• Руханият
  • 31 Қаңтар, 2022

ЕҢБЕК СҮЙГЕН ӨМІР

(«Тілше» мен «Күнделіктің» негізінде жазылған  эпистолярлық эссе)

 

«СОЛ КЕЗДЕ  МЕНІҢ ДЕ ЖАҒДАЙЫМ ҚИЫН ЕДІ...»

(Ленинградтағы қатерлі  жылдар туралы)

 «Өзі «қалпақ астында» жүріп түрмеде жатқан халық жауы   Мағжан қамалған лагерьге барып тұрған,  барлық қаражаты мен бұйымдарын ұрлатып алған Зылиха Жұмабаеваға, сол кездегі ақшаның құнына шаққанда қомақты қаржы 25 сом көмек берген (З.Жұмабаеваның өз естелігі), ашаршылыққа ұшыраған елі үшін назаланып, Сталинге қарсы шыққан студент жастардың көтерілісіне қатысқан  Әлкей Марғұланның азаматтық ерлігі бәрінен жоғары, бәрінен қымбат  ерлік. Өкіл баласындай болып үйренісе бастаған кезімде Әлекеңнен – Әлкей Марғұланнан бұл туралы сұрағанымда:

«Тілшеден», 18.04. 83. Бейсенбі. Не себепке байланысты сейсенбіні бұл күнге өзгертті екен?: «Мағжан үнемі қиялға мініп ұшып жүретін. Үнемі ғашық боп, өлеңге өртеніп жүретін. Мағжанның орыс әйелінен туған баласы бар. Ол Вятькіде, не Перьмде тұрады. Атын Мағжан қойған. Қазір жасы 50-ге келді. Адрес столына хат жазу керек. Қазақ әйелі Зылиха да 90-ға келді. Көрме жақта тұрады. Ал, сол қиын кезеңнен кейін маған Ленинград пен Мәскеудің үлкен ғалымдары қорған болды. Олар мені Ленинград университетінің аспиранты ретінде Мәскеуге жіберді. Сұраса: «Мәскеуде» – дейді. Мәскеуден сұраса: «Бізде ондай адам есепте тұрмайды. Ленинградта шығар. Білмейміз», – дейді. Мұны, ұстаздарымның ақылымен (өтінішімен-Т.Ж.) СССР Ғылым академиясының президенті, академик Комаров  ойлап тапты. Солардың ақылымен «тереңге шөгіп жаттым», – деп қырылдай күлетін.

Бұл, Әлкей Марғұланның басына түскен ең ауыр қасіретті күндердің соңы еді. Бұдан кейін де заман қыспағына сан рет түсті. Бірақ, жеке басына дәл осы жылдардағыдай зауал төндірген жоқ.

Мен бұл мағлұматтарды таратып-талдап жатпаймын, қаперде жүру үшін ғана назарға ұсындым. Ал, «Тілшедегі»: ««37-жылға дейін Ленинградта аспирантурада   түркі тілдерінен сабақ бердім. Академияның филиалы ашылғанда Алматыға ауыстым», – деген мәліметіне қарап, Мағжанның үйінен – Қызылжардан кеткеннен кейін бірден Ленинградқа барған.  Мұны ілгеріде айтылған Шығыстану институтында қазақ тілінен дәріс алған «шәкірт қүрбысы»  Жүсіпбек Уәлитовтің жоғарыда келтірілген хаттағы мәліметі растайды.

«Тілшеден»,  30.11. 1982 жыл. Сейсенбі. (Жалғасы): «Оқуды Ленинградта, одан Мәскеуде (аспирантураны) бітірдім. 1938 жылы академик Комаров мені өзіне шақырды: «Совминнің председателі Оңдасынов хабарласты.  Сені бізге беріңіз, жіберіңіз – дейді. Академияның филиалы ашылады. Енді Қазақстанға баруыңа болады, – деді.

Комаровтың арнайы хаты бар, бұйрығы бар, академия үшін керек ғалым деген: « – Ленин-градтағы жазғандарыңыз жақсы еді. Алматыда өсесің. Көмектесемін», – деді.

Содан бері,  1938 жылдың соңынан бастап академик Комаровтың тапсыруы бойынша ғылым академиясында істеп келемін.

Орыс ғалымдары аялап, жақсы көрді. Мені де үйлеріне шақырып жүрді. Академик Марр: « – Ғылыми негізің Қазақстанда. Сонда бар», – деді. Ольденбург те, Самойлович те көмек берді. Қазақстан филиалының бастығы Самойлович мені өзімен бірге Алматыға алып кетті. Сондай-ақ, Эрмитаждың бастығы Иосиф Авгарович Орбелли де келіп, көп дүниені эрмитажға әкетті. Түркістанның қазаны, Ұлытау жазбасы. Орбелли Қанышпен қатты араласты. Өзі армиянин еді. Алматыдан Ленинградқа келгенде Набережныйдан көріп, етегінен тарттым: «– Көгершінім, қайдан жүрсің», – деп құшақтай алды. Көп әңгімелестік: «Қазақтардың шығу тегі туралы мардымды факті әлі жоқ. Грузин, арабтар туралы бір ауыз сөз айтсаң жеткілікті. Мың сөзден артық», – деді.  Аспирант кезімде жетекші болған адам: «Кейінгі экзотиканың керегі жоқ. Тарихтың алтыны революцияға дейін. Алтын тарихтар, селжүктер... Кавказ... Иран», – дейтін.

Марр – грузин, шешесі – англинчанка. Бізге серік болған осылар. Самойлович – Мелиоранскиийдің шәкірті. Мелиоранский «Едігені», «Қарасай – Қазиды» зерттеп, екі кітап жазған. Ол архивте жатыр. Мен Шоқанның соңына түсіп кеттім. Әйтпесе, қазақтың өз тұрмысын зерттесем, талай нәрсе ашылар еді. Енді соларды жаза бастадым...

Қазақ туралы архив деректерінің көптігі сондай, самсап тұр.  Сәдуақасов Абай өлеңдерінің көшірмелерін Мелиоранскийге берген. Ол Самойловичтің архивінде. Ол: «Какой-то татарский стихи» –  деп  белгі қойған. Салтыковте (кітапхана) сақтаулы. Әлі тұр. Сәдуақасов – Баянауылдыкі. Мұсаның баласы. Мұсаның жырын жазған Мәшһүр Жүсіп. Мұса – Құнанбай – Ибрагим Жайықбаевтардан ХІХ ғасырда асқан адам жоқ. Одан кейін Бапан биді, атасы Саққұлақты қояды. Бапан бидің Кенесары туралы дәптері бар. Бөгенбай батырдың немересі. (Бөгенбай-?)1740 жылы қайтыс болған. Таралының (Нұралының – ?. «Тілшедегі» осы арадағы сөздер ажыратылмады– Т.Ж) баласы. Әнет баба –  Асан қайғы сияқты, шұбырындыда қайтыс болған».

Содан отыз тоғызыншы жылы ғана СССР ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесі ашылғанда ұстаздарының тапсырмасымен «жарыққа шығып», академияның ғылыми жолдамасымен уақытша көмек күші ретінде Алматыға келген. Содан бастап қашан дүниеден өткенше (елуінші жылдардағы уақытша шеттелуінен басқа) осы ғылым ошағында істеді. Ал,  Ұстаздары мен архив деректері, қазақтың тарихи тұлғалары туралы бұл мағлұматтар Әлкей Марғұланның «Еңбекпен өткен өмір» (Түпнұсқада – «Еңбекті сүйген өмір») атты естелігі мен Шығармаларының толық жинағында жарияланғандықтан да, таратып жатпадық әрі ол бұл басылымның міндетінен тыс тақырыпты қамтиды.

«Тілшеден», 18.04. 83. Бейсенбі: «Содан Ленинградтан   Москва   академиясына   ауыстым. 1938 жылы сол кездегі Министрлер Советінің председателі Н.Оңдасыновтың ресми қатынасы келіп, академик Комаров мені Қазақстанға жіберді. Бұрын Мұхтар екеуміз алыстан   көрсек қалпағымызды   қолымызға   алып, амандық   ишарасын   жасайтынбыз. Бұл  ең   сеніскен адамыңа көрсететін құрмет. Бірде Мұхтар әлгіндей сәлемімді алмай, жай қолын ұсынды. Таң қалдым. Артынан мән-жайды білген соң, өзіне әдемілеп тұрып, мәдениетті түрде ұрыстым. Аңғал, әркімге алданып қалатын. Иә, солай. «Е, бәсе», – деп   күліп, бетімнен сүйді.   Отызыншы жылдары көптеген себептермен Мұхтармен сирек кездестім. Шіркін, жастық шақтың әдемі, әдепті досы еді. Көп қызығы болушы еді. Есейіп, бұйра шашы сейіліп барып бір-ақ көрдік. Арадағы он жылдың өзі үлкен салмақ салады ғой».

Бұл жазбадағы мағлұматқа жоғарыда түсінік берілген. Сондықтан тоқталмаймыз. Ғылым академиясының Алматыдағы бөлімшесіне келе салысымен Қазақстанның архивтерімен танысуға ден қойған. Алматыдағы саяси аһуалдан сескеніп, сырт жүруді ойластырда ма, жоқ, қызмет барысындағы ғылыми қажеттілік пе, әйтеуір өзінің алғашқы іссапарын Семейден бастаған. Елінен хабар алып, аға-бауырларының аман-саулығын біліп қайту да қаперінде болса керек. Оған сол  кездегі ғылымға енді бет бұрған, Мұхтар Әуезовтің сеніміне кірген жас досы Қайым Мұхаметхановтың 1977 жылы қазан айында, Мұхтар Әуезовтің туғанына 80 жыл толуына орай өткіліген салтанаттың ыстық-суығы басылғаннан кейінгі Семедегі Абай мұражайында айтып берген мына естелігі дәйек бола алады. Әлкей Марғұланға Қайымның жөнін сілтеген Мұхтар Әуезов. Зады, бұл Мұхтар мен Әлкейдің арадағы аз жылға кірбіңнен соң: «Е, бәсе», – деп   күліп, бетінен сүйгеннен» кейін жазылған табысу хаты болса керек. Өкінішке қарай, бұл деректің қойын дәптерге түскен күні көрсетілмепті:

«Қазан, 1977 жыл. Семей. Қайым Мұхамедханов: «Бір күні біздің үйге ұқыпты киінген, бұйра шашты адам келді. Қолында үлкен саквояжы бар. Мені сұрады. Мән-жайды білген соң: «Мен – Әлкей Марғұланмын. Мына қонақ үйден мені алып кет. Міне, Мұхтардың хаты. Іші толған қандала. Екіншіден жұмыс істетпейді. Бар, заттарымды алып кел» – деді. Әлкеймен осылай таныстым. Үш ай бойы архивті ақтарды. Өзгелердей емес, табандап отырып алады. Ешқайда шықпайды. Мен серуендесе екен деймін. «Уақыт жоқ. Көрмеймісің, жұмыс істеп отырмын», – деп өзіме ұрсады. Бұл адамдардың барлығымен Мұхтар арқылы таныстым. Әйтпесе, әлі аты белгісіз адамды академик қайтсін. Әйтеуір, әдебиет тарихын, оның ішінде Абайды зерттеп жүргенімді біледі».

Ұстаз бен шәкірт есепті, аға мен бауыр есепті өте ынтымақты сыйластықта болған екі дегдардың өзара мүдделі байланыстары 45 жылдан аса уақытқа созылды. Әрине,  бұл аралықта олардың өзара пікір алысып тұрғаны анық. Бірақ, ол біздің қолымызға түспеді. Тек, Қайымның қызы Дина Мұхаметханова  отбасы архивінен алып, Әлекең жазған  үш хатты бізге ұсынды. Жылнамалық тәртіптен ауытқып кетсек те, қиын кезеңде басталып, аға-інілік қарым-қатынасы ұзаққа созылған ғалымдардың әр жылдағы көңіл-күйін білу үшін де осы арада  сол  жауаптасқан хаттарды қамтып кетуді жөн санадық.

Әлкей Марғұлан мен Қайым Мұхамедхановтың жазысқан хаттары.

Бірінші хат. Әлкей Марғұланнан  – Қайым Мұхамедхановқа:

«Құрметті Қайым!

«Былтыр сендермен байланысты онша берік қоя алмаған соң, быйыл Абай туралы мәселені тағы да күні бұрын ескерткім келіп отыр.

Мен осы қыс (декабрь ішінде) тағыда Ленинградқа баруым мүмкін. Онда мен білетін заттар:

Абай шығармаларының 1894 жылы Кудашов жазып алған жинағы,  оның ішінде баспаға шықпаған жырлар да бар.

Абайдың туысқандарымен жазысқан хаттары.

Ғабдырахим (Абдрахман емес) Ускембаевтың материалдары.

Шоқанның өз қолымен түсірген суреттері.

Осыларды Музейге керек қылсаң мен ол жердегі художник, фотографтармен сөйлесіп, әрбір нұсқасын түсіруіме болады. Бірақ былтырғы айтулары бойынша өте қымбатқа түседі. Шоқанның бір суретін түсірудің өзі мың сом деген. Бұлардың ішіндегі ең қымбат түсетіндері Абайдың шығармалары мен Шоқанның портреті және оның өзі жасаған (салған) суреттер. Осыларды керек етсеңдер, күні бұрын ақша дайындап тұрындар (кемі 5000 сомдай). Бұл заттардың қай біреуі менің қолымда (көбінесе Әбдрахманың биографиясы).

Бұл туралы жақын арада менімен хат жазысып, не Алматыға келгенде жолығып, сөйлесулеріңе болады.

Жалпы айтқанда Абайдың Музейі үшін бірталай керекті, құнды нәрселер табуға болады, бірақ оны орындауға қаражат керек.

Хат жазсаңдар біздің үйдің әдресі:Ул, Калинина 71, кв.33.

Сәлеммен – Әлкей.

30/Х/48. Алматы».

Әлекеңнің бұл іссапары олжалы аяқталды. Абай және оның ортасы, балалары, Шоқан туралы көптеген архив деректерін тауып, ғылыми айналымға түсірді.  Олар негізінен мыналар: «Валиханов как художник»/ Вестник АН КазССР. -1950. -№8. С. 86-94; «Абайдың жаңадан табылған қолжазбалары»// Соц.Қазақстан. -1955. 21 қыркүйек; Абайдың Ленинградтағы қолжазбасы// Әдебиет және искусство. -1957. №3. -86-89 б.; Шоқанның белгісіз жазбалары (Әдеби мұралары)//Қазақ әдебиеті. -1957.-7 маусым; Абайдың інісі Халиуллаға жазылған үш хат// Қазақ әдебиеті. -1959. 12 маусым; Халиуллаға Абайдың жазған хаттары// Қазақ тілі мен әдебиеті. -1959. -№6, 21-25 б.; Жаяу Мұсаның жаңадан табылған өлеңдері// Жұлдыз. -1961. -№1. 122-124 б. Хатта көрсетілген мерзім мен жарияланымның арасында жылдар аралап кетуінің басты себебі, сол 1945 жылы кезекті идеологиялық науқан басталып кетіп еді. М.Әуезовтің қатарында Ә.Марғұлан да саясаттың қырына алынып, әшкерелеу әрекеті бас көтеріп еді. Бұл хатқа Қ.Мұхаметхановтың жауабы сақталмапты. Алматыға келгенде жауабын ауызша берген, немесе 1949 жылы тергеуге алына бастаған Қайым Абай музейінің директорлығы қызметінен шеттетілуі себеп болған.

Екінші хат:   Әлкей Марғұланнан  – Қайым Мұхамедхановқа:

«Ардақты Қайым!

Жаңа жыл қуанышты, берекелі болсын! Өздерің жақсы жемісті жұмыс істеп, қызық бақ құшағында болыңдар.

Сенің жіберген пакетіңді әлдеқашан алып, ұзақ жауап қайтарғамын. Одан кейін де бір шолақ хат жазып, Төребаев маған уәде еткен біздің фотомыз туралы білгім келген еді. Бірақ ол хаттарға жауап қайтарылмады.

Абайдың белгісіз жатқан дүниелерін шығаруың өте қуанатын игілікті іс. Мен ол туралы ұзақ жазған хатымда айтқамын. Тағы да сондай нәрселердің соңына шұғыл түсіп көр. «Алтынның шыққан жерін белден қаз!» – деген мақал бар, мүмкін тағы да бір нәрсе болып қалар.

Коншин мен Герасимовтың қыздарының адресін жіберемін деген едің, жібермей қойдың.

Сәлеммен, Әлкей. 1962 ж.».

Бұл дұғай сәлем Ашық хаттың (открытканың) сыртқы бетіне араб қарпінде жазылған. Сөздердің қысқа қайырылуының себебі де сондықтан. Оған Қайым Мұхамедханов жауап қайырған.

Қайым Мұхамедхановтан –. Әлкей Марғұланға:

«Ардақты Әлікей аға!

Сіздің жаңа жылда құттықтап жазған хатыңызды алдым (12/І.63). Анық ағалық көңіліңізге үлкен рахмет айтамыз.

Сіз бұл хатыңызда:

«Сенің жіберген пакетіңді алдақашан алып, тез-ақ жауап қайтарғамын. Одан кейін де бір шолақ хат жазып, Төребаев маған уәде еткен біздің фотомыз туралы білгім келген еді. Бірақ ол хаттарыма жауап қайтарылмады...»;

Және: «Сен маған Коншин мен Герасимовтың қыздарының адресін жіберемін деген едің. Жібермей қойдың» – депсіз.

Бірінші, мен сіздің жазған ұзақ жауап хатыңызды да, шолақ хатыңызды да алғамын жоқ. Ол хаттардың қолыма тимегеніне қайран қаламын.

Мен сіздің тапсырмаларыңызды түгелдей дерлік орындап, үлкен пакет жібергем. Оны алыпсыз. Сол пакеттің ішінде менің сізге жазған ұзақ хатым бар. Егер пакет қолыңызға тисе, ол хатты да оқыған боларсыз.

Екінші, сол ұзақ хатымда: Коншиннің қызының адресін және Герасимовтың қызының адресін білетін Михаэлистің қызының адресін сізге хабарлаған едім. Хат ұзақ болған соң жүгіртіп оқып, байқамаған боларсыз деп ойлаймын. Сол хатымды уақытыңыз болған бір сәтте, көңіл қойып, тағы оқып шықсаңыз жақсы болар еді. Әсіресе, сол хатта жазылған Абай музейі туралы менің пікіріме қалай қарайтыныңызды жазып жіберуіңізді қатты өтінер едім.

Тағы жазайын. Коншиннің қызының адресі: г.Семиполатинск. 72-квартал, дом №18, квартира 28. Коншина Екатерина Николаевна.

Ал, Герасимовтың қызы Өскеменге көшіп кетіпті. Оның адресін Е.П. Михаэлистің қызы біледі дейді. Оның адресі: г.Усть-Каменогорск. Ул. Михаэлиса, 40. Михаэлис-Хотимская Людмила Евгеньевна. Герасимовтың Өскеменде тұратын қызы – Ольга Борисовна. Кіші қызы – Мария Борисовна, ортаншысы Россияның бір қаласында тұратын көрінеді. Адресін біле алмадым.

Сіздің Семей Казпедтехникумын бітірген жылы (1924-1925) түскен суреттеріңіз қазір менің қолымда. Оның ішінде 25 оқытушы (А.З.Сатпаев, М.О.Әуезов, Б.Г.Герасимов, А.С.Сытдыков, Т.А.Кошкина жеңгеміз т.б.), 11 оқу бітірушілер (Сіз, Мұхамеджанов, Айманов, Асылханов, Асқаров, Фаизова, Ахинжанов, Беисов, Ш.Айманов, Дюсенин, Балтабаев) бар. Осы фотоның көшірмесін бір де бір фотограф түсіре алмады. Архивтің жартылай автомат фотоаппараты да түсіре алмады. Тек бұрынғы камерный фотоаппаратпен ғана фотокөшірмесін алуға болады дейді. Енді сондай аппараты бар фотографты іздеп жүрмін. Табылса соған түсіртіп жіберемін.

Жеңгейге сәлем!

Зор құрметпен ініңіз Қайым.

19/І-1965».

Орталық архивтің қорында сақталған Қайымның екінші хаты Қаныш Сәтбаев дүниеден озған соң Әлекеңе, Раушан Әбікей қызына көңіл айта жазылыпты.

Қайым Мұхамедхановтан – Әлкей Марғұланға:

«Қадырлы Әлікей аға!

Қаныш ағамыздың дүниеден көшуі – бүкіл халық қайғысы ғой. Көңіл –қаяу, көзде – жас. Қаралымыз.

Сізге, үй-ішіңізге, Сіз арқылы Қанисаға, анасына, балаларына, Әбікен ағамызға үй-ішімен, Шәмсия, Оразайға, тағы басқа мен білмейтін, ондағы Қаныш ағамыздың туыс-жақындарына – ауыр қайғыға өздеріңізбен бірдей ортақ екенімді білдіріп, көңіл айтамын!

Қаныш ағамыздың мәңгі ұйқыға кетіп, көз жұмып жатқандағы жүзін ақырғы мәртебе көріп, аруағына тағзым ете алмай, қолдан топырақ сала алмай қалғаным – арман!

Науқастан бас көтергеніме бүгін екі-ақ күн.

Сол қаралы күндердегі қам  көңілдің қайғы-қасіретін – Қаныш ағамызды жоқтаған, шер-жырымды Сіздің атыңызға жолдадым, Әлікей аға. Ақындық емес, өлең емес – азалы жүректің мұңды зары. Баспаға да, басқаға да арналып жазылған емес. Қаныш ағама қош айтқаным, жоқтауым.

Ініңіз Қайым.

Семей, 13/ІІ-1964 ж.».

Бұған түсінік берудің пәлендей мұқтаждығы жоқ деп есептейміз. Қаныш – екеуі үшін де емес, бүкіл қазаққа, тіпті, мұқым ғылым әлеміне қымбат тұлға.  Сонда да, мұндағы туысқандық көңілдің жұбату ауанының орыны бөлек. Дер кезінде Қанышқа көңіл айтпаған адамдардың мінезіне түсінбегендік танытқан өкпе-наздар Әлекеңнің бірнеше хатынан байқалып қалады.

Осындай өзара пікір алысып, бірінің өтінішін (негізінен Әлекеңнің) бірі орындап, жанашыр болған жылдардың куәсі болған, біздің көз қырымыздан тасада қалған хаттар, тілшелер, ашық хаттардың саны  біраз болса керек.  Үмітті келер күндерге артамыз. Осы естеліктерді  жазып алып жүрген күндердің бірінде қос дегдардың бір-бірімен, соңғы рет алысқан хаттарының куәсі де болғаным бар. Соның ішінде Әлекеңнің Қайымға жазған хатын почтаға апарып салғаным да бар: «Аяулы, сенімді жігіт қой, Қайым. Тиянақты, дерекпен ғана жазатын ғалым ғой. Мұхтардан алған тәлімі ғой», – деп сырттай сүйініп отырып конвертті қолыма ұстатып еді.  Сондағы мен почтаға апарып салған Әлекеңнің Қайым Мұхаметхановтың жеке қорында сақталып, қолжазбаларының қормалы Дина Қайымқызының бізге ұсынған хаты мынау.

Әлкей Марғұланнан – Қайым Мұхамедхановқа:

«Ардақты Қайым, көп сәлем!

Бір балаң қайтыс болғанын естідім. Топырағы торқа болсын. Өздеріңе қуанышты өмір берсін.

Бұхар жырау мен Мұхтар туралы жазғандарың зор ақылға келеді, ғылым жүзімен жақсы жазған екенің байқалады.

... Мен үш том етіп жазған қазақ халқының өнері әлі шыққан жоқ. Басқа бір елдің типографиясына бастыру үшін кешігіп жатыр. Сал мен Серілер туралы бір кішкене кітап жаздым. О да шықпақшы, кейін аларсың, оларыма да көз саларсың.

Әлкей Марғұлан, 1982 ж.».

Бұл көңіл айтуға Қайым Мұхамедханов қысқаша ғана:

«9.ХІ-82.Семей. Қадірлі Әлікей аға! Сіздің хатыңызды алдым. Бұқар жырау мен Мұхтар туралы жарияланымдарымды көңіл аударып оқып, әділ бағалап, жақсы ниетіңізді білдіргеніңізге үлкен  рахмет. Қ.», – деп жауап қайырыпты.

Иә, тура қырық бес жылға созылған байланыс Қайым Мұхамедхановтың тұңғыш ұлы Қазыбектің қайтыс болуына байланысты алмасқан осы хатпен үзілді. Өмір үзді. Қайым аға Алматыға келген бір сапарында Әлекеңе сәлем беріп шығуға ұмтылып еді. Қандай да бір күйбең тірішіліктің қам-қаракеті өзіне алаңдатып әкетті. Сөйтіп, ол кісі ғұлама ағасын көре алмады. Екі дегдардың өзара әңгімесіне ынттыққан менің көңіл қалауым, сөйтіп, орындалмай қалып еді. Енді, сол күндердің белгісіндей боп қалған «Тілшеге» қайтып оралайық.

 (Жалғасы. Басы 2021 жылғы  №8-12 сандарда)

1250 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы