• Әдебиет әлемі
  • 31 Қаңтар, 2022

ГҮЛСІМНІҢ САҒЫНЫШЫ

Жұмагүл  ӘМІРЕЕВА

Жылына бір келетін демалыстан оралған беті кеше ғана болатын, әлі жолсоқты болып шаршағаны басыла қоймаған, дел-сал күйінен арыла алмай жүрген-ді. Шыр ете түскен телефонды көтеріп, ар жақтағы адаммен енжарлау сөйлесе бастаған, амандық-саулық сұрасып, аз-кем сөйлескені сол – төбесінен мұздай су құйып жібергендей денесі түршігіп кетті, беті дуылдап қызарып бара жатқандай сезілді, беті  ғана емес ішінде де бір жалын лап ете түсіп, лаулай жөнелді, өзіне - өзі ие бола алмай бара жатқанын сезіп тұр, бірақ қалай өзіне келу керектігін ойлай алмады. Осылай тұрғанда телефондағы адаммен не сөйлескенін де білмейді, әйтеуір бірдеңе айту керек екенін ішкі түйсікпен сезінді. Күйеуі басқа бөлмеде теледидар қарап жатқан,  тез арада ес жинау керектігін ұққан  Гүлсім әуелі ойын, сонан кейін бойын сәл жинақтап алғанша сөзін үзбей уақыт ұтуға тырысты. Сабырын шақырып,  бойын тіктеп алған соң барып келесі бөлмедегі  күйеуіне  «Мирас қайтыс болыпты ғой» деп айтуға шамасы келді. Ол да  «а,не болыпты, ой, иманды болсын» деп жатты.

Қыстығып, тамағына кептеліп қалған  түйін не ары, не бері кетпей, көзіне шып-шып шыға келген жасты қайда жасырарын білмей, дастарқан дайындаған болып мағынасыз күйбеңдей берді. Содан ішінде бір алапат дауыл соғып, ұйытқып құйын жүргендей күйге түсті. Алдында ғана жолдан келіп, шаршауы басылмағандықтан онша қабағы ашылмай жүрген сәтінің  дәл осы кезде көмегі де тиді. Сыртқа сыр бермей салқынқанды күйде жүргенмен, іші алай-дүлей. Тамағына тығылған өксік алқымынан қысып, жанын қоярға жер таптырар емес. Осындай ішкі аласапыранмен алысып жүріп, зорға дегенде кешті батырды. Ілініп-салына әрең қимылдап, күнделікті әдеттің күшімен ғана үй ішінің тамағын, сосын төсегін салып берді де, есік алдына шығып отырып, күні бойы  көзіне тығылып тұрған жасты қорқа-қорқа аздап ытқытып  еді, тамағында шоқпардай болып тіреліп тұрған нәрсе аздап болса да жібігендей, аздап болса да кішірейгендей болды.  Сәл  ерік берсе өзіне ие бола алмай қалатынын ішкі түйсігімен анық сезінген Гүлсім өзін-өзі зорлықпен тежеп, орнынан тұрды. Себебі, күйеуі қалт еткенді   аңғара қоятын сауысқаннан сақ адам, мұның өзгерісін бірден сезері сөзсіз еді.  Төсегіне келіп жатқан соң да теріс қарап, арыққа суды өлшеп жібергендей  аздап қана көзінің жасын ағызып- ағызып алды. Түсі қайсы, өңі қайсы, айыра алмай аласұрып жатып таңды да атырды. Бірақ таң атқанмен халі жақсара қоймады, кешегіден ары болмаса бері емес. Күйеуі жұмысқа кетсе, жалғыз қалып ішін бір босатып алар еді, ол да демалып үйде жатып алды. Сырты сау, бірақ ішінде бір жаралы жолбарыс сыртқа шыға алмай аласұрып, іш құрылысын түгел сояудай тырнақтарымен аяусыз тырмалап жатқандай. Осындай халде жүргенде баласы жаққан монша дайын болыпты,  тағат таппай күтіп жүргені де осы  еді, үй тазалап жатқан қызына да, «мен кіріп шығайын» дегендерге де қарамай, «өзің  жинай берші» деп моншаға кіріп кетті. Біреуден жанұшыра қашқандай бірден бу бөлмесіне қарай ұмтылды, кіре сала бүкіл жан дүниесін буып,  маза таптырмай, көмейге кептеліп аласұрып тұрған бәленің ноқта-жүгенін бір-ақ сыпырып, емін-еркін қоя берді. Ешкім естімейтін жерде, жылағаны будың әсерімен құлаққа жетпейтін жерде екі күннен бергі жан қиналысынан барынша арылуға тырысты. Мұндай болады деп үш емес жүз ұйықтаса түсіне кірмегендіктен,  жүрегін кернеген өкініш, «ол енді жоқ» дегенге сене алмайтын соқыр сезім мықты деген бөгетті жарып өткен ағыны қатты тасқын селдей алапат күшпен ағытылып кеп берді. «Неге маған айтпадың, неге мен өзім сезбедім, неге кете қалдым, неге сен шақырғанда бармадым, неге сенің айтқың келгенін тыңдамадым, неге сенің жаныңды түсіне алмадым» деген  сияқты сансыз «неге-негелерді» еңіреп отырып айта берді, айта берді. Айтқан сайын жасы да парлап аға берді, аға берді. Осылай қанша отырғанын өзі де білмейді, әйтеуір бір кезде барып ішінің әжептеуір босап қалғанын, зілмауырдай басып тұрған ауырлықтың  біршама жеңілдеп қалғанын сезінді. Содан кейін барып бей-жай, ойсыз, сезімсіз, меңіреу халде тағы біраз отырды. Сөйтіп өз-өзіне келген соң үстіне салқын суды  төңкере салып, моншадан шықты.      «Балық боп кеттің бе, сонша отырғаның не?» деген сөздерді естігенімен, санасына жетпеді. Әйтеуір жанын қоярға жер тапқызбай  екі күннен бері ашыған бозадай атылғалы әрең тұрған қинау сезімі аз да болса саябыр тапқандай болды.

Сол  уақыттан бастап томаға тұйық күйге түсті, ешкімді көргісі, ешкіммен сөйлескісі келмейді, өзімен-өзі ғана ойға шомып отыра бергісі келеді. Отырса да, тұрса да, жатса да ойынан Мирас шықпайды, басқалар сөйлеп жатса санасына жетпейді, өзін басқа әлемде жүргендей сезінеді. Бәрі де осыдан қырық жылдай бұрынғы күндерден бастап, кинолентадай көз алдынан тізбектеліп  өте береді...

Ары қарай Гүлсімнің өз сөзімен...

Үйленгеніме екі жылдай уақыт өткенде Мирасты кездестірдім, нақтырақ айтқанда, үйі бізге жақындау тұратын көрші болып шықты. Оқуын бітіріп, үйленіп, ауылына келгеніне көп болмаса керек. Алғаш рет қалай кездескенім есімде қалмапты. Ал бір қызығы, оның келіншегімен танысқаным күні бүгінге дейін санамда тайға таңба басқандай сайрап тұр.  Сов-хоз малын бағатын туысымыз болатын, Мирастың әке-шешесімен жаз жайлауы, қыс қыстауы қатар отырады екен, сол кісілердің  үйіне жолымыз бірге түсіп, ауылдағы сол кездің негізгі көлігі – жүк машинасының кабинасына қысылып отырып барған едік.  Қасы-көзі қиылған,  беліне  түскен қап-қара қолаң шашын төбесіне орай салатын арықша келген ұзын бойлы келіншек те сөзшең, кісі жатырқамайтын адам екен, бірден танысып, тілдесіп кеттік. Менің Мирасқа деген сезімімнің қашан оянып, қалай басталғаны да есімде жоқ. Сол арада ұйықтап кетіп, Мирасқа ғашық болып   бір-ақ оянған сияқтымын. Бұл уақытта мен  бір балалы болып үлгергем,  ал олар әлі нәрестеге жете алмай жүр екен. Жан - жүйеме елеусіздеу еніп, күннен күнге күшейе түскен  бұл сезімнің мені баурап алып   кеткені сонша, енді бойымда нағыз сезімдер шайқасы басталғандай. Олай дейтінім, сүйіп қосылмасам да бірден жақсы көріп кеткен күйеуіме деген сезім мен жаңа бүршік жарған махаббат сезімі тынымсыз арпалысуда еді. Бірақ Мирасқа деген көңілім бәрібір басым түсе береді, оны көрмесем тұра алмайтын  күйге жеттім. Мирас ауылдың шетінде жұмыс істейтін, таңертең құдды бір жұмысымнан кешігіп қалатындай, түнімен бала жылап ұйқым қанбай қалғанына қарамастан ерте тұрам да, екі көзім көшеге қарайтын терезеде болады. Тұп-тура сағат сегізде маңғаз басып Мирас өтеді,  терезеден көрінбей  кеткенше  қарап тұрып, көзіммен шығарып салған соң бір үлкен жұмысымды тындырғандай жеңілдеп, басқа шаруамен айналысамын.  Содан түстің болуын асыға күтіп жүріп, үйдің бар шаруасын ұшып жүргендей оп-оңай   тындырып шығам. Сағат бірдің шамасында үйіне қарай өтетінін  жаттап алғам, он екі жарым болғаннан  айдалада жүріп - ақ дәл қазір жаныма жетіп келетіндей жүрегім дүрсілдеп, атқақтай бастайды. Қоршаудың сыртына қайта-қайта шығып,  базарға кеткен шешесін күткен баладай жолға қараумен боламын. Жарты шақырымдай жерден-ақ сұлбасын тани сала екі тізем қалтырап қоя береді. Жүрегім атқақтаған үстіне атқақтап, дегбірім қашып, өз - өзімнен әлекке түсемін де қаламын. Менің осынша қиналысымнан хабары да жоқ, өзі үшін  біреудің  жанұшырып, өзімен - өзі  арпалысып жүргенін сезбеген қалпы Мекең жай басып өте береді.  Сыртынан көргеннің өзіне жаным  жай тауып, рахаттанып қалған мен үлкен бір шаруам оңынан келіп орындалғандай көңілім жайланып, тіршілігіме құлшына кірісетінмін. Бұл көрініс күнделікті бұлжымайтын «заңыма» айналып кеткені сонша, жұмысына кешігетін жандай әлсін-әлсін сағатқа қарап жүру де әдет болып алды. Демалыс күндері көңілім құлазып қалады, қолым да ешнәрсеге бармай, бірнәрсе жетіспей тұрғандай күйге түсіп, көңілсіздік басады. Түс ауғанша әрең шыдап, Мирастың үйіне баруға  әйтеуір бір сылтау табам. Ол уақыт көрші-қолаң бір-бірімен туыстан артық араласатын жақсы заман еді ғой, себепсіз кіріп, шақырусыз барып,  керегін сұрап та, сұрамай да ала беретін, көңілмен түсініскен бір тәуір шақ еді. Сондай сансыз сылтаудың бірін тапқаным сол, аяғым еркімнен тыс өзі-ақ жетелеп алып барады, баруын барғаныммен дірілдегенімді сезіп қоя ма, дауысымнан білініп қала ма деп ішім қыпылдап тұрады, бірақ бәрібір бармай қоя алмаймын. Өзім бар-жоғы жиырма бір жаста болсам да біреудің әйелі екенімді, баламның барын ойламайды емеспін-ау, оның бәрін жеңіп кететін мына сезім оңай болмады, ештеңеге қаратпайды да, ештеңе ойлатпайды да. Бұған дейін де ұнаған жігіттер болған, бірақ бір-екі ай өтпей ақ  әлгі ұнатқан жігітім  керісінше жаным қаламайтын біреуге айналып шыға келетін. Осындайда нағыз махаббатты армандайтын едім, шынымен біреуге ғашық болсам-ау деп қиялдайтынмын.  Тұрмысқа шықпай тұрып қанша армандасам да, кездеспей қойған махаббаттың, отау құрып, тіпті балалы болғанда алдымнан шыққанына қанша қапалансам да, бас тартқым жоқ, қайта бар жан-тәніммен қуанатын сияқтымын, удан ащы, балдан тәтті  сезімнен айрылғым келмейді. Бұрын кітап оқығанда, жазушылар махаббат туралы оқиға желісін ойдан құрастырып, әсірелеп жазатын шығар деп ойлайтынмын. Тіпті, ойдан шығармағанның өзінде, кейіпкердің сезімін суреттегені шындыққа жанаспайтындай болып көрінетін, тек оқырманды қызықтыру үшін ойлап таба береді ғой деп түсінетінмін. Қай кітаптан екені есімде жоқ, махаббат  дертіне шалдыққан бір бозбаланың көзіне аспаннан қалқып түскен көгілдір жібек көрінетінін оқығам. Бірақ оған басынан өтпеген адамның сенбейтіні де, түсінбейтіні анық қой. Ал мен өзім осы таңғажайып құбылысты басымнан кешіргенде таңқалғаннан талып қала жаздадым. Есік алдында жүргенмін, бір кезде бойымнан бір метрдей жоғарыда түсіп келе жатқан(бірақ көгілдір емес) күлгін желбіректі көрдім, газды орамал мен жібектің өзі оның қасында өте қалың, мынау бір сұйықтау келген күлгін түтінге ұқсай ма, әйтеуір суреттеп беруге тілім жетпейді, бірақ күні бүгінге дейін көз алдымда тұр.   Сөйтіп, күн артынан күн, ай артынан ай, тіпті жыл артынан жылдар өте берді. Махаббатымды жүрегімде әлдилеп, өз жылуыма өзім жылынып, өз отыма өзім өртеніп мен жүрдім, мен үшін отқа да суға да түсуге дайын осындай бір адам, яғни әйел баласы өмірде, тіпті дәл жанымда жүр-ау дегенді білместен Мирас та өмір сүріп жатты. Осылайша тағы қанша жасырарымды  кім білсін, алты жылды артқа тастап, жетінші жылға аяқ басқанда кішкентай бір себеппен сездіріп алмағанда. Оған сездірмеуімнің үлкен себебі – Мирас та үйлі-баранды, бала-шағалы болғандығы, қанша жақсы көргеніммен, өз сезіміме өртеніп, тұншыққаныммен болашағы жоқ махаббатқа алданудың, тағдырдың қоспайтынын біле тұрып, оны Мирасқа білдірудің керегі жоқтығын терең сезінгендігім еді. Бірақ осыны жақсы түсіне тұра өзімді-өзім тоқтатып, сезімімнен бас тарта алмадым, бұл менің еркімдегі нәрсе болмай шықты, желді күнгі өрттей өршімесе, басылатын түрі жоқ. Кейде азабы күш болып, жаным қиналып кеткенде қайдан ғана кездестім, не үшін бұл азапқа қалдым деп   торығам, бірақ ойымнан тез қайтып, тәтті мұң мен тәтті азаптың құшағына қуана-қуана еніп кететінмін.  Бұл алты жыл тек осылай терезеден қараумен, бір-бірінен аумайтын күндермен өте берген жоқ, әрине, мен үшін есте қалатын күндер де көп болды, бірақ оның бәрі де Мирас үшін қалыпты ғана нәрселер болатын. Себебі түсінікті – ол ештеңе сезбейді, ештеңеден хабары да жоқ.  Әсіресе, естен кетпестей болған – менің көп уақыттан бері алғаш рет алысқа, сонау Қазақстанның батысындағы бір қалаға сапар шегуім еді. Жолы бар, қыдырыстауымыз бар – бас-аяғы оншақты күн жүріп қайтқан едік сол жолы. Ауылдан шықпай жатып-ақ орасан бір сағыныш сезімі баурап алды, сол күні-ақ, дәл осы жерден қайтып кеткім келеді. Ештеңеге зауқым да жоқ, бұрын бір жаққа шыққым келіп елігіп тұратын басым енді ешқайда барғым да жоқ, сыртынан болса да Мирасты көріп үйде жүре беруге ризамын. Туыстарымыз «сендер барып келіңдер» дегенде қуанышымда шек болмап еді, бірақ дәл осылай қиналам деп ойламаппын. Енді ғана сағыныш деген қылбұрау шындап бұрағанда жанымды қоярға жер таппай, айналамдағыларға да, жолға да қарауға зауқым соқпай, өзіммен -өзім купенің екінші қабатына шығып алдым да, бүктүсіп жата бердім. Қысқасы, мен үшін қыдырудың қызығы болмады, қай жерде отырсам да, қай жерде жүрсем де ойымнан Мирас шықпайды, жүрегім сыздап ауыра береді, қайтқанша асықтым. Он күн дегенің мен үшін бір жылға татып, қайттық-ау әйтеуір, ауылға жақындаған сайын ішімдегі қысып тұрған бәле  бірте - бірте шеңгелін босата бергендей болды. Бұл сапар өмір  бойы  есімнен шықпастай боп санамда орнап қалды. Айтпақшы, жаңағы сезімімді аңдаусызда сездіріп алдым дегенге қайта оралатын кез келді:  анда-санда   жастар бас қосатын  отырысқа, көршілер жиналып қалатын сылтауларға орайы келгенде  Мирастың отбасын да шақырып қалатынмын. Жайшылықта да қонақ күткенде жайдары жүретін мінезім бар, қонаққа Мирастар келген күні  тіпті жайнап кетемін. Қонақтар тарқасып жатқан, бәрі шығып бола бергенде Мирас ұйықтап қалған  кішкентай қызын көтеріп алып шыққан кезде онымен көздеріміз түйісіп қалды. Әшейінде  айдаладан көргенге дірілдеп қалатын басым, көпшіліктің ішінде ашық мінезімнің арқасында ішкі толқынысымды сездірмей жіберуге әйтеуір шамам келетін. Тек онымен жеке қалудан қашқақтай берем, себебі ондай кезде қорыққан көжектей қалтырауымды баса алмаймын. Баланы  қолына беріп жатып Мирастың көзіне қалай тіке қарауға батылым жеткені маған әлі күнге түсініксіз,  және бұл жай қарау емес еді, не жанарымды алып қаша алмай, не бұрылып  кете алмай  бір сәт арбасқандай күйде тұрып қалдым. Көз құдіреті деген қандай шіркін, жанарлар түйіскен осы бір ғана сәт Мирасты  талай жылдан бері жан-дүниемде жүріп жатқан  аласапыраннан хабардар етіп үлгерді. Ол да ештеңеге түсіне алмай дағдарып тұрып қалып,  бойын  тез жиып ала қойды да, баланы көтеріп  шығып кетті.  Осы бір алты жылдық азапты  бірер секундтың ішіне сыйғызып жіберген кішкентай оқиғадан кейін Мирас күрт өзгерді, маған жақындап бір нәрсе айтқысы келеді, бірақ мен қашқақтап жоламаймын, жақындауды жан-тәніммен  қалап тұрсам да еркімнен тыс одан алыс жүруге тырысамын, онымен жалғыз қалудан өлердей қорқамын. Ақыры, Мирас бір оңашалықты тапты да, қолымнан ұстап алып: «Менен неге қашқақтай бересің, мен жеп қоймаймын ғой, қашпашы» – деді жалынғандай. Осыдан кейін орайы келгенде сирек те болса кездесіп, сырласып тұратын болдық, жан сырымды толық ақтара алмасам да, кеудемдегі алаулаған  жалын сәл ортайғандай  болды. Сөйтіп оның әр тал шашы маған алтын боп көрініп жүріп жаттық. Біраз жылдан кейін денсаулығына байланысты және бір себептермен Мирастар қалаға көшетін болды, ауылда әке-шешесі қалды. Сол кезде мен үшін бүкіл ауыл қаңырап бос қалғандай, кеудем ел көшкен жайлаудай құлазып, жан-дүнием босап қалғандай күй кештім. Жұмысымыз тоқтап, мекемелер жабылып қалған кезең еді бұл, тіршілік қамымен  қалаға жиі қатынайтын болдық. Ауылдағы байғұс шал-кемпір қолындағы барын қаладағы баласына беріп жіберетін, шешесі келіп: «әлгі балаға ет, құрт, май дайындап қойдым, ала  кетесіңдер ме» дегенде  қуанышымды  зорға жасыратын едім. Үй алғанға дейін пәтерден пәтерге көшіп біраз жүрді, қай жерге барса да тауып ап, ауылдың сәлем-сауқатын апарып беруге тырысамын, сондағым тек Мирасты бір көру үшін ғана. Мирас бір үйдің жалғызы еді, туа жалғыз болатын. Ата-анасының ол дегенде тек шығарда жаны ғана басқа, ал анасының Мирас үшін өте қымбат жан екені  аян болып, көзге ұрып тұратын.  Сол анасы менің  Мирасқа деген көңілімді, және біздің арамыздағы нәзік  байланыстың бар екенін білдіртпей ғана  сезетін. Жанына балаған жалғызына немқұрайды қарамайтын адамды анасы қалай жақсы көрмесін, ол кісінің де мен дегенде  сый-құрметі ерекше болатын, жүрген жерінде мақтап жүретін, кей-кейде кәдімгі өзімен қатар адамдай не абысынындай  сырын айтып, мұңын шағатын. Осылай өмір өте берді, балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей заман желі әрқайсымызды  әр қиырға апарып тастады, бір-бірімізден хабарсыз қалған уақыт та болды. Көрмесем де, көңілімнен бір сәтке де өшірмей жүрегімде сақтап, аман-есен екенін алыстан болса да естіп, соған шүкірлік етіп, махаббатымды  жаныммен үндесетін ақындардың жырымен әлдилеп мен де өзімше өмір сүріп жаттым. Жыр демекші, бұрын кітаптан бас алмасам да, өлең оқығанды ұнатпайтынмын, көкірегіме жаңа сезім ұя салғалы бері өлеңге құмарта бастадым. Сезім  күйін шертетін ақындардың өлеңдерін іздеп оқитын болдым, өз сезіміме сәйкес келетін әндерді жалғыз қалғанда айтып жүрсем, соның өзінен де жаным жай тауып қалғандай, сағынышым азайғандай болып қалады. Әсіресе халық әні «Гүлдариға» жаныма жақын болғандықтан, «Дариға, арманым көп, неғылайын» деген жолдарын оңашада ыңылдап айтам да жүрем. «Қазақстан әйелдері» журналынан ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Өліп -өшіп әйел ғашық болмасын» деген өлеңін оқып, тура өзім шығарғандай сезіндім. Сол өлеңді қиып алып, не кисем соның қалтасында жүретін  болды, сол қиындыны  көп жылдар бойы бойтұмардай сақтап келіп, бір күні жоғалтып алдым. Өлең жоғалғанмен көкірегімде баяғыда жатталып, өшпестей боп сақталып қалған, жатқанда сол өлеңді іштей қайталап жатып ұйықтау да  әдетке айналып кеткен. Өмірінде бір-ақ  рет көріп, өлердей ғашық болған «қара алмас көзді» Ләйлә сұлуға  өмір бойы өлең арнап, өле-өлгенше оған деген жалыны сөнбей кеткен Жұматай ақын менің жүрегімнің үнін дөп басып, шөліркеген жанымның сусынын қандыратындай еді.

Шығармай  жүрдім бір де естен,

Ұмытып ұйқы, күлкіні,

Бір рет қана тілдескен

Бейнеңді сенің күн-түні.

Қай жұмыс  мейлі істесем,

Қуат боп жүрдің көңілге,

Көзіме менің түспесең,

Не көрдім дер ем өмірде? – мен де дәл осылай,  «не көрдім   дер ем өмірде» деп тәубе етемін.

Бір ауылдан шыққандықтан ауылдас-тардың жақсылық-жамандықтарында бір-бірімізді көріп қалатын кездеріміз де болады, ондай кезде алыстан көзбен ғана  тілдесіп, кейде қол алысып,  алақан түйістіруші едік. Ол бар жерде толып отырған адамдардың біреуі де көзіме көрінбей қалатын, яғни ол  өзі бір төбе, қалғандары бір төбе дегендей... Бірақ ол да, мен де үзілейін деп ілініп тұрған нәзік жіпті жалғайық деп талпынбадық.  Оның да үлкен себебі бар, Мирас біз білмейтін жағдайлармен бірталай жылдан бері әйелінен бөлек тұратынын еститінбіз. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, сыртқа сыр бермей аппақ тістерін ақсита күліп, қайғысыз-мұңсыз адамдай жайраңдап жүргенімен, байқаған жанға   жалғыздықтың азабы өн бойынан көрініп тұратын.  Қанша жүрегім ауырып, аяғаныммен қолымнан келер ештеңе болмағасын намысшыл жігітті мүсіркегендей болып қалам ба деген қорқыныш оған көп жақындатпайтын еді. Ештеңе білмегендей, естімегендей  кейіп танытып жүре  бердім.  Ұялы телефон шыққалы бері хат жазысып тұратын болдық, онда да Мұқағалидың «Бір келіншек»  деген  өлеңіндегі:

Көлеңкесіз көңілді жатқа бұрмай,

Сөйлестік асып-тасып ақтарылмай.

Әсерлі қарапайым әңгімеміз,

Жазысқан ғашықтардың хаттарындай  – дегені сияқты, хал-жағдай сұрасудан,  ауыл -ел жаңалықтарын айтудан әріге бармайтынбыз. Ол да, мен де  мина қойған қауіпті зонаға түсіп қалудан қорыққан адамдай сақтана сөйлеп, сақтана жауап беріп, алысқа бармай тоқтайтынбыз. Мен  аңдамай сөйлеп, жанының жарасын тырнап алудан қорқамын, ол болса намысшыл жігіт қой, басындағы мұң-зарын сездіргісі келмей, жасырып бағады, ал  оның жанын өз жанымдай түсінетін маған бәрі де ап-айқын сезіліп тұратын.  Шамамен бір жылдан бері хат мазмұны ақырындап өзгеріп, мен туралы көп ойланатын болғанын айтып, мені көп адамдардың  мақтайтынын, өзінің мен жайындағы пікірін ашық жазатын болды. Жазсам мақтанғандай болармын, әйтеуір мені тереңсің, адамгершілігің өте жоғары, сезімталсың, түсінігің мол, неге бұрынырақ кездеспедік, жас кезде сен қайда жүрдің т. б. деген сияқты сөздерді жиі жазып, көргім келеді, сырласып, әңгімелесіп, шер тарқатқым келеді дейтін болды. Сол кезде ол неге кенеттен өзгерді, біраз жылдан бері бір емеурін танытпай енді қалайша аяқ астынан көргісі, жақындағысы келіп қалды деген ой келсеші...

Енді ойласам, мәңгілік мекеніне біржола кететінін сезіп жүрген екен ғой. Менде ол айтқан сезімталдық мүлдем жоқ көрінеді, әйтпесе балалық, жастық  шаққа деген, анасына, өмірден өтіп кеткен достарына деген сағынышын айтып, жалғыздығын сездіріп алыста жатып күрсінгенін  сөз сарынынан-ақ байқауым, сезуім керек еді ғой.  Осылай бір сырласқанда  сенің маған деген асыл сезіміңді кеш түсіндім, кейде осы сен мені не үшін жақсы көрді,  сол махаббатына тұрам ба мен деп  қиналамын дегені бар-ды. Осылай көрінбейтін сезімге алданып, түсінбеген екенмін оның жанын жалғыздық деген иттің кеміріп жеп жатқанын. Осылай күндер өте берді, бір күні ауруханаға түсіп қалдым деп хабарлама жіберіпті,  шошып кеттім, не болды десем, жаны қиналып ауырып тұрса да баяғы қалжыңбастығына салып, «менің тамағым жаман ғой, қазы-қартамен жүз грамды қағып алып едім, содан приступ берді» деп  күледі. Қысқасы, осы ауру оны алып тынды. Екі-үш аурухана ауыстырды, ота жасады, болмады. Ауруханаға барайын деп шықсам, бәрібір ешкімді кіргізбейді, балаларды да кіргізбей жатыр, әуре болма деп келтірмеді. Кейінгі ота жасағанда келме дегенін тыңдамай  бардым, айтқанындай кіргізбек түгілі жолатпай қойды. Үйіне шыққан соң оған бара алмасым белгілі, балаларының үйінде, алысқа шыға алмайды. Сонымен бір көру мұң болып, тек телефон ғана арамызды жалғап тұрды. Ауруы жанына батып тұрған  күні онымен бірге мен де қиналамын,  кей күні дауысы жақсы шығып, «бүгін жағдайым жақсы» десе мен де қуанып, кәдімгідей көңілім көтеріліп қалады.  Соңғы рет хабарласқанымда дауысы сап-сау адамдай саңқылдап, «түнде қатты ауырып, құдайға үнім жетті, ауру жаныма  батқанда бүйтіп  қинағанша тез  ала салшы деп  едім, естіді ғой деймін, бүгін жақсымын, тамақ та жүріп, ауырғаны да басылып, жақсы боп қалдым, мүмкін енді тәуір болатын шығармын» деп, дәл бұрынғысынша мәз бола күліп еді. Соны естіп шынымен құлан таза жазылып кететіндей сеніп, жаным кәдімгідей жай тауып, қайда жүрсем де, немен айналысып жатсам да санамның бір түкпірінде жүретін күдікті ойды алысқа қуып, бір сергіп қалдым. Сөйтсем, бой жасағаны ма, алдағаны ма екен, жоқ, әлде өзі де алданды ма, білмеймін. Жолға шығып, үш күннен соң келген кезде Мирастың бақилық болғанын естіп, сенер-сенбесімді білмей мәңгіріп қалдым. Әрі қарай белгілі...

Менің бойтұмарыма айналып,  жатталып қалғандардың бірі – Мұқағали ағамыздың «Ғашықпын» өлеңіндегі

Сарғайған сағынышты басып толық,

Бар үміт, бар сезімді шашып болып,

Өтермін мен сірә да бұл өмірден

Мәңгілік сол адамға ғашық болып, –

дегеніндей менің де осынау ұзақ жылда селкеу тартып  суымаған, баяғыдай маздап-жалындап тұрмағанымен қоламтаға көмген шоқтай  өшпей келе жатқан, сондықтан да өзім қасиетті деп санайтын сезімім қалған өміріме де жетеді-ау деп топшылаймын.

«Ұлы сезім кісі таңдамайды деген рас сияқты. Мендегі сезім де сағыныш та осы» – деп аяқтады Гүлсім әңгімесін.

2610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы