• Әдебиет әлемі
  • 30 Қаңтар, 2022

Ақ көйлек ем армандардан тіктірген

Нұргүл  Маулина   1979 жылы желтоқсанның

17-ші жұлдызында   Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылында өмірге келген.

Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ

«Бизнес технологиялары» кафедрасының аға оқытушысы.

«Ұршық»,  «Ай сырғалы ақ шағыл» жыр жинақтарының авторы.

 

Киіз үй

Кеудеме бір керемет күй құлады,

Сезімді сипап өтіп ұйқыдағы...

Жанымның жазиралы жайлауында

Ақ орда алты қанат үй тұрады.

 

Тас қала орағанмен тас құндағын,

Мендегі бөгет болар тасқынға кім?

Көгінде көңілімнің  киіз үй тұр,

Көмкерген әсем жырмен басқұрларын.

Ақ ордам күмбезденіп тосар алдан,

Тосар алдан, қиялға қосар арман.

Қалқиған қазағымның қараша үйі,

Хан да еңкейіп енетін босағаңнан!

 

Бұрышсыз, алқасы жоқ жайды аңсаған,

Басқа жұрт жете қойсын қайдан саған?!

Киіз үй – әсемдіктің мұражайы,

Басталған табалдырық, маңдайшадан.

 

Күмбезбен көркемдеген тірлігіңді,

Қазақ болып өткізген бір ғұмырды.

Күміс күн шаңырақтан төксін шуақ –

Жеңеше, ашшы ертерек түндігіңді!

 

Жабықтан нұр сығалап, құбылып өң,

Өзіңнен сұлулықты ұғынып ем.

Көздерін керегенің жасыратын

Мүйізі қарағайдай бұғы кілем.

 

Іргеңде ақтарушы ем көңіл шерін,

Өремді биіктетер төрің сенің.

Келемін өміріме арқау етіп,

Өзіңде туған жырдың өміршеңін.

 

Жалғанған оюлармен үзік арман,

Маржанын сұлулықтың сүзіп алған.

Ораулы шилері де қандай әсем,

Шешемнің саусағының ізі қалған.

 

Басына керегенің жанатты іліп,

Қиялмен бұрымымды тарап тұрып;

Өшпеуін түтінімнің тіледім мен,

Маздаған жерошаққа қарап тұрып!

 

Ұршық

Көңілің – көмбе, сақтаған іште шын сырын,

Аяқтай сырлы кетсе де сырың, тұр сының.

Түсімде көрдім: ұстап тұр екем аялап,

Алақанымда анамның аппақ ұршығын!

 

Алып ем қолға, жүрегім кетті дүрсілдеп,

«Қалдырып ем ғой, еңбектің дәмін білсін деп».

Қабағың шыттың: «Құлыным-ау, сен қалайша

Ұршығымды менің ұстамай неге жүрсің?» – деп.

 

«Есімде, ана, құлының қалай білмесін?!

Тіршілік мынау, бұрғызбай мойын жүргесін,

Ұмытыппын-ау».

Ақталған болам өзімше,

Кінәні тағып, пенделік жеңген күнге шын.

 

Отырушы еді баппенен созып шүйкесін,

Айтасың қандай білекпен өрген биге сын?!

Ақ марқа жүні айналып аппақ дестеге,

Шебер қолменен жататын тауып үйлесім.

 

Күмбірге көміп қоңыраулы көңіл күймесін,

Ағытушы еді әңгіме-жырдың түймесін.

«Айналайыным, күнім, – деп,  алтыным»,

Алушы ем барлық мадақтаулардың жүлдесін.

 

Түсімде көрсем, сағынышым ғой ол менің!

Ұршықтар бүгін – экспонаты көрменің.

Бейнеңе сенің ұқсас суреттер іздеп ем,

Орамал тартқан жаулықты кемпір көрмедім.

 

Көрінбей кетсе, құдіреттің де көзі өлер,

Аналар кеше әспеттеп жүрген әз- өнер?

Оймағың қайда, қызыңа кесте үйретер,

Ұршығың қайда, жаулығың қайда, әжелер?!

***

Əлемді əн əдіптеп, жасын зерлеп,

Ойларым құрып отыр қасымда өрмек.

Жай оты жанарымнан жалт еткенде,

Жыр болып жүрегімнен шашылды өрнек....

 

Көрмеймісің, бұл көктем аңсатқанын,

Таңдайда дəмі қалған қансоқтаның,

Сіңлілерім қайда екен, қырға шығып,

Терсеңдерші, жырымның моншақтарын!

 

Көктегі жұлдыз біткен жамырасып,

Күміс күн Маңғыстаудың таңына асық!

Біздің жаққа амал кеп жатқан шығар,

Көңілдер кемерінен толып, асып!

 

Арылып жүрек біткен ойдан сыңар,

Сауықшыл сері көңіл тойдан шығар!

Боз жусаны бүр жарған қырмызы бел

Алдымнан сүр ет асып қойған шығар!

 

Аспанға жұлдыз іліп, айды ойнатып

Тəтті əнмен қыр құлпыртып, ой жайнатып,

Жеңешем отыр ма екен жырымды оқып,

Шоғына сексеуілдің шəй қайнатып!

 

Амалдың аңсары

Жетектеп  қыз ғұмырды төсі зерлі

Көктемнің ілесейін көшіне енді!

Жырдан теріп ризық, несібемді

Көңілдің көк дөнені, көсіл енді!

 

Ақ боз үй анам тіккен, орның биік

Төгілтіп шығайыншы торғын киіп!

Қызығып қырмызыға күн қарасын

Шық тұнған шұғыласын таңның жиып.

 

Бойыма бұла күш пен толар арын,

Ойына бұл өңірдің ораламын.

Желпитін самал соқса желегімді

Қайда екен менің қызыл орамалым?

 

Сұлудың сұқтандырмас сыры кімді,

Қазағым, қалт жібермен ырымыңды:

Ұзындығы – өлшемі ғұмырымның

Өрейін желмен тарап бұрымымды!

 

Жасынды жанардағы жалт ұрлай ма,

Кеудемді көктем гүлі толтырмай ма?

Қоңырауы көркіме сән қосатын

Үмітімді үкілер шолпым қайда?

 

Сақтасын сұлулықтың түзіп төрін,   

Салайын саусағыма тізіп керім!

Тіл көзден таса жүр деп анам таққан

Қайда екен менің күміс жүзіктерім!

 

Қосады салтанаты салтыма сән,

Қасиет жиған бойға халқыма тән.

Ән салсам әуеніме қосыл құрбым,

Тербесін арманымды алтыбақан!

 

Кестелі орамал

Жүрегіме тұнған жырдың нұрымен,

Теріп алып тамшыларын тұнық ең,

Мөлдіретіп моншақтарын тіздім де,

Бір орамал тіктім, аға, түнімен.

 

Қайғы менен мұңнан таза, ада күн,

Сол күндерде менің шаттық, базарым.

Алтын зерлі сезімдермен әдіптеп,

Арманымды жұлдыздардан қададым.

 

Сезбесін деп жылдың дауыл, боранын,

Шашақтарын мейіріммен тарадым.

Жүрегімнің жылуына қандырып,

Сағыныштың сәулесіне орадым.

 

Өмір жайлы толғағанмен күйші бар,

Жалғыз ішек шертіп жүрген күй сыңар.

Кестесінде – көктемдердің көркі бар,

Дестесінде – қызғалдақтың иісі бар.

 

Санама кеп сыбырлайды сылқым жыр:

Ұяң көңіл сезімдерін іркіп жүр.

Елік күннің еркелігін құшақтап,

Шаршысында менің күміс күлкім жүр.

 

Ұқсас көңіл үлпілдеген мақтаға

Сандығымның түбінде көп жатты, аға.

Кереңдердің күңкіліне көрсетпей.

Жүрегіңнің лүпіліне сақта, аға!

 

***

Өткен күн – домбыраның ескі шегі,

Көңілден талай жылдың көшті сеңі.

Жүректе бала күннен қалған саз бар,

Сол әуен – естір әннің естісі еді.

 

Сағағы сары жіптен тоқылатын,

Сар желген сағыныштың оқып атын,

Оймағын бармағына іліп шешем

Әндетіп жабу тігіп отыратын.

 

Сол күнге қайта апарар кім бар мені,

Шалғайға әкетіпті-ау жылдар легі!..

Мұңлы әуен сақталыпты жүрегімде,

Сол әуен есімде әлі...

тым зарлы еді...

 

Кең жайып дүниеге қос қанатын,

Сығалап терезеден кеш қонатын.

Алакөбең әлемге жарық cеуіп,

Сәулесі жылт-жылт етіп, пеш жанатын.

 

Көңілдің бояулары көшті күрең,

Сол кезден қалған саз да ескі білем.

Елітіп әуеніне қалғи кетсең...

Жайлы жер бар ма екен сол пеш түбінен!

 

Өткен күн – домбыраның ескі шегі,

Көңілден талай жылдың көшті сеңі...

Аспан сұр түбіт тартса, есіме сол

Түбінде анам отырған пеш түседі...

 

***

Осы ұяда тартылып таң-сыбағам,

Бұла күннің таңдайын ән шылаған.

Түндігінен түтіні түзу шығып,

Шаңырақтан шаттығы тамшылаған...

 

Сағым жыл суреттерін жайғанда алдан,

Жүзімде жарқырайды айман-жалған.

Алғаусыз армандардан гүлтәж тағып,

Бала күннің көлінде айнам қалған...

 

Артқанмен иығыма осынша жүк,

Тартады езуімде ғасыр шалық.

Кекілі желбіреген құлыншағым,

Ескі жұртты айналып асыр салып...

 

Кеудеме ақ таңдарда тағам да үміт,

Мейірлене қарайды жанар күліп.

Тілектес боп бағыма жатыр үнсіз,

Келін боп анам түскен табалдырық.

 

Таныс мүсін іздеген тал-қайыңнан,

Арзу күндер орайды шалғайымнан,

Жел тимесін деп сүйді маңдайшасы

Бағынан соры көптеу маңдайымнан.

 

***

Аққулардан көрінбейтін көл беті...

Сол аққудан айнымайтын келбеті,

Желкеніне отырғызып жастықтың,

Алматыға алып келген он жеті!

 

Өмір асу, өрге жүзер өткел-ді,

Өткен күнге арта алмайсың өкпеңді...

Көк көйлегім желбіреген көк белді –

Келдім іздеп сол он жеті көктемді!

 

Жүрек аппақ – мəңгі дейтін жалғанды,

Тілек аппақ – жаңа жауған қарданда.

Ақ бұлттардың арасында қалқыған

Келдім іздеп сол бір аппақ арманды.

 

Жаз – жайдары, қыс – тамаша, күз – керім,

Кездер еді ол жуымайтын жүзге мұң.

Қайыңы көп, уайымы жоқ көшеден

Келем іздеп жастығымның іздерін.

 

Жанарыма жасырынған сырды ала

Сағыныштың моншақтары сырғана!

Ештеңе де өзгермеген сияқты

Өтіп кеткен сол он жеті жыл ғана!

 

***

Жылдар мынау – бұлдырап көшкен сағым,

Апа, сен айтшы қандай көшті аңсадың...

Жан сарайың тұра ма жап-жарық боп,

Мөлдіресе жанарда бес моншағың?

 

Қызығын ертең көшер сеңге теліп,

Қиынын да өмірдің тең көтеріп.

Жаспен жуып алдың да жарқыратып,

Ілдің қайта орныма, төрге әкеліп.

 

Жаз ортайды, жетеміз, міне, күзге,

Жыры егізге сыр айттым, сыры егізге.

Ұшқаны аман болсын деп, қонғаны есен,

Жаулығыңа түюлі жүреміз бе?

 

Мен Апа деп жазайын дастан атын,

Бұл – ғұмыр ғой өзіңнен басталатын.

Күндердің қуанышы алдыңда әлі

Қолтығыңнан демесе қос қанатың.

 

Ақ қайыңдай гүлдейтін кезін күткен,

Алып-ұшып, қойылмай сезім нүктем.

Қаяу салған сәттерім көптеу шығар,

Биіктерден көрінбей өзің күткен.

 

Ата сыйлап, жансың ғой ене көрген,

Тауқыметті үн-түнсіз жеңе берген....

Шешем марқұм риза боп отыратын,

Әкем марқұм көрмейтін төреден кем.

 

Тәрбиең мен тәлімің – танығаным,

Кешір, апа, жуытсам жаныңа мұң.

Кеудемде бір жылт еткен жарық жүрсе,

Ол – ұямнан уызға жарығаным!

 

***

Жанарын нұр, жүрегін жыр тербеген,

Салтанаты көз тартатын кермеден,

Ақ торғыннан төгілдіріп тіктірген

Ардай таза ақ көйлек ем  - мен деген!

 

Ақ көйлек ем армандардан тіктірген,

Анам берген иісі аппақ сүт сіңген.

Ақ жанымды алақанда аялар

Аяр күннен ардағымды күттім мен.

 

Ақ көйлек ем, аққу салған арман əн,

Армандарын армандарға жалғаған.

Көлеңкені көлегейлеп жабам деп,

Сол көйлектің.... сау-тамтығы қалмаған.

 

Бір кездері базарда үстем бағасы

(Алтын жіппен əдіптеулі жағасы),

Жағасы жоқ, етегі жоқ, жеңі жоқ,

Сəн құрайтын қалмаған еш шамасы.

 

Ақ бояумен кестелі гүл теріппін,

Ақ көйлекті мен едім «ең көріктің».

Өз жарамды өзім таңып, жазам деп

Етегінен кесіп ала беріппін...

Жағасынан жыртып ала беріппін...

 

Күн күлмесе болсын қайдан өң нұрлы,

Жылдар озып, бояуымды оңдырды.

Жағасының жыртығынан жел гулеп,

Менің жетім жүрегімді тоңдырды.

 

Ақ сəуледен алыстатып таңымды

Құр сүлдерім...  қапас түнге таңылды.

Ақ көйлектің орнында бөз шүберек,

Жасырып тұр шұрқ тесік жанымды...

 

Ботам менің,

бұрымыңды қимашы!

 

Арманымның бейнесіндей аппақ əн,

Сенен сұлу, сенен артық жоқ маған!

Басқаларға қона алмаған ерен бақ

Мен сендегі қолаң шашпен мақтанам!

 

Ән жүректі, саз көңілді, күй атты,

Арды аялап, биік қойған ұятты,

Ерке шағы еліктірген бойыңды

Бұла күнің – балалығың сияқты!

 

Ерке еліктің жанарындай жанарың,

Құйттайыңнан кекіліңді тарадым!

Бұрым деген баға жетпес байлық ол

Қиям десең, қиналамын, қарағым!

 

Қолаң шашпен ұят бірге үзілер

(Киелі деп құр айтпайды, қызым, ел.)

Ойларыңның орманындай қалың да,

Өміріңнің жолдарындай ұзын ол!

 

Жаны мөлдір, қасы қара, қиғашым

Жаныңа өмір жақсыларды жинасын,

Тағдырыңның жолы сынды бұралған

Ботам менің, бұрымыңды қимашы!

 

Шәй ішейік, жүрші, апа!

 

Күнікейі көш-кенттің

Көзіңдегі күн керім,

Сен зерлеген бешпенттің

Мен қадайын ілгегін!

 

Əуен бөлек əн десем,

Өрілгенде өлеңің.

Сəукелеңді сəндесең,

Мен ұстайын желегін!

 

Ақбоз тартқан күймеңнің,

Төмендетпей иегін.

Алтын шайған түймеңнің

Күмістейін жиегін,

 

Сəуле болып тарайын

Жанарыңнан жайнаған,

Айналаға қарайын

Сен қараған айнадан!

 

Жырдан құрақ құрайын,

Сырларымды үзіп мың.

Көзі болып тұрайын

Қолыңдағы жүзіктің.

 

Армандары айқара

Барады өтіп қанша күн!

Жаулығыңның қарқара

Мен түзейін моншағын!

 

Көктем күйін ойнатып,

Жамыласың гүл шапан.

Сексеуілге қайнатып,

Шəй ішейік, жүрші, апа!

3309 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы