, келіншек.

Қаптың аузы бос тұр деп,

Құрт ұрлама, келіншек.

Аузы-мұрның сүйреңдеп,

Өсек айтпа, келіншек...

Міне, осындай өлең-жырлар арқылы жас келінге әдепті, ибалы болу тәрбиесін жүргізіп, өсек-өтіріктен аулақ болуды ескертіп, бір отбасының ғана емес, бір ауылдың үлгілі келіні болуға баулып отырған.

Наурыз мерекесі – Қазақ халқының өте жоғары бағалап, қастерлеп өткізетін тарихы ұзақ ұлттық мерекелеріміздің бірі. Наурыз – жаңа жыл мен жаңа күн басталған қасиетті күн. Қазақ күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басы, әр жылдың 22-ші наурызында күн мен түн теңеліп, ұлыстың ұлы күні – наурыз басталады. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев наурыз мейрамы туралы «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама» деп айтса, ұлы ақын Абай «Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамша қылады екен», – дейді.

Наурыз жырында халқымыздың жаңа жылдың басы болған ұлыстың ұлы күнін тойлау, қуанышты көңіл-күйге қатысты тілектер бейнеленіп отырған. Мысалы:

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алсаң,

Сонда олжалы жол болар...

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Қайда барсаң, жол болсын!

Ұлыс бақытты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле, жала жерге енсін!

Наурыз көже – ет, сүт, су, тұз, бидай, құрт, жеміс сияқты жеті түрлі дәмнен жасалады. Наурыз күні басқалармен ренжісуге, көңіл ауыртатын ауыр сөз айтуға тыйым салынады. Өйткені «Жыл басы қалай басталса, соңы да солай болады», – деп ырым жасаған.

Қазақ халқы өлімді айрықша қастерлеп жөнелткен. Қазақта жан үзген адамға қарата «өлді», «өліп қалды» деген сөздерді қолданбаған. Қайта «қайтыс болды», «дүние салды», «қаза болды», «дүниеден өтті» деп айтқан. Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үй қасындағы көрші отырған үйлерге хабарлайды. Қайтыс болған адамның сүйегі үйінде бір күн не үш күн түнейді. Қайтыс болған адамның киімін төсегінің тұсынан жіп тартып іліп қояды. Қаза болған адамның тірі кезінде мініп жүрген атының құйрық-жалы күзеледі. Мұны «Тұлданған ат» деп атайды. Көші-қон кезде тұлданған атқа қайтыс болған адамның ер-тоқымы ерттеліп, оған шапан жауып, ердің қасына тымағын кигізіп жетелеп жүреді. Марқұмның жыл уағы толғанда тұлданған ат сойылады. Ат сойыларда жоқтау айтып отырған қыз-келіншектер атқа таласып, атпен қоштасады. Соңында ат сойылып, қайтыс болған адамның жылдығы беріліп, асын өткізеді.

Қазақ өлім жөнелтуде үлкен сын көзбен қарайтын болған. Сондықтан халық: «Өлім байдың малын шашады, кедейдің артын ашып кетеді» деп түсінген. Қайтыс болған адамға қаралы үйдің әйелдері мен қыздары жылдық асын бергенге дейін жоқтау, дауыс айтқан. Егер қайтыс болған беделді адамға қаралы үйдің адамдары дұрыстап жоқтау айтпаса, ауылдың қазыналы қариялары жағынан сын айтылған.

Өлім жөнелту дәстүрінде көңіл айту, жаназа шығару, жерлеу, жетісін, қырқын, жылдығын(асын) беру, жоқтау, дауыс айту, ат тұлдау, ту тігу, ине-жіп үлестіру, жүк түзеу, қазан күйдіру, тағы басқа жосындар түгел орындалуы шарт. Сонда ғана ел-жұрты өлімді жақсы жөнелтті, марқұмның аруағы разы болды деп қараған. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз осыған қаратылса керек.

Мен бұл мақалада қазақтың дәстүрлі этнография мәдениеті туралы қысқалай шолу жасадым. Жүйелі зерттеу алдағы күндердің міндеті.

Қазақтың дәстүрлі этнография мәдениетінің тарихы өте тереңге тамыр тартып,халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Бір ұлттың мәдениеті сол ұлт қалыптастырған аса бай халықтық этнография өркениетінің деңгейімен өлшенеді. Әр қандай ұлт өркениет биігінен көрінемін десе, оның құнарлы, бағалы, кемелді халықтық этнография мәдениеті болу керек. Халықтық этнография – ұлтымыздың тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын, шежіресін, тағы басқасын тарихтан-тарихқа үзбей жалғап келе жатқан алтын көпір.

Қазақ этнографиясы – ұлтымыздың  зат-тық мәдениеті мен рухани мәдениетін зерттейтін ғылым. Оның арнасы кең, мазмұны мол, жан-жақтылы ізденуді қажет ететін салмағы ауыр ғылым екенін  есімізден  шығармағанымыз  жөн.

 

4129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы